Өзін-өзі тексеру сұрақтары
Қазақ этнопедагогикасының өзіндік ерекшеліктері қандай?
Қазақтың халықтық педагогикасының қайнар көздерін ата.
Қазақтың халықтық педагогикасының мазмұны қандай?
Қазақтың халықтық педагогикасының ұстанымдары қандай?
Қазақ этнопедагогикасының көздеріне не жатады?
Халықтық педагогикада ұрпақтар сабақтастығы қандай рөл атқарады?
Халық педагогикасының тарихи тәрбиелік мәні қандай?
Дәріс №6. Дәрістің атауы. Этномәдениет – этнопедагогика негізі ретінде. (1сағат. 6 апата)
1 Этникалық мәдениет және білім. Этномәдени білім туралы түсінік. Білімнің мәдени сәйкестілігі.
2 Қазақстанда этномәдени қызығушылықтарды жүзеге асыру. Этномәдени білімді іске асыру ұстанымдары. Мәдениетаралық толеранттылық. Полиэтникалық білімдік орта.
1.Этномәдени білім туралы түсінік. Қазіргі қоғам мен адамзат дамуының интенсивті жаһандық даму кезеңіндегі өзекті мәселелердің бірі этномәдени тұлға тәрбиесі. Еліміз егемендік алған кезеңдегі білім-тәрбие саласындағы қазақстандық мектеп моделін жасау белгісі және елімізге сай азамат тәрбиесі туралы Білім Заңында “Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау” – деп жазылған. Білімнің құндылығы туралы халықтық педагогикада, соңғы кезде этнопедагогикада көп мәліметтер бар.Соның ішінде ХVII ғасырда өмір сүрген мұсылмандарың алғашқы төрт халифасының бірі Әзірет Әліге «Білім артық па, байлық артық па?» деген сұрақ қойғанда , білімнің артықшылығы жайлы он дәлелмен былай жауап қайтарған екен: 1.Білім артық, өйткені ол Пайғамбардан қалған мирас, байлық- бақылдардан қалған мұра.2. .Білім артық,,өйткені ол сені бағады, байлықты сен бағасын. 3. .Білім досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды көбейтеді.4. Білім іздей берсең, көбейеді, оны жұмсағанмен азаймайды. Байлық- жұмсасаң азаяды, білімнің артық болатыны осыдан.5. Білім артық, оны ұрыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді ұрылардан күнде қорғау керек.6. Білімің көп болса, сені құрметтейді, байлығың көп болса, қызғанады, білімнің артық болатыны сол. 7. Білім артық, білімің көп болғанымен есеп-қисап жүргізбейсің, байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп отыруың керек. 8. Білім қанша көп болса да, іріп-шіріп бүлінбейді, дүние- мал бүлінеді.Сондықтан, білім артық. 9. Білім артық, ол жаныңды байытады.Байлық жан-дүниеңді шектейді,өзіңді тура жолдан тайдыруы мүмкін. 10. Білімді адам орнымен сөйлейді, мәдениеті артады.Байлығы мол адам оған мас болып, мақтанады,астамшылық көрсетеді, сондықтан білім артық.
Қазақстан Республикасы “Этномәдени білім беру тұжырымдамасында” жас ұрпақты ұлттық құндылықтар арқылы ұлтжанды етіп тәрбиелеу қажеттігі ерекше атап көрсетілсе, “Білім туралы” Заңда “Білім беру мекемелерінде тәрбиелік бағдармалар этномәдени элементтермен толықтырылады”,- деп нақты анықталған. Оқушыларға этномәдени білім берудің теориялық негіздері, этномәдени білім берудің жайы мен практикасы, оларға этномәдени білім беруді жүзеге асырудың жолдары Ж.Наурызбайдың “Ұлттық мектептің ұлы мұраты” және “Этномәдени білім” атты еңбектерінде көрініс тапқан. Қазақ мектептерінде оқушыларға этномәдени білім берудің мазмұнын қазақ этнографиясы, қазақ этнологиясы, қазақ этнофилософиясы, қазақ тарихы, қазақ этнопедагогикасы ғылымдары құрайды. Ал бұл ұлттық ғылымдар туралы әдебиеттер соңғы 10 шақты жылда ғана шыға бастады. Мысалы, А.Қасабеков пен Ж.Алтаевтың “Қазақ философиясы”; Ж.Артықбаевтың “Қазақ этнографиясы”; “Этнология және этнографиясы”; С.Қасимановтың “Қазақ халқының қол өнері”; Х.Арғынбаевтың “Қазақ отбасы”; ал ғалым- педагогтарымыз Қ.Жарықбаев пен С.Қалиевтің “Қазақ тәлім-тәрбиесі”; С.Қалиевтің “Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы”; Ә.Табылдиевтың “Қазақ этнопедагогикасы”; З.Әбілованың “Этнопедагогика оқулығы”, т.б. еңбектер жарық көрді. Этникалық – мәдени білімнің негізгі бөлігі – оқыту. Оқушылардың бірнеше тіл үйренуге деген қызығушылығын арттыру бүгінгі мектептің көкейкесті мәселесі болып тұр.Осы ретте біздің еліміздегі көп тілді тұлғаны тәрбиелеудегі қазақ– түрік лицейлерінің тәжірибесін келтіруге болады. Шет тілдерін үйренудің негізі жетінші сыныпта қаланады. Ол үшін оқушының тілді тез әрі терең меңгеруі үшін материалдық-техникалық жағдайлар жасалған. Тіл үйрету үрдісі тіл дамыту, практикум, грамматикалық болып үш топқа бөлінеді.
2 Қазақстанда этномәдени қызығушылықтарды жүзеге асыру. Этномәдени білімді іске асыру ұстанымдары. Мәдениетаралық толеранттылық. Полиэтникалық білімдік орта.
Қазақстан халқының этномәдени қызығушылын жүзеге асыру. Қазақстан Республикасы барлық халықтардың мәдени мұраларын сақтап, қорғайды, мәдениеттердің теңдігін және әрбір халықтың өз мәдени ерекшелігін орнықтыру, сақтау және дамыту құқығын қамтамасыз етеді. Кез келген ұлттық мәдениеттің міндеті – байланыстарды үзбей, қайта оларды кеңістік пен уақыт тұрғысынан кеңейту, өркендетіп дамуы” деп жазылған. Осыдан мәдениет деген ұғымның ауқымы, өте кең деп айтуға болады. Оған рухани түсініктер ғана емес, адамзат қолымен жаратқан заттай айғақтар да кіреді. Осыдан болар, мәдениетті материалдық (құрал-жабдық, үй-жай, киім-кешек, көлік т.б.) және рухани (таным-түсінік, әдет-ғұрып, тәрбие, өнер, ғылым-білім, оқу-ағарту, саясат, этика, эстетика, әдебиет, өнер, дін, философиялық құқық т.б.) деп жіктеу де орын алып келеді. Қазақстанға әр жылдарда 800 мыңға таяу немістер, 18,5 мың корей отбасы, 102 мың поляк, Солтүстік Кавказ халықтарының 507 мың өкілдері зорлықпен көшірілді. Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен басқа да халықтардың өкілдері Қазақстанға өз еркімен келген жоқ. Халықтардың күштеп көшірудің салдарынан республика халқы 1 миллион 500 мың адамға көбейді. Соғыс кезінде Қазақстанға 350 мың адам көшірілді. Тыңға 1,5 миллион адам келді, ал жабық әскери нысандар мұның үстіне 150 мың адамды қабылдады. Осының бәрі басқа ведомстволардың (мекемелердің) жұмыс күшін “ұйымдастырып жинауы” мен республикамызға өз бетімен көшіп келгендерді есептемегеннің өзінде осындай сипат алды. Соның нәтижесінде ғасырдың басынан бері ғана Қазақстанға 5 миллион 600 мың адам көшіріліп қондырылды, соның ішінде жер аударылғандар мен көшірілгендерді есептемегенде, 3,5 миллион адам соңғы 40-50 жылдың ішінде келді. Екінші жағынан алғанда, сталиндік қылмысты коллективтендірудің қасіретті салдарынан бір жарым миллионға таяу қазақтар қаза тапты. 1930-1932 жылдары 1,3 миллион қазақ КСРО-дан шет елдерге оралмастан көшіп кетті. Қазақстан халықтары үшін жаппай жазалау саясатының қасіретті сипатын көрсететін екі деректі келтірейін. 1930 жылы республикада 5 миллион 873 мың адам тұратын. Сонша адам осында көшірілді. Ал 1933 жылға қарай халықтың саны 2 миллион 493 мың адамға кеміп кетті. Бүгінгі таңда республикада бірнеше ұлт тілінде газет шығарылады. Телестудиялар Қазақстан халықтарының 12 тілінде және радиостанциялар 6 тілінде хабар береді. Мұның өзі ұлттың өзін-өзі көрсетуі мен өркендеуінің ақпараттық кеңістігін құру үшін салиқалы негіз болып табылады. Сондай-ақ, ұлттық балабақшалар, мектептер ашылуда. Республикада мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінде 7 ана тілінде 426 мың, ал жалпы білім беретін мектептерде – 3 миллионнан аса бала оқытылып, тәрбиеленеді. Аз ұлт өкілдерінің 106 мың баласы өз ана тілін дербес пән ретінде оқып үйренеді. Павлодарлықтардың ізгі де пайдалы бастамасын атап көрсетуге болады. Мұнда 500 оқушыға арналған ұлттық жаңғыру мектебі ашылған, онда оқу және тәрбие беру ісі этностық топтардың 9 тілінде жүргізіледі. Осының бәрі 90 жылдардың бас кезінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың республиканың барлық ұлттық мәдени қозғалыстарын бір ұйымға – Қазақстан халықтары Ассамблеясына біріктіру туралы идея айтқан болатын. Бұл алдымен алғы шарты жасалып, кейін Кеңес Одағы құлаған қиын-қыстау жылдар еді. Этномәдени тұлғаны тәрбиелеуді жетілдіруде ескеретін мәселелер: Ұлттық этнопедагогикаға негізделіп оқу-тәрбие моделін құрушы әрбір ұжым мен педагогтың тәрбие бағдарламасының ұстанымдарын басшылыққа алу. Ұлттық мектептерде этномәдени тәрбие мазмұнының тек қолданбалы білім аясында тұйықталып қалмауы, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып жалпы адамзаттық құндылықтарға талпындыру, іздену мен шығармашылыққа бағыттау.
Әрбір мәдениетті, білімді адам өзінің кәсіптік, дүниетанымдық деңгейін ұлттық мәдениетпен ұштастыра білуге міндетті. Мәдениетті болу үшін білімді болу – міндет. Білімді болғанмен ұлттық мәдениетті игермеген болса, ондай тұлға алдында «мәңгүрт», мәдениетсіз болып көрінеді де, халықтың наразылығына ұшырайды. Кәсіптік-мұрагерлік әдеп (мәдениет) сақталған жерде дамыған дарынның мәдени жемістері көрінеді.
Мектептегі, жоғары оқу орындарындағы ұжымдық, әдептілік дәстүрлері де этнопедагогиканың мәдениеттаныммен сабақтастығын көрсетеді. Яғни, этнопедагогика пәні – ұлттық мәдениеттің бейнесін көрсететін және сол ұлттық мәдениеттің мәнін түсіндіріп, іс-әрекетте қолданыстарын үйрететін пән.
Ұлттық (этнопедагогикалық) ойлар тарихында Қорқыт ата (VIII-IX ғғ.) «өлмейтін өмір кілті өнерде» деп, мәдениеттің негізгі саласын мәңгі дамытып, ұлттық мәдениетті арттыра беруді уағыздады.
Әлемнің Екінші ұстазы атанған ғұлама Әл Фараби (870-950 жж.) ұлттық мәдениет жеке адамның мінез-құлқынан басталатынын дәлелдеп, мінез әдеттен бастау алып , «абзал әрекет» инабатты (мәдениетті) мінез-құлықты қалыптастыратынын айтады. Білімді адам тәрбиелі (мәдениетті) болу керек дейді. «Тәрбиесіз» (мәдениетсіз) білім адамзаттың қас жауына айналады» дейді. «Қайырымды қала» мәдениетін арттыратын негізгі мәселелер - білім, өнер, әдебиет (поэзия), музыка деп көрсетеді.
Нағыз ұстаз аталған Жүсіп Баласағұни адам мәдениетінің негізгі екі тегі бар: бірі – тіл, бірі – діл деп көрсетіп, тіл мәдениетінің мәні зор екенін, егер ол мәдениетті игере алмасаңыз «басқа пәле – тілден» деп көрсетеді. Отбасындағы мәдениет ата-ананы сыйлаудан басталатынын дәлелдейді. Елді мәдени кемелденту үшін ұлттық білім беру жұмысының мемлекеттік дәрежеде жүргізілуі қажет екенін айтады.
Қазақ халқының ұлы педагогы Ыбырай Алтынсарин ұлттық мәдениетті дамытудың негізгі құралы – оқу, мектеп ашу (елге білім беру) деп, ауылдық, болыстық мектептер ашып, қыздар училищелерін, мұғалімдер семинарияларын ұйымдастырды.
Абай дана «ғылым таппай, баптанба, өнер таппай мақтанба» деп, ұлттық мәдениетті дамытудың түп негізі – білімде, өнерде деп көрсетті. Ол үшін «өткірдің жүзі, кестенің бізі» сала алмаған өрнекті сөзбен өрнектейтін ана тілін қадірлеу қажет екенін айтып, бес нәрседен қашық болуды, бес нәрсеге асық болуды уағыздайды.
Ұлттық мәдениеттің болмысы этнопедагогика ғылымында айқын көрінеді. Этнопедагогика пәнін оқытудың негізгі бір мақсаты – ұлттық мәдени мұралардың болмысын айқындап көрсетумен қатар, сол ұлттық мәдениетті дамытудың қозғаушы күштерін дәлелдеп, оның тәрбиелік қолданылмалы тәсілдерін бағдарлап көрсете білу болып табылады.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары
1.Этникалық мәдениет дегеніміз не?
2.Этномәдени білім туралы түсінік.
3.Қазақстандағы этномәдениеттің қалыптасуы.
4.Этномәдени білім ұғымының мәнін анықтаңыз.
5.Қазақстан халқының Ассамблеясының негізгі міндеттері туралы не білесіз?
6.Ғалым-зерттеуші Ж.Наурызбайдың ұлттық білім туралы көзқарасы қандай?
Достарыңызбен бөлісу: |