11. Микроэволюция ілімі. Микроэволюция ұғымы және оның қалыптасуы.
Микроэволюция ұғымы және оның қалыптасуы. Өзгергіштіктің эволюциялық процестегі рөлі. Фенотиптік, генотиптік, паратиптік өзгергіштік. Мутациалық өзгергіштік. Комбинативтік өзгергіштік. Гомологиялық өзгергіштік. Микроэволюция ұғымы және оның қалыптасуы. Микроэволюция дегенiміз - популяциялардың iшiнде жүретiн, түрдiң әртүрлi дәрежеде түр iшiндегi топтарға бөлiнуiне себеп болатын, нәтижесінде түр түзілу жүретін эволюциялық қайтымсыз әрекет. Басқаша айтқанда микроэволюция - популяция дәрежесiнде жүретiн әрекет. Эволюциялық дамудың негізгі элементтері популяциядан басталады. Микроэволюция нәтижесінде жаңа түрлер пайда болады. Түрдің пайда болуы микроэволюциялық әрекеттің шегі болып табылады. Микроэволюция бір-біріне қарама-қарсы екі әрекеттен тұрады. Бір жағынан популяция ішінде мутациялар мен жаңа үйлесімдер-комбинациялар генетикалық алуан түрлілілік тудырса, екінші жағынан сұрыптау жүріп, бейімділігі төмен өкілдер элиминацияға ұшырап, популяция біркелкілігіне әкеліп отырады.
Өзгергіштіктің эволюциялық процестегі рөлі. Дарвин өзгергіштіктің тұқым қуаламайтын (айқын, топтық) және тұқым қуалайтын (айқын емес, жеке) өзгергіштік деп екі түрін ажыратып қараған. Ал қазіргі кезде бұлай бөлу жалпы мағынасында дұрыс болғанымен, генетика ғылымының көрсетуі бойынша табиғатта тұқым қуаламайтын белгілер жоқ және болуы мүмкін емес делінеді. Өйткені көбею барысында ұрпақтан ұрпаққа белгілер емес, сол белгілердің дамуын анықтайтын тұқым қуалау ақпаратының кодесі беріледі. Олай болса, белгілер тұқым қуаламайды, тек дамып келе жатқан ағзаның сыртқы орта әсеріне сай әрекетінің мөлшері тұқым қуалайды. Мысалы, су сарғалдағының үш түрлі жапырағы бар, олардың біреуі суда, екіншісі — су бетіңде, ал жапырақтарының үшінші түрі — судан шығып түрады. Кезінде Ламарк бұл өсімдікті ағзаның сыртқы орта жағдайларының әсеріне сәйкес өзгерістерге ие болуына мысал ретінде пайдаланған. Алайда, кейін келе су астындағы жапырақтардың пішінінің басқаша болуы сулы ортаның әсерінен емес, су астындағы жарықтың жеткіліксіздігінен екені белгілі болды. Егер сарғалдақты құрлықта жарығы көмескі жағдайда өсірсе, жапырақтарының дәл су астындағыдай пішінде болатыны тәжірибе жүзіңде анықталды. Көптеген өсімдіктердің түрліше пішінді "жарықтағы" және "қараңғыдағы" жапырақтары белгілі болса, сондай-ақ кейбір су шаяңдарында ортаның тұздылығына байланысты құрсақ бөліміндегі бунақтардың саны да өзгеріп отырады.