ІҮ. Этюд –шығармашылық жұмыстың бір түрі.Ол да тәрбие құралы.Мысалы, “Адам туралы этюд”.Адам туралы қалай жазуға болады? Ол қандай адам? Қайда жүрген кісі?
Ойланып- толғанып тұрғанда, есіме көрші атай есіме түсе қалды.Мен күнде сабаққа бара жатқанда, таң атпай оянып, есік алдындағы орындықта отыратын Әлім атаны жазсам ба екен? Қызық, сол кісі үнемі ойланып отырады, сәлем берсең, кейде байқамай да қалады.Ой үстінде отырады да қояды, бетіне қарасаң, қалың ой қоршауында, не ойланып отырады екен? Бұл кісінің кемпірі өліп қалған, бір баласымен тұрады, немересі жоқ, келіні бар, бірақ ол өмірінде көрінбейді.Мен қазір ғана ойланып отырмын, сол ата не ойлайды екен, а ? Көп ойланғасын, мүмкін, ұйықтай алмайтын шығар, мен бұрын аңғармайды екенмін, неге еп-ерте тұрады екен, немересі неге жоқ, баласымен неге сөйлеспейді ?
Менің қазір ол кісімен сөйлесіп, ішкі сырын білгім келіп кетті.
Әлім ата, бүгін сабақтан кейін мен сізбен міндетті түрде әңгімелесемін.Бұрын “таң атпай неге отырады, одан да ұйықтамай ма, шіркін, мен ол болсам ғой” деп ойлайтын едім, бүгін басқа сырды, мұңды елестеткенмін. Бүгін міндетті түрде сізге барамын, Әлім ата!”
Оқушы бұл арада этюд жазамын деп, бұрын өзі байқамаған сырдың үстінен шықты.Шығармаға адам тағдыры түсті, оқушы көз алдына елестеткен ата бүгін ерекше құпиялы жан болып, шығарма кейіпкеріне айналып кетті.Оқушының шағын ой толғауы елестетуден басталып, нақты адам өміріне, оның ішкі сезіміне, тағдырына арналып кетті.Оқушы бойында әдеби шығармашылық қабілеттің оты оянып, өмірлік тәжірибе-шындық өмірді суреттеуге арналған ойлау, толғану және бейнелеу басталып кетті.
Ү. Жол жазба- жеке әсерлерді суреттеу күнделігі Жол жазба күнделіктің пайдасы мол, мұнда шығармаға пайдаланатын көптеген материалдар: жаңа әсер, ерекше жағдайлар, қызықты да күрделі қарым –қатынастар суреттемесі бар.Жол жазбада осы жағдайлар табиғи түрде жазылып, адамгершілік, эстетикалық тәрбиенің алғашқы сатысы түрінде оқушының өзіне әсерін тигізеді.Балалар көргенін, танысқанын суреттей отырып, оларға өзіндік көзқарас тұрғысынан талдау да жасайды, жеке күнделігі болғандықтан, мұнда оқушы өз ойын еркін жазады.Егер жол жазба болмаса, біраз уақыттан кейін қызықты оқиғалардың көбісі ұмытылып, әсерлі сәттер оқушы жадынан шығып қалар еді де, сол сапар туралы не сонда көрген нақты оқиғаны балалар өз шығармасына толық пайдалана алмас еді, сондықтан жол сапар күнделігін жазу шығарма жазу алдындағы дайындық сатысы деп білеміз.Жол сапар не сапар күнделігі шығарма жазғанда, оқушыға өте қажет материал есебінде де пайдасы мол, себебі мұнда көру, бақылау, қызықтыны іріктеу және көргенді жеке әсер ретінде берудің мәдениеті мен дағдысы бар, бұл -өз сезімің мен толғанысыңды әдеби түрде суреттеу деген сөз.Жол жазба, сапар күнделіктерін пайдалана отырып жазған оқушылар шығармасы олардың үлкен дайындықтан өткендерін аңғартты.Алғашқы әсер, оны сол қалпында түсіру, уақыт өткенннен кейінгі әсер мен бұны шығарма түрінде жазу- осы бір- екі кезең аралығында оқушы өзінің ішкі сезім- тебіренісін екі рет байқап, екі рет салыстырып, салғастырып, ең соңында соңғы шешім-қорытындыны, яғни көкіректегі көркем ойды қағаз бетіне шығарма түрінде әдемі түсіре білді.Мысалы, Алматыға барған оқушының жазған жол сапар туралы жазғанынан үзінді:
“Алматы- менің арманымдағы қала.Ол мен үшін керемет оқиға болды.Халқы да қарапайым, суреттегі, кинодағыдай.Қала түгелдей саябаққа оранған.Алматының аппорты неткен дәмді, неткен тәтті десеңізші! Бал татиды.Зәулім үйлер, ақ басты Алатау қандай көрікті!…”
Оқушының саяхатқа барған қаласы туралы ойы осылай жалғасады.Ойып-ойып алынған ой қадаулары оқушының өз көзқарасын анық байқатады.Әсіресе қаланы жай көзбен суреттемей, барлап, зерттеп айтқан ой пікірлері сыншылдық позициясын, өз пікірін ашық айта білетін сауатты оқушының қалпын танытады.Оқиғаға негіз болған-саяхат күнделігі.Оқушы жол жазбасын пайдалана отырып ”Саяхат әсері”атты шығармасын өте мазмұнды, әсерлі түрде жаза біледі.