Үзік сөз сөз алладан шықҚан бу (Шаһкәрім)


поэтикалық лебіз мазмұны мен мәні



бет59/69
Дата01.11.2023
өлшемі1,55 Mb.
#121245
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   69
Байланысты:
Абай поэтика

поэтикалық лебіз мазмұны мен мәні

Көркем шығарманың негізгі мақсаты тыңдаушыға әсер ету. «Мақсатым тіл ұстартып, өнер шашпақ» деп дана Абайдың өзі айтқандай, тыңдаушы немесе оқырман оқыған шығармасынан эстетикалық тағылым алып, адами идеалдарға ұмтылады, талаптанады, өмірінің мәніне айналдырады. Бұл бірден бола салатын құбылыс емес шығар, дей тұрғанмен, өмірінің мәнін, дүниенің сырын іздеп адам жаны білуге құмартқанда, санасына тамшыдай тамып әсер етіп, тіршілік болмысының әр қилы сыры мен сымбатын айқындай жеткізетін, жеткізіп қана қоймай сол арқылы тәрбиелейтін бұдан артық қандай адами құрал болмақ. Көркем шығарманың күші осы адами тәрбиенің бастауы болуында, бағыт беруінде, жол сілтеуінде, ойлануға шақыруында, болмыс сыры мен адамдар арасындағы қарым-қатынасты дұрыс ұғынуға көмектесінде деп білеміз.


Көркем шығарманың ішінде де поэзияның тілін зерттеу, зерделеу ерекше күрделі, өйткені поэзия, өлең - лебіздің ерекше түрі ғой. Әлемдік ғылымдағы Ф. Де Соссюр, Р. Якобсон, Л. Витгенштейн, С. Кацнельсон, Ю. Лотман сынды семиотик ғалымдардың зерттеулері негізінде «поэтикалық семантика» терім сөзі, «семиотика», «поэтикалық геременевтика» терім сөздерімен бірге үйлесім тауып, «мән» мен «мағына» теориясына айналды. Поэзияда предикацияның барлық түрі - белсенді, автордың қолданысында тек етістікті баяндауыш емес, есімді баяндауыштардың әр түрлі сипаты ұшырасады. Пропозициялық семантикалық мән алып есімді сөз тіркестері, күрделі құрылымды предикаттық тұлғалармен де келе алады, субъект - тема, предикат - рема сипатында екі құрамды сөйлем болып та жұмсалады.
Поэтикалық семантика туралы ғылыми пікір айту үшін:
• лебіз құрылымының концептуалдық мәні алуы мен санада бейнеленген «әлем бейнесінің» сөзде көріну мүмкіндігін;
• шығармадағы концептуалдық жүйені зерделеп, лебіздің себептілігін, уәжділігін анықтау қажет саналады.
Поэзия туралы М. Бахтин "только поэзии язык нужен весь… только в поэзии язык раскрывает все свои возможности, ибо требования к нему здесь максимальные, все стороны его напряжены до крайности, доходят до последних пределов, поэзия как бы выжимает все соки из языка, и язык здесь превосходит себя самого" –деп жазады [сілтеме: А.М. Кузнецовтан, «Покажи мне, как ты говоришь, и я скажу, кто ты». Dialogue. Carnival. Chronotope, 1996, № 2, 116-117-бет.]. Бұлай деуінің мәнісі, Бахтин ақынның өз сөзі алдындағы жауапкершілігінің жоғарылығын терең бағалап, «өзгенің эмоциялық дауысынан өзін тыңдау» деп өзіндік ерекше тұжырымдама (концепция) жасаған. Тек поэзияда ғана тіл өзінің ең таңдаулы шегін анықтап, ішкі мүмкіндіктерін таныта алатынын, жоғары деңгейде ақпарат беріп, терең мәнді белгілей алатынын М. Бахтин жақсы зерделейді. Поэзияны «құдай тілі», «абыздар тілі» деп бағалаған да Бахтин.
Тілді абстрактілі грамматикалық жүйе ретінде қабылдап, оны қазіргі оқулықтарымыздағы сияқты топтап, таптастырып, есімі мен етістігіне бөліп, атауыш сөздері мен көмекші сөздеріне ажыратып, жанында жүретін грамматикалық көрсеткіштері саналатын жалғаулары мен жұрнақтарын бөліп алып, оларды тағы да іштей жіктеп, сөз тіркестері мен күрделі сөздерді де бөлек бөліп, сөйлемді мүшелеп қойсақ, оның еш қуаты да, қасиеті де көрінбейді. Біздің оқулықтарымыздың кемшілігі де осында. Грамматист маман ретінде мен мұны жақсы білемін. Байқап қараңызшы, қазақ тілі оқулықтарында бөлуден, ажыратудан басқа біз не жасадық? Дыбыстарды бөлдік, оның ішінде дауыстыны алтыға, дауыссызды алдымен үшке, кейін тоғызға бөлдік; сөздерді тоғыз, кейін он сөз табына бөлдік, сөз тіркестерін беске, сөйлемді сөйлем мүшелеріне т.б. бөлдік, бөлдік, осылай жалғаса береді. Бұл құрылымдық грамматиканың жемісі. Керек пе? Керек. Оған сөз жоқ. Тілдік құрылымды жүйеледік. Қыздың жиған жүгіндей етіп, бөліп-бөліп жинадық, көз алдымызда тұр. Бірақ бұл грамматикалық құрылымда күш, қуат, сезім жоқ. Еш ақпарат бере алмайды. Ол сөйлемейді, сөйлей алмайды. Өйткені олар бөлек-бөлек тұр ғой. Осы жүйемен оқушыларды оқытып келе жатырмыз да, біздің балалар шешен сөйлемейді, олар лебізде мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді, тұрақты тіркесті қоспайды дейміз. Ал мақал-мәтел ше? Оларды да үйретеміз. Бірақ бөліп-бөліп, бөліп. Мақал-мәтелді жаттатамыз, мектепте, үйде, университетте. Бірақ сөйлете алмаймыз.
Бұл қате көзқарастың көрінісі ме?...
Неміс лингвисті Август Шлейхер (1821-1868) «тіл - тірі организм» деп атап, оны биологиялық құбылыстардың қатарына жатқызып, тіл ғылымын жаратылыс тану ғылымдарының қатарына қосты деп, оны сынадық, қате түсінік деп қабылдадық, сөйтіп тіл білімін қоғамдық ғылымдар қатарына қосып қойдық. Мәселе бұл жерде тіл ғылымының қай ғылым қатарына жатуында емес, (Оны Әл-Фараби бабам ғылымдар жүйесінде логиканың алдына бірінші орынға қойған, одан асып жүйе жасаған ғалым аз), мәселе СӨЗ-дің құрылыс ішінде қамалып оқытылуы мен оны он-он бес жыл оқып-біліп шыққан ұрпақтың сауатсыздығында, әдеби тілде көсіліп сөйлей алмағанында, сөйлете алмағанымызда.
НЕГЕ?
Себебі сөз өзінің басты қасиеті, күші саналатын ЛЕБІЗДЕН бөлініп қалды. Тілді құрылымдарға жіктеу арқылы, оны пропозициядан бөліп алдық. Яғни мағына арқылы берілетін МӘН ескерілмеді. Сөздің басты қызметі – лебізде ақпарат беру, ақпараттың ішкі мәнін түсіну десек, оларды бөліп, жіктеп емес, керісінше, сөздер мен сөзтұлғалардың басын қосып, лебіздегі МӘН-ін үйрету қажет еді. Қазіргі ағылшын тілі грамматикалық құрылымды оқытпай-ақ, яғни зат есім, етістікке, жалғау мен жұрнаққа бөлмей, ЛЕБІЗДЕГІ МӘН-ді оқытып, дүниенің бәріне таратылып отыр. Август Шлейхер айтқандай тірі тілді бөлмей, тірі тілді сол қалпында бағалай оқыту арқылы жетістікке жеткен.
А. Шлейхер ғылыми зерттеулерінде В. фон Гумбольдт тұжырымдамаларының негізінде салыстырмалы-тарихи әдісті тереңдетіп (кейін басқаша бағыт ұстағанымен), реконструкциялық әдісті жасап, компаративистиканың негізін қалаушылардың бірі болды. Тілді тірі организм ретінде бағалаудың әсерінен көптеген терім сөздерді биологиядан қабылдап енгізді. Мәселен қазіргі таңда жалпы тіл білімінде қолданылатын «организм», тіл – тірі организм, тілдер семьясы, тілдер туыстығы, тілдік бұтақтар, генеалогиялық тіл жүйесі, генеалогиялық шежіре (древо) сынды терімсөздер А. Шлейхердікі. Ғалым тілдің даму жолын, тілдік топтардың бөлінісінен, жіктелісінен деп есептеп, үндіеуропалық тілдердің бір ғана ататілден тарайтынына сенімді болған. Үнді еуропалық ататіл ұғымын бірінші рет нақтылаған ғалым да осы Шлейхер.
Тілдің жанды құбылыс екені қазіргі тіл ғылымында да жоққа шығарылған жоқ, ғылыми тұрғыдан мойындалған дүние. Тіл лебізде өмір сүреді, лебізде дамиды. Оның мағыналық дамуы, құбылуы, құлпыруы, сол арқылы эмоциялық-экспрессиялық, танымдық-тағлымдық мән иеленуі тек лебіз ішінде. Тіл лебіз арқылы ғана өмір сүреді. Күнделікті әлеуметтік өмірдегі қолданыс аясы кеңіген сайын ұлттық тіл нақты әлем бейнесін танытудағы маңызын шыңдап, жетіліп, әр сөздің мәні мен мағынасы арта түседі.
Әдеби тіл, сөйлеу тілі, жазба тіл деп бөлеміз, бұл да дұрыс! Өзіндік ерекшелігі бар, тұлғалық жағынан да, ұғымды таңбалап, ойды бейнелеу жағынан да, тілдік-грамматикалық және экспрессия-эмоциялық сипаты жағынан да бір-бірінен ерекшеленеді. Бұл бөлініс ойлау жүйесінің ерекшелігімен, астасып жатады. Тілдегі лексикологиялық, семантикалық, синтаксистік ерекшеліктер арқылы көрінетін мұндай жіктелістің орын алуы тілдің, лебіздің дамуымен, жоғары деңгейде әдеби тіл жасауға ұмтылысымен тығыз байланысты. Сөз қолданысындағы өзгерістердің өзі де ұшан-теңіз. Бір грамматикалық құрылымға, бір семантикалық жүйеге негізделген лебіздің өзінде сөйлеушінің білімі мен білігіне, мамандығына байланысты алуан түрлі өзгешеліктер болатыны анық. Мәселен, мамандығына сай қолданылатын термин сөздерді ескермегеннің өзінде, дәрігердің сөйлеу тілі мен адвокаттың сөйлеу тілінде, мұғалімнің сөзі мен жүргізушінің сөйлеуінде, ғалым мен кеңсе қызметкерінің сөйлеу тілінде де өзгешелік болады. Кәсібіне, мамандығына қарай сөйлеу тіліне енген ерекшеліктерді зерттеу үлкен ғылыми ізденісті қажет ететін өзекті тақырыптардың бірі.
Көркем әдебиет тілі өзінің логикалық, тілдік, көркемдік, танымдық, эстетикалық жағынан әлеуметтік топқа бөлінбейді. Ол сол тілді түсінетін, сол тілде сөйлейтін кез келген адамға ортақ тілде сөйлейді, бірдей ақпарат береді, бірақ өзі әртүрлі түсініледі. Екінші сөзбен айтар болсақ, авторлық интенция ортақ болғанымен, оның түсінігі, қабылдануы бірдей емес. Әртүрлі әлеуметтік топтардың сөйлеу тілі әртүрлі болғанындай, олардың қабылдауы да әр алуан. Сөз біреу, жазушы біреу, жазылған шығарма біреу, ал оның қабылдануы, түсінілуі әркімнің патша көңілінің түкпірінде жатқан таныммен, дәстүрмен сіңген ділмен, дінмен, білімімен, білігімен байланысты. Сондай-ақ, қазіргі таңдағы интернет желілеріндегі әлеуметтік желілердің тілі де лебіздің қасаңдануына әкелерінде дау жоқ. Айтылар сөзді бағаламау, «айтқан өз аузым» психологиясы лебізде жаргондарды, диалектілерді қолдандырып қана қоймай, сонымен бірге сөзді бұрыс қолдануға, қалай болса солай сөзді бұзып жұмсауға әкеледі.
Тіл табиғатынан әлеуметтік құбылыс болғандықтан, бұған бей-жай қарауға болмайды. Фейсбукке екі сөйлемді қате жазғаннан, немесе бір сөзді, мақалды, тұрақты тіркесті бұрыс қолданып қойдым деп, қазір ешкімнің де басы ауырып, қиналып жатқан жоқ. «Мен қате жазғаннан қазақ тілі бұзылып кетпейді» деген ой әр санада орын тепсе не болармыз. Сонда бәріміз де солай бұрыс жазып, бұрыс қолданыстарды тұрақтатып, тұрақты тіркестерді орынды-орынсыз қолданып, варваризмді күшейте берсек, тілдік қолданыс қайда барады? Дұрыс жазып, дұрыс сөйлейтіндерді сырттан іздейміз бе?
Әлеуметтік мәні бар кез келген ақпарат құралының лебізі, әлеуметтік желілерде жазылған ақпараттар, тіпті ол бірер ауыз пікір қосу үшін жазылған сөйлемнен тұрса да, кең ауқымды қамтитын қауымға арналғандықтан, өзіндік лебіздік құндылыққа ие. Ақпаратты тыңдаушы мен оқушының ниеті де, деңгейі де, білігі де әртүрлі болғандықтан, әркім одан өзінше пікір түйері анық. Сондықтан да әр замандағы сөйлеу тілінің деңгейіне де, жазба тілдің деңгейіне де сол тілде сөйлейтін әрбір адам жауапты болады.
Тіл - ұлттық құндылық болғанда, лебіз - әлеуметтік-идеологиялық нақтылық. Әр түрлі мінберден айтылған сөз де, әртүрлі ақпарат құралдарында жазылған не айтылған ақпарат та сол уақытта қолданылып тұрған тілдің жағдайынан, тілдік ахуалдан хабар береді. Сөйлеушінің немесе жазушының, ғалымның тілі сақау болса, сол уақытта қолданған тіл (лебіз) сақау деген сөз, немесе таза сөйлеп, сөз қолданысы дұрыс болса, сол уақыттағы сөйлеу не жазба тілдің деңгейі жоғары деген сөз. Тек аты белгілі үлкен ғалым немесе жазушы ғана тілдік ахуалды анықтап қоймайды, біздің кез келгеніміз тілдік ахуалды қалыптастыруға және оны дұрыс қолдануға қызмет етеміз және өз заманымыздағы сөздің құнын арттырып, мәнін келтіретін де Біз. Өйткені бәріміз жиналып «халық» атты ұлылықты құраймыз.
Біз күнделікті ақпараттарды жеткізетін, қуаныш-cүйінішімізді, жақсылықтарымызды бөлісетін лебіз - ана тіліміздің дамуының кепілі. Сондықтан оның дамуына әрбіріміз үлес қоссақ, сол мақұл. Әр қазақ баласы өзінің «Менін», үнін, пікірін, көзқарасын, тұжырымын сөзбен жеткізу арқылы Киелі сөздің мәнін ашып, экспрессиялық-эмоциялық бояуын қандыра түспек. Ақын-жазушы тілінде жасалған керемет метафоралар мен метонимия, айшықты сөз қолданыстары «біз» мақсатты қолданса ғана, орнығып, тұрақтап, нағыз халықтық қолданысқа ие болып, тілімізді дамытады. Олай болмаған күнде, сөз зергерлерінің кітабының ішінде ғана қалған сөз кестелерінен не пайда, ол жоққа тән. Осы күнге дейін сөздіктерді пайдаланып сөз үйренген қазақты көрген де, естіген де, оқыған да жоқпын. Шешен сөйлеуді үйрену үшін, сөздікті пайдаланып емес, жүйелі сөзді тыңдап, көркем сөзді оқып үйренер болар.
Лебіз - бейтарап құбылыс емес, онда кісінің сезімі, сенімі, күйініші, сүйініші жатыр. Әрі жазылған, тілдік таңбаға түскен мәтін де тыңдаушысын бейтарап қалдырмайды, оның қандай да бір эмоциясын (жақсы болсын, жаман болсын, жақтырсын, жақтырмасын) туғызады. Яғни айтылған немесе жазылған мәтін автордың ерекше бір интенциясын білдіру арқылы күрделі процеске айналады.
Ия, әдеби тіл мен ауызекі сөйлеу тілі бірдей емес, бір-бірінен үлкен айырмашылығы бар. Алайда оларды бір-бірінен бөліп тастауға да болмайды. Әдеби тіл өздігінен өмір сүре алмайды. Әдеби тіл ауызекі сөйлеу тілін және керісінше, ауызекі сөйлеу тілі әдеби тілді байытып, дамытып жатуы керек те, әдеби тілді жасалған терең сөз қолданыстары мен айшықты тіркестер ауызекі тілде қолданып, оны байытуы шарт. Әдеби тіл өзімен-өзі тұйықталмай, оқығанның санасына сәуле шашып, нұр құйып, кәсібі мен мамандығына қарамай, жалпы халыққа ортақ лебізде сыр шертеді. Қазақ дүниетанымында Өлеңнің өрісі кең, өресі биік. «Әу» демейтін қазақ жоқ, сондықтан өлең сөздегі өріс пен өре қазақ баласына тез түсініледі, жылдам тарайды, санамызға тез әсер етеді.
Абай өлеңдерінің поэтикалық табиғатын, поэтикалық семантикасын талдау үшін, ең алдымен, қазақ тіліндегі кейбір теориялық мәселелерге бас ауырту қажет. Мәселен, лебіздегі айтылымның сипаты мен тілдегі сөйлемнің басты ерекшеліктері мен олардың айырмашылықтары туралы мәселе.
Мәтіндегі сөйлем табиғаты күрделі. Жазба әдебиетте қалыптасқан сөйлем мен ауызекі сөйлеудегі айтылым арасында айырма бар. Бізге айтылым мен сөйлемнің ара-жігін ашып, олардың өзіндік ерекшеліктерін саралау да қажет. Қазіргі қазақ тіл біліміндегі сөйлемнің функционалдық ерекшеліктері ретінде қарастырылып жүрген бұл мәселе терең зерттелді деу ертерек. Қалай десек те, ХХ ғасырда жазылған Ы. Маманов, Р. Әмір, Ж. Жақып зерттеулерінде айтылған құнды пікірлер әлі де өз маңызын жойған жоқ, әрі, бұдан кейінгі жазылған зерттеулер де қазақ сөйлеу тілінің ішкі ерекшеліктерін кеңінен аша алмай жүргені шындық. Біз функционалды грамматиканың теориялық мәселелерін бүге-шігесіне дейін терең қарастыруды мақсат етпесек те, өлең мәтініндегі семантикалық ерекшеліктерді анықтау үшін, кейбір басты мәселелерді саралаған жөн. Ең алдымен, сөйлем – тілдік бөлшек, ал айтылым – лебізде анықталады. Сөйлемде де, айтылымда да белгілі ой таңбаланады. Айтылымдағы ойдың көрінісі қолданыста жұмсалатындықтан, әрі қызметтік сипаты басым болғандықтан, сөйлемнен мағынасы жағынан да, қызметі жағынан да, тұлғалық жағынан да, айтылудағы дауыс ырғағымен де ерекшеленеді. Сондықтан, тыңдаушының қабылдауында, түсінуінде, бағалауында өзгешелік бар.
Әдетте сөйлемге мынадай анықтама беріледі. «Сөйлем предикаттық қатынастың негізінде құрылған, мағыналық бірлікте жұмсалған, біршама аяқталған ойды білдіретін синтаксистік тұтастық. Сөйлемнің ең басты сипаты оның коммуникативтік (қатынас құралы) қызметімен айқындалады. Осыған орай да сөйлем адамдар арасында бір-бірімен қарым-қатынас жасауда грамматикалық категория ретінде айрықша қызмет атқарады». (Қазақ тілі. Энциклопедия, 1998. 365-бет ). Сөйлем біршама аяқталған ойды білдіреді, әрбір сөйлем аяқталғанда біршама тоқтап, келесі жалғас ойға ауысу үшін, пауза жасалады да, екінші сөйлемге ауысады. Сөйлемнің құрылысын немесе мағынасын грамматикалық талдау үшін, оның мәтінде тұруы міндетті болмайды. Мысалы: «Балалар жазғы демалысқа шықты» деген сөйлемді осы қалпында тұрып сөйлем мүшелеріне, сөйлемнің түріне, ондағы сөз тіркестерінің сипатына т.б. қарап анықтау, талдауға болады. Грамматикалық жағынан, мағыналық жағынан да аяқталған сөйлем болғандықтан, оған өзгеше түсінік беру қажет етілмейді.
Ал лебіздегі айтылымның түрі өзгеше. Бір ғана сөйлеммен лебіз жасалмайды. Кейде жағдайға байланысты айтылған сөзге сөзбен емес, әрекетпен не ишарамен жауап берілуі де ықтимал. Лебіздегі паузаның да грамматикалық көрсеткіші жоқ, нақты дауыс ырғағы, лебізді екпін арқылы анықталады. Сұрау немесе құптату мағынасында айтылған айтылымдарда толық мәндік қызмет атқаратын арнайы дауыс ырғағы қойылады. Мұндай қасиет грамматикалық сөйлемде болмайды. Грамматикалық сөйлемдерге жауап алу маңыздылығы болмайды да, айтылымда жауап алу, пікірін білу, әсіресе, маңызды. Тілдік бірлік ретіндегі сөйлемнің грамматикалық табиғаты, грамматикалық шегі мен грамматикалық аяқталуы болады. Лебіздегі айтылымның табиғаты бұдан ерекше. Кісінің эмоциясы сөздің әрбір дыбысталуынан айқындалып, ой көркі бұзылмай, мән нақты, анық көрінеді. Қазақтың «көз көрсе, жүз ұялады», «бетіне айту», «бетпе-бет айту», «көзіне айту» т.б. сияқты фразалық тіркестерінің мәні бар. Ақпаратты оқып алу бір басқа да, оны нақты тыңдау, есту бір басқа. Сырттай қарағанда екеуі де сөйлем сипатты болып көрінгенімен, олардың ғылыми негізі де, коммуникативтік мүмкіндігі де ерекше. Сөйлем тиянақты, орнықты, әр сөз тіркесі, әр сөйлем мүшесі өз орында, қалыптасқан грамматикалық жүйе мен стандартты сақтайды. Ал айтылымда ой бір сөзбен де, сөз тіркесімен де, толық сөйлеммен де берілуі ықтимал. Мұнда кісінің қимылы, дауысы қатысып, ақпаратты жеткізуде синкреттілік сипат алатындықтан да, негізгі МӘН түсінікті болуы үшін сөйлемнің грамматикалық құрылысы барлық уақытта толық әрі дәстүрлі қалыпты сақтай бермейді.
Синтаксистің негізгі грамматикалық бірлігі ретінде танылатын сөйлемнің біршама аяқталған ойды білдіруі белгілі уақыт ширегінде берілетін ақпараттың мазмұнын анықтайды. Сондай-ақ, жай сөйлем құрмалас сөйлем жасауға да қатысып, ондағы ақпараттың мәнін анықтайды. Жай сөйлемнің ерекше синтаксистік бірлік ретінде өзіндік грамматикалық ерекшелігі бар:
• жай сөйлемнің өзіне тән құрылымы бар;
• мағына береді;
• тұлғалық ерекше сипатты белгілері бар;
• өзіндік ерекше интонацияға ие;
• коммуникативтік міндет атқарады.
Лебіздегі айтылымның грамматикалық сөйлемнен айырмасы:
• айтылым контекстік жағдайға байланысты интонациямен берілген толық сөзтұлға да, одағай да, шылау да, модаль сөз де болуы ықтимал (Ия! Жоқ! Олай емес. Ал. Мә! Тыңда! т.б.);
• айтылым грамматикалық жағынан толық таңбаланбаса да, қандай тұлғамен келсе де, белгілі хабар береді;
• айтылым нақты коммуникативтік қызмет атқарады.
М. Бахтин былай деп жазады: «Родной язык - его словарный состав и грамматический строй - мы узнаем не из словарей и грамматик, а из конкретных высказываний, которые мы слышим и которые мы сами воспроизводим в живом речевом общении с окружающими нас людьми. Формы языка мы усваиваем только в формах высказываний и вместе с этими формами. Формы языка и типические формы высказываний, то есть речевые жанры, приходят в наш опыт и в наше сознание вместе и в тесной связи друг с другом. Научиться говорить - значит научиться строить высказывания (потому что говорим мы высказываниями, а не отдельными предложениями и, уж конечно, не отдельными словами)» [Проблема речевых жанров.// Бахтин М.М. Собр. соч. – М.: Русские словари, 1996. – Т.5: Работы 1940-1960 гг. – С.159-206.].
Біз поэзиядағы Мәнді, Мағынаны талдағанда, тілдің күрмеуі қиын қисындарына тоқталмай өте алмаймыз. Бүгінгі дамыған тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірінен саналатын мәтін семантикасының айтылмаған, анықталмаған жайттары баршылық. Әрі Абай данышпан:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет