Қосымша әдебиеттер 1. Гаджиев К.С. Политическая науки, часть1,2.М., 1994.
2. Основы политической науки. Учебное пособие под.ред.проф В.П.Пугачева М.1994г.
3. Политология. Энциклопедический словарь, М, 1993.
4. Жамбылов Д.А., Жамбылова Г.Ж. Саясаттану сөздігі Алматы., «Экономика» 1997 .
5. Астана Саммитінің Декларациясы, Егемен Қазақстан 2010ж. 15 желтоқсан
6 .Р.Әбсаттаров Саясаттану негіздері (Екі томдық оқу құралы),Алматы «Қарасай» 2011.
7. Таубаева М.Е. Қазақстан Республикасындағы президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы. Оқу-әдістемелік құралы,ОҚМУ.,Шымкент – 2011.
8. Таубаева М.Е. Қазақстан Республикасындағы парламенттік институттың қалыптасуы .Оқу-әдістемелік құралы,ОҚМУ.,.Шымкент – 2012.
9. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан -2050» Стратегиясы : қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты » атты Қазақстан халқына Жолдауы //Егемен Қазақстан ,15.12.2012ж.
10.Таубаева М.Е. Қазақсатан Республикасы халықаралық қатынастар мен әлемдік саясаттың акторы ретінде. Оқу құралы.,ОҚМУ,Шымкент,2013ж.
11.Таубаева М.Е. Қазақстан Республикасындағы саяси партиялар және қоғамдық қозғалыстар мен ұйымдардың қалыптасуы: салыстырмалы саяси талдау. Оқу құралы ,ОҚМУ., Шымкент- 2014ж., 7,75 б.т.
12. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы Қазақстан-жолы 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» 17 қаңтар 2014ж.
13. Таубаева М.Е., Байқонысов Е.Р. Қазақстан жолы 2050 : Ұлттық қауіпсіздік және халықаралық қатынастар мәселесі. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауы туралы оқу-әдістемелік нұсқау.ОҚМУ, Шымкент-2014ж,39 б.
14..Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» 11 қараша 2014ж.
Тақырып 12. Мемлекет және азаматтық қоғам. Саяси партиялар, партиялық жүйелер, қоғамдық-саяси қозғалыстармен ұйымдар. 1.Мемлекет қоғамның саяси жүйесінің негізгі институты.
2.Мемлекеттік билік пен құрылыстың формалары
3.Саяси партиялардың пайда болуы, қалыптасу шарттары және эволюциясы.
4.Қоғамның саяси өмірінде қоғамдық-саяси қозғалыстар мен бірлестіктердің пайда болуы мен эволюциясы.
Мемлекет деп белгілі бір аумақ шеңберінде адамдардың әлеуметтік топтар, таптар мен бірлестіктердің қатынастар мен қызметтерін ұйымдастыратын, бақылайтын қоғамның саяси жүйесінің негізгі элементін айтамыз.
Мемлекет - адамдардың, қоғамдық топтардың, таптардың, және қауымдастықтардың бірлескен қызметі мен қатынастарын ұйымдастыратын, бағыттайтын әрі бақылайтын қоғамның саяси жүйесінің негізгі институты. Мемлекет қоғамдағы биліктің орталық институты ретінде көрінеді, ол осы билігімен саясатты жүзеге асырады.
Саясат ғылымында мемлекет оны түсінудің үш көзқарасының арақатынасы арқылы қарастырылады:
а) саяси-философиялық көзқарас. Мемлекет "жалпы істерді" шешудің және билік пен қоғамның қатынастарын реттеу құралы, сондай-ақ халық пен адамның өзінің саяси өмірін қамтамасыз ету құралы ретінде түсіндіріледі;
б) таптық көзқарас. Мемлекет дегеніміз қоғамды тапқа бөлудің нәтижесі маркстік көзқарас). Классикалық (В.Ленин бойынша) анықтама мемлекетті бір таптың екінші тапты езуге арналған машинасы, басқа да бағынышты таптарды бір тапқа бой ұсындырып ұстау машинасы" ретінде түсіндірледі;
в) құқықтық және ұйымдық-құрылымдық көзқарас - "заңды мемлекет", құқық пен заңның қайнар көзі, қоғам өмірі мен мемлекеттің өзінің, оның құрылымының саяси және қоғамдық қатынастары жүйесіндегі қызметін ұйымдастыратын мемлекет.
Мемлекеттің мәнін анықтау кезінде ең алдымен мемлекеттің белгілерін қарастыру керек. Мемлекеттің белгілеріне мыналар жатады:
а) қоғамнан бөлшектелген және басқару мен мәжбүрлеу мекемелерінде пайда табатын (шенеуніктер, армия, полиция және т.т.) жария биліктің болуы;
б) мемлекеттік саясатты материалдық қамтамасыз ету үшін қажетті салықтар, алымдар, займдар жүйесі, экономикалық, әлеуметтік, мәдени қайта құруларды жүргізу, мемлекеттік аппаратты ұстау;
в) аумағы. Мемлекет өзінің билігімен және қорғанысымен оның аумағында тұратын бүкіл халықты біріктіреді;
г) егемендік - өзінің аумағындағы үстемдік және халықарарлық қатынастадағы тәуелсіздік;
д) құқық. Құқық заң жүзінде мемлекеттік билікті ресімдейді, сөйтіп оған жариялылық сипат береді, мемлекет қызметтерін жүзеге асырудың заңдық ауқымдары мен нысандарын белгілейді;
е) күштерді жария қолдануға, күштеп мәжбүрлеу монополиясы (азаматтардың аса құндылығы болып табылатын өмірін қою, бостандығынан айыру мүмкіндігі).
Мемлекеттің мәні іргелі проблемаларды — мемлекеттің, саяси жүйе мен қоғамның арақатынасын жинақтап шешу болып табылады.
Бір шешімі — мемлекет пен қоғам біртұтас болады және мемлекет қоғамдық қатынастардың бүкіл жиынтығын қамтиды. Бұл жағдайда мемлекет біртұтас, яғни ол қоғамды біріктіріп, бірізге салған кезде біртектес болады. Осы орайда "Ресей (американ, француз және басқалары) мемлекеті", яғни билік, ел мен халық, олардың иеліктері, аумақтары, шекаралары деп айтуға болады.
Екінші шешімі — мемлекетті саяси жүйенің орталығы, қоғамға кеңінен тараған және оған ерекше әлеуметтік институт жататын, бірақ қоғамды өшіре аламайтын билік институты деп тану. Қоғам өзінің дамуында мемлекеттен біршама еркін болады.
Белгілі бір шешімді қазіргі заманда түсіндіру мемлекетті қоғамның саяси жүйесінің аса маңызды институты деген пайымға саяды. Мемлекеттің маңыздылығы оған әлеуметтік процестерге тиімді түрде ықпал етуге мүмкіндік беретін билік пен ресурстарды оның қолына барынша шоғырландырумен белгіленеді.
Мемлекеттің қызметі: ұйымдық (басқарушылық), үстемдік және басып-жаншу, құқықтық жүйені құру қызметі.
Ұйымдық, басқарушылық қызметтің мәні қоғамның тіршілік қызметін сақтауда, "ортақ игілікке, бірлікке, қол жеткізуде, тәртіп орнатуда, мемлекеттің және халықтың, ұлттың, этностың өзара қатынастарын реттеуде болып табылады.
Үстемдік пен басып-жаншудың ерекше қызметі күрес пен жуасыту құралы ретінде ғана емес, сонымен бірге таптар мен мемлекеттер, сондай-ақ таптар арасындағы қатынастардағы жан-жалдардың көзі ретінде де көрінеді.
"Заңды мемлекеттің" ерекше қызметі жасалған нормалар мен заңдардың негізінде қоғамдық қатынастардың бүкіл саналуандығы ауқымында мемлекеттік аппараттың, мемлекет пен қоғамның жұмысын реттеу ретінде қолданылады.
Мемлекеттің ішкі қызметтеріне мыналар жатады:
а) экономикалық — салық және несие саясатының, экономикалық өсуді көтермелеу немесе жазалау шараларын жүзеге асыру көмегімен экономикалық процестерді ұйымдастыруды, үйлестіру мен реттеуді білдіреді;
б) әлеуметтік — адамдардың жұмысу тұрғын үй, денсаулығын қорғау, әлеуметтік кепілдіктер беру сақтандыру және т.т. жөніндегі қажеттерін қанағаттандыруды білдіреді;
в) құқықтық — құқық тәртібін қамтамасыз етуге, құқықтық нормаларды орнықтыруға бағытгалған, олар азаматтардың қоғамдық қатынастары мен мінез-құлқын реттейді;
г) мәдени-тәрбие — халықтың мәдени қажеттерін қанағаттандыру үшін жағдайлар туғызуға бағытталған;
д) саяси — саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуді, билік өкілеттіктерін жүзеге асыруды, саяси бағытты талдап жасауды білдіреді;
е) экологиялық ішкі қызмет — табиғатты ұтымды пайдаланудың құқықтық режимін белгілеуді, өмір сүру ортасын қалыпты, салауатты қамтамасыз етуді білдіреді.
Сонымен қатар мемлекет бір топтың, таптың негізінде басқарушы күшті қалыптастыруға қатысады, бюджет саясатын жүзеге асырады, қарулы күштерді құрып, ұстап, пайдаланады.
Мемлекеттің сыртқы міндеттеріне жататындар:
а) мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау;
ә) өзін-өзі билеу, егемендігін сақтау, басқа елдермен тиімді қарым-қатынасты орнату, олармен бірге алынған міндеттердің екі жаққа бірдейлігін қамтамасыз ету;
б)өз елінің саяси мүддесінің ықпалдығына, ұтымдылығына, өтімділігіне, тиімділігіне жағдай жасау, басқа елдердегі жаңалықтар туралы өз еліне дер кезінде мәліметтер беру.
Сыртқы қызметтер ең алдымен басқа мемлекеттермен экономикалық әлеуметтік, технологиялық, ақпараттық мәдени, сауда салаларында өзара тиімді ынтымақтастық принциптеріне бағынады. Әсіресе қорғаныс және сыртқы жаулардан қорғау қызметі ерекше болады.
Сөйтіп мемлекетті саяси институт ретінде зерттеу саяси жүйедегі мемлекеттің белгілі бір рөлді атқаратынын көрсетеді, өйткені саяси жүйенің өзінің тиімділігі біршама дәрежеде соған байланысты болады. Сондықтан мемлекеттің нақ осы әлеуметтік-саяси болмысы, мемлекеттің органдардың құрылымы мен қызметтеріндегі саяси жүйенің айрықша ерекшеліктерін неғұрлым толық жүзеге асыру мемлекетті саяси жүйенің басым элементіне айналдырады.
Мемлекеттердің жіктелуі
Әдебиетте мемлекеттер жіктелуінің жалпы принциптері ажыратылады. Дәстүрлі түрде оларға үш негізгі принцип жатады:
а) таптық қарсыласу принципі. Мемлекеттердің — құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік дербес түрлері ретінде;
б) саяси өмірде демократизм мен либерализмнің дамуы принципі; Осы айқындамалар тұрғысынан мемлекеттер: авторитарлық, тоталитарлық, демократиялық мемлекеттерге бөлінеді;
в) мемлекеттің нормативтік, құқықтық негіздерінің дамуы принципі. Мемлекет осы көзқарас тұрғысынан құқықтық мәдениеті дамуының дәрежесіне қарай: құқықтық мемлекет, әлеуметтік мемлекет, әскери-полициялық мемлекет болып бөлінеді.
Басқару нысанына негізделген мемлекеттерді жіктеу мынадай мемлекеттерге: монархия (абсолютті, конституциялық); республика (президенттік, парламенттік) болып бөлінеді.
Монархияда биліктің ресми көзі бір (жеке) тұлға болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің қызметін, сайлаушыларына және биліктің өкілдік органдарына қарамастан, мұрагерлік бойынша алады. Осы заманғы әлемде басқарудың монархиялық нысанының бірнеше түрлері бар. Мәселен, абсолютті монархия (Сауд Арабиясы, Катар, Оман) - мемлекет басшысының шексіз билігі. Осы нысанмен бірге, конституциялық монархия (Ұлыбритания, Швеция, Дания, Испания) бар - мұнда монархтың өкілеттігі конституциямен шектелген.
Республика — басқарудың екінші негізгі нысаны. Әлемде республиканың үш негізгі түрі: парламенттік, президенттік және аралас түрі бар.
Парламенттік республиканың басты өзгешелік белгісі үкіметті парламенттік негізде құруы (әдетте парламенттік көпшілікпен) және оның парламент алдындағы ресми жауапкершілігі болып табылады. Ол үкіметке қатысты бірқатар міндеттерді жүзеге асырады: оны құрып, оған қолдау жасайды; заңдар шығарады; мемлекеттік бюджетті дауысқа салады (бекітеді); үкіметке бақылау жасауды жүзеге асырады және қажет болған жағдайда оған сенімсіздік білдіре алады және т.т.
Республикалық басқарудың екінші мейлінше кең тараған нысаны президенттік республика болып табылады. Президентті парламентке қарамастан, не таңдаушылар алқасы, не халық сайлайды және сонымен бір мезгілде мемлекет басшысы да, үкімет басшысы да болып табылады. Ол ішкі және сыртқы саясатты басқарады, жоғарғы басқолбасшы болып табылады. Парламент үкіметке сенімсіздік білдіре алмайды, ал президенттің парламентті таратып жіберуге құқығы жоқ.
Республиканың үшінші түрі — аралас республика. Ол Аустрияда, Ирландияда, Португалияда, Польшада, Финляндияда, Францияда бар. Басқарудың бұл нысаны жағдайында күшті президент билігі парламенттің үкімет қызметіне тиімді бақылау жасауына ұштасады. Оның басты сипатты белгісі — үкіметтің екі ұдай: президент алдындағы және парламент алдындағы жауапкершілігі. Аралас (жартылай президенттік) республиканың классикалық үлгісі Франция болып табылады. Онда президент пен парламент бір-біріне тәуелсіз сайланады. Парламент президентті орнынан кетіре алмайды, соңғысы өз кезегінде кезектен тыс парламент сайлауын жариялаудың міндетті шартымен парламентті таратып жіберуге құқылы болады. Президент мемлекет басшысы және жоғарғы басқолбасшы болып табылады, халықаралық аренада елдің өкілі болады, парламенттің шешімін кейінге қалдыруға тыйым салу құқығына ие болады.
Әкімшілік-аумақтық ұйым бойынша мемлекеттерді жіктеу: біртұтас мемлекет, федерация, конфедерация болып бөлінеді.