Газбен пісіру және кесу жұмыстарындағы жүкті немесе жас балалы әйелдер, мұндай жұмыстан басқа жұмысқа ауыстырылуы керек.
Қауіпсіздік техникасының ережесі бойынша әр мекемеде газбен жұмыс істейтін барлық жабдықтар мен ацетилин өндіретін құралдарға арнаулы нұсқаулар жасалып, оны мекеменің бас инженері бекітуі керек.
Газ жалынымен металл өңдейтін аппаратураларды жөндеу және сынау жұмыстарын сол жұмыстарға арнайы дайындалған, әкімшілік тағайындаған адам ғана жүргізе алады.
Газ жалынымен жұмыс істеудің қауіпсіздік техникасы. Газ жалынымен жұмыс істеу (пісіру, кесу, дәнекерлеу ж. т. б.) жылжымалы генераторлардан кем дегенде 10 м қашықтықта, баллондар мен жанармайлардан 5 м, газ магистральдары мен газ таратқыштардан 1,5 м қашықтықта болуы керек. Егер жалын мен ұшқын қоректендіру көздеріне қарай бағытталатын болса, онда оларды металл қалқандар қою арқылы қорғайды.
Жұмыс алдында қолданылатын аппаратуралардың, жылжымалы ацетилин генераторының ақаусыз екендігін, баллондар мен түтіктердің тығыз бекітілгендігін, редукторлар мен құрғақ затворлардағы пломбаның бұзылмағандығын тексереді. Газ тарататын қондырғылардың дұрыс жұмыс істегенде қорғағыш құрылғылардың дұрыс жұмыс істейтіндігіне көз жеткізіп, суды қорғағыш қондырғының су деңгейін тексереді. Пісірушінің жұмыс орнына жақын жерде таза су құйылған ыдыс болуы керек. Онымен қызып кеткен оттықтарды суытады. Егер оттық қатты қызатын болса, онда жұмысты тоқтатады. Жұмыс аяқталғаннан кейін баллондар мен шкафтардағы вентильдерді жабады, редуктордағы реттегіш бұранданы шығарады, оттықтағы вентильді ашып тастайды, жұмыс орнын тазалап, қондырғыларды арнаулы жерге сақтауға қояды.