Безендіріп жер жүзін тәңірім шебер, Мейірбандық, дүниеге нұрын төгер. Анамыздай жер иіп емізгенде Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер. Жаз жіберіп, жан берген қара жерге Рахметіне Алланың көңіл сенер. Адамзат таңдауы тура жолда болып, түзу ойда болса, Алланың Рахметі, шапағаты мол. Абай жазғытұры шақты тек суреттеп тұрған жоқ, бұл әлеми таным дегенде, айтпағымыз осы өлең жолдарынан анық аңғарылады. Жер жүзін безендіріп тұрған тәңіріден артық «безендіру» кімнің қолынан келмек...
«Жазғытұры» өлең мәтінінде «адамзат» сөзі екі рет қолданылған. Кісі баласына айтылатын өзге сөз емес, «адамзат» сөзінің пайдалануын да кездейсоқ деп тани алмайтынымыз түсінікті. Жазғытұры жайлау қазақ ауылына ұқсап, «түйе боздап, қой қоздап - қорада шу» болып жатқандай көрінгенімен, өлең мәні тереңде. Жазғытұры табиғатта болып жатқан өзгерістерге «Адамзаттың көңілі өсіп көтерілер» деу арқылы автор ойының астарының тереңде, танымының биікте екенін аңғаруға болар еді. Данышпандық сіңген дархан ой «алысқа сермеп» жүректі тербейді.
«Қыс» өлеңінің ішкі Мәні «Жазғытұрымнан» гөрі ерекше. Егер «Жазғытұрымда» айтылар ой мазмұнындағы айырмаға сай, өлеңдегі ұйқас та өзгеріп, ішкі үндестікті бұзбай алмасып отырса, мұнда өлеңнің басынан соңына дейін ұйқас өзгермейді. Автор -ды, -ді тұлғасының барлық омонимдік мағынасын (-ды, -ді - жедел өткен шақ тұлғасы, -ды, -ді - сын есім тудырушы, -ды, -ді – табыс септігі) қолдана отырып, өлеңнің бір демде айтылуына көңіл бөлгендей. Предикативтік тұлғалардың бір формада көрінуі негізгі өзекмәннің бір ғана ойдың төңірегінде екендігіне назар аудартады. Әсіресе, жедел өткен шақ тұлғасының келуі өлеңнің грамматикалық безендірілуі мен поэтикалық семантиканың тұтастық құрып, үндесе, ішкі гармонияға ұласуын айқындай түседі.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, а Соқыр-мылқау танымас тірі жанды, а Үсті-басы - ақ қырау, түсі суық, б Басқан жері сықырлап, келіп қалды. а Өлең ұйқасын айқындап тұрған тілдік бірліктердің сыртқы сипаты мен ішкі семантикалық құрылымына назар аударалық: ақ сақалды, тірі жанды, түсі суық, келіп қалды. Өлеңдегі ырғақты күшейтіп, тармақ жіктерін ажыратып, ұйқас құрап тұрған -ды тұлғасы. –Ды тұлғасының сыртқы жамылғышы (Қ. Жұбанов терімсөзі) бірдей болғанымен, ішкі семантикалық мағынасында айырма бар. Ақ сақалды, тірі жанды тіркестерінде зат есімнен сын есім туғызып, сөз тудырушы тұлғаның тілдік таңбасын бейнелесе, келіп қалды күрделі етістігінде -ды жедел өткен шақтық мағына қосады. Омонимдік тұлғалардың сыртқы жақындығы арқылы жасалған ұйқас өлеңнің аяғына дейін жалғасып, Ой аясының біреу екенін анықтайды.
Өлеңнің негізгі мазмұны қақаған қыстың суығы мен аязын көз алдыңызға әкеледі. Ия, табиғаттағы қыс – адам баласына ортақ. Оны әр тілде де, әр халықта да ақындар суреттеді, жазды, тамсана жазды. Қыс көркін, қыс сиқырын әркім-ақ жазады. Абай қысының ерекшелігі неде? Сөзінің поэтикалық қуаты қайда?
Абай «Қысының» басты мазмұны қазақ аулының қысқы көрінісі. Қазақы дүниетаным, қазақы діл, қазақы тіршілік арқылы қыстың көркі сипатталып, Абай өлеңінің өзіндік болмысын қалыптастырған. Мәселенки, бұл Пушкин жазған «Зимний вечер», «Волшебница-зима» т.б. өлеңдеріндегі қыстың күніндегі суретке ұқсамайды, өзгеше. Пушкинде:
Буря мглою небо кроет, Вихри снежные крутя; То, как зверь, она завоет, То заплачет, как дитя. Выпьем, добрая подружка Бедной юности моей, Выпьем с горя; где же кружка? Сердцу будет веселей, - деп келсе, жарасады.
Өйткені мұнда орыс жаны, орыс өмірі, орыс тыныс-тіршілігі жатыр.
Ал Абайда:
Дем алысы - үскірік, аяз бен қар, Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып, Аязбенен қызарып ажарланды.
Кәрі құда – қыс, басында ұшпадай бөркі. Алты қанат ақ орда үйін теңселтетіндей бұрқ-сарқ еткен боран. Шидем мен тон киген малшы далада мал бағады, қар теуіп жайылатын жылқының өзі титықтады, даланың аш қасқыры малға шаба бастайды. Сондықтан малшылар малды қасқырға қор қылмай, осы қыста қайрат қылу керек. Бұл тек қазақ баласының көретін қысы. Бұл тек қазақ даласының қысы. Әрине, мұны өзге тілдерге аударып, осындай нақты түсінік қалыптастыру, дәл суреттеу мүмкін емес. Өйткені әр елдің салты басқа, әр халықтың түсінігі де, қабылдауы да ерекше. Құда мен қысты салыстыру, немесе қақаған қыста жылқы бағу дегенді қазақтан басқа кім түсінер?
Өлеңдегі поэтикалық семантика сөз мағыналары арқылы айқындалады. Біздіңше, Абай өлеңінің поэтикалық қуаты – сөз гармониясында. Сөздегі мағыналық үйлесімділік пен мән тұтастығы іштей қабысып, гармония құрайды. Сөз арқылы ұсынылған жарқын ой үйлесімділікпен жарқылдап, асылзаттана түседі. Мәтін арқылы берілген ақпарат санадағы әлем бейнесінің сұлу көрінісі ғана емес, концептуалды мәні де. Табиғат суретін шындыққа барынша жақындата суреттеу суреткерлік табыс.