Философия және мәдениеттану: Оқу құралы


КІРІСПЕ Жұмыстың жалпы сипаттамасы



бет3/28
Дата17.10.2023
өлшемі1,26 Mb.
#117202
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
Байланысты:
Философия және мәдениеттану Оқу құралы-emirsaba.org

КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ елін өркениет теориясы негізінде терең зерттеу бүгінгі күнгі ғылым талабы. Зерттеу жұмысында адамзаттың өмір сүру болмысына айналған жалпы өркениеттегі қазақ өркениеті, оның сатылары мәдениет философиясы тұрғысынан сарапталып, ғылыми пайымдаулар жасалады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ өркениетін зерттеу өз өзектілігін ұзақ сақтайды, себебі бұл мәселе теоретикалық пайымдау мен қолданбалы ұсыныстарға аса қолайлы. Дәстүр мен жаңашылдық, өзімдікі мен өзгенікі арасындағы айқын үйлесімді теңдік өте сирек және бұл уақыт өте өз соқпағынан жаңылады. Өткенге оралу, өшкенді жандыру, діни қайта өрлеу, шашыраған құндылықтарды түгендеу жаппай батыстандыруды араластырмағанда, белсенді модернизация аймағында жүретіні рас. Мұндай құрылым ерікті де еріксіз өркениеттің күйіне сүйенеді. Өйткені, өркениет барынша қалыптасқан жүйе, дегенмен оның шарықтауына бөгде күштер ықпал етері анық. Өркениет ең бірінші – үдеріс, яғни ескі мен жаңаның, өзімдікі мен өзгенікінің өзара қатынасы және игеру мен жатсыну, сақтап қалу мен ұмыт болу процесстері. Демек, өркениеттің әрбір күйі бір мезет сияқты, бірақ бұл сәт ешқашан шектелмейді, әрі аяқталмайды.
Өркениет негізін мәдениет құрайды, яғни өркениет мәдениеттің сыртқы формасы, қабығы. Жер жүзіндегі мәдениеттердің барлығы құрылымы жағынан бір-біріне өте ұқсас. Кез-келген мәдениеттің белгілі бір ерекше тұсы келесі мәдениетте әлсіздік танытса, дәл осы әлсіздік өзге мәдениет өркендеуінің басты себебі болуы мүмкін. Демек, мәдениеттер әрдайым өзгерісте, олардың өзіндік ерекшеліктері мәдени белгілер жиынтығының ұдайылығы мен екпінінен айқын көрінеді. Өзгермелі мәдениеттің орны мен уақыты ауысқан сәтте, мәдениет субъектілері – этнос, социум, тұлғалар да өзгеріп отырады. Ол үшін біз мәдениет динамикасын өте жақсы меңгеруіміз қажет, тек осындай білім ғана бізге константты анықтауға жәрдем береді. Үздіксіз процесті меңгеру феноменнің үстемдік етуші белгілерін анықтайды, әрі бейімделуге қолайлы қозғалмалы-иілгіш қалыпқа келіп, терең зерттеуді талап етеді. Аталмыш өзекті мәселе біздің зерттеу жұмысымызда әлемдік мәдени-философиялық идеялар тұрғысынан талданып, өркениеттік негіздер арқылы көрініс тапты.
Өркениет өзін-өзі бұзбай, жүйе ретінде қалыптасып, тұтастықты сақтау мақсатында міндетті түрде қажет. Егер біз өркениетті О. Шпенглерше ағза деп алатын болсақ, әрбір ағзаның өзіндік қажеттіліктері бар. Бұл имманенттік қажеттілік өзін-өзі қанағаттандыра алады және ол өте мәнді де. Өркениет дами отыра өзгереді, себебі даму ұғымының дұрыс мағынасы – Өзгеріс. Өркениет өзгеріске ең бірінші ішкі негіз бойынша ұшырайды, өйткені ол ашық жүйе. Ашық жүйе әрқашан жаңа ақпаратқа ие, ал ақпаратты өңдеу үзіліссіз процеске тән. Сонымен қатар, ол табиғи аймақтан да көптеген жаңалықтар мен мәліметтер ала алады.
«Қазақ өркениеті» ұғымын нақты тарихи, рухани-мәдени және ғылыми тұрғыдан негіздеу бүкіл қазақстандық әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар жүйесін өзгертуге, көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі ұлттық тарихымызға мәдени-өркениеттік тәсілмен жаңаша қарауға, ескірген Қазақстан тарихына деген бұрынғы батыстық немесе ресейлік көзқарастан мүмкіндігінше бас тартуға итермелейді. Кең байтақ Еуразия даласында отырықшылық мәдениетпен қолтықтаса отырып, көшпенділер мәдениеті де қалыптасып, айрықша қазақ-қыпшақ өркениеті өмір сүрген. Біз өз жұмысымызда «Қазақ өркениеті» мен «Қазақстандық өркениет» ұғымдарын жақын мағынада қолданамыз. Олардың арасындағы айырмашылық негізінен саяси және демографиялық факторлармен (мысалы, 1959 жылы қазақтар Қазақ ССР халқының 29 пайызын құрастырса, 50 жыл өткен сон олар Қазақстан халқының 65 пайызын құрастырып тұр) байланысты. Қазақстанның тәуелсіздігі нығая берген сайын «Қазақ өркениеті» феномені де жаңа мазмұнмен айшықтала түседі. Дәл сол сияқты «Қазақ елі» мен «Қазақстан» негізінде синонимдер болып табылады.
Зерттеу тақырыбы елімізде қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасымен тікелей байланысты. Әлемдік озық өркениеттердің, таңдаулы елу елдердің қатарына аяқ басқан Қазақстанда уақыт талабы да жоғары, сондықтан халқымыздың мәдени, тарихи, әлеуметтік мұралары мен рухани жәдігерлерін зерттеу күн тәртібіне қойылып отырған өзекті мәселе. Қазақстандық рухани жүйенің бүгіні мен келешегі оның кешегі дәуірінде жинақталған рухани мұраларын талдай, танып білумен, мойындаумен және қадірлеумен байланысты.
Халқымыздың өзіне тән қайталанбас тарихы, ешкімге ұқсамайтын мәдениеті мен өркениеті, асқақ рухты болмысы бар. Қазіргі замандағы өркениетті елдер дегенде екі мәселе бар: олар – адам құқының сақталуының стандарттық нормалары және өркениеттің технологиялық сапасы. Өркениетті болу әркімнің болғысы келетін психологиялық еркін мәдени ынта. Қазақ өркениеті – халықтың ішкі бірлігі, оның азаматтық парасаттылығын нығайтатын, қалыптастыратын әлеуметтік-мәдени шындық (Ғарифолла Есім).
Қазiр жаһандану дәуiрi басталды және онда қай ұлттың рухани мәдениетi күштi болса, сол ұлт өмiр сүруге бейiм болады да, рухани мәдениетi әлсiз елдер ассимиляцияға ұшырап, өз-өзiнен жойылып отырады.
Бұл адамзат қоғамының дамуындағы заңды құбылыс. Сондықтанда оған ешкiм қарсы тұра алмайды. Қазiргi кезеңде дүние жүзiнде «Мәдениеттер майданы» жүрiп жатыр деуiмiздiң себебi сол. Олай болса қазiр күн тәртiбiнде, болашақта қазақ халқының ұлт болып қалу-қалмау мәселесi, яғни ұлтымыздың тағдыры қойылып отыр. Қазақ мәдениеттің ішкі теориялық, идеялық потенциалын анықтау барысында тек отандық ғалымдар теориялары мен концепцияларына негізделмей, мәдениет тарихы теориясы мен мәдениеттің концепциялары жақсы қалыптасқан Батыстық теориялық тұжырымдар тұрғысынан зерттелініп талдануы тиіс. Бұдан ешкім ұтылмайды. Қазақ ұлттық мәдениетін тек бір позиция көзқарасынан қарастыру оның ішкі рухани және материалды мәдениет байлығының көзін толық ашпайды. Мәдениет дегеніміз өткен уақыт пен қазіргі уақытты және қазіргі уақыт пен болашақ уақытты байланыстыратын уақыт жалғастығы (сабақтастығы). Мәдениет дегеніміз тарих уақыты, тарих оқиғалары, тарих үлгі-өнегесі. Қазақ мәдениетінің жаһандану кеңістігіндегі инновациялық үрдістері – яғни, қазақ мәдениетінің бұл уақыт талабына сай функциялары қалай өзгереді?
Қазір қазақстандық қоғамды тұтас қамтып отырған жаһанданудың ақпараттық төңкерісі адам өмірінің барлық салаларына ықпал етеді. Ұлттық егемендік пен ұлттық «Меннен», өзіндік болмыс пен қайталанбас дәстүрлі мәдениеттің архетиптік құндылықтарынан ажырап қалу қауіпі нақтылы көрініс табады. Жаһанданудың бірегейлендіру тенденциясы ұлттық ерекшеліктерге тиімді емес, сондықтан батыстандыру мен жаһанданудың қабылданатын модельдерін трасформациялау қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет