-нөлдік флекция: оним, антропоним, гиппоним, поэтоним, таутоним;
-ия (жалқы есімдердің жиынтығы): онимия, антропонимия, топонимия;
-ика (ғылым тарауы) антропонимика, гидронимика, ономапоэтика;
-ист немесе -аст (зерттеуші) антропонимист, топономист, ономаст;
-икон (тізім, сөздік) антропонимикон, ономастикон, топонимикон;
-лық /-лік (туынды сын есім) зоофорлық, фитофорлық, поэтикалық ономастикалық, теофорлық;
-дық / дік, тық / тік (туынды сын есім) онимдік, антропонимдік. Зерттеуде грамматикалық терминдердің қатысымен антропонегіз, антропоформант, онимдік өріс, есімдердің мотиві, фразаланған ат тәріздес, сондай-ақ антоним, синоним, деминутив, аугментатив, квалитатив, мелиоратив, пейоратив т.б жалпылингвистикалық терминдер де қолданылды. Ономастикалық кеңістіктің дамуы ономастикалық терминологияның өзгеруіне себеп болды, «в любой развивающейся науке происходит постоянной пересмотр существующей терминологии. Поэтому необходима постоянно действующая служба слежения за терминологии « [Теория и методика ономастических исследовании,1986; 223-б].
Поэтикалық ономастиканың басты мақсаты көркем туындыдағы кейіпкер аттарының, яғни әдеби жалқы есімдердің қолданыс заңдылығын, әр түрлі қызметін (идеологиялық, стилистикалық, экспрессивтік) анықтау, автордың ойы мен жанрлық көзқарасын ашуға мүмкіндік береді.
1.4 Апеллятивтенген кейіпкер аттары Көркем әдебиетте болсын, шынайы өмірде болсын, жалқы есімдердің жалпы есімге ауысып, жеке адам атының жалпыланып кететіні бар, бұл құбылыс лингвистикада апеллятив (лат. appellatіvus – жалпы [Тiл бiлiмі сөздiгi,1998;42-б] ) деп аталады. Апеллятив – жалқы есімнің ешқандай өзгеріссіз жалпы есім ретінде қолданылуы. Мысалы, Кашмир деген қала атауынан – кашемир матасы, Американ етігінен – әмірқан етік, физик Амперден – ампер, Шампан провинциясынан – шампан ішімдігі т.б. атаулар пайда болды. Жер атаулары мен адам есімдерінің, яғни жалқы есімдердің жалпы есімге айналу құбылысы апеллятивтену деп аталады. Апеллятивтер – кез келген тілдің ұлттық-мәдени ерекшеліктерін айқындайтын жүйе. Жалқы есімдерге қарағанда апеллятивтер толық семантикалық құрылысы бар, реалий, нақтылық, даралық денотаттар қасиеттері арқылы сөйлеу тілінде берілетін мазмұны бар жалпы ерекшелік тобындағы ұғымдардан құралады.
Ғалым Г.Әзімжанова оларды жасалу жолына қарай алты түрге бөлуге бөліп, алғашқы бесеуі – лексикалық, біреуі – семантикалық деп атап көрсетеді [Г.Әзімжанова,2004;70]. Жалқы есімдерден жасалған апеллятивтердің семантикасы, әдетте, олардың ономастикалық семантикасына кірмейді. Ономастикалық семантика – тіл мен сөйлеу деңгейінде көрінетін семантиканың өте ерекше түрі.
Қазақ – қалжыңқой халық, жаратылысынан әзіл-оспақ, сын-сықақты сүйеді, демек, сатира – қазақ халқының әр кездегі салт-санасының көрінісі, жан сыры. Қазақ фольклорының қай түрінен де стилистикалық бояуы анық, атынан заты көрініп тұрған кейіпкер аттары көп кездеседі. Мысалы. Желаяқ, Шибұт, Көлтаусар, Таусоғар, Ер Төстік, Жезтырнақ, Қылкеңірдек, Қожанасыр, Тазша бала, Алдар көсе – сатиралық әңгімелер мен ертегілердің кейіпкерлері.