Байланысты: Функционалды-семантикалық өріс концепциясының теориялық негіздер-emirsaba.org
Морфологиялық концепт термині екі түрлі мәнде қолданылады: біріншіден, ол – тілдің морфологиялық құрылымы білдіретін ментальді сананың бірлігі болса, екінші жағынан, морфологиялық концептілер сипатталатын ғылымның ұғымдары. Морфологиялық концепт сөйлеушілердің дайындықсыз сезімінде жүзеге асады, ол тіл жүйесінде морфологиялық көрсеткіштер арқылы көрініс табады.
Морфологиялық концептілер сөйлесім әрекетін реттеп, тілде көрініс табады, ал метатілдік концептілер лингвистикалық зерттеулерде тілдік құрылымындағы морфологиялық концепт ретінде сипатталады. Метатілдік морфологиялық концептілер грамматикалық теориялар дамуы барысында қалыптасып, терминологияда бекіп, ғылыми зерттеулерде, грамматикаларда қолданылды. Ф. де Соссюр сөйлесім әрекетіне қатысушылардың «дайындықсыз әрекеті» мен тілші ғалымдардың «дайындалған әрекеттерінің» арақатынасын сөз еткен болатын [8, 54 б.]. Сөйлесім әрекетіне қатысушылардың «дайындықсыз әрекеттері» морфологиялық концептосферамен байланысты, онда морфологиялық концептілер қолданады, ал тілші ғалымдардың «саналы әрекеттері» нәтижесінде морфологиялық метаконцептілер айқындалып, тілдік фактілерді сипаттау үшін қолданады.
Н.Уәли тілдік ортада мәдени-тілдік дәстүрдің, оның нормаларының қалыптасуына тілдік тұлға әсер ететінін айта келіп, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сынды жұртшылық идеал тұтатын біртуар жазушы-ғалымдарды элитарлық топтың өкілдеріне жатқызады. Ғалым тілдік тұлғалардың әдеби тілді игеру, пайдалану деңгейі бірдей емес екенін ескерте келіп, тілдік тұлғаларды төрт типке бөледі:
1) әдеби тілді шығармашылық деңгейде тұтынатын тип. Бұлар – элитарлық тілдік тұлғалар;
2) әдеби тілдің ауызша, жазбаша нормаларын сақтай білетін, ара-тұра кодификацияланған нормадан қате жіберетін, сөйлеу тілі мен кітаби тіл элементтерін кей тұста айқын аңғара алмайтын мәдени-тілдік орташа тип. Сан жағынан басымы да осы орташа әдеби тип;
3) негізінен әдеби сөйлеу тілін қолданатын, арасында қарапайым сөйлеу тіліне тән элементтерді қосып сөйлейтін тілдік-мәдени тип. Сан жағынан, шамамен, орташа типтен кейінгі орында;
4) қарапайым сөйлеу тілімен сөйлейтін, бейәдеби элементтер мен диалектизмдерді қолдана беретін коммуниканттар [9, 94 б.].
Жұмысымызда ғалымның тілдік тұлғаларды жіктеуін басшылыққа ала отырып, тіл білімінің дамуына өзіндік үлес қосқан, қазақ тіліндегі грамматикалық категорияларды танып-танытуда өзіндік орны бар ғалымдарды элитарлық тілдік тұлға ретінде сипаттаймыз. Элитарлық тілдік тұлға – ұлттық тілдің жанрлық-стилистикалық ерекшеліктерін толық меңгерген, оларды орынды қолданатын, лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық бірліктердің семантикасын жан-жақты түсініп, орнымен қолдана алатын, коммуникативті стратегиялар мен тактикаларды, вербалды және бейвербалды қатынас талаптарын толыққанды меңгерген, ұлттық тіл мен мәдениет концептосферасын құрайтын концептілердің ұғымдық, бейнелі-ассоциативтік, құндылық сипатын білетін тілдік тұлға. Зерттеуші-ғалымдар ұстанымы өз кезеңінің, белгілі бір дәуірдің, тілтанымдық білімнің деңгейімен айқындалады.