ӘӨЖ 94(575+574) : 39 Қолжазба құқығында


Қазақ репатриациясының себептері мен салдары



бет11/18
Дата06.01.2022
өлшемі0,63 Mb.
#13038
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18
1.2 Қазақ репатриациясының себептері мен салдары
Кеңестік тарихи танымдағы идеологиялық ұстанымға орай шындығы ашылмақ түгіл, тыйым салынған, зерттелуі құпталмаған тақырыптың бірі - қазақтардың елден сыртқа кетуге мәжбүр болғандығы мен олардың Қазақстанға қайта оралу тарихы.

ХVІІІ ғ. ортасынан бастап қазіргі күнге дейінгі көші-қон тауқыметін басынан өткізген қазақ халқының шетелдегі қауымының қалыптасуы, кеңес дәуірі мен тәуелсіздік алғаннан кейін ата-мекеніне оралуы және қазіргі дамуы тарихы саралануы қажет. Қазақ тарихын тәуелсіздікке дейін және егемендік алғаннан кейін деп бөлетін болсақ, онда тәуелсіздік алғанға дейінгі отандық тарихи ғылымда шетелдегі қазақ қауымының қалыптасуы мен дамуы тарихын жазу мүмкін болмады. Кеңестік дәуірде бұл тақырыпты зерттеу - КСРО-дағы ұлттардың «гүлдене дамуына көлеңке түсірер» еді [34]. Шындығына келгенде қазақтарды өздерінің туған жерінен сыртқа қарай үдере қашуына мәжбүр еткен жағдайларды (мысалы, ХХ ғасырдағы ашаршылық) ашу кеңестік саясаттың тұтастай ұлттың тағдырына деген аяусыздығын көрсетер еді. Коммунистік тоталитарлық идеология үстемдік құрып тұрған кезде шетелдердегі қазақ диаспорасын құраған қандастарымыз өзге елдің азаматтары деп есептелгендіктен, тағдыры мен тарихы мемлекеттің де ғалымдардың да назарынан тыс қалып келді. Қазақ диаспорасы тақырыбын ғылыми тұрғыдан зерттемегенін айтпағанда бұл атау ХХ ғ. 90 жж. дейін ғылыми әдебиеттер мен баспасөз беттерінен орын тапқан жоқ [35].

Тәуелсіздік жылдары қазақстандық тарих ғылымы «ақтаңдақтар» беттерді қайта қарап, көптеген тарихи оқиғаларға шынайы шындық тұрғысынан жаңаша қорытынды жасауда бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Соның ішінде, қазақтардың шетелге үдере көшуі, шетелдегі қазақ қауымының қалыптасуы, олардың қайта оралуы мен қазақстандық өмірге бейімделуі мен сіңуі тарихы зерттелуде, бірқатар тұжырымдар да жасалды [36].

Елден тысқары аумақтарда қазақ қауымының қалыптасу тарихын жоңғарлардың 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен ұлттық трагедия ретінде ел жадында мәнгілікке сақталып қалған, қазақ халқын өте ауыр күйзеліске ұшыратқан шабуылымен байланыстырылады. Осы шабуылдың нәтижесінде ойраттар Ташкент, Түркістан, Сайрам қалаларын басып алды, ауылдарды және бірқаншалаған Орта жүз бен Ұлы жүз руларын қырғындады [37]. Ендігі жерде тұқымымен құрып кетпеу үшін қазақтар көше бастады, өздеріне жақынырақ маңдағы басқа Орталық Азиядағы халықтар арасына бытырап кетіп, Ортазиялық хандықтары жерлеріне барып қоныстанды. Осылайша Орта Азия жерлеріндегі қалыптасуы жоңғар шапқыншылығымен байланысты болды» [38: 94.].

Орталық Азиядағы қазақ диаспорасы жоңғар соғысы салдарынан ашаршылықты басынан өткізген Орта жүздің бір бөлігі Бұхараға көшіп, Бұхара хандығы қол астына өтсе, ал кіші жүздің бір тобы Хиуаға көшкендігі белгілі. Өзбекстанның Бұхара, Науай, Қашқадария, Қарақалпақстан автономиялы облыстарына кіші жүз қазақтары шоғырланған. Мұнда негізінен Әлімұлы, Байұлы рулары, жеті рудың: Табын, Тама, Рамадан, Жағалбайлы т.б. рулары кездеседі. Өзбекстандағы кіші жүз қазақтарын ХVІ ғасырдағы Тәуекел ханның Ташкент, Түркістан, Самарқандты басып алған ұрпақтарымен байланыстырамыз.

Бүгінгі қазақ жадындағы Күлтөбенің басында күнде жиын деген сөз Ханабад ордасы жанында, Ангрен өзенінің жағасындағы Күлтөбе деген жерде қазақ халқының заң шығарушы билерінің жыл сайын күзде бірлі-жарым айға бас қосатынынан қалған. Өзбекстанда қазақтың қыпшақ руы да көптеп кездеседі. Бұл жөнінде ғалым К.Ш. Шаниязов: «Қыпшақтар ХVІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ даласынан Мавереннахр мен Хорезмге қоныс аударып, жергілікті халықтардың (өзбек), тағы бір тобы Сырдарияның орта ағысы бойында қалып, қазақ халқының құрамына енген»,-деп көрсетеді [39: 16, 81]. Сонымен бірге олардың кейбір тобы бұл өңірге келуін 1932-1933 жж. ашаршылық жылдармен байланыстырады.

Кезiнде «кеңестiк тазалау», «бай-кулактарды тазалау» деген желеумен жүрген кеңестiк саясаттың салдарынан қуғыншылыққа ұшырап, шекара асқан қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкiлдерiнің де 1950-жж. қайта оралуға мүмкіндігі туды. Олардың шекарадан өткендiгi туралы белгiсi бар-жоқтығына қарамастан, тууы туралы куәлiгiн алып кеткендердi сол құжат негiзінде, ал, құжаты жоқтарды тiлегi бойынша «кеңес азаматы» деген тiзiмге тiркедi [40]. Сонымен бiрге, КСРО-дан бармағанымен КСРО-ға, Қазақстанға кетемiн дегендерге де мөрi басылған Кеңес Одағы азаматының паспортын берген. Тiптi, паспорттарды қоржынға салып жүрiп, кез-келген жерде үгiтке ерген адамдарға үлестіріп, «кеңес азаматы» ретінде тiзiмге алған оқиғалар да кездескен. Осылайша, Қытай жерінде «кеңес азаматтары» деген контингент пайда болды. 1954 ж. КСРО мен Қытай арасында жасалынған 10 жылдық келісім-шарт «кеңес азаматтарының» КСРО-ға қайтуына жол ашты [41].

Олар заңды түрде 1955 ж. жаппай Қазақстанға қайта бастады. Кітапта «кеңес азаматтарының» оралуы, орналасуы, бейімделуі, қиындықтары мен

тәжірбиесі қарастырылды. Тарихи әдебиеттерде 1950-1960-жж. Қытайдан қайта оралған қазақтардың саны туралы мәліметтер әр түрлі. Репатрианттардың саны туралы қазақстандық, шетелдік тарихшылардың пікірлері де әр басқа. Сондықтан, бұл мәселеге орай қазақстандық пікір айтылды: 1954-1963 жж. Қытайдан 268371 репатриант қайта оралды, олардың, 1849 отбасысы (8984 адам) басқа республикаға жiберiлді Қазақстанға барлығы 259, 4 мың репатриант келді деп есептейміз [42].

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда бұрын болмаған жаңа доминанттар: босқындар, шетелдік жұмысшылар, еңбек көші-қоны, cондай-ақ, шетелден келген оралмандар пайда болғандығы қарастырылады. Соның ішінде ХХ ғ. соңғы онжылдығынан, Қазақстанның тәуелсіз мемлекетке айналуынан кейін қазақтар елге қайта орала бастады. Бұл Елбасының бастауымен мемлекеттік маңыз берген әділетті шара. Осы бөлімнің «Көші-қон саясаты мен оның құқықтық-нормативтік негіздері»тарауы бойынша «Көші-қон саясатының мәні мен басымдықтары» параграфы даярланды.

1991-2012 жж. мемлекеттің көші-қон үрдісінің заңды негізде реттеуге бағытталған нормативтік-құқықтық актілерге сүйене отырып саралайтын болсақ, оның алғашқы кезеңін 1991-1997 жылдар аралығы қамтиды; екінші кезеңі 1997-2007 жж.; үшінші кезеңі 2007 жылдан қазіргі кезеңге дейін деп бөліп қарастыруға болады. Дегенмен қоғамдағы өзгерістерге орай, нормативтік-құқықтық актілердің осал тұстары да байқалып жатты, атап айтқанда: мемлекеттік миграциялық саясаттың негізгі бағыттарының механизмі мен орындалу барысы ашық көрсетілмеді; көшіп келуші этникалық қазақтарға белгіленген қажетті құжаттар тізбесін жинақтау бірқатар қиынтық туғызды; миграциялық заңдарға түсіндірменің болмауы және жергілікті атқарушы органдардың оларды қолдануда қателіктерге жол беру жайттары тәжірибеде көрініс тапты. Бесіншіден, қазақ деген ұлт шаруашылық, ахуал тұрмыс, жан дүниесі басқаға ұқсай бермейтін өзіндік ерекшелігі бар этнос бірлігі деп тұжырымдалды. Қазаққа әрқашан, қайда жүрседе ерекше бір сипат беріп, оны көптеген ұлт елдерінен оқшаулап тұрған және ұлттық ахуал тұрмысынан жан дүниесінің ерекшеліктерінің қалыптасуына тұлға болып келген ұлы күш-көшпенді мал шаруашылығы. Ұлттықтың негізгі белгісі - ұлттың рухани өмірі.

Шетелдердегі диаспоралар, бөгде ұлт арасында өмір сүріп отырған этностардың аш жалаңаштықтан тозғындап жүргені көрінбейді. Тозғындаған тобы тек ғана рухани өмірінде азып-тозып отыр. Ұлттың рухани өмірінің негізгі тірегі оның дінімен тілі, өнер мәдениетімен салт дәстүрі. Рухына сызат түссе ұлттың ұлт жүзінде әлсірей бастағаны сол. Мұндай тағдырды Кеңес империясы тұсында ата жұрттағы дүйім қазақ басынан кешірді. Бірақ бүгінгі дербес Қазақстан үшін ол қауіптің алды алынды, қазақ өз шаңырағы, өз рухына өзі ие бола бастады. Ресей, Қытай, Моңғолия және басқадай елдерде өмір сүріп жатқан қазақтар үшін бұл қауіптің бұлты қалыңдай түспесе еш сейілген жоқ [43].

Бүгінде қазақ диаспорасының кезек күттірмес мәселелері анықталды. Мысалы, Моңғолиядағы қазақтардың рухани жағдайына келсек ойландыратын мәселелер көп-ақ. Әрине қанша дегенмен Баян-өлгийде қазақы рухани орта бар. Бірақ 30 мыңға жуық қазақ Баян-өлгийден тысқары моңғолдық ортада өмір сүріп отыр. Сөйте тұра Қобда аймағындағы қазақ тілінде білім беретін екі орта мектептен өзге қазақша білім беретін ешбір оқу орыны жоқ. Орталық Моңғолдағы қазақтар қазақ өнері, қазақ баспасөзінен тіптен тысқары жатыр. Қазақстан теле, радио хабарын былай қойғанда Баян-

өлгийде қазақ тілінде күніне 1 сағат уақыт эфирге шығатын радио хабарды тыңдауға техникалық мүмкіндігі жоқ. Қазақстан баспасөзі, қазақ тіліндегі кітаптар жете бермейді. Ол үшін Моңғолия үкіметін кіналауға болмайды. Өйткені бүгінгі Моңғолияда 30 мың қазақты қойып, теледидарды моңғол тілінде ауылға жеткізуге экономикалық мүмкіндігі жоқ.

Моңғолия инфраструктура жағынан бүгінгі өмірде бірден бір артта қалған елдердің бірі. Енді Моңғолиядағы қазақтардың тіл жайына келейік. Моңғолияның жағрафиялық, экономикалық, адам ресурсы және басқадай жағдайларына байланысты онда қазақ тілінің моңғолға бейімдеу процессі біршама баяу жүріліп келді. Бірақ Моңғолиядағы қазақтардың тілі ғылыми-техникалық және саяси реформациядан өткен жоқ. Сондықтан ата жұрттағы немесе қазақтың қара шаңырағындағы іргелі қазақ тілімен салыстырғанда тілдік қоры аз, сөйлем құру, айтылым (говор) жағынан белгілі ерекшеліктері бар және жергілікті іргелі әдеби тіл қалыптаспағанын ашып айтқан жөн. Бүгін бұл жайды ашықтан ашық мойындап ізденіс, талпыныс жасамаса қара шаңырақта қазақ тілінің аруағы артқан сайын шет елдердегі қазақтардың тілімен мәдениеті сүреңсіздікке ұшырауы мүмкін деп ескертеді ғалым. Жетіншіден, қазіргі кезеңдегі қазақтардың репатриациясы оралмандардың қайта оралуы, бейімделуі, орналасуы мен қоғамдық еңбекке тартылуы, олардың құқықтық мәртебесінің анықталуы мен сол мәртебеге ие болуы мен оны пайдалануында кездесетін ақаулар бұл процесті жүзеге асыру тетіктерінің әлі де толық шешілмегендігінен хабар береді деп қорытамыз [44]. Мысалы, шетелде жүрген қандастарымыздың елге оралуымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған Көші-қон комитеті мен ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде құрылған дәл осындай департамент айналысады. Бірақ, қазіргі таңда шетелдегі отандастар мәселесі аталған екі министрліктегі қос комитеттің нақты қайсысының құзырында екені белгісіз.

Қазақстан шет елдердегі қазақтар тұратын аймақтармен экономикалық, әлеуметтік, инвестициялық, мәдени тікелей байланысқа шығуы керек. Шетелдік қазақтар Қазақстанмен жан-жақты мәдени байланысты қалыпқа келтіруді қалайды. Қазақстанның газет баспалары, оқу құралдары, басқадай кітаптар қазақ тұратын аймақтарда еркін айналымға түсуі керек. Бұл мүмкіндікті заңдастыру қажеттілігі анық. Шет елдердегі қазақ жастарын оқытуға бейімделген университет, институт ашу, діни және басқадай рухани орталықтардың ара байланысын нығайту қажет. Дүние өркениетінің үлкен бір құбылысы, тіл мәдениетінің айнымас бөлегі - қазақ мәдениетін, қазақтардың тағдырын әркімнің өз басына тапсырып тастауға біздің қақымыз жоқ. Әр жерде жүрген қазақтар өз басын және тілін, мәдениетін қорғай білу, ал ата жұртымыз мұндағы Қазақ үкіметі дүниедегі қазақтың қорғаушысы, қамқоршысы бола білсе сонда ғана біз «Қазақ» деген құбылыстың мәңгі жасауына мүмкіндік тудыра аламыз.

Тақырыпқа қатысты тарих ғылымында жинақталған білім негізінде Қазақстандағы негізгі титулды ұлт қазақтардың дамуындағы келесі, негізгі тұжырымның бірі - кеңес дәуірінде өз туған жерінде азшылыққа айналған қазақ ұлты тек тәуелсіздік жағдайында басым көпшілікке айналды: 2009 ж. Ұлттық санақта 10 миллионнан асып, республика халқының құрамындағы үлесі 63,1%-ға жетсе, 2013 ж. 1 сәуірдегі мәлімет бойынша 11058 мың деп есептелініп, үлесі 65,2% болды [45]. Қазақстан Республикасы халқының 2013 ж. 1 сәуірдегі нақтыланған саны 16967 мың адам болды. Халықтың этностық құрамы төмендегідей: қазақтар 11058 мың ( 65,2%), орыстар 3698 мың (21,8%), өзбектер 511 мың (3%), украиндер 306 мың (1,8%), ұйғырлар 243 мың (1,4%), татарлар 203 мың (1,2%), немістер 182 мың (1,1% ) және басқа ұлт өкілдері 766 мың (4,5%) адам. Қорыта айтқанда, қазақтың өсіп-өнуінің басты қайнар көзі: табиғи өсім мен шетелдердегі қазақ диаспорасы. Тәуелсіздік жылдары 1 миллионнан аса отандастарымыздың Қазақстанға қайта оралғаны ұлтымыздың санын көбейтуге қосылған үлес болса, сырттағы қазақ егемен елдің төл ұлтын көбейте беретін ірі қайнар бұлақ болып қала бермек. Шетелдегі қазақ диаспорасы мен Қазақстандағы қазақтар біртұтас қазақ ұлтының негізі мен болашағы.

Жаңа заманда қазақ халқының қалыптасу үрдісі Ресей, Қытай, Моңғолия мен Ауғанстанның және Орта Азия мемлекеттерінің аумақтарында одан әрі жалғаса берді. Егер олардың бір бөлігі ол жерлерде ежелгі замандардан тұрып келген болса, енді бір бөлігі жерін күштеп тартып алу, ұлт-азаттық көтерілістерге қатысқаны үшін қуғын-сургінге ушырау және басқа саяси, әлеуметтік-экономикалық себептердің салдарынан сол елдерге барып қоныстануға мәжбүр болды.

Жаңа заманда қазақ халқының бір бөлігі өздерінің тарихи отанынан тыс жерлерде тұрып жатты. Олар бір бөлігі ирредента, ал екінші бөлігі диаспора саналды. Ирредента деп өздерінің ежелгі атамекенінде дәстүрлі өмір сүріп отырған біртұтас халықтың бір бөлігін айтады [46]. Алайда өкінішке қарай, қазақтардың бірқатар жерлері шекаралардың өзгеруі, отаршыл басқыншылық сияқты оқиғалардың салдарынан басқа мемлекеттің құрамында болып шықты. Ал диаспоралар халықтың бір елден екінші елге лажсыз қоныс аударып, өзге халықпен бірге тұруы болып табылады.

Қазақтардың Қазақстаннан тыс жерлерге лажсыздан қоныс аударуы ХІХ-XX ғасырлар шебінде жиі орын алды. Ол кезде қазақ даласын Ресейдің еуропалық бөлігінен қоныс аударып келген шаруалар арқылы отарлау жаппай жүріп жатты. Қазақтардың ең жақсы, құнарлы да шұрайлы жерлерін күшпен тартып алу жалғаса берді. Міне, мұндай жағдайда қазақтардың өздерінің ежелден отырған, дәстүрлі көшіп-қонып жүрген жерлерін лажсыздан тастап, қайдағы бір құнарсыз, сусыз жерлерге қоныс аударудан өзге амалы қалмады.

Көптеген ұлт-азаттық көтерілістері аяусыз басып-жанышталғаннан кейін қазақтар басқа мемлекеттердің аумағына көшіп кетуге мәжбүр болды. Мәселен, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен соң 300 мыңға тарта қазақ Қазақстан аумағын тастап Қытайға көшіп кетті.

Қазақтар Ресей империясымен шекаралас аймақтарда сонау ерте замандардан бері, Ресей отаршылдығы басталудан көп бұрын көшіп-қонып жүрген болатын. Кіші жүз қазақтары Еділ мен Жайық өзендерінің аралығын сонау XV-XVII ғасырларда-ақ емін-еркін жайлап, көшіп-қонып жүрді. XVIII ғасырда қазақтардың едәуір бөлігінің Оңтүстік Оралда башқұрттармен аралас көшіп-қонып жүргені де белгілі. Башқұрттар мен қазақтар көп жағдайда ауылы аралас, қойы қоралас бірге көшіпқонып, жайылымды бірге пайдаланып келді. Қазақтар мен башқұрттардың төскейде малы, төсекте басы қосылып, құда-жекжат болып туысып кеткен тұстары да аз емес. Олар жиын-тойлар мен үлкен астарда ат жарысын, балуан күресін ұйымдастырып, талай қызықты күндерді бірге өткізген болатын.

XVIII ғасырдың 30-40-жылдарында Орынбор өлкесіндегі шекара шебінде әскери бекіністер салу үрдісі қызу қарқын алғанын білеміз. Қазақ халқы өздерінің бұрыннан отырған ата қоныс жерлерінен кең-байтақ даланың ішкі жағына қарай бірте-бірте ығыстырыла түсті. XVIII ғасырдың 30-80-жылдары арасында қазақтар Жайықтың оң жағалауындағы өздерінің дәстүрлі мал жайылымдарын қайтарып алу үшін талай рет әрекет жасап та көрді. Бірақ одан еш нәтиже шығара алған жоқ. Ұзақ жылдар бойы күш-жігер жұмсай отырып, 1782 жылы «сенімді» деген көшпелі Кіші жүз қазақтарының бір бөліп ғана қыс кезінде уақытша көшіп барып, бұрынғы жерлерін қыстап шығуға рұқсат алды [47].

1801 жылы Кіші жүз қазақтарының бір бөлігіне Жайықтың он жағалауында қайта көшіп баруға ресми түрде рұқсат берілді. Мұнын өзі Ішкі Орданың (Бөкей хандығының) құрылуына алып келді.

1810-1822 және 1835 жылдары патша үкіметі Жаңаелек және Жаңашекара шебі аудандарын Кіші жүз қазақтарының пайдалануынан тартып алды. Сөйтіп қазақтар 4 миллион десятинаға жуық ен құнарлы жерінен айырылып қалды. Кейін ол аудандар Орынбор губерниясының құрамына өтіп кетті.

1897 жылғы Жалпыресейлік халық санағының деректері бойынша Астрахан губерниясында - 42,6 мың, Самара губерниясында - 7,4 мың, Орынбор губерниясында - 3,9 мың қазақ тұрған болатын. Астрахан губерниясына қарасты Ішкі Ордадағы қазақтардың саны 207,3 мыңға жетті. Қазақтардың аздаған бөлігі Пермь, Уфа, Саратов сияқты басқа бірқатар губернияларда қоныстанды.

Қазақтар Батыс Сібірдің оңтүстік аумағында ежелден көшіп-конып жүрді. XV ғасыр мен XVII ғасырдың бас кезінде бұл аймақты қазақтардың қыпшақ, жалайыр, арғын, керей және уақ сияқты тайпалық бірлестіктері мекендеді. Оларды Батыс Сібірдің оңтүстік жағындағы аймақтан XVII-XVIII ғасырларда көшпелі жоңғарлар (ойраттар) бірте-бірте ығыстырып шығарған болатын.

1752-1755 жылдары Орта жүздің солтүстік аймақтарының жерлерінде Жаңашекара ауданы күрылды. Соның салдарынан қазақтардың солтүстіктегі шекарасы оңтүстікке қарай 200 шақырымдай жылжытылды. Ол жерлердегі қазақтар күшпен көшірілді. Қайта-қайта үздіксіз өтініш жасаудың нәтижесінде 1771 жылы Орта жүз қазақтары Тобыл және Томск губернияларымен шекаралас аймақтарға уақытша көшіп-қонуға рұқсат алды. Соның өзінде тек «ерекше сенімді», «шын пейілдерімен берілген» қазақтар ғана аманат беру және жерге жалақы төлеу арқылы орналаса алды.

Патшаның 1788 және 1789 жылдары шыққан жарлықтары бойынша Ертіс бойындағы қазақтардың бір бөлігіне өзеннің оң жақ бетінде «мәңгі көшіп-қонып жүруге» рұқсат етілді. Сібір шекара шебінің ішкі жағындағы бос жатқан жерлерді пайдалану мүмкіндігі туды. Қазақтарға алдын ала бірнеше шарт қойылатыны ескертілді: біріншіден, қазақтардың көші-қоны қазыналық елді мекендерге 40 шақырымнан жақындамауы тиіс, екіншіден, олар шекара шебінен асып, 30 шақырым ұзап кетпеуі керек.

Томск және Тобыл губернияларының аумағында көшіп-қонып жүрген қазақтарға 1880 жылы Құлынды даласынан көлемі бір миллионға жуық десятина келетін қосымша жер бөлінді. Қазақтар ол үшін орыс шаруалары сияқты мемлекетке жылына 6 сомнан салық төлеп тұруға міндетті болды.

1911 жылғы есеп бойынша, Томск губерниясында 29 мың, Тобыл губерниясында 9 мың қазақ тұрған. Қазақтардың шағын бір бөлігі Иркутск, Забайкалье және Якут облыстарында да тұрды. Олардың едәуір басым бөлігі мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысты. Бірқатары орыс шаруалары мен қазақтардың жалдамалы қызметкері және бақташысы болып жұмыс істеді.

Ресейде туып-өскен, белгілі қоғам қайраткерлері дәрежесіне дейін көтерілген қазақ азаматтарының қатарына Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгеров, Асылбек, Мұсылманбек және Мұратбек Сейітовтер, Әміре Исин, Мұқан Әйтпенов және басқалары болды.

Қытайдағы қазақ диаспорасының қалыптасуы XVII ғасыр мен XVIII ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ-жоңғар соғысына тікелей байланысты болды [48]. Жоңғарлардың басқыншылық шабуылы барысында қазақтар Жетісу, Тарбағатай аймақтарындағы шұрайлы жайылымдарының едәуір бөлігінен айырылып қалды. Мұның өзі ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының бұрыннан дәстүрлі қалыптасқан көші-қон бағыттарының бұзылуына соқтырды.

Қытай-жоңғар және қазақ-жоңғар соғыстарының барысында Жоңғар мемлекеті тарих сахнасынан кетті. Қазақтар өздерінің байырғы дәстүрлі мал жайылымы жерлерін қайтарып алуға тырысты. Бірақ жоңғарлардың көзін жойған негізгі жеңімпаз ретінде қытай үкіметі қазақтардың ондай талабын қабыл алмады. Жоңғар хандығының орнына Қытайда Синьцзянь атты аймақ құрылды. Онда бекініс-қамал түріндегі қалалар салына бастады.

Абылай хан бастаған қазақ билеушілері Қытай өкімет билігі орындарымен бірнеше рет келіссөздер жүргізіп, қазақтардың ежелгі жерлерін қайтарып беру мәселесін қайта-қайта қозғаумен болды. Сонымен бірге қазақтар жаңа аумақтық құрылымның жеріне өз беттерімен қоныстануын да тоқтатпады. Ақырында Қытай өкімет билігі орындары 1767 жылы қазақтардың Синьцзяньға көшіп, қоныс аударуына рұқсат етті. Бірақ оның есесіне қазақтар ондағы жайылымды пайдаланғаны үшін ақы төлеуге тиісті болды. Төлемақының мөлшері әр түліктің 100 басына жылына бір малдан беріп тұру болып келісілді.

XIX ғасырдың аяқ кезінде Қытайда 100 мыңға жуық қазақ тұрды. Бұдан кейінгі жылдардағы халықтың қоныс аудару үрдісі барысында ондағы қазақтардың саны арта түсті. Қазақтардың Қытай шекарасына үдере қоныс аударуының басты себебі патша үкіметінің жергілікті халықтың қолындағы құнарлы жерлерін тартып алуы болды. Сонымен 1911 жылы Қытайдағы қазақтардың жалпы саны 225 мыңға дейін жетті. Ресейден Қытайға 1911 жылға дейін өткен қазақтардың барлығы да 1914 жылы Қытайдың қол астына өтіп, Қытай азаматтығын алды. Өзгелері ел аумағынан күштеп шығарылды. 1916 жылғы ұлтазаттық көтеріліс кезінде патша үкіметінің қудалауына төзе алмаған 300 мыңға жуық қазақ Қытайға өтіп кетті.

Қытайдағы қазақтар мал шаруашылығымен айналысты. Соңғы кезде Шыңжаң қазақтары шекара маңындағы қазақ-орыс саудасын Дамытуда маңызды рөл атқарды [49].

Моңғолияның батыс бөлігінде тұратын қазақтардың негізгі тобын абақ керейлер құрады. Абақтардың басым көпшілігі бұл елге XIX ғасырдың 60-70-жылдары Қытайдан келген болатын. Оларды бастап келгендер Қожамжар, Самырхан сұлтандар мен Көбеш Айтбайұлы, Жылқышы, Ақтайұлы сияқты рубасылары еді.

Қоныс аударып келудің негізгі себептері Қытайдағы 1850-1864 жылдары тайпиндердің (шаруалардың) және 1862-1878 жылдары дүнгендердің көтеріліс жасауы болды. Көтерілістің негізгі себебі жер тапшылығына байланысты еді. Қытай үкіметі бұл мәселені шешу үшін «жаңа жерлерді игеру» саясатына көшті, Шыңжанда жер иеленуші дүнгендер мен қытайлар қаптап кетті. Мұның өзі ондағы қазақтарға қиын тиді. Малдарына жайылым қалмаған қазақтар Моңғолияға қоныс аударуға мәжбүр болды.

Олар жаңа қонысында да мал шаруашылығымен айналысты. Бірақ жалға алып пайдаланған жайылымдары үшін монғолдарға ақы төлеп тұрды. XX ғасырдың бас кезінде Моңғолиядағы қазақтардың жалпы саны 12 мыңға жуықтады. Моңғолиядағы белгілі қазақ азаматтары Көбеш батыр (1802-1888), Жуанған би, Сугірбай би, Тілеубай молда және басқалар болды.

Қазақтар Каспий сыртын ежелгі заманнан бері мекендеп келген еді. Олар Түрікменстанға Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістері аяусыз басылғаннан кейін барған болатын. Жазалаушы отрядтардың қаһарынан тек сонда ғана құтыла алатын. Мәселен, 1869-1870 жылдары Кіші жүз қазақтарының бір бөлігі Түрікмен жеріне ауып кетті. 1897 жылғы халық санағы бойынша, Түрікменстанда тұратын қазақтардың саны 73 мыңға жуық болды. Түрікмениядағы қазақтар көшпелі мал шаруашылығымен айналысты.

Қазақтар Орта Азия мемлекеттерінің аумағында ерте замандардан бері тұрып келген болатын. Олар әсіресе Ташкенттің, Жызақтың және Ходженттің төңірегінде көп қоныстанған еді. 1820 жылы Ресей саяхатшысы әрі зерттеуші Е. Мейсндорф Бұхар хандығындағы қазақтар туралы былай деп жазды: «Біз қырғыздарды Бұхараның солтүстік-шығысындағы Қаршы, солтүстігіндегі қарақалпақтармен шектесетін Мианкала маңында көп көрдік».

Қазақтардың бірқатар бөлігі бұл жаққа патша үкіметінің әскерлері Оңтүстік Қазақстанды Ресей империясына қосып алғаннан кейін қоныс аударған болатын [50]. Олар Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлының және Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістерге қатысып, қуғын көрген, жерінен айрылып қалған қазақтар еді.

Қазақтар Ауғанстанда XIX ғасырдың 40-жылдарыңда пайда болды. Ондағы қазақтардың алғашқы тобын Кенесары хан мен Наурызбай батырдың жасақтары құраған еді. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліске ұшырағаннан кейін, қазақ сарбаздарының бірқатары патша үкіметі жазалаушы отрядының қуғын-сүргінінен құтылу үшін Ауғанстанға асып кетті. Кейінірек оларға патша үкіметінің отаршылдық баясатына наразы қазақтардың тобы барып қосылды. Сөйтіп XX ғасырдың бас кезінде Ауғанстандағы қазақтардың саны 2 мындай болды. Сонымен, XVIII-XX ғасырлардың бас кезінде шекаралас көрші мемлекеттердің аумағында қазақ халқының едәуір бөлігі тұрды. Рас, олардың бірқатар бөлігі ол жерлерді ежелден бері мекендейтін. Ал енді бірқатары қуғын-сүргін кезінде қоныс аударуға мәжбүр болған еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет