Байланысты: Философия және мәдениеттану Оқу құралы-emirsaba.org
Тақырыптың ғылыми зерттелу деңгейі. Дәстүрлі мәдениет пен өркениет, өркениет тарихы – батыстық ғалым-философтар жүйелеген бірізділік ұғымдар. Қазақ өркениетін мәдениет философиясы тұрғысынан жете зерттеуді талап ететін тың тақырып болғандықтан, отандық мәдениеттану және философиялық әдебиетте мазмұндық, формальді жағынан соны болып табылады.
Батыс пен Ресейдің О. Шпенглер, А. Тойнби, Н. Данилевский, П. Сорокин, С. Хантингтон, Ф. Фукуяма, Э. Тоффлер сынды танымал өркениетшілердің іргелі еңбектері диссертациялық зерттеу жұмысының дәйектік көзін құрайды. ХХ ғасырдың басында мәдениеттанушы О. Шпенглер тек техникалық құндылықтарға сүйенген өркениет рухани мәдениетті күйзелтіп жібереді деген еді. Батыс зиялылары Ф. Ницше, З. Фрейд, Э. Фромм, И. Хейзинга, Х. Ортега-и-Гассет, постмодернизм мен жаңа гуманизмнің өкілдері индустриалдық қоғам, бұқаралық мәдениет пен әсіре рационалдық енді мәдени дамудың тежеуішіне айналды, сол себепті мәдениет философиясы алдынғы қатарға шығу керек деген пікір айтты.
Тарихи тұжырымдарға сүйенсек, мәдениет пен өркениет жеке ғылыми нысан ретінде XІX ғасырдың соңғы ширегінде қалыптаса бастады. Сондықтан да оны әлі де болса буыны бекімеген жас ғылымдар саласына жатқызамыз. А. Швейцер кезінде философияда мәдениеттің көп зерттелмегенін айта келе, мәдениетке көңіл бөлмесе, философияның өзі мәдениетсіздікке ұрынады деген екен. Бұл тұжырым мәдениеттің қоғамдағы маңыздылығын көрсетіп қана қоймайды, сонымен бірге заман шындығын айта отырып, болашаққа жол нұсқайды. Осы жерде Швейцердің сөзіне сүйеніп, мәдениеттану пәні дамымаса, ұлттық мәдениеттің негізін оқымаған ұрпақ қана емес, бүкіл қоғамның өзі өркендемейді, үнемі рухани шектеуге ұшырап отырады деп сеніммен тұжырым жасауға болады. Егер ортағасырда біз діни орталықтың әлем суреттемелерін, Жаңа заманда – логоорталықтық принциптерді көрсек, онда ХХІ ғасырда әлем мәдениеттілік және өркениеттілік өлшемдерімен сарапталды.
Қазақ өркениетінің маңызды мәселелері қойылған және өзінше шешім тапқан шығармалардың арасында Ғарифолла Есімнің «Сана болмысы» (1-10 кітаптар) мен «Хакім Абайының» рөлін атап өткен жөн. Жазушы-ғалым Абайдың рухани философиялық мұрасын қазіргі заман өркениеттілігі құндылықтары тұрғысынан қарастырып, «хакім» мәдени феноменіне терең түсіндірме береді. Ғ. Есім қазақ мәдениеті тарихында типтік бейнелер ретінде көрініс тапқан «пысық», «шолақ белсенді», «бай» мен «кедей», «үрей», «үміт», «шайтан», т.т. феномендеріне жаңаша герменевтикалық талдау береді. Ғарифолла Есім қазақы мәдениетке кеңірек тоқталады. Қазақ мәдениетінің классигі Абай шығармашылығын негізгі үш бұлақтан нәр алды десек болады. Олар: халық ауыз әдебиеті, шығыс поэзиясы, еуропа мен орыс әдебиеті. Тағы бір ескерер жайт, қазақ мәдениеті сондай-ақ ежелгі түркі өркениетінен де тамыр алған. Яғни, қазақ мәдениетінде Батыстың да, Шығыстың да элементтері бар. Мысалы, Қорқыт пен Асан Қайғы заманының өзінде өмір мен өлім проблемалары қамтылған. Бұл кезде батыс еуропалықтар аталған ағымға экзистенциализм деп ат берген. Сондай-ақ қазақтар ежелден-ақ өмір мен өлім туралы ой қозғаған, өмірдің өлшеулілігін, өлімнен құтылмайтынымызды сөз еткен. Әрине, Шығыс пен Батыстың арасындағы әңгіме мұнымен шектелмейді.
Шығыс пен Батысқа қатысты қазақ мәдениетінің проблемалары да өзімен бірге көптеген қоғамдық қатынастарға әсер етеді. Мысалы психология ғылымы ұлттың өзін-өзі тануын, менталитетін, ұлттық идея деңгейін зерттейтіндіктен мәдениет саласынан сөзсіз алыстамайды. Автор «Халықтық дүниетаным» атты мақаласында ұлттық ойлаудың кешегісі, бүгіні мен ертеңіне сараптау жасай келе, қазақ философиясы мен мәдениеттануын қалыптастыру жолындағы міндеттерді айқындайды. Біз қазір ұлттық мәдениетпен қатар ұлттық өркениет туралы сөз қозғауымыз керек. Әдетте өркениет өрісі үшін ең басты қағиданың бірі – халықтың саяси еркіндігінің жүзеге асуы, яғни ұлттық, тәуелсіздіктің орнауы.
«Қазақ өркениеті» ұғымымен қатар «көшпелілік өркениет» деген термин де әдебиетте кездеседі. Н. Масановтың «Қазақ өркениеті. Номадтық қоғам тіршілігінің негіздері» кітабында, Н. Конрадтың, А. Сейдімбектің еңбектерінде бұл ұғым қолданыс тапты. «Көшпелілік өркениет» ұғымын мойындау дегеніміз еуропоцентристік мәдениеттанудағы әлемде бір ғана батыстық өркениет бар, қалғандары вестернизацияландыру аймағы болып табылады деген үстемшілік көзқарасты бекерге шығару.
Аталмыш мәселе басқа да отандық ғалымдар назарынан да тыс қалмауда.
Бұл мәселені жан-жақты зерттеген ғалымдардың арасында А.Х. Қасымжановтың еңбектері ерекше орын алады. Философ қазақстандық мәдениеттанудың қалыптасуында маңызды рөл атқарған «дала өркениеті» деген ұғымды ғылыми қолданысқа енгізді. «Дала өркениеті» деген ұғым қазір бүкіл дүниені бір стандартқа, бұқаралық мәдениет нормаларына, ортақ белгіге келтіріп жатқан ғаламдану үдерісінде бекерге шығарылуы да мүмкін. Бұл қисында ерекше, айрықша, «экзотикалық», батыстағыға ұқсамайтынның барлығы «өркениет емес» деп жарияланады. «Дала өркениеті» ұғымының қалыптасуында Л.Н. Гумилевтің еуразиялық ұлы дала туралы ілімі де эвристикалық рөл атқарды. Түркілік мәдениетті терең білу үшін еуропалық, ирандық, арабтық, қытайлық авторлармен қатар Ресей ғұламалары, саяхатшылары мен ғалымдарының зерттеулерін меңгеру қажет. Мысалы, түркілік өркениеттілік мәселелері Л. Гумилев, Н. Бернштам, Я. Бичурин, А. Левшин, В. Бартольд сынды зерттеушілердің шығармаларында жан-жақты қарастырылған.
Мәдени-философиялық ой-пікірлердің даму арақатынасын анықтау мақсатында Ғарифолла Есім, С.Н. Ақатай, Н. Байтенова, Б.Р. Қазыханова, А.Қ. Қасабек, Д. Кішібеков, Ж.Ж. Молдабеков, Ж. Мүтәліпов, Б.Ғ. Нұржанов, Г.Ж. Нұрышева, Ә.Н. Нысанбаев, С. Нұрмұратов, М.С. Орынбеков, Т.Х. Ғабитов, С. Омаров, О. Сегізбаев, Н.Ж. Шаханова, Д.С. Раев және т.б. ғалымдар еңбектерінің кейбір тұстары диссертациялық зерттеуімізге арқау болды.
Сонымен қатар, өркениеттің тарихи-мәдени құрылымын, құндылықтары мен жіктемелерін, концепциялары мен футурологиялық пікірлерін, дәстүрдің өзіндік сақталуын қарастырған С.Д. Леббок, Э. Тайлор, Л. Уайт, Д. Белл, А. Печчеи, Э.А. Баллер, Ибн-Халдун, М. Хатами, М. Аджи, Н.А. Бердяев, Л.Н. Гумилев, М.О. Әуезов, М.М. Әуезов, М.Қ. Қозыбаев, А. Сейдімбек және т.б тарихшы, тіл маманы, антрополог ғалымдар мен зерттеушілеріміздің есімдерін ерекше атап өтуге болады.
Қазіргі өркениеттің дағдарысы, қайшылықтары мен оның келешегін зерттеуге арналған отандық және батыстық ғалымдарымыздың еңбектері диссертациялық зерттеудің негізі мен ғылыми әдебиеттік қорын құрайды.