Гиззатов с. М


 Уақытша Кеңес және қайта реформалауға талпыныс



Pdf көрінісі
бет7/8
Дата03.03.2017
өлшемі2,89 Mb.
#6120
1   2   3   4   5   6   7   8
2.3 Уақытша Кеңес және қайта реформалауға талпыныс 

      (1845 – 1850 жж.)

Ішкі орданың соңғы ханы Жәңгір Бөкейұлы 1845 жылы 11 тамыз 

күні кенеттен апоплексикалық қан қысымынан қаза тапты. 5 тамыз күні 

тұмауратып қалған хан 10 тамызға дейін дәрігерлік көмексіз жатқан. 

Тек 10-ынан 11-іне қараған түні Саратов қаласынан медицина докторы 

Н.Ф.Троицкий алдыртылады. Ханның өлімінен 19 сағат бұрын келген 

ол ешқандай көмек көрсете алмаған [251, 71-72 пп.].

Жәңгір  ханның  қазасы  жергілікті  халық  пен  үкіметті  елеңдетті 

және  елдегі  саяси  көңіл-күйді  өзгертті.  оның  өліміне  қатысты 

көптеген жорамалдар пайда болды [252, 7 п.]. доктор Н.Ф.Троицкий 

ханның ауруға шалдығуының физикалық себептеріне аптап ыстықты, 

ал  психикалық  және  моральдық  себептеріне  ханша  Фатиманың  жа-

зылмайтын  дертке  душар  болуын,  тақ  мұрагері  Сақыпкерейді  асыға 

күтуін  жатқызған  [251,  71-72  пп.].  Мемлекеттік  мүлік  министрі 

Н.М.Гамалея  орда  билеушісінің  қазасын  оның  төртінші  рет  не-

кеге  тұруымен  байланыстырған.  Жәңгір  1844  жылы  Қарауылқожа 

Бабажановтың қызы Салихаға үйленген болатын. Министрдің ойынша 

хан Фатиманың науқастығына орай енді өзінің жас әйеліне ынтық бо-

лып, алғашқысынан алшақтай бастаған. Сөйтіп, шенеунік ханның өз 

туысқандары тарапынан қасақана түрде қымызбен уланғандығын алға 

тартқан  [230,  52-53  пп.].  Ал  Бөкейліктер  әлеуметтік-экономикалық 

қысымшылыққа душар болғанымен ел басшысының өліміне қуанбаған 

және  оған  кінәлі  патша  үкіметі  деп  тапқан.  ордалықтар  отарлаушы 

биліктің  мұндай  әрекетке  баруын  жер  мәселесінен  іздеген.  олар  ең 

алдымен,  орал  казактары  мен  Бөкей  ордасы  арасындағы  шекараны 

анықтау  үшін  1835  жылы  генерал-майор  П.Черкасовтың  төрағалық 

етуімен  құрылған  межелеу  комиссиясының  жұмысын  еске  түсірген. 

Жәңгір  хан  алғаш  рет  осы  комиссияның  құрылуы  туралы  құлағдар 

болғанда рубасыларға халықты хабардар етуді тапсырған еді. ол бұл 

комиссияның  Бөкейліктерге  еш  зиян  келтірмейтінін,  керісінше  дау-

лы  жер  мәселелерін  шешуге  үлкен  пайда  әкелетіндігін  мәлімдеген. 

Алайда межелеу жұмысының басталуы қарсаңындағы ханның жұмбақ 

өлімі  көшпелілердің  санасына  сенімсіздік  ұялатты.  Соның  салдары-

нан халық арасында патша үкіметі қазақтарды басыбайлы шаруаларға 

айналдырып, әскерге алады екен деген алыпқашпа әңгімелер тараған 

[230, 260-262 пп.].

Патша үкіметі Ішкі ордада қалыптасқан саяси дағдарысты пай-

даланып,  хандық  билікті  түпкілікті  жоюға  тырысты.  Тақ  мұрагері 

Сақыпкерей  Жәңгірұлы  «кәмелеттік  жасқа  толмауына  және  Паж 

корпусында  білім  алуына»  байланысты  билікке  жіберілмеді.  1845 

жылдың  23  тамызынан  бастап  орынбор  басшылығы  Уақытша 

билікті қалыптастыруды қолға алған [251, 31 п.]. осы орайда Шекара 

комиссиясының төрағасы М.в.Ладыженский Бөкей ордасын басқаруға 

лайықты  4  саяси  элитаның  кандидатурасын  ұсынған. олар  бұрынғы 

ел  басшысының  туыстары  Әділ  Бөкейханов,  Тәуке  Бөкейханов, 

Меңдігерей  Бөкейханов  және  Шоқы  Нұралыұлы  еді.  Бұларға  жан-

жақты сипаттама беру нәтижесінде губерниялық шенеуніктер мына-

дай қорытындыға келген: алғашқысы – мейірімді, бірақ алыстан ойлай 

алмайды, әрі мінезі әлсіз; екіншісі – немқұрайлы; үшіншісі – ақылды, 

бірақ  дау-жанжалға  үйір;  ал  төртіншісі  –  егде,  байыпты,  халық  ара-

сында  беделді.  осылайша  жергілікті  отарлаушылар  Ішкі  орданы 

басқаруды саяси тұрғыдан «тұрлаусыз, көнбіс, тілалғыш» сұлтан Әділ 

Бөкейхановқа тапсыруға шешім қабылдады [253, 12-13 пп.].

Жалпы  ХІХ  ғасырдың  екінші  ширегінде  Ресей  империясының 

отарлау саясаты тек Бөкей ордасында емес, бүкіл қазақ жерінде тез 

қарқынмен  жүзеге  асырылды.  осы  орайда  саяси-экономикалық, 

әлеуметтік,  рухани  өмірдегі  өзгерістердің  Т.Седельников  [142], 

Т.Шонанұлы  [27],  Е.Бекмаханов  [93],    Б.Сулейменов  [96],  С.Л.Фукс 

[265],  Т.Ж.Шойынбаев  [92],  Н.Э.Масанов  [97],  К.И.Қобландин 

[143], М.Мұқанов [99],  С.М.Мәшімбаев [98], С.Сүйінов [136]  және 

өзгелердің еңбектерінде зерделенгендігін атап өткен жөн.

1845 жыл, тамыз – 1848 жыл, наурыз аралығында Ресей үкіметі 

Бөкей  ордасындағы  жер  мәселесіне  мән  бермеді.  Басты  назар 

хандықтағы  саяси  билікті  алмастыруға  аударылды.  осыған  сәйкес 

1846 жылы 21 қаңтарда Мемлекеттік мүлік министрі граф П.Киселев 

патшаға  төмендегідей  шараларды  бекітуді  ұсынған:  1)  Хандықты 

бұрынғыша  орынбор  губернаторы  мен  Шекара  комиссиясына 

бағынышты  қалпында  қалдыру;  2)  хандықты  басқаратын  Уақытша 

басқару  Кеңесін  құрып,  оған  төраға  қазақтан  бөлек  екі  мүше  және 


156

157


бір мүше кеңесшіні Мемлекеттік мүлік министрлігінен енгізіп, ханға 

қараған барлық істерді шешуге рұқсат беру; 3) хан құрған зекет пен 

соғымды  сақтау,  бірақ  оны  өсірмеу;  4)  осы  салықтардың  түсімін 

Уақытша  Кеңестің  қажетіне  жаратып,  қалған  бөлігін  хан  жанұясы 

игілігіне жұмсау; [45, 45 б.]

Байқап  отырғанымыздай,  Уақытша  Кеңес  бүкіл  сала  бойын-

ша  ханның  билігін  алмастырған.  Сонымен  қатар  елдегі  алым-салық 

жүйесіне  үлкен  мән  берілген.  Өйткені  Бөкей  ордасын  басқару 

шығынын  зекет  пен  соғымнан  түскен  ақша  есебінен  жабу  көзделді. 

Атап  айтсақ,  халықтан  жиналған  қаржы  мына  салаларға  жұмсалды: 

а) орынбор шекара комиссиясы жанынан құрылған Ішкі орда істерін 

басқару жөніндегі Уақытша үстелді ұстап тұру; ә) орда билеушісіне, 

оның  кеңесшілеріне;  б)  Мемлекеттік  мүлік  министрлігінен  кел-

ген  кеңесшіге;  в)  Кеңестің  кеңсе  шығындарын  өтеу  және  кеңсе 

қызметкерлеріне;  г)  мал  дәрігеріне,  рубасы  жанындағы  хатшыға, 

Ставкадағы мешіт діндарларына, мектеп мұғалімдеріне; д) мектептегі 

тәрбиеленуші  балаларға;  е)  орынбор  Неплюев  кадет  корпусында 

оқитын қазақ балаларына; ж) Жәңгір ханның жанұясына; з) ордадағы 

дәрігердің дәрі-дәрмек, хирургиялық аспаптар алуына және мектепке 

қажет оқу құралдарын алуға; и) пошталық байланысты орнатуға және 

қажетті ғимараттар салуға; [10, с. 69].

Қазынаға  түскен  қаржыны  маңызды  саяси,  экономикалық, 

әлеуметтік шараларға жұмсау жоспарланғанымен, нақты жер рефор-

маларына ақша құю ойластырылмады. Қаражаттың белгілі бір бөлігін 

Бөкейліктерге жалға жер алуға, межелеу экспедицияларын жасақтауға 

бағыттау ауызға алынбаған. Бұдан патша үкіметі мен Уақытша Кеңес 

мүшелерінің жер мәселесін реттеуге асықпағандығы байқалады.

1848  жылдан  бастап  Бөкей  ордасындағы  жайылым  мәселесі 

күн тәртібіне қойыла бастады. Бірақ бұдан сәл бұрын патша үкіметі 

хандықтағы жер қатынастарына үңіліп, Жәңгір ханның аграрлық ре-

формаларын талдай бастады. Бөкей ордасына іссапармен келген орын-

бор  шекара  комиссиясының  кеңесшісі  И.М.Бикмаев,  3-ші  орынбор 

батальонының командирі майор С.в.Ерофеев [86, с. 685-705], орын-

бор  губернаторы  в.обручев,  Ресей  Сыртқы  істер  министрлігі  Азия 

департаментінің шенеунігі д.Г.Генс [212, 1-31 пп.] және тағы басқалары 

жергілікті тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен жеке-

лей танысып, елдегі жер мәселесінің қаншалықты ушыққандығын өз 

көздерімен көрді. Әсіресе шекаралық комиссияның бұрынғы төрағасы 

Г.Г.Генстің (1787-1845) баласы дмитрий Григорьевич Генс (1819-1848) 

бұл  қалыптасқан  ахуалды1847  жылы  былайша  сипаттады:  «Жәңгір 

хан  жер  бөлуді  еш  жоспарсыз  жүзеге  асырған  және  халықтың  шы-

найы қажеттілігін ескерусіз қалдырған. Соның салдарынан біреулері 

ұланғайыр  жайылыстарға  ие  болса,  ал  басқалары  ұлтарақтай  құрлы 

жері  болмауы  себепті  өзге  ықпалды  қандастарынан  жайылымдарды 

жалға алып отыр» [212, 2 п.].

Алайда  мұрағат  қорларынан  табылған  құжаттарды  саралау 

арқылы  жоғарғы  лауазымда  отырған  орыс  шенеуніктерінің  Жәңгірді 

түбегейлі қараламағанын да байқаймыз. олар ханның өмірінің соңына 

қарай жерсіздену үрдісін тоқтатуға тырысқандығын көрсетті. Мәселен, 

орынбор  әскери  губернаторы  в.обручев  1848  жылы  30  сәуірде 

Уақытша  Кеңеске  жолдаған  нұсқау  хатында:  «Көптеген  қазақтар 

ордадағы  жердің  тең  бөлінбеуінен  зардап  шегіп  отыр.  Нәтижесінде 

марқұм Жәңгір хан жалпыға тең дәрежеде жерді қайта бөлуге рұқсат 

беру  туралы  өтініш  білдірген  еді.  осылайша  жерге  өте  мұқтаж 

рулардың қажеттілігін белгілі бір дәрежеде қанағаттандыруды көздеді. 

Алайда оның кенеттен көз жұмуы бұл шараның орындалуына жол бер-

мей қойды» [234, 28 п.], - деп жазған. Мұндай мәліметтер Мемлекеттік 

мүлік министрі П.д.Киселевтің «Ішкі Қырғыз ордасының құрылымы 

жайлы  болжамдар»  атты  жобасында  келтірілген.  Министр  1848 

жылы 22 наурызда І Николай патшаға Бөкей ордасындағы қоғамдық 

жайылымдардың  тең  дәрежеде  бөлінбегендігін,  соның  салдарынан 

жер  мәселесінің  әбден  ушыққандығын  жеткізген.  оған  қоса  үкімет 

шенеунігі  Жәңгір  Бөкейұлының  1845  жылдың  басында  жеке  өзіне 

хат жолдағандығын және орда территориясын еңбекші қазақтар ара-

сында қайтадан тең бөлу үшін рұқсат сұрағандығын мәлімдеген [254, 

44 п.]. Ішкі ордадағы Уақытша Кеңестің төрағасы қызметін атқарған 

М.Иванин де халық аузынан алынған деректерді алға тартты. Автор 

өз  еңбегінде:  «Маған  ханның  қазақтарға  тең  дәрежеде  жер  бөлмеуі 

арқылы жасаған зұлымдығын көргендігін және қателігін дұрыстауды 

ойлағандығы туралы айтты. Алайда оның бақилық өмірге аттануы бұл 

жоспарды орындауға мұрша бермепті» [15, с. 21], - деп баяндаған.

Жоғарыдағы  деректерден  байқалатыны,  Жәңгір  Бөкейұлы  ХІХ 

ғасырдың 40 жылдары басында өз аграрлық саясатын өзгертуді және 

орда  территориясын  қайтадан  жаңаша  бөліске  салуды  ойластырған. 

Бұл жолы хан жайылымдар мен қыстауларға зәру қазақтардың мүддесін 

бірінші орынға қоюды көздеген сыңайлы. Өз шешімін орда билеушісі 

орынбор  әскери  губернаторына,  Мемлекеттік  мүлік  министріне 

жеткізуді жөн санаған және үкіметтік шенеуніктерден рұқсат сұраған. 

Жәңгірдің  мұндай  «жұмсақ»  саясатқа  көшуге  ұмтылуының  өзіндік 

себептері болғаны даусыз. Ең алдымен, жерсіз қалған, шаруашылық 

дағдарысқа  киліккен,  феодалдардың  тонауына  түскен  қазақтардың 

ашық бас көтеруі ханды алаңдатты. 1827-1829 жылдары Бөкейліктерді 



158

159


дала  бетке  өткізуге  тырысқан  сұлтан  Қайыпқали  Есімұлының 

әрекеттері ХІХ ғасырдың 30 жылдарында да жалғасын тапты. Ал 1836-

1838 жылдардағы старшындар М.Өтемісов пен И.Тайманов бастаған 

ұлт-азаттық  көтеріліс  орда  билеушісіне  қатардағы  көшпелілердің 

қаншалықты  ашынғандығын  көрсетті.  Бұл  халық  қозғалысының 

жүруі барысында ханның жеке басына үлкен қауіп төнген еді. 1842-

1843  жылдардағы  Аббас  Қошаев,  Мұса  Айболатов,  Лаубай  Маната-

ев  бастаған  халық  толқуы  жаңаша  сипатта  өрбіді.  Бұқара  көсемдері 

феодалдардың озбырлығына қарсы күресте қарулы күшті емес, патша 

әкімшілігіне шағым түсіру жолын таңдаған [217, 40-44 пп.]. осылай-

ша,  халық  наразылығы  мен  көтерілісінің  жиілеуі  аграрлық  саясатты 

қайтадан қарауға итермелеген.

Екіншіден,  орынбор  шекара  комиссиясының,  орынбор  әскери 

губернаторының, Сыртқы істер, Ішкі істер, Қаржы, Мемлекеттік мүлік 

министрліктерінің  көтеріліс  салдарынан  Ішкі  орда  өміріне  жиі  ара-

ласа  бастауы  ханға  әсер  етті.  Мұрағат  қорларынан  Г.Ф.Генстің  [255, 

72-74  пп.],  в.А.Перовскийдің  [256,  1-2  пп.],  К.в.Нессельроденің 

[257,  20  п.]  және  өзге  де  үкімет  шенеуніктерінің  Жәңгірге  жазған 

хаттарын  кездестіруге  болады.  олар  орда  билеушісінің  әлеуметтік-

экономикалық саясатын сынға алды және түрлі деңгейдегі ескертулер 

жасады. Жоғарғы билік өкілдері Бөкей ордасында бейбіт өмірдің ор-

науына мүдделі екендігін ашық білдірді. Ал оны жүзеге асыру ханның 

өзіне тапсырылды.

Жәңгір  ханның  «жылымық»  саясатқа  көшуі  1843  жылы  анық 

байқалды.  ол  халыққа  қысымшылық  көрсетіп  отырған  кейбір 

сұлтандар мен старшындарға ескерту жасап, сөгіс жариялаған. Сөйтіп 

Бөкейліктерді  тыныштандырып,  халық  толқуының  алдын-алуға 

тырысқан.  1843  жылы  4  ақпанда  беріш  руы  есенғұл  бөлімінің  стар-

шындары  Құдайберген  Сәндібаев,  Көбейсін  Бектұрғанов  және  бегіс 

бөлімінің қазақтары досалы Күшікбаев, Қошмамбет Пышқанов Жәңгір 

ханға арыз жолдаған. Хатта Каспий теңізі өңірінің билеушісі сұлтан 

Тоғым Шығаевтың озбырлықтары баяндалған еді. Шағымданушылар 

сұлтанның қоғамдық алым-салық жинауда және даулы істерді шешу-

де әділеттілік көрсетпегендігін, рулардың мекендеп отырған жерлерін 

басқа біреулерге сата бастағандығын, мінгіге қарапайым қазақтардан 

жылқы алып, кейін қайырмай қоятындығын тізбелеген. Сонымен қатар 

сұлтанның бұйрыққа бағынбаған қазақтарды орыс күзетшілерінің жа-

залауына бергендігі анықталған. 1843 жылы 27 наурызда Жәңгір хан 

сұлтан Т.Шығаевқа қалыптасқан жағдайды баяндап, былайша жазба-

ша  ескерту  жасаған:  «Мұндай  арыз-шағымдар  Сіздің  ар-ұятыңызды 

оятып,  адамдар  мен  құдайдың  алдындағы  жауапкершілігіңізді  арт-

тыруы  тиіс.  Егер  де  сондай  әрекеттеріңізбен  беріштіктерді  қайтадан 

қызметтен алу туралы шағым жазуға итермелесеңіз, Сізге екінші мәрте 

мейірімділік танытпастан және басқаларға үлгі болсын деген ниетпен 

қызметіңізден мүлдем босатамын» [258, 1-4 пп.]. Мұндай қатаң ескер-

тулер сұлтандар Жанбөбек Бегалиевке, Тоғжан Мүшеғалиевке, Шыны-

ке Абылаевқа, би Шомбал Ниязовқа, старшындар Юсуф Жантілеуовке, 

Шығыр Еділовке және өзгелерге жолданған [259, 26-47 пп.].

осыдан  кейін  1845  жыл  басында  ханның  мемлекеттік  мүлік 

министрі  П.д.Киселевтан  орда  жерлерін  тең  бөліске  салу  жөнінде 

рұқсат сұрағаны белгілі. Алайда осы жылы Жәңгір хан көз жұмған еді. 

Сондықтан оның аграрлық саясаттағы жасар қадамдары белгісіз бо-

лып қалды. 

дегенмен  патша  үкіметі  1848  жылы  жаңа  жер  реформаларын 

жүзеге  асыруды  ойластырды.  осы  жылдың  22  наурызында  министр 

П.д.Киселев  император  І  Николайға  «Ішкі  Қырғыз  ордасының 

құрылымы  жайлы  кейбір  болжамдар»  атты  жобасын  ұсынды.  онда 

4  түрлі  мәселе  қарастырылды:  1)  Қазақтардан  алынатын  алымды 

жергілікті заңға сәйкестендіру; 2) жерді тең үлеске салу; 3) ордадағы 

хандық  билікті  жою;  4)  алым-салықты  жұмсаудың  жолдарын 

қалыптастыру; [254, 42-47 пп.] Министр үкіметтің алым-салық жина-

луы мен жердің қайта бөлінуіне толық араласпайтындығын, тек қана 

табылған  кемшіліктерді  көрсетіп  берумен  шектелетіндігін  ескертті. 

оның  ойынша  аталмыш  шараларды  Бөкейліктердің  өздері  Кеңеске 

қатысушы орыс шенеуніктерінің ықпалымен жүзеге асыруы тиіс еді. 

Сөйтіп, патша үкіметі Ішкі орданы аграрлық тұрғыдан реформалауда 

күштеу шараларын қолданбайтындығын анық байқатты.

Бөкей ордасындағы жайылымдарды жаңаша бөліске салу бастама-

сын алғаш көтергендердің бірі орынбор әскери губернаторы в.обручев 

болатын.  оның  мұндай  тоқтамға  келуіне  Шекара  комиссиясының 

төрағасы Г.Генстің [212, 36 п.], кеңесші И.М.Бикмаевтың, С.И.Матвеевтің 

[230,  108-118  пп.],  қазақ  шаруаларының  арыз-шағымдары  әсер  етті. 

Сонымен  бірге  губерния  басшысы  1846  жылдың  ақпан-наурыз  ай-

ларында  Ішкі ордада болып,  қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен  жеке 

танысқан. Губернатор үлкен жер телімдерін меншіктеп алған сұлтандар 

мен старшындарды сынға алды. Жекелеген рулардың жерсізденуі, мал 

шаруашылығының  құлдырауы,  экономикалық  тәуелділіктің  күшеюі 

ашық  айтылды.  Қазақтардың  өз  қандастарынан  басқа  помещиктер, 

орал казактары, татар халықтарының езгісіне түсіп отырғандығы дәл 

көрсетіледі. Ресей патшасының келісімін алған в.обручев 1848 жылы 

30 сәуірде Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша Кеңеске рубасы-

лармен  бірігіп,  жерді  қайтадан  тең  бөлудің  амалдарын  қарастыруды 



160

161


ұсынды. Әрбір рудың мал санын, жерге деген шынайы қажеттіліктерін 

анықтау тапсырылды. Губернатор Уақытша Кеңес мүшелері мен руба-

сылар қолдарын қойып, мақұлдаған жобаны өзіне жуық арада жолдау-

ын бұйырды [83, с. 360].

Патша үкіметінің тілімдей жері жоқ бұқара халықты жарылқауға 

көшуінің өзіндік себептері болғаны сөзсіз. Ең алдымен, экономикалық 

дағдарысқа ұшыраған халықтың толқуын басу негізгі мәселе саналды. 

Жәңгір Бөкейұлының қазасынан соң орал казак әскері үнемі орынбор 

басшылығы мен Шекара комиссиясына көптеген Бөкейліктердің дала 

бетке  қашуға  оқталып  отырғандығын  мәлімдеумен  болған.  Мұндай 

ақпараттарды  таратумен  полковник  К.К.Геке,  есаул  А.в.Назаров 

айналысқан  [230,  41  п.].  осылайша  қазақтарды  ішкі  тарапта  ұстап 

қалу  қажеттілігі  туындаған.  Екіншіден,  жергілікті  тұрғындарды 

хандық  биліктен  ада  жаңа  саяси  жүйеге  бейімдеу  отарлаушылардың 

басты мақсатына айналды. Бұхара халыққа жер беру арқылы Уақытша 

Кеңестің саяси беделін арттыру, оған деген жергілікті халықтың сенімін 

күшейту  көзделді.  Патша  үкіметінің  пайымдауынша  мұндай  игі  ша-

ралардан  соң  қазақтар  жаңа  басқару  жүйесінің  пайдасын  түсінеді. 

Үшіншіден, бірқатар орыс шенеуніктері жерсіздену үрдісі көшпелі мал  

шаруашылығына нұқсан келтіріп, сәйкесінше Ресейге сатылатын мал 

санын азайтады деп есептеді. Сондықтан да патша үкіметі өз губерни-

яларын арзан шикізат көзімен жабдықтап отырған Бөкей ордасының 

экономикалық  өрлеуіне  мүдделі  болды.  Губерниялық  басшылық  та, 

министрлік те, император да ордалықтардың шаруашылық дағдарысқа 

ұшырағандығын,  оның  себептерін  тани  бастады.  Өйткені  қазақтар 

жоғары билікке жолдаған арыз-шағымдарында жерсіздену салдарынан 

мал шаруашылығын дамыта алмай отырғандығын көрсетті.

Ресей үкіметі қоғамдық жерлерді қайтадан бөлуде отырықшылыққа 

көшіп  үлгерген  тұрғындарды  өз  мекенінен  қозғамау  туралы  шешім 

қабылдады. Егер шаруа үй тұрғызып, құдық қазып, өзге де шаруашылық 

құрылыстарын салған болса, оны үкіметтің қолдауы күтіп тұрды.

Біртіндеп орыс шенеуніктерінің көзі ноғай руының жерлеріне түсті. 

Ханның  қолдауына  арқа  сүйеген  олардың  ерекше  артықшылықтарға 

ие болғандығы әшкереленді. осы орайда д.Г.Генс: «Ноғай руы орда 

жерінің  ¼  -ін  иеленген,  ал  қалған  16  руға  шаруашылыққа  қолайсыз 

¾  бөлігі  бұйырған»  [212,  2  п.],  -  деп  жазды.  Нәтижесінде  үкімет 

ноғайлықтар мен ханның жанұясын оқшаулап, оларды 1837 жылы Ца-

ревск  және  Жаңаөзен  уездерінен  берілген  аймаққа  қоныстандыруды 

жоспарлады.  Бұл  алқаптың  көлемі  872800  десятинаны  құрады.  Ал 

ноғайлықтарға  тиесілі  1800000  десятина,  ханның  иелігіндегі  400000 

десятина жерді бұқара халыққа тең дәрежеде бөліп беру көзделді. Хан 

ордасы жанындағы Мешіт, Қандыағаш, Жаманқыз, Шағыл, Аймекен, 

Сайхын, Торыбасты, Бесоба, Атқұлақ елді-мекендері, солтүстік-батыс 

шекарадағы  Соналы  қонысынан  Мұратсайға  дейінгі  жайылыстар, 

солтүстік-шығыстағы  Кішікөл  шабындығы,  Боғда  мен  Шапшашы 

аралығындағы Кенжеқара қонысы және тағы басқаларын барлық ру-

лар мен бөлімдерге тарату ойластырылды.

Кейбір  шенеуніктер  феодалдардың  қолдарындағы  жерлерді 

түпкілікті  бөліске  салмастан  бұрын  орал  казактары  мен  Каспий 

жағалауындағы  помещиктермен  арадағы  дауды  шешіп  алу  жөнінде 

ұсыныс тастады. Содан соң ордада халық және мал санағын өткізіп, 

соның  нәтижесіне  сай  жаңа  аграрлық  реформаларды  жүзеге  асыру 

ұйғарылды.  Үкімет  мұндай  санақтар  зекет  пен  соғымды  жинауға  да 

көп көмегін тигізеді деп санады [212, 33-38 пп.].

дегенмен жоғарыда көрсетілген империя жоспарлары ұзақ уақыт 

бойы  жүзеге  аспады.  Патша  үкіметі  берген  нұсқауды  орындауға 

Уақытша  Кеңес  те    құлшына  кіріспеді.  Шұрайлы  жайылымдарға  ие 

болған қазақтардың алғашқы қатары тым аз еді. Бұл кезеңде жер та-

рату  үрдісі  баяу  жүрген  еді  және  мұндай  бастаманы  губерниялық 

басшылықтың өзі көтеріп отырды. 1848 жылы 16 тамызда Шекара ко-

миссиясы Уақытша Кеңеске «Беріш руының старшындары Қонақаев 

пен Тастеміровке бағынышты қазақтарымен көшіп-қонуға жер бөліп 

беру  туралы»  ұсыныс  тастаған.  Өз  кезегінде  Уақытша  Кеңес  жеке 

иеліктер есебінен аталмыш старшындарға жер бөліп берген. Бұл оқиға 

жеке жер иеленушілікке ашық наразылығын білдірген халықтың та-

лаптарына қанат бітірген.

Алайда  елдегі  ірі  жер  иелері  жайылыс  көздерінің  қайтадан 

бөлінуіне үзілді-кесілді қарсы болды. олар заңдық тұрғыдан бекітілген 

меншіктерінің кедейлерге берілуін қаламады. Біртіндеп патша үкіметі 

тарапынан  тасталған  ұсыныстың  ерікті  түрде  жүзеге  аспайтындығы 

анық байқалды. Мұның себебін Уақытша Кеңес мүшелері Шоқы, Әділ, 

Меңдігерей 1851 жылы 22 желтоқсанда Шекара комиссиясына жазған 

хатында былайша түсіндірді: «Бұрынғы орынбор әскери губернаторы 

ұсынған шара ешқашан да жүзеге аспайды. Себебі бұл шара ұланғайыр 

шабындықтар мен ең шұрайлы жайылыс көздеріне ие сұлтандардың 

өздеріне жүктелген» [213, 18 п.].

Бұқара халықтың жерсіз қалуы 1856 жылға дейін жалғасты. Тек 

осы жылы жерді жеке иелену құқығы негізінде берілген ханның гра-

моталары  өзінің  заңдық  күшін  жойды.  орда  территориясы  жалпы 

бөлініске  түсті.  Жәңгір  Бөкейұлы  табыстаған  грамоталарды  жинау 

1862 жылға созылған. осылайша, Бөкей ордасындағы жайылыстық, 

шабындық  алқаптарының  тең  үлеске  түсуі  ХІХ  ғасырдың  үшінші 

ширегінде жүзеге асқан [255, 304 п.].


162

163


Ал  оған  дейін,  яғни  1845-1850  жылдары  жерсіздену  үрдісінің 

зардаптары  анық  сезілген.  Хан  қаза  тапқанымен  феодалдардың 

озбырлығы әсте толастамаған. Мысалы, 1846 жылдың күзінде сұлтан 

Медет  Шоқыұлы  Шолан  тұрағы  маңында  қазақтарға  даулы  жерді 

шешіп беріп, сол үшін өз пайдасына мол ақша жинап алған. Сұлтан 

Құшаққали  Шығаев  өзі  депутат  ретінде  қорғап  жүрген  қазақтардың 

мүддесін  көздеу  мақсатында  Уақытша  Кеңеске  М.Шоқыұлының 

үстінен  шағым  түсірген.  Нәтижесінде  жер  дауы  ушығып,  Шека-

ра  комиссиясының  қарауына  ұсынылған  [230,  443-446  пп.].  Ал  адай 

руының  қазақтары  1853  жылы  старшындар  Сауғабай  Үмбетов,  Сы-

пра  Сариевтің  үстінен  Уақытша  Кеңеске  шағым  түсірген.  онда 

старшындардың  адайлықтарға  тиесілі  жазғы  және  күзгі  қоныстарды 

күшпен тартып алғандығы, оларға өз жерлерін қайтадан жалға беріп 

отырғандығы баяндалған. 1846-1851 жылдары старшындар Сыпра Са-

риев, отамбек Сағубаев, Әзберген Үмбетов, Жаулыбай Нұртаев, Көбен 

Елемесов және Ектұрған Тәжіков Бөкейліктерден жыл сайын оброк – 

түйе, жылқы, ақша және өзге заттарды жинаған [260, 89-90 пп.]. 

Мұндай  фактілер  Уақытша  Кеңестің  кеңсесінде  жиі  тіркелген. 

Жаңадан құрылған саяси институт қатардағы көшпелілердің мүддесіне 

сай қызмет ете алмады. Ішкі орданы басқаруға отырған сұлтан Әділ 

Бөкейханов солқылдақтық танытқан. ол ордадағы саяси билікті бір 

орталыққа шоғырландыра алмады және оны өзі де мойындады. 1847 

жылы  3  қаңтарда  Әділ  Бөкейханов  орынбор  әскери  губернаторы 

в.обручевке:  «Сіз  менің  заңды  жетік  меңгермегендігімді  және  өзге 

кемшіліктерімді  біле  тұра  орданы  басқару  лауазымына  ұсындыңыз. 

Ал  халық  мені  әділетті  деп  осы  қызметке  сайлаған  еді.  Сол  себепті 

олардың  ешқайсысына  зиян  келтірмедім.  ордалықтар  әр  түрлі 

қысымшылық көріп, ағылып арыз-шағымдарын әкеледі және оларды 

барымша қорғауға тырысып бағудамын. Алайда тек құр нұсқау беру-

мен шектелуге мәжбүрмін. Себебі мен жалғызбын...» [230, 506 п.], - 

деп жазған.

Өзінің дәрменсіздігін баяндай отырып Уақытша Кеңес төрағасы 

халыққа  қысымшылық  көрсетуде  алдына  жан  салмайтын  4  жеке 

тұлғаны  көрсеткен.  олар:  1)  Сұлтан  Шоқы  Нұралыұлы;  2)  Ме-

дет  Шоқыұлы;  3)  хорунжий  Шомбал  Ниязов;  4)  старшын  Ақболат 

Саңғырықов; оған қоса лауазымды адамдардың қарамағына бекітілген 

хатшылырдың  түрлі  арандатушылықтар  мен  зұлымдықтарға  бой 

алдырғандығы анықталған. олардың ішіндегі қоғамға ең зияндылары 

деп Мещеряк әскерінің хорунжийі Мұхаммедкерім Ғаликеев, Төрежан 

Бакеев,  Жалалутдин  және  Ғимадиддин  Келдібековтер  танылған. 

Сұлтан  Ә.Бөкейханов  губернаторға  аталмыш  қызметкерлерді  кері 

әскер қатарына қайтару жөнінде ұсыныс тастады. Бұлардың зекет, өзге 

алым-салықтар жинауда түрлі құйтырқы әрекеттерге барып жүргендігі 

және  жекелеген  лауазымды  тұлғалардың  заңсыз  әрекеттер  жасауына 

көмектескендігі басты себеп ретінде көрсетілді [230, 508 п.].

осы кезеңде өз лауазымдарын пайдаланып, жаңа салық саясатын 

желеу қылған басшылар қиянаты күшейген. Әсіресе, зекет пен соғым 

жинаушы старшындар ел ішінде ылаң туғызған. Мәселен, 1847 жылы 

қараша  айында  бессары  тана  руының  старшыны  Бейіс  Түркібаев 

қасындағы бес адам Үмбай Байқапов, Есім Бейісов, отызбай Төрин, 

Бейсәлі Шойқин және Шоман Ақбаевпен сол ауылдың қазағы Сағырбай 

Ақбиевтің  үйіне  зекет  жинауға  келген.  Бірақ  кедейшілік  жағдайына 

байланысты  бұл  жанұядан  зекет  алынбауы  тиіс-ті.  С.Ақбиев  үйінде 

болмай  шығып,  әйелі  Күйсана  Сағырбаева  ғана  қалады.  Старшын 

қасындағы екі адамға киіз үй жанында жайылып жүрген азғана қойдың 

біреуін  ұстауды  бұйырады.  Әйелі  болса  ұсталған  қойдың  орнына 

басқасын  алуды  немесе  күйеуінің  келуін  күтуін  өтінеді.  осы  кезде 

старшын Б.Түркібаев оны дойыр қамшымен басынан, қолынан аямай 

ұра бастайды. Нәтижесінде К.Сағырбаеваның бес саусағы сындыры-

лып, сол қолы қозғалмай қалады. Ал старшын өз серіктерімен қойды 

алып, сол рудың қазағы Шоман Ақбаевтың үйіне апарып сойып, сол 

жерде жеп бітіреді [261, 1 п.].

Ә.Бөкейхановтың  айтуынша  түрлі  озбырлық  салдарынан 

халықтың  санасына  қорқыныш  ұялаған.  Қалың  бұқара  Кеңестің 

көмегіне  сүйенсе,  қуғынға  ұшырайтынын  түсінген.  Сондықтан  бар 

өкпесін айтуға сескенген. Пара берген адамның өзі де парақор сана-

лады және ол да бірдей жазаға тартылады деген сұлтандардың жалған 

мәліметінен  құлағдар  болған  соң  қазақтар  одан  да  бетер  қорыққан 

[230, 506 п.].

Жайылымынан,  мал-мүлкінен  айырылған  және  феодалдардың 

ашық қанауына түскен шаруалар елден жыраққа қаша бастады. Жалпы 

1845-1850 жылдары қазақ кедейлері әскери шеп тұрғындарына жалда-

нуын тоқтатпады. олар негізінен алғанда бақташылыққа немесе түрлі 

жұмыстар атқаруға уағдаласты. Уақытша Кеңес орынбор шекара ко-

миссиясына берген мәліметінде мұндай жалданбалылар санының жы-

лына 3000 адамға жететіндігін көрсеткен. Шөп шабу мен жинау кезінде 

әрбір қожайын күніне 30-40 адамнан жалдаған. Бөкейліктер көбінесе 

орал казактары иелігінде еңбек етіп, маусымдық жұмыстар біткен соң 

тұрақты жұмысқа немесе бақташылық қызметке қалдырылды [262, 43-

44 пп.].  

Бөкей  ордасын  басқару  жөніндегі  Уақытша  Кеңес  сыртқы  жер 

қатынастарын  реттеуде  де  толықтай  сәтсіздікке  душар  болды.  Бұл 



164

165


басқарушы орган хандық басшылары салған сара жолды жалғастыра 

алмады.  Бұрынғы  орда  билеушісі  тұсында  қазақтар  сыртқы  жер 

қатынастарына  қатысты  уайым  шекпеген  болса,  ендігі  кезекте  олар 

көрші  халықтардың  адуынынан  сескене  бастады.  Өйткені  Жәңгір 

ханның қазасын естіген бойда Астрахань губерниясының мемлекеттік 

шаруалары,  орал  казактары,  помещик  саяжайларының  тұрғындары 

бір мезетте бас көтерген. Жер дауының өртін ең бірінші болып влади-

мировка, Рождественский, Болхун, Новоникольское елді-мекендерінің 

мемлекеттік шаруалары тұтатқан. Жәңгір хан көзі тірісінде 1844 жылғы 

жер өлшеуші Плясовтың шешімімен келісіп, батыс шекарасы мәселесіне 

нүкте  қойған  еді.  Енді  1845  жылдың  қыркүйек  айынан  бастап  ескі 

тұз тасымал жолын іздестіру мәселесі қайтадан көтерілді. Астрахань 

мемлекеттік мүлік Палатасы 1845 жылы 10 қазанда Межелеу кеңсесіне 

Плясов тапқан жол бойында мемлекеттік шаруалардың 11 хуторы, 70 

ауласы бар екендігін ескеруін өтінген. Сөйтіп бұл шешімнің губерния 

шаруаларының экономикалық мүддесіне қайшы келетіндігін байқатты.

Жер дауын қалайда шаруалардың пайдасына шешуді ойластырған 

Межелеу кеңсесі түрлі әрекеттерге барды. 1847 жылы Кеңсе ескі тұз 

тасымал жолын табуды жер өлшеуші Чалпеевке аманаттады. Алайда 

мәселе тағы да шешімін таппады [240, 170-173 пп.].

1848 жылы даулы территорияны зерттеу жер өлшеуші Полевский-

ге  тапсырылған.  1848  жылы  12  наурызда  Астрахань  губерниясының 

Ішкі істер басқармасы Уақытша Кеңеске іздестіру жұмысына қатысу 

үшін тез арада депутат, сенімді өкіл, тілмаш жөнелтуін өтінген. Бұл 

аймақты бүге-шүгесіне дейін білетін Байтақ Өтепов қайтадан депутат 

ретінде жіберіледі.

Тұз  тасымал  жолын  іздестірудің  өзі  шытырманға  толы  болған. 

1848 жылдың 23 сәуірінде арнайы жасақталған топ Болхун ауылынан 

шығып,  қазыналық  жерде  орналасқан  Шұбалы  мекеніне  тұрақтаған. 

24-ші  сәуір  күні  Басқұншақ  көлінен  40  сажень  аттай  бергенде  жер 

өлшеуші Полевский 12 куәгер адамнан ескі тұз тасымал жолын білетін-

білмейтіндігін  сұрайды.  олардың  ішінен  бесеуі  ғана  жолдың  осы 

көлден бастап владимировка елді-мекеніне дейін баратындығын айта-

ды және көрсетеді. Экспедиция осы жолмен белгілер  орнатып, 3 верст 

қашықтықты  артқа  тастаған  кезде  жол  екіге  айырылады.  Куәгерлер 

шынайы  жолды  көрсетеді.  Алайда  Чернояр  аймақтық  басшысы  мен 

оның  сенімді  адамдары  көрсетілген  жолмен  жүргісі  келмей,  өзге 

бағытқа бұрылады. Жер өлшеуші қазақ депутаттары мен өкілдерінен 

сұраған кезде олар да орыс куәгерлері көрсеткен жолға сілтейді. даулы 

жолмен белгілер орната  отырып 8 верст жүрген кезде округтік басшы 

және өзге де мемлекеттік шаруа өкілдері ескі тұз тасымал жолының 

үлкен, әрі енді болу керектігін айтады. осы кезде куәгерлер арада 40 

жыл өткенін және ескі жолдың далбын елді-мекені шекарасы арқылы 

өту керектігін мәлімдеген.

Мұндай құйтырқы іс-әрекеттерге наразы болған депутат Байтақ 

Өтепов 1848 жылы 26 сәуірде Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша 

Кеңеске  былай  деп  жазды:  «округтік  басшының  дауды  мемлекеттік 

шаруалар пайдасына шешіп беруге ұмтылатындығына көзім жетті. ол 

ескі  тұз  тасымал  жолының  Қаракөл  барханы  арқылы  Царевск  уезді 

Михайловка  ауылына  қарай  бағытталғандығын  дәлелдеуге  тыры-

суда» [208, 56-51 пп.]. Бұл жолы да іздестіру жұмысы тиімді нәтиже 

бермеді.


1851 жылы ескі тұз тасымал жолын іздестіру Межелеу корпусының 

капитаны Кунинге тапсырылған. осы жылдың 24 мамырында Астра-

хань губерниясының Ішкі істер басқармасы Уақытша Кеңестен тағы 

депутаттар сұратады. 1830 жылы басталған межелеу жұмысының шеті 

1856  жылы  көрінгендей  болды.  Куниннің  көрсетуінше  мемлекеттік 

шаруалардың  Ішкі  ордамен  арадағы  шекарасы  Ахтуба  өзенінен  18 

верст қашықтықта орналасқан еді. Нәтижесінде Межелеу кеңсесі 1856 

жылы 13 қарашада өз үкімін шығарды. Пайдалысы 4937 десятина 1290 

сажень, ал пайдасызы 7011 десятина 118 сажень болатын даулы терри-

тория Болхун және Николаевск елді-мекендерінің қарамағына өткізілді 

[208, 168-169 пп.]. Топографтар корпусының геодезисті штабс-капитан 

Карликовтың  мәлімдеуінше  1845-1855  жылдары  бұл  аймақта  орыс 

шаруаларының Новый, Романов, воронин, Крейдянин, Рудаков, Федо-

тов, Губарев, Сверлов және Коржов атты елді-мекендері қалыптасып 

үлгерген [240, 56-58 пп.]. осылайша, Бөкейліктер өздеріне тиесілі жер-

лерден  айырылды  және  Үлкен,  Кіші  Қаракөл  тұрақтары  қазыналық 

ведомствоға өткізілді.

Бөкей  ордасының  соңғы  ханы  қаза  болғаннан  кейін  саяжай 

тұрғындары да батыл қадамға көшті. Тегеурінді қарсылық көрсетуші 

билеушінің жоқтығын пайдаланып помещик адамдары кордондардан 1 

верст қашықтықта шөп және қамыс шапқан, ал артылып қалғандарын 

қазақтарға сатқан. оған қоса жақын маңда көшіп жүрген Бөкейліктерді 

бұрынғысынша ақы төлеместен шөп тасуға мәжбүрлеген. Егер қазақ 

бас  тартса,  малдарын  тартып  алған.  дүние-мүлкін  қайтарып  алуға 

жақындаса,  шөп  тапталды  деп  айқай-шу  шығарып,  қазақтарды 

әбден  әбігерге  түсірген.  Қыс  кезінде  теңіз  жағалауында  көшіп 

жүрген  ордалықтардан  үлкен  көлемдегі  қыстау  ақысын  жинауды 

жалғастырған.

Сонымен  бірге  кордон  тұрғындарының  қазақ  малдарын  ұрлауы 

бұрын-соңды  болмаған  деңгейге  жеткен.  Ұрлықтың  ізін  суыт-



166

167


пай  батағаға  келген  жәбірленушілерді  шаруалар  ұрып-соғып,  қуып 

жіберген. Қазақтардың орыстардан қорқып, ештеңе айта алмауы сал-

дарынан іс 2-3 күнге созылып кететін еді. Ал бұл уақытта ұрылар етті 

жеп  немесе  малды  басқа  аймаққа  өткізіп  үлгерген.  Батаға  басшысы 

істі  қарау  үшін  өз  адамын  немесе  кордон  уряднигінің  танысын  ат-

тандырып отырған. Бұл өкіл адам істі тек қағаздай жүргізіп, шаруа-

ларды  ақтауға  тырысып,  жапа  шеккен  тарапты  қанағаттандырмаған. 

Астрахань губерниясынан 1845 жылы келген тергеуші Елизаров, 1846 

жылы  жөнелтілген  есаул  Плескачев  Бөкей  ордасы  мен  помещиктер 

саяжайы тұрғындары арасындағы дау-жанжалды шешуде әділеттілік 

танытпаған [263, 35,43 пп.].

1848 жылы 26 мамырда әр түрлі рудың сұлтандары, старшындары 

және өзге де өкілдері бар 21 адам Уақытша Кеңеске шағым түсірді. онда 

батаға тұрғындарының қазақтарға тиесілі қыстаулардың қамыстарын 

шабуды  қолға  алғандығы  баяндалған.  оған  қоса  әлдебір  қазақтың 

жеріндегі қамыстарды өзге Бөкейлікке шабу үшін жалға беріп отырған. 

Біртіндеп  қазақтардың  өз  иелігінде  өсіп  тұрған  қамыстарды  шабуы-

на тыйым салынған. Сол сияқты саяжай тұрғындары Бөкейліктердің 

шапқан шөбіне өздерін де, малдарын да жолатпаған. Керісінше үйілген 

шөмелелерді өздеріне тасып алып, қалған қалдықтарына жылқыларын 

жіберген. осылайша қазақтар не малға азық ала алмай, не жағар отын 

таппай әбігерге түсті [264, 10 п.].

орда  тұрғындарының  арыз-шағымдарына  көмілген  Уақытша 

Кеңес  помещиктермен  күресуде  дәрменсіздік  танытты.  Ел 

билеушілері  саяжайлармен  арадағы  шекараны  анықтау,  межелеу 

жұмыстарын  жүргізу  жөнінде  бастама  көтермеді.  дегенмен  Ресей 

патшасы жергілікті жайылым мәселесінің қиындығын ескеріп, 1849 

жылы  6  маусым  күні  қазақтарға  83481  десятина  жерді  жыл  сайын 

қазынадан 3000 қағаз ақша немесе 857 күміс сом төлеу арқылы жалға 

беру туралы Жарлық шығарды [22, с. 157]. Бұған қарамастан саяжай 

басшылары  жерді  пайдалануда  қазақтарға  қысымшылық  көрсетуін 

жалғастыра берген. олар Бөкейліктерге жалға берілуі тиіс телімдерді 

бөгде  біреулерге  қымбат  бағаға  сатып  отырған.  Бұл  территория  тек 

1879 жылы 18 желтоқсандағы патша бұйрығы бойынша Ішкі орданың 

толық иелігіне өтті [22, с. 158-159].

Ішкі ордада қалыптасқан саяси дағдарысты орал казак әскерлері 

өз  мүддесіне  сай  пайдалануға  тырысты.  олар  ордалықтарды  патша 

үкіметіне айдап салуды көздеді. осы мақсатқа жету үшін халық арасын-

да Жәңгір ханды орыс үкіметінің улап өлтіргендігін, қазақтарды басы-

байлы шаруаларға айналдырып, рекрутқа алатындығын уағыздайтын 

жасанды  әңгімелер  таратқан.  Әскерилер  мұндай  ақпараттарды 

естіген  көшпелілердің  жаппай  дала  бетке  ұмтылатындығына, 

сөйтіп  елеулі  территорияның  босайтындығына  сенді.  орал  казак-

тары  жекелеген  қазақтардың  Кіші  жүзге  оқталуын  жаппай  қозғалыс 

ретінде  көрсетіп,  губерниялық  басшылықтың  жөнсіз  мазасыздануын 

тудырған. Қазақтарды патша үкіметі алдында бұратана, бұзақы, дау-

жанжалға үйір халық ретінде сипаттауда әскерилер алдына жан сал-

мады. ордалықтардың мұндай арандатушылық саясатынан орынбор 

губернаторы в.А.обручев, оШК төрағасы Г.Генс, мемлекеттік мүлік 

министрі П.д.Киселев және өзгелері де хабардар болған. Әсіресе 1845-

1846  жылдары  казактардың  империя  мүддесіне  қайшы  әрекеттері 

қатаң сыналды [230, 260-269 пп.].

Үкіметтік органдардың түрлі ескертулеріне қарамастан орал ка-

зактары 1845-1850 жылдары Қосөзен, Қамыс-Самар аймағын игеруде 

Бөкейліктерді  шеттете  бастады.  1833  жылы  21ақпанда  қабылданған 

Ереже  елеусіз  қалды.  Жәңгір  Бөкейұлының  қазасы  оралдықтардың 

қазақтарды  экономикалық  қыспаққа  алуына  кең  мүмкіндіктер  ашып 

берді. орда тұрғындары казактардан жалға жер алуға, оброк төлеуге, 

барщина  өтеуге  мәжбүр  болды.  Нарын  құмдарының  жаз  мезгілінде 

бос болмауы себепті теңіз жағалауы тұрғындары да орал әскерлерінің 

жеріне табан тіреген [264, 10 п.].

1845 жылы 2 сәуірде шыққан патшаның орал казактары мен Ішкі 

орда  қазақтары  арасындағы  шекараны  анықтау  жөніндегі  Жарлығы 

қалыптасқан мәселені түбегейлі шеше алмады. Генерал-майор Яков-

лев  жетекшілік  еткен  межелеу  партиясы  хандықтың  территориясын 

өлшеуді қолға алды. Өлшеу жұмыстары 1845 жылдың қараша айында 

аяқталды және Ішкі орданың жалпы аумағы 6973004 десятина болып 

анықталды. Қазақтар тарапынан межелеуге депутат ретінде сұлтандар 

Тоқжан Мүшеғалиев, Ханкерей Хансұлтанов, Ескендір Шоқин қатысты 

[102,  105  п.].  Алайда  ордалықтар  межелеу  экспедициясы  көрсеткен 

шекарамен  келіспейтіндігін  білдірді.  Соның  салдарынан  казак-қазақ 

жер  дауы  ұзаққа  созыла  берді.  Біртіндеп  орданың  территориялық 

құрамы  бірқатар  өзгерістерге  ұшырады  және  уақыт  оралдықтардың 

пайдасына жұмыс жасады. 1871 жылы 29 наурызда Ресей патшасының 

Жарлығымен Ішкі орданың иелігінен 130539 десятина жер орал ка-

зак әскерінің пайдалануына берілді. осылайша, жаңа территориялық 

өзгерістер қаперге алынып 1873 жылы екі халық арасындағы шекара 

түпкілікті анықталып, бекітілді [22, с. 141].

Қорыта  келе,  патша  үкіметі  Ішкі  орданың  соңғы  ханы  қаза 

тапқаннан кейін елдегі жер мәселесімен жақынырақ таныса бастады. 

Алайда кейбір орыс шенеуніктері бұл жағдайдан хабардар болғандығын 

жасырмады.  отарлаушы  империя  елдегі  қоғамдық  жерлерді 



168

169


қайтадан  бөліске  салуды  ойластырды.  Жаңа  аграрлық  реформалар 

қалың  бұқараның  шаруашылық  қажеттіліктерін  қанағаттандыруға 

бағытталмақ болды. ол үшін ең алдымен феодалдардың жер иеліктерін 

тартып алу, кейін халық және мал санағын өткізу, орал казактары,  Ка-

спий теңізі жағалауларындағы помещиктермен арадағы жер дауын рет-

теу, содан соң барып жайылымдар мен шабындықтарды тең үлеске салу 

жоспарланды.  осы  арқылы  Ресей  үкіметі  ордадағы  халық  толқуын 

басуды, тұрғындарды жаңа саяси жүйеге бейімдеуді, қазақтардың мал 

шаруашылығын  жандандырып,  оның  өнімдерін  империя  саудасына 

кеңінен тартуды көздеді.

Алайда  құрылған  жоспарлардың  көптігіне  қарамастан  Ресей 

империясы  мен  хандық  басшылары  қалыптасқан  жер  қатынастарын 

өзгертуге  асықпады.  Ірі  жер  иеленушілердің  билік  басына  келуі 

жерсіздену үрдісінің одан әрі созылуына әкеліп соқты. Сөйтіп, Жәңгір 

ханның жер саясатының зардаптары Бөкей ордасын басқару жөніндегі 

Уақытша  Кеңес  билігінің  алғашқы  кезеңінде  де  сақталды.  Еңбекші 

халықтың  жайылымын  тартып  алып,  қайтадан  өздеріне  жалға  беру, 

жер өлшегені үшін пара талап ету жалғасын тапты. осылайша, ірі жер 

иелері  өз  артықшылықтарын  сақтап  қалды.  Ішкі  орданың  аграрлық 

тұрғыдан түбегейлі реформалануы тек ХІХ ғасырдың екінші жарты-

сында жүзеге асты.

  Хандық  билікті  алмастырған  жаңа  саяси  институт  Ресей 

империясының  бақылауында  болды  және  ұлттық  мүддені  қорғай 

алмады.  Нәтижесінде  Бөкей  ордасы  көрші  халықтармен  арадағы 

жер  дауында  ұтыла  бастады.  орал  казактарының,  саяжай  иелерінің, 

Астрахань  өлкесін  қоныстанушылардың  қазақ  жеріне  ішкерілей 

енуі  территориялық  тартысты  күшейтті.  Бірақ  патша  үкіметі  мен 

губерниялық  басшылық  жер  мәселесін  шешуде  көрші  халықтардың 

қамын  күйттеді.  Ал  құрамы  орыс  шенеуніктерімен  тола  бастаған 

Уақытша Кеңес дәрменсіздік танытты. Өз кезегінде бұл жағдай елдегі 

жайылым, шабындық мәселесінің шешілуін қиындатып отырды. 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет