Өлсе өлер табиғат, адам өлмес, Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес. “Мені” мен “менікінің” айрылғанын “Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес. Мәтіндегі басты поэтикалық қасиет сөздің өзіндік өрнегінде ме, болмаса сөзбен көріктелген ойда ма? Көрікті ойды кестелемесе, сөздің көркі енбейді, сөздің міндеті де қызметі де түзу ойды бұзбай, бар болмысымен ойлаудың әртүрлі даму кезеңіндегі сәтін бейнелеуінде. Мәтіндегі ой бір кезеңдегі ғана оқырманға арналмайды, болмыстың әр сырына үңілдіріп, әр уақыттағы оқушысын ойландыруға қызмет ете береді. «Жан» мен «тән» сөздерін ақын қолданбай, ол ұғымды «мені» мен «менікі» есімдіктерінің астына жасыра жұмсау арқылы, ойын жұмбақтай түседі, астарлай береді.
Өлмес адамның сипатын екінші өлең жолдарында анықтала түспек:
Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып, аяғын көп шалдырған. Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған? Дүниеге бой алдырып, аяғын шалдырғандар мұндай «сыйдан» құр қалмақ. Артыңда өлмейтұғын сөз қалдыруға СЕН ұмтылыс жасадың ба? Талаптанып байқадың ба? «Өлмеу» үшін артыңда айта жүрер сөз қалдыру керек дейді ұлы данышпан. Халықтық діл «ақынның аты, ғалымның хаты өлмейді» демес пе еді?! Абай ұлттық дүниетанымды осылайша жалғастыра дамыта отырып, «терең ойдың телміріп соңына еруге» шақырады. Мұндай ірі өлшемдегі, үлкен кеңістіктегі мәдени болмыс ұлттық рухани қасиеттің негізі арқылы уәжделіп, жас өркенді жаңа өрге жетелейді.
Көркем мәтіндегі поэтикалық МӘН – кісінің рухани болмысының сыры. Ол қайда? ОЛ - фәни тірлікте «дүниеге ынтық, махшарға амалсыз» болып қалмаудың жайын ойлану. Мәтіннің синтагматикалық тіркесімдігі мен парадигматикалық қыры мәтіндегі оймен іштей қабысып, сәйкесіп жатады. Бірінші шумақ пен төртінші шумақтың ұйқасы жақын, ойлау ортақ. Мұнда түйінді ой мен тұжырымды пікір бар. Адам баласының тіршілік болмысының аксиомасы сынды. Сондықтан да, болар етістік түбіріне есімшенің болымсыз түрі -мас, -мес тұлғасы жалғану арқылы, алдағы уақытта орындалар істің болу-болмауына болжал жасай, орындалу-орындалмауына күдік келтіріле айтылатын келер шақтың болжалды түрі арқылы предикаттық тұлға жасалады. Екінші шумақ -ған өткен шақ тұлғасымен беріледі де, әрекеттің өткен шақта орындалғанын айқындап, өткен күнгі белгіге ойша ой сүріндіреді. Үшінші шумақтағы предикат -й көсемше тұлғасымен берілген пікірде нақты әрекет үндеседі. Сөйтіп, әрбір сөз ғана емес, әрбір грамматикалық тұлғаның таңбалануында болмыс пен әрекет жымдасып, үн қосады, гармониялық үндестік табады да, ақын терең ойының кемеліне «телміруге» шақырады. Мәтін ішіндегі синтагматикалық қатынас пен парадигматикалық қатынас іштей үндестік тауып, өзекмәнге қызмет етеді де, ақын ойының нұрлана жетуіне барынша үн қосады. Ойдағы гармония сөзбен іштей үндестік тауып, жұптаса біріккенде, ақынның ойлау панорамасы тыңдаушы жүрегіне жетіп, оның бойындағы, ойындағы жақсылық сезімдерді түрткілеп, оятып, бейжайлықтан алып шығады. Тыңдаушы ойын, бойын түзеп, ойланады. Өз «МЕН»-ін бағалайды. Мәтін бар, мәтінде поэтикалық ой бар, эстетикалық талғам мен тағылым бар. Мәтін сыртындағы шындық өмірдегі қабылдау мен бағалау да осымен қатар жүреді. Ол қалың елі қазағының оқығаны, тоқығаны, түйгені ... талаптанатын, ұмтылатын биігі, айтатын сөзі, ақылы, мақалы, нақылы. Бұл поэзияның мәтін сыртына шығып, өмірмен қоян-қолтық араласуы, халықпен ортақ тіл табысуы, эстетикалық-танымдық қызметі дер едік.
Халықтық игілікті барынша шығармашылықпен қолдана отырып, байытып, өзі сусындаған ұлттық сөздің сырын танытып, одан шың басындағы шынарға да нәр беріп, шыңырауда жатқан мөлдірін де толықтырып, тамсантып, тамылжытып, сөзді түзу оймен көріктендіріп, көркейтіп, ойлы сөзбен надандау жатқан момын елінің көңіліне от салып, жүрегіне иман үйіріп, сезімін серпілтіп, табиғатпен үйлесімділікке шақырып, рухани кеңістігін кеңейтіп, Патша СӨЗБЕН қазақтың ғасырлар бойы жасап келген рухани қазынасын әлемдік мәдениет деңгейіне сәйкестендіріп, қайта толықтырып, қатарынан кем болмау үшін, Сөзін өзінен «артылтып», бүтін бітім болуға, оның нақты да тура жолын көрсетіп, құндылықтың құдіретін танытып, БҮТІНДІККЕ жеткізіп, өзі де даралыққа жеткен АБАЙ СӨЗІ БҰЛ. Сондықтан Абай поэтикасы рухани ұлттық құндылық, мәңгілік. Мен Абай поэтикасынан узуалды сөз қолданысын іздеп, метафорасын іздеп, метонимияны тауып тамсанбаймын. Мен Абай поэтикасының ішінен ұлы ОЙ толқынын таптым, ұлық ойлардың көшін көрдім, имандылықтың дара жолын таныдым, санама сәуле құйылды. Тілдік бірліктердің ерекше қолданысын іздемедім, тілдік бірліктер арқылы берілген көшелі ойдың көкжиегін көрдім де, соны пайымдауға талаптандым. Сұлулық сөзбен өрілген сөзде емес, сөзбен өрілген ішкі мәнде, ойлантқан, ойландырған ішкі өзегіндегі ойда деп есептедім. Абай поэзиясының стилистикалық өзгешелігі тілдік бірліктердің ішкі семантикалық және грамматикалық мағыналарының ұйымдаса, үйлесім тауып, Бүтіндікке қызмет етуі. Тілдегі ішкі табиғи жүйелілік Абай өлеңдерінде өзінің болмысымен қайта табысып, өзінің гармониялық үйлесімділігімен ойды таңбалау қызметіне кіріседі де, оны тиянақты орындайды, сондықтан боямашылыққа орын қалмай, жүйелілік пен бүтіндік мазмұнды анықтап, басты мақсатқа жұмылады. Әр өлең Мәнге негізделіп, ұжымдаса сол мәнді анықтап, талдап, айқындап, уәждеп, Гармониялық үйлесімге жеткізеді. Сөз мағынасы мазмұндағы ойды тиянақтайды. Мазмұн Мәнге қызмет етеді.
Мағына мен мәннің үйлесімділігі тілдік деңгейдің барлық түрінен көрініс береді. Мән адам баласының рухани тірлігінің ең маңызды сұрақтарына жауап беруге арналғаны өлең түсінігінің кеңдігін көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге оны әр түрлі аспектіден зерделеу мүмкіндіктерін де байқатады. Мәтін контекстінде берілетін қосымша мағыналар сөз семантикасын байытып, астарын арттырып, мазмұндық бояуын қалыңдата түседі де, танымдық, экспрессиялы сипатын ерекше байытып, тыңдаушы назарын өз «меніне» аудартады. Өлең оқылған соң-ақ, әркім өз ойымен өзі болады, өзінің «мені» мен «менікін» таразылай бастайды да, фәни тірліктегі «мінін» тауып, таразылауға ұмтылып, ақылға келіп, «терең ойға» жетеді. Санасына сәуле құйылған жан жетуі тиіс.
Поэтикалық мәтіннің айтары мол, төрт шумаққа сыйған салмағы тым ауыр да салмақты ой бар. Ойлана алар кісі болса болды. Әр сөздің көтерер жүгі ерекше сом, бәрі өзекмәннің мәнін ашушы фактор ретінде қызмет еткендіктен де бір сөзді алмастыру, ауыстыру мүмкін болмайды.
НЕГЕ?
Өйткені, өлең - БҮТІН.
Өлең - жүйелі.
Өлеңдегі жүйені анықтайтын – МӘН.
Ал МӘН сөзбен түзілген. Тізілген сөз жүйесі мән негізінде түзіліп, ішкі өзекмәнге қызмет етеді.
Өлеңді қабылдау бар да, түсіну бар, ондағы айтылған негізгі ойды ғылыми салмақтау бар. Бәрі де субъективті. Біз талдап отырған мәтіндегі авторлық ойдың мәні сөз мағыналарымен көмкеріліп, негізгі ой соған жасырылғандай. Өлеңнің негізінде жатқан өзек ойдың өзі өмірдің мәнін саралауға арналған, сондықтан да болар, мәтіннің ақпараттық-коммуникативтік қызметі күрделеніп, тыңдаушы (оқырман) мен мәтін арасындағы байланыс жалпы адамзаттық мәдени ақпараттармен астасып, әркімнің патша көңілінің тереңдігі мен дүниетанымының деңгейімен байланысты түсініледі. Оқушының дәстүрлі дала мәдениетін бойына сіңіруі, рухани деңгейі, әлемдік руханиятпен толысуы – бәрі өлеңді қабылдауда, түсінуде сынға түсетіндей. Абайдың тыңдаушысы (оқушысы) өлеңді оқи отырып, өседі, толысады, байиды, өйткені өлеңді оқу барысындағы эстетикалық, танымдық коммуникация үдерісінде ол өзіне қатысты ақпаратты өз деңгейінде алады, мұнда, әрине, авторлық түсінік пен оқушының қабылдауы, түсінуі әртүрлі болуы да ықтимал. Оқырман үшін Абайды ұғу, Абай өлеңіндегі өзекмәннің түбін көздеп, тереңіне бойлау күрделі шығармашылықтың өзі дер едік. Әлемді тану, әлем туралы білім мен көзқарастарды тоғыстыру, сол арқылы өзіндік тұжырым жасау, дәстүрлі мәдениетті меңгеруді талап етеді.
Поэтикалық мәтін оқырманның білімі мен білігін көтереді, сондықтан, мәтіннің толық қабылдануы үшін оның денотаттық, сигнификаттық, эмотивтік мағыналарын талдап қана қоймай, сонымен бірге эстетикалық мағыналық құрылымын айқындап, парадигмалық ерекшелігін, сөзжасамдық сипатын, авторлық экспрессия мен ассоциативтік құрылымын да талдау орынды болмақ. Нәтижесінде сөздің тұлғалық және мағыналық ерекшеліктері нақтыланып, мәтіннің коммуникативтік және когнитивтік құрылымы санада салтанат құрады. «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңіне зер салалық: