Тақырып: Кіріспе. Білім беру философиясы Білім беру – кәсіби іс-әрекет жүйесі мен құзыретті маман қалыптасу нәтижесі Мақсаты



бет10/57
Дата15.12.2023
өлшемі231,15 Kb.
#138247
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   57
Байланысты:
дарис-2

Бағалау компоненті – іс-әрекет мақсатына жетудің өлшемі. Тұлға орындаған іс-әрекетінің табысты немесе табыссыз аяқталғанына баға береді. Білім беру саласындағы іс-әрекеттік тұрғыдан қарау теориясы сана мен іс-әрекеттің бірлігі деген психологиялық теорияға негізделеді. Бұл теорияны түбегейлі меңгеру болашақ мұғалімдер үшін өте маңызды. Неліктен? Оны негіздеу үшін мынандай мысалды қарастырайық. Кез келген дәстүрлі сабақты көз алдымызға елестетейік. Сол сабаққа қызыға белсенді қатысып отыратын және керісінше, оқу-танымдық іс-әрекетке мүлде қатыспай, сабақтың тез аяқталуын асыға күтіп жұмыссыз отыратын балалар да кездесетіні белгілі. Оқушылардың барлығына мұғалім жаңа тақырыпты бірдей түсіндіреді, бірақ олардың сабақтағы қызығушылықтары мен тақырыпты меңгеру нәтижелері әр-түрлі болып келеді. Мұның себебі неде? Мұғалім сабақ мақсатын ойластырғанда, балалардың оқу-танымдық іс-әрекеттерін жоспарлағанда нені ескермеді?
Кез келген іс-әрекеттің нәтижесі оның мақсатының қалайша анықталғанына байланысты. Мұғалім сабақ мақсатын өз тұрғысынан анықтайды, балалардың танымдық іс-әрекеттерін, іс-қимылдарын ұйымдастыруды жоспарлайды, бірақ ол мақсаттар балалар санасына сәйкес емес түсініксіз, немесе оқушылар үшін қызықсыз болуы да мүмкін. Сондықтан оқушылардың барлығы бірдей оқу-танымдық іс-әрекетке қатыса бермеуінің негізгі себептерінің бірі – сабақ мақсатының бала санасына толық сәйкестендірілмеуі. Сонда мұғалімнің сабаққа дайындығы бекер болғаны ма, еңбегі нәтижесіз далаға кеткені ме? Бұл мысалда іс-әрекет мақсатының ұғынықты, қызықтырарлықтай болуы қажет екендігі меңзеледі. Ал жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттің басқа да компоненттері қаншама. Міне, осындай педагогика және психология жағынан терең ойластырылмаған, әдістемелік жағынан дұрыс ұйымдастырылмаған оқу-тәрбиелеу үрдісінде балалар да сабаққа немқұрайлы қарайды. Ал сабақ үстінде кейбір оқушылар уақытының бостан-бос мағынасыз өтіп жатуының, олардың жұмыссыздыққа бейімделуінің қауіптілігі туралы, және осы жағымсыз құбылыстардың бала жанына әсері туралы В.А.Сухомлинскийдің мынандай ойына тоқталып өткен орынды болар. «Партадағы жұмыссыздық, күн сайынғы жұмыссыздық, айлар мен жылдарға ұласқан жұмыссыздық – міне бұл аса қатерлі қауіп. Ол адамды аздырады, моральдық тұрғыдан мүгедек етеді; ең маңызды саладағы, адам еңбекқор болуға тиісті ой-сана саласындағы олқылықтың орнын ештеңе де – мектеп бригадасы да, мектеп учаскесі де, шеберхана да толтыра алмайды» деген педагог сөзі күні бүгінге дейін өзекті.
Сонымен, білім берудегі іс-әрекеттік тұрғыдан қарау теориясы бойынша әр бала мектеп жасынан оқу-танымдық іс-әрекетке саналы, белсенді қатысуы арқылы өзін-өзі іске асыруы, табысқа жетуі мүмкін. Кәсіби білім беру барысында да осы іс-әрекеттік бағытқа көп көңіл бөлініп, қазіргі кезде «табысты іс-әрекет», «іс-әрекет табыстылығы», «табысты кәсіби іс-әрекет» ұғымдары терең зерттелуде. Себебі кез келген іс-әрекет нәтижесі табысты да, табыссыз да болуы мүмкін. Білім алушылардың табысты кәсіби іс-әрекетке даярлықтарын қалыптастыру-бүгінгі кәсіби педагогиканың өзекті мәселелерінің бірі. Егер адам үнемі біреудің айтқанымен ғана жүріп, біреудің айтқанын ғана орындайтын болса, онда ол толыққанды дамыған, өзін еркін сезіне алатын тұлға бола алмайды. Педагогтер де әр бала тұлғасы үшін не маңызды, не құнды екенін ескерулері қажет. Сондықтан құндылықтық тұрғыдан тәрбиелеу және оқыту бағытын қарастырайық.

  1. Білім берудегі аксиологиялық (құндылықтық) бағытта жас ұрпаққа ұлттық, жалпы адамзаттық құнылықтарды меңгерту, адамгершілік құндылықтар негізінде адам тұлғасын жетілдіру, оның әлеуметтік қатынастарға икемделу мәселелері маңызды. Аксиология (грек тілінің «axia» - құндылық және «logos» - ілім) – құндылықтардың табиғаты жайлы және дүниедегі құндылықтар жүйесі туралы философиялық ілім. Құндылық ұғымы философияда, әлеуметтануда, психологияда кең қарастырылған. Философияда «құндылық» – тұлға үшін маңызды, пайдалы, өзін жетілдіруге және адамзат қоғамының дамуына септігі бар адамның шынайылыққа деген қатынасының мәні. Психологияда құндылықтар қоғамдағы моральдық қатынастардың формасы ретінде қарастырылады. Біріншіден, құндылық – жеке тұлғаның (немесе әлеуметік топтың, ұжымның) адамгершілік мәні, абыройы және қоғамдық институттардың (отбасы, мектеп, бала бақша, қоғамдық ұйымдар, университеттер т.с.с.) адамгершілік сипаттары болып қарастырылса, екіншіден, моральдық санаға қатысты көзқарастар: моральдық нормалар, принциптер, жақсылық пен жамандық, адалдық, бақыт туралы түсініктер.

Көптеген зерттеушілер құндылықтың мынандай белгілерін атап көрсетеді: маңыздылығы, пайдалылығы, жағымдылығы, абыройлығы, әлеуметтік мәні. Педагогикалық құндылықтар жалпыадамзаттық құндылықтармен тығыз байланыты. Әлеуметтік өзгерістерге байланысты қоғамның да, тұлғаның да, мектептің де құндылық бағдары өзгеріп отырады. Бірақ тамырлары тереңде жатқан, көп ғасырлар бойы адамзаттың дамуына бағдар беріп келе жатқан гуманизм, адалдық, адами борыш, табиғатты аялау, сұлулық сезімдері сияқты мәңгілік құндылықтар педагог мәдениетінің негізін қалайтын іргетасы. Ал педагогикалық аксиологияның мәні педагогикалық іс-әрекеттің өзгешелігімен, тұлғаны қалыптастырушылық және әлеуметтік мәнімен анықталады. Педагог іс-әрекетіне байланысты құндылықтарды В.А.Сластенин төмендегідей жүйелейді:
- тұлғаның әлеуметтік және кәсіби ортадағы өзінің рөлін анықтауымен байланысты құндылықтар (педагог еңбегінің әлеуметтік мәні, педагогикалық іс-әрекеттің жоғары бағалануы, т.б.);
-қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыратын құндылықтар және оның шеңберінің кеңейе түсуі (балалармен сүйіспеншілік қарым-қатынас, әріптестерімен, ұжыммен үйлесімді қарым-қатынастары, рухани құндылықтармен алмасу т.б.);
- дербес шығармашылықты дамытуға бағыттайтын құндылықтар (кәсіби-шығармашылық іскерліктерді дамыту мүмкіншілігі, әлемдік мәдениетке қызығуы, өзін үнемі жетілдіруі т.б.);
- өзін-өзі іске асыра алуға мүмкіндік беретін құндылықтар (педагог еңбегінің көп қырлылығы, әлеуметтік жағдайы нашар балаларға көмек көрсете алуы, т.б);
- жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін құндылықтар (қызметіне қарай мемлекет тарапынан еңбек ақысын алуы, жазғы демалыс ұзақтылығы, қызмет бойынша өсуі т.б.).

  1. Қазіргі білім беру саласындағы құзыреттілік бағыт бойынша тұлғаның меңгерген теориялық білім, білік, дағдылары арқылы кез келген мәселені өз бетінше шешіп, табысты нәтиже көрсете алу қабілеттерін дамыту көзделеді. Бұл бағыттың өзектілігі әлеуметтік ортада көрініс тауып отырған теория мен практиканың алшақтауы мәселесінен туындайды. Білім беру саласының қай деңгейіндегі болмасын білім алушылардың териялық білімдерін практикамен тығыз ұштастыра алмайтындығы білім берудің мақсатынан бастап нәтижелеріне дейін қайта қарастыруды талап етеді. Болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамытудың теориялық негіздері мен түрлі аспектілері Н.Хомский, Р.Уайт, Дж.Равен, Е.В.Бондаревская, Н.В.Кузьмина, Л.М.Митина, В.А.Сластенин, Н.Ф.Талызина, А.К. Маркова, И.А.Зимняя, Н.Д.Хмель, Ш.Т.Таубаева, У.Б. Жексенбаева, М.Х.Балтабаев, Б.Т.Кенжебеков, Г.Ж.Менлибекова тағы басқа көптеген шет елдік және отандық ғалымдардың еңбектерінде зерттеледі. Көптеген мемлекеттерде білім берудегі құзыреттілік бағыт ұлттық білім беру стандарттары арқылы іске асырылуда. Қоғамдағы күрделі өзгерістер адам факторының дамуына жыл сайын жаңа талаптар қойып отырғаны айқын, сондықтан әр бір адам әлеуметтік өзгерістерге тез бейімделгіш, білімдерін шығармашылықпен іске асыра алатын, өзін-өзі дамытуға дайын тұлға бола алуы маңызды. Осы идеяға байланысты қазіргі білім беру саласының ерекше сипаттарының бірі – оның нақты нәтижелерге бағытталғандығы.

Білім беру саласының мақсаттары мен мазмұнының күрделенуі, жаңа білім беру нәтижелерін анықтау, ондағы бағалау жүйесіне де қазіргі дүниежүзілік білім беру стандарттарымен сәйкестендіріп өзгертуді қажет етеді. Бұл бағыттың дамуындағы негізгі мәселелер ретінде оқушылардың оқу іс-әрекеттерінің барлық түрлерінің нәтижелілігі, олардың алған білімдерінің тәжірибеде пайдаланылуы, оқу-танымдық, тәрбиелік жұмыстар арқылы өзіндік тұлғалық қасиеттерін аша алу іскерліктері қарастырылады. Жоғары оқу орындарында кәсіби білім берудегі құзыреттілік бағытта студенттердің білімдерінің теория жүзінде ғана қалып қоймай оларды іс жүзінде табысты нәтижеге жете алатындай қолдана алулары көзделеді. Мысалы, педагогикалық жоғары оқу орнының студенті барлық сабақтарды теория жүзінде жақсы меңгерген болсын, бірақ педагогикалық практикада ол өзінің білімін қолдана алмады дейік. Бұл жерде оның кәсіби құзыреттілік деңгейі төмендігі көрінісін аңғарамыз. Тек жаттанды білімді есте сақтау, оны оқытушы сұрағанда қайта жаңғыртып айтып беру әлі нағыз білім болып есептелмейді. Нағыз білім практикада қолданысын тауып, тиімді нәтиже көрсететін білім ғана. Педагогика ғылымында «педагогтің кәсіби құзыреттілігі» деген ұғым педагогтің кәсіби іс-әрекетін жүргізуге теориялық және практикалық даярлықтарының бірлігімен анықталады. Яғни қарастырып отырған құзыреттілік бағытта білім берудің соңғы нәтижесі қандай болатындығы өзекті. Бұл бағытта мынандай сұрақтарға жауап іздестіріледі:
- Кәсіби білім алу барысында студент қандай нәтижеге жетуді көздеуі керек?
- Студенттің қол жеткізген нәтижесі табысты ма, әлде табыссыз ба?
- Неше жылда алған теориялық білімін ол кәсіби іс-әрекетте қолдана ала ма?
- Егер студент жоғарғы оқу орнында алған теориялық білімдерін кәсіби іс-әрекетте табысты қолдана алмаса ондай білімнің құндылығы қандай?
Сондықтан қазіргі таңда білім беру саласындағы құзыреттілік бағытты іске асыру, кәсіби құзыреттілікті дамыту мәселесі көптеген педагог-ғалымдардың зерттеу пәніне айналып отыр. (Педагогикалық құзыреттілік мәселелері 7 тақырыпта толығырақ қарастырылады). Жоғарыда қарастырылып отырған өзекті бағыттар мен қатар қазіргі таңда әрбір жеке тұлғаның әлеуметтенуіне жағымды жағдай жасалу қажеттілігіне байланысты білім берудегі әлеуметтік-гуманитарлық бағыт көкейкесті мәселелердің біріне айналуда. Әлеуметтендіру ұғымы қазіргі педагогика ғылымының маңызды категорияларының бірі болып қарастырылады. Әрбір адам әлеуметтік ортада өмір сүргендіктен ол сол ортаға бейімделіп, үйлесімді қарым-қатынаста болуы маңызды. Ұлы ақын Абай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан» дегендей әр адам жас кезінен бастап өзіне лайықты орнын тауып, мәнді, мағыналы өмір сүруге тырысуы абзал. Тұлғаның әлеуметтенуі және оның қоршаған ортамен еркін, сенімді, үйлесімді қарым-қатынас орната алуы үшін оған қолайлы әлеуметтік-гуманитарлық орта, жағымды да тиімді жағдай жасалуы керек. Ал ондай жағдай тұлға аралық қарым-қатынастарды жақсартуды, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы іс-шаралардың ұйымдастырылуын жетілдіруді қажет етеді. Сондай психологиялық-педагогикалық жағымды жағдайда адам өзіне ұнайтын іспен шұғылданып, өз қабілеттерін дамыту барысында ғана шынайы әлеуметтенуі мүмкін. Сол істері арқылы адам жетістіктер байқатса, өзін-өзі басқаларға таныта алады, оның өзіне деген құрмет сезімі күшейе түседі. Мысалы, түрлі үйірмелер, олимпиадалар, спорттық жарыстарға қатысып жетістіктерге қол жеткізген студенттер, оқушылар одан әрі сол бағытта жұмыс істеп ізденуге ынталанады, сол арқылы өздерінің ішкі әлеуеттерін ашып табысты іс-әрекеттерге құлшыныстары арта түседі. Бұл жерде педагогтің атқартын рөлі ерекше. Шәкірт бойында бір нәрсеге деген ынтаны оята алу, сол нәрсеге деген бейімділігін анықтау, оның өмірлік ұстанымдары, көзқарастары, дүниетанымының қалыптасуына дұрыс ықпал ету үшін мұғалім жан-жақты психологиялық-педагогикалық біліммен қарулануы қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   57




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет