1.3 ӘДІСНАМА(Методология; грек. methodos – зерттеу жолы, теория, ілім және ....логия ) – 1)ғылыми таным әдісі; 2) ғылымда қолданылатын негізгі принциптер. Педагогика теориасына лайықты танымның ұстанымы, әдісі, нысаны мен таным амалдары арқылы педагогикалық болмысты өзгеріске түсіру. Мұндай анықтамадан екі ғылыми мәселенің бірігуін байқауға болады. Бірінші, зерттеу жұмысының бағытына лайықты жағдай жасап, педагокикалық болмысты танудың кешенді құралдарын айқындау. Екінші, ұстаным, әдіс, құрал, жүргізу амалдары арқылы педагогикалық шындыққа жету тәсілдерін қолдану. Зерттеуші педагогтің нәтижеге жетуі оның ғылыми құрал – жабдықтармен қарулануымен қатар, түрлі тәсілдерді әдіснама қорынан таңдап алуына байланысты; 3)дүниенің, қоғамның объективтік заңдылықтары мен құбылыстарын практика және теория жүзінде игертуге және өзгертуге бағытталған таным принциптерінің жиынтығы. Ә. - әдістер туралы ілім, әдістер теориясы.
1.4 ӘДІСКЕР(Методист) – оқу – тәрбие әдісін жетік меңгерген ұстаз. Оның міндеті – пәннің оқытылу жағдайын бақылайды; озат мұғалім мен мектеп тәжірибесін жинақтап таратады. Ұстаздарға әдістемелік көмек көрсетеді.
1.5 ӘДІСТЕМЕ(Методика) – 1) әдістер жиынтығы; 2)оқыту немесе ғылымды зерттеу әдістері туралы ілім; 3)педагогиканың жеке пәндерден берілетін білім көлемі мен мазмұнын негіздеп, оны оқытудың тиімді әдістерін зерттейтін саласы. Жалпы алғанда жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқыту процесінің заңдылықтарын дидактика зерттейді. Ол заңдылықтардың жеке пәндерді оқытудағы көрінісін және әр пәнді оқытудың өзіне ғана тән заңдылықтарын пәндік дидактика қарастырады. Бұлардың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктеріне байланысты оқыту әдістемелері бар. Ә.дидактикаға ғана негізделіп қоймайды. Ол психалогия, педагогика, филология және т.б. ғылымдардың жетістіктеріне сүйеніп, білім беру жүйесіндегі озат тәжірибелер мен мәселелерді жедел ғылыми талдаудан өткізіп отырады
1.6 ӘҢГІМЕЛЕСУ, ӘҢГІМЕ (Беседа) – 1)ақыл белсенділігін арттыруға бағытталған оқыту, тәрбие әдістерінің бірі. Оқушы әңгімелесу барысында мұғалім мен жолдастарының қойған сұрақтарына жауап бере отырып, өтілген материалды қайталап, бекітеді және білімін толықтырады. Ә. әдісі оқушыларға эмоциялық, эстетикалық әсер етеді. Ол оқытушының тәжірибесіне, кәсіптік шеберлігіне байланысты; 2) вербальдық (сөйлеу) қарым – қатынас негізінде ақпарат алу әдісі. Психологияның әр түрлі салаларында ( әлеуметтік, медициналық, балалар психологиясы және т.б.) көп қолданылады және сыналушыны психологиялық эксперимент жүргізу жағдаятына енгізудің, кірістірудің негізгі әдісі болып табылады. Психофизикалық эксперименттегі қатаң түрде нұсқау беруден психотерапиядағы еркін сөйлесуге дейін алуан түрде өтеді. Әңгімелесудің тән сипатты түрлері ретінде “экспериментке кірістіру” – іскерлік ынтымаққа тарту, жұмыстық гипотезаларды тексеру мақсатындағы “эксперименттік әңгімелесу”, сұхбат түрлерін саралауға болады.