Сағындықова шынар молдабаевна мұрат мөҢКЕҰлы шығармашылығындағы заман зары


Мұрат Мөңкеұлы шығармаларының мазмұндық сипаты мен көркемдік ерекшелігі



бет13/15
Дата20.09.2023
өлшемі148,65 Kb.
#108897
түріДиссертация
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
2.2 Мұрат Мөңкеұлы шығармаларының мазмұндық сипаты мен көркемдік ерекшелігі.
Ауыз әдебиетін үлгісіне жетік болғанын әлі де болса анықтай түсетін – оның тамаша толғау, дастан, жырлары. Айта кетуді керек ететін бір жай, Мұрат шежіре – тарихқа жетік, өткен ғасырлардағы жыраулар мен батырлар жырларын жатқа білген. Әсіресе, Қазақстанның Батыс өлкесінің өткен – кеткені, жер, су мекені, атақты адамдары, шешен – жыраулары, тілінен бал тамған өнер иелері, ел қорғаған батырлары, бай – мырзалары, жақсы деген азаматтары – оның туындыларының алтын арқауы. Сыпыра , Асан, Қазтуған, Шалгез, Жиенбет, Доспамбет, Махамбет,Шернияз, т.б. тарихи адамдардың шығармалары бізге осы Мұраттың айтуы арқылы жеткен. Ескі ел тарихынан естіген, білген түйгендерін шашау шығармай әсерлі де, мәнді эпостық шығармаға айналдырып, өзі көзін жұмғанша халқы алдында сайрап өткен. Еңсесі түскен туған елінің көңілін көтеріп, ойын сергіткен. «Мұрат сөздерін ел – жұрты сүйсіне тыңдап, бірі көзіне жас алып қасірет шексе, екінші тобы, бойларын жиып, ертедегі ер азаматтары ісіне қайран қалып, оларға еліктеп, ат арқасына қонып, тәуелсіздік ұранын көтерген. Сондықтан Мұраттың шығармалары - өз кезіндегі тарихи маңызды зор, халқының мұңын көтерген, тәлім – тәрбиелік қызмет атқарған туындылар» [33.67]
Мұратты өз көзімен көрген Мұрын жыраудың естелігі біздің пікірімізді растайды. Ол өзіне алғаш жыр үйретіп, ұстаз болған Мұрат екенін мақтанышпен мойындайды. Одан “Едіге” жырын тіпті жас бала кезінде – ақ үйреніп алғанын, кейін “Қырымның қырық батырын” сол Мұрат арқылы үйренгенін Мұрат білмейтін қазақ жырларының кемде – кем болғанын, қазақ шежірелерін ерекше ынтамен айтып бергенін ескертеді. Мұрат жырды бір қалыпты баяу, әсерсіз орындамайды екен. Ол әрбір жырды ерекшелеп, әртүрлі әуен ырғақ, дауыс сазымен орындауға машық болған. Соған лайық ашық үнді, әдемі даусы, сәнді ырғағы, үйлесімді мақамы естір құлаққа ой саларлық, жұғымды шығады екен. Сондықтан да Мұрын жырау: “Мұрат мен көрген ақындардың ішінде ең күштісі еді”, - деп, ерекше бағалаған.
Енді, ақынның толғаулары мен дастан, жырларына түсініктер бере кетелік. Солардың ішінде “Үш қиян”, “Сарыарқы”, “Қазтуған”, “Өттің бір қапы дүние” - өзара байланысты, әуендес, мазмұндас, сарындас шығармалар. Аталмыш ақын толғаулары қазақ халқының отаршылар тарапынан көрген ауыр зауалдарын бейнелейді. Қысымға шыдамаған ел – жұрттың зар – шері, шерменде көңіл – күйі шертіледі. Туған халқы басынан кешкен жұт жылдары (үлкен қоян) отаршылар төндірген ауыртпалықтармен ұштасады. Екеуі де елді әбден күйзелткен ауыр зауал ретінде танылады. Мысалы, “Үш қиян” мен “Қазтуған” отаршылар қысымынан босқан ел жайын баяндаса, “Сарыарқы” мен “Өттің бір қапы дүние” негізінен қоян жұты кезеңіндегі қайғылы көріністерді суреттейді. Жұтта адам малынан айырылып жұтаса, отаршылар халықты жерден, тәуелсіздіктен айыратын апаттар екенін ақын түсінеді. Табиғат апатынан патшалықтың зобалаңы кем түспеуі, екеуі де панасыз халықты күйзелтіп жатыр дегенді айтады. Күңіренген елдің ыза – кекке толы ащы даусын естіртіп, елімен бірге қасірет шегеді.
“Үш қиян” мен “Қазтуған” толғау – дастандарындағы негізгі пікір, - қазақтың ежелгі қонысы үш өзен саласы (Үш қиян), түгел Батыс Қазақстан өлкесі, Атырау аңғары, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз ойпаты қолдан шығып, ел жерден, жесір жаудан кесір көріп, барарға да басарға да өрелі өріс қалмай торықты. Заман түзелуден қалды. Аталыдан ар кетті, адамы түгел зар шекті. Ел ішін азғын, тозғын, жылпос – сымпостар жайлап жүр. Дәулеттен бақ тайды, ақшалының күні туды. Пара– пәле көбейді. Ағайындық пен татулыққа жік салды. Арамзалар болыс боп ел билейді. Замана түзелмеске бет бұрды,- деген ой.
Замана қайтып түзелсін,
Қоңсыдан туған би болды...
Азамат ердің баласы
Айдарына малы жоқ,
Топ көрерге зар болды.
Осылайша, тек отаршылар ғана емес, елдегі санасыз, сапасыз бұзақылардың да күні туып, дегені болып жатқаны ақынға ұнамайды. Қазіргі хал, осы келешегіміз не болар деген, Мұрат заманынан еш қайыр күтпейді. Ел жерінен, тәуелсіздігінен айырылып қоймай, болашақ үмітінен де ада болғалы тұр деп бағалайды:
Мен қауіп еткеннен айтамын,
Ақ борықтай иілген,
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін.
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұзама деп іреңін.
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін.
Заманның бұзылуына байланысты ендігі адамдарда қайыр, шапағат, салауат деген қалмай барады. Ар, ұят, иман, адамгершілік жоғалып, жабайыланып барамыз деген пікірлерін жырлайды.
Шапағат, қайыр қалмады,
Жақын – жуық жараннан.
Атқа мінген жігіт те,
Қалмады нәрсе қарардан.
Қайыр кетіп қазаннан,
Қуат кетіп азаннан.
Мұндай жағдайға кезіккен ел – жұрты не істеуі керек?! Ендігі жерде зеңбірегі жер қопарған, от оқты қаруы бар патшаның баскесер шапқыншыларына қарсы тұру, ел қорғау мүмкін болмай кетті. Қарсы тұрған талай боздақтар жер құшты, басы есілді, айдалды, атылды. Енді жау айбынар батыр қалмады. Ел жұрттың лажы құрыды. Сондықтан, қанша қымбат болса да үш өзен саласын, батыс жерін жайлаған қазақтар өлкесін түгел тастап, басқа өңірге, алыстағы жиделі байсын жеріне, ел болып, жаппай қоныс аударса дұрыс болар. Басқаша, басқа түскен пәледен құтылар амал қалмады. Үдере көшу – алыс сапар азабын шегу дұшпан табанында тапталғаннан көрі дұрыс,- деп, осы пікірін аталмыш шығармаларына арқау етіп, құлшына жырлайды. Көш басын түзеген халық – елдің ескі жұртымен, қимас мекен жайымен ақын сөздері арқылы қоштасқандай болады. Көшудің заңдылығы жау жағының қысымы де отырып, тағы бір себеп – қоныстың ежелден құтсыздығы, бір қазақ емес талай жұрт (жеті жұрт) мекендеп, қызықтап, ақыры «баянсыздығына» бола тастап, икеткен еді деп, ақын өзінің романтизм сарындағы шығармаларын дүниеге әкеледі [34,12].
Заманнан заман оралған,
Дүние шіркін соны алған
Адыра қалғыр бұл қоныс
Қайырсыз екен азалдан.
Қазақ еліне тұтқа болған өткен дәуір қайраткерлері Асанқайғы, Қазтуған, Орақ, Телағыстар да бұл қонысты тастауға мәжбүр болыпты. Олардан қалған “құтсыз” қоныс енді кімге жақсылық әперер дейсің?
Еділдің бойы – қанды қиян,
Жайықтың бойы – майлы қиян.
Маңғыстадың бойы – шаңды қиян.
Адыра қалғыр үш қиян...
Жеті жұрттың кеткен жер,
Қайырсыз болған неткен жер?
Адыра қалғыр, көк Жайық,
Көпір салып өткен жер.
Асанқайғы, Қазтуған,
Орақ, Мамай, Телағыс,
Шоралар шұбап кеткен жер!
Жердің құтсыздығы – оның баянды қоныс боп, ел – жұрттың қауіп – қатерсіз ен жайлауына мүмкіндігінің жойылуы. Өз еліне іргелес басқалардың көз аларта алмай тұрған кезі – халық дәулетінің тасыған шағы. Сырт елден қауіп – қатер төнбесе, ел дәулеті өркендейді. Жер ана бар байлығын жайып салып, жайлаған ел барлық қызығынкөреді. Сондай құнарлы, жайлы қоныс Еділ мен Жайық, Маңғыстау өлкесі болған- ды. Жер құнарлығына қызыққан қазақ елі бейқам жатып, тез байып, мейманасы тасып, дәулеті асып кетіп еді. Жер құнарлығы ел байлығы боп, ырысын молайтқан сайын, оның бейқамдығы да арта түсті. Сырт жауын қызықтырды.
Мыңнан – мыңнан жылқы айдап,
Жүзден – жүзден нар байлап,
Ақтылы қойдың өрген жер,
Шалқыған дәулет мол бітіп,
Қызығын жұртым көрген жер!..
Арпа, қауын төктірген,
Жеріне жеміс ектірген...
Ата – баба игеріп, қоныстанған осынша бай мекеннің жау қолына көшуі елдің тәуелді бодан болуы үлкен қасірет.
Тұлпар мініп ту алған,
Дұшпанын көріп қуанған,
Алмасын қанға суырған
Аруақты ерлердің
Абыройын төккен жер...
Ердің соңы – Исатай,
Бармағын тістеп өткен жер,-
деп ақын қазақтың айбынды батырларын, олардың өткен істерінің аяғы сәтсіз боп жатқанын еске салады. Ежелгі қоныс тұрақсыз, баянсыз, елге бақ – дәулет әкелуден енді қалған, қантөгіс майданы боп та көрген, одан да мән таппаған. Осыған орай, ел жерінен безіп, көшін қомдаған,- дейді.
Шаңдаттырып даласын,
Талқан етіп қаласын,
Атамыз қазақ болғанда,
Әлде неше шапқан жер.
Қоралап айдап дұшпанды,
Қарық олжаға батқан жер.
Қайырсызда болып барады – ау,
Атамыз өткенАсан би,
Мұны да құтсыз деп айтқан жер.
Ел қамын жеп өткен жиһанкез Асан би де бұл қоныстың қайырсыз боларын біліп, тастап көшкен. Ол – Ақтөбе мен Қорғаншы асып, күйдірген тастан қала салдырып, мекен тепкен еді,-дейді:
Ақтөбе мен Қорғаншы,
Асанқайғы бабаның,
Қызылтастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып,
Әңгіме құрып кеткен жер.
Сондай – ақ, елге ерлігімен даңқын асырған Сидақ батыр да жауға төтеп бере алмай мекенінен ығысты. Тіпті ертеректе Әз Жәнібектің өзі Еділ бойынан Астраханды салдырса да, кейін қауіп – қатер көбейгесін, қаласын тастай көшуге мәжбүр болған еді,- деп көшудің кректігін заңдандыра түседі.
Алты жыл балшық бастырып,
Тоғыз жыл кірпіш соқтырып,
Сусынын шайға қандырып,
Хандығына жұртын нандырып,
Адыра қалғыр Астрахан
Әз Жәнібек хан салдырып,
Ақылын кәуірге алдырып,
Айласы құрып кеткен жер.
Осы өңірді жайлаған қазақтың бай, батырларының барлығы да амалсыздық тауқіметін тартып, нулы, сулы, жайлы, қимас мекенін тастап көшкен еді. Солардың бірі Қараның ұлы Сидақ батыр. Ол да күңірене көшті. Қоныс баянсыздығын білді.
Орақ, Мамай, Қобыланды, Ертарғын, Едіге би, Асан билер сақтық жасап, халқын тастап, жаудан аулаққа көшуді көксеп өтті. Ол кездегі елдің бәтуәлі басшысы Қабыршақты жайлаған Қарға бойлы Қазтуған еді. “Әттең бір қапы дүния – ай”, солардың да соңынан ере алмадық. Көп нәрсені қапы өткіздік. Алдымызды ойлап, сақтық қамын жасай алмадық. Керенаулар мен өзімшіл құр кеуделер көбейіп, бірлік – тірлік азайды,-дейді.
Бұрынғы өткен заманда,
Ел қорғаны барында,
Белгілі екен ерлерге, Жаудың да келер шамасы,
Қоныстың бәрін жоғалтқан,
Ноғайлы қазақ надан жұрт
Бірлігіңнің де кемісі...
“Үш қиян” Мұраттың шешендігін, суреткерлігін танытарлық таңдаулы толғауларының бірі. Онда ертедегі жыраулар тілі, шеберлігі, образ жүйелері өзінің әсерін тигізген.
Емендей белін бүгілтіп.
Жібектей жалын төгілтіп.
Еріні төмен салпиған,
Құйрығы гүлдей малынған.
Күдері бел, күпшек сан,
Бедеу атқа мінген жер.
Қазақтың өзіне ғана тән тұрмыс, тіршілік қамдары, салттары, көші – қон рәсімдері түгел қамтылады. Халқының кең далада, көлде қонған қаздай жайқала көшіп, үй – жайын қомдап, қонған тұстары қызықты, сән – салтанатты, бейнелі, суретті.
Қырғауылдай қызыл нар
Қыз келіншек жиылып,
Қызықпенен артқан жер,
Айыр өркеш сары інген
Кілем жауып үстіне
Қыл арқанмен тартқан жер.
Немесе:
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген.
Тұлпардан өзге мінбеген,
Салқында ал қара құс тон киген,
Салтанатқа салпы ерінді нар артып,
Салқамдыққа жорғадан өзге мінбеген.
Міне, осындай өзіне, салтына жарасымдысәнді тұрмыс шегіп, киім киіп, ат мініп, ойнап – күліп көңілді өмір сүріп жүрген азаматтың сәні кетті. Түрі бұзылды. Іші залым, сырты сымпыс боп азып жатыр,- деп қана қоймай, олардың нағыз жұғымсыз бейнелерін көз алдыңа елестете жыр төгеді:
Киім кисе жеңі жоқ,
Етегі бар да белі жоқ,
Бармақ сияр жері жоқ,
Қатпа болған түйедей,
Киеңкі болған биедей,
Ел биледі бір сымпыс.
Осылайша ақын,- азғындық белгілері деп, бұрын қолданып келген үйреншікті нәрселерге сай келмегендердің бәрін сынға алады.
Мұраттың “Қазтуғаны” – оның “Үш қиян” толғауының логикалық жалғасы. Негізгі қаһарманы – тарихи адам. XV ғасырда өмір сүрген әрі батыр, әрі шешен жырау, Еділ мен Жайық алқабын жайлаған, Қабыршақты Қарасуды қыстаған – Сүйінішұлы Қазтуған, Мұрат осы Қазтуған атынан өз ойларын баяндап шығады. Оқиға Қазтуғанның монологі ретінде кезіндегі ел билеріне қарата толғанады.
Арайна, билер, арайна,
Арайна десем болғай ма?
Арайнасыз әр қайда,
Ердің ісі оңай ма.
Арайна болған Қазтуған,
Қайғыланып сонда толғай ма?!-
деп Қазтуғанның аузымен ақын өзінің “Үш қиян”, “Сарыарқаларындағы” идеяны өзгеше нәр беріп әсерлі суреттеп шығады. Шығарма – тыңдауға да, оқуға да жеңіл, төгілген жыр. Еділ мен Жайық өлкесінің қазақ үшін “Кеңшілік қоныс болмайтынын” айтып, көшуді уағыздайды.
Еділді қоныс етпеңіз,
Жағалап қалмақ алады.
Жайықты қоныс етпеңіз
Сыдыра біткен көкжиек
Кәпірлер қала салады
Әй, жақсылар жақсылар,
Бұл қоныстан кетпесең,
Оны талақ етпесең...
Күндердің күні болғанда
Қайғыда жүріп өлерсің!
“Қазтуған”- Мұраттың шешендігіне куә боларлық көркем туынды. Ақынның Қазтуған сөзi ретiнде айтып, соның жүрек толғанысын термелеуi өте әсерлi және төгiлген жырға толы. Поэтикалық тiлi де көңiлге қонымды, нәрлi, сәндi .
Жайық сенi қайтейiн,
Ағашың абат көрiнген.
Жасыл ала қамқадай,
Жапырағы жерге төгiлген.
Бұтағы бұрама күмiс алқадай.
Баттауығы бiлектей,
Ботташығы жүректей,
«Жыраулық поэзияға тән ақпа – төкпе екпiн, бiрыңғай ұйқас, бiр әрiптен басталған ұзақ жолдар – жазба әдебиетке бергiсiз тамаша ақындық табыстар. Тiл образдарын өз кезiне сай ерлiк үлгiде, эпостық дәстүрде бейнелеуi, оларды асқақ эпитет, дәл теңеу, метафоралармен өрнектеулерi – ақын поэзиясының құдіреттi күшi» [35. 156]
«Мұрат ақын шығармаларының ең көлемдiсi “Қарасай – Қази” жыры. Бұл – нағыз эпостық поэма. Орақ батыр мен оның балалары Қарасай, Қазилардың жалғасып жатқан батырлық дәстүрлерiн ардақтайтын ерлiк эпос. Жыр сюжетi шағын желiге құрылған. Ата жолын қуған ұлдардың перзенттiк парыздарын өтей бiлулерi, нағыз ел қорғандары мен арам ниет ездердiң екi жүздiлiктерiн әшкерелейтiн ұтымды оқиғалар, көркем көрiнiстер жинақталған.» [36. 222] Ноғай – қазақтың даңқты батыры екi жүздi, күншiл ағайындарының арамза iстерiнен қапияда қаза табады. Оның өкiнiштi өлiмi ел жұртына, үй – iшiне өте ауыр қаза болғаны баяндалады. Қоштасу, жоқтау сөздерiн айтқандар iшiнде Орақтың досы Ақмырзаның қоштасуы мен жасы жеткеншешесi Кәрбоздың жоқтауы, әйелiнiң азасы өте әсерлi шыққан. Жастай әкеден айырылып жетiм қалған, болашақ батыр ұландар – Қарасай мен Қазидың толғаныстары да оқушының сай – сүйегiн сырқыратардай күштi. Жырдың негiзгi кейiпкерлерi де осы екi жетiм ұлдар. Оларды бейнелеуге жырау бiрден кiрiсiп кетпейдi. Оларға дейiнгi, Орақ қазасына байланысты қайғылы әрекеттердi бейнелеп, шығармаға бiрден психологиялық сипат бере бiледi. Ал дегеннен оқушысы мен тыңдаушысын қайғылы қаракетке, өкiнiштi оқиғаға кезiктiрiп, оны өзiне ерiксiз тартып алады. Бiрден шиеленiскен оқиға бiртiндеп өсiп, шығар билiгiнен көрiнiс табады. Жырдың алғашқы жолдарында ел ағасы Ақмырза би келiп, өлгелi жатқан Орақпен тiлдесiп, қайғысын бiлдiре отырып, батырдың ел – жұртын өзiнен кейiн кiм басқарып, қорғай алатынын сұрап бақұлдасады.
…Қай жаманға тастайсың,
Орда байтақ елiңдi?
Аңдып жүрген көп жаман,
Сындырған екен белiңдi.
Қапылықпен кеттiң бе,
Бiр сермемей қолыңды.
Артыңа тастап барасың,
Алған бiр жұпты телiңдi.
Қарасай мен Қазидай,
Жас қалдырдың төлiңдi!..
Орақ тiлге келiп өлердегi сөзiн айтады. Ел жағдайының қиын екенiн ескертедi. Қамаған жаудың ортасында қалған ел – жұртқа сенiмдi сүйенiш, ел қорғар ер азамат керек деп, ағайындары – Алшы, Смайылдардан еш жақсылық күтуге болмайтынын айтып, қоштасады.
Ақмырза досым келдiң бе,
Орақты жатқан көрдiң бе?..
Қос – қос орда, қос орда,
Қосылып қонбас менен соң…
Баса жайлап шет қонып,
Ел қона алмас менен соң…
Адам тiлiн бiлмеген,
Басы шоқты қалмағың,
Аузы түктi кәуiрiң,
Жан – жағыңды қамалап,
Қала салар менен соң…
“Қарасай – Қази” жырындағы ең тартымды көрiнiс – Қараүлек кәрияның азалы жоқтауы. Ол тек өлген баласын жоқтаған ананың сөзiн айтып қоймайды. Соған қоса, өзi ел – жұртының анасы ретiнде толғап, ел қамын жер азаматтың қазасы түгел елге ауыр тиген, жалпыға ортақ аза болды деп қайғылы Қараүлектiң бейнесi – ел әжесiнiң кейпiнде тұлғалы көрiнiс табады.
Айдынды Орақ, ай да Орақ,
Ай балтасы қанды Орақ.
Байтақ жұртың тозды Орақ…
Аюдай арқыраған Орағым,
Астраханда даңды Орақ,
Арғымақ атың азды Орақ.
Күндей күркiреген Орағым…
Орақты өлтiрген екi жүздi қарабеттер тобына арнаған өжет сөздерi де халық анасы ретiнде айтылған қарғысқа толы сөздер:
Орағымды өлтiрген:
Алшы, Смайыл, Тобаяқ
Есiмнен менiң кетер ме?
Орағымды өлтiрген,
Қалу мен Сары оңбасын,
Ергiз де екi болмасын.
Қараүлек жоқтауының тағы бiр маңызды жерi ол елге төнiп тұрған қауып – қатерiн ерекше ескерте бiлуi. Ақын бұл тұста шарықтай сөйлеп, анасының аузынан өрнектi өткiр сөз толғайды.
Құладынның көрдiң бе,
Аспаннан қу төңкерiп iлгенiн?
Аңдаймысың, жiгiттер,
Ноғайлының мынау үстiнен
Ауыр әскер ертiп жүргенiн.
Үстiмнен жүрген дұшпанның
Езуiн тартып күлгенiн!
Ал, Орақтың жары, Қарасай мен Қазидың анасының бейнесi арқылы жырау батыр ұлан тәрбиелеген асыл ананы, ақылды, мейiрiмдi адал жарды бейнелейдi. Бұл басқа эпостық жырлардың бәрiнде кездесетiнсұлулар сияқты ақылына көркi сай әйел емес, көзi соқыр, аяғы ақсақ мүгедек жар. Сөйтсе де Ер Орақтың сүйкiмдi жары, қалтқысыз досы. Ол - өзiнiң ерiн қалай сүйсе, елiн де солай бiрдей сүйетiн даналығымен ерекшеленген сәттi образ. Орақты жоқтау сөздерi – асқақ батырға сай жар, жақсы ана екенiне куәгер.
Қарсыласқан дұшпанды
Қабыландай соғып жер едi.
Маңдайы күндей балқыған,
Көзi судай толқыған,
Исi зафрандай аңқыған.
Бiр патшадай неме едi,
Өтiп кеттi демесең,
Қай батырдан кем едi…
Жыр оқиғасының тағы бiр шиеленiскен кезi – негiзгi кейiпкерлердiң араласқан тұсы, Қарасай мен Қазидай Орақ ұландарының патриоттық iс - әрекеттерiн бейнелеген крiнiстер. Қарасай он жетi жасар жiгiт боп қалған кезiнде Орақтың өлгенiн пайдаланып, оның жаулары – қалмақтар елге қауiп төндiредi. Жауға қарсы қол бастап, Алшы, Смайылдар аттанады. Олардан жау айбынбайды. Елге қатер төнедi. Осы кезде Орақтың әйелi Қарасайды шақырып алып, оның бейқам жүргенiн айыптайды. Батырдың ұлы бола тұра елде қалып, ата аруағын ақтамағанына өкiнедi. Оны қайрап, былай дейдi:
Атаңа тартып тумадың,
Белiңе садақ бумадың.
Не болды саған балаларым…
Мен саған жерiк болғанда,
Аюдың етiн жегiздiң.
Жолбарыстың сүтiн iшкіздің
Осы сөздерден кейiн Қарасай шеше тiлiн алып, жауға аттану қамын жасайды. Ең алдымен мiнер ат керек. Орақтың қабан құлақ қара аты күтiмсiз және қартайған. Ат iздейдi. Өз жылқысынан мiнер ат шықпайды. Көкше дегеннiң Көкбұйра айғыры ұнайды. Ол атты көкше жай бермейдi. Жалғыз қарындасы Қибатты сұрайды. Қатты қиналады. Қибат та ағасына өкпе айтады. Ақырында анасы: …Қибат түгiл менi сат,- деп бiржола кесiп айтады. Осыдан кейiн бәрi келiсiледi. Ел қамын, жеке бастарының қамынан жоғары қояды. Қарасай Көкбұраға мiнiп, әкесiнiң қару жарақтарын асынып жауға аттанады. Жау шебiне жетпей керi қайтқан Смайыл, Тобаяқтар тобын көредi. Оларға керi қайт, менiмен бiрге жауға шап дейдiОның сөзiн ешкiм елемейдi. Жауға қарсы жалғыз қамданады. Сол тұста жанына қараса, елде қалған iнiсi Қази келе жатады. Жауға бiрге шабады. Екеуi жауын жеңедi. Қастарында қарт батыр Ер Тарғын ғана жүредi. Жыр сюжетi аяқталады. Ал сюжеттiң әрбiр оқиғасы жанға тиер шиеленiскен әрекеттерге құрылып, әр тстағы зар – шер әсерлi шығады. Қибаттың қиналысы, Қази мен Қарасай арасындағы диалогтер жыр сөзiне өшпес күш берiп тұр. Көкбұйра аттың шабысы Тайбурылға ұқсас бейнеленедi. Ол қырық күн бұрын кеткен қолға бiр мезгiлде жетедi. Жетi дөңнен асса да шабысынан таймайды.
Бiрiншi көдер асады,
Аспанға тозаң шашады,
Екiншi көдер асқанда,
Бұйраның бауыры сөгiлдi,
Үшiншi көдер асқанда,
Қолтық етi бөлiндi.
Қарасайдың ерлiгiн, күш – қуатын да жырау батырлар жырындағы үлгiлер бойынша әсерлей суреттейдi. Бұрыннан батырлар күш сынасатын қара тасқа келiп, соны атысады. Смайыл тобындағы батырлардың оғы қаратасты мызғыта да алмайды. Ал Қарасай оғы қақ жарады.
Қарасай барып атқанда,
Қаһарланып тартқанда,
Үй орнындай қара тас
Қақ жарылып кетеді…
Бұдан кейін Қарасай мен он бес жасар Қази жау алдында жолығысып тілдеседі. Қазиге кері қайт деген аға сөзі өтпейді. Не көрсек те бірге көремін деп қайсарланады. Ақыры сан мың қалмақтың қолын қырып, жеңіспен елге оралады. Жыр оқиғасы қуанышпен аяқталады [37,14].
Жырдың тілі, образдылығы ақынның басқа шығармаларынан әлде- қайда озық. Эпостық сарын жырдың барлық тұрғысынан танылады. Қарасайдың Қазиға айтқан сөзіндегі адамгершілік, ағаның ініге деген жанашырлығы өте әсерлі:
Айналайын, Қазижан,
Аспандағы жұлдызым,
Маңдайдағы құндызым,
Артыңда енді кім қалды,
Айналайын, жалғызым?…
Қалмақтың Бөрі ханымен Қарасайдың тілдесіп, тірескен жерлері де жырдың әдемі беттері деуге әбден болады. Қарасай сөзіндегі ұлғайған метафоралар жыр тіліне жан бітіргендей күшті:
-Ай, кәуір – ау, ай, кәуір,
Сөзімді тыңда, сен кәуір!
Мен қас асылдан болармын.
Күркіресем күндей соғармын,
Күлсем жаймашуақ болармын.
Мен бурылша аттан мықтымын.
Бұғалық салсаң үзермін.
Мен буыршыннан мықтымын,
Мұзға салсаң мұңайман…
Жырдың поэтикалық тіліндегі әр түрлі ауыстырулар мен әсіреулер – қазақ эпосында қалыптасқан дәстүрлі тіркестер. Сөйтсе де, өзіндік орыны бар, жаңа бір сыр ашарлық ерекше күш – қуатқа ие боларлық сипаттарға толы. Қазидің ерлігі Қарасайдан кем түспейді. Ол қалмақтың батырымен жекпе – жекке шыққанда жақсы көрініс табады.
Алаша аттың басы деп,
Қалмақ ердің қасы деп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Толықсып тұрған қалмақты
Толғап Қази ұрады…
Қарасай мен Қази асқан ерлік көрсетіп жүріп, шаршап, ұйқыға шыдамай құлап түседі. Сонда Орақтың аруағы келіп, оларды оятады. Бұл сияқты көріністер де ерлік жырлардың дәстүрлі көріністері.
Жау таянып қалған соң,
Ай бетінен көрінеді,
Қарасай, Қази жас бала
Ұйқыдан шаршап құлады…
Аюдай арқыраған Орақтың,
Күндей күркіреген шырақтың,
Күн бетінен шығады,
Екі – үш күн айқай салады,
Аруағы көрден шығады…
Қарасай, Қази, Ер Тарғын
Қалмақты жаулап алады…
Еліне аман қайтады.
“Қарасай - Қази” жыры Мұраттың жыраулық өнерге жетік ақын екенін жақсы танытады. Ол бұрыннан елге кең тараған қазақтың ерлік жырларын орындай жүріп, өзі Қарасай, Қази оқиғасын (бұрын аңыз боп жүрген) үлкен эпосқа айналдырған сияқты. Бізге дейінгі зерттеушілердің оны аталмыш жырлардың авторы санауы тегін емес, шындыққа сай болжам [38,14].
Мұраттың ақындық мұраларының құнды бір саласы, оның лирикалық – арнау, хат, сын – сұқпат, ақыл – нақыл сарындас туындылары. Бұл салаға жататындар негізінен ақын өмір сүрген кезеңнің шындығын, дәуір адамдарын, олардың мінез құлық, іс - әрекеттерін бейнелейді. Дүние, әлем өзгерістері туралы өзінің ойларын түйіндейді. Ойлы – сырлы нақылдар термелейді. Дүниенің жалғандығын, тұрақсыздығын еске салады. Бақ – дәулет, дәреже билік бәрі өткінші. Оған адам алданады, бой алдырады. Дүниеге келген адам өсіп, жетіліп, дүние – мүлік жиып, қызық көріп, әр түрлі әрекеттер жасап жүреді. Ақыры өледі. Талай асыл армандар орындалмай қалады. Пенденің көзі еш нәрсеге тоймайды. Малдылар малына, билер билігіне, сұлулар көркіне, серілер сән – салтанатына, құлқұнқұмарлар барына разы болмай сергелдеңмен қайран өмірді мәнсіз талас, күрестермен, баққұмарлықпен өткізіп алады. Біріне -–бірі алдамшылық, қайырымдылық жасаудың орнына, барын көре алмай, жоғына жәрдем бере алмай тайталас, бәсекемен жүреді. Қазіргі қазақ елін бұзып, бүлдіріп жатқан болыс сайлауы ел арасына іріткі салып, қарсы партиялар бірінің дәулетін бірі шашып, ұлықтарға, көріне көзге, жем болып аласұрып, берекесіздікке беріледі.
Мұраттың “Айжарыққа”, “Есенғали болысқа”, “Есентемір Тұрабай болысқа”, “Қарақожа болысқа”, т.б. өлеңдері – қазақ еліндегі болыстық билікке, патшалық сайлауға наразылық ниетіндегі туындылар. “Би болам деп таласып, Дүние малын шашады”,-деп, Айжарықты сынайды. Ал кейбір болыссымақтар билікпен тапқаны аз болғандай, оған қоса, сауда жасап, елді алдап, мал табуға әбден беріліп жүр,- деп мінейді.
“Оқудан қайтқан жігітке” хат деген өлеңінде Дәулетімбет деген оқып келген жас азаматқа қаратып, өзінің ең жақсы ниеттерін баяндайды. Өнер – білімнің мәнін, оқыған, көзі ашық жастың ел алдындағы азаматтық борыштарын санап көрсетеді. Оқыған саналы адал азамат қараңғылықта қамалған халқын бастап, жарық дүниеге, өнер өріне алып шығуға тиіс деп, оған сенім артады.
Мұрат – сұлулықты, көркемдікті бағалай білген эстетикалық талғамы жоғары ақын болған. Ол төкпе ақынның әрбір шығармасынан айқын көрінеді. Сүйкімді мінез, нәзік жан оны әркез де – ақ қызықтырған. Жаны таза, ақылға дана, сырт пішіні көркем, салтанатты, салмақты қыз бейнесін танытарлық лирикалық шығармалар жазған. Жігіттерге арман боларлық сұлу қыздың образын көз алдыңа елестетер “Қыз” деген өлеңі жеткен. Ақын қыз сұлулығын әр түрлі сымбаттылық бейнеде, ерекше шабытпен суреттей білген. Сұлудың сырт көрінісі, ақылы, мінезі, іскерлігі, жүріс – тұрысы, киім киісі – түгел дерлік қамтылып, бір адам бойына жинақталып тұлғаланған [39,12].
Мұрат шығармаларын тiзбектей жiктеп, талдау соңында айтарымыз – оның тiлге шешен, тапқыр да алғыр ақын болғандығы. Оның шығармалары қамтымаған өз кезiнiң шындығы кемде – кем. Ол - кең тынысты эпик, нәзiк жанды лирик, жүлде алған жүйрiк, сан қырлы саңлақ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет