Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
мұндай адамдар сайланып тұратын, өздерінің алдында жауапты
болуға тиіс демократиялық басқаруға ыңғайлырақ болуы керек.
Солтүстік Америкада тап осылай болды.
Сонымен, Тойнбидің айтқанына керісінше көшпенділер алғашқы
тым тұрпайы қалпында мәңгілік қалмаған екен. Олар халықтарды
құрап мемлекеттер құрды. Кейінірек тіпті империялар құрды.
Түріктер дүниесі болса, өзіндік жазуын да түзді. Мемлекет, әсіресе
империялық мемлекет жазу-сызусыз бола алмайды. Әлеуметтік
жіктелулер көріне бастады. Ендеше даму мен жасампаздық бұларда
да болды. Көшпенділер қоғамы басқа өркениеттерден томаға тұйық
болған жоқ, қайта Батыс пен Шығыстың арасында көп жағдайда
дәнекерлік рөл атқарды. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-рухани
байланыстар да болды. Мұның барлығы қазіргі тарихта даусыз
дәлелденген фактілер. Көшпенділер сол кездің өзінде дүниежүзілік
еңбек бөлісті өздеріне тән белгілі бір қызметпен толықтырды десек те
болады. Саяси салада көшпенділер империялары Еуропаның орасан
үстемдік пен зорлыққа құрылған Византия империясын күйретіп,
Рим империясының әлсіреуіне үлес қосты.
Екінші жағынан философия және саясаттану институты ғалым-
дарының бір тобының еңбегіндегі талдаулар бойынша даму қоғамда
болсын, табиғатта болсын мәңгілік бола алмайды [1, 52–55 бб.].
Ал Тойнби батыста қалыптасып қалған ойлау үрдісі бойынша
дамуды шексіз аяқталмайтын мәңгілік процесс деуге жақын.
Мәңгілік, тоқтаусыз, таусылмайтын даму мағынасыз. Ешқашан
аяқталмайтын процесте айқындық жоқ, онда ол тек сандық көбею
немесе ұлғаю болып шығады. Онда ол ненің көбеюі екені белгісіз.
Процестің сапалық айқындығы жоқ болса, ол даму да емес. Дамудың
логикалық мазмұнын неғұрлым толық зерттеп анықтаған. Гегель де
осыны көрсеткен. Сапалық белгісі жоқ даму болмайды.
Тойнби айтқан қазірде бар 7 өркениеттің бәрі де даму жағдайында
болса, онда олардың да оның өзінің айтуынша аяқталатын кезі болу
керек. Шпенглер де солай дейді. Әлеуметтік өмірде оның субъектілері
болып есептелетін адамдар ғана дамуы мүмкін. Әрине ол адамдар
өзінің субъектілік, өзін өзі анықтаушылық деңгейінің әр кезінде
соған сай қоғамдық түзімдер құрады. Олар сол адамдардың сыртқы
болмыстық көріну, іске асу формаларының бір түрі. Ал егер даму
шексіз болатын болса, онда ол адамдардың дамуы болып шықпайды,
ол – қанша қисынсыз көрінсе де, – дамудың дамуы болып шығады.
Даму даму үшін. Онда дамудың мақсаты адам болып шықпайды,
керісінше онда адам дамудың бір құралы ғана. Бұл философия
тарихында жаттану деп аталды.
253
IV тарау. Қазақ даласындағы еркіндік құбылысының
этникалық дүниетанымның іргетасына айналуы
Оның үстіне егер Тойнбидің түсінуінде адамның түпкі мәні
жасампаздық болса, ал оны жаңа нәрсені тудыру, жарату деп
түсінсек, ол тек адамға ғана тән нәрсе емес, табиғи процестерде де
бар, ондада жаңа нәрселердің туып жататынын білеміз. Олай болса,
жаратымпаздық тек адамдардың өзіндік мәні бола алмайды.
Ал егер адамға ғана тән нәрсені айтсақ, ол әрине, еркіндік деп
көрсетіледі, – аталмыш еңбек авторлары [1, 52 б.]. Бірақ адамға ғана
тән еркіндік – олардың өз өмір жолын, өмір сүруінің түпкі мағынасын,
мақсатын өздерінің таңдап, өздерінің ғана шеше алуға мүмкіндігі.
Ол мүмкіндікті әркімнің өзі іске асыруы да, асырмауы да мүмкін.
Яғни, ол бұлтартпайтын қажеттілік емес. Осы тұрғыдан қарағанда
адамдардың ондай таңдаулары барлық уақытта дұрыс, ақиқат таңдау
болады дегенді білдірмейді. Таңдаулар сыртқы бір бұлтартпайтын
Заңның күшімен болмайтындықтан екінің бірінде мағыналы нәрсе
бола бермейді. Даму да, жасампаздық та тек еркіндіктің белгісі
ретінде тек адамдарға ғана тән. Және ол таңдау болғандықтан
мүмкіндік дәрежесінде айтылып отырған концепциядан шығатындай
белгілі бір халықтың немесе мәдениеттің деңгейін, қалпын ондағы
еркіндіктің қаншалықты берік орныққандығымен, түпкі құндылық
деп саналатындығымен, оның сақталу мүмкіндігімен, оның
толықтығымен өлшеу қажет дегенді қолдаймыз.
Көшпенді қазақ қоғамы, әрине, техниканы, ғылым мен білімді,
әртүрлі әлеуметтік институттарды дамыту, яғни күштілік пен әлеу-
меттілікті үдетуде тоқырап қалды. Соның нәтижесінде ол жағынан
ілгерілеп кеткен, қарулардың барлығымен жарақтанған халықтар мен
мәдениеттерге тәуелділікке душарланды. Дербестіктен айырылып,
даму мүмкіндіктерін жоғалтты. Себебі, өз жолын өзі таңдаудан қалды.
Көшпенділер мешеулік қалыпқа түсті. Бірақ, Тойнби айтқандай олар
өздерінің адамдық мәнін тәрік еткен жоқ. Олар еркін өмірінің ең
алғашқы қарапайым қалпына тым берік болып қалды. Сол үшін де
жер бетінен алаңсыз жоқ болып кетуге жақындады. Көшпелі қазақтар
еркіндікті сақтау, дамыту, толыстыру үшін оны қаруландыру керек
екендігін ескермеді. Бұл, әрине, үлкен кемшілік, бірақ адамдықтан
айну емес. Зерденің қуатымен, оның жетістіктерімен қаруланған адам,
әрине, күшті бола алады, бірақ барлық уақытта қайырымды бола
бермейді. Қуаттылықтың адамдықтың өлшемі бола алмайтындығын
талай ойшылдар көптен айтып келеді.
Осы айтылған сарындағы ой кешулер Батыс, оның ішінде әсіресе
Еуропа ойшылдарында ІІ-дүниежүзілік соғыстан кейін, ХХ ғасырдың
2-жартысында басымдық алды. Оған түрткі болған сол әлемдік
трагедияның ащы сабақтары.
254
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
Байырғы түріктердің, олардың ішінде көшпенділікті ұзағырақ
сақтап қалған қазіргі ұрпақтарының қатарындағы қазақтарда –
қаншалықты күрделі өзгерістерді бастан кешірсе де – ғаламтанымдық,
дүниені бір өзіндік өзгеше күйде сезінушілік белгілі дәрежеде
сақталып қалды деуге негіз бар. Ол халықтың өзіндік өзгешелеу
этикалық-психологиялық пішіні. Әрине соңғы мыңжылдықта болған
терең өзгерістер: империялық түрік мемлекеттерінің құрылуы,
исламның түрік дүниесіне еніп, таралуы, Ресей испериясының
Қазақстанды отарлауы, Кеңестік тоталитарлық тәртіп осы психоло-
гиялық пішінді айтарлықтай өзгертті. Бірақ сонда да болса, халықтың
о бастағы психологиялық келбетін олардың қазіргі ұрпақтарының
жан дүниесінен алаңсыз өшіріп тастай алмаған. Бұл неде көрінеді
деуге болады?
Белгілі бір мағынада ол ұлттық мінез-құлықта көрінеді дейді
көптеген зерттеушілер. Мысалы, И. Кант «Прагматикалық тұрғыдағы
антропология» деген еңбегінде осы ойға бейім. Бұл туралы оның
өзіне сөз берсек: «Халықтың мінезі биліктің формасына тәуелді деген
пікір – бұл ешқандай негізі жоқ және ештеңені түсіндірмейтін пікір:
шындығында сол билік түрі өзінің ерекше сипатын қайдан алды екен?
– Климат пен топырақ та мұның сырын аша алмайды: халықтардың
тұтастай көшіп-қонуы сол халықтардың өз мінезін мүлдем өзгертпей,
тек қана оны жаңа жағдайға бейімдеуге тырысатындығын, және де
сол жағдайда олардың тілінде, өмір салтында, тіпті киім киісінде де
әлде де болса олардың шыққан тегінің ізі байқалып, демек, олардың
мінезі де көрініп тұрғандығын дәлелдеп берді», – [5, 182 б.] дейді.
Бұл туралы саналуан пікірлердің бәрі тізіп жатпай-ақ И. Канттың
осы көзқарасы шындыққа неғұрлым жақын деп танитынымызбен
шектелеміз. Осы тұрғыдан Қазақстан азаматтарының көпшілігін
құрап отырған, бұрынғы көшпенділердің ұрпағы қазақтардың мінез-
құлқының ерекшеліктері қандай деген сұраққа тоқталған жөн деп
санаймыз. Себебі елімізде азаматтық демократиялық қоғам құруда
олардың ғаламтанымдық көңіл күй ауаны шешуші рөл атқарады.
Бірінші белгі ретінде қазіргі қазақтардың өзінде де бар қарым-
қатынасқа ашықтық деуге болар. Бұл қасиет басқа халықтар мен
этностар өкілдерінде де болады десекте, қазақтарға ерекше тән деуге
негіз бар сияқты. Бұл жерде ол ашықтықты тек қонақжайлылықпен
шектеуге болмайды. Әрине, номадтардың қазіргі ұрпақтарында
жоғарыда айтылған терең тарихи өзгерістер өз табын қалдырды:
олардың ішінде томаға-тұйықтық, қулық, тым ашыла беруден
қаймығу, сақтық та бар, бірақ сонда да болса көпшілік жағдайда
осы ерекшелік оларда көзге анығырақ түсетін белгі. Тіпті өзінің
255
IV тарау. Қазақ даласындағы еркіндік құбылысының
этникалық дүниетанымның іргетасына айналуы
шын пиғылдарын бүркемелегісі келетіндердің сондай әрекеттері
одағайлау болып шығады деуге болады.
Шын пиғылдарын екі қабат, кейде тіпті үш қабат бүркеніштер-
мен жаба білетін мамандарды деспотиялық, тирандық жүйелерде
табуға болады. Ал оларда да негізінде біршама көп адамдарды
қамтитын шенеуніктер арасында кездеседі. Ал номадтар қоғамында
нағыз тирандық билеу болмағандықтан мемлекет қалың бұқарадан
толық ажырап, бөлектеніп кеткен жоқ. Сондықтан тікелей ресми
мемлекеттік істермен ғана айналысып жүретін біршама үлкен
топ құралмайды. Ресейлік отарлауға душар болмай тұрған кездегі
қазақ хандықтарында тұрақты соғыс ісіне үйретілген арнайы әскер,
ішкі әскери бөлімдер, полиция, жандармерия, барлау органдары
болған емес. Соңғыларының алғашқы нышандары ғана болды десек
те болады. Соғыс болған жағдайда әрбір соған жарайтын еркек ру-
тайпалардан өздері жарақталып аттанатын болған. Яғни мемлекет
басында тұрғандар да өз халқына қарсы қоятын қарулы күш жоқ
және ондай пиғылдың болуы да мүмкін емес еді.
Билік қатынастар әлдеқайда қарапайым әрі ашық қоғамда,
мысалы ежелгі грек қала мемлекеттеріндегі сияқты, көшпенділердің
қоғамында да әрбір ересек адам, әсіресе, ер адамдар билеу істеріне
белгілі деңгейде қатысты. Мемлекеттік істер қалың бұқараға
таралған. Мұндай қоғамда қулықтар мен пиғылын жасырушылыққа
екі жүзділіктерге деген қажеттілік адамдардың көп тараптарын
қамти алмайды. Оған әлеуметтік үлкен мұқтаждық жоқ. Билік жеке
бір топтар мен әсіресе жеке бір қолға алаңсыз берілмеген. Билікке
халықтың ықпалы әлі де болса үлкен.
Көшпенділер қоғамының да осы алғашқы тарихи кезеңдерінен
біз білетін фактілердің өзі де барлық халықтардың да байырғы
қоғамдасуы тек демократиялық формада болғандығын көрсетеді.
Демократияны халық билігі деп түсінсек, онда алғашқы қарапайым
қауымдастықтарда тек халық билігі болуы мүмкін. Биліктің
деспотиялық, тирандық түрлерінің орнығуына ол кезде әлі жағдай
жоқ [1, 42 б.]. Әрине алғашқы демократиялық құрылым сол қоғамның
өзімен бара-бар тым қарапайым, онда кейінгі Жаңа дәуірдегі
демократиялық мемлекеттердегідей институттар (заң шығарушы,
атқарушы, сот биліктер) әлі ажырамаған, жіктелмеген. Халықтан
бөлектенген қарулы күштер жоқ, көшпенділерде де осылай.
Әлеуметтік жүйенің осындай қарапайымдылығы мемлекет
пайда болған, тіпті кейін түріктердің империялары құрылған
кездерінде де толығымен жойылмаған. Олардың да ішкі құрылы-
мында рулық-тайпалық жіктелу әлі басым еді. Ғұндар мен көк
256
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
түріктер империяларында солай болды. Ал Осман империясы
әлдеқайда басқаша. А. Тойнбидің суреттеуіне қарағанда Османдар
қоғам құрылысы басқа ешбір өркениеттерде кездеспейтін айрықша
өзгешелікте болса керек. Ғұндар мен көк түріктер империялары
деспотиялық, тирандық сипатта болмаған. Мемлекеттің ішкі тәртібі
рулар мен тайпалардың қалыптасқан әдет-ғұрыптарымен реттелген.
Әдет-ғұрып, салттар құқықтық ғылымдарда «әдеттік құқық» деп
аталатыны осыдан. Олар өз кезіндегі жазылмаған заңдар. Халықтың
өзін өзі басқару нормалары. Сондықтан олар сырттан таңылған
тәртіп ретінде қабылданбайды. Осылардың бәрі ол мемлекеттердің
әлі адамдардың қарсы тұрған немесе олардың үстіндегі өктем күш
емес. Қауым мүшелерінің біріккен ырқы олардан жаттанған жау
күштей болып тұрған жоқ.
Бұл жүйенің ашықтығы, мөлдірлігі және оның мүшелерінің
дербестігі айқын факт, бірақ сонда да болса архаикалық қауымды
еуропалық зерттеушілердің көпшілігінің еңбектері оны тым
жабайы етіп бағалауларға толы. Тойнби де соған мысал бола
алады: көшпенділер тағылар, мәдениеттен мақрұм, надан т. т.
Оларға іш тартып жазатындардың өзі де өзінің биік тұрғысынан бір
мүсіркегендей көңіл күй байқатады. Тойнбидің өзінің айтуынша,
ең өркениетті деп аталатын елдерде де халықтың басым көпшілігі
сол баяғы жабайылық қалыпта. Оны ХХ ғасырдағы фашизм мен
тоталитарлық тәртіптердің жойқын қырғындары жақсы көрсетті.
Осындай қырғындарға жан-тәнімен қатысып, тіпті ләззәт алып
жүрушілерге қарағанда кез келген адамдық жағынан олардан шексіз
биік. Егер прогресс бар болатын болса, ол тек адамгершіліктің
прогресі бола алады деген орыс ойшылы В. Соловьевтің қағидасы,
әрине, бірден бір дұрыс.
Екінші белгі. Өз қоғамындағы кезінде шешілуге тиіс мәселелерге
қатысты әрбір қоғам мүшесінің дербестігі, басқа біреуге және
мемлекетке басыбайлылығының жоқтығы оны әлдеқайда тәуелсіз
етеді. Осы дербестікті көшпенді қоғам мүшесінің екінші ерекшелігі
деу керек. Әркімнің өз руы ішінде оның басқалармен тең мүшесі
ретінде қаралуы, сырттан келген бір зорлық болса, оны бүкіл ру
болып қолдап, қорғауға тиіс болғаны оның қоғамдағы орны мен
қауіпсіздігінің кепілі болса, ол әрине, құлдар мен басыбайлы, жермен
бірге немесе жеке-дара сатылып, не бөтендендіріліп жіберілетін
адамдардан тіпті бөлек етеді. Бұл жерде адамдар арасында ешқандай
теңсіздіктің нышаны да жоқ деп отырған жоқпыз. Онда зорлық-
зомбылықтар да теңсіздік те бар. Бірақ, мәселе ондайлар сол қоғам
ішінде заңды нәрсе деп қабылданбайтындығында. Ондай іс-әрекеттер
257
IV тарау. Қазақ даласындағы еркіндік құбылысының
этникалық дүниетанымның іргетасына айналуы
қоғамдағы әділеттілік деп саналып, бекіген нормалардан аттау,
аяққа басу деп қаралады. Өзіне қарсылық туғызады. Ал құлдық пен
басыбайлылық, бір адамның екінші біреудің меншігі болуы, мүлік
ретінде сатылып, сатып алынатындығы бекіген қоғамда ол заңды,
әділетті деп, қоғамның, мемлекеттің күшімен қорғалып отырады.
Аристотельдің өзі де «...кімде-кім табиғатынан өзі өзіне емес,
басқаға тиісті болып және соның өзінде адам болатын болса, ол
табиғатынан құл...», – [6, 317 б.] дейді. Тіпті осындай ұлы ойшылдың
өзі қоғамындағы жеке-дара факт емес, тұтас институт болып
қалыптасқан жағдайды табиғаттың бұлтартпас заңындай көріп, әрі
оны әділетті деп отыр.
Көшпенділік қауымдықты неғұрлым ұзақ тарих жолында белгілі
дәрежеде сақтап келген қазақтарда кейінгі отаршылдық пен кеңестік
тоталитарлық жүйе осы ерекшелікті басып жаншыды. Бірақ, оны
алаңсыз олардың жан-дүниесінен, мінез-құлқынан жойып жібере
алған жоқ. Ондай жойып жіберу жоғарыда айтылған Канттың,
әсіресе, Руссоның айтуынша тіпті мүмкін емес, оны жойып жіберу
үшін адамның өзін жойып жіберу керек.
Үшінші белгі. Айтылғандардың бәрінен шығатын көшпенділердің
ұрпақтарына тән тағы бір қасиет – олардың айрықша еркіндік
сүйгіштігі. Бұл, әрине, жалпы адамзатқа тән нәрсе, бірақ көрсетілген
жағдайлардан көрінетін нәрсе – көшпенділерде оның аса терең
тұншықтырылмағандығы.
Еркіндікке деген құштарлықты тұншықтыруда кеңестік тота-
литарлық үстемдіктің орны ерекше болды. Бұл жүйе бұрынғы
үстемдіктерден өзгеше тек сырттай бағынушылықпен тынған жоқ.
Оған адамдардың жан дүниесін жаулап алу қажет еді. Халықтың
байырақ топтарына еңбекші бұқараның өшпенділігін қоздыра
отырып, тап күресі, пролетариат диктатурасы идеясын бетке
ұстап, большевиктер өздерін кедейлер мен езілгендердің үмітінің
жаршысы, досы етіп көрсетуге тырысты. Большевиктердің біразы
оған өздері де сенуші еді. Ең жарлы топтарды оған сендіре де алды.
Солардан тірек тапты.
Қазақ халқының ХХ ғасырда да көшпенділік өмірге бейім
екендігін өмір кешудің табиғи ортасының ерекшелігінен, шөлейт
далалардың ықпалынан көру тарихи-әлеуметтік ғылымдарда басым
болып келе жатыр. Бірақ, адамдардың іс-әрекетін, тарихын тек сыртқы
себептермен, мысалы табиғи жағдайлармен, соның ішінде олардың
өз тәнінің биологиялық ерекшеліктерімен түсіндіру әдістемелік
жағынан дәрменсіз екендігі белгілі. Өйткені, табиғи ландшафт және
адамдардың биологиялық табиғи қалыптары ұзақ замандарда
258
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
күрделі өзгерістерге ұшырай бермейді. Ал адамзат тарихында
болған күрделі өзгерістерді табиғи факторлармен түсіндіру мүмкін
емес. Жеке адамның дара өміріндегі ауысып жататын құндылықтық,
моральдық және әлеуметтік ұстанымдарды солардан шығару тіпті
өрескел әрекет. Сыртқы жағдайлар қаншалықты ықпал жасап
жатқанымен соларға байланысты әр адамның шешімі өзгеше. Себеп
қандай болса да, әр адам да, жалпы адамзат та соның табиғатына
сай келетін салдары емес. Себеп пен салдар логикасының адамды
түсіндіруде дәрменсіз екендігі философия тарихында көп талданған.
Көшпенділердің дүниеге өзгеше қатынасы, дүниетанымы, дүние-
ні түйсінуі, қоныстануға түпкілікті тіршілікке аса қиын Еуразия
далаларын таңдап алуы, олар үшін басқа мүмкіншіліктің қалмаған-
дығынан ғана болмаса керек. Ол себептің мәңгілік күшінде қала бере
алмайтынын түріктің көптеген тайпаларының кейінірек отырық-
шылыққа ауысқандығы да көрсете алады. Яғни, отырықшылық
тіршілік жолына өту мүмкіндіктері көшпенділердің барлығына
да бірнеше мыңжылдықтардың ішінде болып отырды. Сонда да
болса, олардың біразы сол бұрынғы тіршілік жолында қала берді.
«Көшпенді халықтар Еуразияның бүкіл аумағындағы өркениеттену
процестерінің дамуына үлкен ықпалын тигізген. Көшпенділер
өздерінің көшіп-қонуымен бытырай шашыраңқы орналасқан кеңіс-
тіктерді, континенттерді, әлемдер өркениеттерді біріктіріп, оны
әлемдік өркениет кеңістігінің бір бөлігі етіп жасады» [7, 55 б.].
Көшпеліліктің пайда болуы – белгілі бір климаттық жағдай-
лар, экологиялық ұяның (ниша) шектеулі мүмкіндіктері, табиғи
ресурстардың сол өлкеде өмір сүруші этностың алдына қоятын
табиғи талаптарына байланысты. Көшпелілік белгілі бір геофизи-
калық, табиғи-климаттық аймақтарда қалыптасады. Әдетте, бұл –
далалы, жартылай шөлейт, шөл және құрғақ далалар, тау бөктері,
тау аймақтары. Мұндай жерде көбінесе жаңбыр аз, жылдық
ылғалдың мөлшері 200–400 мм арасында ғана болады. Осындай
аймақтарға: Қазақстан, Монғолия, Жоңғария, Араб түбегі, Оңтүстік-
батыс, Оңтүстік Азиядағы шөлдер мен шөлейтті аймақтар, Африка
континенті жатады.
Біздің жорамалымыз бойынша, күнкөрушілік мұқтаждықта-
рына қосымша олардан әлдеқайда қуаттырақ негіз болған нәрсе
– көшпенділік өмір жолын, тіршіліктің еркіндеу жолына, тіршілік
кеңістігін еркінше ауыстыруға неғұрлым ыңғайлылары, неғұрлым
құштарлары, тіршілік кеңістігін шектеп, тұйықталуға неғұрлым
көнбістік таныта алмайтындары ғана қалып, сол жолда қала берген
болуы мүмкін. Олар оны саналы түрде талдап барып шешім
259
IV тарау. Қазақ даласындағы еркіндік құбылысының
этникалық дүниетанымның іргетасына айналуы
қабылдағандығынан емес, сондай өмірге өздерінің бейсаналық
деңгейіндегі құштарлығынан деуге болар. Яғни, бостандық
олардың сезімдік, түйсінулік деңгейіндегі түпкі құндылығы ретінде
басым болған болу керек. Өмірдің жайлылығынан бостандықты
артық санау адамдарда соншалықты сирек болатын жәйт емес.
Тұрмыстық жағдайларды көбіне ең қарапайым, кейде ең тұрпайы
қалыпқа дейін мәжбүр ететін шөлейт сахарасындағы әлеуметтік
бұғаулардан әлдеқайда босаң, еркіндеу өмірдің осы жағы олар үшін
көбірек тартымды болған болуы мүмкін. Шөлейт далаларда малды
көп өсіруге жағдай бар. Әрине, жұт жылдары ондай байлықтан
айырылып қалу да оңай. Бірақ ылғалды, жауынды жылдары ұшы
қиырсыз далалар өсімдікпен мол көмкерілгенде мал басы қайта
толысып, отырықшылармен сауда байланыстары жанданып, дала
байлары сәнді тұрмыстың да ләззәтін көріп жүрген. Отырықшы
халықтарда белгілі бір өңірге орныққандық қана емес, – өйткені ол
көшпенділерде де бар, – жердің белгілі бір теліміне тәуелділік пайда
болады, жерге жеке меншік пайда болып, ірі жер иеленушілер
шығып, халықтың бір бөлігі жерсізденетіні белгілі. Отырықшы
халықтардың мемлекеті тез арада-ақ деспотиялық, тирандық түс
алып келген.
Орталық Азия көшпенділерінде Еуропа мен Азияның көптеген
халықтарының тарихынан белгілі деспотиялық, тирандық басқару
формаларының терең тамыр ала алмағандығы осы айтылған ерекше-
ліктерге байланысты болса керек. Еуразия далаларында мұндай
деспотиялық Ресейдің отарына айналған, әсіресе Кеңестік тоталитар-
лық жүйе кезінде пайда болды. Бірақ, бұл жүйелер номадтар қоғамы-
ның табиғатынан, оның өзіндік өмір сүру салтынан, дүниетанымдық
ұстанымдары мен құндылықтарынан туындаған жоқ. Қоғамдық даму,
қоғамдық прогресс туралы белгілі қағидаларға сүйене отырып, ол
көзқарас көшпенділік қоғамды ең артта қалған, ең мешеу құрылым
деп қарайды. Оның себебі – техниканың дамымағандығы, материалдық
молшылықтың жоқтығы, тұрмыстың ауырлығы, мәдениеттің сан-
алуан салаларының дамымағандығы. Осы көзқарас, берілетін баға
әлемдік ауқымдағы қоғамдық санада да бекіген. Бұл айтылған кеміс-
тіктер көшпенді қоғамдық тіршілікте, әрине, бар. Тарихтың кейінгі
дәуірлерінде олардың зардабын көшпенділер тартты да, ал екінші
бір жағынан қарағанда өндіргіш күштердің қарқынды өсуін даму-
дың, прогресстің бірден-бір өлшемі немесе негізгі белгісі деп есептеу
қазіргі заманда заңды түрде күмән да туғызатыны бар. Адамзат соңғы
ғасырларда өмірдің салауаттылығын тек байлыққа бөгуде деп, соған
ұмтылушылықтың зардабын да тартуда.
260
Достарыңызбен бөлісу: |