Педагогикалық теориялар. 1. Тұлға теориясы. Іс-әрекет теориясы. 2. Құндылықтар теориясы. Басқару теориясы. 3. Тұтас педагогикалық процесс теориясы Тұлғалық-бағдарлық теория адамның тұлға ретінде әлеуметтік, әрекеттілік және шығармашылық мәні туралы мәселені қарастырады. Ол тұлғаны тарихи-қоғамдық даму нәтижесі және мәдениет жаршысы ретінде таниды. Тұлғалық-бағдарлы теория педагогикалық процесті жобалап, бағдарлауда тұлғаны мақсат, субьект, оның нәтижесі мен негізгі өлшемі ретінде қарастырады. Тұлғалық көзқарас негізіне, сонымен бірге бала жайында терең білімді, оның өз басына тән қасиеттері мен мүмкіндіктерін, қабілеттерін жетік білу және оны басқалар немесе өзі қалай қабылдайтыны жайлы көзқарастар жүйесі. Сондықтан да ұстаз осы бағыттағы қандай да болмасын өзінің әрекетінде тұлғаның дара екрешелігін тануды мақсат етеді.
Іс-әрекеттік теория- тұлға дамуының негізі, құралы және шешуші факторы болып есептелінеді. Бұл сана мен әрекеттің бірлігі идеясына негізделіп, тәрбиеде жаңа жүйені қалыптастырады. Мұндай көзқарас педагогикалық зерттеу жұмыстары және практикалық әрекеттер барысында тұлғалық-бағдарлық ұстаныммен тығыз қарым-қатынаста болып, оның жүзеге асуына тікелей ықпал етеді. Іс-әрекеттің мақсаты - адамдардың ақиқат өмірін қайта жаңғыртуға бағытталады. Сондықтан адамның барлық деңгейдегі заттық және рухани әрекеті еңбек негізінде пайда болып, оның негізгі ерекшелігін бойына сіңіріп, айналадағы өмірді шығармашылықпен қайта жаңғыртады.
Құндылықтар теориясы - нақтылы ғылыми-әдіснамалық таным ретінде және педагогикалық шындықты жаңғыртуда өзінің негізгі аксиологиясы - жалпы адамзаттық мәдени құндылық (заттық және рухани) жайында оқу болып табылады. Ол жалпы адамзаттық мәдени құндылықтарға негізделіп, оған қайшы келмейтін ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді қамтиды. Сондықтан да тұлғаның өз ұлты және туысқан халықтар мәдениетін оқып-білуі, одан әрі жалпы адамзаттық мәдениетпен танысуы арқылы өзінің мәдени дамуын қамтамасыз етеді. Түйіндей келе, құндылық жүйесінде мәдениетті меңгеру, біріншіден, адамның өзінің даму жағдайын, екіншіден, шығармашылыққа қабілетті тұлға ретінде қалыптасуын іске асырады.