Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет20/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   33
20. ТІПТЕН КҮТПЕГЕН ЖАҒДАЙ

Жексенбі сайын Поллианна таңертең бірінші шіркеуге, содан соң жексенбілік мектепке баратын. Күннің екінші жартысы «өмір сүру үшін» оның өзіне тиесілі еді, сол кезде Нэнси екеуі қыдыратын. Пендлтондар үйінде болған әңгімеден кейінгі жексенбіде ол Нэнсимен бір жаққа қыдырғысы келген. Алайда жексенбілік мектептен шығып, үйге қарай бара жатқанда оны Чилтон дәрігердің жайдақ арбасы қуып жетті.


– Сені кездестіргенім қандай жақсы болды! – деп тоқтады ол. – Мен саған кетіп бара жатыр едім. Мүмкін, сені үйіңе жеткізіп салармын. Жол бойы екеуіміз әңгімелесіп барармыз?
– Түсінесің бе, – деп жалғастырды ол, Поллианна оның жанына отырып жатқан кезде. – Мистер Пендлтон бүгін саған кіруімді сұрады. Ол үшін бұл өте маңызды екенін айтты.
– Иә-иә, білемін, мистер Чилтон, – бақыттан басы айналған Поллианна басын шұлғыды. – Бұл – өте маңызды. Мен міндетті түрде кіріп шығамын!
Дәрігер таңғала қарап қалды.
– Мен саған баруға рұқсат берсем бе екен? – деп күлімсіреп жауап берді ол. – Ханшайым, өткен жолы науқасымызды біраз абыржытып кетіпсің.
– Оны абыржытқан мен емес, – деп күлді Поллианна. – Шынымен, мен емес. Бұған Полли тәтем кінәлі.
Дәрігер селк етті.
– Сенің тәтең? – деп қызға мұқият қарап, қайта сұрады ол.
Поллианна қуаныштан бірнеше рет бір орында секіріп алды.
– Әрине! Білесіз бе, бәрі ертегідей болды. Қазір мен бәрін айтып беремін, – деп Поллианна аяқ астынан шешім қабылдады. – Мистер Пендлтон бұл туралы ешкімге айтпа деп сұрап еді, – деп жалғастырды ол, – ол сіз туралы емес, ол туралы айтқан...
– Ол туралы?
– Иә, Полли тәтем туралы. Әрине, ол өзі онымен татуласқысы келетінін түсінемін ғой. Ғашықтарда солай ғой бәрі.
– Ғашықтарда? – деп әзер демін алды дәрігер, сол кезде аттың тізгінін қатты тартып жіберді ме, ат дір етті.
– Иә, солай, – деп көңілденіп сөзін жалғастырды Поллианна. – Мұның бәрі ертегідей. Нэнси болмаса мен де ештеңе сезбес едім. Ол маған Полли тәтемнің көп жылдар бұрын ғашығы болғанын айтып берген, сосын олар араздасып қалыпты. Басында ол жігіттің кім екенін білмей жүргенбіз, кейіннен бәріміз кім екенін түсіндік, кім екенін білесіз бе? – деп кішкене тоқтап, өзі жауап берді: – мистер Жон Пендлтон!
Дәрігердің қолынан тізгін түсіп кетті.
– Жоқ, мен білмедім, – деп ақырын жауап қатқанда, бет-жүзі құп-қу боп, қан-сөлі қашып кетіпті.
– Иә, солай, – деп барынша тездетіп жауап берді Поллианна, өйткені олар үйге жақындап қалған еді, – бұл деген керемет қой! Мистер Пендлтон маған өзінің үйінде тұрғанынымды қалайтынын айтты. Мен оған маған көп жақсылық жасаған Полли тәтемді тастап кете алмайтынымды айттым. Сол кезде ол маған бір қыздың жүрегін жаулап алуды армандағанын және қазір де сол қыздың керек екенін айтты. Мен қатты қуанып кеттім. Егер ол қыз керек болса, онда ол онымен татуласқысы келеді деген сөз ғой. Егер солай болып жатса, бәрі де жақсы болады деп түсіндім. Полли тәтем екеуміз оған көшіп барамыз немесе ол бізге көшіп келеді. Әрине, бұл туралы Полли тәтем ештеңе де білмейді. Біз мистер Пендлтон екеуіміз оған қалай айтатынымыз туралы келіскен жоқпыз. Міне сол үшін де ол бүгін мені көргісі келген болар.
Дәрігер бойын тіктеп отырды. Оның ернінде жұмбақ жымиыс пайда болды.
– Иә, енді түсіндім, – деп жауап берді. – Жон Пендлтон сені қатты көргісі келеді.
Олар үйге жетіп, дәрігер жайдақ арбаны есік алдына тоқтатты.
– Ал, міне, Полли тәтем де келді! – деп айқайлады Поллианна. – Көрдіңіз бе? Әне, терезе алдында! Ой, жоқ! Тәтем қайда? – деп ұялып қалды ол. – Қазір ғана маған тәтем терезеден қарап тұрғандай болған.
– Енді қазір ол қарап тұрған жоқ, – деді Чилтон дәрігер, оның жүзіндегі күлкіден із де қалмаған еді.
Пендлтондар үйінде Поллианнаны жүйкесі жұқарып, қаһарына мінген Жон Пендлтон күтіп тұрған.
– Білесің бе, Поллианна, – деп амандаспай тұрып сөз бастады ол. – Мен түні бойы сенің айтқан сөздерің туралы ойландым. Менің естігенім рас болса, сен кеше маған осы жылдар бойы мен сенің Полли тәтең туралы армандадым дедің бе? Сонда не айтқың келді?
– Енді, мен бір кезде Полли тәтем екеуіңіз бір-біріңізді жақсы көргенсіз дегім келген, сіздің оны сүйетініңізді біліп, қатты қуандым.
– Бір-бірімізді жақсы көргенбіз?.. Мен және сенің Полли тәтең?! – Мистер Жонның түсінбеген түрін көріп, Поллианна оған көңілсіз қарады.
– Мистер Пендлтон, маған Нэнси де сіздің Полли тәтемді сүйетініңізді айтқан.
Мистер Пендлтон мырс етті.
– Поллианна, саған мынаны айтайын, сенің Нэнсиің ештеңе де білмейді.
– Сонда сіздер бір-біріңізді жақсы көрмедіңіздер ме? – деп түкке түсінбеген Поллианна қолын екі жаққа жайды.
– Еш уақытта! – деп сенімді сөйледі мистер Пендлтон.
– Олай болса, бізде бәрі ертегідей болмайтын болды, – деді одан әрі ренжіген қыз.
Мистер Пендлтон теріс бұрылып, терезе бұрыштарына көңілсіз көз тастады.
– Бәрі де жақсы басталып еді, – деді Поллианна өкінгеннен жыламсырап тұрып. – Мен Полли тәтеммен бірге сізге көшіп келемін деп қуанып едім!
– Енді сен маған көшіп келуге келіспейсің бе? – деп сұрады Жон Пендлтон, терезе бұрышынан көз алмаған күйі.
– Енді жоқ. Мен Полли тәтемдікімін ғой.
Жон Пендлтон оған жалт қарап:
– Сен мынаны ұмытпашы, сен Полли тәтеңдікі болғанға дейін, әуелі анаңдікі болатынсың, – деді. – Мен өмір бойы сенің анаң туралы армандадым, онымен қол ұстасып, бақытты болуды армандадым!
– Менің анамның?!...
– Иә, қалқам! – Мен саған басында айтпай-ақ қояйын дегем. Бірақ бәрін айтып берейін.
Мистер Пендлтонның беті сұрланып, оған әрбір сөзді айту қиынға соқты. Ал Поллианна оны көзі шарасынан шығып кетердей бақырайып тыңдап тұрды.
– Мен сенің анаңды өте жақсы көрдім, – деп жалғастырды ол. – Ал ол мені сүймеді. Сонан соң ол сенің әкеңмен бірге басқа қалаға кетіп қалды. Сол кезде оның мен үшін өте маңызды болғанын түсіндім. Бүкіл әлем төңкеріліп түскендей болды... Бұл енді онша қызық емес. Сол уақыттан бері көп жыл өтті. Көп жылым зая кетті, бекер өткіздім, ашушаң қарт адамға айналып, өмір сүрдім. Иә-иә, сол уақыттан бері сырттай шалға ұқсап кеттім, шынтуайтында, қазір де әлі алпысқа да толмадым ғой. Одан кейін ешкімді сүймедім, мені де ешкім сүймеді. Бірақ менің өміріме нұр шашып сен келдің. Сен өзің де әдемі сәуле шашатын шыныларың сияқты екеніңді білесің бе? Менің әлемім алуан түсті кемпірқосақ әлеміне айналды. Содан кейін мен сенің кім екеніңді білдім, жақынырақ танысам деп шештім, сен менің баянсыз махаббатымды есіме түсірдің. Бірақ менің ойымнан ештеңе шықпағанын білесің. Мен сенімен сөйлеспей өмір сүре алмайды екенмін. Міне, сол үшін де маған көшіп келуіңді сұрап едім. Сен келісесің бе?
– Бірақ, мистер Пендлтон...мен...Бірақ менің Полли тәтем бар ғой!
– Полли тәтем?! – деді Жон Пендлтон. – Ал сен мен туралы ойладың ба?! Мен сенсіз бір нәрсеге қуана аламын ба?! Қалай ойлайсың? Мен енді ғана өмірдің қызығын сезіне бастадым. Бұған мені сен үйреттің! Егер сен менің қызым болсаң, әрдайым қуануың үшін қолымнан келгеннің бәрін істер едім. Мен сенің барлық қалауыңды орындаймын! Мен жиған-тергенімнің бәрін сені бақытты ету үшін жұмсар едім!
Поллианна оған аузы ашылып қарап қалыпты.
– Бұлай ойламаңызшы, мистер Пендлтон, сізге жиған ақшаңызды мен үшін жұмсауға рұқсат етпеймін! – деді сенімді түрде.
Мистер Пендлтон қызарып кетті. Оған қарсы келіп, сөз айтуға тырысқанда, Поллианна қайтадан сөз бастады:
– Мен ешнәрсені түсініп тұрған жоқпын, мистер Пендлтон, қалайша менсіз қуана алмайсыз? Сіздің ақшаңыз көп, басқа адамдардың бәріне қуаныш сыйлай аласыз. Сіз оларға сыйлық сыйлағанда, олар риза боп қалады. Бұған қуанбау мүмкін емес. Мысалы, сіз маған және миссис Сноуға шыны сыйладыңыз ғой! Немесе Нэнсидің туған күніне сыйлаған алтын тиын ше? Білесіз бе, біз бәріміз риза болдық! Және сіз...
Мұның ешқандай да мәні жоқ, Поллианна, – деп мистер Пендлтон әзер тоқтатты оны. Ол қызды тыңдап отырып, одан бетер қызарып кетті, өйткені ол осы уақытқа дейін жомарт адам қатарынан емес еді. – Сен мені бекер мақтайсың, Поллианна, – деп жалғастырды сөзін. – Біріншіден, бұл айтуға да тұрмайтын іс, екіншіден, егер мен біреуге жақсылық жасасам, ол тек сенің арқаңда ғана. Сыйлықтарды адамдарға «өзім сыйладым» деп санауыңа болады. Сосын маған қарсы келме, мен жақсырақ білемін, – деді қатал түрмен. – Қазір айтқандарыңның бәрі сенің бастамаңмен жасалды, бұл тағы да маған сенің керек екеніңді дәлелдейді, – оның даусынан жалыныш сезілді. – Егер мен, шынымен де, сенің ойыныңды ойнап үйренсем, оны тек сенімен бірге үйренгім келеді. Сен маған көшіп келуің керек, сонда ғана мен қайтадан жаңадан өмір сүруді үйренемін.
Қыз ойланып, қасын керді.
– Түсінесіз бе, мистер Пендлтон, Полли тәтем маған сондай мейірімді болып еді, – деп қайтадан бастады Поллианна.
Бірақ мистер Пендлтон оған ишарат етіп, үндемеуін сұрады. Бірер сәттен кейін ол бұрынғы мистер Пендлтонға ұқсап кетті.
– Әрине, – деді ол. – Сенің тәтең саған сондай мейірімді. Бірақ сенің тәтең сені мен сияқты қажетсінбейтініне сенімдімін!
Бірақ мистер Пендлтон, мен ол қуанышты екенін білемін ғой...
– Қуанышты?! Ол?! – деп ашуланып айқайлап жіберді мистер Пендлтон. – Сенімен бәс тігуге дайынмын: мисс Полли ештеңеге де қуана алмайды! Мен оны жақсы білемін! Ол тек «өз борышын ғана орындайды». Ол ханымда тек борыш сезімі ғана бар. Білемін! Білемін! Бұрын мен онымен жиі кездесетенмін. Әрине, соңғы жиырма жылда онымен жиі кездеспегенімізді мойындаймын, бірақ мен оны жақсы білемін. Онымен тіпті бірінші рет кездескен әр адам осылай деп айтар еді. Ол қуана білетін адамдардың қатарына жатпайды. Ол тіптен қуаныштың не екенін де білмейді. Ал сенің маған көшіп келуің туралы...
Ол үндемей қалды, ал қайтадан сөйлей бастағанда, сондай жұмсақ және мейіріммен сөйледі:
– Одан сұрашы, мүмкін, рұқсатын берер. Қызым-ау, қызым, сен маған сондай керексің! – деп ақырын ғана күрсінді.
Поллианна терең тыныс алып, орнынан тұрды:
– Жарайды, сұрайын, – деп уәде берді ол. – Әрине, мен сізбен бірге тұрғым келмейді деп айтқым келмейді, мистер Пендлтон. Бірақ....
Ол ойланып қалды.
– Мен кеше оған ештеңе де айтпағаныма қуаныштымын. Егер айтқанымда, ол да өзін мен сияқты сізге керек екенмін деп ойлап қалар еді.
Жон Пендлтон көңілсіз күлімсіреді.
– Иә, Поллианна. Оған айтпағаның жақсы болыпты.
– Мен тіптен ешкімге айтпағанмын. Тек дәрігерге айттым. Менің ойымша, ол саналмайды.
– Дәрігерге? – деп мұны күтпеген мистер Пендлтон орнынан ұшып тұра жаздады. – Қандай дәрігерге? Мистер Чилтонға ма?
– Әрине, мистер Чилтонға, – деп жайбарақат жауап берді Поллианна. – Ол бүгін мені қаладан көріп қалып, сіздің шақырып жатқаныңызды айтты. Сонан соң мені үйге жеткізіп салды, жолай оған бәрін айтып бердім.
– Солай де, – деп мистер Пендлтон демін алып, орындыққа шалқайып отырды. Келесі сәтте ол бойын тіктеп алды.
– Тыңдашы, сенің әңгімеңе ол не деп жауап берді? – деп оның да қызығушылығы оянды.
Поллианна ұзақ ойланды. Ол мистер Чилтон не деп жауап бергенін есіне түсіргісі келді.
– Меніңше, ол маңызды ештеңе де айтпады, – деді ақыры ол. – Есіме түсті! Мен оған айтқанымда, ол «Енді сені неге көргісі келетінін түсіндім» деп жауап берді.
– Дәл солай айтты ма? – деп кекесінмен екінші рет сұрады мистер Пендлтон. Ал Поллианна оның неге аяқ астынан қуанғанын түсіне алмады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет