Р. А. Авакова филология ғылымдарының докторы, профессор


Көне сөздерден жасалған аттар



бет30/111
Дата22.09.2022
өлшемі0,6 Mb.
#39921
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   111
1.4. Көне сөздерден жасалған аттар
Көнерген сөздер – қазір тілімізде сирек қолданатын сөздер. Көне сөздер –ескінің көздері, тірі тарих. Көне сөздердің талай құпиясын ашқан академик Р.Сыздықова «көненің көздері архаизмдерді екі-үш топқа бөліп қарастыру керек» дейді. Осы принцип бойынша кейіпкер аттарын 1.мүлде қолданылмайтын (Білте, Мыршым, Сопықұл, Пырақбаев, Тәңірқұл) 2. қолданыстан шығып қалған, бірақ мағынасы түсінікті (Сайтанбек, Жебе, Пірімқұл, Жамбы, Садақ,) 3. қазіргі қолданыста бар, бірақ өзгеше мағынаға ие болған сөздерден жасалған кейіпкер аттары (Бақсы, Құдайқұл, Шатыраш, Шырбітпес, Молдабай ) деп бөлдік. Кейбір қос сөздердің құрамында бір сыңары түсініксіз көне сөздер кездеседі. Мысалы Ө­секаяңұлы деген патроним өсек-аяң деген қос сөзден жасалған. Бірінші сыңары түсінікті болғанмен, аяң сөзі «Кодекс Куманиксте» өсек мағынасында жұмсалған екен. Көне сөзден жасалған аттар дегенде, біз діни сипатты атауларды бөліп алып отырмыз. Мұндай ұғымнан туған аттарды ономасиологиялық өрісте теофорлық аттар деп қарастырылады. Зерттеуде көбінесе фамилия түріндегі кейіпкерлер кездесті, сондықтан оларды теофорлық патронимдер (ТП) деп алдық.
Теофорлық патронимдер (ТП) адамның кие тұтатын, қасиетті саналатын ұғымымен байланысты жасалған. Құдай, алла, тәңір тәріздес діни ұғымды білдіретін сөздердің көне екені түсінікті. Қазақ бір нәрсеге табынғанда, сыйынғанда, жалбарынғанда, аузына жалғыз құдайды алмайды, бұл қатарды «тәңірім», «жаратқан ием»,»алла тағалам»,»пірім» тәріздес сөздер толықтырады. Берқұдай, Құдайқұлов, Әулиебайұлы, Тәңірқұлов, Пірбайұлы, Пірманов, Мұсылманов, Тақуаұлы, Бақсыбаев, Япыраевич тәріздес кейіпкерлер ғана кездесті.
Құдай > Берқұдай, Құдайқұл сияқты кейіпкер аттары жасалған. Бүкіл әлемді жаратушы құдіретті адам қиналғанда, қысылғанда аузына жиі алатын сөзі болғандықтан, құдаймен байланысты оралым-тіркестер өте көп. Бірақ табыну, сыйыну ретінде жұмсалғанымен, тілімізде құдай туралы шұнақ құдай, соқыр құдай дейтін сөз тіркестері сақталып қалған.
Тәңірқұлов. Бүкіл түркі жұртында ғалым С.Қасқабасовтың айтуынша, «көктегі Тәңір – ер рөлінде, ал Ұмай – жер-ана болып қабылданады» [С.Қасқабасов, 1984; 46-б],– дейді. Қазақтар тәңірге жасаған деп қатты табынған, құдіретті күш санаған, пір тұтқан.
Әулиебайұлы > әулие діни наным бойынша, адам тағдырына ықпал жасай алатын, қасиетті, киелі жан [Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 1 том. А-Ә, 1974, 651 б]. Адамдар әулиеге қатты сенген, болжауларына құлақ қойған. Сөйте тұра, ұнатпау мәнде әулиесіну, әулиешілік деген қолданылатын сөздер қалыптасқан.
Пірбайұлы, Пірманов, Япыраевич < пір қасиетті ұғым, адамға рух беруші, қолдап-қорғаушы, демеуші ретінде сыйынатын күш. Осыдан пір тұту дейтін ұғым қалыптасқан.
Тақуаұлы > тақуа – аузынан құдай сөзі түспейтін діндар адам, мысқылдау түрінде тақуасынып деп қолданылады. Кейіпкерге қойылу себебі де осы ирониялық мақсаттан туған деуге болады.
Бақсыбаев > бақсықазақ ұғымындағы тәуіп, түрлі тәсілдермен тамыр ұстап, дем салып, пірге, аруаққа сыйынып, ауруды ұшықтап ем-дом жасаушы. Ел арасында бақсылар балгерлікпен де айналысқан. Кеңес дәуірінде бақсылық ескіліктің сарқыншағы ретінде қаралып, жағымсыз семада жұмсалған. Бұл құбылыс сатириктердің садағының нысанына айналды.
Сондықтан кейіпкер аттарының шығу төркініне қарап көне түбірлерді анықтауға тырыстық. Көне сөз тіркестердің адамға әсер ететін тыр тию, сел тию, қал тию, сөз тию, тіл тию, ит тию, көз тию деген сенім-нанымдық түсініктер шығатынын өз еңбегінде зерттеуші С.Қондыбай көрсеткен екен [Қондыбай С., 2004,45 б].
Сөздің түбірінде тыр, сел, көз, қал, сөз, тіл, ит жатқанын тілге тиек етеді. Ғалым жорамалын қисынсыз деуге келмейтін сияқты. Олай десек, қазақ тіліндегі тыртию, селтию, қалтию, состию, тылтию, итию, көстию сияқты көне сөздерден Қылтиған Тыртиғанұлы, Селтеңбай, Қалтқұлт Еткенов тәріздес СЮП-тер жасалуы мүмкін. Теофорлық патронимдердің семасында сатирадан гөрі юморлық бояу басым келеді, яғни сықақтап, сынаудан гөрі шымшып, күлу басым.

1.4.2 Диалектілік сөздерден жасалған аттар
Этнос болмысын кең көлемде зерделейтін этнолингвистика диалектілік лексикамен байланысты, өйткені диалектизм ұлт тілінің өн бойында сақталған әр кезеңнің іздері. Диалектілік лексиканың бір ерекшелігі – ғалым М.Атабаева атап көрсеткендей, ұлт психологиясын, мінез-құлық қырларын бейнелі ойлау, бейнелеу қабілеттерін танытатын эмоционалды-экспрессивті сөздер» [М.С.Атабаева, 2006; 38-б]
Зерттеуіміз байқатқандай, кейіпкер аттарының аздаған бөлігі диалектілік сөздерден жасалып, ерекшеленіп тұрады. Диалектолог-ғалым Ж.Болатов «Әдетте, әдеби тіл мен диалектілер бір-бірімен тығыз байланыста болып келеді. Олардың арасына жік қоюға болмайды. Халық тіліндегі айтылған ойды дәл көрсететін жергілікті мәні бар сөздер, асыл элементтер әлеби тілге жиі еніп отырады «,– деп диалектизмнің тілдегі орнын жоғарылатады [Ж.Болатов, 1973;88-б].
Этнодиалектілік негіздегі СЮП-тер: Ақи, Тақи үзілді-кесілді, Аппаз жиырма тиын, Алжапқыш алға жапқыш, Алқынды сабынның қалдығы, Ауыш есінен ауысқан, Ауқатжан тамақ, Әпкіш иінағаш, Әйдік үлкен, Әуей көңілдес, Бозымгүл түйе, Бақыраштай ыдыс, Бәдірең қияр, Балқаймақ тағам түрі, Бөстек текемет, Бірдеңке бірдеме, Жылым ау, Жуа сиқыршы, Долы бұршақты жаңбыр, Далбай құлақшын, Доқ бұйрық, Елпек жұмсақ, Елтірі қозы-лақ терісі, Иісмай крем, Кібіт қойма, Көпек еркек күшік), Кәржік мұрын, Кәубас үлкен бас, Кекіре арам шөп, Киеңкі ауру, Қойтан ақымақ, Құлжа сақа, Қобан бидай, Қақпыш текпішек, Қоспақ 1.түйе, 2.ақымақ, Қырпық тері, Қырт мылжың, Қыпық бидай, Лақа балық, Лақы күлдіргіш, әзілкеш адам, Ләмбөк мата, Пәшек шырмауық, Пістебек, Шімкөрек, Шүмек түтік, Шөлмекбай арақ, Самыржақ зар жақ, Тайқар екі жастағы ұрғашы есек т.б.
Этнодиалектизмдерден жасалған аттардың барлығын жергілікті кездесетін аймағын түгелдей тізбелеуді мақсат тұтпадық. Сондықтан кейбіреулеріне аз ғана тоқталып кетуді жөн санадық. Мысалы Маша+гүл деген СЮП-тің Маша деген орыс тіліндегі қыздың есімі ме, ұрғашы есек пе, бұғы ма сатирик қай түрін қолданған, бұл арасын аша алмадық. Кие – кие шөп біткеннің жалпы аты (Жамбыл), Жылым – жылым теңізге салатын ұзындығы 500 метрдей үлкен ау (Қызылорда), Лақа – лақа бауыры теңбілдеу, тұмсығы дөңгелек,жалпақтау келген қоңыр балық (Қызылорда), Итбалық - итбалық өзен балығы (Алматы), Қобан – қобан қатты бидай (Орынбор) т.б.
Ым, Жым деген аттар жеке-жеке ат түрінде кездеседі, тілімізде ым-жым қос сөзінің мағынасы бірнәрсені жасыру, қулық-тәсіл. Диалектологиялық сөздікте жым-қоянның ізі [Қазақ тiлiнiң диалектологиялық сөздігі, 1969;56-б], істеген ісі білінбейтін қу, жымқырма жүрісі бар кейіпкер атының жасалуына осы білінер-білінбес қоянның ізі мен жүрісі уәжге негіз болып тұр.
«Әрбір жеке диалектілік құбылыстың төркінін із кесіп бағдарлау – бізді қазақ халқының құралуына негіз болған өткендегі ру-тайпалардың тіліне жетелейді де, не ат басын бұрын-соңды елімізбен аралас-құраласта болған көрші жұрттар тіліне апарып тірейді»[ Русская фразеология,1986;11-б]. Мысалы, Әкіри дейтін аттың не мағына беретінін зерттей келе, сөздің одағай тұлғасында, яғни қой, құрсыншы деген мәнде Шығыс Қазақстанда жергілікті сөз ретінде қолданылатындығын анықтадық. Тіпті қаламгердің кейіпкер атын қойғанына қарап, қай өңірден шыққандығы танылады.
Әкіри айқайдың ата-бабасын жиып отыр. Жынын шақырған бақсыдай. Көк телефонына жайдақ келіп еді, бұ қырсықты қойсаңшы, енді, міне, Кенен атамыздың «жамандатқыр көкшолағынан» Әкіриді әбден құртты! (Ғ.Қабыш. Көлденең кітап.)
Біраз кейіпкер аттары тіліміздегі жергілікті құбылыс ретінде ұғынылып жүрген сөздердің қатысымен жасалған. Диалектолог-ғалымдар Ғ.Қалиев, Ш.Сарыбаевтар «халық тілінің жергілікті ерекшеліктерінде қазіргі кезде әдеби тілде жоқ, әлдеқашан қолданылудан шыққан көне тілдік белгілердің» сақталып қалғандығын айтса, [Ғ.Қалиев, Ш.Сарыбаев,2000;15-б], ал М.Балақаев., М.Серғалиевтер «Біз жергілікті ерекшеліктердің қөркем әдебиеттегі кейіпкерлердің тілінде пайдалануын қалаймыз. Мұның қисындылығы бар: шығарма қаһарманының түр-түсі, мінез, қылығы жағынан даралануын қажет. Оқиға қай аймақтың тұрмыс-тіршілігін, қай жерде қызмет қып жүрген адамдардың сипатына орай сол жерден тілдік ерекшеліктердің де болғаны жөн» [М.Балақаев, М.Серғалиев, 2004; 125-Б] дейді.
Кей жағдайда сөздіктен орын алмаған, мысалы әкіри, дәлдүріш, симпанский,нәгіман тәрізді тар шеңберде қолданылатын сөздер де ұшырасады. Мұндай сөздердің кездесуін профессор Х.Нұрмұханов былай деп түсіндіреді: «Қаламгер қауымның өз «ауылизмдіктен» гөрі, негізінде, әр түрлі стильдік мақсатты, соған қоса, мүмкін, көптің игілігіне асар, жалпы халықтық сипат алып кетер деген ізгі үмітпен пайдаланатыны сөзсіз» [Нұрмұқанов Х.,1984, 109].
Дәлдүріш және Нәгіман кейіпкер аттары әдеби тілде кездеспейді, сондықтан жергілікті тіл ерекшелігі ретінде ғана қарастырғанда түсінікті.
Маңғыстауда ақымақ, алаңғасар, аңқау мағынасында жұмсалады, ойланбай, қалай болса солай сөйлейтін адам жөнінде де айтылады, қазір баспасөз беттерінде халтурщик мағынасында қолданылып жүр.
Сонымен, кейіпкер аттарына диалектілік сөздерден ат қою кейіпкердің кәсібіне, жұмыс орнына байланысты, кейде экспрессивтілікті күшейту үшін де қолданылады, кәсіби сипаттағы, тіпті жаргондық сөздерден ат кою да осындай стилистикалык мақсаттан туындаған. Сонымен, диалектілік негізде жасалған поэтонимдерді көне сөздердің ұзақ және мол сақтаған, тілдік мәні зор құбылыс ретінде қараймыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   111




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет