1.2. Абай өлеңдері – мәңгілік тақырып.
Ақын ұғымында білім мен білгіш сөздері де екі түрлі мағынада екендігін аңғардым. «Байлар жүр жиған малын қорғалатып» өлеңінде [6] білгіш сөзінен сұм-сұрқия, қу сөздерінің мағынасын айқын аңғарамыз.
Сұм, сұрқия, қу, білгіш атанбаққа,
Құдай құмар қылыпты қалжыратып.
Білім сөзі ақын қолданысында тек пәнді игеру мағынада ғана емес, әр білім саласының дара ұғымына, өлшеміне ие болып та келеді. Мәселен, ұлы Абай қасиетті сөз киесін құрметтемеуді білімсіз бейшараға балайды.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.
Абайша айтқанда, білімді болу – сөздің сарасын сезе білу. Сөзді былғау, ардақ тұтпау, орынсыз көсілу – бейшаралық, ақынға тән емес қылық. Және де:
Кісімсінген, жеп кетер білімсіз көп,
Жіберсем, өкпелеме көп жамандап,
– дейді «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлеңінде [6]. Яғни, адамға жат кісімсіну, ақыл сөзге ынта танытпау, бос мақалдау, тілді мал үшін безеу, сол үшін жанды жалдау, біреуді алдап, біреуді арбау, мақтау өлең айтып, сөз қадірін кетіру, көр-жерді өлең ету, әншейін күн өткізбек ниеттегі әңгімелерді құлай тыңдау, мақтан қуу, мал құмарлық, қусың десе қуану, ынсап-ұят, ар-намыс, сабыр, талапты ешкімнің де керек етпеуі, терең ой, терең ғылымды іздемеу, өтірік пен өсекті жүндей сабалау секілді қылықтар күні кешегі заманға орай айтылса да, дәл бүгінгінің оқырманын да толғандырады. Бұл өлең тек қазақ өлеңіне қойылар негізгі талап қана емес, ұлттың назар аударарлық мәселелерінің тұтас бір қыры осынау мәселелердің баршасы білімсіздіктен туындайтынын Абай айқын аңғартады. Абайша айтқанда, білім тек пәндерді игеру ғана емес, адами қасиеттерге жетелеу екендігін айтқан.
Нарық заманының қиын-қыстау кезеңінде, ең алдымен, экономикалық, жалпы алғанда, қоңыр тіршіліктің қоңды болуын ғана ойлаған заманда білім алу, оны игеру, ортақ игілікке жарату, тәуелсіздік мүдделеріне қызмет етуде ұлы Абайдың білім жайлы жан-жақты ойларын өз туындылары арқылы ұғына отырып, жүзеге асыру да аса маңызды әрі мәнді тірлік деп білеміз. «Біреуден-біреу артылса» өлеңінде Абай былай дейді:
Біреуден-біреу артылса,
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген – білген-ақ,
Надан – надан-ақ сан қылса.
Оқыған білер әр сөзді,
Надандай болмас ақ көзді.
Надан жөндіге жөн келмей,
Білер қайдағы шәргезді.
Абай ұғымында оқыған, білген адам – сөз ұғатын, көкірегінде сәулесі жанған жан. Алайда, Абай заманы мен қазіргі заманды салыстыратын болсақ, әрине, арасы жер мен көктей. Әйтсе де, ұлы ақынның оқыған, білген адамы нағыз зиялы, білімдарлығы мен адами қасиеттері елдік, бірлік қасиеттерге толы. Рас, қазіргі XXI ғасырда оқымаған, мектеп көрмеген, сауатын ашпаған, білімсіз адам мүлде жоқ. Бәрі оқыған. Мектеп көрген. Сауатты. Білімді. Бірақ адам баласы арасында осы өлеңде айтылғандай өнер іздену, яғни, біздіңше, әртүрлі кәсіптің өзі бүгінде шынайы өнерге айналғандығы баршаға аян. Мінеки, осынау нағыз өнерді ізденетін, игеретін кез енді келді. Қай өнер болмасын, нақтырақ айтқанда, әрбір кәсіп түрін дара өнер деңгейіне көтере алуымыз қажет. Абай осыны айтқысы келді. Талап болса, білуге, оқуға деген ынта оянса, өзі сүйген өнерін қалап алатындығына ұлы ақын сенеді.
Данышпан Абай біліммен қатар ғылымның пайдасын ерте сезінген. Өзі сүйген еліне оны емірене жеткізген де.
Бір ғылымнан басқаның,
Кеселі көп асқанға, –
деп, «Мәз болады болысың» атты [6] мақтанға салыну, босқа желігіп шабу, шенді шекпен жапқанға мәз болу секілді шынайы ғылымға жат мінездерін атап көрсетіп, болыстыққа таласу психологиясының терең әрі қитұрқы иірімдерін жасырмай, талдап көрсетеді. Шенеуніктік ішкі құпиялар әлеміне енгізеді.
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегенде болсын көз.
Абай білімдінің талаптыға кез болуы шарт дейді. Абайша ой толғағанда, білімдінің міндетті түрде нұры, сыры болады. Нұры жарық шашады. Сыры тереңге бойлатады. Оны тек көкірегінде көзі бар, санасы сәулелі жан ғана аңғарады, түсінеді, түйсінеді, пайымдайды, байқайды. Білімді адам Абай айтпақшы, «надандай болмас ақ көзді».
Білімдінің көзі көкірегіне орнығады. Маңдайдағы көз – алдамшы, сиқырлы әрі бет перде. Көкіректегі көз – шынайы, нұрлы әрі сәулелі, мөлдір әрі тұнық. Оның не нәрсе болса да, анық та ашық көретіндігіне сенуге әбден болады. Көкірек көзі – ішкі түйсіктің бірі. Ал ішкі түйсік көп жағдайда алдамайды. Дұрыс бағдар сілтейді. Міне, осыны түсінген әр азамат ақын өлеңінің жан дүниені жадыратар мұра екендігіне бас иеді.
Жалпы алғанда, білім сөзінің білу деген сөзден бастау аларын ескергендіктен, білім сөзі Абай туындыларында жаппай білім алушылықты, сауаттылықты емес, зиялылықты, адами парасат пен пайымдылықты аңғартады. «Ақын туындыларындағы білім сөзі – сандық көрсеткіш қана емес, сапалы ұғым, адамгершілік категориясымен қабысатын түсінік, тұжырым» [8] делінген.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бахра ала алмас, –
дейді «Сегіз аяқ» шығармасындағы өлең жолдары. Білген жан қашанда өз пайдасын, өз үлесін айыра алады. Нарықтық бәсекеде, мемлекеттік мүдде астасқан тұста мәселенің байыбына жете үңілу, мемлекеттік пайданы дөп сезіну – аса қажетті қасиет. Мінеки, Абай өлеңдері мен өзге де шығармалары мемлекеттік идеологиямыздың ұстанымы бола алатындығының тағы да бір сыры осында. Ұлттық, мемлекеттік менталитет, ұлттық, мемлекеттік білім мен ғылымның негіздерін Абай туындыларынан еселеп табуға болатындығы да сондықтан.
Абай білген мен білмегенді қатар қойып, біріншісінің талапқа, ізденіске серік болатынын, екіншісінің көзі ашық болса да, көңілінің соқыр екендігін, рухани азықтан гөрі оны қарын мәселесі көбірек толғандыратынын жұмбақ түрінде емес, сыр сипатында терең әрі тиянақты суреттейді.
Мысалы, «Сәулең болса кеудеңде» өлеңінде ақын былайша толғанады:
Сәулең болса кеудеңде,
Мына сөзге көңіл бөл.
Егер сәулең болмаса,
Мейлің тіріл, мейлің өл.
«Білгенге – дүние кең, білмегенге дүние тар» демекші, сәулелі дүниеге ие болған жанның сарайы да әсем әрі ғажайып. Білімнің өзі Абайдың ұғымында көңіл көзі ашық, талапты, ынталы, жігерлі, жүрегі жылы, көкірегі ояу жанға ғана қонақтайды. Абайдың ұғымында білімді адам толық адам секілді жан-жақты, яғни қазақи ұғымдағы сегіз қырлы, бір сырлы адаммен сәйкес келеді. Ғылымның өзі де, ақыл, қайрат, жүректің ұштаған бірлігі қамтамасыз етілгенде ғана өз деңгейіне жетпектігін санаға сіңіреді.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың, елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол жоқ жарыместі «жақсы» демек.
Ақылда ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, –
дейді ұлы ақын «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» атты өлеңінде [6]. Білім іздеу, білмекке құмарлық Абай өлеңдерінде жиі кездеседі. Тіпті, ақынның бір шумақ жұмбақ өлеңі де осы тақырыпты өз арқауына өзек еткен. Сол жұмбақ өлең жолдары мынадай:
Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің,
Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.
Жан құмары дүниеде немене екен, –
Соны білсең, әрнені білгендерің.
Жұмбақтың шешуі – білмекке құмарлық делінеді. Білуге құмарту – білімнің басты құралы. Ендеше, білу, білімге құмарту – жан құмары, жанның қалауы. Тек оны дер кезінде байқап, пайымдап, қасиет-қадіріне жетіп, дұрыс арнаға салу аса қажет-ақ.
Әрине, ғылым жолы – ауыр жол. Әйтсе де, қоғамды ілгерілететін бірден-бір күш – ғылым. Жастық қайрат, сергек ақыл, қаны тасыған жүрек қана шынайы махаббатпен айналысқанда ғылымның көсегесін көгертеді. Көсегесі көктеген ғылым ғана елдің еңсесін тіктейді. Өркениет әлеміне тікелей жол ашады. Ғылымы мен білімі дамыған мемлекеттердің бүгінгі қол жеткізген жетістіктері осыған меңзейді. Мысал келтірелік:
Жастықтың оты, қайдасың,
Ғылымның біліп пайдасын,
Жүректі түртіп қозғамай?
Дүниенің көркін болжамай?
Шынында да, ғылымға, яғни дүниені көріктендіре түсетін күшке жүректі алаулататын жастық шақтың тигізер ықпалы орасан.
Абай шығармашылығына зер салғанда біздер бүгінгі уақыт тұрғысынан бағамдап, баға берсек, оның білім мен ғылым жайлы ой-пікірлері, көркемдік сөз әлемі әлі де маңызы мен мәнін жоғалтпағанына көзіміз жете түседі. Білім мен ғылымды ұлы Абай бекерге сөз етпегеніне терең түйсінеміз. Келешектің сөзін ту еткен қасиетіне бас иеміз. Қасиеті мен киесі мол ұлағатты сөздерін бойтұмардай сақтап жүруіміздің сыры да осында.
Абай нақылы тек қазақ қоғамы үшін емес, барлық адамзат үшін маңызды дер едім. Себебі бүгінгі күнде болып жатқан саяси қақтығыстар, ұлтаралық түсінбеушіліктің бәрі адами құндылықтардың жойылып бара жатқандығы деп білемін. Бір-бірімізді бауыр тұтсақ, бір-бірімізге мейіріммен қарасақ, мұндай жағдайларға тап болмас едік. Сол үшін Абайдың өлеңдерін барлық тілдерге аударып, бүкіл әлемнің назарын Абайдың нақыл сөздеріне аудару керек деп толық сеніммен айта аламын. Оған дәлел ретінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», - деген сөзін келтіре аламын [9]. Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз. «Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы», - деп айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне [1] мен де қосыламын. Бүгінгі күні Абай шығармашылығы несімен өзекті, өміршең, қажетті деген сұрақтарға жауап таптым. Дана Абай туылғанына 175 жыл толса да, қанша уақыт өтіп, адамзат баласы жаңа формацияға, жаңа даму сатысына көтерілсе де, тұтас бір халықтың адастырмас темірқазығы, рухани суаты, сарқылмас қазынасы болып отыр. Қазақты ояту үшін үн қосқан ақындардың бірі Міржақып Дулатұлы: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар, «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар» деп болашақ ұрпаққа бабалар алдындағы борышын сезіндіргендей [10]. Иә, Абайға деген құрмет күннен-күнге артылып жатыр, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасуда. Менің де ұлы ақынға деген махаббатым шексіз. Сөз соңында, Абай – ұлтымыздың зор мақтанышы, ақынның білім-ғылым тақырыбындағы өлеңдері – ұлтымыздың рухани байлығы деген қорытындыға келдім.
Достарыңызбен бөлісу: |