XІІІ тарау
ШАБУЫЛ
Жаудың үш лек əскері аптығып саспастан, абдырап қатар бұзбастан үш
жақтан бірдей жақындап келеді. Бізге бес жүз ярдтай қалғанда
ортадағы əрі ең басты лек, біз бекінген, Луу жақ бетке қарай, таға
тəрізді иіліп біткен қырқаның ішіне сұғына бойлаған түбек іспеттес
қолатқа жете бере тоқтады. Қалған екі лек қырқаны айналып өткенше
осы арада тосып тұрмақ, содан соң бір мезгілде үш жақтан бірдей
шабуыл басталмақ.
– Шіркін-ай, қолымызда гетлинг1 болса ғой! – деді Гуд төменде, иық
тіресе жыпырлап сапқа тұрған жауынгерлерге қарап. – Арада жиырма
минут өтпей, мен мына жазықты тазартып берер ем.
– Жоққа жүйрік жетпейді, – деді сэр Генри, – бас қатырып қайтесіз.
Ал, Куатермэн, атып көрсеңіз қайтер екен? Менің байқауымша, осы
лектегі барлық əскерге ана бір ұзын бойлы кісі басшылық етеді, соған
оғыңыз жетер ме екен? Бірақ, меніңше, оған нақ тигізу мүмкіндігіңіз
бен мүлт кету мүмкіндігіңіз пара-пар сияқты. Тура бір соверен бəс
тігейін, əрине, осы хикметтен басымызды арашалап аман шықсақ өз
қолымнан берем, сіздің оғыңыз нысанаға кем дегенде бес ярд
жетпейді.
Бұл сөз менің намысыма тиді. “Экспресті” жарылма оқпен оқтадым да,
біздің шебімізді анықтап көргісі келген қолбасы қасына нөкерін ертіп,
топтан он ярдтай ұзап шыққанша күтіп отырдым. Содан соң
етпетімнен жатып, винтовканы тасқа сүйеп, мұқият көздедім.
Қашықтыққа сай траекторияны жəне мылтығымның тек үш жүз елу
ярд жерден ғана ұратынын ескеріп, тура тамақтан көздегем.
Есебім бойынша, оқ кеудеден тиюге тиіс болатын. Қолбасы қамсыз
қалыпта, қозғалмай тұрды, қағып түсіретін-ақ сияқты едім. Əлде кенет
жел соғып кетті ме, əлде менің көңіл толқынысым əсер етті ме немесе
аралық мөлшерден тыс қашық болды ма, əйтеуір ойым ақталмады.
Нық көздеп тұрып шүріппені тарттым. Түтін тараған кезде қарасам,
қолбасы аман-сау, бəз-баяғы орнында тұр, ал жаңа оның сол жағында
үш қадамдай жерде тұрған нөкер жерде құлап жатыр, сірə, оқ тиген
сəтте жан тапсырса керек. Менің қаншалық күйінгенімді айтып
жеткізу қиын.
Есін жиып алған қолбасы асып-сасып жалт бұрылды да, арттағы
əскеріне қарай қаша жөнелді.
– Жарайсың, Куатермэн! – деді Гуд айқайлап. – Бəлемнің зəресін
ұшырдың!
Бұл сөз мені одан əрмен күйдірді. Мен үшін дүйім жұрт алдында атқан
оғымды нысанаға дарыта алмағаннан артық ұятты іс жоқ еді. Жалғыз-
ақ істің білгірі саналатын адам қашанда осы кəсіптің асқан шебері
деген абыройын жоғары ұстауға тырысады. Сəтсіздіктің жыныма
тигені соншалық, құтырып кете жаздадым. Сол сəтінде екінші бір
əнтек іске ұрынғаным. Асығыс көздедім де, қашып бара жатқан
генералдың соңынан екінші оқты жібердім. Абырой болғанда, оқтың
нысанаға дəл тигені – байғұс қолын ербең еткізіп жоғары көтере бере
мұрттай ұшты. Ал мен қуанышым қойныма сыймай, нағыз жабайы
кейіпте масаттансам керек. Мұның бəрін айтып отырғаным, пенде
қашанда пенделігін жасайды екен, өзіміздің қауіпсіздігіміз, атақ-
абыройымыз, мансап-дəрежеміз сарапқа түскен шақта басқа жұрт
туралы ойды көңілден біржола аластаймыз ғой.
Менің ерлік ісімді көрген біздің жауынгерлер айқайласып шуласып,
қуана ризашылық білдіріп, мəз боп қалды. Осының бəрі біздің
сиқырлы күшіміздің жаңа дəлелі ғана емес, жақсы жоралғы ретінде де
қабылданса керек.
Сардарынан айрылған жау əскері (кейін білдік, оққа ұшқан адам
шынында да осы лектің қолбасысы екен) сап тəртібін бұзып, үйме-
жүйме боп кейін шегінді.
Сэр Генри мен Гуд винтовкаларын ала сала тарсылдатып атуға кірісті.
Əсіресе жіті қимыл көрсеткен Гуд еді. Ол қарақұрым боп жапырлай
шегініп бара жатқан жау тобына қорғасын оқтың бірінен соң бірін
жөнелтіп жатты. Мен де екі рет оқ аттым.
Осының нəтижесінде жау əскері оқ жетер шамадан ұзап кеткенше біз
жеті-сегіз адамды қатардан шығардық. Көп ұзамай-ақ оң жақ
қапталдан жер күңіренткен үрейлі ұран естілді. Сол сəтінде-ақ бұл
айбатты айқай-сүреңге сол қапталдағы жау əскері де қосылды. Ұран
салған, қиқулаған мың сан қол біздің шепке екі қанаттан қатар қаптап
қоя берді.
Екі бүйірден бірдей шыққан ұранды құлақтары шалысымен, қара нор
боп бізге қарсы бетте тұрған жау əскері қайтадан қатар түзеді. Əлдебір
жабайы əнге басып, айқай-сүрең салып, лап берді.
Қатарларын бұзбай, баяу жүріспен екпіндей алға басқан жау етектегі
жасыл қолат арқылы шабуылдап келеді. Біз үшеуміз үсті-үстіне атып
жатырмыз (Игнози бұл іске бой салып кірісе қойған жоқ), алайда көпке
топырақ шашамысың, санаулы ғана кісіні өлтірсек керек. Қара нөпір
боп қаптай төгілген жауға қарсы оқ ату – өркеш-өркеш, жал-жал
толқынды қиыршық тас лақтырып тоқтатпақ болған əрекетпен пара-
пар тəрізді еді.
Сүңгілерін жарқылдата сермеп айқайлай алға басқан жау қолы біздің
қырқа етегіндегі күзет əскерлерімізді ығыстырып шығарды. Бұдан соң
шабуыл бəсеңсіп қалды. Біз қарсылық көрсетпегенмен де, биікке қарай
өрлеген жау амалсыздан баяу жылжуға мəжбүр болған.
Біздің алғы шебіміз беткейдің қақ орта тұсына орналасқан еді. Екінші
шеп одан елу ярд жоғарыда, ал үшінші шеп қырқаның құлай беріс
қабағында тұрған.
Жау:
– Twala! Twala! Chiele! Chiele! (Твала! Твала! Ұр! Ұр!) – деген
ұранмен, қатты айғаймен жоғары қарай өрлей берді, өрлей берді.
Біздің жауынгерлер де ұран сала бастады:
– Ignosi! Ignosi! Chiele! Chiele! (Игнози! Игнози! Ұр! Ұр!).
Жау тіпті жақын қалды. Ауада ілгерінді-кейінді
лақтырылған селебе пышақтар жарқылдай бастады. Содан соң екі жақ
та жер күңіренте айғай-сүреңге басып, бетпе-бет айқасып кетті.
Қиян-кескі ұрыс басталды. Өліспей беріспен деп қан жұта шайқасқан,
бақ тайып, басына қара күн туған адамдар күзді күнгі желмен ұшқан
жапырақтай жапырлай жер құшып жатыр. Толассыз ажал, тоқтаусыз
өлім.
Көп ұзамай саны басым жау дендей бастады. Біздің алғы шептегі,
қатары селдіреген жауынгерлеріміз ұрыса шегініп, екінші шепке кеп
қосылды. Ұрыс қайта қызды.
Жау тағы да басым түсті. Қара күшке төтеп бере алмаған біздің əскер
селебе лақтырып, найза сілтеп, қаржыса шайқасып, жоғары қарай
шегіне берді, шегіне берді.
Арада жиырма минут өткенде ұрыс дабылы біздің үшінші, ең соңғы
шебімізге де жеткен еді.
Алайда бұл кезде жау əскері ауыр шайқастан қажи бастаған.
Сандары да əлдеқайда көп селдіреген. Жараланғаны қаншама.
Үшінші шепті əуелгі екеуіндей тапап кете алмады.
Біраз уақ екі жақ табан тіресе айқасты. Қасап қырғын қанын
қыздырған, бойын ашу буған жабайылар дауылды күнгі сеңдей ары бір
толқып, бері бір толқып, жеңісе алмай көп қаржысты. Бірде бəсеңсіп,
бірде жаңа күшпен қайта қызған ұрыстың қашан тынары белгісіз. Кім
жеңері тағы беймəлім.
Сэр Генри манадан бері көздері оттай жайнап, қырғын соғысқа
бажайлай қарап тұрған. Кенет бір ауыз тіл қатпастан орнынан атып
тұрып, қасап майданға араласып кетті. Гуд те оның артынан жөнелген.
Ал мен болсам, осы отырған орнымда қала бергенді мақұл көрген едім.
Сэр Генридің алып тұлғасын көрісімен біздің жауынгерлер бойларына
тың күш құйылғандай жауға қарсы жаңа қайратпен ұран сала
ұмтылды.
– Nanzia Inkubu! Nanzia Inkungunklovo! (Піл бізбен бірге!)
Chiele! Chiele!
Осы сəттен бастап, ұрыстың немен аяқталарына ешқандай күмəн
қалмады.
Қасарыса тірескен жау əскері кері ығыса бастады. Қайтпай шайқасқан
беттері баяу шегініп, төмен қарай түсіп барады. Ақыры берекелері
кетіп, қатарлары бұзылған күйде, еңісте резервте тұрған
жауынгерлерге барып қосылды.
Осы кезде шапқыншы келіп, сол қанатта да шабуылдың
тойтарылғанын хабарлады.
Аз уаққа болса да тыныштық тапқан шығармыз деп ойлап ем,
астамшылық екен. Келер мезетте жалғыз мен ғана емес, бəріміздің
бірдей зəреміз ұшарлық іс болды. Оң қанатта шайқасып жатқан
жауынгерлеріміз қыр үстінде дүркірей қашып келеді. Соңдарында
ұрандай өкшелеген қара құрым жау əскері. Шебіміз бұзылған, дұшпан
бел алған.
Менің қасымда тұрған Игнози істің жай-жапсарын бірден аңдады да,
қолма-қол біздің жанымызда тынығып жатқан резервтегі Сұр
сарбаздар полкін тік көтерді. Сұр сарбаздар əп-сəтте сап түзеп, ұрысқа
дайын бола қалды.
Игнози бөгелместен қарсы шабуылға шығу туралы бұйрық берді. Жаңа
бұйрықты хабаршылар қағып алып, əскербасыларға жеткізіп жатыр.
Арада қас қағымдай да уақыт өткен жоқ, сорыма қарай, жауға қарсы
жөңкіле шапқан көп əскердің қақ ортасында бара жатқанымды бір-ақ
аңдадым. Қалай екенін өзім де білмей бастап кірісіп кеткен соң,
жұртпен бірге жүгіре бергеннен бөтен амал қалмады. Алып денелі
Игнозидің қасынан қалғым келмей, жанұшыра безіп келем. Қайтсем
тезірек өлем деген қарекеттегі адам тəріздімін.
Уақыт адам айтқысыз жылдам өтіп бара жатқандай көрінді маған. Екі-
үш минуттың ар жақ-бер жағында біз тым-тырақай қашып келе жатқан
өз əскерімізді сыналай жарып өттік. Олар да қолма-қол ес жиып, біздің
артымызда сап түзеп тұра қалды.
Содан соң... Содан соң не болғанын білмеймін. Үрейлі айқай... Біріне-
бірі соқтығысқан қарулардың даңғыраған даусы... Бар есімде қалғаны,
кенет қарсы алдымнан көзі адырая ұясынан шыққан, түрінен жан
шошырлық еңгезердей қарақшы пайда бола қалды. Қан-қан болған
найзасын тура өңменімнен қадағалы келеді. Мұндай құбыжыққа көзі
түскен бетте көп жұрт өзінен өзі-ақ есінен танып құлар еді, бірақ
мақтаныш болса да айтайын, мен сасқам жоқ. Əлдебір əрекет
жасамасам, шаншып түсіруі анық екенін бірден ұқтым да, құбыжық
маған ұмтыла бергенде, бар екпініммен оның аяғының астына құлай
кеттім. Қарақшы аяғынан баса алмай мұрттай ұшты. Ол қайта
тұрғанша мен де белімнен тапаншамды суырып үлгерген едім. Қолма-
қол атып өлтірдім.
Осыдан соң біреу менің өзімді ұрып жықса керек, есімнен танып
қалыппын. Əлдебір уақта есімді жидым. Басыма төніп Гуд отыр екен.
Қолында су құятын қауақ. Жан-жағыма қарадым. Тастақ төбешіктің
түбінде, яғни өзіміздің қырқа басындағы бақылау пунктімізде жатыр
екем.
– Хал қалай, қартым? – деп сұрады абыржыңқы үнмен. Мен тұрдым
да, жауап берместен бұрын басымды сілкіп көрдім.
– Рахмет, жаман емес.
– Құдайға шүкір. Сізді осылай қарай əкеле жатқанын көргенде буын-
буыным қалтырап кетті: біткен екен деп ойладым.
– Бұл жолы, əйтеуір аман қалдық, достым. Басыма соққы тиген соң
есімнен танып қалсам керек. Ал енді айтыңызшы, шайқас немен
тынды?
– Əзірге жау шабуылы барлық бағытта да тойтарылды. Шығында
қисап жоқ. Өлгені бар, жараланғаны бар, екі мың адамымыз қатардан
шықты, ал олар үш мыңдай кісіден айрылса керек. Мына көрініске
қараңыз.
Гуд сілтеген жаққа көз салдым. Ұзыннан-ұзақ шұбырған жұрт бізге
қарай беттеп келеді. Адамдар төрт-төрттен жіктеліп, зембіл көтеріп
алған. Өгіз терісінен жасалған, төрт бұрышына ұстауға ыңғайлы төрт
ілгек қадалған мұндай зембілдер кукуан армиясының əрбір отрядында
жеткілікті мөлшерде болатын. Міне, енді осы зембілдермен жаралы
жауынгерлерді тасуға кіріскен екен.
Келіп жатыр, келіп жатыр. Шеті, шегі жоқ тəрізді. Əкелінген бетте
жаралы адамдарды емшілер асығыс қарап шығады (əр полкте он емші
болатын). Егер жарақат онша ауыр болмаса, жаралы жауынгерлерді
тиесілі жерге алып кетеді де, мүмкіндігінше мұқият емдейді. Ал жара
жазылады деген үміт болмаса, онда емшілердің бірі қолына өткір
кездік алып, бақытсыз жанды айналдырып көрген боп тұрады да, күре
тамырын қиып жібереді. Жарадар сорлы көп қиналмай, тез жан
тапсырады. Əрине, сұмдық салт, бірақ екінші бір есептен алғанда, бұл
нағыз мейірбандық демеске əддің жоқ.
Сол күні мұндай жағдай көп болды. Əдетте бұл істі жауынгер кеудеден
жараланған кезде ғана жүзеге асырады. Өйткені кукуан найзаларының
сүңгісі өткір де жалпақ, найза тиген жара əрі терең, əрі аумақты келеді,
мұндай жараны емдеп жазу мүмкін емес.
Ауыр жаралы жауынгерлер көбіне ес-түсін білмей жатты; ал есінен
танбаған жаралылардың күре тамыры үлкен ептілікпен, əрі тез
қиылғандықтан ол байғұстар не боп кеткенін аңдамай да қалатындай.
Бірақ осы көріністің өзінің үрейлілігі сондай, Гуд екеуіміз бұдан ары
тұруға шыдай алмадық.
Емшінің қанға боялған қолындағы өткір кездік күре тамырларды орып
жатыр, орып жатыр, жаужүрек ерлердің жан азабын тоқтату үшін
жасалған осы бір қорқынышты операция кезіндегідей ауыр хəлді мен
бұрын-соңды бастан өткергем жоқ. Тек бір-ақ рет, қырғын соғыстан
соң, Свази тайпасының адамдары өздерінің ауыр жаралы
жауынгерлерін жерге тірідей көміп жатқанын көрген кезде ғана дəл
осындай күйге түсіп едім.
Жантүршігерлік істі көрмеу үшін біз қырқаның екінші жақ шетіне
қарай беттедік. Бұл жерде қолынан айбалтасын əлі тастамаған сэр
Генри, Игнози, Инфадус жəне тағы бір-екі көсем тұрған. Əлдебір аса
маңызды кеңес үстінде тəрізді.
– Құдайға тəуба, келгеніңіз жақсы болды, Куатермэн, – деді сэр Генри.
– Мен Игнозидің не істегісі келетінін онша түсінбей тұрмын.
Шабуылды тойтардық-ау, бірақ Твалаға жаңадан көп əскер келіп
қосылған тəрізді. Бізді қоршап алып, аштан қатырмақ ойда ма деймін.
– Олай болса, хəліміз мүшкіл.
– Оған күмəн жоқ. Мұның үстіне Инфадус біздің суымыз таусылуға
жақын деп тұр.
– Иə, су аз, əмірші иелерім, – деді қарт жауынгер. – Бұлақтың суы
осыншама адамды қамтамасыз етуге жарамайды, көзі тартылып бара
жатыр. Кеш батқанға дейін-ақ шөл азабына ұшырауымыз анық.
Тыңдашы, Макумазан! Сен дана адамсың, өзің келген елде талай
соғысқа да қатысқан шығарсың, əрине, сіздер сияқты жұлдыз
тұрғындары өзара соғысатын болса. Айтшы, не істеуіміз керек? Твала
жаңадан əскер жиды. Ұрыста өлгендердің орнын енді солар басады.
Бірақ Тваланың тұмсығы тасқа соғылды: қаршыға көкқұтаннан таяқ
жеймін деп сірə да ойлап па. Біздің өткір тұмсығымыз оның кеудесіне
оңбай қадалды, екінші қайтара шабуыл жасауға батылы бармайды. Біз
де қажыдық. Енді ол біздің өлімімізді күтіп тыныш қана отырады.
Жыланның өз құрбандығын буып тастайтыны сияқты, бізді берік
қоршап алады да, істің ақырын, яғни біздің өз еркімізбен берілуімізді
күтіп жата береді.
– Түсінікті, – дедім мен.
– Сонымен. Макумазан, көріп тұрсың ғой, су жоқ, тамақ аз, сондықтан
біз үштің бірін таңдауымыз керек: я өз үңгірінде жатып аштан қатқан
арыстанша ажалға мойынсұнып, отыра береміз, я қоршауды бұзып,
солтүстікке жол ашуға тырысамыз. Немесе, – Инфадус орнынан
көтерілді де, иін тіресе қатар түзеп, көз көрім жерді түгел алып тұрған
жау əскерін нұсқады, – тəуекел деп мыналарға қарсы шауып, Тваланы
тура тамақтан аламыз. Инкубу – нағыз баһадүр. Бүгін ол торға ілінген
буйволша арпалыса шайқасты, Тваланың талай адамы бұршақ соққан
жас бидайдай жапырылып, оның балтасының астында жер құшты.
Инкубу: “Шабуыл!” дейді. Піл қашанда шабуылды сүйеді. Кəрі
Макумазан, көпті көрген, басынан талай сұмдықты өткерген қу түлкі,
үнсіз шағатын, шаққан жерін өртеп түсетін улы жылан Макумазан не
айтар екен? Шешуші сөз, əрине, Игнозидікі, өйткені ол – король,
король айтқан сөз қалт етпей орындалады, бірақ алдымен, о,
Макумазан, сенің сөзіңді жəне Шыныкөздің сөзін естіп алғымыз
келеді.
– Ал сен не айтасың, Игнози? – деп сұрадым мен.
– Жоқ, жан əке, – деді біздің бұрынғы қызметшіміз, ал қазір жабайы
үлгідегі салтанатты əскери киім киініп, мұздай құрсанған жауынгер-
король, – алдымен сен сөйле, мен тыңдаймын. Сен данасың; сенімен
салыстырғанда мен əлі тілі шықпаған бала сияқтымын.
Игнози осыншама өтінген соң мен Гудпен жəне сэр Генримен шұғыл
ақылдасып алдым да, өзімнің пікірімді айттым. Қоршауда отырмыз əрі
су тапшы, сондықтан біздің өзіміз Твалаға қарсы шабуылға шығуымыз
керек. Жəне кідірмеуіміз қажет дедім мен. “Бойымыздағы жара қара
қотырланбай”, саны басым əскердің айбарынан біздің жауынгерлердің
жүрегі “отқа түскен майша ерімей” тұрғанда қару сілтеп баққан жөн.
Əйтпесе дедім мен, кейбір сардарларымыздың көңіліне қобалжу енуі,
енді біреулерінің, тіпті Тваламен қайтадан тіл табысып, бізді сатып
кетуі де ықтимал.
Менің пікірімді жұрттың бəрі үлкен ықыласпен, мақұлдай отырып
тыңдады. Айта кетейін, бұдан бұрын да, бұдан кейін де менің
кеңесімді ешкім кукуандар құсап құрметпен, ілтипатпен тыңдап
көрген жоқ.
Алайда ең соңғы сөз Игнозиге тиесілі еді. Заңды король деп
танылғаннан бері мүлде тежеусіз дерліктей билікке ие болған Игнози
əскери істе де шешуші роль атқаратын. Бəріміз соның аузына қарап,
тына қалдық.
Сірə, қазіргі жағдай туралы ойлана түскісі келсе керек.
Игнози біраз уақыт үнсіз тұрды.
– Ақ түсті жаужүрек достарым Инкубу, Макумазан жəне Бугван! Жəне
сен, менің əкемнің інісі Инфадус жəне сендер, сардарлар! – деді содан
соң. – Мен мынадай шешімге тоқтадым: Твалаға бүгін шабуыл
жасаймыз жəне менің тағдырым, менің өмірім, иə, менің өмірім, менің
ғана емес, осы тұрған бəріміздің өміріміз осы соққының нəтижесіне
байланысты. Тыңдаңдар менің шешімімді. Көріп тұрсыңдар ғой, біз
бекінген қырқа жаңа туған ай сияқты иіліп біткен, иіннің қақ ортасы
көк жамылған тілдей қолат.
– Иə, солай, – дедім мен.
– Былай болсын, – деді Игнози сөзін жалғастырып. – Қазір тал түс.
Жауынгерлеріміз ас ішіп, əл жиып, ауыр ұрыстан соң біраз тынықсын.
Күн көк өрлеген жолынан тайып, төмен құлап, ұясына қонуға тақаған
кезде сенің полкің, Инфадус, соңынан тағы бір полк ертіп, еңістегі
жасыл қолатқа түседі. Мұны көре салысымен Твала сенің
жауынгерлеріңді қырып салмақ болып, өз əскерлерін шабуылға
шығарады. Бірақ жер тар, жау əскері бір мəрте шабуылда саған қарсы
бір полктен артық əскер жұмсай алмайды. Сенің жауынгерлерің
оларды бірінен соң бірін харап ете бермек. Тваланың бүкіл əскерінің
бар назары осы ұрысқа, бұрын-соңды адам баласы көрмеген ұлы
шайқасқа ауады. Сенімен бірге, Инфадус, майданға менің досым
Инкубу шығады. Инкубудың Сұр сарбаздардың ең алғы қатарында,
кесе-көлденең келген жұртты баудай түсіріп, жарқ-жұрқ етіп ойнаған
айбалтасын көрісімен-ақ Твала дүниеден күдер үзе бастайды, көңіліне
қорқыныш енеді, ойына қайғы түседі. Мен сенің арт жағыңда тұратын
екінші полкті бастаймын. Егер Сұр сарбаздар түгелімен харап болса,
ал бұл əбден ықтимал нəрсе, артта король бар, қалған əскер өздерінің
королі үшін шайқасты одан ары жалғастырады.
Менің қасымда дана Макумазан жүреді.
– Жақсы, о, король! – деді өзінің полкінің құрбанға шалынып, біржола
жойылатын іске жұмсалған хабарын салқын сабырмен тыңдаған
Инфадус.
Шынында да, кукуандар – ғажайып халық. Азаматтық борышын өтеу
жолында олар ажалдың өзінің бетіне күле қарайды.
– Тваланың бар əскерінің назары осы шайқаста болып тұрған кезде
біздің тірі қалған жауынгерлеріміздің үштен бірі, яғни алты мыңдай
адам қырқаның оң жақ жотасын тасалана еңбектеп, төмен түседі де,
Твала армиясының сол қанатына бас салады, ал тағы да алты мыңдай
сарбазымыз қырқаның сол жақ жотасын тасалап келіп, жаудың оң
қанатына қарсы шабады. Екі жақтан бірдей еңіске түскен əскеріміз
шабуылға əзір болған сəтте мен Твалаға тура қарсы беттен тиісем. Егер
жолымыз ашылып, бағымыз жанса, жеңіске жетеміз, түн өзінің қара
өгіздеріне мініп, тауды басып өткенше жанымыз жайланып, Луу
шаһарында отырамыз. Енді ас ішіп, əл жиып алайық, ұрысқа
сайланайық. Ал сен, Инфадус, менің жарлықтарымның нақпа-нақ
орындалуын қадағала. Иə! Менің ақ түсті əкем Бугван жарқыраған
шыны көзінің нұрымен жолында кездескен дұшпан атаулыны
жайратып, достарының күшіне күш, қайратына қайрат қосып, оң
қанаттағы əскермен бірге аттансын!
Бұл шұғыл бұйрықтар адам айтқысыз тез арада жүзеге асып жатты.
Осының өзінен-ақ Кукуанстанда əскер ісінің қаншалық шебер
ұйымдастырылғанына тағы бір рет көзім жеткендей болды.
Арада бір сағат өтер-өтпесте жауынгерлерге тамақ дайындалып берілді
(алдына тартылған асты жұрт сол сəтінде-ақ орнына келтірді), əскер
үш лекке бөлінді, үлкенді-кішілі сардар атаулыға шабуыл жоспары
нақтап түсіндірілді. Сөйтіп, тез арада он сегіз мың жауынгерден
құралған армия соғысқа сақадай сай болды. Жаралыларды күтуге
қалған аз күзетші болмаса, алдағы шабуылға біздің бар əскер
жұмылған.
Осы кезде Гуд келіп, сэр Генри екеуміздің қолымызды алды.
– Хош болыңдар, достарым, – деді ол. – Бұйрыққа орай мен оң
қанатпен бірге аттанам. Сендермен қоштасуға келдім. Бəлки, енді
қайтып көріспеспіз, – деді содан соң сөзіне ерекше мəн-мағына бере
сөйлеп.
Біз үнсіз күйде қол қысып, осындай сəттерде ағылшындар ұстанатын
рəсім бойынша жан толқынысына көп ерік бермей, сабырмен
қоштастық.
– Біздікі тəуекелдің ісі, – деді сэр Генри, құлаққа жайлы қоңыр даусы
болмашы дір етіп. – Шынымды айтсам, ертең шығатын күнді көрем
деп үміттенбеймін. Мен қосылған Сұр сарбаздар полкі қалған əскер
қырқадан көзге шалынбай аман түсіп, Тваланың қалың қолын айналып
өтіп, жауға тұтқиыл шабуыл жасауға мүмкіндік алғанға дейін
соғысуға, яғни бірі қалмай қырылғанға дейін шайқасуға тиіс. Несі бар,
солай-ақ болсын! Қайткенде де бұл – ерге лайық ер өлімі! Хош
болыңыз, қартым, – деді ол маған қарап. – Тəңір жар болғай! Сіз осы
хикметтердің бəрінен аман құтылар, тіпті асыл тастарды да қолға
түсірер деп үміттенем. Бірақ, Куатермэн, тағдыр жазып тірі қалсаңыз,
əманда есіңізде болсын, мен бір кеңес айтайын: алдағы уақта таққа
таласқан үміткерлерден аулақ жүріңіз.
Гуд қолымызды қатты қысып, бізбен екінші қайтара қоштасып, жүріп
кетті. Содан соң қасымызға келген Инфадус сэр Генриді Сұр сарбаздар
полкінің алдыңғы қатарындағы тиесілі орнына бастап əкетті. Ал мен
болсам, көңілімді қайғы құрсаған, ауыр ойлар езген тұнжыраңқы
қалыпта екінші лекте шабуылға шығуға тиіс полкке барып, саптағы
өзіме лайықталған орынға тұрдым.
Достарыңызбен бөлісу: |