Блез Паскаль (1623-1662) – XVII ғасырдағы ұлы француз ғалымы, діни философ, жазушы-моралист және полемист, өзіндік «жүрек фи- лософиясын» және философиялық антропологияны құрушы. Ол – еуропалық философияда өз орнын иеленген адам («философиясыз философ»). Өз заманының вундеркинді және ғылымның данышпаны болған ол туғанына он жыл толмай жатып-ақ ыдыс-аяқ сылдырын естіген кезде соған таңданып, «Дыбыстар туралы трактат» жазған. 13 жасында Париж академиясына мүше болды. 17 жасында механикалық есептеу машинасын құрастыруды бастап, бес жылдан кейін оны жұмыс күйіне келтірді. Бұл қазіргі заманғы компьютерлерге тікелей жол ашқан арифмометр еді.
Содан кейін ол әртүрлі тәжірибелер жасай жүріп, вакуум табиғатын зерттеумен айналысты. Барометр бойынша әлдебір биіктіктің биіктігін қалай анықтауға болатынын көрсетті. Паскаль сұйықтардың қысымы заңын ашып, соның артынан гидравликалық пресс ойлап тапты. Атмосфералық ауаның жалпы салмағын мейлінше дәл есептеп шығару да – соның еңбегі.
Паскаль ашқан математикалық жаңалықтар (солардың ішінде ықтималдық теориясын да ашты) оған үлкен даңқ әкелді. Табиғат вакуумға төзе алмайды дейтін схоластардың тезисін теріске шығару үшін және вакуумды қалай жасау керектігін көрсетіп, бірқатар тәжірибелер жасады. Қарқынды ғылыми шығармашылық, тәжірибеге
негізделген практика оның «нақтылыққа талғамын» оятты.
«Тәжірибелер – физиканың жалғыз негіздемесі» деп санай отырып, ол тәжірибені жоғары бағалады, ал «абстрактілік метафизиканы» мүлдем қабылдамады. Сонымен бірге 1655 жылдың қаңтарында ол Пор-Рояль монастырына кетті, рас, монахтарша шашын алдырмады. Мүмкін, ол оңаша болуды қалаған шығар. Монастырьда өмір сүрген кезінде оның:
«геометриялық ақыл-ой және сендіре білу өнері туралы» (1658),
«Дінжәнекейбірбасқанәрселертуралыойлар» (1670), «алғашқы христиандарды қазіргілермен салыстыру» (1657) атты негізгі философиялық және діни шығармалары дүниеге келді. Б.Паскальдың өзге де танымал болған еңбектері: «бос кеңістікке қатысты жаңа тәжірибелер», «сұйықтықтардың тепе-теңдігі туралы», «ауа жиынының ауырлығы туралы» деп аталады.
Паскаль тәжірибелік білімдер және «жаңа ғылым» үшін күресті, сол себепті Декарт өзінің рационализмімен, сциентизмі және ұзын сонар метафизикасымен қоса, оның «мәңгі идеялық жауы» бол- ды. Солай бола тұрса да, ол Декарттың: «ойдың ұлы қағидасын»,
«гносеологиялық оптимизмін» және «аксиомалық-дедукциялық әдіс- темесін» жоғары бағалады.
Паскальдың басты философиялық еңбегі – ол «Дін және кейбір басқа нәрселер туралы ойлар» (кезінде Вольтер оны қысқартып, жай ғана «Ойлар» деп атаған) атты шығармасы. Онда Паскаль іс жүзінде
«мәңгілік философияның», сондай-ақ Жаңа дәуір философиясының барлық мәселелерін қамтыған. «Мәңгілік философия» (philosophia perrenis) деген сөз тіркесін алғаш рет Лейбниц енгізген. О.Хаксли мәңгілік философия мәселесіне «заттар және ақыл-санасы бар тірі тіршілік иелері әлеміндегі Құдайдан келетін нақтылықтың өмір сүретінін мойындайтын метафизиканы; адам жанында болатын, Құдайдан келетін нақтылыққа ұқсас, тіпті соған парапар психлогияны; адамның басты мақсаты барша болмыстың имманентті (жаратылысы- на тән) және трансценденталдық негізін тану деп жорамалдайтын эти- каны...» енгізеді (Хаксли Олдос. Вечная философия. М.: «Рефл-бук», Ваклер, 1997. – 7-бет).
Философия саласында Паскальды шексіздік мәселесі толғандырады, әрі тартады. Бұл – шексіз табиғат, шексіз Құдай, адамның әлемді та- нып білуінің шексіз үдерісі, адамның шексіз қалау-тілектері мен қажеттіліктері, шексіз сүйіспеншілік және т.с.с. Ой-толғаныстары оны, ақырында, адамның қашанда шектеулі ақылы үшін ойлау, пікірлесу жолымен шексіздікті танып білудің мүмкін еместігі тура-
лы қорытындыға келтіреді. «Біз шексіздіктің бар екенін білеміз, бірақ оның табиғаты бізге белгісіз, біздің білетініміздей, сандар шектеулі деп сендіру – жалған. Демек, сандардың шексіз екендігі дұрыс, бірақ біз оның не екенін білмейміз... Осылайша Құдайдың Кім екенін білмей- ақ, Оның бар екенін білуге болады». Ары қарай «шексізбен салысты- ру барысында шекті жойылады да, дара болмыссыздыққа айналады». Шексіз ғарышқа қатынасы бойынша, әрбір дене, соншалықты үлкен болса да, ол – жоғалатын кішкентай бөлшек. Сонымен қатар кез келген соншалықты кішкентай денеде де өзінің аспандары мен планеталары бар сансыз әлемдер болуы мүмкін.
Паскаль адам ақылының шектеулілігін көре білді. Ол алғаш- қылардың бірі болып, танымға жүректің сезімдік түйсігін енгізуді қажет деп санады. «Біз шындықты ақылмен ғана емес, жүрекпен де танып білеміз... Бастапқы түсініктер сезіммен танылады, теоремалар ой тұжырымдарымен дәлелденеді». Паскальдың бұл идеялары қайғы- қасіретке толы өмірінде мың өліп, мың тірілген қазақ халқы үшін өзгеше маңызды және жанына жақын! Ұлы Абай салқынқанды пара- сат туралы емес, жарық сәулелі ақыл, яғни жүрек жылытатын ақыл туралы шаршамастан айтпады ма! Шәкәрім үш шындықты бөліп көрсетеді. Бұл – философия тарихындағы ақыл мен сенімнің дәстүрлі шындықтары. Олардың қатарына ол ар-ождан шындығын қосады және олар біріккенде негіз құрайды деп санайды. Шәкәрімнің осы идеяла- рына ерекше назар аударған жөн болмақ. Батыс ол шындықтарға екі дүниежүзілік соғыстан кейін, Хиросима мен Нагасакиді, Бухенвальд пен Освенцим қасіреттерін бастан кешкен соң келді. Шәкәрім өмір сүрген уақытта ядролық зерттеулер жаңа басталған-ды және оған бола адамзат ерекше беймазалық сезіне қоймаған. Сол себепті Шәкәрімнің кездейсоқ пайда болған идеяларын қазақтың рухани өмірінің мыңжылдық дамуының нағыз мәні (квинтессенция) деп бағалаған дұрыс болар еді.
Алайда Паскальға қайта оралайық. Ол ғылыми шындыққа ғана емес, оны басқаларға қалай жеткізу керектігіне де үлкен көңіл бөлген. Бұл жерде шынайылық пен қарапайымдылық болуға тиіс, адамдардың сезімдерін қозғай отырып, адамға жеткен ойларды түсінуге келтіретін әртүрлі бейнелер мен суреттер пайдаланылуы керек. Ал бұл XVII ғасырда айтылған! «Ақыл-парасат» ғасырында Паскаль адам жүрегінің ерекше билігін (прерогатив) және оның түйсіктерінің дәлдігін дәлелдеумен болды. Шындықтың экзистенциалдық түсіндірілуіне Паскальдың «шындыққа сүйіспеншілік жеткізеді» деген сенімі сәйкес
келеді. Адамның ұлылығы оның ақыл-парасатында жатқанмен,
«жүректің де ақыл-ой білмейтін өз заңдары бар». «Ақыл даналығы» және «жүрек даналығы» деген бар. Экзистенциалистердің өз филосо- фиялары бастауларын соларға тірейтіні тегін болмаса керек. Кейіннен Гете: «Ұлы ақылдың алдында басымды иемін, ұлы жүректің алдын- да тізе бүгемін», – деген-ді. Бүгінгі күні, XXI ғасырдың басында өмір сүріп, оқытудың батыстық технологияларын көзсіз көшіре отырып, тәрбеленушімен жүрек байланысын орнатып, құрметпен қарап, сонымен бірге талап қоя білетін әңгіме-сұхбаттарда болашақ маман тұлғасын қалыптастыра алатын оқытушының тәлімгер ретіндегі рөлін біз аяқасты еттік. Компьютердің жүрегі жоқ, тек қалыпқа келтірілген бағдарламасы ғана бар екені белгілі.
Паскальды адам мәселесі ерекше толғандыратын. Ол: «Адамның қадір-қасиеті мен ұлылығы оның ойында, сол оны Ғаламнан жоғары көтеріп, танымға оятады», – деп жазды. Адам шындықтың болмашы бір бөлшегін ғана біле қойсын, соның өзінде-ақ ұлылық бар, өйткені жануарлар мүлде ештеңе білмейді емес пе. Оның жоғарғы мақсаты да осында. Табиғатының жануарлар табиғатына ұқсап кеткеніне налиды, яғни бұрын оған тән болған биік табиғаттың құлағаны деп түсінеді. Бұл жерде, шамасы, сол уақытта орын алған бастапқы капиталдың жинақталуының теріс ықпалына налу көрініс берсе керек.
Паскальдың ғылымның өркендеуіне ғана емес, сонымен қатар барлық келесі философия мен мәдениетке де зор ықпалы бол- ды. Л.Н.Толстой оны «адамзаттың оқытушыларына» жатқызып,
«шындықты ғасырлардың басынан асырып көре білген философ- пайғамдар» санады.
Параграфты ойшылдың атақты: «Адам – табиғаттағы ең бір әлсіз собық қана, бірақ ол собық ойлай алады. Ұлылығымыз біз есте сақтай алмайтын кеңістікте немесе уақытта емес, осы ойлай алатындығымызда», – деген қанатты сөзімен аяқтайық.
Сөйтіп, біз XVII ғасырдың ұлы философтары мен ғылым қайраткерлерінің шығармашылығын айтып өттік. Ал енді алдымызда XVIII ғасырдың жаңаеуропалық философиясы мен ғылымына саяхат жасау күтіп тұр.