палеонтология. Ол екі түрлі түбегейлі ғылымдар жапсарында, яғни геология мен биологияның орайласу өңірінде қалыптасқан. Палеонтология жәндіктер мен хаюандардың (фауна) және өсімдіктер (флора) қазба қалдықтарын зерттеу және оларды бір-бірімен салыстыра саралау негізінде сол қалдықтарды кіріктіретін тау жыныстарының салыстырмалы геологиялық көнелігін анықтайды. Мұның өзі бір мезгілде, бірақ бір-бірінен мейлінше алшақ орналасқан (ара қашықтығы жүздеген, мыңдаған, тіпті он мыңдаған км) алаптарда түзілген әр сипатты шөгінді (тұнба) жыныстарды бір-бірімен сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Палеонтологиялық мәліметтер, сол сияқты, өткен геологиялық кезеңдер мен дәуірлерде түзілген шөгінді (тұнба) тау жыныстары қалыптасуының физикалық-географиялық жағдайын, нақтылы аймақтардағы шөгінділердің қат-қабатталу сабақтастығын анықтауға жағдай туғызады. Бұл орайда палеонтология тарихи геологияның жекелеген салаларымен – стратиграфиямен, таскелбеттер жайлы және геологиялық формациялар жайлы ілімдермен, палеогеографиямен – тығыз байланысты. Геологиялық процестердің тарихи сабақтастығын зерттейтін геологиялық пәндер жиынтығы әдетте тарихи геология деген атау төңірегінде топтастырылады. Бұл жиынтыққа кіретіндер — стратиграфия, таскелбеттер жайлы ілім, геологиялық формациялар жайлы ілім, палеогеография. Аталған ғылыми пәндер тобының ең басты мүддесі – геологиялық және палеотологиялық жылнама жасақтау, яғни жер беті дамуының санқилы және мейлінше күрделі тарихын анықтау, жер шарының жекелеген аймақтары өңірінен көрініс берген тектоникалық процестердің, таужаралу және таумұжылу процестерінің, жанартаулар әрекетінің, тау жынысы түзілуінің теңіздік (мұхиттық) жағдайы қайталануының, сол сияқты түзілімденуді қамтамасыз ететін физикалық-географиялық жағдайдың бағыт-бағдары мен өзара сабақтастығын нақтылап беру болып табылады.Тарихи геологияның ең маңызды салаларының бір стратиграфия. Ол қабат-қабат шөгінді және жанартаутекті жыныстардың қат-қабатталу сабақтастығын зерттей отырып, палеонтологиялық мәліметтер көмегімен олардың геологиялық көнелігін анықтайды. Өзінің түзілуі сәтіндегі тектоникалық жадай ерекшеліктері және қалыптасуының физикалық-географиялық жағдайлары тұрғысынан дараланған тау жынысы қабаттарының табиғи жиынтықтары нақтылы таскелбеттерге және геологиялық формацияларға топтастырылады. Оларды пәрменді түрде зерттеу таскелбеттер жайлы ілімнің және геологиялық формациялар жайлы ілімнің еншісінде.