Үзік сөз сөз алладан шықҚан бу (Шаһкәрім)



бет60/69
Дата01.11.2023
өлшемі1,55 Mb.
#121245
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   69
Байланысты:
Абай поэтика

«Өлең деген - әр сөздің ұнасымы,
Сөз қосарлық, орайлы жарасымы.
Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,
Оған кімнің ұнасар таласуы...» - деп көрсетсе, әр сөздің ұнасымын танып, түсініп, ұғып, бағалау үшін бүгінгі әлемдік тіл біліміндегі бағаланған, құнды қисындардың қиюын қашырмай пайдалана отырып, өз пікірімізді ұсыну, Абайдай ұлы туғызған ПАТША-СӨЗ-дің құндылықтарын ашып көрсету, поэзиясының семантикалық ерекшелігін, Сөздегі Мән мен мағынаны талдау қажет. Ресейлік және американдық ақын, Нобель сыйлығының лауреаты И. А. Бродский "...поэт всегда знает, что-то, что в просторечии именуется голосом Музы, есть на самом деле диктат языка; что не язык является его инструментом, а он средством языка к продолжению своего существования»- деп жазған екен [I, 15-16]. Бұл пайымдау бойынша, ақын сөздің шырмауында. Ақынға не жазу керектігін тіл нұсқап, айтып отырады. Өлеңді бастау алдында қалай және немен бітерін ақынның өзі де біле алмайды, кейде ол ақынның өзі ойлағаннан да терең, мәнді шығуы да мүмкін. Өлең сананың таңбалық көрінісін дәріптеуші ғана емес, ол ойлаудағы, болмысты түйсінудегі алынған ақпараттарды жылдам жеткізуші де.
Көптеген зерттеуші ғалымдар И. Бродскийдің 1981 француз ғалымы Анни Эпельбаумға берген интервьюіндегі мынадай пікірге сілтеме жасайды: «Когда мы хвалим того или иного поэта, мы всегда совершаем ошибку, потому что хвалить надо не поэта, а язык. Язык не средство поэзии; наоборот, поэт – средство или инструмент языка, потому что язык уже существовал до нас, до этого поэта, до этой поэзии и т.д. Язык – это самостоятельная величина, самостоятельное явление, самостоятельный феномен, который живет и развивается ( ... ). Язык - это важнее, чем Бог, важнее, чем природа, важнее, чем бы то ни было иное ... » [А. Красильщиков. Одиночество в толпе. Читая И. Бродского. 30 октября 2013 г.]. Жақсы айтылған пікір. Тіл - киелі. Тіл – Алланың сыйы. Тіл – тұнып тұрған гармония. Адам - тілді қолданушы, сақтаушы, дамытушы, бірақ жасаушы емес. Сондықтан да адам қолымен жасалған заттардан, өнімдерден СӨЗ - ЕРЕК, БӨЛЕК, ТҰНЫҚ, ТЕРЕҢ, ҚҰНДЫ, БАҒАЛЫ. Шындап келгенде, кісінің өмірін жалғастырушы да, қай мағынасында алсаңыз да - тіл. «Ғалымның хаты өлмейді, ақынның аты өлмейді» деген ертеден келе жатқан қазақы түсінік те осылай демейтін бе еді. Ал поэзияның қасиеті киелі тілдегі лексикалық бірліктер санатын сөздер мен грамматикалық тұлғаларды құрап, логикалық-когниция негізінде сөйлетіп, қайта жасақтап, мәнерін келтіріп, маңызын арттырып, жарқыратып, жайнатып, бейнелеп, көңіл көкжиегінде шалқыған әуенмен лебізге айналдырып, қайтадан «шекпен» кигізіп, халық рухын МУЗА етіп өзіне қайтарады.
Абай-суреткер өз өлеңдерінде қазақ тіршілігінің шын болмысын айқын да, ашық, суреттейді.
«Жазғытұры» мен «Қыс» өлеңдері.
Қайта-қайта оқимын. Өлеңді табиғат лирикасына жатқызған оқымыстылардың зерттеулерін де көп қарағанмын. Өлеңнің тартымдылығы ерекше пафосында емес, жаз болмысын қарапайым сипаттауымен көз алдыма келтіргенінде ме деп пайымдадым. Жазғы жайлау мен қыстың қақаған боранын көрген кісі өлеңді жайбарақат оқымасы анық. Ақын өз ойын тілдік бірліктердің мағынасы арқылы таңбалап, табиғаттың болмысын тыңдап, бір сәт жан-жағыңа байыптап көз жіберуге шақырады. Өлеңді оқып болып, айналадағы болып жатқан үндестікті сезінуге талаптанасың, ойланасың. Ата-анадай елжіреген күн жерге ғашық, жерді сүйді, жер түрленді де гүлденді. Адамзат тіршілігі де жазға алмасып, жайылып, жазылып жүре берді. Қалғаны сол тіршіліктің әр алуан көрінісі: жыл құсы келді, жайраңдасып құрбысымен сырласқан жас, өз тұрғысымен жалбаңдасқан кемпір-шал, түйенің боздауы, қойдың қоздауы, егіннің салынуы, қырда торғайдың, сайда бұлбұлдың сайрауы .. т.т. Жердегі тіршілік біткеннің негізгі тірегі ретінде алынатын КҮН, Күннен нәр алған жер. Өлеңнің басы Күннен басталып, күнмен аяқталады. Бұлай талдау менің қазақ зерттеулеріндегі оқығанымнан тоқығаным еді.
Ал ақынның поэтикалық семантикасы ...
Өлеңнің мәні сөз мағыналары арқылы беріліп, ұшқыр ойдың самғауын қажет ететіні өзінен-өзі түсінікті. Әрине, ақын өз мақсатын тілдік бірліктер арқылы таңбалап, сөз жүйесін келтіре, тұжырым жасады. Осы өлеңдегі ойды өлеңмен емес, қара сөз түрінде, прозаға салып жазып байқап көріңізші. Ритмді бұзып, рифмді алып тастап, өлеңдегі ұйқасты бұзып көріңіз. Жалпы ойды прозамен беруге болады, әрине. Бірақ, онда поэтикалық әуен естілмейді, онда эмоция болмайды.
Неге?
Өйткені поэзиямен берілетін ақпаратты прозамен, не керісінше, проза арқылы таңбаланатын ойды поэзиямен бере алмайсыз. Поэзияның артықшылығы да, ерекшелігі де осында жатса керек. Поэзия мәні де, прозадан айырмасы да – оның сұлу да сырлы рухында. Ал поэтикалық құрылымы жағынан басты айырмасы, әрине, оның тұлғасында. Поэзияның тұлғасы – ерекше өрілген өрнектей, ұйқас пен ритмге құрылады, әрі осы өрнекке сұлулық пен сыр тұнады. Поэзияның тұлғалануымен терең мәнді ой ақтарылады. Яғни, өлеңдегі маңызды аспектілер:
• қолданылған сөздердің мағыналық құрылымы;
• сөз мағынасы арқылы шығатын мән;
• өлеңдегі ритм;
• өлең ұйқасы;
• өлең композициясы;
• дыбыстық сипаты.
Біздің міндетіміз поэтикалық лебіздің мазмұны мен мәнін саралау. Жоғарыда келтірілген «Жазғытұры» өлеңінің құрамында келген етістіктерді санамалап байқалық. Бұл арқылы ақын сөз қолданысының байлығын аңғаруға болар еді: қалмайды, құлпырар, анталаса, елжірер, енеді, жайраңдасып, күлер, тұрғандай, жалбаңдасар, араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып, қуған, босап, сыбырласып, сырласып, мауқын басып, боздап, қоздап, майысып қарағанда, сыбдыр қағып, бұлаңдап, ағады, жағалай, мамырлап, іздеп, жүгіріп, зырлатып тастағанда, етіп ілінер, қатарлап байлаған, бұраңдап жабысып, қылады, киінер, берер, сайраса, қосар, жамырап, жыртып, егер, болып, көбейіп, өнер (өну етістігі арқылы), безендіріп, иіп емізгенде, төнер, жіберіп, жан берген, сенер, семірер, көбейер, өсіп, көтерілер, жадырап, енер, тамашалап қарасаң, балқып, ериді, іздеп, шулар, мазатсып, қуанып, аунап-қунап, айтып, кісімсінер, жарқылдамай, таң атқан соң, шығарын, біліп, салар, қашар, бола алмас, сағынысты, қырындай жүргенде, қожаңдап, келді, қысты, беріп, қуанар, елеріп, сілке тастап, шырай беріп, көксеп, қосылыспай, тойғаннан, толықсып, түрленер, тіктеп көре алмас, сүйіп, жылып тұрады, кіргенін көрді – 100 сөз!!!
100 етістік!!!
Ішінде дара етістік те, күрделі етістік те бар.
Бір өлеңде бір-бірін қайталамайтын 100 етістік қолданған. Әр сөз өз орнында, мәтіндегі Мәнді анықтауда ерекше семасымен ажарлана түсіп, бүтіндікке қызмет етеді. Қимылды білдіретін атаулардың бұлайша жиі қолдануы авторлық интенциямен тікелей байланысты. Табиғат-болмыстың басты қасиеті – қозғалыс. Абай осы қозғалыс пен әрекетті шешен тілмен суреттеген. Көз алдымызға сурет келеді. Бірақ бояма емес, нақты табиғаттың өзі. Бояма емес деуіміздің мәнісі – мәтінде кездесетін сын есім (көк, қара) бірен-саран ғана, «масатыдай», «ата-анадай» сияқты бірнеше теңеуді де ұшырата аласыз. Өзге әшекей сөздерді де кездестірмейсіз, бірақ өлең КЛАССИКА!
Неге?
Себебі?
Өйткені табиғаттың өзі Алланың жаратқан сұлулығы. Одан артық сұлулықты адам баласы қолымен жасамақ емес. Абайдың қарапайымдылығы мен ұлылығы сол – ол әлем болмысын сол қалпында кестелі сөзбен өрнектегені. Ештеңені әсірелемей, «әсемпаз» болмай, өнерпаз болған. Нағыз суреткер табиғатты өз қалпында өзгеріссіз, авторлық интенциямен беру арқылы өзінің хас шеберлігін де танытқан. Өлеңдегі етістіктің көп кездесуінің мәнісі – табиғи көріністі өзінің ішкі қозғалысында бұзбай көрсету, шын сұлулықты асырып айту емес, өйткені ол мүмкін емес, өз бояуымен, өзінің қозғалыстағы әрекетін таныту арқылы беру. Авторлық кредо «әсемпаздық» емес, өнерпаздық.
Поэтикалық лебіз логикалық терең байланысқа құрылған. Күн мен жердің махаббаты өлеңнің негізгі композициялық жүйесін де, логикалық мәнін де айқындайды. Тіршіліктің негізі – осылар. Ал қалғаны осы ұлы махаббат нәтижесінде, соның себебінен туындайтын салдарлар. «Жан-жануар, адамзат анталаса, Ата-анадай елжірер күннің көзі». Бұл сурет емес, бұл әлеми болмысты тану. Күн адамзат баласына ортақ, күннің елжіреуі де Адамзат баласының пейілінен! Пейілінен, таңдауынан. Адамзат баласы пейілі түзу болса, күн ата-анадай елжірер. «Елжірер» сөзінің грамматикалық семантикасы мен лексикалық мағынасына көңіл бөлейік. Автор мұнда «елжірейді, елжіреп тұр, елжіреп кетті» деген сияқты осы шақ немесе жедел өткен шақ формаларын қолданбайды, «елжіре» етістігіне – р (-ар, -ер) есімше тұлғасын жалғау арқылы келер шақтық мән үстеп, мүмкіндік семасын үстейді. Яғни «елжірер» семасында келер шақтық, мүмкіндік мағына бар, өйткені бұл адамзаттың өзінің пейіліне, ниетіне, «анталай қарауына» байланысты.
Бүгінгі жазғытұры осындай Күннің елжіреген сәті. Жер масатыдай құлпырып, «қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» жатыр. Достық пейіл, оң көзқарас, түзу ой – жаз жайлауға шығып, қауымдасқан қазақ баласының таңдауы. Шаруа жасап, мал бағып, егін егіп, тіршілік нәпәхасын жасап жатыр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет