С. Т. Иксатова қылмыстық ҚҰҚЫҚ ерекше бөлім


н) бірнеше рет қайталанған адам өлтіру (ҚК-тің 96-бабы, 2-тармағының «н» тармақшасы)



бет13/231
Дата19.11.2022
өлшемі1,81 Mb.
#51184
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   231
н) бірнеше рет қайталанған адам өлтіру (ҚК-тің 96-бабы, 2-тармағының «н» тармақшасы). «н» тармақшасына сәйкес бұрын қасақана кісі өлтірген адамның алғашқы қылмысы бойынша сотталған сотталмағанына қарамастан қасақана адам өлтіру (абайсызда, қажетті қорғану шегінен асу жағдайында немесе қатты жан күйзелісі үстінде ашумен өлтіруден басқасы) сараланады. Бұрын жасаған қылмыс үшін қудалау мерзімі өтіп кетсе немесе сотталғандығы жойылса, иә болмаса одан арылған болса, онда бұрын кісі өлтіргендігі есепке алынбайды. Егер айыпты Қылмыстық кодекстің 96-бабының 2-тармағына сәйкес келетін, бұрын кісі өлтіргені немесе өлтіруге оқталғаны үшін сотталмаса, онда бұл әрекет жеке саралануға жатады (ҚК-тің 24-бабы және 96-баптың 1 немесе 2-тармақтары), тиісті тармақтары көрсетілді. Ал соңғы адам өлтіруі ҚК-тің 96-бабының 2-тармағының «н» тармақшасы бойынша саралануға жатады. Әр мезгілде жауаптылықты ауырлататын екі рет адам өлтіруге оқталған (ҚК-тің 24, 96-баптары) немесе жауаптылықты ауырлататын жағдайда екі рет қасақана адам өлтірген (ҚК-тің 96-бабының 2-тармағының тиісті тармақшалары) және олардың бірде біреуі үшін сотталмаған адамның әрекеттері тиісінше Қылмыстық кодекстің 24-бабы және 96-бабының 2-тармағының «н» тапрмақшасы бойынша, осылармен қатар кінәлының қылмыстарын ауырлататын жағдайларды белгілейтін тиісті тармақтар бойынша саралануға жатады.


Анасының жаңа туған баласын өлтіру (97-бап)

Жаңа Қылмыстық кодексте анасының жаңа туған баласын өлтіргені үшін жауаптылық бірінші рет жеке қарастырылған. Заң шығарушы адам өлтірудің бұл түрінің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, оны дербес құрамға бөлуді мүмкін деп тапты. Бұл құрам үшін баланы туу кезінде немесе туғаннан кейін бірден қасақана өлтірген жағдайдың орын алуы шарт. Бұдан басқа жаңа туған баланы өлтіру біраз уақыттан кейін жүйкені зақымдайтын жағдай үстінде немесе есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психиканың бұзылуы жағдайында орын алуы да мүмкін.


Қылмыстық кодекстің 97-бабының санкциясына қарағанда, заң шығарушы мұндай адам өлтіруді әйелдердің туу кезіндегі және туғаннан кейінгі ерекше психикалық жай-күйлерін ескере отырып, жеңілдету жағдайлары кезінде жасалған қылмыс деп санайды. Сонымен бірге, әйелдің алдын ала жаңа туған баланы өлтіру ниеті болғандығы және бұған оның дәрменсіз жай-күйін пайдаланған оқиғалардың да болуы мүмкін. Мұны адам өлтірген кезде жеңілдету жағдай деп санауға бола қояр ма екен? Оның үстіне заң шығарушы осындай оқиғаларды да Қылмыстық кодекстің 96-бабында көзделген адам өлтіру деп санайды. Психиканы зақымдайтын жағдай үстінде немесе психика бұзылуы жағдайында анасының жаңа туған баласын өлтіруіне келетін болсақ, онда мұндай адам өлтіру туғаннан кейін біршама уақыт өткен соң, бірақ бала жаңа туған деп саналатын кезең ішінде ғана орын алады. Психиканы зақымдайтын жағдайдың немесе психиканың бұзылу жағдайының болуын осы мәселеге байланысты сарапшылық қорытынды беретін психиатр айқындайды.
Жаңа туған бала түсінігі оның мазмұны айқындау кезінде белгілі бір қиындықтарды туғызады. Заң әдебиеттерінде олар әр түрлі айтылады. Осыған байланысты түрлі мерзімдер көрсетіледі: бір тәулік, бір апта, бір ай. Кейбір авторлар жағдайға байланысты әр түрлі мерзімдерді пайдалануды ұсынады. Бұған келісу қиын. Баланың жаңа туған кезеңі адам өлтірудің жағдайына емес, баланың өзінің өсуіне байланысты ғой. Жаңа туған кезең деп-баланың туғаннан кейінгі өмірінің алғашқы сатысы-оның ағзасының сыртқы орта жағдайларына бейімделетін уақыт ішіндегі бірінші кезеңі болып табылады.
Бұл кезеңге ішкі органдар функциясының тұрақсыздығы тән болады. Жаңа туған кезеңнің ұзақтығы әркімде әр түрлі және бірнеше аптаның мөлшерінде, көбінесе үш-төрт апта бойына ауытқып тұрады. Айы-күнін толтырып туғандарда бұл мерзім шала туғандарға қарағанда қысқарақ. Анасының жаңа туған баланы өлтіруі туу сәтінде немесе туғаннан кейін бірден болуы мүмкін. Осы кезеңде Қылмыстық кодекстің 97-бабы бойынша адам өлтіруге баға беру үшін ананың психикалық жай-күйінің шешуші маңызы болмайды. Ең бастысы, бұл адам өлтірудің көрсетілген уақыты. Дегенмен, мынаны есте ұстау керек, адам өлтіру-туған адамды заңға қарсы қасақана өмірінен айыру.
Туу-ұзаққа созылатын процесс, бірінші босанатындарға ол 15-20 сағатқа, қайталап босанатындар үшін 10-12 сағаттан тұруы мүмкін. Егер туған баланы емес, ал ұрықты өмірінен айыру орын алса, бұл жағдайда адам өлтіру болмайды. Есінің дұрыстығын жоққа шығармайтын психиканың зақымдалуы немесе психиканың бұзылуы жағдайында адам өлтіруге келетін болсақ, онда мұндай әрекет ҚК 97-бабы бойынша саралануы үшін баланың туған кезеңі ішінде жасалуы тиіс. Бұл қылмыстың субъективті жағы, басқа да барлық адам өлтірудегі сияқты тек қана қасақаналықпен сипатталады.Осы қылмыстың субъектісі-арнайы қылмыстың орындаушысы, мұнда жаңа туған баланың 16 толған анасы ғана болуы мүмкін. Егер мұндай жағдайда қылмысты бірігіп орындаушы түріндегі қатысушылар болса, онда олар ҚК-тің 96-бабының 2-тармағының «в» тармақшасы бойынша жауапқа тартылады, ҚК-тің 97-бабында көрсетілген жеңілдету жағдайлары оларға қолданылмайды. Егер өзге қатысушылар қоса орындаушы болмай, ұйымдастырушының айдап салушының немесе көмектесушінің рөлінде болса, онда саралау күрделірек болады. Бұл жағдайда жоғарыда көрсетілген қылмысқа қатысушылар үшін Қылмысты кодекстің жауапкершілікті жеңілдететін 53 және 97-бабында көрсетілген жағдайлар (жеке, сипатта болғандықтан және жаңа туған баланың анасына ғана қатысты болуына байланысты) қолданылмайды. Сондықтан олар ҚК-тің 29-бабының тармақтары және 96-бабының 2-тармағының тиісті тармақшалары бойынша жауапкершілікке тартылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   231




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет