Грамматика және оның салалары. Негізгі грамматикалық ұғымдар



бет42/50
Дата20.04.2023
өлшемі156,19 Kb.
#84943
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   50
Топтау үстеулері
Қазіргі қазақ тіліндегі топтау үстеулері қимыл, іс-әрекеттің жасалуының топтық сипатын білдіреді де, нешеден? қаншалап? деген сұрақтарға жауап береді. Топтау үстеулеріне жататын сөздер төмендегідей: біреулеп, екеулеп, көптеп, қос-қостап, топ-тобымен, он-оннан, бір-бірлеп т.б. морфологиялық құрамы жағынан топтау үстеулері туынды түбір күйінде және қосарланған, яғни күрделі туынды түбір күйінде кездеседі. Топтау үстеулерінің жасалу жолдары:
1) –лап (-леп), -дап (-деп), -тап (-теп) жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Олар: екеулеп, мыңдап, көптеп, аздап, қостап, жекелеп т.б.
2) Қосарлану арқылы жасалаған күрделі туынды түбір топтау үстеулері: қос-қостап, топ-тобымен, он-оннан, бір-бірлеп, бес-ондап т.б.
Топтау үстеулері сөйлемде қалай? деген сұраққа жауап беріп, сын-қимыл пысықтауыш қызметінде жұмсалады. Жұмыскерлер жер барактарынан бір-бірлеп шығып айналаға тітіркене қарайды (Ғ.Мүсірепов).
Үстеудің сөйлемдегі қызметі
Үстеулер сөйлемде басқа сөздермен, көбіне, етістікпен қарым-қатынасқа түсіп, сөйлемнің бір мүшесі қызметін атқарады. Ол негізінен пысықтауыш қызметінде жұмсалады.
1.Үстеу семантикалық сипатына сәйкес қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі сын-сипаты, белгісін білдіреді. Осымен байланысты мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, сын-қимыл, мақсат, себеп пысықтауыш бола алады. Жайнағаның қараңғы түнде құлындай шыңғырған дауысы естілді (С.Мұқанов). Тұра қаштым жалма-жан (Абай). Ерекше бір азап дүниесінен келгендей (М.Әуезов). Боранды күні ығып келе жатқан қойға араласып, бет-бетімен бөліп-бөліп әкетіп, талай қойды қырып шықты (Сонда). Оразбай жалғыз көзін төмен салып... (Сонда). Аңшылық өмірінде талай қыранды көріп өткен (Сонда) деген мысалдардағы түнде үстеуі қашан? деген сұраққа жауап беріп, қимылдың өту мезгілін білдіріп, мезгіл пысықтауыш қызметінде, жалма-жан, ерекше сөздері қалай? сұрағына жауап беріп, іс-әрекеттің амалын білдіріп, қимыл-сын пысықтауыш болса, төмен үстеуі қимылдың орнын білдіріп, қайда? деген сұраққа жауап беріп, сөйлемнің мекен пысықтауыш мүшесі қызметінде, ал талай үстеуі қанша? деген сұраққа жауап беріп, мөлшер пысықтауыш қызметін атқарып тұр.

2. Кейбір үстеу сөйлем аяғында жіктеліп, баяндауыш болады. Іркітің де сонда, өлген малдың тері-терсегі де сонда (Ғ.Мүсірепов) деген сөйлемдегі сонда үстеуі ІІІ жақ жіктік жалғауының нөлдік тұлғасында тұрып баяндауыш қызметін атқарып тұр.


3. Кейбірі атау септігінде тұрып, субстантивтеніп, бастауыш болады. Еріншектің ертеңі бітпес (Мақал). Біразы – уылжыған жас, бірқатары – сақалдары күректей мұжықтар (Ғ.Мүсірепов) деген сөйлемдердегі ертеңі, біразы, бірқатары атау септігінде тұрып, бастауыш қызметінде жұмсалып тұр.
4. Зат есіммен, сын есіммен тіркесіп келіп, кейде анықтауыш қызметін атқарады: бірталай уақыт өтті, бірен-саран адам көрінеді, осынша өнерді қалай игердің?
5. Сөйлемде септеліп, заттанып толықтауыш та болады. Бірталайымен қол алысып амандасты (Ғ.Мүсірепов). Талайды осы күні-ақ жүрмін көріп (С.Торайғыров) сөйлемдеріндегі бірталайымен, талайды үстеулері көмектес септігі мен табыс септігінде тұрып толықтауыш қызметін атқарып тұр.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет