Рефракция немесе Жарықтың сынуы — оптикалық сәуленің (жарықтың) екі ортаны бөлетін шекарадан өткен кезде таралу бағытының өзгеруі, ауа орталығында жарық сәулелерінің сынуы (үзілуі); соның салдарынан бағдарлаған заттың кәдімгі биіктігі бұрынғысынан биіктеу сияқты болып көрінеді. Түзетуді алғанда рефракция жерлік (егер сəуле жердегі заттардан келетін болса) және атмосфералық (егер сәуле жұлдыздармен Күннен' келетін болса) болып екіге бөлінеді.
Көздің жарық сәулесін сындыруының (рефракция) екі түрлі кемістігі бар: жақынжітілік (миопия) және алысжітілік (гиперметропия). Бұл кемістіктер көз алмасының қалыпсыз ұзындығына байланысты .
Жақынжітілік. Егер көздің бойлау білігі аса ұзын болса, заттардың бейнесі торлы қабықтың алдында,мөлдір шыны тәріздес денеде пайда болады. Бұл жағдайда қосарланған сәулелер торлы қабыққа жетпей түйіседі.Алыстағы нәрселерді дұрыс көру үшін, жақыннан көргіш адам көзінің алдына екі жағы ойыс әйнек орналастыруы керек, сонда көз бұршағының сәуле сындыру күші азаяды. Соның арқасында сынып өткен сәуленің (нәрселердің) бейнесін торлы қабыққа түсіруге болады.
Алысжітілік. Алысжітілік - гиперметропия, қырағылық деп аталады. Алыстан көргіш көздің бойлау білігі қысқа болғандықтан алыстағы заттардан шыққан қосарлас сәулелер торлы қабықтың артына жиналады да, оның бетіне заттардың бейнелері көмескі, бұлдыр болып түседі. Алыстан көргіш адамдардың айқын көретін жақын нүктесі көзден қашықтау орналасады. Сондықтан жақындағы заттарды көру үшін аккомодациялық күш салу жеткіліксіз болады. Осының нәтижесінен алыстан көретін адамдар оқу үшін екі жағы дөңес шынысы бар сәуленің сынуын ұлғайтатын көзілдірік киюі қажет. Қырағылықты (гиперметропияны) қарттардың алыстан көргіштігімен шатастыруға болмайды. Бұл екі кемістікке ортақ жағдай, екеуі де екі жағы дөңес шынысы бар көзілдірік пайдалануы керек.
Астигматизм. Көздегі сәуленің сыну кемістіктеріне астигматизм де жатады. Ол әртүрлі бағыттағы сәулелердің бірдей сынбауынан туады (мысалы, тура және көлденең медианалар бойынша). Барлық адамдарда аздаған астигматизм болады. Сондықтан астигматизм көздің оптикалық құралы ретінде дамып, кемеліне жетпегендігін көрсетеді.Астигматизм көздің қасаң қабықшасының біркелкі сфералық бет болмағандығына байланысты, өйткені оның әртүрлі бағыттағы қисықтық радиусы әркелкі болады. Астигматизмді түзету үшін көздің алдына арнайы цилиндрлік шынылар қояды.