ӘӨЖ 94(575+574) : 39 Қолжазба құқығында



бет13/18
Дата06.01.2022
өлшемі0,63 Mb.
#13038
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18
2.2 Шетелдік Азия қазақтары
Бүгінгі таңда, сайын даламызда көк туымызды желбіретіп, тәуелсіз, азат елміз. Қоғамдық өмірімізде түбегейлі өзгерістер орын алды. Атажұртты аңсаған ағайындарды бауырға тарта бастадық. Олардың тағдыр-тарихын, рухани дүниесін зерттеуге зор мүмкіндіктер туды. Тарихымыздың түп тамырын тектей отырып, олардың не себепті, қашан, қалай атамекеннен кеткендігін зерделей бастадық. Академик С.Қирабаев: “Қазақ халқының рухани мұрасы тек бүгінгі Қазақстан жеріндегі ұлт өкілдері еңбектерімен шектелмейді. Тағдырдың тәлкегімен шет елдерге және бұрынғы КСРО көлеміндегі мемлекеттерге ыдырап кеткен қазақтардың әдебиеті мен мәдениеті де біздің ұлттық байлығымыздың бөлінбес бөлігі” - деп атап көрсетті. Олай болса, сол ұлттық байлығымыздың бір бөлігі, Шетелдік Азия қазақтары мәселесін қарастырсақ.

Кеңес үкіметінің отарлау саясаты салдарынан қазақ диаспорасы Қазақстаннан Қытайға, Ресейдің ішкері жағына, Орта Азия мемлекеттеріне, Ауғанстан мен Иранға өтіп, сөйтіп жер-жаһанға тұтас жайылып, тарап кетті. Қазіргі күні әлемнің 45 мемлекетінде 5 миллиондай қазақ ұлтының өкілдері тұратын көрінеді. Қазақ халқы өзінің бүкіл тарихында күні кешегі 1960 жылға дейін түрлі саяси және діни мәселелерге байланысты күштеп қоныс аударуға мәжбүр болып отырған. Батыс Еуропа, Америка және Парсы шығанағы аймақтарына жаппай еңбек иммигранттарының тасқыны үдеген замандарда көш-қонның негізгі себептеріне діни, саяси жайттармен бірге экономикалық қажетіліктер де шыға бастаған. Сондай-ақ, 60-шы жылдарға дейін қазақтар жаппай көшіп кететін болса, қазіргі күні жекелеп, бірді-екілеп кететін болған, соңдарынан отбасыларын алдырады. Енді қазақ диаспорасы туралы не айтуға болады: қазақ жұртының атамекені бар, ол Қазақстан, діні ислам, түркітілдес халықтар тобына жатады, бірақ өткен замандардағы ішкі-сыртқы саяси оқиғаларға байланысты Азия, Батыс Еуропа және Америка мемлекеттерінде шашырап орналасқан. Және реципиент-мемлекеттерде этникалық қазақтардың тығыз орналасуы байқалмайды. Бірақ, Шығыс елдерінде (Түркия, Иран, Ауғанстан, т.б елдерде біршама тығыз орналасқаны байқалады. Дегенмен, ол қазақтардың ішкі тілегінен гөрі реципиент-мемлекеттер жүргізген саясатқа көбірек байланысты болса керек. Әлденеше мыңдаған жылдар мен ғасырлардан бойы көшпелі өмір дәстүрін ұстанғандықтан қазақтардың кез-келген ортаға бейімделу жағы көп қиындық туғызбады. Көшпелілік дәстүр адамға әлеуметтік-психологиялық, физологиялық және көзқарастық тұрғысынан ықпал етті [77].

Қытай қазақтары мекендеп отырған байтақ Қытай жері - ежелден-ақ қазақ ұлтын құраған ру-тайпалардың ата қонысы. Мұны Қытай жазбаларының қай -қайсысы да терістемейді. Біздің заманымыздан бұрынғы жылдардан бастау алатын жазба деректер қазақты құраған ру тайпалардың сол дәуірлерде ақ бүкіл Қытай өңірінде, жүйеден Шыңжаңда жасағандығын айғақтап отыр. Қазақтардың екі мемлекетке бөлініп қоныстануы 1864 жылғы “Қытай -Ресей батыс солтүстік шекараны өлшеп айыру тоқтамынан” басталды. Деректерге қарағанда, бұл тұста Абақ керейдің түтін саны 30 мыңға, егер бір отбасында бестен жан бар деп есептесек, жан саны 150 мыңға жетті. Бұл тоқтамның бесінші тармағында былай делінеді: “Қазақ халқы бұрын қай жерді қоныстанып келген болса, бұдан былай да сол жерді қоныстанып, байырғы мекендерінде отырып, бұрынғы кәсіптерін істеп, бейбіт өмір өткізе береді. Шекара айырылғаннан кейін бұл жер қайсы мемлекетке қараса, сол жерді мекендеген адамдар жерімен сол мемлекетке қарайды”. Бұл тоқтамға қазақтар арасында наразылық туылды. Қоныс аудару, толқулар көбейді. Сонымен Қытай мен Ресей елдерінің шекараны өлшеп, айыруға шыққан ұлықтары ақылдаса келіп, бұрынғы тоқтамға мынадай қосымша мазмұндар кіргізді: “Шекара айырылғаннан кейін осы шекараның екі жағын қоныстанған қазақтарға қайсы елге қарауды таңдап алу үшін бір жылдық уақыт беріледі. Осы бір жыл ішінде қайсы мемлекетке қарасты болуды олар өз еркімен таңдап алады. Қайсы мемлекеттің қарамағына өтуді қаласа, сол мемлекетке бөлінген жерге өтіп қоныстанады. Бұл олардың бүтіндей өз қалауы бойынша болады”. Міне, осылайша сонау атамзаманнан бері іргесі бөлінбей, ауылы аралас, қойы қоралас болып келген қазақ елі екіге жарылып, Қытайдағы қазақ диаспорасы қалыптаса бастады.

Қытай жерiнде бiр миллион бес жүз мыңға тарта қазақ тұрады. Әр жылғы Қытай мәлiметтеріне сүйенсек, 1949 жылы, яғни коммунистiк Қытай қазақтарға өз үстемдiгiн жүргiзе бастаған кезеңде, 443700 қазақ болған. Бұл сан әр жылы шамамен 20 мың боп өсiп отырған. 1960 жылға келгенде қазақтардың саны 541600-ге жеткен. Осыдан екi жылдан кейiн, атап айтқанда 1962 жылға келгенде қазақтардың саны 487400-ге құлдыраған.Демек, екi жылдық туу санын қосқанда 100 мың адамның кемiгенi жасырын емес. Бұл 1962-жылғы ұлы көш және көштен кейiнгi қолдан жасалған аштықтың салдарынан екенi айдан анық. Осыдан кейiнгi жылдарғы өсу салыстырмасы кей жылы 20 мың, кей жылы 30 мыңдық қарқынмен артып отырған. Сөйтiп, 1990 жылға келгенде ондағы қазақтардың саны бiр миллион екi жүз мыңға жеткен. Бiр қызығы, осыдан кейiнгi мәлiметтер аса айқын емес. Әсiресе, 1995 жылдан 2007 жылға дейiнгi мезгiлдегi өсу салыстырмасы айқын көрсетiлмеген. Бiр миллион екi жүз мың халықтың әр жылғы өсу салыстырмасы бойынша қарасақ, 1990 жылдан 2007 жылға дейiнгi 17 жылда кемiнде 500 мың адам қосылады екен. Сонда Қытайда кем дегенде 1 миллион 700 мың қазақ тұрады деген сөз. Демек, бұл ресми емес деректердегi Қытайда екi миллион қазақ тұрады дегендi терiске шығармайды [78].

2005 жылы Қытайда жүргізілген жалпы санақ нәтижесі бойынша қазақтар соңғы он жылда 15%-ға өскен екен. Ресми дерек бойынша, Қытайдағы қазақтар - 1 миллион 413 900 адам болған. Шыңжаң көлемінде 1949-2000 жылдар аралығында қазақтар 440 мыңнан 1 миллион 250 мың айналасында болған. Басым бөлігі негізінен Іле қазақ автономиялы облысында қоныстанған. Енді бір бөлігі Қашқар, Құлжа, Санжы, Мишуан қалалары мен Мори қазақ ауданы, Шиыңхай Дүңған облысындағы Ақсай қазақ ауданында қоныс тепкен [79].

Қытайдағы қазақтар Шыңжаң ұйғұр автономиялы районының Іле қазақ автономиялы облысында (Іле, Алтай, Тарбағатай үш аймақты өз ішіне алады), Мори қазақ автономиялы ауданында, Баркөл қазақ автономиялы ауданында тұрады. Бір бөлімі Үрімжі, Шыхызы, Қарамайлы қалаларында және Санжы хұйзу (дүңген) автономиялы облысына қарасты Санжы, Құтыби, Манас, Жемсары, Шонжы, Фукаң, Мишуан, Фукаң аудандарында тұрады. Бұдан басқа Шыңжаңмен шекаралас Чиңхай өлкесінің Хайши моңғол-тибет қазақ автономиялы облысында (көбі Шыңжаңға қайтып келді), Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында тұрады.Тарихта батыс өңір, бүгінде Шыңжаң ұйғұр автонмиялы районы аталып отырған осы кең байтақ мекеннің территориялық жер аумағы 1 млн 600 мың шаршы шақырым. Жалпы Қытай жер аумағының 1/6 бөлігін ұстайды. Оның құрлықтық шекарасының ұзындғы 5600 шақырым болып, Монғолия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан секілді 8 мемлекетпен шекараласады. 2000 жылғы Қытайдың халық санағына негізделгенде, Шыңжаңдағы қазақтар шоғырлы қоныстанған Іле қазақ автономиялы облысында 4 млн 83 мың 300 қазақ тұрады екен. Қытай елінің ресми деректкрі қазақтың санын 1 млн 300 мыңнан 1 млн 500 мыңға жеткізді. Жылдық өсімі 26 мың. Ал белгілі демограф, ғалым Мақаш Тәтімов ағамыз бұл елдегі қазақтың санын ресми деректерден көп қылып көрсетеді. Ал көш басталғаннан бері Қытайдан келген қазақтардың саны 18 мың [80].

Ал енді 1990 жылдардан басталған көшке келер болсақ, ең алғашқы көшке себепкер болғандар студент жастар мен зиялы қауым өкiлдерi болды. Қазақ-қытай байланысының 1989 жылдан басталған қадам екi арадағы мұзды жiбiтiп, жаңа тарих парақшасының ашылуына жол ашты. 1991 жылғы тәуелсiздiк миллиондаған қазақтардың арманына қанат бiтiргені белгілі. Сол жылдан бастап әртүрлi себептермен шеттегі бауырларымыз атажұртқа келе бастады. Кейін, 1993 жылы Жақсылық Сәмитұлы бастаған бiр топ зиялы қауым өкiлдерiнiң жол бастап келуі, қаншама қазақтың елге оралуына бағыт берді. 

1991-1992 жылдан басталған көш бүгінгі күнге дейiн жалғасын табуда, дегенмен соңғы жылдары аяқ алысымыздың баяулығы білінуде. Екi елдің арасында ешқандай мемлекетаралық көшi-қон және бiлiм алмасу шартының болмауына байланысты көптеген қиындықтар туындауда.

Ұлт көшбасы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттың рухани өмірі, оның мәдениетіне байланысты әлі де болса көпшілік қауымға жетпей жатқан тарихи, әдеби асыл мұраларымызды игеру жолында еңбектену, бұрын мән бермей келген халықтану, шығыстану, түркітану ілімдерін барынша дамытуға көңіл қою, ұлттық мәдени ерекшеліктерімізді сақтау, жинау, зерттеу ісін жетілдіре түсу - бүгінгі маңызды міндеттеріміздің қатарына кіреді» Демек, шеттегі қандастарымыздың тарихы - бұл біздің ұлтымыздың ақтаңдақ беті [81].

Шетелдегі саны ең көп қазақ қауымы Қытайда тұрады. Қытайдағы жалпы халық санындағы аз ұлттардың үлес салмағы 1953 ж. - 5,89 %, 1964 ж. - 5,77 %, 1982 ж.- 6,62 %, 2000 ж. - 8,41 пайызды құрады. Бұл топқа ҚХР азаматтығы бар шетел азаматтары және өзінің қай ұлтқа жататынын көрсетпегендер кірмеді. Ал, 2000-2010 ж.ж. -дарғы халық санағы аралығындағы кезеңде 1 250 458 адамнан 1 462 588 адамға өскен қазақтар аз ұлттар категориясына жатқызылды. Қазақтар елдегі жалпы халық санының 0,1097 пайызын құрайды, жан саны жөнінен 18-орынды иемденеді. Олардың алдында өздерінің аталуына орай орындарға ие мынадай аз ұлттар бар: чжуандар, манжур, дүнген (хуэй), ұйғыр, мяо, и, туцзя, таңғұт, дунсян,моңғол, тун, буи, яо, корей, хани, бай, лей, 1953 ж.-дан 2010 ж.-ға дейінгі қазақтар санының өсу қарқыны Бүкілқытайлық алтыншы халық санағының мәліметтері бойынша №1 кестеде көрсетілді.

1953-64 ж.ж. -да Қытайдағы қазақтар арасында өсім болған жоқ, саяси себептерге байланысты Қазақ ССР-іне көшу орын алды. Қытайдағы қазақтардың неғұрлым жоғары орташа жылдық өсімі 1964-82 ж.ж. аралығындағы 18 жылдық кезеңде байқалды. Алайда, 80-жылдардан бастап, жалпыхалықтық демографиялық саясаттың құрамдас бөлігі ретінде аз ұлттар арасында (ханзулықтар үшін 1978 жылдан бастап) тууды реттеу және шектеу тәртібі жарияланды. Мәселен, 2009 ж. 1-қарашасынан 2010 ж. 31-қазанына дейін қазақ жанұяларында 2331 бала дүниеге келген. Оның 1195-і ұл, 1136-сы қыз бала. Оның ішінідегі 1116-сы - жанұядағы алғашқы, 966-сы - екінші, 230-ы - үшінші, 18-і - төртінші, тек біреуі ғана бесінші бала болып есептеледі. 1982 ж. мен 2010 ж. аралығындағы 28 жыл ішінде қазақтардың жылдық орташа өсім көрсеткіші бұрынғы кезеңдегіге жете алған жоқ.

Қытай қазақтарының ішінде ер адамдардың саны басым: 1982 ж. ер адамдар барлық қазақтар санының 51,2, 2000 ж. 50,7 және 2010 ж. 51,1 пайызын құрады.

Қазақтар негізінен ауылдық жерлерде көбірек шоғырланған - олардың 76,91 пайызы ауылдарда тұрады. 337 705 қазақ (23,09% ) қала тұрғындары болып есептеледі, алайда, олардың ірі қалалардан гөрі қала типті елді мекендерде тұруы жиі.

Ер адамдар саны ауылдық жерлерде басымдау: ауыл жұртшылығының 51,77 пайызын ер адамдар құрайды, қалалар мен қала типтес елді мекендерде әйелдер көп, бұл көрсеткіш тиісінше, 52,57 және 50,27 пайызға тең.

Жас мөлшерінің құрылымы халықтың қартаюына байланысты алңдаушылық туғызбайды: барлық қазақтардың 0 - 29 жас аралығындағылары - 53 пайызды (оның ішінде 0 - 14 жастағылары - 23,76 %), 30-59 жастағылары - 40,78 және 60 жастан асқандары - 6,22 пайызды құрайды.

Қазақтар негізінен 1955 ж. 1 қазанда құрылған Шыңжаң-ұйғыр автономиялы районының (ШҰАР) солтүстік батыс өңірінде тұрады. 2010 ж. бұл өңірде 1 418 278 қазақ мекендеді. Яғни елдегі барлық қазақтың 96,97 пайызы осында. Олардың арасында ер адамдардың саны басым, автономиялық район қазақтарының 51,2 пайызын құрайды. ШҰАР-дағы ауыл қазақтарының саны - 312 968-ге жетті, немесе жалпы қытай қазақтары санының тиісінше, 98,30 және 92,6 пайызын құрайды. ШҰАР бойынша да, тұтас ҚХР бойынша да қала тұрғындары арасында қазақ әйелдерінің қатары басым.

Ауылдық жерлерде, тауда және тау етегінде тұратын қазақтар мал шаруашылығымен, егіншілікпен, балық және орман шаруашылығымен айналысады. Әдетте, олардың шоғырланып орналасқан жерлері әкімшілік және мәдени орталықтардан алыстау болып келеді. Қазақтар Қазақстанмен шекаралас Алтай, Іле және Тарбағатай аймақтарының ірі бөлігі ретінде көрінеді. Қытайдың Бейжің мен Үрімші тәрізді қалаларындағы қазақтар арасында шенеуніктер, партия, мәдениет, білім, ғылым, бұқаралық ақпарат құралдары, қаржы, спорт, әлеуметтік қызмет көрсету, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері жиі. Қазақтар Құлжа, Күйтің, Қарамай, Шәуешек пен Алтай қалаларында аз ұлт өкілдері ретінде танымал.

Алтыншы халық санағы орталық бағыныстағы ерекше мәртебеге ие қалаларда, атап айтқанда, Янцзы өзені сағасының шығыс жағалауындағы Шанхайда, Янцзы өзенінің жоғары арнасындағы Чунцинде қазақтар санының арта бастағанын көрсетті. Егер аталған қалаларда 1982 ж. 231 қазақ тұрған болса, 2010 ж. бұл көрсеткіш 2976 адамға жетті. Бұл қалалардағы қазақтар саны 13 есеге артты. Абсолюттік және пайыздық қатынас бойынша, Пекин (53,9 %) бәрінен алда тұр, одан кейінгі орынды Шанхай (21,5%), Тяньцзинь (15,9 %) мен Чунцин (8,7 %) қалалары иемденеді. Пекинде - қазақтар саны 7,4 есе, 217-ден 1602 адамға, Шанхайда - 49,2 есе, 13-тен 639 адамға, Тяньцзинде - 476 есе өсті.

Қытайдың 84 миллионнан астам азаматы өмір сүретін бұл мегаполистерде қазақтардың тұруы экономикалық реформа жағдайындағы, ХХ ғ. 70-жылдарынан басталған қазақ қауымының сапалық өзгерісін көрсетеді. Нарықтық экономикаға көшуді, дәстүрлі өмір сүру аймағынан тыс жерлерге еңбек миграциясы арқылы қоныстануды, халықтың ілкімділігін ең алдымен әзірлігі жоғары, қытай тілін білетін кадрлар есебінен арттыруды, қазақ жастарының бәсекеге қабілетті, халық шаруашылығының барлық саласы, іскерлік және халықаралық ынтымақтастық үшін қажетті білім алуға бағытталған ұмтылысының дамуын айғақтайды. Білімді қазақтардың өз мүмкіндіктерін қытайдың ішкі аймақтарында танытуға деген ұмтылушылығын түсінуге болады.Себебі, мұнда экономикалық қызмет пен іскерлік еркіндігі бар.Үлкен қаржы, еңбек нарығы, жұмыс қолына сұраныс, тауар айналымы, халықаралық туризм дамыған.

2010 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша байқалған мына бір ерекшелікті атап өту де қызғылықты, аталған мегополистерде өмір сүретін қазақтар арасында әйелдер санының басымдығы байқалды. Бұл қалаларда еркектер 40-43 пайызды, әйелдер 57 пайызды құрайды - жекелеген жерлерде бұл көрсеткіш 55-59 пайыз мөлшерінде. Мұны бірнеше себептер арқылы түсіндіруге болады. Қазақ жанұяларында жоғары білім алуға келгенде, қыз балаларға ерекше көңіл бөлінеді, қыздарды тұрмысқа бергенде, құда түсу кезінде, жұмысқа тұрғанда қыз бала беделінің жоғары болуын қалаушылық бар мұнда. Оның үстіне қыз балалардың туған жанұясын ертерек тастап шығуына экономикалық себептер де жоқ емес, әсіресе, ауылдық жерлердегі жанұяларда жұмысшы қолы ретінде ер балалар көбірек қажет. Жаңадан пайда болған мына бір факторды да естен шығаруға болмайды: қазақ қыздары білімді, бақуатты, қоғамда орны, өз ісі, қаражаты бар ханзулықтарға тұрмысқа шыға бастады.

Қытай қазақтары ШҰАР мен аталмыш қалалардан басқа, 22 провинция мен провинцияға теңестірілген 4 автономдық аудандарда тұрады. Оның үстіне ШҰАР аталған 26 субьектіден басқа тек үш провинциямен: Ганьсу мен Цинхай және Тибет автономды районымен шектеседі. Қазақ әйелдері 22 провинцияның 11-інде және елдің солтүстік батысында, Хуанхэ өзенінің орта ағысында орналасқан Нинся-Хуэй автономды районында көбірек тұрады. 1982-2010 ж.ж. аралығында ШҰАР-дағы қазақтардың үлес салмағы 99,54-тен 96,97 пайызға кеміді, тиісінше ерекше статусты қалаларда, автономды райондарда және провинцияларда артты.

1982 ж. 3967 қазақ 15 провинцияда өмір сүрсе,2010 ж. провинциялар саны жетеуге артты, қазақтар саны 9,2 есе көбейді: 22 провинцияда 36 740 қазақ тұратын болды. Қазақтар жаңадан қоныстанған 7 провинцияның қатарында - Хубэй, Гуйчжоу, Хайнань, Чжецзян, Фуцзян, Цзянси мен Юньнань бар, мұнда 2010 ж. 10 368 қандасымыз тіркелді, бұл 1982 ж. -мен салыстырғанда 2,7 есе көп. Ал, 1982 ж. небәрі 29 қазақ тұрған автономды райондарда 2010 жылы 4954 адам қоныстанғаны байқалды, өсім 158 есені құрады.

2010 жылғы халық санағы қазақтар арасындағы ішкі миграцияның мынадай себептерін анықтады: 1) қайта оқу - барлық мигранттардың 20,84 пайызы. 2) жанұяға қосылу үшін көшу - 22,6 % , 3) жұмыс іздеу, саудамен айналысу - 19,44 %, 4) некеге тұру - 8,83 % , 5) тұрғын үй жағдайы - 8,89%, 6) туыстарға, достарға жақындау - 3,24%, 7) тіркеудің өзгеруі - 1,22 %, 8) басқа жағдайлар - 10,5%;

Қытайдағы 55 аз ұлттардың 44-інің өз автономиялары бар, бұл олардың жалпы санының 75 пайызын құрайды. Бұл елде провинция құқығын иеленген 5 ірі автономды район, 30 автономдық облыс, 120 автономды район, 4000-ға жуық этномекен бар. Қазақтардың алғашқы Алтыншоқы автономды районы қайта құруға орай 1953 ж. 30 қыркүйекте Цинхай провинциясында құрылды, 1956 ж. таратылды. 1954 ж. 25 қаңтарында Цинхай провинциясында, сондай-ақ, Хайси-моңғол-тибет-қазақ автономды округі құрылып, 1984 ж. жазында ШҰАР-ға 900 қазақтың көшіп кетуіне байланысты округтен «қазақ» аты алынып тасталынды. Ақсай-қазақ аталатын екінші қазақ автономиялы районы 1953 ж. 13 қазанда Ганьсу провинциясында құрылды.

ШҰАР-да жоғарыдағыдай қазақ автономды әкімшілік құрылымдарын ашу кейінірек, 1954 ж. көктемінде басталды. 16 наурызда - Мари-қазақ, 1 қазанда - Баркөл-қазақ, 27 қарашада -Іле-қазақ автономиялы облыстары құрылды. Бұл әкімшілік бірліктер Қытайдағы барлық қазақтың 85 пайызы өмір сүретін Іле, Тарбағатай және Алтай округтерінің құрамында. Автономиялар бюджеттен жеке қаржыландырылады, район әкімдері, халықтық құрылтай төрағалары, сот төрағалары мен прокурорлар автономияға аты берілген ұлт өкілдері арасынан тағайындалады.

50 жылдың соңына дейін Шынжаң қоғамының белсенді мүшелері ретінде қазақтар арасында қоғамға қарсы көңіл-күй басым болып келгені мәлім, олар көптеген қорлыққа ұшырады, көптеген адамдар түрмеге жабылды, ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Кейбіреулеріне Моңғолияға немесе Қазақстанға қашып өтіп кетудің сәті түсті, қазақтар Кеңес одағымен және Қазақ республикасымен байланысты деп айыпталды. Жергікті ұлтшылдықпен күрес науқаны кезінде, қазақ автономияларының басшылығына «үш округ төңкерісінен» (Іле төңкерісінен) бөлек, ханзулықтардың автономиялы райондарға жаппай көшуіне қарсылық жасады және автономия шекарасында дербес қазақ мемлекетін құруға тырысты деген айыптар тақты. Бұл идея Іле-қазақ автономды облысының статусын қайта қарау, орталықты Құлжадан Күйтің қаласына көшіру жөнінде мәселе көтерген соң, 70-жылдардың ортасында қайта жанданды. Тіпті, 1975 ж. 10 қыркүйегі мен 1979 ж. қазан айына дейін орталық Күйтің қаласында болды. Түрлі статустағы ұлттық автономияларды унитарлық мемлекет шеңберінде құру кезінде мынадай критерийлер ескерілмеді, мәселен, адам саны, жер көлемі, тарихи жағдайы, т.б. Мұның өзі көшпенді қазақ руларының байырғы жерлерінің ұйғыр, моңғол және дүнген автономияларына өтіп кетуіне әкеліп соқтырды. Мысалы, Санджи-хуэй автономды облысына жер бөлу кезінде қазақтар санының дүнгендерден басымдығы, шоғырланып отыру жағдайы жоққа шығарылды. Тұтастай алғанда, бүгінгі күні ұйғыр мен дүнген автономияларының статусы облыстық, райондық қазақ автономияларының статусынан жоғары. Ұйғырлар мен дүнгендер өз проблемаларын тікелей Бейжіңге жеткізе алады, қазақтардың мұндай құқығы жоқ, олар өз мәселесін Үрімші билігіне қоюы керек.

Қазақтар ұйғырлар мен дүнгендерге қарағанда, өздерін сауатты, білімге құштар, қытай тілін жетік меңгерген ұлт ретінде көрсетуде. Қазақтар аса діншіл емес, егер ұйғырлар мен дүнгендер өз діни ұстанымдарына байланысты араб елдерінен тірек іздесе, қазақтарда ондай жоқ, олар шетелдердегі ислам орталықтарынан білім алуға ұмтылмайды. «Қазақтар шоғырланып орналасқан территорияларда түрлі деңгейдегі ұлттық әкімшіліктік бірліктер құру жолымен ұлттық мәселені шешу көп ретте қытайландыру және этникалық қытайлардың жаппай қоныстандырылуы арқылы жүзеге асырылды», - деп орыс зерттеушісі Н.Н.Аблажей дұрыс қорытынды жасады.

Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, ҚР-інің ҚХР-дегі елшілігінің бұрынғы қызметкері, шығыстанушы-ғалым А.А.Орманның: «Қазақ диаспорасының менталитеті мен ақыл-ойы ханзулықтардың, ұйғырлардың, дүнгендердің және т.б. экономикалық, саяси және идеологилық басымдығы жағдайында қалыптасуда. Осыған байланысты қазақтардың көпшілігі икемділік танытуға, жергілікті жағдайға орай бейімделуге, билікке қатты бағыныштылық көрсетуге мәжбүр болып отыр»,- деп қорытынды жасауын түсінуге болады.

Қытайдың батыс өлкелерін дамыту жөніндегі үкіметтік бағдарламаны жүзеге асыруға байланысты қаржылық және адами ресурстар, тауарлар, техника, басқару қызметі, бәрі де ханзулықтардың қолына жинақталды. Шыңжаң қазақтарының ауылдық бөлігінің жерден айырылу қаупі күшейді. Қазақтар жазғы жайылымдарынан айырылды, олардың байырғы жерлерін ханзулықтар белсенді түрде сатып ала бастады. Аймақтар халқы санының ханзулықтар есебінен жасанды жолмен көбеюі, кадрлық шектеулер арқылы бәрін шешу жергілікті халықтың алаңдаушылығын туғызды.

Қазақ диаспорасы тұратын Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Қырғызстан, Еуропа елдеріне қарағанда, Қытай территориясында қазақтардың бірде-бір құрылтайы өткен жоқ, ханзулықтар басқа аз ұлттар арасында түрлі оқиғалар орын алуынан сақтанатын сияқты, ресми қытай болжамы бойынша, ең алдымен сеператистік көңіл-күй басым ұйғырлар мен тибеттіктер қауіпті.

Алтыншы бүкілқытайлық халық санағы қазақтардың неке құру таңдауында да өзгерістер барын көрсетті, басым түрде өз ұлтына үйлену сақталған - 282 826 некенің 271 401-і, яғни, барлық некенің 95,96 пайызы өз ұлтына үйленген. 11 425 қазақ, оның ішінде 10 470 ер адам 955 әйел ұлтаралық некеге тұрған. Мұндай некелердің негізгі бөлігі - 91,67 пайызы ерлердің еншісіне тиесілі, әйелдердің үлесі 8,36 пайызды ғана құрайды. Барлық ұлтаралық неке санының 2,34 пайызы ханзулықтармен, 1,7 пайызы 39 түрлі аз ұлттармен құрылған. Ханзулықтармен 6617 адам, аз ұлттармен - 4813 адам некеге тұрған. Мұның ішінде 3493 неке (1,24%) мұсылман халықтарымен, 2685 неке (0, 95 %) түрік халықтарымен құрылған.

Ұлтаралық некеге тұрушылар арасында ханзулықтармен некеге тұру алғашқы орында, мұндай некеде 6017 ер адам, 595 әйел бар. Ханзулықтармен некеге тұру саны жөнінен қазақтар қытайдағы ұйғыр, орыс, қырғыз халықтарының бәрін қоса санағандағыдан көп. Жергілікті қазақтардың айтуынша, мұндайда жанұямен қарым-қатынасты үзу, құда түсудің жоқтығы, болған жайды бүркемелеу, туыстардан, көршілерден жасыру белең алады. Екінші орында - қазақтардың ұйғырлармен некеге тұруы, 1988 ер адам, 118 адам ұйғырмен отбасын құрды. Үшінші орында - дүнгендермен неке (658 ер адам және 126 әйел), төртінші орында - таңғұттармен неке (410 ер адам және 44 әйел).

КСРО тараған соң қырғыз, өзбек, тәжік халықтарының егеменді мемлекеттері құрылғанына қарамастан, Қытайдан өз тарихи Отандарына тек қазақтар ғана орала алады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына ұсынған мәліметтері бойынша, 1991 ж. 2013 ж. 1 қазанына дейін Қазақстанға 250 803 жанұя немесе 933 396 шетелдік қазақ көшіп келіп, оралман мәртебесін алды. Оралмандардың 14 пайызы Қытайдан келгендер. 2013 ж. -дың тек 9 айы ғана ішінде ғана мемлекеттік квотаның тоқтатылғанына қарамастан, Қазақстанға 10 666 қазақ жанұясы құрамындағы 20 703 адамымен көшіп келді, қоныс аударғандардың 22 пайызын Қытайдан көшкендер құрап, бұл көрсеткіш жөнінен олар екінші орын алды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бақылаулары бойынша, ұлттық кемсітушілікке, келешек дамудың жоқтығын сезінуге байланысты көшуге ұмтылушылық шығармашылық қазақ интеллигенциясына, жоғары білімді мамандарға, жас буын өкілдеріне тән болып отыр. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен, оны халықаралық қауымдастықтың мойындауымен, шекараның ашылуымен бірге қазақ қауымында қалыптасқан көтеріңкі көңіл-күй билеген ХХ ғ. 90-жылдарындағы оралмандарға қарағанда, қазіргілер Қазақстанға қоныстанғанға дейінгі және қоныстанғаннан кейінгі күтетін қиындықтардың бәрін алдын-ала біледі. Олардың көпшілігі Қазақстандағы 2013 жылғы азаматтық алуға байланысты өзгерістерден хабардар, біразы ҚР-ға көшуге қолайлы сәтті күтуде, кейбіреулерінің іркілуіне Қытайдағы халықты әлеуметтік қорғау шараларының үздіктігі себепші болуда.

Монғолиядағы қазақтар антропологиялық cипаттамаcы жағынанда ана жұрттағы ағайындарымен бірдей болуы олардың бір тектілігінің бұлжымаc дәлелі екені айқын. 1993 жылдың мамырында танымал антрополог О.Смағұлұлының жетекшілігімен Баян-Өлгий қазақтары араcында жүргізген антропологиялық зерттеу үш түрлі бағытта-cоматология, одонтология, дерматология бойынша олардың антропологиялық ерекшелік сипаттарына алғаш ғылыми негізде анықтады. Зерттеу нәтижелері «Моңғол Алтай аймағында өмір сүріп жатқан қандастарымыз өздерінің жалпы морфологиялық фенобейнесі жағынан атамекендегі қазақтармен антропологиялық тұтастығын сақтап қалғаны сондай, бұларды тек аралас тураноид расаның қазақстандық вариантының біртұтас өкілі деп санай аламыз [82].

1905 жылы бұл өлкедегі қазақтардың адам саны 1370 түтін болды. Қазақтардың адам саны туралы кейбір деректерде қазақ ауданның шаңырақ саны 3834, адам саны 18699 бұдан ерлер 7690, әйелдер 9733, молда 1276 делінген. Қобда аймағына қарасты болған 1938 жылдары бұл аймақтың, барлық адам санының 33% немесе 21000 қазақ адам, 4300 түтін 3 аудан, 9 сұмын /үшінші дәрежелі әкімшілік бірлік/, 74 бақ /төртінші дәрежелі әкімшілік бірлігі/-қа бөлінді.1939 жылы қазақтың барлық саны 24956 адам болғаны байқалады.

Баян-Өлгий аймағы құрылған 1940 жылы аймақтық әкімшілік бірлігі 10 сұмын, 71 бақ, 8000 шаңырақ 33300 адамнан құралған еді. Бұл кезде аймақтың барлық адам санының 78% немесе 22788-і қазақ адам болған. Адам санағының 1963 жылғы мәлімдеметіне қарағанда 47,7 мың қазақ /ерлер 24,1 мың әйелдер­ 23,6 мың/, елдегі адам санының 4,7%-і қазақтар иеленген. Моңғолияда 1965 жылы жүргізілген халық санағы бойынша ел көлемінде 36700, немесе, барлық жан санының 4,3% қазақтар екендігі белгіленді. 1969 жылға дейін қазақтар қарқынмен өсіп елдегі адам санының 5,2%-ін иеленеді, саны 62,8 мың /ерлер 31,8 мың, әйелдер 31 мың/ қазақ болған еді. /100/ 1979 жылғы адам санағы бойынша қазақтар 84,3 мың /ерлер 42,8 мың, әйелдер 41,5 мың/ болса, 10 жылдан кейін 1989 жылы қазақтар саны 120506 жетіп (ерлер 61144, әйелдер 59362) Моңғолияның барлық адам санының 5,9%-ін иеленді . Олардың 82750-ы Баян-Өлгий аймағында болса, басқа 17 аймақ 3 қалада 37756 қазақ (қазақтардың 31,3%-і) тұрды. Кейінгі кездерде қазақ тұрғындарының өсімі кеми түскен. Қазақтардың негізгі бөлігі мекендейтін Баян-Өлгий аймағының тұрғындарының демографиялық жағдайына сараптама жасау олардың жаңаша қалыптасуы мен демографиялық көптеген мәселелеріне жауап береді. 

1989-2013 жылдар аралығында Моңғолиядағы қазақтардың демографиялық көрсеткіштері өте көп өзгерістерге душар болды. Моңғолияның 2012 жылғы халық санағы мәліметтері бойынша, елдегі барлық қазақтардың саны 101526 (3,86%) адам болды. Олар Монғолияның 21 аймақ 3 қаласында 140-сұмында соның ішінде 90-нен арта пайыздан астамы Батыс Моңғолияда, ал Баян-Өлгий аймағының 90 пайызын иеленеді.

Алтай тауының теріскей бетін мекендеген қазақтардың тарихы 1771-1921 жылдар. Қазақтардың бір бөлігі XVІІІ ғасырдың бас шенінен бастап Алтай тауының теріскей бетіне қоныстанады. Қазақтар ішінде рулық-әкімшілік жүйе сақталып, жантекей, шеруші, қарақас ру бөлімдері өз рубасылары үкірдай, амбылар билік етіп, қазақтардың біртұтас әкімшілік жүйесін құрады. 1905 жылы Алтай аймағы құрылған соң Алтай тауының күнгей, теріскей бетіндегі қазақтарды оған бағынатын болған. Қобда бетіндегі қазақтар сол жылдарда біршама уақыт берекелі өмір сүрді. Сол дәуірді Ү. Ақыт қажы «алшаңдап азғантай жыл кеңдік көрген”, “бір-бір үй бір-бір ауыл болып”, «толықсып бақ дәулетке толды” , - деп сипаттап, бұдан кейін халықтың бейбіт өмірі бұзылғанын айтады. Алтай, Қобда өңіріндегі халықаралық шиінелісті жағдай біршама саябырлаған шақта Қобда қазақтары “Жалама айдаған” деген ауыр оқиғаға душар болады. 1913 жылы шілдеде Қобда қазақтарының өкілдері Жавзандамба Боғда ханға хат жолдап, Сыртқы Моңғолия құрамына кіруге дайын екенін білдірді . Оған Сыртқы Моңғолия Ресей ықпалында болуы әсер етті. Сонымен қатар, 1914 жылғы қыркүйектің 8-інен 1915 жылғы маусымның 7-сіне дейінгі Ресей, Қытай мемлекеті, Сыртқы Моңғолия арасындағы келіссөзде, моңғолдар тарапынан кіргізген жобада «...қазақ... қатарлы жерлер Моңғолия шекарасына сиысады” - дегенді белгілеп кіргізеді. Сөйтіп, 1911-1921 жылдар аралығында Қобда бетіндегі қазақтар бейтарап қалып, іс жүзінде өзін-өзі биледі. Аса аумалы төкпелі осы дәуірде қазақ атқа мінерлері әрбір оқиғаға көзтігіп өзінше қорытынды жасап, ұлттық, рулық биліктен айырылмауға тырысты.

1921-1940 жылдар. Қазақтар Қобда бетіне өтіп қоныстанғаннан кейінгі 100-ге тарта жыл өтіп, бұл өлкеге бекем табан тіреген мезгілде қызыл төңкеріс аласапыраны келіп жетті.1921 жылы Моңғолияның батысына ақтар әскері келсе, соңынан қызылдар қуа келіп қақтығыстар басталды. Қобда қазақтары бұл оқиғаға басынан аяғына дейін бел ортасында жүріп қатысты. Бұл оқиғаға қазақтар белсенді қатысу нәтижесінде өздері мекендеп отырған жерлерде ірі әскери қақтығыстың тез аяқталып, ел тыныштық алып, бейбіт өмір орналуына өзіндік үлесінқосты.

1921 жылы Сыртқы Моңғолияда жаңа өкімет құрылып, ақтар мен гоминдан әскерінен тазартылды. Осы кезде Қобда қазақтары шеруші, ботағара, қошақ деген үш хошуыннан құрылып, қазақ тникалық тобының арқауы болды.1924 жылы Моңолияның тұңғыш ата заңын қабылдап, барлық азаматтар ұлтына, дініне, жынысына қарамай барлығы сөз сөйлеуге, баспасөзге хабарлауға, оқып білім алуға, одақ құруға, жиылыс жасауға, 18 жасқа толған, еңбегімен күн көруші сайлауға, сайлануға толық құқықты деп көрсетті. 1928 жылы Ақбалшықта қазақ мектебі ашылуы ілгерілеушілік шара болды. Халықты екі жікке бөліп, қанаушы делінгендердің құқығың шектеп, қаналған дегендерге теңдік берілді деп олардың арасында жасанды шинелісті өрістетті.1928 жылдан бастап қазақтар арасынан адамдар ұстала бастады да, бұл үрдіс 1949 жылға дейін жалғасты. Оған ру басы, бай, молла, би, зиялылар, өкімет белсенділері т. б. қамтылып, қазаққа тым қатал тиіскенін соңғы кезде зерттеу жасаған моңғол ғалымдары да мойындап отыр.

1930 жылы МХР-дың территориялық жаңа әкімшілік бөлісі туралы заң бекітілді. Қазақтың Шеруші, Ботағара, Шұбарайғыр, Қошақ, Байқадам хошуынын 3-ке бөліп, Шеруші хошуынын Бақат, Құрман, Саңырау; Шұбарайғыр хошуынын­ Ботағара, Шұбарайғыр, Қошақ сұмыны құрылып, Байқадам хошуыны сұмынсыз хорин болды. МХРП ОК-і басқармалары қазақ ұлттық мәселесін 1938 жылы екі қайта саралады. Онда жергілікті әкімшілік орнату, өндіріс, сауда орнын құру, халықтың тұрмысы мен мәдениетін арттыруға арналған шаралар белгілгенімен нақты нәтижеге жетпеді. 1938 жылдан қазақтың әкімшілігін ру атымен емес жер-су атымен атауға шешім шықты. Қазақтар Хужирт, Цагаангол, Дэлүүн, Толбо, Улаанхус, Цагааннуур, Баяннуур, Сагсай т. б. жер-су атымен аталған әкімшілік бірліктерге бөлінді. Бұл қазақтың қандастық-рулық бірлігін ыдыратып, ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүрлер, ұлттық мінезіне кері әсер етіп, мәңгүрттер көбейіп, сорақы жат көріністер бой көрсетудің басы болды.

Қазақ ұлттық аймағының құрылуы. Қандай бір мемлекеттің құрамындағы ұлт, этнос, этностық топтың ұлттық құқығы, мүддесін қастерлеу, сақтауы сол мемлекеттің қоғамдық-шаруашылық дамысы, демократиялық деңгейі, адам құқығы, пікір алуандығы жағдайына көп жағынан қатысты болып келеді. Қазіргі заманда өркениетті елде жеке адам, азаматтың азаттығын, еркіндігін, бас бостандығын қастерлеу жай бір қалыпты дәстүрге айналған. Ұлттардың ерекшелігі, өмір кешу дәстүрі, тілі, мәдениетін сақтап, қажетіне асыруды қамтамасыз етуде сол мемлекет халықаралық деңгейде қабылданған құқықтық-заңдық негізде нақты дұрыс саясат жүргізу қажеттігін тудырады. Мемлекеттерде ұлт мәселесін шешудің шағын санды басқа ұлт өкілдерінің ұлттық бостандығын заң аумағында шешіп, шаруашылық, мәдениет, шетел қатынасы, көші-қон мәселесінде есте ұстау қажет болады. Оны заңдық және саяси жағынан іске асыру үшін әрбір ел өзіне сәйкес бағыт таңдап алуға тура келеді.

Моңғолияның батыс өлкесіндегі қазақтардың қоғамдық өмірінің дамысын қамтамасыз ету, экономикалық, материалдық негізін қалау үшін олар шоғырланған өлкеде қазақтың ұлттық, әкімшілік-территориялық бірлігін құру мәселесі өмірден туындады. Сөйтіп, МХР-сының VІІІ құрылтайынан елдегі қазақтардың талап тілегін орынды қабылдап, олардың саяси, экономикалық жағдайы толықтанғанын назарға ала отырып, қазақтың автономиялы жеке дара аймағын құру туралы тарихи маңызды шешім қабылдады. 1940 жылы маусымның 25-інде МХР-сының кіші құрылтайының Басқармаларының Қазақ аймағын құру туралы жарлығы қабылданып, бұл елдің ерекшелігіне сай қазақтардың өзін-өзі билеу құқығын ұлттық әкімшілік-территориялық бірлік ретінде мақұлдап, қазақтардың талап-тілегін орындап іске асырды. Баян-Өлгий қазақ ұлттық дербес аймағы құрылуы Моңғолияның ұлт саясатындағы игі қадамы болып есептелумен бірге қазақтардың шаруашылығы мен мәдениеті ілгерілеп, рухани дамуында шешуші рөл атқарды.

1940-1950 жылдары қазақ аймағы дара шаңырақ көтеріп, әкімшілік-территориялық және басқару жүйесі қалыптасты. Бұл он жылдықта халықты сауаттандыру, денсаулық сақтау, мектеп пен мәдениет ошақтарын құру салаларында игі қадамдар жасалынды. Ұлттық клуб құрылып, барлық сұмындарда бастауыш мектеп, Өлгий қалсында 7 жылдық мектеп ашылды. Қазақ тіліндегі “Жаңа өмір” газеті басылып шыға бастауы рухани өмірдегі игі қадам болды. Кәсіптің басты көзі мал шаруашылығы болып қала берді. Егіншілікке жаңа қадам жасалып, жүн жуу мекемелері істеді.Қазақтар 2-ші дүниежүзлік соғыстың ауыртпалығын көре отырып, Кеңес Одағына ел халқы мен бірге көп көмек көрсетті.

1950-1960 жылдары қазақ аймағында білім беру жүйесі толық қалыптасып, алғашқы онжылдық түлектері мектеп бітірді. Ұлттық жоғары маманды зиялылар университеттер бітіріп, почта, телофон қатынасы жүйеге келіп, электр станциясы салынды. Қазақ музыкалы драма театры құрылып, әдеби “Жаңа талап” журналы шығуы рухани өмірдегі ең ірі табыс болды. Ауыл шаруашылығы бірлестіктендірілді /коллективизация/. Өлгий қалшыққа айналып, өсе түсті. Аурухана, клуб, мектептер салынды. Ұлттық мамандар барлық сал бойынша дайындалып, қазақ жастары шет елдерге оқуға аттанды.

1960-1970 жылдары қазақ аймағында мал шаруашылығын дамыту мен құрылыс, жол салу, сауда, байланыс жүйесі біршама ілгерледі. Өлгий қаласында ірі құрылыстар салынды. Қазақ өнерімен мәдениетінің он күндігі астанада өтіп, қазақ халқының мәдениеті, жетістіктерін тамашалатты. 1970-1980 жылдары қазақ аймағында экономика, білім беру, денсаулық, мәдениет, өнер, әдебиет сияқты барлық салаларда барынша қарқынды дамыды.

1970-1980 жылдары қазақ аймағында экономика, білім беру, мәдениет, өнер, әдебиет сияқты барлық салаларда барынша қарқынды дамыды. МХРП-ның Баян-Өлгий аймақтық XV конференциясы 1976 жылғы 5-ші айда болып партия комитетінің бірінші хатшысына Л. Хүрлээ деген моңғол адам сайланады. Ол қазақтың салт-дәстүрі байырғы қалпында екен деп қазақ киіз үйінің ою-сызуын құрту, қазақтарға моңғол киімін кигізу, Қазақстан баспасын тапсырып оқуды азайту, қазақ тілі, мәдениетін жоюға бағытталған істер жасап, “ескі салт дәстүрді жойып”, өлкеде театр, мектеп моңғол тілінде болу, ересектерге моңғол тілін үйірететін курс ашу, Баян- Өлгий аймағының ұлттық ерекшелігі дегенді еске алмаңдар деген мәселелер шығарады. МХРП ОК-і Баян-Өлгий аймағында “интернационалистік тәрбиеге мән берілмеген баспа, радио, концерт, музей сияқтыларды моңғолша ойнау, жазу ісі аз екен, Баян-Өлгийліктер орталық /моңғол/ баспаларды нашар пайдаланып, орталық радионы аз тыңдайды екен. М. Д. Театр тек 12 пьеса / қазақ тілінде/ ойнапты” т.б. мін тағады. МХРП ОК-нің саяси бюросының “интернационалдық пәрмендендіру” туралы 149-шы қаулысы осы елдегі қазақтарды “ұлт ретінде жоюға бағытталған аса қауіпті саясат еді” деп жазады, тарихшы, әрі сол кездегі аймақ әкімі А.Сарай [83]. 

1980-1990 жылдары қазақ аймағында экономика, білім мен мәдениет ілгерлеп, Өлгий қаласы жаңа құрылыс үйлерімен толығып, көршілес елдердің шекаралас өлкелерімен қарым-қатынас жасалына бастады.

1990-2012 жылдары қазақ аймағында көп партиялық құрылым орнап, демократияға көшті. 1990 жылдардан Моңғолиядағы қазақтар елдің саяси, экономика, мәдени өміріндегі демократиялық өзгерістерге атсалысты. Әсіресе, 1991 жылғы қарашадан 1992 жылғы ақпан айы арасында қаралған Моңғолияның жаңа ата заңын талқылау кезінде қазақ өкілдері қазақтың ұлттық құқығы мәселесіне ата заңда лайықты маңыз берілмегенін сынап, сондай бап кіргізуді талап етсе де, қазақтардың өзін-өзі басқару құқығы туралы демократиялық принциптер көрініс таппай қала берді. Ауыл шаруашылығы жекешендіріліп, өндірістер сатылып нарықтық қатынасқа түсті. Білім беру, мәдениет, өнер мен әдебиет барысы тұйыққа тірелді. Бірақ, қазақтың тіршілікке, сән-салтанатты өмірге деген құлшынысы, қайраты толастамай, күдікті үміт жеңіп, болашаққа сенімі арта түсуде. Моңғолияда әлі де аз емес қазақтар байырғы мекенінде барлық ұлт өкілдерімен бір кісінің баласындай, бір қолдың саласындай, бейбіт тыныш өмір кешіп, саналық пен парасаттылық көрсетуде. Олар туған елінің игілігіне кызмет етумен қатар, ұлттық тіл мен мәдениетті түлетуге, Қазақстан мен рухани-мәдени байланыстарды онан ары жақсартуға атсалысуда.

Моңғолия мемлекеті, үкіметі тарапынан елдің тәуелсіздігі, қоғамдық-экономикалық, мәдени құрылысына мұндағы қазақтар үлкен үлес қосқанын біледі, әрі жоғары бағалап келгенін де, айтып өту керек. Мемлекет, үкімет, партияның басшы органдарында да қазақтар қызмет атқарып, еңбек етіп, білім мен күш қайратын жұмсады. Мемлекет пен өкімет тарапынан республиканың тәуелсіздігі мен халық шаруашылығын құрудағы қазақ ұлт өкілдерінің еңбегін жоғары бағалады [84].

Қазірде Монғолиядағы қазақтар саяси беделді халық ретінде Моңғолия мемлекеті өмірінің барлық саласына бар күш-қуатын арнап, аянбай еңбек етіп жатыр. Монғол Халық Ұлы Хуралының мүшелері А.Бакей, А.Тілейхан, вице-министр Х.Ержан мемлекет пен үкіметтегі қазақ өкілдері болып саналады. Монғолия қазақтарының ішінен туып шыққан көрнекті діни қайраткер, Ислам әлеміне Моңғолияны танытқан, дарынды дипломат, 1990 жылдан Халық Ұлы Хуралының депутаты, Мемлекеттік Кіші құрылтай мүшесі мен МҰҚ мүшесіне сайланып, 1992 жылы Монғолияның Демократиялық алғашқы Ата заңын қабылдауға, қазақ этникалық тобының мүддесін қорғауға тікелей атсалысқан саясаткер, Моңғолия Мұсылмандар Одағының төрағасы Сайран қажы Қадырұлы және Монғолия қазақтары арасынан Моңғолдың тұрақты Парламенті, Мемлекеттік Ұлы Құрылтайға екі мәрте сайланған мемлекет, қоғам қайраткері, көрнекті жазушы, аудармашы, дипломат, белгілі ғалым, Моңғолияға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Моңғолия жазушылар одағының сыйлығы мен шет елдік орден иегері Сұлтан Тәукейұлы сынды азаматтар осы елдегі қазақтардың бет бейнесі , келбетін байқатады.

Қазақ халқы ежелден рухани байлыққа кенде емес, ғылыми ой санамен де әлемге мәшһүр.Сол қазақтың ат төбеліндей Моңғолиядағы тобы да туған халқының ғылыми ой сана жетістігіне ие болып, өздері де шама шарқына сәйкес үлесін қосып келді деуге негіз бар. Моңғолиядағы қазақтар оқу ағарту, мәдениет, әдебиет, театр, музыка, бейнелеу өнері қатарлы салаларда қазақ рухани қорына өзіндік айшығы бар үлгілерін берді. Сонымен бірге олардың арасынан ғылым, ғылыми ой сана даму саласында да өзіндік ерекшеліктері бар туындылар берген ғылыми еңбектерімен танымал болған ғаламдар туып шықты.Қазақ ғалымдары қатарынан мол ғылыми еңбектер жазып, ғылымға сүбелі үлес қосып жүргендері де баршылық.

Қазіргі дәуірде Моңғолияның халық мұғалімі, Моңғолия Ғылым Акедемиясының акедемигі, физика математика ғылымдарының докторы, профессор Мекей Әбішұлы, Моңғолия ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, академик, т.ғ.д, проф Ислам Қабышұлы, Моңғолияның Еңбек ері, халық дәрігері, мемлекеттік сыйлықтың иегері, м.ғ.д, проф, атақты нейрохирург Хайрулла Жалелұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, м.ғ.д. проф, даңқты нейрохирург Ануарұлы Нота, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, техника ғылымдарының докторы, проф Саған Қинаятұлы, мемлекет қайраткері, бригада генералы, доктор, проф Жекей Халидолдаұлы, Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, м.ғ.д, проф, атақты әскерихирург Анаргүл Қаусылғазықызы, Монғолияның еңбек сіңірген қайраткері, м.ғ.к, проф, белгілі онколог Асай Рәмішұлы, Монғолияның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымның докторы, проф Зүлькафиль Маулетұлы және биология ғылымның докторы, проф Бекет Ұлықпанұлы, экономика ғылымның докторы Ықанбай Қыжабаұлы, белгілі кибернетик ғалым, доктор, проф Төлеу Оспанұлы, физика -математика ғылымның докторы, белгілі ядролық физика ғалымы Цоохүү Қинаятұлы, проф М.Әлей, проф Х.Ақсолтан, проф А.Бакей, проф Ш.Гүлнар, проф Х.Жекей, проф А.Мұратхан, проф Т.Нығымет, проф А.Хауымдас қатарлы дарынды ғалымдарды атауға болады.

Бұлармен қатар олардың соңынан ере шығып, ғылымның сан алуан саласынан кандидаттық еңбек қорғаған қазақтармен толықты. Олар: Қауланбек Ақмәдиұлы, Кани Кәбди, Намхай Қабдылұлы, Күлжамиш Тотилақызы, Озила Мусаханқызы, Сайполда Тоқтарбайұлы, Алтангүл Болатқызы, Айбек Қамқашұлы, Бақытгүл Бекболатқызы, Бұлбұл Аумаханқызы, Алаубек Абдилұлы, Еділхан Қонысбайұлы, Еркін Магадұлы, Өнерхан Есболдыұлы, Жеңісгүл Қабдылғазқызы, Зүльфикар Сарқытұлы, Қиналған Жылқыайдарқызы, Бітімхан Саматұлы, Д.Саулегүл, К.Хабылболат қатарлы бергенінен берері мол қазақ ғаламдары ғылыми жұмыстармен шұғылдануда.

Моңғолия еліне еңбек сіңірген ұшқыш, Таштуан, ақын жазушылар Қ.Тойлыбай. Т.Сұлтан, Р.Шынай, М.Зүлькафиль, Р.Сұраған, Б.Монголхүү, Қ.Байыт Монғолияның Еңбек сіңірген әртістері Қ.Чапай, Қ.Өсерхан қатарлы өнер бұлбұлдары, әлемдегі қазақ ұлтының арасынан тұңғыш рет Олимпиадаға қатысқан әйел Алданыш Рамазанқызы, атақты күш иесі О.Бақыт қатарлы қазақтың атын әлемге әйгі еткен спортшылар бар.

Монғолия қазақтары және көші-қон жайы.1921 жылдан соң Қазақстан мен арадағы қатынас кеңейе түсті. Моңғолиядағы қазақтар соңғы 90-нан астам жыл Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста болуы олар үшін құнды тарихи үлкен мүмкіндік болды. Төрткүл дүниеге аты әйгілі, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Моңғолияға жасаған ресми сапарлары бауырластары үшін аса маңызды тарихи оқиға болды.

Көші-қон, немесе миграция, жалпы адамзатқа тән құбылыс. Қазіргі белгілі бір ұлттар мен ұлыстардың сол өлкелерде қалыптасуының құбылыстық нәтижесі. Қай бір ұлт болмасын миграциясыз өмір кеше алмайды. Миграциялық қозғалыс кейде үлкен толқын ретінде көзге түссе, кейде белгі бермейді. Адамзат нәсіл, ұлт, тайпа, ру т.б. бөлінуі өмір тірлік заңдылығынан туындаған құбылыс болып саналады. Әрбір ұлттың өз ғұмырында өзіндік дамудың ішкі заңдылықтары оны алға сүйретеді. Ал, миграция болса сондай ішкі зағдылықтың сыртқа көрініс беретін бір түрі, даму заңдылығының басым көбі тылсым күйінде, тұңғиық сырды іште сақтап қала береді. Шетелдерден, соның ішінде Моңғолиядағы қазақтар Қазақстанға көшіп келуі ұлт өмірінің ішкі даму заңдылығының нәтижесі болмақ. Қазақтар алыс, жақын шетелдерде, тіршілік етіп, саяси, қоғамдық ортасы басқа болғанына қарамастан ұлтымыз біртұтас организм ретінде өмір кешіп келе жатқандығының айқын белгісі болды.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған кезден бастап қазақ халқының тарихында жаңа кезең басталды. Еліміздің тарихында ұзақ жылдар бойы айтылмай келген, зерттелмей келген мәселелерді жан жақты ашық айтуға, бұрын жабық болып келген тақырыптарды еркін талқылауға, өткен оқиғаларға жаңаша баға беруге мүмкіндіктер пайда болды, соның ішінде алыс және жақын шет елдердегі қазақ диаспорасын зерттеуге ерекше көңіл бөліне бастады. Қазақ халқының тарихында ұзақ уақыт ұмыт болып келген мұраларды қалпына келтіру, осы уақытқа дейін жабық мәселелердің бірі болып келген алыс шетелдегі қазақтардың тарихы, саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, ұлттық психологиясы мен дүниетанымы, тұрмыс салтының сақталуы мен өзгеруі, өзге этникалық ортаға байланысты мәдениетіне енген өзгешеліктері жан-жақты зерттеле бастады.

Алыс шет мемлекеттерде қазақ диаспорасының басым көпшілігі 1920-1930 жылдары ашаршылық, қуғын-сүргін, ұжымдастырудың кері салдары, басқа да түрлі себептерге байланысты отандарын тастап кетуге мәжбүр болған, соның ішінде қазақтар алыс шет мемлекеттер болып саналатын Қытайға, Моңғолияға, Иранға және Ауғанстанға қоныс аударған. Қазақ халқының бір бөлігі осындай тарихтың аласапыран жылдарында тағдыр тәлкегіне ұшырап, небір қиыншылықтарды бастарынан өткізіп, Қазақстанның батыс аймағы Маңғыстаумен теңіз арқылы көршілес мемлекет болып саналатын Иранға қоныс аударды.

1927-1928 жылдың қысында, одан кейінгі жылдарда да жұттан күйзелген Маңғыстау халқының көпшілігі көршілес Красноводск, Байрамәлі, Тедженге қоныстанды, одан әрі Түркменстан жері арқылы Иранға босқындыққа түсті. Сөйтіп, халықтың басына түскен ауыртпалық осы 1927-1928 жылдың жұтынан басталды. Жұтқа қоса үкіметтің орталықтандырылған ет және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және салық саясаты қосылды.

1928-1929 жылдың қыс айларында Маңғыстау халқы жүн, тері, сүйек, шүберек жинап тапсыруға міндетті болды. Салықтың мөлшері тым көп, өтеу мүлде мүмкін болмады. Сондықтан қыстың қақаған аязында ұлыған боранға қарамай қой қырқылды, түйе күзелді. Бүкіл қиындықтарға қарамастан Маңғыстау ауданында салықты жинау артығымен орындалды.

1928 жылдың 27-тамызында Республикалық атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде «Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу» туралы қаулы қабылданады. Осыдан соң үлкен байлар, содан кейін кішігірім байлар, орта, әлді шаруалардың мал-мүлкі тәркілене бастады. Маңғыстауда ірі байларды тәркілеу 1929 жылы басталды [85].

1931 жылғы аяусыз қырғын адай халқына жан кешті қырғын, саяси қуғын-сүргін, геноцид әкелді. Елді түрлі шұбырынды, босқыншылыққа душар етіп, қасіретті қайғыға ұшыратты. Босқындар мен ауа көшкендер Түрікмен жері мен Қарақалпақстан арқылы әрі қарай шет елдерге - Ауғанстан мен Иранға өтіп кетті.

Сол кездегі халықтың дәстүрлі шаруашылығының күйреуі, науқандар кезіндегі зобалаңдар, шаруа қожалықтарын кәмпескелеу, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, шаруаларды жазықсыз жалған жалалармен мен айыптаулар туындатқан босқыншылық салдарларынан Иран мемлекетінде қазақ диаспорасы пайда болды.

Ирандағы қазақ диапорасы бұрынғы заманнан сол елді мекендеп келе жатқан халық емес. Үкімет тарапынан жүргізілген қуғын-сүргіннен және аштықтан қорыққан қазақтар республикадан тысқары жерге және шетелге жаппай көшуге, өздерінің туып-өскен жерінен безуге мәжбүр болды. Сол кездері Маңғыстау аумағынан көшкен қазақтар Иранға қоныстанып, онда Мазандаран облысының Горган, Бендер-Түрікмен, Гомбед деген үш қалада шоғырланды. Қазіргі уақытта аталған үш қала Мазандаран провинциясынан бөлініп, жаңадан 1997 ж. құрылған Гүлістан провинциясының құрамына қосылды [86].

Жаңадан құрылған Гүлістан облысының орталық қаласы Горган болып отыр [87]. Гүлістан провинциясы Каспий теңізінің оңтүстік шығысында орналасқан. Солтүстікке қарай Түрікменстанмен, оңтүстікте Иранның Семнан провинциясымен, шығысында Хорасан және батысында Мазандаран провинциясымен шектеседі. Сонымен қатар үш таулы аймақ, жазықты жерлері бар. Қазіргі қазақтар тұратын Гүлістан провинциясының жалпы көлемі 22,000 км2. 2002 жылғы санақ бойынша Гүлістан елді мекенінің халқы шамамен 1 600 000 адамнан тұрады, оның ішінде 58,7% қала тұрғыны, ал 41,3 % ауыл тұрғыны, аталған провинция 11 қала, 18 кішігірім қала, 16 аудан және 45 шағын ауылдардан тұрады.

Гүлістан провинциясында тұратын қазақтар үш қалада орналасқан: Горган, Бендер-Түрікмен және Гомбед-Кабус қалалары. Горган қаласы Гүлістанның орталығы, жалпы көлемі 16152 км2 жерді алып жатыр, халқының саны - 358 877 адам. Географиялық құрылысы биіктікте орналасқандықтан ауа-райы құбылмалы, таудың шыңдарында салқын, тау самалы мен ылғалдылығы тау етегімен орталық аймағында ауысып тұрады. Осы аймақта қазба жұмыстарының нәтижесінде өте ежелгі заманғы провинцияның әр түрлі тарихи кезеңдеріне жататын ескерткіштері табылған [88].

Горганнан кейінгі екінші маңызды қала болып саналатын Гомбед-Кабус қаласы. Ол Горган өзенінің сол жағалауында, ежелгі қала Горган немесе Джурджандтқа жақын орналасқан. Осы қаланың негізгі халқы болып түрікмендер саналады. Гомбед-Кабуста күріш, мақта тазалайтын және май жасайтын заводтар орналасқан. Қала тұрғындарының саны тез өсуде. 1956 жылғы санақ бойынша тұрғын халықтың саны 18 747 адам болса, 1966 жылы 40 807 адам, 1971 жылы 55 000 адамға жетті». Қазіргі кезде бұл қала 5 071 км2 жерді алып жатыр және 275 649 тұрғыны бар. Гомбед-Кабус қаласының ежелгі тарихи және туристік көрнекті жерлері бар.

Тағы бір қазақтар тұратын белгілі қалалардың бірі - Бендер-Түрікмен. Бұл қала Гүлістан провинциясының батыс бөлігінде Каспий теңізінің жағалауында орналасқан, аумағы1 576 км.кв., халқының саны 121 533 адам, көпшілігі-түрікмендер. Теңіз жағасындай әдемі көрінісі бар, әр түрлі жеке қолөнері дамыған қалалардың бірі. Сан ғасырлық тарихы бар Иран мемлекеті-көп ұлттар, халықтар, әр түрлі діндер мекені болып саналады. Гүлістан провинциясының халықтарының тілі, діні әр түрлі, сонымен қатар Гүлістан провинциясының, жалпы Иран мемлекетінің тұрғындары бейбітшілік пен татулықта өмір сүреді.

Ирандағы қазақ диаспорасы 1929-1930 жылдардан бері тұратын 5 мың иран қазақтарынан және 1980 жылдардағы әскери оқиғалардың кезінде Иранға орналасқан 5 мың Ауғанстаннан қашқан қазақ босқындарынан құралды [89]. Иран қазақтары этникалық құрамы жағынан кіші жүз қазақтарына кіреді. Қазіргі барған жеріне осы кіші жүз тайпалары орналасқан жерден ауып барғандар. Кіші жүздің Табын, Әлім руларынан да кездеседі, бірақ негізінен адайлардың төрт атасы-Жеменей, Көрпе, Тіней, Құнанорыстар өрбіп-өсіп жатыр [90].

Сөйтіп, шетелдегі қазақтар басқа этникалық кеңістікде уақыт өте әлеуметтік-экономикалық, құқықтық жағдайлары бір қалыпты арнаға түсіп, жергілікті этностың қарым-қатынас тілін үйреніп, соның ішінде парсы, көрші түрікмен мәдениетін құрметтей отырып, үздіксіз еңбектену мен үйрену нәтижесінде жұмыс істеп, бірте-бірте қоғамға, қызметке араласып, түзеліп, қоршаған ортаға бейімделу процесі барысында өзінің рухани дүниесіне, ұлттық болмысына назар аудара бастайды.

Қазақтар Иранда қазақ мақалласын (ауылын) құрап отыр. Иран қазақтары бастапқы жылдары тек күнкөрістің ғана қамын ойлап, әр түрлі кәсіппен айналысып, бір жапырақ нан үшін тіршілік кешті. Көшіп келген кезінде Горган қаласынан жан-жаққа тас жолдар салынып жатқан болатын, күнделікті табыс үшін қазақтар сонда жалданып, жұмыс жасады, арасында саудамен айналысқандар да аз болған жоқ.

Иран қазақтары балаларын 1950 жылдарға дейін мектепке беруге мүмкіндіктері болмай сауат аша алмады. Тек 50-ші жылдардан кейін есін жиып, әр түрлі салаларда мамандықтарды игере бастады. Олардың көбі машина жөндеу, үй құрылысы, көпір салу, жүк машинасын жүргізу, ұн тартатын фабрикалар, егін шаруашылығымен айналысты. Горган мен Бендер-Түрікмен қалаларындағы жүк тасу синдикаттарында қазақтардың не 16, не 24 тонналық ауыр жүк машиналары тізіліп тұратын. Осы тұста Горган қаласының жүк тасымалдау синдикатын алғаш қазақтар ашқанын айта кеткен жөн [91].

Шетелдегі қазақ диаспорасы қанша қиыншылықтарды бастарынан өткерседе өмірін тек елге деген сағынышпен өткізген, ұрпағының бойына қазақылықты, қазақтың тілі мен ділін, қасиетті дінін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін сіңірген, өздерін қазақ ұлтының құрамдас бөлігі ретінде сезініп тәрбиелеген. Сондықтан тағдырдың жазуымен туған топырақтан шеттеп кетуге мәжбүр болған ата бабаларымызбен олардан тараған ұрпақ жасаған мол рухани қазынаны жинақтап және сақтап, ата жұртқа және барша әлемге таныстыру аса маңызды шаруа. Халқымыздың игі дәстүрлерін сақтап қалған шетелдегі қазақтар тарихи отанына оралып ұлтымыздың тамаша қасиеттерін тірілтуге, салт-дәстүрлерімізбен әдет-ғұрыптарымыздың, тіліміздің мәртебесін көтеріп қайта жаңғыртуға көп ат салысары сөзсіз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет