Үзік сөз сөз алладан шықҚан бу (Шаһкәрім)



бет66/69
Дата01.11.2023
өлшемі1,55 Mb.
#121245
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   69
Байланысты:
Абай поэтика

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.


Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?


Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де,түбін көзде,
Сонан тапқан - шын асыл тастай көрме.
Өлеңдегі эстетикалық ақпарат автордың коммуникативтік ниетінің қатпарында жасырынып, оқушыны өзінің көркемдік-эстетикалық әлеміне қарай жақындатады. Мәтін бұйрық райдың екінші тұлғасы арқылы беріліп, оқушыға тікелей арналады, сондықтан қабылдауға оңай, әрі әсері - ерен. Ақын тыңдаушысымен сөйлесіп, сырласып отыр, оның жанашыры да, ақылшысы да өзі. Субъектінің санасында жатқан жүрек сырларымен бірге бөлісіп, оның қажетін дәл табатындай, жүрегіне керек сөзді атап басып, дәл айтады. Сыртқы кісінің сені өтірік мақтап, ішіне қулық сақтауын тап басып, сырлас ақын сырыңды сыртқа шашпай, еңбегің мен ақылыңа сен деп кеңес береді. Бұл өлеңге прагматикалық күш береді, әсерлі етеді. Ақын өзінің танымдық-эстетикалық әлемін таныта отырып, соған оқушысын тартады, баулиды. Ішіне қулық сақтаған қуға сенсең не болатынын тағы да алдыңа жайып салады:
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Мұндай зияткерлік тәсіл ғылыми әдебиеттерде жақсы қарастырылған. Мәселен, А.А. Потебня мен оның мектебі зерделеген ғылыми әдебиеттерде көркем мәтіннің оқырманға эстетикалық әсерінің негізгі екі түрлі тәсілі көрсетіледі: зияткерлік және формалдық тәсіл. Зияткерлік тәсіл оқырман санасына ықпал ететін когнитивтік үдерістермен қатар қарастырылады да, формалдық тәсіл көркем шығармадағы формаға ерекше маңыз беріп, көркем шығармадағы форма бұзылса, онда оның эстетикалық әсеріне де нұқсан келеді, өйткені көркемдік сөздің мәнімен не мағынамен емес, тек сөздің сыртқы формасымен тікелей байланысты деп есептейді. Әрине мұндай пікір кейін ғылыми тұрғыдан дамытылды, жетілдірілді, сондықтан оған талдау жасаудан аулақпыз. Қалай болғанда да, Абай поэзиясында осы зияткерлік тәсіл басым екеніне көз жеткізу оңай. Ақындық поэтикалық бейне гармониялы дамудың биігінен бой көрсетіп, танымдық тағылым беруден жалықпайды.
Өлең мәтінінде «өз» есімдігі төрт рет ұшырасады: Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе, Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып. Үш шумақта төрт рет қолданған бұл сөздің әр қолданысында өзіндік мән бар. Адам баласының «өзі дегенде өгіз қара күші бар» екені әмбеге аян. Өзгеге өтірік айтуы мүмкін, бірақ өзіне-өзі өтірік айта алар ма? Өзін-өзі алдар ма? Өзіне-өзі сенгеннен өкінген жан бар ма? Ақынның «өз» сөзін қайталай қолданудағы мақсаты да осы сөздің прагматикалық әсерін пайдалану болса керек. Осылайша ақындық поэтикалық бейне оқырман санасына ауыса алмасып, танымдық мүмкіндіктер үндесе байланысып, «өз» есімдігі өзінің әсерімен баурайды. Сөйтіп, зияткерлік талдау мен эмоциялық қиял бір-бірімен тығыз байланыса келе, эстетикалық әсерленуді туғызады. Әркім өз «жүрегінің түбін көздеп, содан шын асылды» іздеуге ұмтылады. Шынында да, мен өзім кімге сеніп жүрмін, өзіме ме әлде өзгеге ме? Өзімнің ақылым мен еңбегіме сенсем не етер деп ойға қалары даусыз, оқырманның. Ақын өз оқырманын ойға бөлеп, сезіміне сенім сәулесін ұялатып, жүрегіне нұр құяды. Эстетикалық әсерлену деген де осы емес пе?!
Дүниенің үнемі қатар жүретін қиыны мен жеңілін де ақын бір-біріне оппозициялық салыстырумен көрсетіп, одан шығар жолдың төтесін танытады:
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме, -
Мұндағы, қызық әрі тапқыр қолданысқа назар аударалық: «қайғы» мен «қызық» сөздері екі қарама-қарсы концепті таңбалап, оппозициялық қатар түзеді де, шарттылық мәнмен (-се) жалғасып келіп, екеуінде де предикаттық мәнде болымсыздық мағыналы тұлға қолданылады. Яки, автор ойы «қайғыны» да, «қызықты» да «қызықтап» кетуге болмайтынын, әр нәрсенің өлшемі мен шегі болатынын ескертеді. Көркем шығарманың әсері осындай көркемдік тәсілдер арқылы өріліп, ақын ойының астарын тереңірек түсінуге шақырады. Мәтінді эстетикалық қабылдау сөздің, сөзтұлғаның грамматикалық тұлғалары арқылы айқындалып, сезімге әсер етудің көркемдік жолын көрсетеді. Демек, өлең бізге өзінің әр алуан мәндік сыңарларымен сипатталатын синкретикалық көпқырлы жүйесін ашып көрсетеді, мұнда лебіздің объектісі (денотат), авторлық интенция, коммуникативтік фон айқын көрініс берген. Өлеңде белгілі әрекет немесе зат, жеке адам туралы әңгіме айтылмайды, алайда, әркімнің санасында өзінің «ӨЗІ» тұрады да, өзінен есеп сұрайтындай, автор ойында жасалған идеалды бейнеге «ӨЗІ» сәйкес келе ме, мұны өзі бағалауы қажет. Яки, менің өзім «сенгіштікпен әуре» болып, құмарпаз боп мақтанды қуып, жұртпен бірге өзімді қоса алдасып, салпылдап сағым қуып» жүрген жоқпын ба? – деп сұрайтын деңгейге көтеріледі. Оқырман осындай ойға жетіп ойланғанда, автор мақсаты да орындалмақ, бәлки.
Бұйрық райдың екінші тұлғасы арқылы берілген ақпараттың күші оқырманның шығармашылықпен ойлануын арттырып, жаңа түзу ойларға, жаңа нақты жақсы әрекеттерге жетелейді. Абайға тән генеритивтілік – ақын идиостилінің ерекшелігі ретінде тағы да анық көрінеді.
Эстетикалық бағалылық сыртқы формалық үндестік пен ішкі мағыналық келісімнің шынайы үйлесімінен тұрса керек. Өлеңдегі айтылатын НЕГІЗГІ МӘН, сыртқы ұйқас пен ритм, сөздердің семантикалық үйлесімділігі – барлығы гармониялық бірлікті қамтамасыз етеді. Суреткерлік дегеніміз осы. Өлеңдегі эстетикалық талғам пен талап та осыған келіп саяды.
Әрине, поэтикалық қызмет сөздің ең басты қызметі болмаса да, орталық мәнді қызметінің бірі екені анық. Әсіресе, қазақ мәдениетінде, қазақи діл мен дүниетанымда поэтикалық қызметтің атқарар ролі мен маңызы тым ерекше. Өмірі өлеңмен, поэзиямен біте қайнасқан, жан дүниесіндегі барлық шуағы мен көлеңкелі тұстарын өлең жолдарына сыйғызатын қазақ болмысы үшін Сөз Патшасының рөлі мен маңызы тым ерекше сияқты болып көрінеді маған. Сыр айтса да, жыр айтса да, қыр көрсетсе де, назданса да, дат айтса өлең-сөз қазақ баласының басты қаруы. Болған. Ия, мұндай сөздерді өткен шақта айту шындыққа жанасымды болар. Өйткені, сөздің поэтикалық қызметін ерекше бағалау, Сөзге сену, Сөзді қабылдау, Cөзден қорқу – кеңестік кезең әдебиетінде де, көзқарасында да ескіліктің сарқыншағы, кешегінің діни сандырағы ретінде танылғаны белгілі. Сол санаға сіңген шын сандырақтардан арыла алмай келе жатқан бүгінгі ұрпақта қазақ тіліне жатырқай қарау психологиясы басым да, оны қаланың емес, ауылдың тілі, бизнестің емес, «біз»дің (етікшінің бізі) тілі, болашақтың емес, өткен шақтық тіл ретінде тосырқау бар. Алайда, бұл тосырқау кеңестік кезеңнің шаңын жұтқан ұрпақтарға ғана тән. Ал тәуелсіздік таңымен нұрланған жастар, тәуелсіздік туы астында өмірге келген жастар, шетелді көріп, шет жердегілердің ана тілін қалай бағалайтынын көріп-біліп келген, көріп көкірек көзі ашылған жастар ондай кеңестік құлдық шаңын жұтпады, олардың ділі де, тілі де таза! Сондықтан нағыз болашақ солардың қолында болғандықтан, бүгінде Патша сөздің қасиеті, киесі туралы айтып, сөзді бағалау, қадіріне жету, сөзге сену, сөздің киесін түйсіну сынды ұлық мәселелерді алға қою өзекті де өмірлік мәселе деп бағалаймыз және соған сенеміз де.
Қазақ өлеңінің сыры – ішкі мәнінде де, сыртқы сымбатында да. Біз осыған сенімдіміз. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» мәні мен «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» делінетін сыртқы сымбаты болса керек деп түсіндік Абай данышпанның талабын. Сөзді тауып қолдану, сөзді тауып айту, ойдың нақты сипатын таңбалау үшін, мәнді анықтайтын мағыналы сөзді табу, сөзді дұрыс құрап, лебізді дұрыс ұйымдастыра білу – өнер. Өлең-өнердің «талант» атты Алладан берілетін сый-нұрмен байланыстырылуы да тегін болмаса керек.
Абай шығармаларына поэтикалық семантикалық талдау жасау, оның өлеңдерінің ғылыми-теориялық қисындарының негізділігін көрсетеді, яғни «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» екенін, елдің түзу жолға түсіп, түзу ойлап, бүгінінің есебі мен ертеңінің жақсылығы өз таңдауымен байланысты анықталатынын, бұл дүниенің бар мүмкіндігі білімге ұмтылу, ғылым үйрену, жүректе иман болуы екенін өз оқырманына барынша нақты да анық жеткізуі. Өлеңдердегі семантикалық үлгі барынша нақты, мүмкіндігінше айқын, айтары анық, тасыған өзендей күшті, әр сөз өзінің негізгі мағынасында жұмсалып, өзекмәндегі мәнді анық таңбалайды. Әр өлең жеке алғанда бір бүтін, жалпы алғанда барлығы бір негізгі семантикалық үлгіде қызмет етіп, ұлық бір идея төңірегінде сыр айтады. Тіпті өз уақытындағы белгілі жағдайға байланысты нақты әрекет пен өмірде болған кісіге қатысты шыққан өлеңдерінің өзінде осы семантикалық үлгі сақталып, бүтіндіктен ажырамайды. Мәтінішілік сөздердің мағыналары статикалық қалпын сақтап қатып қалмайды, динамикалық үдерісте жаңарып, контекстегі оймен біріге жымдасып, өзінің мағыналық құрылымындағы нақтылықты сақтай Мәнге қызмет етеді.
Абай өлеңдерінің поэтикалық семантикасы тек мәтінішілік синтагматикалық ерекшеліктерімен емес, сондай-ақ, парадигматикалық мәндік бейнелілігімен де ерекше көрінеді. Жақсылық пен жамандықты, асыл мен жасықты, адамдық пен надандықты қатар қойып салыстыру арқылы ой өрбіту, аксиологиялық қарама-қарсы коннатацияны туғызады да, оқырман алдына таңдау құқығын қояды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   61   62   63   64   65   66   67   68   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет