Ғылым тарихы және философиясы



бет132/185
Дата27.10.2022
өлшемі1,17 Mb.
#45758
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   185

ғылыми таным әдістері


Әлемдік тарихтың бастамасында, сана-сезімі оянған кезден-ақ, адам өзін қалған әлемнен бөлектей бастады және сонымен бірге табиғаттағы әрбір заттың ерекше дара тіршілік ететінін байқады. Бұл бастапқы тәжірибе заттардың, табиғат құбылыстарының атауында бекіп, ерекше, дара ретінде қаралатын болды. Өзінің бөлек тіршілік етуін түйсінумен қатар, тамақ, баспана, қорғаныс іздеу және ол қажеттіліктерін қанағаттандыру барысында адам қоршаған әлемдегі заттармен өзінің байланыстылығын көрді, қоршаған ортадағы жеке- леген заттар мен құбылыстар арасындағы байланысты байқай бастады. Алғашында ол өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдаланған заттар оған ғажап, қайталанбас, бұрын ешқашан кездеспеген заттар болып көрінді. Ол заттар оның қажеттіліктерін өтейтін болған соң, олар оның санасында сақталатын болды. Алайда ары қарай ол сол қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын басқа да заттарды байқап, соларды пайдалана бастады. Мысалы, шие, өрік, алма, таңқурай – олардың барлығы да жеуге жарамды, демек, адам осы жемістердің барлығына тән ортақ сапалар мен қасиеттерді табады. Әртүрлі, мы- салы, «жидек» немесе «жеміс» сияқты заттардың ортақ қасиеттерін білдіретін ұғымдар пайда болады. Сөйтіп, тікелей бақылау арқылы ерте заман адамының қоршаған әлемдегі заттар мен құбылыстарды игеру-меңгеруі орын алады да, ақыр соңында, ғылым бастауларының


шығуына келтіреді.
Ғылым пайда болған кезден бастап-ақ енді шындық-болмысты іздеудің жанама жолдары мен құралдары шығады. Қазір біз оларды та-
ным әдістері деп атаймыз. Гректің «methodos» сөзін тура аударғанда,
«жол» деген мағына береді. Танымға қатысты қолданғанда, «әдіс- тәсілдер», «амалдар», жолдар» дегенді білдіреді. Бұл ұғымның кең мағынасында біз әдістерге адам өз қызметі барысында қолданатын барлық амалдар мен технологияларды жатқыза аламыз, өйткені ол әлдебір үлгілерге жүгініп, адамзат тәжірибесінде көптеген жылдар бойы қалыптасқан бір немесе басқа амалды қолданып, ол кез келген істі орындай алады. Мысалы, қандай да бір жауапты саяси немесе басқа шешімдерді қабылдамас бұрын, үкімет қазір «пиар-технология- лар» деп аталып жүрген насихаттық жұмыстарды жүргізеді.
Педагогикада оқу пәндерінің ерекшеліктеріне қарай, оларды оқытудың әртүрлі әдістері мен тәсілдері бар. Ондай мысалдарды есепсіз көп келтіре беруге болады. Ғылыми қызметте де дәл солай жаңа шындықтарды іздестірудің әртүрлі әдістері пайдаланылады.
«Әдіс» сөзі мұнда енді ғылыми қызметке қатысты тар мағынасында
қолданылады.
Зерттеу қызметіндегі ғылыми әдістерді асыра бағалау қиын. Аса көрнекті физиолог И.П.Павлов: «Бар мәселе жақсы әдісте жатыр. Әдісі жақсы болса, аса талантты емес адам да көп нәрсе істей алады. Ал әдісі нашар болса, ғұлама адам да босқа жұмыс істеп, құнды, нақты мағлұмат ала алмайды», – деп сендірген (қараңыз: И.П.Павлов. Физио- логия бойынша дәрістер. – М., 1956. 21-бет).
Ғылыми таным әдістерінің рөлін кемсітетін басқа да көзқарас бар. Мысалы, М.Борнның ойынша, «біз джунглиде адасып жүріп, өзіміздің алдыға қаншалықты ілгерілеуімізге қарай арттағы жолымызды біліп, енді алдағы жолымызды ағаттықтар мен сынап көру арқылы іздеп та- бамыз» («Очерки по диалектическому материализму» кітабы бойынша дәйексөз. – М., Наука, 1977. – 155-бет).
Әлбетте, ғылымда жаңалық ашу – көпфакторлы үдеріс. Бұл жер- де қаншалықты тиімді болса да, көп нәрсе зерттеудің бір әдістеріне ғана емес, зерттеу нысанасының өзіне де байланысты. Сонымен бірге, екінші жағынан, ойлаудың санаттық құрылымына да байланысты. Зерттеушінің дарындылығын, ойлау қабілетінің қарапайым еместігін де есептен шығарып тастауға болмайды. Ғылыми ұжымның әлеуметтік- психологиялық ахуалы да зерттеу жобасына қатысушыларға өзінің теріс немесе оң ықпалын тигізбей қоймайды. «Инсайт» (ішкі сәуле) не- месе «түйсік» (шындықты санадан тыс түсіну) секілді құбылыстар да жаңалық ашуда елеулі рөл атқарады. Кейбір жағдайларда оған әртүрлі жағдайлардың, мүлде кездейсоқ факторлардың (мысалы, Ньютонның
басына түскен алманы еске түсіріңіз) орын алуы да себеп болады. Сөйтіп, француз физигі Беккерель фотоқағаздың үстіне уран тұзын аңдаусыз қоя салу арқылы мүлде кездейсоқ α- және β сәулелерін ашты немесе Пастер де ойламаған жерден көгерген өңездің бактерияларды өлтіретін қасиеттерін ашты емес пе.
Барлық осы айтылғандарға қарамастан, ғылыми таным әдістерінің рөлін кемсітуге болмайды. Ғалымдардың таным әдістерін меңгеруі және оларды іс жүзінде пайдалануы күш пен қаражатты үнемдеуге се- беп болады, ғалымның еңбегін тәртіпке келтіреді, мақсатқа жеткізетін жарық жұлдыз іспетті қызмет атқарады. Таным әдістерін зерттей оты- рып әзірлеудің ғылымда ашылған жаңалықтың артында қалатыны ту- ралы мәселе – ол басқа мәселе. Бұл, шындығында, – қазіргі заманғы ғылымның «осал жері». Кейде жаңалық ашылғаннан кейін бірақ уақыт өткен кезде, ғалымдар бұл жаңалықтың қалай ашылғаны туралы ой- лай бастайды. Осыған байланысты орыс биологы К.А.Тимирязевтің бір қызық пікірін келтіре кетейік. Ол: «Ғылым тарихын зерттеушінің тіпті жаңа идеяға, жаңа теорияға қарағанда, кейде өнертабыстың немесе зерттеудің жаңа тәсілін, жаңа құралын дұрыс та дәйекті қолданудың білімдерді дамытуда кем рөл атқармайтынына көз жеткізуіне тура келеді», – деп жазған-ды (К.А.Тимирязев. Шығармалары. – VIII том. М.: 1939. – 73-бет).
Қазіргі заман ғылымында танымның алуан түрлі әдістері зерттеліп дайындалған. Оларды үлкен үш топқа бөлуге болады:
а) жеке ғылымдар әдістері;
ә) танымның жалпы әдістері;
б) танымның жалпыға ортақ әдістері.
Ғылыми танымның әр саласы зерттеудің өз әдістерін жасап шығарады. Бұл – оның жетілгендігінің, басқа ғылымдардың арасында өз мәртебесін (орнын) алғанының көрсеткіші. Мысалы, археологияда көмбе заттарын қазып алудың әдістері, мәдени қазына ретінде табылған заттарды сақтау және өңдеу әдістері бар. Физикада спектралдық тал- дау, филологияда салыстыру әдісі және т.б. болады. Олар тек өздерінің ғылыми саласында қолданылады. Мысалы, спектралдық талдауды фи- лологияда қолдану мүмкін емес.
Танымның жалпы әдістерінің айқын ерекшелігі – олардың зерттеудің белгілі бір сатысында ғана емес, ғылыми танымның кез келген сала- сында қолданылатындығы болып табылады. Маңыздысы – оларды әлдебір жеке ғылымның құралдары ғана жасап шығармайтындығы. Олар барлық ғылымдардың, – жаратылыстану ғылымдары бола ма не-
месе әлеуметтік-гуманитарлық пән ғылымдары бола ма, – барлығына ортақ танымға тән нәрсені білдіреді. Демек, олар, негізінен, болмыстың жалпыға ортақ заңдарын зерттейтін философияның басымдығы болып табылады.
Эмпириялық (тәжірибелік) зерттеу сатысында бақылау, тәжірибе, салыстыру, өлшеу сияқты жалпы әдістер қолданылады. Бұл соңғылардың маңыздылығы XX ғасыр ғылымында, яғни адамзат микроәлем құбылыстарына енген, салыстырмалылық теориясы мен кванттық механика негіздері салынған кезде ерекше айқын көрінді. Бұл жерде табиғатта жарықтың жылдамдығына (300000 шақырым/ сек) жақын өтетін үдерістерді өлшеу, қарапайым бөлшектердің (10-32 см дәрежесі) мөлшерін өлшеу туралы сөз болып отыр. Ол жаңа өлшеу аспаптарын жасауға, оларды ары қарай жетілдіруге жеткізді.
Ғылымдағы бақылау жайында біз жалпылама түрде алдында ай- тып өттік. сынақтан өткізу туралы айтар болсақ, зерттелетін зат оның жорамалды жаңа қасиеттерін ашуға мүмкіндік беретін жасанды шарттарға келтіріледі. Ол туралы кейде «табиғатты сынау» деп ай- тылады. Зерттеуші зерттеліп жатқан құбылысқа «сұрақтар» қойып, оларға «жауап» алады. Әрине, ондай кезде барлық сұрақтарға жа- уап алу мүмкін емес. Сынақтың мәні зерттеу нысанына қойылатын сұрақтардың ол үшін «түсінікті» болуында, яғни оның осы уақытқа дейін ашылмаған қасиеттерін, байланыстарын білдіру екендігінде жа- тыр. Ал егер олай болса, онда сынақ зерттеуші мен табиғат арасын- да ұйымдастырылған «сұхбаттың» ерекше түрі болып шығады. Бұл жердегі негізгі қиындық – табиғаттың ғалым қойған сұрақты түсіне алмауының мүмкін екендігі және алынған жауапты зерттеушінің дұрыс түсінбеуінің мүмкін екендігі. Алайда ғылым белсенділігінің жүзжылдықтары ішінде зерттеушілер табиғатпен өнімді сұхбат құруды жүзеге асыру деңгейіне дейін өсті. Бүгінгі күні сынақтар өткізу барысында зерттелетін нысандардың жаңа қырлары мен қасиеттерін ашуға, содан кейін оларды математикалық өңдеу арқылы бір не- месе басқа тұжырымдар, заңдар жасауға мүмкіндік беретін қазіргі заманға сай әртүрлі аспаптар мен құрал-жабдықтардың кең ауқымы қолданылады.
Алғаш рет сынақтар Қайта өрлеу дәуірінен бері қарай кең өткізіле бастады. Содан кейін олар Жаңа заманда кең құлаш жайды. Табиғатты сынақтан өткізе зерттеудің негізінде жатқан сол әлеуметтік-мәдени алғышарттар қандай болып еді? Олар төмендегідей:

  • таным субъектісі (зерттеуші) өзінің табиғатқа қарсы тұратынын сезінеді, ол сезінуге қоғамның артып келе жатқан талаптарын

қанағаттандыру мақсатында табиғатты өзгерту мүмкіндігін түсіну және сену ілесе жүреді;

  • адамның табиғат үдерістеріне тәжірибе жолымен қандай өзгерістерді енгізгеніне қарамастан, жаңадан құрылған денелер мен құбылыстар бәрібір табиғат заңдарына бағынады;

  • табиғаттағы барлық заттар мен құбылыстар болмыста қаншалықты қайталанатын болса да, барлық жерде және барлық уақыттарда болатын табиғи заңдылықтарға бағынады.

Барлық мүмкін болатын өлшемдер мен сынақ-тәжірибелер арқылы эмпириялық (тәжірибелік) білімдер жинақталады. Олардың өзегі фактілер болып табылады. Факт – эмпириялық білім бірлігі, онда же- келеген қатынастар белгіленеді. Ол – ғылымда белгілі жолмен алынған жаңалықты бекіту. Фактілер бола алатындарға: зерттелетін нысанның бір немесе басқа қасиеттері мен сапаларын көрсететін «хаттамалық ұсыныстар», сол нысанның суреттегі бір немесе басқа қырларын, әртүрлі формулаларды, дыбыстардың жазылуын және т.б. білдіру жа- тады.
Кез келген факт өлшемдердің көпқабаттылығымен, көптігімен си- патталады. Ғылыми фактіде төмендегі негізгі сәттерді бөліп көрсетуге болады:
а) фактіде бекітілген зат немесе құбылыс;
ә) зерттелетін нысанның әртүрлі жақтары мен қасиеттері туралы мағлұмат;
б) зерттелетін нысандардың ғылыми қауымдастық сол және басқа уақытта қабылдаған сандық және сапалық қырларын, сынақ деректерін, өлшеу тәсілдерін бақылау туралы әдістер мен амалдар;
в) басшылыққа алуға қабылданған теориялардың, тұжырым- дамалардың қолда барларына сүйеніп, фактілерді түсіндірудің жолда- ры мен тәсілдері.
Енді зерттеудің негізгі эмпириялық әдістерінің қысқаша сипттама- сына көшу мүмкіндігі туды.



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   128   129   130   131   132   133   134   135   ...   185




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет