Шығыс Қазақстан облысы, Ұржар ауданы, Науалы ауылында мешіт
салған Ораз қажы Қабдоллаұлы Рахметовтың екінші толғауы
Тақырыбы: Қазіргі адамдар неге аурушаң? Гиппократ қандай емдеу
әдістерін қолданған? 104-ке келген Саңқайбай атаның әңгімесі.
Жақсының үйі түссе, күйі түседі,
Жаманның үйі түссе, иі түседі.
Жақсының басына іс түссе, бойлай береді,
Жаманның басына іс түссе ойлай береді.
Қазақтың мақал-мәтелдері.
Сұрақ: – Әсет бауырым, қазіргі адамдардың аурушаң болуы неліктен деп
ойлайсың?
Жауап: – Ораз аға, қазіргі медицинада химияның, хирургияның дамуы,
сәулелерді т.б. қолдануы – керемет жетістіктер! Бірақта неліктен адамдар дені сау
болудың орнына ауруының үстіне аурулар жамауда және жаңадан аурулар түрлері
пайда болуда? Өзінен-өзі заңды сұрақ туындауы мүмкін – өзін өте тамаша сезінетін
191
адамдар бар ма екен? Әрине, сіздің айтуыңыз мүмкін: «осы аурулар үнемі болған,
бірақ олар жайлы білмеген, анықтамаған сондықтан да емдемеген». Кейбір жерлері
шындық, бірақ толықтай емес. Көпшілік сияқты бәлені – ауаның, судың, қоршаған
ортаның ластануына және дұрыс тамақтанбауға толықтай жабуға болмайды.
Көкөністердің, жемістердің химиялық тыңайтқыштар мен дәрілер қолдану арқылы
өсірілетіні, зауыттардың, автокөліктердің қоршаған ортаны бұзып ауаны, суды
лайлайтыны, осылардың салдарынан өсімдік майы мен сары майдың, нанның
т.б.азық-түліктердің уланатыны бәрі шындық. Бірақта бұның бәрі шырғалаңдардың
заттық (материалдық) көрінісі; аурулардың негізгі себептері – ойлау жүйеңізде,
сезіміңізде, осыған орай қылған іс-әрекетіңізде! Бұл жөнінде ешуақытта, ешбір
жерде айтылмайды. Кейбір ойлар адамды аздырып – улап та жіберетінін көпшілік
білмейді.
Осындай кемшіліктердің орнын дәрі-дәрмектермен алмастыруға тырысамыз.
Тек соңғы 20-30 жылда ғана психосоматикалық медицина (жан мен тәннің өзара
байланысын зерттейді) адамның мінез-құлқы, санасы, пайымдауы адамның
денсаулығына тікелей әсер ететінін ұға бастады. Олар адамның нәзік денелерінің
бар екенін амалсыз мойындап, осыған араласуға тырысуда. Бірақта осы нәзік
денелер әрқашанда болған ғой! Нәзік денелердің бар екенін біле тұра неге
дәрігерлер ауруларды фәнилік (материя), тәндік тұрғыдан ғана қарайды? Осыдан
40-
50 жыл бұрын ағза қалыпты жағдайда жұмыс жасауға қажеттті қуатты ғана
зерттеп протеид, липид, глюкогендер мен адам жұта алатын минералды тұздар
мөлшері жайында айтылған. Онан кейін витаминдер ашылды. Витаминдердің аз
мөлшерде ғана қабылдағанның өзінде – протеид, глюкоген т.б. қарағанда әсерінің
керемет екені айтылды. Қазіргі жаңалық эндокорин бездерінің жемісі – гармондар
–
бәрінен де маңызды. Қанша айтсаңыз да, осылар ағзада жүретін ағымдарға
толықтай жауапты емес: олар тек өз міндеттерін ғана орындайды. Бұлардың өзі
құпиясы әлі ашылмаған – көзге көрінбейтін нәзік ағымдарға тәуелді. Бұл көзге
көрінбей басқаратын нәзік әлем немесе материяны басқаратын – жан мен рух.
Бірақта қазіргі замандастарымыздың басым бөлігі осы көзқараспен келіспейді.
Олардың болжауынша нәзік әлем материяға – тәнге тәуелді, ал ақыл-ой, өттің
бауырдан шығатыны сияқты мида пайда болады!
Адам ағзасының ауруларға қарсы тұра алатын қасиеттері бар. Дәлел: кей
кездерде дәрігерлер күдер үзген науқастар жазылып кетіп жатады. Қалай? Өзінің
ерік күші мен ойлау жүйесін өзгертудің нәтижесінде. Кейбір өсімдіктердің тамыры
ауада асылып тұрып ақ ауадан қорек ала алады. Егер өсімдік осылай өмірлік күшті
ауадан ала алса, адамға неге алмасқа? Химиктер айтады: «Бұның бәрі химиялық
ағымдар...» Жәрәйді келісейік, бірақта химия да рухқа бағынады ғой! Рух шипалық
қасиеті бар элементтерді жасап шығарды. Рухтың осы мүмкіншіліктерін қазіргі
медицина түсінбейді, түсінгісі келмейді – міне олардың қаталықтары мен
адасушылықтары осы арады бұғып жатыр.
Сұрақ: – Гиппократ қандай емдеу әдістерін қолданған?
Жауап: – Гиппократ – ертедегі грек дәрігері – Египет пен Индияның
дәрігерлік ілімдерін зерттеген, оқыған. Ол – әрқашанда адам ағзасына өзін-өзі
қорғауға, сақтандыруға мүмкіншілік беруі керек деп үйретті. Табиғат – өзін қорғап
сақтандыра алады. Ағзадан бөлініп шыққан химиялық элементтердің ауруды
192
ауыздықтауға шамасы жетеді. Егер ағзаның қорғаныс қабілеті артса, онда жаудың
беті тайсақтап ауру жоламайтын болады. Табиғи тамақ, күн шуағы, дәрілік
шөптердің тұнбалары, демалыс, моншада ыстық су мен суық суды алмастыра
отырып қан айналымын жақсарту, тазалану, ораза тұтып ашығу т.б. табиғи
әдістермен Гиппократ адам ағзасының өмір сүргіштік қуатын арттырған. Қазіргі
уақытта жоқтан өзге дәрі-дәрмектерді талғамай іше беріп адам өзінің ағзасының
қорғаныштық қабілетін аяусыз жоюда. Есіңізде болсын! Сырттан келетін дәрі-
дәрмек ішкі қуатыңызды және өміршеңдігіңізді еш уақытта арттырмайды.
Тамақтануда, демалғанда, ұйықтағанда және өмірдің қарапайым әдеттерінде
табиғатқа неғұрлым жақын болуға тырысыңыз. Табиғаттың қалауы бойынша өмір
сүре бастаңыз, сіз шексіздіктің бір бөлшегісіз. Тағдырыңызды табиғаттың қолына
тапсырыңыз, оған сеніңіз. Егер сіз қала тұрғыны болсаңыз, қаланың сыртына
немесе теңіз жағасына барып нақтылы демалыңыз, мамыражай қалыпқа түсіп,
өзіңізді тәртіпке келтіріңіз.
Аздап сырқаттанса болды адамдар дәрі-дәрмектерге ұмтылады. Неге табиғи
әдістерді қолданбасқа? Мысалы, сіз қатты жаурап қалшылдап келсеңіз, шешініңіз
де құрғақ сүлгімен, не болмаса жылқының қылынан жасалған қолқаппен өн-
бойыңызды тез-тездедіп ысқылай бастаңыз, сонан кейін құрғақ киініп, ыстық су
ішіп жылы оранып жата қалыңыз. Сіз терлеп қолма-қол сауығып кетесіз.
Ауырғаныңызды күтпеңіз. Кез келген нәрсені ауызға салып қылғытып жұта
бермеңіз. Дәрі-дәрмектерді қолданбауға тырысыңыз.
Омыртқаңызға, оның түзулігіне басты назар аударыңыз. Көптеген аурулар
омыртқаның қисаюынан, жұлынның қысылып не жаншылып қалуынан... болады.
Жүйке жүйесі мүшелерді қоректендіретіндіктен алдымен жүйкені емдеу қажет.
Қазіргі дәрігерлер адамның тәнін ғана оқиды. Олар ақыл, ой, сезім, саналарды
есепке алмайды. Нақтылы ем – бұл біздің өмір сүру салтымыз; қалғанының бәрі де
2-
ші, 3-ші, 4-ші орындарға сырғиды.
Сұрақ: – Әсет бауырым, өзіміздің тұқымымызда салауатты өмір салтын ұстап
ұзақ жасағандар бірігіп отырып еске алсақ қалай?
–
Ораз аға, сізге өзім көрген, куә болған бір оқиғаны айтып берейін.
–
Ой, хой Әсет бауырым, осы әңгімелерді жадыңа сақтап айта білгенің үшін
өзіңді Алла қолдап, ата-бабамыздың аруағы қолдап жүрсін!
–
Әумин, тілегіңіз қабыл болсын! Өзіңіз жақсы білесіз біздің арғы
аталарымыз он ағайынды болғанын. Арғы бабаларымыз: Қаракерей, Байыс, одан
Тума, одан Ақша, одан Қарабас, одан Қожакелді, одан Көкі, одан Қылқабай, ал
Қылқабайұлы Босқынбай атамыздан он ағайынды ұл: Нысанбай, Жолбарыс,
Аблан, Қабылан, Есім, Өмір, Естемес, Отаршы, Малшы, Қасен екен. Солардың
төртеуінің ұрпақтары бармыз. Сол ұрпақтарының біреуі сіздің атаңыз Нысанбай
мен менің атам Жолбарысұлы Мұқашбектің бауыры, Есімұлы Саңқайбай атаны
100 жасында Науалыдағы Есім атамыздан тарайтын Мақыш ағаның менімен
жасты ұлы – Солтансейіттің жаназасында кездестірдім.
Саңқайбай ата 104 жасында Аякөзде үлкен баласының қолында біраз ғана
сырқаттанып жатып көз жұмды. Саңқайбай атамыздың өңі шырайлы, бойы екі
метрден астам, қақпақ жауырынды, батыр тұлғалы, денесі тіп-тік, жүрісі серіппелі,
әскери адамдардікі сияқты аршынды екен. Аузындағы тісі түгелдей бүтін, қимылы
193
жас жігіттердікі сияқты ширақ, көз жанары өткір, құлағы сақ. Түрі жетпіске енді
ғана толған адам сияқты. Мен барып танысып өзімнің Жолбарысұлы Мұқашбектің
немересі екенімді айттым, осы ашығу ілімін енді бастап жүрген кезім. «Ә, мен
сенің атаңды, өзімнің ағам Мұқашбекті жақсы білемін, 1937 жылы нахақтан
ұсталып, «халық жауы» деген айып тағылып атылып кетті-ау, есіл ер! Оның бар
жазығы молла болып Құдайға сенгендігі мен ауқатты жеке шаруа жер иесі және
көзі мен көкірегі ашық болғандығында ғана болды ғой. Қайта жақсы, ағайымның
көзі Ризадан сендер өсіп жетіліпсіңдер, бұғанда шүкір» – деп мені бір желпінтіп
алды. Сонан кейін өзінен кәрі бір шалды әкеп менімен таныстырды «Әсет,
танысып қой Құрман деген ағаң болады, менің 78 жастағы екінші балам» дегенде,
жас шалдың өзінен 10-15 жас үлкен шалды ұлым деуі маған біртүрлі ерсілеу
күлкілі сяқты, күлейін десем екі шалдан ұят, күлмейін десем бұрын соңды
мұндайды естіп көрмеген басым, күлкі қысып әкетіп барады. Қыстығып,
қымқырылып күлкімді әзер дегенде тежедім. Ол кісінің тағы бір ерекшелігі аузына
келген сөзді, ойды мәймөңкелемей тура айтады екен. Осы жаназада ауылдың
ақсақалдарының ішінде «аяқтыға жол, ауыздыға сөз», төрден орын бермейтін
дегендей балапан шалдардың ішінде шоқтықтары биік, жастары 80-нің о жақ, бұ
жағындағы Данабек, Есетай, Нұртаза, Төлеген т.б. ауылдың қадірменді кәриялары
отырған. Саңқайбай ата: «Әй балалар, немене бос сөйлеп отырсыңдар», – деп
саңқылдаған даусымен бір тисіп өтті. Ана шалдар жасын силағандікі ме, бәрі де
таяқтарымен жер шұқылап, молданың алдындағы шәкіртке ұқсап, төмен қарап
бұқпынтайлап үндемей отыра берді. Өзінен кәрі, таяққа сүйеніп орнынан әзер
тұрып-отыратын, аяқ қолдары селкілдеп берекесі кетіп жүрген өлмелі
ақсақалдарды өздерінен жап-жас адамның «бала» деп айтқанына енді күлмеске
шарам қалмады. Былайырақ шығып өзіме-өзім келгеннен кейін: «Ата, сіз осы
денсаулыққа қалай жеттіңіз, осының құпиясы неде?», деген сұрақ қойдым.
Менің екі жұдырығым бір уысына сиып кететіндей, еті қашпаған күректей
алақанының салалы саусақтарымен сақалын сипап тұрып: «Біз ауқатты тұрдық,
1932 жылы кәнпеске басталғанда үркінді болып, бас сауғалап Қытайға өтіп кеттік.
Ол жерде байларда малайлықта болдым. Егін суғардым, шөп шаптым, бидай
ордым. Осы жаққа келгенде де, әлі күнге дейін қара жұмыстан қол үзіп көрген
жоқпын, малға шөпті өзім дайындаймын, тыным таппайтын мазасыз адаммын. Бос
отыра алмаймын. Өмірімде арақ, темекі дегенді аузыма алып көрген пенде емеспін.
Үйірілген сары алтындай сары қымыз,
Ауруға – ем, сауға қуат, дәрі қымыз.
Елімнің ең сүйікті асы болдың,
Шығаршы тағы нең, бар кәні, қымыз! Жамбыл Жабаев
Бие байлап қымыз сауамын, айына екі қабат саумал ішіп ішімді тазалаймын.
Бірақта өмірімді серілікпен өткіздім, кездескен көлбең етектіні құр жіберіп
көрген емеспін. Атаң жүзге келсе де әлі қауқары бар», – деп біркелкі
жарқырап тұрған аппақ күрек тістерін көрсетіп, қулана жымиып қойды.
Есімұлы Саңқайбай атаның туған апайы Захария әже 107-ті жасқа
келген. Захария әжеміз 107 жасқа келгенше инені өзі сабақтап, тауық-
құстарын өзі бағып қағып, үй шаруасын жайғап тыным таппайтын адам
194
болатын. Фәни өмірден бақи әлемге ауырмай-сырқамай бір-ақ күнде аттанды.
Қазір 100-ге таяп қалған соғыс және еңбек ардагері – Данабек Байсалханов
ақсақал Захария әженің туған баласы, әлі тың. Данабек ақсақалдың бір
ерекшелігі еш уақытта тоя тамақ жемейді, кешке тамақ ішпейді, уақытының
бәрін өлең, қисса шығаруға арнайды.
Сұрақ: – Ораз аға, осы әңгімелерден қандай түйін шығарар едіңіз?
Жауап: – «Күшті сақтау үшін жеу керек» – деген көзқарас қалыптасып
қалған. Осының санаға сіңіп қалғаны сонша, біз күніне 3 қабат
тамақтануымыз қажет екеніне өте сенімдіміз. Біз тәбеті жақсы, ашқарақ
адамдарды денсаулығы мықты адамдар деп есептейміз. Біз сауығу үшін
тамақты көп жеуін қолдаймыз.
Әсет бауырым, менің тамақты талғап аз-аздан шұқып қана жейтінімді
және осылай тамақтанудың арқасында өзімнің туған анам Камаш апам да бір
ғасыр өмір сүргенін өзің жақсы білесің. Өзім өмір бойы әр түрлі тағамдарды
ұзақ өз бетімше зерттеуімнің нәтижесінде, бұл жәй әдет емес екені туралы
көзқарас қалыптастырдым. Аштықты басу үшін, дене асқазанын не болса
сонымен толтырып алады. Бірақта тамақтың бір түрімен мықты, сау, күшті
жас жасаушалар жасауға болады, ал екінші түрімен әлсіз, ауру, ағзаның
жұмысын қалыпты қамтамасыз ете алмайтын жасаушаларды құруға болады.
Біз «жақсы» тамақтанатын адамдарды жиі көреміз, бірақта олардың
жағдайлары жақсының ауылынан алыс. Ас қорту жүйесіне тамақ молынан
барып жатса да, терісінің түрі нашар, бұлшық еттері болбыраған, қуаты
төмен.
Адам өзінің тамағын өңделмеген қалпы тікелей табиғаттан алып тұрған
заман болған. Ол уақыттарда адамның, өзінің денсаулығына қажетті тамағын
табиғи түрде іріктей алатын мүмкіншілігі болған. Не жеу керек екенін ішкі
даусы айтып тұрды. Осы дауысты болмыс немесе басқа деп атауға да болады,
бірақта адамның көне дәуірінде осы керемет көмектескен.
Жоғарғы керемет, шұрайлы тілмен баяндалған Нұртаза ақсақалдың
әңгімесінен байқайтынымыз – өткен ғасыр ортасындағы қаймағы бұзылмаған
қазақтардың салт дәстүрі, мінез-құлықтары және тамақтану мәзірі. Біздің
халық табиғатынан мықты болса да ұзақ жасамаған. Қазір тіпті де, себебі
тамақтану дұрыс емес. Әңгімеде айтылғандай Нұртаза ақсақал намыс үшін
көп жеп қойып артық тамақтан уланып 4...5 тәулік тұра алмай қалған. Тек
табиғат берген ерен денсаулықтың арқасына ғана аман қалған. Осындай
денсаулықтары мықты ақсақалдарымыз тамақты тартына ішсе сөз жоқ 100
...120 жыл өмір сүрер еді. Әне өзің жоғарыда айтып өткен Нұртаза
ақсақалдың досы, 95-ке келген Данабек ақсақал кешке мүлдем тамақ ішпейді
екен, тамақты еш уақытта тоя жемейді, ал оның шешесі 107-ге келген
Захария әжеміз де сол сияқты тамақ мәзірін ұстанумен қатар 107-ге келгенше
тыным таппаған, ал Захария әженің туған бауыры 104-ке келген Саңқайбай
атамыз саумал мен айына екі қабат ішін тазалап отыруымен қатар, ол кісіге
де тынымсыздық тән қасиет болған.
Әсет бауырым, енді осыдан шығатын қортынды адам баласы егер де
дұрыс тамақтанып, ағзасына кем дегенде 36 сағат ашығу арқылы дем алыс
195
беріп, өмір бойы тынымсыздықпен дене қимылын тоқтатпаса ұзақ ғұмыр
сүруіне толық мүмкіншілігі бар. Адамның денсаулығы мен тағдыры өз
қолында екенінің бұлтартапас дәлелі емес пе, бұдан артық қандай дәлел
керек!
Ізденуші Әсет Ризаұлының тоғызыншы толғауы.
Тақырыбы: Марқұм Рақманқұл Бекенов ақсақалдың естелігі бойынша
айтылған 1932-33 жылдарда елімізде болған ашаршылық. «Қарақалпақ
Мамай бидің әңгімесі мен Қожакелді мен Шыңқожа батырлардың әңгімесі».
Адам кәріліктен өле ме? Біздің ата бабаларымыз қалай бір ғасыр жасаған?
Найман бабамызды неге 90 жасында қайта үйлендірген? Поль Брэгг қалай
95 жасқа келді? Бұрынғы қазақтар неге балаларының атын Елубай,
Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай деп қойған?
Жасы үлкендермен сұқбаттасып, ғұламалардан ақыл сұрап, дәрігерлермен
араласып тұрыңдар.
Пайғамбарымыз Мұхаммед(с.ғ.с.)
Сұрақ: – Әсет бауырым, өткен бір әңгімеңде өткен ғасырдың 30-шы
жылдардағы ашаршылықтың куәсі болған бір ақсақал туралы айтып едің ғой.
Сонан кейін өзіңнің батыр болған ата-бабаларың жөніндегі қызықты
әңгімелеріңді оқырмандарға айта кетсек, қарсылығың жоқ па?
Жауап: – Мақұл Рақым Алмабекұлы, енді мен сізге баяғыда 1980
жылдары Мақаншы ауданының «Қарабұлақ» совхозында бас агроном болып
жүрген кезімде салауатты өмір салтын ұстанатын Рақманқұл Бекенов деген
зиялы ақсақалдың өз аузынан естіген әңгімемді айтып берейін. Марқұм
Рақманқұл ақсақалдың естелігінен: «Елімізде болған 1932-33 жылғы алапат
ашаршылықта 1,5 млн қандастарымыз ашаршылықтан қырылған уақытта
болған, сонда адамдардың кейбіреулері аштықтан емес, бас сап
қомағайланып жегендіктен, тамақ бірден аш өзекке түсіп кетіп, қолма қол
отырған жерлерінде өліп кеткен. Ол кезде бала болсам да, сол жылдары қиыр
шығыстан ауып келген кореецтер таң қалып жағаларын да ұстағанын көрдім:
«осыншама мол тамақтың ішінде жүріп, мына қазақтардың шыбынша
қырылғандары қалай?», – деп. Мен сол заманның куәгерлерінің бірі болдым,
сол кезде қиыр шығыстан ауып келген корей ұлтының қалай аман
қалғандарынын да көрдім. Ал ауып келген корейлер мен үркіп қашып бара
жатқан қазақтар бір жағдайда болған. Сол кезде бір орыс, не бір басқа ұлт
өкілдері қырылды ма, жоқ! Олардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып
жүрді. Біздің жақта сол кезде орыспен қоныстас егін салған және көл, су
жағалап балық аулауды кәсіп еткен қазақтар дін аман қалған. Ол кезде
Алакөлдің балығы бүкіл қазақты тамақтандыруға жететін, әлі де жетеді.
Біздің ішкері жақтағы мал баққан қазақ ет және мал өнімдерінен басқа тамақ
барын білмеген және жер ананың қадір қасиетін түсінбеген. Осыны
данышпан Абай атамыз былай деп суреттеген, Әсет ұлым, осыны сенің
мамандығың агроном болғаннан кейін ғана айтып отырмын», – деп
Рақманқұл ақсақал Абайдың бір шумақ өлеңімен сөзін түйіндеп еді:
196
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.
Менің бұның бәрін тәпіштеп жазып отырғаным, бала күнімізде
ауылдағы Қусақ өзенін жағалай ойнап жүргенімізде ары кетсе жарты метрдей
тереңдікте, бетін ғана жаба салған адам сүйектерін жиі тауып алатынбыз.
Себебі, біздің Науалы ауылы, Тарбағатай бауырында, Қытайға өтетін үлкен
керуен жолының бойына орналасқан. Ал Қытайдың Шәуешек қаласы біздің
ауылдан 120 км. Ашаршылық жылдары босқан халық осы жол бойында ақ
жоңқа боп аштан қырылған, осыны сол жылдарды көзімен көрген Рақманқұл
ақсақал да талай айтты. Бірақ ол кезде жас болғаннан ба, бұндай әңгімелерге
онша көп мән бермейтінмін. Қазір есейгеннен кейін ойлап қарасам,
қасиетіңнен айналайын Рақманқұл ақсақал маған және ұлы мен келіні Талғат
пен Нұрғаниға және сөз мәнісін түсінетін жастарға осының бәрін тәпіштеп
әдейі айтады екен ғой. Өзіммен бірге осы көргендерімді алып кетпейін деп.
Рақманқұл ақсақал екеуміз сағаттар бойы әңгімелесетінбіз. Осы естіген
көптеген қазақи әңгімелерім, өзімнің де өмірге деген кейбір
көзқарастарымды өзгертіп, дұрыс азамат болып қалыптасуыма көп әсер
еткенін білемін, Рақманқұл ақсақал халық ауыз әдебиетінен ұстазым еді. Осы
ақсақалдың тағы бір қасиеті, айтқан ұлағаттарын сөзбен емес іспен дәлелдей
білетін, әңгімелерін болған оқиғаларға ғана негіздеп отырып айтатын. Жасы
келсе де кейбір жұмыстарды адам айтпаса да өзі іздеп жүріп атқаратын.
Ауылдың басқа ақсақалдары сияқты сандалбай жүріс пен бос әңгімені
сұқаны сүймейтін.
Сұрақ: – Рақым аға, енді сіздің көзқарасыңызды одан әрі шегелеп
тастауыңыз үшін, ата бабаларымыздың өткен тарихына көз жүгіртіп, көңіл
аударып, олардың ұзақ жасау құпиясының түп қазығына терең бойласақ
қалай қарайсыз?
Жауап: – Әсет бауырым, мынауың тағы бір тамаша асыл дүние болғалы
тұр екен, қане айтып жіберші!
Сұрақ: – Рақым Алмабекұлы, онда мен өзім Семейдің Найманы
болғандықтан Найман бабамыздың ұрпақтары қалай дүниеге келгенінен
бастасам қалай ойлайсыз?
Жауап: – Әп бәрекелді! Онда жалғастыра бер.
Найманның жалғыз ұлы Туаш атты,
Жасында Туаш мырза дүние сапты.
Найман шалдың тоқсаннан асқан кезі,
Шешеміз, жесір келін – Әлпіш қапты.
Ішінен Әлпіш сұлу ойын түзді,
Атама әперсем деп бір жас қызды.
Үйсіннің биіменен ақылдасып,
Бір қызды алып берді сұлу жүзді.
197
Тоқтының сүтін бөлек іркіт қылып,
Неше күн атасына құрт ішкізді.
Атамның бел қуаты келе ме деп,
Күн – түні арқасына қыз құшқызды.
Сол кезде балиғатқа бабам жарап,
Өзі өліп, Қызенейден ұл туғызды.
Өкірештен өрбіді осынша ұрпақ,
Нәсілді ғып жаратқан ұрқымы зды!
Жақыпов Аманжан. Қаракерей Тума тарихы.
Алматы »Үш Қиян», 2004 жыл.
Рақманқұл ақсақал сол кездің өзінде сексеннің сеңгіріне таяп қалған –
аудан мен ауылға қадірлі, өте беделді соғыс және еңбек ардагері еді. Ол
кісінің тұла бойы тұнып тұрған қазақтың шежіресі мен тарихының қоймасы
болатын. Әңгімені баяу бірқалыпты жағымды үнімен айтқан кезде, тыңдаған
адам қанша тыңдаса да ынтыға түсетін. Шебер әңгімеші, таусылмас шежіре
болатын. Өмір бойы салауатты өмір салтын ұстанды. Өзі бие байлап қымыз
сауды. Бертінге дейін малдарына шөпті өзі дайындап шауып, бөкелеп,
арбасымен тасып алатын. Қимылы ширақ, ойы жүйрік, сөзге шешен, мақал
мәтелдеп сөйлейтін орта бойлы аққұба өңді, бойында бір қырым артық еті
жоқ шырайлы, адам баласының келбеттісі еді. Жүрген жұріс тұрысынан,
ықшам киген киімінен, қақан қазықтай сымбатты денесімен, лыпылдаған
жүрісінен кезінде әскери офицер болғаны білініп тұратын. Рахманқұл ақсақал
жас кезінде Абай, Аякөз, Көкпекті, Мақаншы аудандарының ішкі істер
бөлімдерінде қызмет атқарған. 1949 жылы Абай ауданында қызмет істеп
жүрген кезінде атом жарылысының құрбаны болып кете жаздаған. Жарылыс
болар алдында бұрынғы Абыралы ауданының халқын аяғынан тік тұрғызып
басқа жаққа көшуін тікелей басқарып, қадағалаған адам. Осы атом
бомбасының кесірінен радиация дертіне шалдығып, зейнетекерлікке ерте
шыққан. 1954 жылы өзінің дертін туған жері «Барлық Арасан» мен Алакөл
өңіріне келіп, осы сулардың шипалық қасиетін көңілімен сезіп саф таза ауа,
қымыз бен жылқының қазы – қартасы мен тамақтанып, өзін-өзі радиация
салдарынан емдеп – жазып алған ерекше адам.
Кейінен осы Алакөлдің суына ғарыштан келген ғарышкерлерді
(
космонавтарды) бірден осында алып келетін. Рақманқұл ақсақалдың ұлы
Талғат екеуміз талай ғарышкерлермен (космонавтармен) дәмдес, табақтас та
болдық. Чернобыль апаты болғаннан кейін жас балаларды жаз бойы осы
Алакөлге алып келіп демалдыратын. Рақманқұл ақсақал бертін келе 90-ға
таяп қалған жасында Алматыда баласы Талғаттың қолында көз жұмды. Міне
осы бір ғажайып ақсақал салауатты өмір сүрудің арқасында радиация
зардабынан айығып қана қойған жоқ, ұзақ та бақытты, салауатты ғұмыр сүре
білді.
Енді осы әңгіме шежірелерді айтқан Рақманқұл Бекенов ақсақал сүйегі
Тума, Қарабасүлы Ернзар батырдың баласы Бегетардан тарайды. Жалғыз ұлы
198
Талғат институтты енді ғана бітірген 20 жасар маман, совхоздың комсоргы
болатын. Талғат екеуміздің илейтініміз де терінің бір пұшпағы.
Рахманқұл ақсақал айтатын: «Әсет бауырым, Талғат әлі жас қой, бірақ
түбі жақсы азамат болатынына кәміл сенемін. Оның үстіне екеуіңнің
қызметтерің де бір, Талғатыма ендігі ұстаз сенсің, ол саған қайтсе де
еліктейді, таза жүріп, адал қызмет етіңдер, жерде қалмайсыңдар. Байқаймын
сен сөз төркінін терең түсінетін жігітсің, мына әңгімелерді мұқият зердеңе
тоқып ал. Бірде болмаса бірде қажетіңе жарар», – деп. Міне содан бері 30
жылдай уақыт өтті, менің қазір қадірменді соғыс және еңбек ардагері
Рақманқұл ақсақалдың осы көрегендік болжауына таң қалмасқа шарам жоқ.
Рахманқұл ақсақалдың да қаламының ұшының желісі бар болатын. Осы
ақсақал мені жазуға, партия ұйымының хаттамасын сауатты толтыруға,
көпшілікпен тіл табысуға, дұрыс азамат болып қалыптасуыма көп әсер еткен
рухани ұстазым болды.
Марқұм Рақманқұл ақсақалдың Талғаты да әкесі сияқты терең
ойлайтын, сөзді түйдек-түйдегімен лақтыратын, ақ көңіл, адамгершілігі өте
мол, толқынданған қап-қара бұйра, қайратты қара шашы, Талғаттың
қараторы өңіне, сымбатты да, қайратты бітіміне ерекше жарасып тұратын.
Талғат ерекше бала болып, 15 жасында мектепті өз құрбыларынан ерте
бітіріп Семейдің мал дәрігелік институтына түсіп, 20 жасында бітіріп
келгеннен кейін өмір соқпақтары екеумізді бір арнаға әкеп тоғыстырды. Мен
парторг, ол комсорг. Ағалы інілідей болып кеттік. Ұзақ жылдар өтсе де
қарым қатынасымыз үзілген жоқ. Қанша кейбір елдің басы айналатын биік
лауазымды қызметтерде жүрсе де, өзі іздеп телефон шалып хабарласып
тұратын. Мәнсапқа басы айналмаған, қазақ азаматтарында жиі болатын
«жұлдызды ауруға» шалдықпаған, сирек кездесетін – санасы мен жеке
басының мәдениеті өте жоғары, талантты да зиялы ел басқарып жүрген
жігіттердің бірі. Өзінің табиғат берген қабілетінің арқасында биіктен биікке
самғай білді. Комсоргтан, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы,
одан Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінде нұсқаушы, бөлім
меңгерушісі болды. Заман өзгергенде Қазақстан мұнай және газ өнеркәсібі
министрлігінің бөлім меңгерушісі, Қазақстан Үкіметінің Премьер
Министрінің көмекшісі, «Қазақойл», «ҚазМұнайГаз» компанияларында бас
менеджер, департамент директоры болып қызмет атқарды. Қазір жеке
кәсіпкерлікпен айналысады.
Кімде – кім үш қыз өсіріп, тәрбиелеп, бой жеткізіп, құтты орнына
қондырса, оның орны жаннат.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)
Қосағы Нұрғайни екеуі үш баланың абзал әкесі мен аяулы анасы.
Немерелері бар. Үлкен баласы Америкада жоғары оқу орнын бітіріп келген
жас маман, қалған балалары студенттер. Талғаттың нағашы атасы Асқанбай
оқыған, өз заманында озық ойлы, Қабанбай батыр ұрпақтарынан шыққан,
қолының шипасы бар қасиетті адам болған. Талғаттың шыққан биіктері,
199
алған асулары, адамгершілігі мен парасаттылығы, әке өсиетінің, аманатының
абыроймен ақталғанының дәлелі емес пе!
Марқұм Рақманқұл Бекенов ақсақалдың айтуы бойынша жазылған
«Мамай би мен Қарадос шешеннің оқиғасы:
–
Өткен он тоғызыншы ғасырда қара сөзге жүйрік Қарадос деген
шешен өтіпті. Жасы жиырмаға толғанда Қарақалпақ еліне елшілікке
аттаныпты. Екі елдің арасында барымта болып, ізі ушығып үлкен
жаугершілікке айналғалы тұрған кезі болса керек. Қарақалпақтың бетке ұстар
биі Мамай адуын мінезді, әрі сөзден, жолдан ешкімге дес бермеген азулы
адам екен. Өз еліне тізесін батырып тұқыртып алған соң, көрші қазаққа да
ауыз сала бастағанға ұқсайды.
Қарадос серіктерімен үйге сәлем беріп кіріп келгенде, төрде шынтақтап
жатқан Мамай би кісі келді деп селт етпепті. Амандықтың белгісін болар –
болмас қимылдаған ерні ғана білдіріпті. Жасы жетпістен асса да сұсты, суық
жүзі әлі сол қалпында екен. Қарны жер сызып, алдыңғы дастарқанның бір
шетін басып жатыр. Бір уылжыған жас келіншек қасында, тағы бір сондай
келіншек шай құйып беріп отыр. Үйде өзге жан жоқ. Үй иесінен қимыл –
қозғалыс, иә былай былай шық дегендей белгі болмапты. Тіл кескендей
тыныштық орнапты. Тұра беруді ыңғайсыз көрген Қарадос сөзді былай
бастаған екен:
–
Би, мына екі келіншек те өзіңіздің әйеліңіз бе? – деп сұрапты.
–
А, қазақ, көпсініп тұрғаның осы екеуі болса, біреуін ал да жөніңе
тайып тұр, – депті Мамай би.
–
Сізбен бұлардың жас мөлшерінде біраз алшақтық болған соң сұрап
едім, – дейді Қарадос.
Сонда Мамай:
–
Елуде егеулі найза өңгерген ермін, алпысымда араннан тоқтамай
өтемін, жетпісімде аспанға атылған жыланмын, сексенімде тайдай секіремін,
тоқсанымда топтан торай шалдырмаймын, жүзге келгенде мына екеуінің
көңілін қалдырмаймын, – дейді.
–
Жоқ, би, олай емес. Елу ерте көшкен ел емес пе, алпыс қайта қонған
жер емес пе, жетпісте отыз омыртқаң бүгілмей ме, сексенің серіктікке себі
жоқ, тоқсан жоқ сан ғой, жүзге келген оңбай ма, өлігіңе қара қарға қонбай
ма? – дейді Қарадос.
Сол кезде Мамай би екі қолымен жер тіреп, кеудесін көтере
қаһарланып:
–
Тарпиын ба, қарпиын ба, – деп ақырады.
–
Тарпып, қарпитын түйе емессің ғой, би. Қарпып көрші, ішек –
қарныңды ұлтабарыңмен қоса артыңа жіберетін бүркітпін, – деп Мамайдың
суық жүзінен көз айырмай қырандай қадалады.
Меселі қайтып, босаңсыған Мамай би:
–
Қазақтың Ұлы жүзінің шешесі қойдың бөтекесіне, Орта жүздің
шешесі балға, Кіші жүздің шешесі қасқырдың бауырына жерік болды деп еді,
батырлығыңа бардың – ау, – дейді.
Сонда Қарадос:
200
–
Әжем жүз бен жүзді жүзіқара айырады деуші еді. Көңілің қарау, бетің
қара екен, би. Құдай сенің сөзіңді майда қылса, менің сөзімді найза қылды,
түйрейін бе осы? – деп, тап бергенде:
–
Қойдым, қойдым. Қазақтан шыққан Қарадос сен екенсің ғой, – деп
кілем төсеп, төрге отырғызып сыйлапты.
Сөйтіп, Қарадос шешен екі елді татуластырып, бітімге келген екен.
–
Міне көрдің бе Әсет, осы дала халқының өткен ғасырлардағы
әңгімелеріне көз жіберіп, көңіл қойсақ сол кездегі тұрмыс жай, екі ел
арасындағы елшіліктің астарынан сол кездегі ел адамдарының
денсаулықтары туралы да көп нәрсені көңілге түйуге болады. Табиғатпен
жымдасып, біте қайнап өскен дала перзенттерінің денсаулықтарының өте
мықты болғанына көзіміз еріксіз жетеді.
Сұрақ: – Рахым Алмабекұлы, енді өзімнің ата бабаларымның шежіресін
қозғап, руымыздың ұраны неліктен «Шыңқожа» деп аталатынына тоқтала
кетсем деймін, пікіріңіз қалай?
Жауап: – Әсет бауырым, біздің халық «Жеті атасын білмеген жетесіз»
дейді, мен бұны саған генетик әрі селекционер ғалым ретінде айтып
отырмын. Қазіргі біздің кең байтақ еліміз бен шалқар көлдеріміз, жер асты
үсті толған байлығымыз сол ата бабамыздың бізге қалдырған мұрасы.
Аруақтарыңнан айналайын бабаларым, оларды қастерлеп қадірлемегенде,
кімді пір тұтамыз?! Осылардың жақсы қасиеттерін сақтау үшін әр қазақ
баласына жеті атасын білу шарт, себебі ол ұрпақ жалғастырушы, оның
адамшылығын сол арқылы – ақ білуге болады. Мынауың бір тұнып тұрған
әңгімеге ұласайын деп тұрған сияқты. Мұндай әңгіме – шежірені мен күнде
ести бермеймін, бұл халқымыздың тарихы емес пе? Осындай әңгімелерді
тыңдау мен үшін үлкен дәреже, айта ғой.
Марқұм Рақманқұл Бекенов ақсақалдың «Қожакелді мен Шыңқожа
батырлардың әңгімесі. Тума руына Шыңқожа батырдың атының ұранға
қалай айланғаны туралы хикая». Рақманқұл ақсақалдың үшінші естелігі:
–
Әсет балам, баяғы қалмақ жоңғар шапқыншылығы заманында сенің
Қожакелді бабаң батыр болыпты. Бір күні жас өспірім бауыры Ерназар бір
тойда біреумен ерегесіп бір ұрғанда ана жігіт өліп кетіпті. Ағайындары: «енді
қайттік, ағасы Қожакелді батырға не айтамыз?», – деп қиналыпты, сонда да:
«сіздің бауырыңыз тойда ерегесіп біреуді өлтіріп тастады»,– дейді. Сонда
Қожакелді батыр: «е, менің бауырым кісі өлтіретін шамаға жетіпті ғой!», –
деп қуанғанынан ат шаптырып, ұлан асыр той жасапты.
Жаугершілік заманда қол бастайтын, ел қорғайтын жасты ел ішінен
ерте тауып, сынап тәрбиелеп, оған қарт батырлар ту ұстатып, сауыт-
сайманын тапсыратын, көптің алдында бата беретін салт болыпты.
Сол кезде Қожакелді, Ерназар батырлар, рудың ұлы қариялар мен игі
жақсыларын жинап алып: «Біз қартайдық. Туманың туын кім ұстайды. Кімге
тапсырамыз?» дейді. Жиын топтың ішінен бір жігіт Қожакелді батырдың
алдына келіп: «Уа, батыр аға, өзіңізбен бірге Төлендіқараның үйінде
түстенгенімізде, Жаманкөзден қалған Шыңқожа деген бір жанып тұрған
баланы көріп едік қой! Атымызды байлап, есік ашып, қолға су құйып, орамал
201
ұсынып жүрген сол баланың бітімі бөлек, адамның қарай бергісі келетіндей
бала еді. Сіздің туыңызды ұстауға сол лайық!», – дейді.
Қожакелді батыр қасына нөкерлерін ертіп, Жаманкөздің ауылына
Төлендінің үйіне түседі. Аттанар алдында: «Осы үйде бір бала бар еді, ол
кайда?» дейді Қожакелді батыр. Төленді төмен қарап күмілжиді. Сонда
Төлендінің әйелі; «Ағалар, бұл бауырларыңыз жүзі күйіп, сіздерден қорқып
үндей алмай тұр» дейді де, болған жайдың бәрін, баян етіпті.
Төлендіқара ұрлық жылқыдан үлесіне тиген бір ту биені қара күзде
жығып алады. Жылқы етінің иісін түстік жерден сезетіндер болады ол күнде.
Елге білдірмей, ұрлық жылқыны иісін сездірмей жеу керек. Жер тошалаға
жасырып отырған биенің бір кесек майын Шыңқожа істікке шаншып, отқа
ұстап, пісіріп жемек болады. Шыжыған майдың иісі мұрнына келген Төленді
үйден атып шығып: «жетім ит» – деп Шыңқожаның қолындағы май
шанышқан істікті жұлып ап, баланың бетіне басады. Ыстық майға өңін де
бұзбаған, көзін де жұмбаған бала сол түні жоғалып кетеді.
Шыңқожа бала сол кеткеннен мол кетіп Ташкент асып кетеді. Өстіп
алты жыл өтеді, Шыңқожа өнерлі, өрімдей жігіт болған кезінде өзбек
ханының әскер жасағында сарбаз болады, ірілі ұсақты соғыстарда ерлігімен
және соғысты басқару, әскерлерді соғыста ұйымдастыра білу қабілетімен
ерекше көзге түсіп, біртіндеп он басы, жүз басы, мың басы содан өзбек
хандығының жасағының түмен басы қызметіне тағайындалып, батырлық,
қолбасшылық атағы алыс-жақын көрші елдерге жайылады.
Шыңқожаның хабарын біле алмай жүргенде, оның батырлық атағы мен
даңқ-дақпырты Қазақстанның қиыр шетінде, елдің шетінде, жаудың өтіндегі
Тарбағатай өңіріне де жетеді. Қарт Қожакелді батыр бауыры Шыңқожаны
іздеп Ташкент қайдасың деп тартып береді.
Өзбек ханына келіп: «Бауырымды қайтарып бер, өзіммен бірге ала
кетемін», – дейді. Хан бермейін десе, нақ бауыры екенін біліп тұр, берейін
десе бұндай батырды, әскербасын қайдан табады. Хан беруге қимай: «Мың
сарбазды бірдей киіндіріп, екі сапқа бөліп қарама қарсы тізіп қоямын,
солардың ішінен бауырыңды дөп танып алсаң ғана қайтарамын, танымасаң
саған жоқ, келген ізіңмен кері қайтасың» деген шарт қояды. Қожакелді батыр
бұл шартты қабыл алады. Сонан кейін Қожакелді батыр самсап тұрған қалың
сарбаздың ортасынан атымен құйындата шауып, екі жағына кезек-кезек
теңселіп: «Бауырым Шыңқожа! Шыңқожа!» – деп ұран тастайды. Сол
мезетте ұранды естіп қаны қызып, туған жерін аңсап, сағыныштан сарғайып
жүрген Шыңқожа батыр да: «ағекем, ағакем, бармын, бармын!» – деп
Қожакелді батырға қарсы шабады. Екі ағайынды батырлар өстіп табысқан
соң, өзбек ханының амалы құрып Шыңқожа батырды ағасы Қожакелді
батырға қосып береді.
Содан бері бүкіл Тума баласының соғыстағы ұраны «Шыңқожа» болып
қалды, әлі де осы ұран. Қырық жыл созылған қанды шайқаста Шыңқожа
батыр Туманың қолын бастап қазақ жасағының бас қолбасшысы Қабанбай
батырдың қосынында болды.
202
Қатты бір шайқаста аз адаммен қоршауда қалған Шыңқожа батыр
құтылмасын біліп, өзінің бас бармағын қылышпен шауып алып, атының ер
тоқымының жапсарына қыстырып атты айдап жібереді, ат үріккен бойы
батырдың туған жеріне келіп басын тірейді. Сол кезде аттағы күректей бас
бармақ Шыңқожа батырдікі екенін танып, серіктері осы бас бармақты Аякөз
ауданы, қазіргі Шыңқожада ауылындағы биік төбенің басына арулап
жерлеген.»
2000 жылдың 29-30 қыркүйегінде Тоғыз Тума ұрпақтары бас қосып,
Шыңқожа батыр бабамыздың туғанына 295 жыл толу құрметіне Мақаншыда
ұлы дүбір той жасап, Шыңқожа ауылындағы зиратына ескерткіш тұрғызды.
* * *
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Жәнібек, Бостан, Баймұрат,
Шынқожа, Бұхар, Боранбай.
Бес жүз батыр, сан мың қол,
Қынадай қырып қалмақты.
Қақпасына Жоңғардың,
Қойша қуып қамапты.
* * *
Үш күн, үш түн дегенде,
Дамылдапты батырлар.
Нәр татпаған, күн жауын,
Жарқылдап жай шатырлар.
Үш күн құйып шелектеп,
Толастамай тұр екен.
Көзге түртсе көргісіз,
Тас қараңғы түн екен.
Ыстық ішер отын жоқ,
Ашығыпты Қабекең.
Бір төбенің басында
Шарбақ бейіт бар екен.
Ата-баба салтында,
Аттау қиын аруақты,
Шынқожаны жұмсапты,
Әкелуге шарбақты.
Көтеріп басын, күңіренген
Көріпті бір «аруақты».
Сындарапты Шынқожа,
Шатырлатып шарбақты.
«Тек ары жат ыңыранбай.
Аштан өлгелі жатыр,
Сен түгіл, тірі Қабанбай».
«Шынқожалап» батырлар,
203
Сонда ұран салыпты.
Төбесіне қалың қол
Хан көтеріп алыпты.
Дүрілдесіп батырлар,
Лаулатып от жағыпты.
Жейдесіне Қожаның
Алтын түйме тағыпты.
Жатқызып әлгі зиратқа,
Аруақ қып батыр Барақты.
Шынқожаны Қабекең
Соңғы рет солай сынапты.
* * *
Жеңіліпті жау қалмақ,
Батырларға бас ұрып.
Найза ұшымен тастапты,
Алтай тауын асырып.
Орал, Көкше, Тянь-Шань,
Қаратау мен Алатау,
Тарбағатай, өр Алтай,
Тазарыпты дала, тау.
* * *
Батырлардың талайы,
Жорықта өлген жапанда.
Жау қолынан мерт бопты,
Ер Шынқожа атаң да.
Жүрген екен батырлар,
Жылап, жоқтап, дүр ерін.
«Таппай тарамайсыңдар,
Шынқожаның сүйегін»
Деп іздетіп Қабекең,
Даланы, сай-саланы.
Айлап қарап ақыры,
Бір бармағын табады.
О күнде де сүйектен,
Кім екенін тауыпты.
Биік төбе басына,
Со бармақты қойыпты.
Ат шаптырып, ас беріп,
Мыңдап қара сойыпты.
Содан соң қол тарапты.
Қабекең беріп батасын,
«Шынқожа деп атапты
Арқаның осынау жотасын».
204
Ұлы Мұхтар Әуезовтің тапсыруымен, профессор Қайым Мұхаметқанов
талдау жасаған «Қаракерей Қабанбай батыр» дастанында хал үстінде жатқан
Қабанбайға көңілін сұрай келіп тоқсандағы Бұхар жырау:
«Арғыннан айттым жүз кісі
Найманнан айттым жүз кісі,
Үйсіннен айттым жүз кісі
Қара мойын лағың жараса!» дейді.
Батырдың беті бері қарамасын білген соң:
«... Мен кісі танысам,
Адам болар кебі жоқ,
Шағалақ пен Шыңқожа,
Дәулетбайға барыңдар,
Барып хабар салыңдар!»
деп, Шағалаққа Қубасты, Шыңқожаға Бөрте атты мінгізіп, Дәулетбайға
шапқызады.
Аманжан Жақыпов, «Қаракерей Тума тарихы. Алматы: «Үш Қиян», 2004 ж.
–
Әсет Ризаұлы, біз осы Қабанбай, Шыңқожа батыр бабаларымыздың
тарихи деректерінен байқайтынымыз, сол кезеңде өмір сүрген
бабаларымыздың денсаулығының өте күшті болуы және батырлар 70-80
жасқа дейін ат үстінде найзасын тастамай ел қорғағандығы, ал Бұхар
жыраудың 90-нан асқан шағында өлең-жыр шығарып халықты
басқыншыларға қарсы жұмылдырып, рухани дем беруі таңқаларлық нәрсе
емес пе, осының өзі бабаларымыздың салауатты өмір салтын ұстап,
қартайған шақтарында да іс-қимыл әрекеттерін тоқтатпауының арқасында
Жаратушының берген 100...120 жыл ғұмырын толықтай сүргендерінің айғағы
емес пе?
–
Әсет, қарашы қандай керемет! Поль Брэггтің 95 жасқа, Бекенов
Рақманқұл мен Нұртаза Абылханов, Есетей Сыдықов ақсақалдардың 90-ға
таяуы, Данабек атаның 95 жаста әлі тың болуының, оның шешесі Захария
әжеміздің 107-ге ал, осы әжеміздің туған бауыры Саңқайбай атаның 104-ке
келуі, өзіңнің ағаң Ораз қажы Рахметовтың анасы Камаш апамыздың, Бәтия
Әшімова әженің, Төлеген Бегетаров атаның 100-ге, Найман бабамыздың
тоқсан жасында ұрпақ әкелуі, Бұхар бабамыздың 90-нан асқан шағында да
қырғын соғыста халыққа жігер беріп, намыстарын қайрауы, Қабанбай,
Қожакелді мен Шыңқожа батырлардың қартайғанша қолдарынан найза
тастамауы, ал Мамай бидің жетпісінде ел басқарып, елуде найза өңгергенін,
алпыста арынды болғаны, жетпісінде аспанға атылған жылан екенін,
сексенінде тайдай секіретінін, тоқсанында топтан торай шалдырмайтынын,
жүзінде екі келіншегінің көңілін қалдырмайтынын айтуының өзінде үлкен
мән бар. Себебі денсаулығының арқасында осылай болатынына сенімді
болған және осылай болған да, өзін өзі осыған иландырып алған. Жүз жасқа
205
дейін тамаша табиғи денсаулықпен жүру, өмір сүру, ұрпақ әкелу олар үшін
қалыпты жағдай болған.
Аталарымыздың Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай
деп балаларына ат қоюдың өзі осының бір дәлелі емес пе? Жаугершілікте,
соғыста немесе басқа қырсықтан өліп кетпесе Жаратушының, табиғаттың
адамға берген 100-120 жыл ғұмырын толықтай сүрген, ауру-сырқау, улану
дегендер жоққа тән болған. Ең бастысы табиғат заңдарын бұзбаған, осының
жетегімен өмір сүре білген.
Ал қазіргі замандағы біздің замандастарымыз 60-қа жетер жетпестен
өздерін қартайдық деп иландырып алып, өмірден түңіліп, денсаулықтарын
түзетумен шұғылданудың орнына, баяғы «әніне салып» бей берекет
өмірлерін жардан омақаса құлағанша жалғастыра беруде.
Достарыңызбен бөлісу: |