Эволюцияның генетикалық және онтогенетикалық негіздері.
Эволюция ілімі және оның міндеттері. Эволюциялық процестердің зерттеу әдістері. Эволюция ілімінің негізгі принциптері. Эволюция ілімінің ғылыми зерттеу жүйесіндегі орны
Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы, адамның шығу тегі, тірі ағзалардың сан алуандығы мен олардың мекен ортасына таңғаларлықтай бейім болуы – адам баласын сандаған ғасырлар бойы толғандырған мәселелер еді.
Табиғат жайындағы жаратылыстану ілімі осыдан 300 жыл бұрын діни көзқарастардың тұтқынында болды. «Метафизикалық» дәуір деп аталған сол кезеңдердегі жаратылыс зерттеушілерінің ақыл-ойын өзінше бір дүние тану қөзқарасы шарпыды. Олар «Жер және онда тіршілік еткен тірі табиғат құдайдың құдыретімен жаралған, содан бері олар өзгермей келеді» деген ұғымда болды.
XVII ғасырдың ортасында кейбір озат ғалымдар, жануарлар мен өсімдіктер сыртқы ортаның жаңа жағдайларына келгенде өзгеріске ұшырайды деген көзқарас танытты. Бірақ, көптеген діни көзқарастарды жақтаушылардың басым болуы, бұл жаңа бағыттың жеңуіне үлкен қиыншылық келтірді. Органикалық дүниенің өзгеретіні жайындағы жаңа идеяның қалыптасуына ғылыми дәлелдемелердің аздығы да бөгеу болды.
Тірі табиғат эволюциясының ғылыми концепциясын жүз сексен жыл бұрын ағылшын биологы Чарльз Дарвин құрды. 1859 ж. Дарвиннің «Табиғи сұрыпталу жолымен түрлердің шығу тегі немесе тіршілік үшін күресте қолайлы тұқымдардың сақталуы» деген негізгі кітабы жарыққа шығуымен ең алғаш эволюциялық идея тиянақты ғылыми негізге ие болды. Бұл теория атақты ғалымның атымен «дарвинизм» деп аталды. Қазіргі уақытта «дарвинизм» деген сөз, «эволюциялық теория», «ілім» деген атаумен ауыстырылды.
«Эволюция» (лат. evolutio-даму) деген терминді XVIII ғасырдың ортасында биология саласына швед ғалымы Шарль Боннэ енгізді. Алғашқы кезде бұл термин тек қана эмбриональды дамумен ғана байланысты болды. Қазіргі кезде «эволюция» термині тек биологияда ғана емес, ғылымның басқа салаларында да кеңінен қолданылады.
Эволюцияның жеке дамудан (онтогенезден) айырмашылығы, ол алдын ала жоспарланып қойылмаған. Даму процесі дегеніміз – бір жағдайдан екінші жағдайға өту, тек қана жаңа қасиеттеріне ғана байланысты емес, сонымен қатар ежелгі тірі ағзаларды ерекшеліктерінің сақталуымен сипатталады. Тірі ағзалардың және түрлердің эволюциялық қайта құрылымдары күрделенуге бағытталған, бұл әрекет ата - тектен жаңа ағзаға тұқым қуалауға негізделе отырып жүреді. Эволюцияны, материяның ерекше даму формасы деп қарастырғанда оның үш қасиетін атауға болады:
1. Биологиялық эволюция – қайтымсыз әрекет;
2. Эволюция дегеніміз – биологиялық пайдалы белгілердің пайда болуы;
3. Эволюция ұрпақтар жалғастығына негізделген, яғни жаңа пайдалы
белгілердің бұрынғы ағзаға үйлесімді енуі.
Органикалық эволюция дегеніміз – үздіксіз және қайтымсыз ұзақ уақыт дамитын тарихи әрекет, яғни тірі ағзалардың сыртқы орта жағдайларына бейімделу жолымен біртіндеп макромолекулалықтан жоғарғы сатыға көтерілуі мен биосфераға дейінгі күрделенуі. Жер бетіндегі тіршіліктің эволюциясы негізінен үш кезеңнен тұрады:
1. Тіршіліктің пайда болу;
2. Тірі ағзалардың нақты топтарының және биосфераның бүтіндей дамуы;
3. Адамның ерекше биоәлеуметтік жүйе ретінде пайда болуы.
Эволюциялық ілім – тірі материяның тарихи даму теориясын оқытатын пән. Эволюциялық ілім басқа биология пәндерімен тығыз байланыста оқытылады. Жалпы эволюция ілімі курсын үш модуль бойынша оқып білім аламыз:
Эволюциялық идеялардың даму тарихы мен қалыптасуы.
Микроэволюция әрекетінің жүру жағдайы.
Макроэволюция.
Достарыңызбен бөлісу: |