Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы тоқсандық журнал 2001 ж шыға бастаған 2014



Pdf көрінісі
бет16/31
Дата30.01.2017
өлшемі2,64 Mb.
#3056
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   31

 
 
СПИСОК ЛИТЕРАТУРЫ 
 
1.
 
Ананьев Б.Г. К постановке проблемы развития детского самосознания // Ананьев Б.Г. 
Избранные психологические труды: В 2-х т. Т. П. /Под ред. A.A. Бодалева и др. - М.: 
Педагогика, 1980. - С. 103-127. 
2.
 
Анциферова  Л.И.  Связь  морального  сознания  с  нравственным  поведением  человека 
(по  материалам  исследований  Лоуренса  Колберга  и  его  школы)  //  Психологический 
журнал. - 1999. - Т. 20. - №3. - С. 5-17.  
3.
 
Величко О.Ю. Методы стимулирования нравственного развития младших школьников 
//Начальная школа. - 2010. - № 7. - С. 97 - 100. 
4.
 
Дробницкий О.Г. Проблемы нравственности. - М.: Просвещение, 2003. - 204 с. 
5.
 
Иванова  Н.Г.  Формирование  нравственных  качеств  личности.  Л.И.  Семенова  // 
Начальная школа. - 2011. - № 10. - С. 10-13. 
 
 
 
ТҮЙІН  
Мақалада экспериментальды зерттеулердің теориялық талдаулары мен нәтижелері негізінде 
кіші  жастағы  оқушылардың  бойында  өзіндік  ождан  сезімін  қалыптастырудың  психологиялық 
жағдаяттары  анықталады.  Кіші  жастағы  оқушылар  тұлғасының  өзіндік  ожданды  түсіну  және 
сезіну  үдерістерінің  өзара  байланысын  білдіретін  белгілер  мектеп  тапсырмаларын  түсіну  және 
шешу мысалында берілген. 
 
RESUME 
On the basis of theoretical analysis and results of experimental research the psychological terms of 
forming of self-esteem of junior schoolchildren are determined in the article. The data which testify the 
intercommunication  of  processes  of  understanding  and  self-esteem  of  a  personality  in  midchildhood  on 
the example of understanding and decision of school tasks are presented.
 

 
 
141 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Филология 

 
 
142 
ӘОЖ 82:801.6; 82-1/-9 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
Қ.Т. Жанұзақова 
Қазақ мемлекеттік қыздар 
педагогикалық университеті, 
ф.ғ.д., доцент 
Қазіргі қазақ 
романының 
жанрлық 
ерекшеліктері 
 
Аннотация 
Мақалада  романның  жанр  ретіндегі  табиғат-
болмысы,  көркемдік  ерекшеліктері  сипатталады. 
Қазіргі  қазақ  прозасындағы  роман  жанрының  даму 
бағыттары  мен  қалыптасқан  жанрлық  түрлері, 
жанрлық 
трансформация 
мәселесі 
теориялық 
тұрғыда  тұжырымдалады.  Қазіргі  әдеби  процесте 
роман 
жанрының 
алатын 
орны 
мен 
рөлі 
бағамдалады.  Мақалада  қазіргі  роман  алуан  түрлі 
өзгерістерге 
ұшыраған, 
бірнеше 
жанрлардың 
қасиетін  бойына  сіңірген  «еркін»  жанрлық  түр 
ретінде пайымдалады. 
Түйін  сөздер:  жанр,  роман,  жанрлық  транс-
формация мәселесі, жанрлық түрлер, әдеби процесс.  
 
 
Роман  әдеби  үдерістің  дамуында  басты  орын 
алады.  Әдебиеттанушы  ғалымдардың  осы  жанрды 
зерттеп-зерделеуге  көп  көңіл  бөлуі  де  сондықтан 
болар.  Роман  жанрының  теориясы  М.Бахтин, 
В.Кожинов,  Г.Поспелов,  В.Хализев,  Н.Лейдерман, 
Л.Чернец,  Ю.Тынянов  еңбектерінде  көрініс  тапқан. 
З.Қабдолов,  З.Ахметов,  Т.Кәкішев,  М.Атымов, 
С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, Ж.Дәдебаев, З.Бисенғали, 
А.Ісімақова,  Б.Майтанов,  Т.Есембеков,  М.Хамзин 
т.б.  еңбектерінде  қазақ  әдебиетіндегі  роман  жанры 
фольклор  мен  әдебиеттің  байланысын  айқын 
аңғартатын көркемдік-эстетикалық құрылым ретінде 
қарастырылады.  
Зерттеушілер  романның  даму  тарихында  оны 
әр  түрлі  тұрғыдан:  тақырыптық,  пішіндік,  стильдік, 
тарихи кезеңдерге қарай және т.б. түрлерге жіктеді. 
Әлем  әдебиетінде  романның:  тарихи,  плуттық, 
философиялық, 
психологиялық, 
авантюралық, 
фантастикалық, 
публицистикалық, 
сатиралық, 
әскери, 
деректі, 
детективті-қылмыстық, 
монументалды, 
аналитикалық, 
интеллектуалды, 
мемуарлық, модернистік, роман-эпопея, роман-миф, 
роман-эссе,  роман-поэма,  роман-диалог,  роман-
монолог,  роман-реквием,  полифониялық  романдар 
және  т.б.  жанрлық  үлгілерінің  соншалық  мол 
екендігіне көз жеткіземіз. 
Роман 
жанрының 
басты 
ерекшеліктері 
мынадай: 
-
 
романда  негізгі  назар  жеке  адам  тағдырына, 
оның  тұлға  ретінде  қалыптасуы  мен  өсуіне 
жинақталып,  кейіпкер  өмір  сүрген  қоғам,  орта, 
уақыт  ауқымында  жан-жақты  сомдалады.  Сонымен 
бірге роман адамдардың жеке  өмірін,  өзара  қарым- 

 
 
143 
қатынастарын ғана емес, ұлттық-тарихи ауқымдағы оқиғаларды да кескіндейді.  

 
оның  композициясы  күрделі,  көп  желілі  және  ол  үлкен  кеңістік  пен  уақытты, 
тұтастай дәуірлерді, ғасырларды қамтиды.  

 
бұл  жанрдың  мүмкіндігі  мол  болғандықтан  оған  көпдауыстылық  тән,  баяндау 
барысы автордың сөзімен қатар басқа баяндаушылардың сөзімен ауысып отырады.  

 
романда  басқа  прозалық  жанрларға  қарағанда  оқиғалар  жүйесі,  кейіпкерлер 
кеңірек  қамтылады,  олардың  мінез-құлқы  дайын  күйінде  алынбай,  даму  үстінде 
суреттеледі.  

 
романда  белгілі  бір  тарихи  кезеңнің  шындығымен  қатар  халықтың  дәстүрлі 
мәдениеті,  әдет-ғұрпы,  салт-дәстүрі,  яғни  ұлттың  рухани-мәдени  бейнесі  де  көркем 
бейнеленеді  (Ә.Нұрпейісовтің  «Қан  мен  тер»,  І.Есенберлиннің  «Көшпенділер», 
М.Мағауиннің «Аласапыран», Р.Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» романдары). 
Әлемдік  әдебиет  тарихында  романның  алғашқы  нұсқалары  орта  ғасырларда  пайда 
болды. Дегенмен романның жанр ретінде толысып, кең өріс алуы, даңғыл жолға түсуі ХІХ 
ғасырдан  бастау  алады.  Адам  психологиясын  ашудың  тамаша  үлгілерін  Ресейде 
А.Пушкин,  М.Лермонтов,  Л.Толстой,  Ф.Достоевский,  И.Тургенев,  Францияда  Г.Флобер, 
А.Стендаль,  О.Бальзак,  Ж.Санд,  Англияда  В.Скотт,  Ч.Диккенс,  АҚШ-та  М.Твен, 
Дж.Лондон, Германияда Т.Манн жасады.  
Қазақ  әдебиетінде  роман  жанры  -  ХХ  ғасырдың  басынан  бергі  (М.Дулатовтың 
«Бақытсыз  Жамал»  романы)  кезеңде  пайда  болған,  қазіргі  таңда  дәстүрі  қалыптасқан, 
әлемге  танылған  озық  үлгілер  тудырған  күрделі  жанр.  Прозаның  енді  ғана  қалыптасуы 
тұсында  тәжірибені  бірден  күрделі  жанр  романнан  бастау  қазақ  мәдениетіндегі 
эстетикалық  құбылысқа  айналды.  Прозалық  жанрлық  формалар  поэзияға  қарағанда 
кешірек қалыптасқандықтан, олар бойына өзіне дейінгі дәуірлердегі баяндау тәсілдерінің 
мазмұндық жетістіктерін  сіңіре білді. Жеке суреткер  стилі, я болмаса сол кезеңнің стилі 
өзіне  дейінгі  дәстүрдің  негізінде  жасалады.  ХХ  ғасырдың  басында  жазылған  прозалық 
туындылардағы,  оның  ішінде  роман  құрылымындағы  баяндаудың,  қара  сөздің  өлең 
өлшемдерімен, поэзия талаптарымен қойындасып келуі айқын көрінеді. Роман жанрының 
арғы-бергі  тарихы  мен  теориясын  мұқият  зерттеген  Ш. Елеукенов  С.Торайғыровтың 
«Қамар  сұлу»  романы  туралы  былай  дейді:  «Біздің  алдымыздан  мынадай  елеулі  факт 
шығады:  роман  әлі  де  болса  фольклорлық  нормалар  тартылысын  толық  жеңе  алмаған. 
Кәдімгі  реалды  адамдар  шектен  тыс  идеалдандырылады.  Типтік  мінездердің  орнына 
бойына  көптеген  жағымды  қасиеттер  дарытылған  (жағымсыз  бейнелер  болса  жағымсыз 
мінездер)  жинақтаулы  образдар  шығады.  Автор  ауызша-поэтикалық  шығармашылықтың 
көне  штамптарынан  («күлгенде  көзіңді  алып  кірсіз  тісі»)  бас  тартпайды.  Бір  сөзбен 
айтқанда, романдық биікті бағындыру оңайға түскен жоқ», – деп жазады [1]. 
Роман жанрының қазақ әдебиетінде қалыптасып, кең жайлауға шығуына мол еңбек 
сіңірген М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердиев, С.Көбеев, С.Торайғыров, М.Әуезов, 
С.Мұқанов,  Ғ.Мүсірепов,  Ғ.Мұстафин,  Х.Есенжанов,  Ә.Нұрпейісов,  І.Есенберлин, 
Т.Ахтанов,  Ә.Кекілбаев,  М.Мағауин,  Қ.Жұмаділов,  Д.Досжанов  т.б.  қаламгерлер.  Роман 
турасында  М.Бахтиннен  де  бұрын  ғылыми  пікір  айтқан  А.Байтұрсынұлы  оны  «ұлы 
әңгіме» деп атайды.  
М.Әуезовтің  «Абай  жолы»  роман-эпопеясы  -  қазақ  халқының  ғасырлар  бойы 
қалыптасқан  дәстүрлі  мәдениетінің  үлгілерін  бойына  мол  сіңірген  көп  қырлы,  терең 
мағыналы  шығарма.  Роман-эпопея  –  эпостың  шыңы,  оның  негізгі  қаһарманы  –  халық, 
суреткер шындығы – халық басынан өткен кезеңдік құбылыстар. Өнер адамының жарық 
дүниеге  келуінен  бастап,  дүниеден  қайтуына  дейінгі  аралықтағы  өмірі  халық  өмірімен 
сабақтасып,  қазақтың  тұрмыс-тіршілігіне,  кәсібіне,  дүниетанымына  байланысты  басты 
сенімдері, дәстүрі, рухы М.Әуезов қаламы арқылы жаңа тынысқа ие болды. Әдебиеттану 
ғылымында  тарихи  дәуір  шындығын  кең  суреттеуге  арналған  шығармалардың  тобы 
тарихи  романдар  деп  аталып,  жеке  жанрлық  түр  ретінде  бағаланып,  олардың  өзіндік 

 
 
144 
табиғатына  арнайы  сипаттама  берілген.  Қазақ  прозасында  тарихи  романдар  -  ең  көп 
зерттелген  және  кеңінен  тамырын  жайған  жанрлардың  бірі.  Қазақ  әдебиеттануында 
тарихи романдар тақырыптық тұрғыдан: тарихи-биографиялық, тарихи-публицистикалық, 
тарихи-этнографиялық,  тарихи-тұрмыстық,  роман-эпопея,  тарихи-әлеуметтік,  тарихи-
танымдық, тарихи-философиялық т.б. түрлерге жіктеліп жүр. 
Мемуарлық  немесе  ғұмырнамалық  сипаттағы  романдардың  қазақ  прозасының 
дамуындағы  орны  да  қомақты.  Бұл  ретте  С.Сейфуллиннің  «Тар  жол,  тайғақ  кешу», 
С.Мұқановтың  «Менің  мектептерім»  атты  романдары  бұл  жанрлық  түрдегі  алғашқы 
шығармалар  болса,  З.Қабдоловтың  «Менің  Әуезовім»,  М.Мағауиннің  «Мен», 
Ш.Мұртазаның  «Ай  мен  Айша»,  К.Смайыловтың  «ХХІ  ғасырға  сапар»  шығармалары  - 
тәуелсіздік жылдарындағы әдебиеттің жемісі. 
Батыс  әдебиетінде  тамыры  терең  фантастика  жанрын  қазақ  прозасында  дамытқан 
А.Машанов, 
М.Сәрсекеев, 
А.-Х.Мархабаев, 
Т.Сұлтанбеков, 
Ш.Әлімбаев 
т.б. 
қаламгерлерді  атауға  болады.  А.-Х.Мархабаев  -  қазақ  фантастика  жанрын  тұңғыш 
зерттеуші ғалым. Ол - «Қазақ фантастикасының қалыптасу жолдары мен тенденциялары», 
«Қазақ фантастикасының поэтикасы» монографияларының авторы.  
Қазақ  әдебиетіндегі  деректі  роман  жанрының  классикалық  үлгісі  –  М.Шахановтың 
«Желтоқсан  эпопеясы».  Тәуелсіздік  идеясын,  өзекті  Желтоқсан  тақырыбын  арқау  еткен 
роман  саяси-әлеуметтік  көкейкестілігімен,  идеялық-эстетикалық  жүгінің  зәрулігімен 
ерекшеленеді.  Шығарма  композициясында  түрлі  әдіс-тәсілдер,  шегіністер,  деректі 
құжаттар  молынан  қолданылып,  шығарманың  көркем  тілімен  үйлесім  тапқан. 
М.Шахановтың  қазақ  әдебиетіндегі  құбылыс  ретінде  бағаланған  «Өркениеттің  адасуы», 
«Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты туындылары 
да роман жанрының бүгінгі деңгейін, көркемдік табыстарын көрсетеді. Лирикалық бастау 
мен эпикалық құлаш жарасым тапқан өлеңмен жазылған романдар бір-бірін толықтырып, 
терең  философиялық  астары  бар,  мәңгілік  өмір  айналымының  сыры  мен  жұмбағына 
үңіледі, оқырманның алдына түйіні күрделі сауалдар тастайды.  
Кеңес  дәуірі  әдебиетінде  «Аласапыран»,  «Сары  қазақ»,  «Шақан  шері»,  т.б. 
шығармаларымен тарихи роман жанрын дамытқан М.Мағауин тәуелсіздік жылдарында да 
рухани  қазынамызды  байытты.  М. Мағауиннің  жалпы  шығармашылық  сапарында 
қашанда өзгешелікке, жаңашылдыққа ұмтылатынын, тынбай ізденетінін аңғарамыз. Бұған 
әсіресе,  тәуелсіздік  жылдары  жазылған,  бірін-бірін  қайталамайтын,  көркемдік  әлемі, 
айтатын  ойлары  бір-бірінен  өзгеше  «Қыпшақ  аруы»,  «Мен»,  «Жармақ»  романдары  куә. 
Әсіресе,  тәуелсіздік  алғаннан  кейін  жазылған  туындылары  бұрынғы  шығармаларынан 
оқиға жағынан да, құрылымдық, әдістік тұрғыдан да ерекше. Кеңестік әдебиетте реалист 
жазушы ретінде қабылданатын М. Мағауиннің кейінгі туындыларында модернистік таным 
тереңірек із салған.  
М.  Мағауин  «Қыпшақ  аруы»  романы  арқылы  халқымыздың  бұрынғы  бет-бейнесін, 
рухани  кескін-келбетін  тұтастай  қайтадан  қалпына  келтіріп,  бүгінгі  қазақтың  қанындағы 
бабалар  рухын  қайта  жаңғыртқысы  келетін  ынта-ұмтылысын  танытады.  Көлемі  шағын 
болғанымен  уақыты  мен  кеңістігі  кең  шығарма  жазушының  шеберлік  қуатын  танытады. 
Хикаятта  қиял  мен  шындық,  өткен  мен  бүгін,  романтикалық,  поэтикалық  және 
публицистикалық бастаулардың синтезі, жарасым тапқан.  
Қазіргі  қазақ  романында  мәңгілік  ұғымы  жаңа  қырынан  көрінді.  Мәңгілік 
шығармада  суреттеліп  жатқан  оқиғалардың  бөлінбес,  ажырамас  бөлігі  ретінде  көрінді. 
Әрине,  бұл  көркем  шығарма  құрылымының  ерекшелігін  де  анықтайды.  Шығармада  әр 
түрлі  кеңістіктік-мезгілдік  өлшемдерде  болып  жатқан  оқиғалар  қатар  суреттелді. 
Қаламгерлер  дүниенің  дуалистік,  екіұдай  табиғатын,  ондағы  материалдық  және  рухани 
бастаулардың  ара  салмағын  көрсетуге  ерекше  назар  аударды.  Кейіпкерлер  характері 
қоршаған  ортада,  тұрмыстың  күйкі  тірлігінде  қалыптасқанымен,  қаһарман  сол  күйбең 
тіршіліктен  жоғары  көтеріліп,  болмыстың  мәні  туралы  күрделі  әрі  қиын  сұраққа  басы 

 
 
145 
қатып,  ойға  беріледі.  Қаһарманның  ішкі  рухани  әлемі  ғарыш  деңгейінде  суреттеледі  де, 
оның  санасы  тұтас  ұрпақтарды,  дәуірлерді  сығымдай  жинақтайды.  Ол  өзін  тұтас 
жаратылыстың, ғарыштың бір бөлшегі ретінде сезінеді.  
Тәуелсіздік  жылдарындағы  әдебиетте  роман  құрылымында  жетекші  орынды  аңыз-
әңгімелер, мифтер алады. Көне аңыздарға иек арта отырып, жазушылар қоғам дамуының 
ерекшеліктерін безбендеп, ұрпақтар, дәуірлер сабақтастығын бейнелейді. Миф шығармада 
көтерілген  философиялық  мәселелердің  шексіздігін,  мәңгілік,  тұрақты  сипатын 
пайымдауға  мүмкіндік  береді.  А.Алтайдың  «Алтай  балладасы»  роман-мифінде  миф 
шығарманың көркемдік құрылымын күрделендіріп, мағыналық ауқымдылығын кеңейтеді, 
тұспалдау,  меңзеу  формалары  арқылы  белгілер,  символикалық  бейнелер  қатарын 
қалыңдатып, баяндауды ассоциациялармен, реминисценциялармен байытады.  
Осы  кезеңдегі  қазақ  романы  баяндау  күрделілігімен,  көп  деңгейлігімен 
ерекшеленеді.  Оқиғалар  бірнеше  кеңістіктік,  уақыттық  желілерде  қатар  өтеді.  Кейде 
олардың  арасындағы  шекара  жойылып,  оқиға  шарттылығымен,  иллюзиялық, 
салыстырмалы  сипатымен  танылады.  Романдағы  «сюжет  ашықтығымен,  еркіндігімен 
және  оқиға  дамуының  сан  тарам  желілерімен»  [1,  420  б.]  сипатталады.  Осы  қатардағы 
шығармалардың біріне Х.Әдібаевтың «Отырар ойраны» романын атауға болады.  
Шығарма жанрлық тұрғыдан белгілі бір шеңберден шығып, «еркін романның» жаңа 
түрін  елестетеді.  Шығарма  мәтіні  күрделі  фрагментарлық  бөліктерден  құралғандай  әсер 
етеді.  Ауқымы,  кеңістігі  кең  шығарманың  көркемдік  тініне  философиялық  ойлар, 
эссеистік, саяси-публицистикалық толғаныстар, лирикалық-поэтикалық шегіністер кірігіп, 
еніп кеткен. Автор реалды және онейрикалық хронотоптар арасында параллель жасайды. 
Шыңғыс  әскерінің  Отырар  қаласын  жаулап,  жермен-жексен  етуіне  байланысты  тарихи 
оқиғаны  жаңаша  баяндаған.  Көп  желілі  роман  күрделі  философиялық  сипатымен, 
«экзистенциалды 
дүниетаным 
мотивімен, 
мифопоэтикалық, 
парадигматикалық 
қабаттардың корреляциясымен, эмоционалдық-экпрессивтік бояудың қалыңдығымен» [2, 
322 б.] ерекшеленеді. 
Қазіргі қазақ прозасы қарқынмен дамып, стильдік жағынан байып жетілді. Әдебиет 
тарихына  жаңа  көзқараспен  қараған  уақытта  көптеген  реалистік  шығармаларымыздың 
көркемдік 
тініне 
түрлі 
стилдік 
тәсілдердің, 
әдістердің, 
неоромантизмнің, 
постмодернизмнің  тамырласып  жатқанын  аңғарамыз.  Әлем  әдебиетінің  таңдаулы 
үлгілерімен еркін сусындаған жазушылар бір-бірінен адамды тану, оның рухани тіршілігін 
бейнелеуде  өзіндік  ерекшеліктерімен,  қаламгерлік  қолтаңбасымен  дараланады.  Қазақ 
прозасында  роман  жанрын  дамытқан  Ә.Кекілбаев,  Қ.Жұмаділов,  Б.Мұқай,  Р.Тоқтаров, 
С.Елубай,  С.Санбаев,  Д.Досжанов  Т.Әсемқұлов,  Ж.Қорғасбек,  Д.Амантай  т.б. 
жазушылардың шығармашылығы реалистік қуаттылығымен қатар жаңашыл ізденістермен 
де ерекшеленді. Негізгі назар әлеуметтік өмірден гөрі рухани кеңістікке ауды және жеке 
тұлға күрделі рухани құрылым ретінде қарастырылды.  
Қорыта  айтқанда,  қазіргі  қазақ  романдары  ұлттық  сөз  өнері  дамуы  тарихындағы 
классикалық  дәстүр  жалғасуының  көрнекті  көрсеткіштері  болып  саналады.  Қазіргі  қазақ
 
романдары  ұлттық  тарихымыздың  ақтаңдақ  беттерін  ақтарып,  бұрын  айтылмай  келген 
өмір  шындығын  сан  түрлі  тәсілдермен  бейнелейді.  Қазақтың  көркем  прозасында  өзіндік 
суреткерлік  қолтаңбаларымен  танылып  қалыптасқан  көрнекті  қаламгердің  жаңа 
романдары  ұлттық  және  әлемдік  әдебиеттің  классикалық  үрдістерін  байыта,  тереңдете 
түсті. Қазіргі қазақ романы – әлем әдебиетінің қлассикалық үрдіс деңгейінде дамып келе 
жатқан  жанр.  Дәстүрлік  және  көркемдік  негіздері  –  қазақтың  фольклоры  мен  әдебиеті 
мұралары.  Тәуелсіздік  дәуірі  он  жылдық  әдеби  процесс  арнасын  жаңа  бағытқа  бұрды. 
Тәуелсіз  ел  әдебиеті  жаһандық  әдеби  жұртшылыққа  рухани  асыл  қазыналарымызды 
таныстырудың  өзге  де  форма,  тәсілдерін  іздестіруде.  Қазақ  қаламгерлері  қол  жеткен 
көркемдік  табыстарына  сүйене  отырып,  жаңа  шығармаларының  дәуір  талабынан 

 
 
146 
табылуына  күш-жігерін  аянбай  жұмсағаны,  зор  шабытпен  әрі  жауапкершілікпен 
еңбектенгені айқын байқалады. 
 
 
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР  
 
1
 
Қазақ әдебиетінің тарихы: 10 томдық жинақ. Тәуелсіздік кезеңі (1991-2001). – Алматы: 
Қазақпарат, 2006. – 10 т. – 528 б. 
2
 
Жаксылыков  А.Ж.  Образы,  мотивы  и  идеи  с  религиозной  содержательностью  в 
произведениях  казахской  литературы.  Типология,  эстетика,  генезис:  дис.  ...  докт. 
филол. наук: 10.01.08. – Алматы, 1999. – 348 с. 
 
 
 
РЕЗЮМЕ  
 
В  статье  рассматриваются  художественные,  жанровые  особенности  и  теоретические 
вопросы литературного жанра - романа. Исследуются классификация и жанровые трансформации 
романа. Анализируется роль и значение романа в современном литературном процессе.  
 
RESUME 
 
The author of the article considers art, genre features and theoretical issues of the literary genre of a 
novel. Classification and genre transformations of the novel are researched. The author analyses the role 
and importance of the novel in contemporary literary process 
 

 
 
147 
ӘОЖ 811.512.122'1 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
М.С. Жолшаева 
Сулейман Демирел атындағы 
университет,  
ф.ғ.д., профессор  
 
Аналитикалық 
тәсілмен берілетін 
грамматикалық 
мағынаның 
туындау 
жолдарын 
анықтау 
 
Аннотация 
Лингвистиканың  әр  саласында  тілдің  қай 
қырынан  қарастырылуымен  байланысты  қалып-
тасқан  зерттеудің  бірнеше  әдіс-тәсілдері  бар. 
Семантикада  сөз  мағынасын  сипаттауда  кең 
тараған әрі жиі қолданылатын әдіс – семдік талдау. 
Дегенмен  қазақ  тіліндегі  аналитикалық  тәсілмен 
берілетін грамматикалық семантиканың қалыптасу 
тетіктерін  айқындау  барысында  тілдік  материал-
дарды  семдік  талдаумен  қатар,  эксперимент  әдісі 
арқылы  да  анықтау  тиімді  әрі  маңызды  болмақ. 
Мақалада қазақ тілінде грамматикалық мағынаның 
беретін  негізгі  етістік  пен  көмекші  етістіктің 
тіркесуіндегі 
заңдылықтарды 
анықтаудағы 
эксперимент  әдісінің  тиімділігі  нақты  тілдік 
деректермен дәйектеле отырып қарастырылған.  
Түйін 
сөздер: 
грамматикалық 
мағына, 
аналитикалық  тәсіл,  семдік  талдау,  интроспекция, 
эксперимент  әдісі,  семантикалық  байланыс-
тырушы компонент. 
 
 
Қазақ 
тілінде 
аналитикалық 
тәсіл 
– 
грамматикалық 
мағынаны 
берудің 
өнімді 
жолдарының  бірі.  «Қазақ  грамматикасында» 
аналитикалық  тәсілдің  түрлері  ретінде  негізгі 
сөздердің  тіркесуі;  негізгі  сөз  бен  көмекші  сөздің 
(көмекші  етістік,  шылау  т.б.)  тіркесуі;  сөздердің 
қосарлануы;  сөздердің  орын  тәртібі  және  дауыс 
ырғағы, 
интонация 
арқылы 
грамматикалық 
мағынаның  берілуі  көрсетілген  [1,  419  б.].  Осы 
аналитикалық  тәсіл  түрлерінің  ішіндегі  қазақ 
тілінде  жиі  кездесетіні  және  белсендісі  – 
грамматикалық  мағынаның  сөздердің  тіркесі 
арқылы берілуі. Нақтырақ айтқанда, негізгі сөз бен 
көмекші  сөз  арқылы  грамматикалық  мағынаның 
берілуі  –  қазақ  тілінде  үлкен  орынға  ие.  Мұның 
өзін екіге саралауға болады: бірі – негізгі сөздердің 
шылаулармен  тіркесі;  екіншісі  –  негізгі  етістіктің 
көмекші  етістікпен  тіркесіп,  грамматикалық 
мағына  беруі.  Кез  келген  негізгі  етістік  пен 
көмекші  етістік  бір-бірімен  тіркесе  бермейді, 
олардың тіркесуінде белгілі бір заңдылық бар. Осы 
тұста,  ғалым  А.А.Юлдашевтың:  «Көмекші  етістік 
өзінің  көмекшілік  қызметін  алдыңғы  етістіктің 
белгілі  бір  формативімен  тіркесіп  келгенде  ғана 
атқарады,  сондықтан  осы  тіркестен  туындайтын 
мағынаны  көмекші  етістіктің  еншісіне  ғана  беру 
дұрыс  емес»  [2,  19  б.]  деген  пікірімен  толық 
келісеміз. Д.М. Насиловтың көрсетуінше,  лексика- 

 
 
148 
лық  мағына  мен  грамматикалық  мағынаның  өзара  тіркесімі  әр  морфемаға  бекітілген 
ақпаратпен  байланысты  болғандықтан  қарапайым  механикалық  процесс  ретінде 
бағаланбауы  тиіс.  Бұл  процесте  негіз  мағынасын,  морфологиялық  көрсеткіштің 
мағынасын  және  екі  мағынаның  өзара  әрекеттестігінен  туындайтын  нәтижені,  яғни 
түбірдегі  нақтылық  (лексикалық  мағына)  пен  аффикстегі  жалпыдан  (грамматикалық 
мағына)  пайда  болған  синтезделген  жаңа  бүтіннің  мағыналарын  білу  қажет  [3,  47  б.]. 
Мақала  көлемінде  біз  негізгі  етістік  пен  көмекші  етістік  тіркесінен  грамматикалық 
мағынаның  туындау  жайын  анықтаудағы  семдік  талдау  мен  эксперимент  әдісінің 
маңыздылығына тоқталамыз.  
Латын  тілінен  енген  «experimentum»  сөзі  табиғат  пен  қоғамдағы  сан  түрлі 
құбылыстарды  бақылау  жасау  арқылы  зерттейтін  таным  әдісі  дегенді  білдіреді  және  ол 
бақыланатын нысан болған жерде ғана жүргізіледі. Бұл әдістің лингвистикаға келуі – ХІХ 
ғасырдың  ІІ  жартысы.  Тілтанымда  эксперимент  әдісінің  негізгі  нысаны  –  адам.  Өйткені 
түрлі тілдік құбылыстарға қатысты зерттеулер адам факторымен тікелей байланысты.  
Эксперимент  зерттеуші  тарапынан  және  сырттан  басқа  бақылаушыларды  тарту 
арқылы жүргізілуі мүмкін. Алғашқысы интроспекция деп аталады да, зерттеудің бұл әдісі 
зерттеушінің  өзін-өзі  бақылауына  негізделеді:  зерттеуші  мен  ақпарат  беруші  бір  адам 
болады.  А.  Е.  Кибрик  зерттеуші  тарапынан  жүргізілетін  бақылаудың  айқын  және 
қалыптасқан  зерттеу  ұстанымдарына  сай  іске  асырылған  интроспекция  әдісін  де 
экспериментті  деп  есептейді  [4,  49].  Жалпы  кеңестік  тіл  білімінде  эксперимент  әдісі 
термині  Л.В.Щерба  есімімен  тығыз  байланысты.  Ол  лингвистикадағы  эксперимент  және 
оның  тілдік  мәселелерді  шешудегі  рөлін  айта  келе,  бұл  әдісті  түрлі  тіл  деңгейіне 
(синтаксис, морфология және фонетика) қатысты қарастырады [5].
 
Мәселен, эксперимент 
әдісін  фонетика  саласында  әр  түрлі  позициядағы  дауысты  дыбыстардың  сандық 
қатынасын  айқындауда  маңызды  әдістің  бірі  деп  санайды.  Л.В.Щербаның  көрсетуінше, 
лингвистикалық эксперимент қандай да бір лингвистикалық болжамды дәлелдеуде немесе 
жоққа шығаруда маңызды болып табылады.  
Лингвистикада  эксперимент  әдісі  екі  бағытта  қолданылады:  бірі  –  лингвистиканың 
басқа  ғылымдармен  тоғысынан  пайда  болған  психо-лингвистика,  социолингвистика, 
нейролингвистика  салаларында  қолданылуы.  Мысалы,  психолингвистикада  зерттеу 
негізінен  психологиялық  экспериментке  сүйеніп  жүргізіледі.  Бұл  сала  сөйлеуді  зерттеу 
нысаны  етіп  алатыны  жағынан  тіл  ғылымына,  ал  оны  зерттеудің  әдісі  жағынан 
психологияға  жақын  келеді.  Сөйлеу  процесі  және  сөйлеуді  қабылдау  мен  түсіну  секілді 
мәселені  лингвистика  психологияға  қатыссыз  шеше  алмайды.  Сөз  мағынасындағы  түрлі 
құбылыстар  мен  сөздің  келтірінді  мағынасын  қолдану,  сөз  мағынасының  әлеуетін 
бағамдау сияқты құбылыстарды тілтанымда қарастыру психологияның ассоциация заңына 
негізделеді.  Осымен  байланысты  психолингвистикада  ассоциативтік  эксперимент  әдісі, 
семантикалық жіктелім (дифференциал) әдістері кеңінен қолданылады. 
Ассоциативтік эксперимент әдісі сөздің психологиялық мағынасын зерттейтін, жеке 
тұлғаның  тәжірибесі  негізінде  жинақталған  ассоциацияларды  анықтауға  бағытталады. 
Эксперимент тірек сөзге байланысты ойға түскен барлық сөздерді жазып алуға негізделеді 
де,  сол  арқылы  белгілі  бір  сөз  аясына  жинақталатын  сөздер  тобы  айқындалады.  Бұл 
ассоциативтік өріс деп аталады. Адам санасында сөздің белгілі бір ұғымдар туралы түйсік 
тудыру  қабілеті  оның  (сөздің)  ассоциативтік  әлеуетін  көрсетеді.  Сөздер  арасындағы 
ассоциативтік қатынас психолингвистикалық экспериментпен анықталады. Ассоциативтік 
өріс  құрамына  талдау  жүргізу  нәтижесінде:  біріншіден,  этностың  дүниетанымы, 
психологиясы  мен  тұрмыс-тіршілігі,  салт-дәстүрі  жайында  мол  ақпарат  алуға  болады. 
Өйткені  сөздер  арасындағы  ассоциативтік  байланыс  жеке  тұлғаның,  этностың 
дүниетанымымен,  психологиясымен,  ұзақ  уақыт  бойы  жинақтаған  тәжірибесімен  тығыз 
байланысты;  екіншіден,  сөздердің  арасындағы  ассоциативтік  байланыстар  мен  сөздің 
ассоциативтік  өрісі  оның  коммуникативтік  әлеуетін  айқындауға  да  мүмкіндік  береді. 

 
 
149 
Жалпы  ассоциация  тек  тіл  білімінде  ғана  емес,  философия,  психология  да  әр  аспектіден 
қаралып келеді.  
Екіншісі 

 дәстүрлі грамматиканың тіл деңгейлері фонетика, морфология, сөзжасам, 
синтаксис  салаларында  тілдік  норма,  тілдік  қатынас,  сөйлеу  тіліндегі  ауытқулар,  жаңа 
атаулар  жасаудағы  тілдік  үлгілер  сияқты  түрлі  тілдік  мәселелерді,  сондай-ақ  аймақтық 
тілдік  ерекшеліктерге  қатысты  кейбір  мәселелерді  шешу  мақсатында  қолданылады  және 
тіл  білімі  үшін  маңызды  нәтижелер  беріп  келеді.  Алғаш  рет  бұл  әдіс  тілдің  фонетика 
саласында дыбыстардың айтылым механизмін зерттеумен байланысты қолданылды.  
Эксперимент  әдісі  соңғы  кездері  семасиологияда  қарқынды  қолданылып  келеді. 
Семасиологияда  эксперимент  бақылау  негізінде  қолданысы  дұрыс  деп  танылған 
семантикалық  болжамдарды  дәлелдеуде  немесе  оны  жоққа  шығаруда  қорытынды 
тұжырымдар  жасау  үшін  қажет.  Лексемалардың  синонимдік  қатарын  анықтау,  сөздерді 
лексика-семантикалық  топтарға  жіктеу,  сөздің  көпмағыналық  қырын  және  оның 
мағыналық  құрылымын  айқындау  арқылы  көрсету  сияқты  т.б.  мағынаға  қатысты 
мәселелерді шешуде эксперимент әдісі маңызды рөл атқарады. Бұл туралы В.В.Левицкий, 
И.А.Стернин еңбегінде жан-жақты айтылған [6].  
Жалпы  семасиологияда  эксперимент  әдісі:  зерттеу  нысанының  жаңа  қырларын 
айқындайтын  семантикалық  талдаудың  қосымша  құралы;  интуитивті  талдау 
нәтижелерінің  шындыққа  қаншалықты  жанасымды  екендігін  тексеру  құралы;  дәстүрлі 
зерттеу  әдістері  арқылы  түсіндіруге  келмейтін  кейбір  тілдік  құбылыстардың  табиғатын, 
мәнін  ашудың  негізгі  тәсілі;  кейбір  тілдік  құбылыстарға  талдау  жасаудың  бірден-бір 
жалғыз ғана құралы болуы мүмкін [6, 185 б.].  
Эксперимент материалдары қандай да бір семантикалық сипаттаманың шешімі емес, 
ол өңдеу мен талдауды қажет ететін, белгілі бір тұжырымдар жасауға негіз болатын тілдік 
материал  ғана  болып  табылады.  Тілдік  бірліктің  семантикасын  зерттеуде  негізгі  әдіс 
интроспекция  саналады.  Мұнда  зерттеуші-семасиолог  нысан  ретінде  алынған  сөзбен 
байланысты өз санасындағы түрлі процестерге өзінің ішкі интуициясы бойынша бақылау 
жүргізіп, соның негізінде сөз мағынасына қатысты тұжырымдар жасайды. Бұл қорытынды 
тұжырымдар,  сондай-ақ,  сол  сөзді  бақылаушы  қандай  мағынада  түсінетіндігі  және 
қолданатындығы  жайынан  ақпарат  береді.  Дегенмен,  лингвист  ғалымдар,  бір  жағынан, 
интроспекция  қандай  да  бір  болжамды  тексерудің  қысқа  жолы  екендігін 
мойындағанымен, екінші жағынан, оның субъективті сипатының басым болатындығын да 
жоққа шығармайды [7, 62-63 бб.]. 
Зерттеушінің  өзінің  ішкі  тілдік  интуициясына  сүйене  отырып  жасалған 
тұжырымдары  екінші  адамның  көзқарасы  тұрғысынан  дұрыс  деп  танылмауы  да  мүмкін. 
Интроспекциядағы  субъективтілікті  М.А.Кронгауз  идиолект  және  тілдік  интуиция 
мәселесімен байланысты түсіндіреді [8, 93 б.].  
Тілдік  бірліктің  семантикасына  қатысты  түрлі  заңдылықтар  тек  зерттеуші-
информант негізінде ғана емес, екінші бір адамды немесе топты информант етіп алу, оның 
сөз  қолданысын  бақылау  арқылы  жасалған  эксперимент  нәтижелеріне  сүйене  отырып  та 
жасалады. Лингвистикалық экспериментте семантикалық болжамға қайшы келетін тілдік 
материал  да  маңызды.  Ондай  тілдік  деректер  сөздің  басқа  сөзбен  тіркесуіне  кедергі 
келтіретін  сөз  мағынасындағы  мағыналық  бөлшектерді  айқындауға  және  сол  мағынада 
қолданылмайтын  мәнмәтін  типін  анықтауға  мүмкіндік  беретіндігімен  құнды.  Тілдік 
құбылыстар  мен  қандай  да  бір  тілдік  заңдылықтарды  дәлелдеу  немесе  анықтау 
мақсатында  эксперимент  жүргізу  қажет  болса,  онда  жүргізуші  адам  үшін  мынадай 
ақпараттардың  қолында  болғаны  абзал.  Өйткені  ақпарат  беруші  (информанттың)  жасы, 
білім, ортасы, тілі деген мәселелердің барлығы да бір тұста тікелей, енді бір тұста жанама 
дереккөздер болып табылады. Сондықтан, жинақтап айтқанда, информанттардың жалпы 
саны;  жас  мөлшері;  эксперименттің  жүргізілген  уақыты;  эксперимент  материалдары, 
эксперимент мақсаты, эксперимент тапсырмасы айқын болуы керек.  

 
 
150 
Эксперимент жүргізу арқылы бір тілде сөйлеуші санасында қандай тіл бірліктерінің 
қандай тұлғада сақталатындығын айқындау, яғни сөйлеушінің тілдік санасына көңіл бөлу. 
Тілдік бірліктердің қолданысына қатысты материалдарды мәтін мен сөздіктерден де алуға 
болады.  Алайда  бұл  дәл  бүгінгі  тілдік  сананы  көрсете  алмауы  мүмкін.  Өйткені  ол 
туындылар  бұдан  бірнеше  жыл  бұрын  жазылған  болуы  да  ықтимал  әрі  көркем  шығарма 
автордың  сөз  қолданысымен  байланысты  болып  келеді.  Ал  эксперимент  материалдары, 
объективтілігімен  ерекшеленеді;  қазіргі  осы  тілде  сөйлеушілердің  тілдік  тұлғаларды 
қолдануын байқатады.  Бірақ  эксперимент  материалдарына қандай да мәселенің нәтижесі 
деп  емес,  керісінше,  белгілі  бір  сауалдарға  жауап  алудың  бір  жолы  ретінде  қарау  керек. 
Алынған  жауаптарға  талдау  жүргізе  отырып,  зерттеуші  ғылыми  тұжырымдар  жасайды. 
Бұл  айтылғандардың  барлығы  да  лингвистика  үшін  эксперимент  әдісінің  тілді  зерттеуде 
маңызды  екендігін  айғақтайды.  Осы  орайда  интроспекция  және  эксперимент  жүргізу 
негізінде  айқындалған  қазақ  тіліндегі  түс  көмекші  етістігінің  жетекші  етістікке 
тіркесімділігін қарастырып көрейік.  
Эксперимент  материалдарымен  жұмыс  екі  кезеңнен  тұрды:  тапсырма  мәтіні 
бойынша  жетекші  етістік  пен  көмекші  етістіктердің  қандай  тұлғада  тіркесетіндігін 
көрсету; осы тіркесімділіктің негізін айқындау. Екінші кезеңдегі талдау жұмыстары үшін 
семдік талдау әдісі пайдаланылды. Семдік талдау тілдік мағынаның шынайы ұйымдасуын 
көрсетеді.  Сөздердің  семантикалық  тіркесімділігінің  негізгі  заңдылығы  бойынша  екі  сөз 
дұрыс тіркесу үшін олардың бойында тіркесімділікке негіз болатын сема болуы керек. Бұл 
сема  семантикалық  байланыстырушы  компонент  немесе  синтагмема  деп  аталады. 
Семдік  талдаудың  мақсаты:  жетекші  етістіктің  семантикалық  құрылымын  айқындау; 
көмекші  етістіктің  семантикалық  құрылымын  анықтау;  екі  сөзге  ортақ  сема  не  олардың 
тіркесуіне  негіз  болатын  семаны  белгілеу;  аналитикалық  тіркестің  жалпы  мағынасын 
көрсету. 
Түс  етістігінің  қазақ  тілінің  он  томдық  түсіндірме  сөздігінде  үш  түрлі  мағынасы 
көрсетілген: «1. Биіктен төмендеу, жерге келіп тірелу; 2. Бір жерге келіп орналасу, кіру; 3. 
Қызметтен босау, айырылу» [9, 344 б.]. Осындағы «бір жерге келіп орналасу немесе кіру» 
деген  мағынаны  «бір  жерге  келіп  тоқтау»  деп  толықтырсақ,  мағына  айқындала  түсетін 
секілді:  Арыстан  айдап  бара  жатқан  жылқыларын  болыстың  атқару  комитетіне 
тапсырып,  Тұрсынның  үйіне  түсті  (Ғ.Мүсірепов).  Тілдік  деректер  негізінде  түс 
етістігінің  мына  мағыналарда  жұмсалатыны  анықталды:  көліктен  сыртқа  шығу: 
Әйткенмен,  келесі  аялдамадан  түсемін  (М.Мағауин);  жүріп  отыру:  Көксерек  еріксіз 
ойысып  келіп,  үшеуінің  алдына  өзі  түсті  (М.Әуезов);  бастан  кешіру:  Қасым  сол  күнгі 
жылауынан  бастап,  үлкен  кісідей  қайғыға,  қаралы  күйге  түсті  (М.Әуезов);  сәті  келу: 
Қаранарды  мұнымен  соңғы  рет  қашан  жабулағаны  Едігенің  есінде  жоқ.  Міне,  енді 
жабулаудың реті түсті (Ш.Айтматов).  
Түс етістігі көмекшілік қызметте жетекші етістіктің көсемшенің -а / -е, -й тұлғасында 
келуін  қажет  етеді.  Субъективті  және  қалып-сапа  етістіктерімен  тіркеспейді.  Етістіктің 
басқа  лексика-семантикалық  тобымен  тіркеседі,  алайда  қозғалыс  етістіктерінен  бағытты 
қозғалыс  және  объектіден  алыстаумен  байланысты  етістіктермен,  қарым-қатынас 
етістіктерінен  адамдар  арасындағы  қатынасты  білдіретін  әрекеттермен  байланысты 
етістіктермен тіркеспейді. Етістіктің аналитикалық формасын жасағанда, жетекші етістік 
арқылы берілетін қимылға оның тез, бірден жасалғандығын білдіретін мән үстейді: Аяғым 
тайып  кетті  де,  құлап  түстім  (Б.Соқпақбаев).  Осындағы  құла  мен  түс  етістіктерінің 
тіркесімділігі қандай семаға негізделгенін көрсету үшін семдік талдауға сүйенеміз: құла- : 
1) жоғарыдан төмен қарай іске асатын амал; 2) субъектінің еркімен/еркінен тыс болады; 3) 
жасалу қарқыны тез;  4) нәтижелі.  Түс  көмекші  етістігімен тіркесуге 

жоғарыдан төменге 
бағытталған

 және 

тез жасалатын әрекет

 семалары себеп болған.  Әрекеттің тез жасалуы 
қимылдың  сипатына  байланысты.  Тік  кеңістікте  жоғарыдан  төмен  жүзеге  асатын  әрекет 
табиғатынан  жасалу  тездігімен  ерекшеленеді.  ...  Нұрғаным  да  әлсіреп,  өзегі  талып,  осы 

 
 
151 
тұсқа келгенде, көк шөптің үстіне сылқ етіп, жығылып түсті (Қ.Жұмаділов) дегендегі 
жығыл-  етістігінің  семантикалық құрамы:  1)  амал-әрекет;  2)  көлденең  кеңістіктің  үстіне 
құлау;  3)  ойламаған  жерден  болатын  әрекет.  Ал  түс  етістігімен  тіркесуіне  жығыл 
етістігінің 

көлденең кеңістікке құлау

 (құлау арқылы жерге тіреледі) семасы себеп болған. 
Өйткені 

жоғарыдан төмен түсіп, жерге тірелу

 түс етістігінің негізгі семасы.  
-а/-е,  -й  тұлғасындағы  сапа  етістіктерімен  тіркесіп,  іс-әрекеттің  ары  қарай  үдемелі 
түрде  жалғасуын  білдіреді:  Қараңғылық  қоюланып,  жел  күшейе  түсті  (М.Мағауин). 
Күшею-  :  1)  сапалық  өзгеріспен  байланысты  әрекет;  2)  сапалық  өзгерістің  артуын 
білдіреді;  3)  жасалу  қарқыны  тез  әрекет.  Соңғы  екі  сема  арқылы  түс  сөзімен  тіркеседі. 
Қозғалыс  етістіктері  -а/-е,-й  тұлғасында  түс  етістігімен  тіркесіп,  қимылдың  жалғасуын 
білдіреді:  Едіге  әлі  де  сенбей,  үрейлене  үрпиіп  Қазанғапқа  жақындай  түсті 
(Ш.Айтматов). Жақында- : 1) қозғалыс; 2) бағытты; 3) нысанға жақындау. Түс етістігінің 
құрамында 

қозғалыс

 және 

бағытты қозғалыс

 семалары бар. Эмоционалды етістіктер -а/-
е,-й тұлғасында түс етістігімен тіркесіп, қимылдың күшейе жалғасуын білдіреді:  Зипада 
үн жоқ, Жолбарыс жұбатқан сайын балаша өксіп, егіле түседі (Қ.Жұмаділов). Егіл- : 1) 
адам  эмоциясымен  байланысты  әрекет;  2)  эмоция  ашық  көрінеді;  3)  актив  әрекет;  4) 
субъекті еркінен тыс әрекет; 5) тез жасалады; 6) эмоцияның көріну дәрежесі жоғары. Түс 
етістігінің 

тез  жасалатын  әрекет

  семасы  егілу  етістігінің  бойындағы  осындай  семамен 
және 

эмоцияның көріну дәрежесі жоғары

 семасымен байланысқа түсіп, жылау әрекетінің 
үдемелі  түрде  ары  қарай  жалғасуын  білдіреді.  Дыбыс-сес  етістіктері  -а/-е,-й  тұлғасында 
түс  етістігімен  тіркеседі.  Әдетте,  ет-  көмекші  етістігімен  түйдектеліп  келген  еліктеуіш 
сөздермен  тіркескенде  қимылдың  күтпеген  жерден  тез  жасалуын  білдіреді:  Ойын 
аяқтаймын  дегенше  оқтау  тағы  тарс  ете  түсті  (Д.Исабеков).  Ал  еліктеуіш  негізді 
етістіктердің  -а/-е,-й  тұлғасында  келуін  талап  етеді  және  оған  күшейген  түрде  жалғасуы 
мағынасын  үстейді:  Біз  қоятын  шығар  деп  күткен  дыбыс  одан  ары  тарсылдай  түсті 
(«Қазақ  әңгімелерлі»).  Табиғат  құбылыстарына  байланысты,  субъективті,  сөйлеу,  ойлау, 
сезіну  және  қарым-қатынас  етістіктері  -а/-е,-й  тұлғасында  түс  етістігімен  тіркесіп, 
қимылдың  күшейген  түрде  одан  ары  жалғасуын  білдірсе,  өсіп-өну  етістіктері  түс 
етістігімен  тіркеспейді.  Сонымен,  бірінші,  түс  көмекшілік  қызметте  келіп,  жетекші 
етістіктің  -ып/-іп,-п  және  -а/-е,-й  тұлғасында  келуін  талап  етеді;  екінші,  түс  жетекші 
етістік (-а/-е,-й тұлғасында) арқылы берілетін қимылға а) жалғасу; ә) үдемелік; б) тездік, 
бірден  қарқынмен  жасалу  мәнін  үстейді.  Үшінші,  жетекші  етістік  пен  түс  етістігінің 
тіркесуі 

тез жасалатын қимыл

 және 

қозғалыс

 семаларына негізделеді.  
Сонымен,  қорыта  айтқанда,  аналитикалық  тәсілмен  берілетін  грамматикалық 
мағынаның туындау себептерін анықтауда семантикадағы семдік талдау әдісінің маңызы 
ерекше.  Ал  екі  сөздің  тіркесу/тіркеспеуінің  негізін  эксперимент  нәтижелерін  талдау 
арқылы анықтау тиімді болып табылады.  

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет