Пайғамбарды және оның ұрпақтарын құрметтеу керек!
Оларды құрметте, бақытқа жетемін десең!
Оларды шын жүрегіңмен сүй,
Оларға жақсылық тіле және досы бол!
Әл-Фараби «Арман қаласын» құру үшін елді басқарып отырған билеуші 12 қасиетке ие болу керек деп айтқан болса, Жүсіп Баласағұн мынандай қасиеттерді билеушіге тән болу керек деп айтады.Олар: текті болу, таза болу, жылы жүзді болу, әдепті, шындықты айтатын, дұрыс әрекет жасайтын, дана және түсінігі мол болу, сабырлы болу , құдай алдында жауапты болу,жүрегін дүниені тануға жаппайтын және адамдарға наразылық білдіру құқығын беретін және т.б.
Оның көз қарасы бойынша егер ел билеушісі дұрыс болса, халықта дұрыс жолға қарай жүреді. Осы ақиқатты екі жүз жылдан соң «Жалалдин Мухаммад Бәлхи Руми» өзінің үлкен шығармасы «Мәснәвиде»былай деп айтады:
Балық басынан шырыйды, құйрығынан емес!
Орта Азиядағы мұсылман елдерінің мәдени және рухани құндылықтарының дамуына көп үлес қосқан, осы елдердің жүрегінде өз атын мәңгі етіп қалдырған осы дана ойшылдың рухина сәлем болсын!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Мохаммад Садық Наиби. Құтадғу білік.-Техран, 2015
Доктор Хуссейн Мохаммадзаде Садеқи. Құтадғу білік, Жүсіп Баласағұн шығармасы.
Сейд Джавад Джалали Киясари. Өзбекстан мәдениетінің көріністері.Ташкент – Иран, 2005
ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН МҰРАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ПАТРИОТИЗМ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Иманбаева Сауле Тохтарқызы., п.ғ.д. профессор, Абай ат.ҚазҰПУ
Менлібекова Гулбақыт Жолдасбекқызы.,п.ғ.д. профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Резюме
В статье рассматриваются проблемы национального патриотизма в историческом наследии Юсупа Баласагуни "Кудатгу билик". "Кудатгу билик" - памятное наследие берущее за основу морально-этические, духовные ценности и характерные особенности тюркских народов. Юсуп Баласагуни всесторонне рассмотрел важность образования для человека, его смысл бытия, мысли о счастье, вред и выгода слов, ценные качества лидеров, народа, патриотические ценности человека и качества составляющие мужество.
Ключевые слова: Историческое наследие, памятное наследие, национальный патриотизм, мужество, интеллигентность, ум, образование, мудрец, ценность, сердечность, воин, духовное достояние, ценное качество.
Summary
In the article considered the problems of national patriotism in Zhusip Balasaguni's historical heritage "Kudatgu bilik". "Kudatgu bilik" - is memorable heritage taking as a basis morally- ethical, cultural wealth and characteristic values of Turkish nationalities. Zhusip Balasaguni comprehensively considered the importance of education for human, the meaning of his life, thoughts about happiness, the harm and profits of speech (language), valuable qualities of leaders, patriotic values of human and qualities which components courage.
Keywords: Historical heritage, memorable heritage, national patriotism, courage, intelligence, intelect, education, wise man, learning, geniality, soldier, spiritual property, valuable quality.
Бүгінгі жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуде энциклопедист ғалым, философ Жүсіп Баласағұнның еңбектері негізгі орын алады. Құтты білік – “түркі тектес халықтарының көне философиялық талғамға толы мәдени мұрасы болып табылады. Әр өлең жолдары шығыс философиясының негізін құрайды. Бұл еңбек туралы халықтың талай ғасырларды тамсандырған даналығы, шешендік сөздері мен ақындықты да, ойшылдықты айнытпай танытып келген қанатты, тапқыр сөздері, мақал-мәтел, жыр-толғамдары осындай құнарлы топырақтан желі тартып, өркені өскеніне еш күмән-күдік қалмайды. Ал, сол бір оныншы ғасырдағы ұлы кітаптың әр сөзінің ой-толғамының жиырмасыншы ғасырға беріге, болашаққа тамыр жіберіп, тілге емес санаға, жүрекке сіңуінің өзі қасиеттілік [1,13]. Құтты білік - тілінің, ойының, поэтикалық бітімінің асыл тектілігінің, шынайы даналығының дәлелі [1,14].
«Тарихтың көзі де, өзі де - адам. Дамудың лүп-лүп соққан ыстық жүрегі де – адам» - деген үзіндісі ғұламаның адам баласының ғажайып даналығы, құдіреттілігі, барлық жақсылық адамның қолымен жасалатынын бір ғана жолмен түсіндіреді.
Ақылды -ұлы, біл, білімді-білікті,
Қонса екеуі, ұлы етер жігітті.
Ғұламаның әр жыр шумағы тұлғаның бойына зиялылық, ерлік, жүректілік, елдік т.б. жақсы қасиеттерді қалыптастыруға игі ықпал етеді.
Бірі дана, ғалымдар, зейінділер,
Бірі хатшы, білсін дер кейінгілер.
Үшіншісі - жүректі ер, батырларың,
Жау десе, жайдай жайпар жасындарың.
Бұл үш түрлі ер бір жеңнен қол шығарса,
Қалған жұртты үйіріп, қоңсыға алса….
деп, қоғамдық болмыстың дамуына талдау жасайды. Қоғамның мүшелері болып табылатын ғалым, хатшы, дана, батыр, ерлерді сыртқы жаудан қорғау үшін елдің бірлігін сақтауға бірдей қызмет етуге шақырады.
“Құтты білік“ - осы уақытқа дейін шығыс философиясын жоққа шығарып келген евроцентристік көзқарасқа қарсы қойылатын негізгі мәдени мұра.
Ақыл болса, асыл болар –болса ер,
Білім болса, бекті қылар-қылса ер, – деп, жігіттікке жарасар ақыл мен білім десе, ал мына төмендегі шумақтардан жігіттің бойындағы жақсы қасиет пен жаман қасиетті аша отырып, ерлік пен даңқтың өзі кісіліктен келетініне тоқталады.
Ерлік, даңқ жарасар нағыз ерге,
Зұлымдық пен іштарлық намыс елге.
Ерлік, даңқ туады кісілікпен,
Ер қадірі –берсе, егер, екеуін тең! [1,23]
Не дейді екен тыңда, әлемді тұтқан ер,
Сақ боп, жауын ұтқан, жерге тыққан ер:
Ел басқарсаң, сергек, сақ жүр түсініп:
Сақтық ерлік, шариғаттың ісі бұл.
Енжар болсаң - ұйқы басар,нас басар,
Ұйқы басса, басыңдағы бақ қашар!
Хан сақтығы елге пайда әкелді,
Мұндай пайда елге бірлік әперді!
Жоғарыдағы философиялық толғаулардан ерлік мен даңқ- ерлердің символы, кісіліктің белгісі десе, сақтықпен сергектікті елге бірлік әперетін ұлы күш тұрғысында саралайды [1,23].
Жүсіп Баласағұнның “Құдатғу білік” (“Құтты білік”) еңбегін талдау барысында отаншылдық ұғымының мәнін ер, ерлік, батыр, батырлық, баһадүрлік т.б. аша білдік.
«Педагогика тарихы» атты оқулықтың «Қазақстан даласындағы орта ғасыр ойшылдарының тәлімдік ой-пікірлері (ІХ–ХІҮ ғ.ғ.)» тарауында «тарихтан белгілі көне түркілер ұрпағы – қазақтардың этногенезі туралы сөз қозғасақ, олар жоғарыда айтылған Енисей жазба ескерткіштеріндегі мәліметтерге қарағанда және көне Қытай, Ұйғыр, Моңғол жазбалары бойынша арғы тегі Моңғол тектес Ғұндар мен Үнді-Иран тектес Қыпшақтар мен Сақтардың, түркі тектес Үйсін, Қаңлылардың қосындысынан пайда болған Еуразия даласының көшпенділері екені байқалады. Қазақтың этногенезінде Керейттер мен Наймандардың, Арғындар мен Қоңыраттардың, Алшын, Жаппас, Шектілердің де болғанын тарих дәлелдеп отыр. Ол жөнінде атақты тарихшы В.В.Бартольд, Л.Н.Гумилев, Х.Арғынбаев, Ә.Марғұлан т.б. еңбектерінде дәйекті дәлелдер келтірілген.
ХІ–ХІІ ғасырларда қазақ жерінде түркі тілінде жазылған этикалық-педагогикалық трактаттар көп тараған. Солардың ішіндегі ең шұрайлы еңбектің бірі Жүсіп Баласағұнидің “Құдатғу білік” (“Құтты білік”) атты кітабы екенін атап көрсетеді . Бұл еңбек 85 тарау, 6520 бәйіттен және 124 қосымша бәйіттен тұратын дидактикалық дастан. “Құдатғу білік” – бұл түркі тектес халықтардың мінез-құлықтарын, моральдық-этикалық, рухани қазыналарын негізге алатын ескерткіш мұра. Мұнда адамға білімнің қажеттілігі, оның тіршіліктегі мәні, бақыт туралы адамның іс-әрекетінің оңы мен терістігі, тілден келетін пайда мен зиян, ел билеуші әкімдерге қажетті асыл қасиеттер, әртекті жұртшылық өкілдерінің тілін таба білу т.б. хақындағы ой-толғамдар. Сондай-ақ, отбасы мен неке, ұл мен қыздың өнегелі тәрбиесі, бала мен ата-ананың қарым-қатынасына байланысты мәселелер жан-жақты сөз болған.
Кітаптағы ең басты мәселе – елді, мемлекетті басқару тәртібі мен өнегесі. Ол үшін қара қылды қақ жаратын әділ заң керек. Халықты басқарушы әкімдердің ақыл-парасаты ұшан-теңіз, ниеті түзу, жүрегі адал, өнер мен білімге жетік, кең пейілді болуы қажет. Екінші идея – бақ-дәулет, елге құт қонсын деген тілек. Тілектің түйіні – адамның бақытты болуы үшін адам баласының бақытты, парасатты тұрмысына жол көрсету; үшінші идея – ақыл, парасат. Ол адалдықтан, адамды сүюден туындайды. Парасатты жанның көрсоқыр тоғышарлыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, адамды аздыратын жаман әдеттерге (зұлымдық, арамдық, ішімдікке салыну, озбырлық) алдырмайтын қасиеті. Төртінші идея – қанағат-ынсап мәселесі. Адам бірлік пен қайырымдылықтан келген беделге, бақытқа қанағаттануы керек. Ақын қанағатты белгілі бір үйлесімділіктен, заңдылықтан іздестіреді. Үйлесімділікті ұнатқан, ақиқатқа бас тіккен адамның бойына ынсап орнайды. Ынсап – ар-ұяттың тірегі: әділет, дәулет, ақыл, қанағат. Осы төрт қасиет бойына дарыған азамат ел басқара алады дегенді топшылайды. Төрт қасиет бірлікке жеткен жағдайда ғана халық бақытқа кенеледі. Пайдасын ел көреді дей келіп, осылардың ең түйінін шешетін мәселе оқу-білім деп ой қорытады.
Дастанда “адамшылықтың парызы бірін-бірі құрметтеуінде, бір-біріне ізет көрсетіп, сыйласуында” деген тоқтамды тірек етеді. Ал жақсы қасиетті кісілікпен ұштастыру – тәлім-тәрбиенің міндеті, яғни үлкендердің, ата-ананың басты борышы, ұлағаттылардың ұлы қасиеті. Сондықтан “Кісілік қымбат емес, кішілік қымбат!” деп түйіндейді. Бұл “Ұлық болсаң – кішік бол”, “Сыпайы – мінезімен сыйлы” деген халық қағидасымен қабысып жатыр.
Дастанда сөйлеу өнері, тіл мәдениеті де сөз болады. Сөйлеу мәдениетін, ой орамдылығын, тіл өткірлігін құптаған Баласағұн “Біліп айтқан сөз білікті саналар. Біліксіз сөз басыңды жеп, табалар”, “Көп сөйлеме, аз айт, бірер түйірін. Бір сөзбен шеш күмән сөздің түйінін”, “Тобықтай түй, тоқсан ауыз толғамды” деп өсиетті ой толғайды[2, 253-254].
Осындай көне тарихымен, рухани мұраларымен атадан-балаға мирас болып келген тарихи өлкенің ешкімге ұқсамайтын, ешкіммен салыстыруға болмайтын философиялық ойлардың дамып, қалыптасқанын тарихи мұраларға талдау жасағанда айқын аңғарамыз[2, 242-259].
Жүсіп Баласағұн және оның замандастарының да еңбектері бүгінгі «Мәңгілік ел» идеясын ұрпақтан - ұрпаққа жалғастыруда орны толмас құнды мұра болып табылып отыр. Сол заманда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың (ХІ ғ.) Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (ХІІІ ғ.) “Шипагерлік баян”, Мұхаммед Хайдар Дулатидің “Тарих-и Рашиди”, Қадырғали Жалаиридің “Жаримат-ат тауарығы” философиялық, тарихи, жаратылыс, медицина, тәлім - тәрбие, жантану, этнография ғылымдар саласында келелі ой қозғады және де қазіргі таңда өзектілігін жоймаған ғылыми тарихи еңбектер. Түрік әлемінің ойшылы Қожа Ахмет Иасауи (ХІ ғ.) “Дүнияуи Хикмет” атты дастанында дүниені жаратушыға табыну, оны танып білу – өзіңді-өзіңнің танып білу, ақиқатқа жету, адам өзін-өзі тану және жетілу арқылы адамдық биікке, тарихат жолында адам өзін ұстамдылыққа, жетілдіруге шынайы қасиеттері арқылы сүйіспеншілік пен махаббат идеясын ұсынады. “Жақсылық – жамандықты жаратқан құдай, бірақ қылдырған құдай емес. Ауруды жаратқан құдай, ауыртқан құдай емес. Байлықты, кедейлікті жаратқан құдай. Бай қылған, кедей қылған құдай емес… Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең, оқыт… Иман, обал, сауап бар жерде әділет бар… Хақтың жолы осы” – деп халықтың бойындағы рухани мейірімділік, әділетілікті, обал сауапты түсініп, білім алуға шақырады. Біз сол заманда өмір сүрген әр ғұламаның еңбектерінен рухани тұлғаны қалыптастыру идеясын көреміз.
Жүсіп Баласағұн және оның замандастарының да еңбектерінің негізгі мазмұны бейбітшілікті насихаттай отырып, тәртіпті, рухани кеңістікті құруға бағытталады. Расында да, ХХІ ғасыр жаһандану ғасырында жас ұрпақтың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруда Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінің маңызды екенін аталған еңбекке талдау жасағанда еркін байқадық. «Қазақ елі - мәңгілік ел» идеясын іске асыруда ғұламаның әрбір трактаттары, халықтың талай ғасырларды тамсандырған даналығы, шешендік сөздері, жыр-толғамдары маңызы ерекше екенін баса айтқымыз келеді.
Ғұлама ойдың иесі Жүсіп Баласағұнның «ақыл мен білімнің тілмашы –тіл», «тіл – елшінің қылышы», «сөз – ойдың суреті», «біліктінің ісі –байыпты», «адамды білім сақтайды», «білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді», «көз –жіті, құлақ – сақ, көңіл – кең болу керек» деген терең де салиқалы тұжырымдары ұлттық сана қазынасын сипаттайтын құндылықтың мәңгілік мәндегі өміршеңдігін айқындай түседі.
Жүсіп Баласағұн “Құтты білік“ тарихи еңбегіндегі суреттелген рухани құндылықтар негізінде тұлға үлгісін ұсынуға болады. Мысалы, оның шығармасында тұлғаның бойында қалыптасатын қасиеттер: зиялылық, ақыл, білім, дана, даналылық, ғалымдылық, ер, ерлік, ер қадірі, елдік, жүректі, жүректілік, батыр, сергек, зейінді, бек, даңқ, сақтық т.б. ұғымдар толықтай қамтылып отыр. Тұлғаның бойында осындай құнды қасиеттер болғанда біз мемлекетшіл ұлт боламыз дейді. Міне, қазақ елінің, түркі елінің ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып, әлемдік кеңістіктен өз орнын алуы ұлы ғұламалардың шығармаларында өсиет болып тұжырымдалған. Осындай көне тарихымен, рухани мұраларымен атадан-балаға мирас болып келген тарихи өлкенің ешкімге ұқсамайтын, ешкіммен салыстыруға болмайтын философиялық ойлардың дамып, қалыптасқанын тарихи мұраларға талдау жасағанда айқын аңғарамыз және ол жалғасын табуда.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Достарыңызбен бөлісу: |