Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы


ЖИММИ БИНННІҢ ТАҒДЫРЫ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ



бет12/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   33
12. ЖИММИ БИНННІҢ ТАҒДЫРЫ ЖАЙЛЫ ӘҢГІМЕ

Түскі ас кезінде мисс Полли мен жиенінің әңгімесі әдеттегідей әдемі өрілмеді. Поллианна бірнеше рет әңгіме бастауға ұмсынып барып, «қуаныш» сөзі аузына оралған сайын кібіртіктей берді. Сол сөзді өте көп айта беретінін енді біліп, ұялып қалды. Бесінші рет әлдене айта беріп, ар жағын тағы жұта салды. Сол кезде Полли тәтесі ызалы кейіппен басын шайқап, бір күрсініп алды да:


– Жақсы, қымбаттым. Сен «қуаныш» деген сөзсіз ойыңды айта алмасаң, қолдануыңа рұқсат. Үнсіз отырғаныңды қаламаймын, – деді.
Рақмет сізге, Полли тәте! Маған сондай қиын. Түсінесіз бе, мен сондай ұзақ ойн...
– Не істедім дейсің? – деп сөзін бөліп жіберді Полли тәтесі.
– Мен бір ойын ойнадым... – Поллианна істеуге болмайтын нәрсені істегенін білдіріп қойды да, ұялғаннан қызарып кетіп, үнсіз қалды.
Полли тәтесі қабағын шытқанымен, ешнәрсе демеді. Түскі ас солай үнсіз ішілді. Біраздан соң Поллианна тәтесінің пастордың әйеліне басы ауырып тұрғандықтан бүгінгі «Әйелдер көмегінің» жиналысына қатыса алмайтынын айтып жатқанын естіді. Тұтқаны қойып, тәтесі жатын бөлмеге барып, есігін жауып алды. Поллианна тәтесінің басы ауырғанда қандай күйде болатынын жақсы білсе де, осы жолы жүрегі селт етпеді. Оған деген аяушылық сезімін туғызғысы келді, бірақ қолынан келмеді. Ұят та болса, ол тәтесінің жиынға бармайтынына қуанды. Ол жиынға бармаса, бұның Жимми Бин тағдыры жайлы айтатын ойын естімейді. Поллианна тәтесінің Жимми Бинді «кішкентай қайыршы» деп балағаттағанын әлі ұмыта алмай жүр. Оның «Әйелдер көмегі» жиналысында да сол сөзін қайталағанын қаламайды.
Поллианна жиналыстың сағат екіге белгіленгенін білетін. Әйелдер кеңесінің отырысы болатын жер Харрингтон меншігінен аса алыс емес еді. Поллианна жиынға екі емес, үшке таман барған жөн деп шешті. «Олардың бәрі жиналғанша күте тұру керек, – деп ойлады ол. Екіге деп айтқанмен, үште жиналатынын білемін ғой. Олардың көбірек келгені жақсы маған. Әйтпесе Жимми Бинді алатын бір жан келмей қалуы мүмкін ғой».
Тұп-тура үште ол шағын шіркеуге келді, еш толқусыз баспалдақпен көтеріліп, есікті ашып, ішке кірді. Бір сәтке кіреберісте кідіріп, тың тыңдады. Негізгі бөлмеден әйелдердің күлкісі мен ду-ду әңгімелесіп жатқаны естілді. Поллианна аяғын солай қарай нық басып, ішке енді
Іштегілер абыр-дабыр әңгімені тиып, оған қарап қалыпты. Поллианна өзін ыңғайсыз сезініп, бір сәтке абдырап қалды. Бірақ бұл сезім бірте-бірте сейіле берді. Ол осы жаққа келе жатқанда өзінің қаласындағы «Әйелдер көмегінде» емес, басқа қаладағы бөтен жандар арасында сөз сөйлейтінін есіне алмаған екен.
– Сәлеметсіздер ме, «Әйелдер көмегінің» мүшелері! – ол бар күшін жиып, кібіртіктей сөз бастады. – Мен Поллианна Уиттиермін. Кейбіреулеріңіз мені білетін де шығарсыздар. Менің сіздер жайлы білетінім анық. Бәріңізді емес, әрине.
Ол үнсіз қалды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Кей ханымдар мисс Харрингтонның тамаша жиені жайлы біліп алған, енді бірі жақын білмегенмен, ол жайлы естігені анық. Отырғандардың бәрі бұл тыныштықты бұзбай, үнсіз отырып қалды.
– Мен… Менің келу себебім… Мен сіздерге бір істің мән-жайын айтсам деп едім, – Поллианна өзі де байқамай әкесінің сөздерін қайталағанын біліп, тағы ұялып қалды.
– Сені… Құлыншақ, сені тәтең жіберген шығар? – деп пастордың әйелі миссис Форд сөз жалғады.
– Жоқ, мен өзім келдім, – деді қызарақтап. – Көріп тұрғандарыңыздай, маған «Әйелдер көмегі» деген жақсы таныс. Бұрын тұрған жерімде де осындай ұйым болатын. Мені әкем мен «Әйелдер көмегі» өсірді десем де болады.
Әлдекім өзін-өзі ұстай алмай, күліп жіберді. Оны пастордың әйелі жақтырмай, қабағын кіржитті.
– Құлағымыз сенде, айта бер, құлыншақ?
– Иә... Жимми Бинда... – Поллианна терең бір күрсініп алып, сөзін сабақтады: – Оның балалар үйінен басқа тұратын үйі жоқ. Ал балалар үйінде бала тым көп. Жимми Бинн өзін онда ешкімнің керек қылмайтынын айтады. Ол маған басқа үй керек, бақылаушы емес, анам мен әкемдей қамқорлық танытатын, бауырына басатын жандар керек дейді. Ол 10-11 жас шамасында. Мен сіздердің араларыңызда біреуіңіз оны асырап алады деген ойдамын.
Поллианна үнсіз қалды. «Әйелдер көмегіндегілер» де үнсіз.
– М-м-м, иәә, – деп даусын созды бір әйел ұзаққа созылған бұл тыныштықты бұзып.
– Ой, ұмытып кетіппін ғой, ол масыл болып жататын бала емес, екі қолға бір күрек деп, жұмыс істейді, – деп толықтырып қойды Поллианна.
Тағы да тыныштық орнады. Біраздан соң кей әйелдер енжар көңілмен Поллианнаға біраз сауал тастады. Жимми Бинн жайлы Поллианна не біледі, ол жайтты бұлар да білетін сияқты. Сондықтан ынтамен тыңдағанмен, жандары еш ауырмай, талқыға салды.
Әңгіме ұзаққа созылған сайын Поллианна да сан сауалдың құшағында қалды. Сөйлеген әйелдердің біразын ол түсінбеді. Тек бұл талқыны тоқтату керек екенін түсінді. Ешкім де Жимми Бинді бауырына басқысы келмеді. Байқұс жетімді әлдекімнің алғаны жөн, дегенмен бәрі өз бастарын ала қашты. Сол арада пастордың әйелі Жимми Биннің өмір сүруі мен оқу шығынын «Әйелдер көмегі» өз мойнына алсын деп ұсыныс жасады. Алыстағы Үндістан балаларына кететін қайырымдылық қорын үнемдесе, бұл мәселе шешімін табады деп өз ойын ортаға салды.
Осы арада қатысушылардың бәрі белсенді боп кетті. «Әйелдер көмегін» ұлы толқын кернеп, бәрі жамырап ойларын айта бастады. Құрметті қамқорлық танытушылардың сөзінен бірте-бірте мейірбандық ұшқыны азая бастады. Сағыздай созылған бұл даудан Поллианнаның ұққаны – бұлардың даңқы Үндістанға көп қаржы бөлумен шыққан екен. Қалай болағанда да, Үндістанға аударылатын қайырымдылық қаржысын әдеттегіден қысқартса, бұлар ұяттан өртеніп, кірерге тесік таппай қалады екен. Үндістан жайлы тағы біраз нәрселер айтылды. Бірақ Поллианна оларды түсіне қоймады. Бұл жақтағы «Әйелдер көмегінің» қағаздағы есеп бойынша басқалардан бірінші тұруы керек деген қалыптасқан қағидасы миына қонбады. Олардың ақшасы қайда кетіп жатқаны маңызды емес, маңыздысы – олар қайырымдылық жасайтын мол қаржы бөледі деген атақ қана екен! Ол сенімсіздікпен басын шайқады. Жоқ, ол бәрібір оларды дұрыс түсінбеген шығар.
Өзін «дұрыс түсінбеген өзім шығармын» деп сендіргісі келсе де, жараланған жаны сыздап ауруын қояр емес. Шіркеуден көшеге атып шыққанда барып, жеңілдегендей боп, бір күрсініп алды. Сол сәтте ойына ертең Жимми Бинмен кездесетіні сап ете түсті, оған осының бәрін түсіндіру қандай қиын болатынын жақсы біледі. Көзәйнек киген ұзын бойлы тәтенің бұған айтқанын Жимми Биннің қабылдай қояры екіталай. Ол тәте Жимми Бинн үшін бұларды ешкім мақтап, марапаттамайтынын айтты ғой. «Әрине, олардың ақша бөліп, дін қызметкерлерін оқытуы сауапты іс, – деп Поллианна өз ойын саралай бастады: – мен ол жаққа ақша аударуды тоқтатсын демеймін. Бірақ... – қыз ауыр күрсініп алды, – бірақ оларды тыңдасаң, жердің бір шетіндегі балаларға ғана қамқорлық таныту керек екен, ал тура жандарында жүрген мұқтаж балаларға назар аудармаса да болады. «Шам жарығы түбіне түспейді» деген осы екен-ау». Ол ауыр күрсініп, еңсесі түсіп, ілбіп кетіп барады.
– Меніңше, қасымыздағы көмекке мұқтаж Жимми Бинн олардың қағаз-мағаз, есеп-қисабынан да маңызды болуы керек. Сөзсіз солай болуы керек, – дейді бала жүрек сенімді түрде күбірлей сөйлеп.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет