Тілек мәні бар тіркестері: іске сәт, құтты болсын, оң сапар, айың тусын оңыңнан, жұлдызын тусын солыңнан, бақытты бол, мұратқа жет, үбірлі-шүбірлі бол т. б. және қарғыс мәнді тіркестер: тумасаң туа шөк, қырық жілік болғыр, сеспей қат, қата қал, желкен қиылсын, тілің қырқылсын, жолың болмағыр, көк соққан, жер жастанғыр, көзіңе көк шыбын үймелесін, қарабет, мойның үзілсін т. б.
Көптеген сөз тіркестері интонация, ырғақпен айтылады. Бұған саяси-әлеуметтік ұрандар, сөйлеу тілінде жұмсалатын сұраулы және лепті сөйлемдерді жатқызуға болады. Мысалы: Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Халықтар достығы жасасын! Бейбітшілік үшін! Тәуелсіздік жасасын! Мереке құтты болсын! Кім білсін? Не істейін! Қараөзін! Өкнішті-ақ! Әй, білмеймін! Неткен сұмдық! т.б.
Кейбір сөз тіркестері (әсіресе еліктеуіш қос сөздер) бейнелеу, көріктік сипат беру қызметін атқарады. Мәселен, маң-маң басқан тіркесі әдемі, маңғаз жүрісті көз алдыңа елестетсе, бүрсең-бүрсең қос сөзі суықтан қалтырап немесе кәріліктен еңкейіп, бүрсеңдеп бара жатқан адамның кейпін көрсетеді. Қопаң-қопаң, сылаң-сылаң, маймаң-маймаң сияқты еліктеуіш сөздердің де бейнелік сипаты күшті.
Көптеген фразеологизмдердің эмоциональды-экспрессивтік бояуы контексте анық сезіледі.
Фразеологизмдер жеке сөздер тәрізді адамдардың бір-бірімен жасайтын қатынасының түріне қарай жұмсалып, олардың қолдану аясы не кеңейіп, не тарылып отырады. Мұның себебі тұрақты сөз тіркестерінің белгілі бір қатынас түрінде, көбірек қолданылып, сол стильге тән болуынан. Өйткені тілдің өзі бірнеше стильдердің жиынтығы болып келеді де, ол стильдердің әр қайсысының өзіне тән тілдік тәсілдері болады. Фразеологизмдердің осылайша белгілі бір стильге телінуі оның экспрессивті қасиетін түрлендіріп отырады. Сонымен бірге фразеологизмдердің фразеологизмдердің қолданылу ерекшелігі де байқалады. Оған фразеологиялық синонимдер мысал бола алады. Жоғарыда келтірілген тайға таңба басқандай, атқан таңдай, соқырға таяқ ұстатқандай сөз орамдарын алатын болсақ, олардың қолданылу аясы бірдей емес. Бұлардың алдыңғы екеуі көркем сөз бен публицистикаға бейім болса, соқырға таяқ ұстатқандай тек қарапайым сөйлеуде ғана қолданылады. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» мен «сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды» сөз тіркестері де осындай екі түрлі (бірі бейтарап, екіншісі – сөйлеу тілінде) жұмсалады. Жалпы сөйлеу тілі фразеологиясының көпшілігі жағымды және жағымсыз эмоцияны білдіруге негізделген. Сондықтан, олардың бейнелегіштік қасиеті айрықша сезіледі: үріп ауызға салғандай, жүрек жұтқан, жұмыртқадан жүн қырыққан, қу бастан қуырдақтық ет алған т. б.
Тұрақты сөз тіркесінің ішінде сөйлеу тілі ыңғайында көбірек пайдаланылатындары – идиомалар. Ал, мақал-мәтелдердің қолданылу аясы идиомаларға қарағанда кеңірек, өйткені мақал-мәтелдер бейтрап қолдануға бейім келеді. Сонымен қатар фразеологизмдердің ішінде кітаби-жазба стильдерде жұмсалып танылғандары аз емес. Оларға жазба тіл негізінде қалыптасқан, кітаби сипаттағы сөз тіркестерін жатқызуға болады: Бостандық аралы – Куба, Үлкен химия, қосымша құн, дала падишасы, үндестік заңы, сұрақ белгісі т. б.
Міне, тіліміздегі әр алуан фразеологизмдерді бір текті, бірыңғай қолдануға болмайды. Сондықтан фразеологизмдерді экспрессивті-стильдік бояуына қарай бөліп топтастыру ыңғайлы.
Достарыңызбен бөлісу: |