ӘӨЖ 94(575+574) : 39 Қолжазба құқығында



бет14/18
Дата06.01.2022
өлшемі0,63 Mb.
#13038
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
2.3 Еуропа мен АҚШ қазақтары
Батыс Еуропаның бірқатар елдерінде қазақ диаспорасының өкілдері өмір сүріп келеді. Мұндағы қазақтардың алғашқы легі 1961 жылы Германия мен Түркия арасында қол қойылған «еңбек миграциясы» туралы келісім-шарт бойынша 1962 жылдан бастап Түркиядан Германияға қоныс аударған.

Түркиямен сондай келісім-шарттар ол кезде еңбек күшіне мұқтаж басқа Еуропа елдерімен де жасалған. Сол еңбек миграциясы келісім-шарттары негізінде қазақтар Түркиядан сол 1960 жылдардың алғашқы кезеңдерінен бастап, 1970 жылдардың аяқ шеніне дейін Германия, Швеция, Франция, Австрия, Норвегия, Дания және Швецария сияқты Батыс Еуропа елдеріне көшіп барған. Осылайша Еуропа елдерінде қалыптасқан қазақ диаспорасының қатары 1980 жылдары Түркиядағы қазақтардың өз беттерінше Голландия, Франция, Ұлыбритания және Австрия сияқты елдерге қоныс аударуымен толыға түскен.

Жалпы алғанда Еуропада тұратын қазақтар екі топтан құралады: бірінші топтағылар 1950 жылдары Қытайдың Шыңжаң аймағынан [92; 93] «бұрынғы Шығыс Түркістан» Пәкістан және Үндістан арқылы Түркияға көшкен, ол жерден жоғарыда аталған еңбек миграциясы арқылы Батыс Еуропа елдеріне қоныс аударған қазақ отбасылары мен олардың балаларынан құралады. Сан жағынан аздау келетін екінші топқа кіретіндер: 1920 жылдардың аяғына таман Қазақстанда жүргізілген советтендіру саясатының салдарынан елдерінен кетіп Ауғанстан және Иранға көшкен әсіресе, 1980 жылдардан бастап Түркия мен Иран арқылы Еуропаға келген қазақтар мен олардың ұрпақтарынан құралған.

Еуропа мен АҚШ-та тұратын қазақтар және олардың бүгінгі тұрмыс-тіршіліктері жайында біршама айтылып, жазылып жүр. Дегенмен бүгінгі Еуропа елдерінің топырағын қазақ баласы дәл қай кезден аяқ басып, қалай қоныстана бастағаны - осы уақытқа дейін жақсы зерттеле қоймаған тақырыптардың бірі. 

Тарих парақшасын ақтарар болсақ, осыдан 774 жыл бұрын яғни 1241 жылы сәуірдің 9 күні қазіргі Польша-Германия шекарасы саналатын Одер өзені жағасындағы Легница (немісше-Liegnietz) қаласы түбінде (ол Пруссия жері саналатын) Шыңғыс ханның немересі Бату ханның бүгінгі қазақ халқын құрайтын қыпшақ, керей, найман, меркіт, жала­йыр, қоңыраттардан құралған 10 мың әскері поляк-немістің біріккен 20 мың әскерімен соғысып, жеңіске жеткен еді. Сонау Азияның сары даласынан Еуропаға жетіп, Одер өзенінен аттарын суарған біздердің ата-бабаларымыздың сол тарихи жеңісі кімді де болсын мақтаныш сезімге жетелейді. Сондықтан біздер үшін ту Азиядан Еуропаға, бүгінгі Германия жеріне алғаш аяқ басқандар осы сарбаздар болмақ.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары әскери тұтқын ретінде Германияға апарылған қазақтардың қайсыбірі соғыс­тан кейін елге қайтты, ал қайсыбірі елдегі саяси жағ­дайға байланысты Германияда қалуды жөн көрді. Олар Германиядағы қазақтардың алғашқы толқынын түзеді. Олардың белгілі өкілдері: Қарыс Қанатбай, Мәулікеш Қайбалды, Дәулет Керей Тағыберлі, Абдулла Жүсіп, Жәке Бапыш тағы басқалары. Соғыстан кейін Германия жерінде құрылған Түркістан ұлт-азаттық комитетінің төрағасы Қарыс Қанатбай 1950 жылдан бастап АҚШ-тың қаржыландыруымен Мюнхен қаласынан хабар тарата бастаған «Азаттық» радиосының Түркістан редакциясының орнауына ерекше рөл атқарған адам ретінде айтылады, ал қалғандары осы Түркістан редакциясында, кейін Қазақ редакциясында ұзақ жылдар бойы қызмет істеді. Мұстафа Шоқайдың Берлинде қайтыс болғанына 10 жыл толуына орай 1952 жылы оны еске алу шарасын Мюнхендегі қазақтар өткізеді. Сол іс-шараға Парижден келіп қатысқан М.Шоқайдың зайыбы Мария Шоқай өзінің естелігінде «М.Шоқайды еске алу рәсімін ұйымдастырушы Қарыс Қанатбай бастаған ұлтын сүйген қазақтар болды. Осы адамдар Мюнхен қаласының шетіндегі ескі бір барақта тұрады екен. Көбісінің әйелдері неміс екен. Балаларының тілі де қызық, немісше де емес, қазақша да емес, тіпті арасында орысша сөздерді де қосып сөйлейді екен» деп еске алады. Елге қайтпай Германияда біржола қалуды жөн санаған саны көп емес бұрынғы кеңес тұтқыны - қазақтардың Германияда қоныстана бастауы осы кезден басталады деу­ге келеді. Бұл қазақтардың Германия жеріне қоныстана бастауының алғашқы кезеңі болатын [94]. 

Екінші толқын 1960 жылдардан басталады. Соғыста экономикасы қираған және жұмыс күшіне өте мұқтаж Германия шетелдерден жұмыс күшін алуға мәжбүр жағдайға тап болды. Бүгінгі Германияда тұрып жатқан қазақтардың басым көбі Түркия мен Германия арасындағы еңбек миграциясы келісім-шарты негізінде Түркиядан жұмыс істеуге барған қазақтар және олардың ұрпақтары. 2012 жылы Еуропа Қазақтары қауымдастығының федерациясы (FEKA) Түркия қазақтарының Германияға келуінің 50 жылдығын атап өтті. Олар негізінен 1962 жылдан бастап Германиядағы түрлі зауыт, өндіріс орындарына жұмыс істеуге келе бастаған. 

Еуропа қазақтары қауым­дастығының федерациясын құруға көп еңбек сіңірген және сол ұйымды біраз жылдары басқарған, Кельн қаласындағы қазақ мәдени қоғамының ұзақ жылдарғы төрағасы Әбдірахман Четин ақсақалдың айтуынша, алғаш Германияның Мюнхен және Кельн қаласына 5 қазақ келген. Олар Мәуітхан Көкай (қазір 78 жаста),Тайшы Ақай, Сексенбай Пырат (қайтыс болған), Мүкей Шиден және Мәуей Бодыр. Бұлар алғашында Мюнхендегі және Кельндегі зауыт, фабрикаларда жұмыс істеген. Кейін Мәуіт Бодыр тері тон тігумен айналысып, Кельнда дүкен ашқан. Ә.Четин ақсақалдың өзі 1963 жылы 28 жасында түрік жұмысшылармен бірге Германияның Баден-Буртембург аймағының Улм деген қаласына жол салу жұмысына келіпті. Кейін Кельн қаласына ауысып, «Форд» машина зауытында ұзақ жылдар жұмыс істеп зейнетке шыққан. Ә.Четиннің айтуынша, ол кезде қазақтар Германияда біржола тұруды мақсат етпеген көрінеді. Негізі кәсіп іздеп, ақша тауып, Түркияға қайтуды мақсат етіпті. 

Қазақ қайда жүрсе де өзінің жақынын, қазағын іздейді ғой. Мюнхенде тұрып жатқан кеңес елінен келген Қ.Қанатбай, М.Қайбалды, Д.Тағыберлі, А.Жүсіп, Ж.Бапыш секілді қазақтар Түркиядан келген осы қазақтардан алғашқы кезде көмектерін аямапты. Бірі - қазақ елінің ұлт азаттығы жолында сырттай күресуді мақсат етіп, Германияда қалып қойған, екіншісі, Қытайдағы коммунистік билікке қарсы болып, ел-жерін тастап [95], Такламакан шөлін басып, Гималай тауларын асып, Үндістан, Пәкістанды паналап, кейін 1950 жылдардың басында Түркия үкіметінің шақыруымен сол елге қоныстанған қазақ балаларының жат жерде, неміс елінде бір-біріне осылай көмек жасауы бұл тек қазаққа тән ерекше қасиет десек, артық айтпағандық болармыз. Тіптен олардың «Азаттық» радиосының американдық басшыларына: «Түркия қазақтарынан радиоға қызметкерлер шақырсақ» деген ұсынысы іске асып, соның арқасында 1966 жылы алғаш рет Түркиядан екі қазақ шақырылады. Олар белгілі қаламгер Хасен Оралтай және Талғат Қосжігіт еді. Кейін «Азаттық» радиосында қызмет істеуге Түркиядан шақырылған қазақтардың саны 10-ға дейін көбейеді. Бұлар 1995 жылға дейін «Азаттық» радиосында қызмет істеді, радио Прага қаласына көшкен кезде барлығы Чехияға барудан бас тартып, Германияда қалып қойды. Көбісі Германия азаматтығын алды.

Еуропа қазақтары қауымдастығы федерациясының төрағасы Абдулқаюм Кесижидің айтуынша, бүгінгі күні Германияда шамамен 260 үй қазақ отбасы, яғни 1500-ге жуық қазақ бар. Олардың ең көбі Кельн қаласында 160 үй қазақ отбасы, Мюнхенде 75 үй қазақ отбасы, Берлинде 30 үй қазақ отбасы, Гамбургте 10 үй қазақ отбасы және бірлі-жарымдап Дюссельдорф, Майнс секілді басқа қалаларда тұрады. Алайда Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары Германияға қоныс аударған қазақтардың дәл саны қанша екендігі белгісіз болғандықтан бұл санға кірмегенін айту жөн.

Германияға алғаш жұмыс іздеп барған қазақтардың бірі бүгінгі күні жасы 83-ке келген Ыдырыс Ерол ақсақал бала-шағасымен бірген Кельн қаласында тұрады. Оның айтуынша, алғаш 1966 жылы Түркияның Алтайкөй ауылынан Батыс Берлинге жұмыс іздеп 4 қазақ келген. Олар: Арыстан Тосын, Бекей Сарбас, Ыдырыс Ерол және Ахмед Баки. Алғашында олар Германияға танымал «Саротти» шоколад жасау фабрикасында жұмысшы болып істеген. Екі жарым жылдай істеген соң ол Кельн қаласына ауы­сып, сондағы «Форд» машина жасау зауытында 25 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. 6 бала өсірген, 18 немересі бар. Үлкен ұлы Түркияда, екіншісі Парижде тұрады. Тағы бір ұлы Шұғайып Ерол және қызы Сайма Қаражақ өзімен бірге Кельнде тұрады. Ыдырыс ақсақалдың тағы бір қызы Сания Германия ішкі істер министрлігіне қарасты шетел азаматтарына виза беру бөлімінде қызмет істейді. 

Германиядағы қазақтар алғашында немістің зауыт, фабрикаларында қарапайым жұмысшы болып, елмен бірге еңбек етсе, кейінгі жылдары балаларын немісше оқытуға ден қойды. Кейінгі жастар немістің жоғары оқу орындарын бітіріп, ресми орындарда, мемлекеттік қызметте істей бастады. Тіптен бірқатар қазақ немістің ірі фирма, компанияларында жақсы маман, білікті менеджер ретінде көзге көріне бастаған. Мысалы, қазір Гамбург қаласында тұратын хирург-дәрігер Шенол Жәдік миға операция жасайтын мықты дәрігер ретінде танылса, Мюнхен қаласының тұрғыны Мүттәлі Ұлыжай ұшақ моторын жасайтын зауытта бөлім бастығы болып істейді. Берлиндегі қазақ мәдени қоғамының төрағасы Бешіретхан Малбақан сондағы компьютер программаларын дайындайтын ірі фирмада жетекші маман ретінде танылған. Бұған, әрине, қуануға тиіспіз. 

Жалпы айтқанда, Германиядағы қазақтардың тұрмыстық жағдайы жаман емес. Олар әлеуметтік жағынан жақсы қамтылған. Қазақстанға деген көзқарастары жақсы болғанымен Германияда өмір сүруге және оның азаматтығын алуға өте ықыласты. Германияның Мюнхен қаласында 30 жылдан бері тіршілік ететін Өмірхан Алтын Германияға алғаш оқу іздеп келгенін айтады. Ол Түркияның Анкара университетінің экономика факультетін бітіріп, Батыс Берлин университетінің химия факультетінде оқыған соң, Мюнхендегі «Азаттық» радиосына шақырылып, сонда 10 жыл қызмет істеді. Қазір тәуелсіз журналист, жеке кәсіпкер ретінде Қазақстан, Түркия, Германия арасында іскерлік байланыстар орнатумен айналысады. 

Статистикалық мәліметтерге сүйен­­сек, Германиядағы 82 миллиондай халықтың 10 миллионы өзге ұлттың өкілдері көрінеді. Мәселен, Түркиядан келген мигранттардың саны 2.5 миллион, Польшадан 1.3 миллион, Италиядан 1 миллионға жақын, ал бұрынғы КСРО-дан 2,9 миллион халық қоныс аударған болса, соның 1 миллионнан астамы Қазақстаннан Германияға қоныс аударған этникалық немістер. Шеттен келген осы немістерді жергілікті халық «аусландерлер», яғни басқа жақтан келгендер немесе «русичтер» деп атайтын көрінеді. Қазақстаннан көшіп барған немістердің арасында қазақ тілінде сөйлеп, қазақша ән айтып, домбыра шертетін, тіптен бие байлап, қымыз ашытып отырған немістер бар екенін естігенде қалайша оларды «қазақ емес» деп айта аласыз.

Қазақстан тәуелсіздігін алған­нан кейінгі жылдары Германияға қоныс аударған қазақ­тардың саны көбейген. Біреулер жұмыс іздесе, біреулері кәсіп іздеп барады, ал жастар көбінесе оқу, білім іздеп баруда. «Болашақ» бағдарламасы бойынша немесе ҚР Білім және ғылым министрлігінің академиялық ұтқырлық бағдар­ламасы немесе халықаралық түрлі бағдарламалар бойынша Германияның жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген қазақ жастары көп. Бұрынғы социализм кезінде Шығыс Германияның жоғары оқу орындарында Моң­ғолиядан келіп, оқу оқып, жоғары және кәсіптік білім игерген қазақ жастары көп болатын және олар Германияда біржолата қалуды әсте ойламайтын. Бәрі де елге қайтушы еді. Соңғы жылдары Германияның жоғарғы оқу орын­дарында Қытайдан келіп оқып жатқан қазақ жастарының саны көбейген [96]. Мысалы Берлин қаласында он шақты қазақ баласы оқып жүр.

Америка құрлығында тұратын қазақ халқы, негізінен АҚШ және Канада елдерінде тұрады. АҚШ-қа қазақтар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көшіп бара бастады. Негізінен, АҚШ-тың қазақ халқын бірнеше топқа бөлуге болады.

Бұрынғы КСРО азаматтары, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Алмания аумағындағы концентрациялық лагерьлерде ұсталған, одақтастар әскерлері азат еткеннен кейін және тексеруден өткен соң өздерінің өтініштері бойынша Түркияға тұруға жіберілген, сосын Түркиядан Штаттарға көшіп барған, онда қазір олардың екінші және үшінші ұрпақтары тұрып жатыр;

Түркиядан келген қазақтар, түрік еңбек көші-қонының құрамында келіп жұмыс тапқан, бес жыл тұрақты (ешқайда шықпай) тұрғаннан кейін АҚШ азаматы мәртебесін алған;

ҚХР-нан келген қазақтар, АҚШ-қа Жапония, Тайвань арқылы Тынық мұхитты кесіп өтіп, Тынық мұхит жағалауында оқуға немесе жұмыс істеуге қалып қойған, сосын елде тіршілік ету мүмкіндігіне ие болған;

Қазақстан Республикасынан келген қазақтар, оқуға немесе жұмыс істеуге келген;

АҚШ азаматтарымен этникааралық некеге тұрып, азаматтық алғандар.

АҚШ мультимәдени және полиэтникалық ел ретінде көшіп-қонған қазақтарды 1960 жылдардың ортасынан бастап, 1965 жылғы көші-қон заңын ырықтандырғаннан кейін тарта бастады. «Америка этникалық топтарының Гарвард Энциклопедиясына» сәйкес 1960-жылдары АҚШ-та 20 шақты қазақ отбасы болған. Бұл 20 отбасының 13-і осы елге 1960-жылдардың ортасында көшіп келіп, Нью-Йорк, Вашингтон (Колумбия округі) метрополиінде және Калифорния штатында қоныстанған бұрынғы вермахт тұтқындарының отбасы. Бұл облыстарға қоныстануды мына көрсеткіштер бойынша таңдаған, жұмыс табу мүмкіндігі, онда тұрып жатқан өз этникалық топтарының өкілдерінің болуы, бұрынғы тұрған жеріне шамалы болса ұқсас климат жағдайы, жоғары оқу орындарының болуы.

АҚШ қазақтарында моноэтникалық және этникааралық некелер байқалады. Этникааралық некелер аға буынға тән. Керісінше, диаспораның екінші, үшінші буын жастары өмірлік серіктерін қазақ ортасынан табуға тырысады, бұдан этникалық сәйкестілікті сақтауға арналған стратегия айқындалады. Басқа диаспораларға қарағанда АҚШ-тағы қазақтардың саны аздығынан және америкалық қоғам тіршілігінің барлық саласына ықпал ету мүмкіндігі болмағандығынан маңызды проблемаларын бірлесе шешуге болатын өз қоғамы да жоқ [97]. Британиядағы сияқты америкалық қазақтарға да басы бірікпеушілік тән. 1996 жылы Индиана университетінің (Блумингтон) жанынан Қазақ студенттік ассоциациясы құрылды, ол жыл сайын Наурызды тойлайды, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен және әдет-ғұрыптарымен таныстырады, тақырыптық конференциялар өткізеді. АҚШ-тағы қазақ диаспорасы Қазақстан Республикасы қазақтарының АҚШ азаматтарымен жасалған этникааралық некелерінің, сондай-ақ америкалық өкіметтің Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен мамандарына осы елде тұрып, қызмет ету мүмкіндігін беруі арқасында өз қатарларын толықтырып отырады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет