45.«Жылымық» жылдарындағы экономиканы басқару саласындағы тиянақсыз реформаларды ашып көрсетіңіз 1953-1964 жылдар тарихта шартты түрде «Хрущев жылымылығы» деп аталады. Сталин қайтыс болғаннан кейін билікке келген Н.Хрущев КСРО экономикасын ілгері дамыту жоспарымен тағы бірқатар реформалар жасауға әрекеттенді. Соғыстан кейінгі астық жетіспеушілігін жою үшін 1954 жылы наурыз айында КОКП ОК Пленумында тың және тынайған жерлерді игеру туралы шешім қабылданды. Егін егетін жер көлемін ұлғайтып астық өнімін көтеруге тапсырылды. Бұл шаруашылық пен азық-түлік дағдарысын шешудегі экстенсивті жолы болды. Астық өндіруді арттыру мақсатында 25 млн. гектар жер жыртылды, оның 9 млн. эррозияға ұшырап жарамсыз болып қалды. Тың игеру жылдары республикаға КСРО еуропалық бөлігінен «қажетті мамандардың» 2 млн. адам жаппай қоныс аударды. Нәтижесінде елдегі демографиялық жағдай одан әрі күрделенді. Қазақтардың үлес салмағы өз елінде 30 % -ға дейін төмендеп кетті.
1957 жылы шаруашылық реформасы бойынша экономиканы басқаруда аймақтық принципке негізделген халық шаруашылық кеңестері құрылды. Қазақстан 9 аймақтық халық шаруашылық кеңеске бөлінді. Елімізде 730 өнеркәсіп орындары іске қосылып жұмыс істеп тұрды. Қарағанды (1953 ж.), Шымкент (1958 ж.) және Семей (1958 ж.) цемент зауыттары, Жезқазған мыс байыту фабрикасы (1954 ж.), Шымкент гидролиз зауыты (1959 ж.) т.б.
1957 жылдан бастап аумақтық принциптер негізінде экономикаға басшылық ету ісін қайта құру ойдағыдай нәтижелер бермеді. Керісінше, 1) экономиканың жекелеген салаларына тұтастай басшылық жасауға мүмкіндік болмады, 2) жекелеген салаларды техникалық жағынан қайта жабдықтау ісіне нұқсан келтірді, 3) өндіруші мен тұтынушы арасында бұрыннан орын алған қатынастар өзгеріссіз қалды, 4) бұрын кәсіпорындар министрліктер тарарапынан бақылауда болса, енді оларды халық шаруашылық кеңестері жүргізетін болды, 5) экономикалық тетіктер дұрыс жұмыс істемеді. Қазақстан коммунистік партиясының съездері мен пленумдарында кәсіпорын жетекшілері жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалардың тиімсіздігін ашық айтып жүрді. Халық шаруашылығын дамытудағы 1957 жылғы реформа сәтсіз болды.
Сәтсіздіктер күйгеліктік туғызды, экономиканы басқаруда ғылымға негізделмеген ойластырмай жасалған субъективтік шешімдерге жол берілді. Мұндай шешімдер көп жағдайда Н.С.Хрущевтің жеке басымен байланысты болды. 1962 жылы Қазақстанда халық шаруашылығын ірілендіру мақсатында реформа жасалды: партия орындары өндірістік белгі бойынша қайта құрылды. Олар өнеркәсіптік және ауылшаруашылық партия үйымдары болып бөлінді. Сөйтіп, жасалған реформалар басқару аппаратындағы абдыраушылықты, бесжылдық жоспардың орындалуындағы іркілістерді туғызды. 1956-1960 жылдарға арналған (6-шы) бесжылдық жоспар 1959-1965 жылдарға арналған жетіжылдық жоспармен ауыстырылды. Жан басына шаққанда өнім өндіруден дамыған капиталистік елдерді ең қысқа мерзімде қуып жетіп, басып озу міндеті қойылды.