Экологиялық Мониторинг.
Экологиялық мониторинг (экология және мониторинг) – қоршаған ортаның жағдайын бақылау және тексеру жүйелері. Ол үш сатыдан тұрады:
жағдайды бақылау;
бағалау;
болатын өзгерістерді болжау.
Экологиялық мониторинг нысандарына табиғи, антропогендік немесе табиғи-антропогендік экожүйелер жатады. Экологиялық мониторингтің мақсаты тек қана деректер жинау емес, сондай-ақ, жүргізілетін тәжірибелер, болжамға негіз ретінде алынатын процестердің үлгілері кіреді. Ғаламдық көлемде мониторинг жүргізуге авиациялық, ғарыштық және есептеу техникалары пайдаланылады. Қазіргі уақытта экожүйені зерттеуге аэроғарыштық әдістер кеңінен қолданылады. Осы әдіс арқылы табиғатта болып жатқан құбылыстарды, табиғи қорлар жиынтығын, мөлшерін, т.б. экожүйелерді сипаттайтын мәліметтерді білуге болады. Экологиялық мониторинг әр түрлі деңгейдегі буындардан тұратын иерархиялық ұйымдасқан бақылау жүйесі болып табылады. Ондай буындарға ғаламдық (биосфералық), ұлттық, аймақтық, жергілікті Экологиялық мониторингтер жатады.
Мысалы, ғаламдық Экологиялық мониторинг халықаралық ынтымақтастық негізінде, ұлттық Экологиялық мониторинг бір мемлекеттің шегінде арнайы құрылған ұйымдар арқылы, аймақтық Экологиялық мониторинг ірі-ірі аудандардың көлемінде, ал жергілікті Экологиялық мониторинг елді мекендерде, өнеркәсіп орт-тарында, кәсіпорындарда қоршаған ортаның сапалық өзгеруіне бақылау ретінде жүргізіледі.
Мониторинг (ағылш. monіtor – қараушы, қадағалаушы, күні бұрын ескерту, сақтандыру) – қоршаған табиғи орта жағдайының антропогендік факторлардың әсер-ықпалынан өзгеруін болжау мен бағалаудың, бақылаудың кешенді жүйесі. Мониторинг термині БУУ-ның қоршаған орта жөніндегі Стокгольмдегі конференциясының алдында (1972) “бақылау” ұғымына толықтыру ретінде пайда болды. Адамдардың іс-әрекеттеріне байланысты Мониторингке деген қажеттілік артуда. Мысалға, соңғы 10 жылдың ішінде 4 млн-нан артық жаңа химиялық қосылыстар синтезделген, жыл сайын 30 мыңдай әр түрлі химиялық заттар өндіріледі. Мониторинг телевизор бейнелеу, фотография, көп спектрлі түсірілім және тағы басқа әдістер арқылы іске асырылады. Мониторингтің: базалық, ғаламдық, аймақтық, авиацалық, ғарыштық, тағы басқа деңгейдегі түрлері бар. Базалық Мониторинг – жалпы биосфераның табиғи құбылыстарына бақылау жүргізу. Ғаламдық Мониторинг – Жер биосферасы мен оның экосферасындағы жалпы әлемдік процестер мен құбылыстарды бақылау. Аймақтық Мониторинг – белгілі бір аймақтағы экологиялық процестер мен құбылыстарды бақылау. Авиациялық Мониторинг – экологиялық процестерді әуеден ұшақтар, тік ұшақтар және ұшатын аппараттар арқылы бақылау. Ғарыштық Мониторинг – экоқұбылыстарды ғарыштық құралдардың көмегімен бақылау. Бұл қоршаған ортаның өзгеру өзгешелігі мен ластану ошағын жедел анықтауға; экологиялық өзгерістің амплитудасы мен ондағы қарқынды процестерді бақылауға; техногендік жүйелердің бір-біріне әсер ету әрекетін анықтауға мүмкіндік береді.