Философия және мәдениеттану: Оқу құралы



бет13/22
Дата22.09.2022
өлшемі1,7 Mb.
#39867
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   22
Байланысты:
annotation23046

Бірінші фактор – франкфурттықтардың теориясы христиандық пен капиталистік мәдениеттен алшақтап, осы мәдениет пен Американың өткенін құртуға еңбектенген жергілікті маргинал американдықтардың идеяларымен сәйкес келді. Соның себебінен, франкфурттықтардың теориясы – «қағынан жеріген» американдықтардың көмегімен таралды.
Екінші фактор – 1964 жылдары университет қабырғаларында өте көп мөлшердегі соғыс қиыншылығы мен кедейшіліктің дәмін татпаған жастардың легі пайда болып, мұндай жастардың арасында мәдени революцияның дәнін өсіруге қолайлы жағдай туды. Қараусыз, өз-өздеріне сенімді, жұмыссыздықтан еріккен, еңбекке құлықсыз бұл жастар кез-келген бүлікке дайын тұрды. Осы кезде марксшылдар мұндай қызықсыз өмірдің бірнеше емін ұсынды. Олардың ішіндегі ең бастылары – төсек ләззаты, есірткі және мәдени революция болды.
Үшінші фактор – алпысыншы жылдардағы радикалдар мен революционерлердің, теоретиктердің көңіл-күйлері мен ойларын қоғамдық талқыға салып отырған телеарналар болды. Телеарналар революционерлер мен теоретиктерді өзара байланыстырып қана қойған жоқ, сонымен қатар ол – қоғамдық санаға жаңа идеяларды сіңіріп отырды.
Соңғы, төртінші фактор – сөзсіз Вьетнам болды. Бұл ұрпақ – құрбандық, қантөгіс және өлім әкелетін соғысты қолдамады. Герберт Маркузе – жастарға өз қорқақтықтарын жасырудың, әскерге шақырылудан қашқақтаудың жақсы тәсілін ұсынды. Ол жоғарыда келтірген «Соғыспен емес, махаббатпен айналыс!» деген ұран еді. Нәтижесінде, Америка жастарының санасындағы мемлекеттік модель жойылып, патриоттық, елдік сана келмеске кетті...
Осылайша, о баста А.Грамши айтқандай, марксшылдар үшін ең басты мақсат – «мәдениетті жаулау» болған болса, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына таман либерал-солшылдар тек өнерге ғана емес, театр, әдебиет, музыка, балет, кинематография, білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарын өз қолдарына алды. Сол үстемдік әлі жалғасып келеді.
Ғылымда, технологияда, экономикада, ауыл шаруашылығында, өндірістік өнеркәсіпте, қару-жарақ өнеркәсібі мен қоғамның демократиялануы жөнінен Америка мен Еуропа елдері бізден бірнеше жылға озып кеткен. Ал, ислам әлемі – дәл бұлайша материалдық тұрғыдан дамымаса да, сол Батыс ұмытқан бір нәрсені есте ұстады. Ол – ұрпақ көбейтуге ынталылық, өз өркениетін, мәдениетін, сенімі мен отбасын сақтау. Соның арқасында ислам әлемі (қатарында біз де бармыз) – бүгінгі күнге дейін жетті. Ендігі міндет – осыған дейін жоғалмай келген ұлттық ұстындарымызды сақтап, қорғау. Олай болмаған күнде, «Бұқаға туған күн – бұзауға да туатыны» секілді, біз де Батыс елдерінің кебін киіп, тұнығымызды лайлап алуымыз әбден мүмкін.
Қазір әлемдік экономиканың талаптарына өз экономикасын сәйкестендіру үшін Шығыс Еуропа елдері мен ТМД мемлекеттері, кейбір ислам елдері саяси жағынан өзара жақындасып, өзара тиімді келісімдерге отырып жатыр. Өзара тиімді деген есеппен бір келісімге біріккен мемлекеттер мойындарына экономикалық, саяси міндеткерліктер алып отыр. Және жаһандану дәуіріндегі мемлекетаралық қатынастар халықаралық терроризм, есірткі саудасы, босқындар проблемасы, жасырын қару сату т.б. мәселелермен шиеленісе түсті. Бұл қауіптермен күресуде де мемлекеттер бір-біріне тәуелді. Осы жағдайда мемлекеттердің өзара деген сенім талаптары, бірігіп қимылдауға деген мұқтаждықтары артты. Өзара сенім шараларын өңдеп шығаруға, ендігі заман өзара қарым-қатынаста осы сенім шараларына сүйенуге ынталы мемлекеттер күн санап көбейіп келеді. Осы қажеттілікті аңдап, Азия мемлекеттері арасындағы сенім шараларын нығайту бастамасын (СВМДА) Қазақстан көтеріп отыр. Бұған еңбек бөлінісінен туатын еларалық экономикалық кооперация талаптары мен тауарларын өткізу үшін ортақ рыноктік кеңістіктерге бірігуді қосамыз. Осының барлығы жиылғанда мемлекеттік биліктің ядросы – ұлттық егемендік толық жойылып кетпесе де, біршама дәрежеде әлсірейді. Ұлттық биік рухтың орнына ғаламдық экономикалық институттардың көңілін аулау, соларға жағыну дәуірі келе жатыр. Ал, егемендік ұғымы мемлекет билігін белгілі бір территориядағы бөлінбес, мызғымас билік деп қарастырады. Жаһандану жағдайында ұлттың егемендігі мемлекеттің кейбір міндеттерін дұрыс атқара алмағандығынан; мысалға қауіпсіздікті дербес қамтамасыз ете алмағандықтан, өндірісті дамытуда, сауда-саттықта жеке дара саясат ұстана алмағандықтан халықаралық, аймақтық, ұлттық ұйымдардың арасында бөліске түседі. Яғни, кейбір мәселелерде (қорғаныс, қауіпсіздік саласында, халықты жарықпен, газбен қамтамасыз ету т.б.) ұлттық биліктің өкілеттігі Үкіметтің құзырынан алынып, халықаралық ұйымдарға, ұжымдық келісімдерге тапсырылады. Мемлекеттің кейбір реттеуші қызметтерін әлемдік рынок, тарнсұлттық корпорациялар атқара бастайды. Сондықтан, ендігі жаһандану заманында мемлекеттік егемендік деген ұғымның мағынасы біршама өзгереді. Яғни, егемендік болған күннің өзінде ол шектеулі, әр түрлі халықаралық ұйымдар арасында мемлекет билігі бөлінгендіктен жартыкеш немесе формальді егемендік болады. Бұл жағдайға әрине ұлтты конструктивистік тұжырым тұрғысында түсінетін халықтар дайын да, ал примордиалистік менталитеттегі ұлттар әзірге дайын емес. Бейбітшілік философиясы мен ымырашылдық мәдениетін игермеген ұлттардың жаһандық капитализмнің ықпалында отырып ішкі тұрақтылығын сақтауы қиын мәселеге айналмақ.
Шығыс елдерінің көпшілігінің экологиялық һәм экономикалық сауатсыздығы, өз ішінде тұрақтылықты сақтауға қабілетсіздігі, әсіре ұлтшылдықпен аймақтық қауіпсіздікке қатер төндіруі адамзат тағдырына алаңдап отырған ірі елдерді ақыл-кеңес айтуға, тіпті болмаса дамушы елдердің ішкі ісіне араласуға, сауда-саттық арқылы, саяси-экономикалық тетіктер арқылы ықпал етуге мәжбүрлейді. Экологиялық сауаттылықты көтеріп, діни фанатимзнен арылу, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін дамушы елдердің халқының менталитеті, дүниетанымы, рухани ахуалы өзгеруі керек. Дамушы елдердегі демократияның орнауын Батыс Еуропа мен АҚШ-тың қадағалауы үш түрлі мемлекет моделін туғызды. Бірінші, нақты-саяси модельдегі мемлекет. Бұлар Шығыстың теократиялық елдері. Бірақ, бұлардың жабық мемлекеттілікті сақтап қалу мүмкіндігі жаһандану процесі тереңдеген азая түсетін сияқты. Ерекшеліктері: егемендікті негізгі фактор деп түсінеді. Адам құқы бұл елдерде мемлекеттік сот жүйесінің шаруасы. Халықаралық және үкіметтік емес ұйымдар кеңес берушінің қызметін ғана атқара алады. Екінші, мемлекеттің интернационалдық модельі. Мұнда адам құқын қорғауда мемлекет басты роль атқарады. Дегенмен, мемлекет басшылыққа адам құқының халықаралық стандарттарын алады. Мысалға, БҰҰ адам құқын қорғау комиссиясының Қытайға қарағанда Канадаға ықпалы көп. Үшінші модель - космополиттік мемлекет. Космополиттік модельді жақтайтындар барлық мемлекеттерде БҰҰ-ның адам құқын қорғайтын институттары орналасуы қажет деп санайды. Қазір, саяси режимі демократиялық принциптерге сәйкес келмейтін елдерге дүниежүзілік қауымдастық тарапынан, болмаса АҚШ пен Еуропа комиссиясы тарапынан ескертулар айтылып, саяси қысым жасалады. Тіпті экономикалық блокада тәсіліне дейін қолданылады. Бір жағынан бұған теократиялық ислам елдеріндегі халық менталитеті де кінәлі. Бәлкім бұл елдердің азаматтары өздерінің құқықтары бұзылып жатыр деп ойламайтын да шығар. Бәлкім, діни фундаментализм ықпалына түскен көпшілікке керегінің өзі сол теократиялық жүйе болуы ықтимал. Яғни, бұл жерде экономикалық немесе жалпы адамзаттық мүдделермен қатар өркениеттердің мәдени қайшылығы да бар. Сондықтан, жаһандану процесі капиталистік индустриалды қоғамның, Еуропа өркениетінің, қала берді ұлттың азаматтық тұжырымының жер бетіне таралуының көрінісі сияқты. Қазір, Шығыс елдеріне трансұлттық корпорациялардың, әлемдік қаржы рыногінің, түрлі саяси комиссиялардың қысымының, халықтың рухани-интеллектуалды потенциялының әлсіреуінің кесірінен Батыстың оларға қойған талаптарының бірқатары орындалмай келеді. Дамушы елдердің түгелге жуығы қазір өздерінің халқын баспанамен, азық-түлікпен, кәсіби біліммен қамтамасыз ете алмайды, жұрттың денсаулығын жақсартуға мүмкіндіктері аз. Кенже қалған елдердің барлығының да қарыздарын қайтарып, бюджет тапшылығын жоюға жағдайлары жоқ. Дамушы елдердің түгелге жуығы өз экономикасының инфрақұрылымын жаңартуға шамасы келмейді. Көптеген Азия, Африка, Күнгей Америка елдері өз іштеріндегі билікке күш, қару қолдану арқылы ықпал етуге тырысатын топтарды ауыздықтауға құзырлары жетпей жатыр. Қазір әлемдегі барлық мемлекеттер ақшаның, жұмыс күшінің, материалды және рухани құндылықтардың ел аралық қозғалысын қадағалай алмайды. Осындай әлеуметтік қиыншылықтардан бұл елдер әлемдік нарықтың кез-келген түкпірін қадағалап отырған Батыс өркениетінің ықпалымен, өзара тиімді жағдайда ынтымақтаса отырып қана шыға алады. Егер дамушы елдер Батыс корпорацияларына және мамандарына есікті айқара ашпаса әлемдік нарық постиндустриалды мемлекеттерге ғана қызмет етуі мүмкін.
Дегенмен, Батыс елдерінің өздері де алдыңғы бөлімде айтып өткендей проблемасыз емес. Олардың ең басты қиыншылығы - қол еңбегін білім мен капиталдың алмастыруы. Еңбек рыногінен босап қалған адамдар өздерінің әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмау қатері бар. Еуропа Одағы елдері соңғы 20 жылда 50-70 пайызға байыды. Экономиканың өсу қарқыны халық санының өсімін он орайтын жағдайда болды. Бірақ, сонда да Еуропа Одағы елдерінде бүгінде 20 миллион жұмыссыздар, 15 миллион кедей адамдар, 5 миллион үйсіз-күйсіз кезбелер бар. АҚШ-та соңғы жылдары жиылған байлық бүкіл халықтың 10-ақ пайызының арасында бөлінген. Бұл 10 пайыз адамдар байлықтың 96 пайызын жамбасқа басқан да, қалған ел 4 пайызын місе тұтқан. Еуропада да жағдай осындай. Мысалға, Германияда 1979 жылдан бері кәсіпорындардың түсімі 90 пайызға өскен, бірақ жалақы 6 пайызға ғана көбейді. Осыған қарамастан адамдардың жеке пайдасынан, яғни айлығынан алынатын салық екі есеге өсті, ірі корпорациялардың төлейтін салықтары керісінше азайды. Және ірі концерндер дамушы елдерге көшіп жатыр. Олар ол жақта да салықты төмен мөлшерде төлейді. Нәтижесінде дамыған елдерде де, дамушы елдерде де шағын және орта бизнес пен табысы әлі көбеймей келе жатқан жеке адамдар трансұлттық корпорациялардың мүддесіне ыңғайланып құрылған тиімсіз салық жүйесінің салмағына жаншылып, болашақта да ауыр салықты төлеп отыра бермек. Ал, жаңағы әлемдік рынок барлық жағдайын жасап берген ірі концерндер байлыққа кенеле бермек. Құдды бір тарихтың әжуа-тәлкегіне ұқсайтын мынадай жүйе қалыптасып келеді: жаһандану процесінде ұтылатын қарапайым халық сол мемлекеттің барлық әлеуметтік қызметіне керекті қаражатты мол салық төлеу арқылы беріп отыр. Ал, жаһанданудың тетіктерін пайдаланып байып жатқан ірі корпорациялар демократияның, яғни халыққа қызмет көрсететін мемлекеттің қоржынына қаражат салмайтын болды. Өте бай концерннің менеджерлері, мысалға, салықты аз салатын Үндістанға офистерін көшіріп, бірақ баласын халық берген салық арқылы жұмыс істейтін Еуропа университеттерінде оқытады. Бұл бала күтімі мен дамуына қыруар қаражат кететін қымбат театрларға барады, таза көшелер мен саябақтарда жүреді, жақсы жабдықталған аудиторияларда білім алады. Ал, сол саябақтар мен театрды мемлекетке салық төлеу арқылы қаржыландырып отырғандар - табысы көбеймейтін, тіпті қол еңбегін капитал мен технология алмастырған соң жұмыссыз қалып, кедейленіп бара жатқан қарапайым халық, қатардағы азаматтар. Шығыс елдерінде де осы жағдай орнап келеді. Онсыз да дамымай жатқан отандық өндіріс салықтың астында жаншылып отыр да, өзінің мүддесін ғана ойлайтын трансұлттық қаржы ұйымдары мен шетелдік ірі корпорациялар аз мөлшерде салық төлеп отыр. Осының кесірінен мемлекеттер өздерінің әлеуметтік қызметтерін толық атқара алмайтын, халықтың әжептәуір бөлігі, 20-30 пайызы еңбексіз, жұмыссыз қалатын заманға жақындап келеміз.
Дамушы елдерде халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлап, рухани-интеллектуалдық тұрғыда құлдырауы мәдени-этникалық жікшілдікке ұласып, қарулы қақтығыстарға шиеленісуде. Осы жағдайда кенже қалған елдердің алдында жаһанданудың саяси-экономикалық талаптарына (демократия, ашық қоғам принциптерін қабылдау) бейімделумен қатар, оның антиәлеуметтік мәдени ықпалымен күресу, бейбітшілік құндылықтарын анықтау, сол символдар мен құндылықтарды жұрт санасына сіңіру, яғни өз халықтарының мәдени бірлігін нығайту міндеті тұр. Ендігі заманда бұл мемлекеттердің толыққанды егеменді елге айналуы олардың осы міндеттерді шешуіне байланысты болып тұр. Егер дамушы мемлекеттер аталған міндеттерді дұрыс атқара алмаса, саяси еркі, экономикалық дербестігі жоқ, егемендігі күмәнді құрылымдарға айналады. Және бұл процесстің тамыры тереңге кететін түрі бар. Біз дамушы елдердің өзінің саяси тұрақтылығы мен егемендігін сақтау үшін жаһанданудың талаптарына бейімделе отырып, қандай қимылдарға баруы керектігі жөніндегі стратегиялық сұрақтарға жауап іздемейміз. Біз тақырыпқа қатысты - Қазақстанның көп ұлтты халқының мәдени тұтастығын жаһандану жағдайында сақтау, ұлтаралық өркениеттік қайшылықтар мен қақтығыстарға жол бермеудің амалдарын қарастырамыз. Сол амалдарды анықтау барысында біз осыған дейін анықталған жаһандану үрдісінің заңдылықтары мен ұлт ұғымының конструктивистік жене примордиалистік концепцияларына сүйенеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет