Грамматика және оның салалары. Негізгі грамматикалық ұғымдар


Негізгі грамматикалық ұғымдар



бет2/50
Дата20.04.2023
өлшемі156,19 Kb.
#84943
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50
Негізгі грамматикалық ұғымдар
Тілдің грамматикалық құрылысын танып ,оның негізгі ерекшеліктерін анықтауда оған тән басты-басты грамматикалық ұғымдарды ажыратып, олардың ерекшеліктерін, сипатын айқындап алу қажет. Өйткені тілдің грамматикалық құрылысы сала-сала жүйелерден құралады да ,олардың тұтастығы сол жүйелерге тән белгілі заңдылықтарға сүйенеді.Қазақ тілінде ең басты грамматикалық ұғымдарға грамматикалық мағына, оның берілу тәсілінің бір түрі грамматикалық форма және екеуінің жүйелі жиынтығын құрайтын грамматикалық категория енеді. Бұл үшеуі бір-бірімен диалектикалық бірлікте болып, тілдің грамматикалық құрылысын құрайды да, қалған жекелеген грамматикалық единицалар мен құбылыстар, жүйелер осы ұғымдардан туындайды.


Грамматикалық мағына және оның түрлері
Тілдегі әрбір сөздің лексикалық мағынасымен бірге жалпы грамматикалық мағынасы да болады. Сөздің лексикалық мағынасы - нақты ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына - сөздің тым жалпы мағынасы,сол сөздің әртүрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлінбей,керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады. Грамматикалық мағына, айналып келгенде, сөздің лексикалық мағынасымен тікелей байланысты болады. Сонымен, сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөздерден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағынасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грамматикалық топ құруға бейімделеді. Грамматикалық мағына - лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынасының жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы.
Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына одан кейін пайда болды. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болады, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әртүрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек соның нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады.
Грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне,сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөліп қарау керек дейді профессор С.Исаев.
Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына сөз топтарының семантикалық сипаты болып табылады.
Грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріледі. Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағына категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет.
Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б аналитикалық, қатыстық тәсілдер арқылы да беріледі.Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атау керек.
Қатыстық грамматикалық мағына сөздердің сөйлемде атқаратын қызметтерімен байланысты және көбіне контекстік болып келеді де, сөздерді топтастыруда сөздердің синтаксистік қызметі принципіне негіз болады.

Қазақ тілінде грамматикалық мағынаны білдірудің төмендегідей тәсілдері бар:


1.Семантикалық тәсіл. Лексикалық мағынаның жалпыланып, абстракциялануы арқылы жалпы грамматикалық мағынаның пайда болуы.
2.Синтетикалық тәсіл қазақ тілінде ең жиі кездеседі.Әсіресе форма тудыратын қосымшалар арқылы неше алуан грамматикалық мағына беріледі.
3.Қазақ тілінде аналитикалық тәсілдің барлық түрлері кездесіп отырады. Негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі дегенде, әдетте ол сөздердің сол тұлғаларында бір-бірімен тіркесуі арқылы жеке тұрған кезінен өзгеше, жаңа грамматикалық мағынаны білдіруін айтамыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет