Хаггард Генри Сүлеймен патшаның кеніші Орыс тілінен аударған М. Мағауин



Pdf көрінісі
бет17/23
Дата03.11.2022
өлшемі0,98 Mb.
#47311
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   23
XVI тарау
АЖАЛ САРАЙЫ
Алғы тарауда баяндалған əңгімеден соң үш күн өткенде, кешқұрым, біз
Сүлеймен патшаның Даңғыл Жолының ұшындағы Үш Сиқыршы деп
аталатын үш айыр таудың етегіне орналасқан шағын краальге
қоналқаға тоқтадық. Жанымызда бізге Гуд үшін ерген Фулата,
Инфадус, Гагула жəне бір топ қызметшілер мен жасауылдар бар.
Қызметшілер Гагуланы шатырлы зембілге салып, көтеріп алып жүрген
еді. Жол бойы бізді қарғап-сілеумен болды.
Тау, дəлірек айтсақ, сірə, белгілі бір геологиялық құбылыс нəтижесінде
бір мезгілде пайда болған биік үш шоқы үшбұрыш тəрізді қоралана
біткен екен. Біз тура кіреберіс қақпада тұрмыз: бір биік оң жақ
қапталда, екінші биік сол жақ қапталда, ал үшінші, ортаңғы биік қарсы
бетте.
Ертеңіне таңертең біздің алдымыздан айқара ашылған көріністі
ешқашан ұмытпаспын. Бастарына ақ қалпақ киген, ұшар биігін күн
сүйген үш сеңгір көкке тіреле асқақтап тұр. Қарлы алқаптан төменгі,
сыңси арша өскен белдеу жасыл барқынданып көрінеді. Еңіспен
астасқан тау етегі де жасыл түсті.


Қарсы алдымызда аппақ ақ жолақ боп Сүлеймен патшаның Даңғыл
Жолы жатыр. Бізден бес мильдей жерде тұрған ортаңғы биікке өрлей
бере кілт үзіледі екен. Жол ұшығы да осы көрінеді.
Сол күні ертемен жолға аттанған сəтте бойымызды билеген сезімді
сөзбен сипаттап жеткізу қиын. Біздің қандай күйде болғанымызды
оқушымның өзі-ақ шамалар. Ойлап көріңіз, біз ақыры, бүдан үш жүз
жыл бұрын кəрі португалдың, содан соң оның бейбақ ұрпағының
қайғылы қазаға ұшырауына жəне біздің ойымызша, сэр Генридің інісі
Джордж Куртистің де опат табуына себепкер болған ғажайып кен
орнына қол созым ғана жерде тұрмыз.
Басымыздан қаншама хикмет өткердік, қаншама михнат шектік, тағы
не күтіп тұр бізді? Сендерден бұрынғылардың бəрі бақытсыздыққа
ұшырады деді кəрі мыстан Гагула. Біз де сол кепті киіп жүрмейміз бе?
Қайткенде де, Даңғыл Жолдың бітер тұсындағы ең соңғы
шақырымдарды жүріп өту үстінде менің бойымды əлдебір тылсым
үрей басты да тұрды. Гуд пен сэр Генри де дəл осы сезімде болды ғой
деп ойлаймын.
Екі өңірін арша көмкерген қара жолмен бір жарым сағаттай жүрдік.
Əуелде бойды билеген толқыныс əсерінен асыға, аптыға жүргеніміз
соншалық, соңымызда Гагуланы зембілге салып əкеле жатқан кісілер
бізге əрең ілесіп отырды. Кенет Гагуланың өзі біздің тоқтауымызды
талап етіп, шəңкілдеп айқайлап қоя берді.
– Жайырақ жүріңдер, ақ адамдар! – деді қышқырып, адам көргісіз,
быжыр-тыжыр басын перде астынан қылтитып, өзінің шырадай
жанған отты көздерімен бізге қадала қарап. – Қапысыз өлімге қарай
сонша асыққандарың не, қазына іздеушілер!
Сөйдеді де, өзінің əдепкі, қорқынышты күлкісімен шиқылдап кеп
күлді. Менің төбе құйқам шымырлап кеткен.
Бұл күлкі біздің қызу көңілімізді су сепкендей басты. Алайда біз
бөгеліссіз алға қарай жүре бердік.
Ақыры тереңдігі үш жүз футтай, аумағы жарты мильден астам,
қабырғалары түйетайлы, дөп-дөңгелек, үлкен шұңқырға келіп тірелдік.


– Əрине, мұның не екенін өздеріңіз де аңдаған боларсыздар, – дедім
алып воронка тəрізді шұңқырға таңырқай қарап тұрған сэр Генри мен
Гудқа.
Екеуі де бастарын шайқады.
– Осыдан-ақ сіздердің Кимберлидегі алмасты кен орнын
көрмегендеріңіз аңғарылады. – Күмəндарыңыз болмасын, Сүлеймен
патша асыл тастар іздеген кеніш осы, – дедім де, шұңқыр қабырғасын
жапқан қалың бұта мен шөп арасынан əр жерден сығалаған, қатып
қалған көкшіл батпақ ізін көрсеттім.
– Мынау əдепкі геологиялық түзіліс. Егер шұңқырдың түбіне түссек,
кимберлит магмасы немесе алмасты брекчия1 бар тастарды өз
көзімізбен көрер едік. Ал енді мына жаққа қараңыздар. Мен көне су
құбырының орнынан төменіректе, шұңқырдың түйетайлы
қабырғасында жымдастыра қаланған жалпақ тастарды нұсқадым. –
Егер осы жалпақ тастар бір заманда кенді жууға пайдаланылмаған
болса, мүрдем кетейін.
Кəрі португалдың картасында “Кеніш” деп белгіленген осы алып
шұңқырға жеткен кезде Сүлеймен патшаның Даңғыл Жолы қақ
жарылып, оны айнала құрсайды екен, Шұңқырдың дəл іргесімен жүріп
өтетін жол жиектей көмкеріліп, таспен шегенделіпті. Сірə, кен қазған
шұңқырдың қабағы ішіне опырылып түсе бермес үшін жасалған амал.
Шұңқырдың қарсы бетінде андағайлап тұрған үш алып мүсіннің не
екенін тезірек білмек боп, жіті адымдап, жолға түстік. Анадайдан-ақ
бұл – əлдеқандай пұт құдайлар болар деп шамалап едік, қателеспеппіз:
бүкіл кукуан халқы бас ұра қорқатын үш Тұнжыр осы екен. Алайда
Тұнжырлардың айбары мен айдынын дəл түбіне келгенде ғана нақ
таныдық.
Қара жартастан қашалған алып тұғыр үстінде Луу мен екі ортадағы
алпыс мильдей кең жазыққа бет бере, бір-бірінен жиырма қадамдай
аралықта үш алып мүсін отыр. Мүсіндердің əрқайсысының биіктігі он
сегіз фут шамасында. Астарындағы тұғырда қашалып жазылған
түсініксіз таңбалы жазу бар.


Мүсіндердің бірі жалаңаш əйелді бейнелейді екен. Аса сұлу, сонымен
қатар өте қарапайым жасалған. Өкінішке қарай, əлденеше ғасыр бойы
жел өтінде, күн бетінде тұрғандықтан, бет бедері көмескіленген. Екі
жақ шекесіндегі жаңа туған ай орағы ғана анық танылады.
Əйел мүсінінің екі жағындағы екі еркек желбегей киімшең
бейнеленіпті. Бұлардың түр-тұлғалары жан шошырлық еді. Əсіресе оң
жақтағысы. Нағыз дию-перінің өзі дерлік. Ал сол жақтағы мүсіннің
бет-бейнесінен сабыр мен байсалдылық көрініс тапқан. Əйткенмен
соның өзі көңілге қорқыныш ұялатарлықтай. Əщады қаталдық
танылады. Бұл, сэр Генридің сөзімен айтқанда, қадым заман
адамдарының қиялы тудырған, қайырымды істер жасау қолынан
келетін, алайда адам атаулының басына түскен азапқа рақаттана
қарамаған күннің өзінде, немқұрайды қарайтын құдіретті
мақұлықтарға тəн əщады қаталдық еді. Биікте тұрып алып, төменде
керіліп жатқан алапқа сан ғасыр бойы тапжылмай қарап отырған үш
мүсін, шынында да, адамның көңілінде қатерлі үрей туғызарлықтай.
Кукуан жұрты Тұнжырлар деп атайтын мүсіндерге қарап тұрғанда осы
алып пұттар қандай адамдардың қолынан шықты, жолды салған, кенді
қазған кім деген сауалдар біздің көңілімізге маза бермеді. Кенет менің
ойыма мына бір жайт орала кетті (мен “Көне өсиетті” жақсы білем
ғой). Сүлеймен өз дінінен бас тартып, жат жұрттық құдайларға
табынған. Бұл құдайлардың ең басты үшеуінің аты есімде қалыпты.
Олар: сидондықтардың əйел құдайы Ашторет, моабиттер құдайы
Чемош жəне Аммон ұрпақтарының құдайы Мильком.
Алдымызда биік тұғырда отырған үш пұт осы үш жалған құдайды
бейнелеуте тиіс деген пікірді серіктеріме айттым.
– Бəлки, бұл сөз шындыққа кеп те қалар, – деді ой үстінде тұрған сэр
Генри. Ол өте білімдар, колледжде оқып жүрген кездің өзінде
классиктерді тану, игеру жолында үлкен нəтижеге жеткен адам еді. –
Көне жөйіттердің Ашторетін Сүлеймен заманында ірі сауда ұйытқысы
болған финикиялықтар Астарта деп атаған. Кейін гректер Афродитаға
айналдырып əкеткен Астарта ай орағына ұқсас қос мүйізді кейіпте
бейнеленген. Ал мына əйел мүсінінің басынан қос ай орағы анық
көрініп тұр. Бəлки, бұл алып пұттар осы кен орнын басқаратын


финикиялық əлдебір ұлықтың жарлығы бойынша жасалған шығар. Кім
білсін!
Біз қадым заманнан қалған осы ғажайып ескерткіштерді тамашалап
тұрған кезде қасымызға Инфадус келді. Алдымен Тұнжырларға қарап,
найзасын көтеріп сəлем берді, содан соң ғана бізге бұрылып, Ажал
сарайына осы қазір кіремісіңдер, жоқ əлде кейінірек, түскі астан соң
енемісіңдер деп сұрады. Егер осы қазір барғымыз келсе, Гагуланың
жол көрсетуге əзір екенін айтты.
Бұл кезде сағат он бір де болмаған, əрі əуесқойлық сезімі көңілімізді
кернеп бара жатыр, сондықтан тап қазір, аялдамастан жөнелейік
дестік.
Алда-жалда үңгір ішінде бөгеліп қалсақ, керек болар деген оймен мен
аз ғана тамақ ала жүру қажетін айттым. Зембілмен Гагуланы əкелді;
құрметті ханым біздің жолға қалай əзірленгенімізге қарап отырды.
Бұл екі ортада Фулата менің өтінішім бойынша қамыс себетке аз ғана
сүр ет, су толтырылған екі қауақ салып алды.
Пұт құдайлардың артында елу қадамдай жерде биіктігі сексен футтай
тіп-тік құз жартас тұрған. Жоғары өрлеген сайын құйымшақтана
беретін бұл жартас үш мың фут биікте төбемізден төніп тұрған ақ қар,
көк мұзды сеңгір шыңның табалдырығы іспеттес еді. Зембілден түсе
салысымен Гагула бізге қарап кекесінмен күлді де, таяғына сүйеніп,
осы жартасқа қарай шоқалақтап ілби жөнелді. Біз соңынан ердік.
Көп ұзамай, құздың астындағы, шахтаға кіретін қақпа тəрізді,
арқалығы таспен шегенделген тар есікке жеттік.
Бізді күтіп тұрған Гагуланың жүзіндегі манағы ызалы күлкі əлі
тарқамапты.
– Ал, жұлдыздан түскен ақ адамдар, – деді ол шəңгірлеп, – ұлы
жауынгерлер Инкубу мен Бугван жəне дана Макумазан, əзірмісіңдер?
Көріп тұрсыңдар ғой, өзімнің əмірші ием корольдің жарлығы
бойынша, сендерге жалтыр тастар жиналған қазынаны көрсетуге
дайынмын.


– Біз əзірміз, – дедім мен.
– Жөн! Жөн! Көрмек хикметке шыдаймын десеңдер, буындарыңды
бекіте түсіңдер. Өзінің мырзасын сатқан Инфадус, сен де бізбен бірге
жүремісің?
Инфадус қабағын түйді.
– Жоқ, мен бармаймын, – маған онда кіруге жол жоқ. Бірақ сен, Гагула,
тіліңді тарта сөйле. Жəне менің əмірші иелеріме зиянкестігіңді тигізем
деген ойдан аулақ бол. Егер олардың бір тал шашы түссе, басыңмен
жауап бересің. Сиқыршы болмай сайтан боп кет, Гагула, азап үстінде
өлесің. Естідің бе, менің не айтқанымды.
– Естідім, Инфадус. Мен сені жақсы білем. Сен əуелден мақтанып
сөйлегенді тəуір көресің. Бала кезіңнің өзінде туған анаңды қалай
қорқытқаның есімде. Бұл – күні кеше ғана болған оқиға. Бірақ
қорықпа, қорықпай-ақ қой, мен корольдің жарлығын орындау үшін
ғана өмір сүріп отырмын. Мен, Инфадус, талай корольдің жарлығын
орындадым, бірақ түптің түбінде олардың барлығы да менің
жарлығымды орындауға көшті. Ана жаққа сол корольдердің түрін көру
үшін жəне Тваланың бетіне тағы бір рет қарау үшін кетіп барам.
Жүріңдер, жүріңдер! Міне, шам! Гагула өзінің тері желбегейінің
астынан ішіне май толтырылған үлкен қауақ суырып алды.
Шырағданның білтесі қамыс талшығынан жасалған еді.
– Бізбен бірге жүремісің, Фулата? – деп сұрады Гуд өзінің адам
естігісіз сорақы кукуан тілімен. Кукуан тілін осы жас ледидің
басшылығымен үйреніп жүр еді, бірақ əзірге жетіліп кеткені шамалы-
тын.
– Мен қорқамын, мырзам, – деді қыз жасқаншақ үнмен.
– Онда себетті маған бер.
– Жоқ, мырзам. Сен қайда барсаң, мен де сонда барам. “Шынында да
барасың, сайтан алғыр, – деп ойладым
мен. Жəне соның нəтижесінде басымыз бір бəлеге шатылады, əрине,
бұл жақтан аман-сау кете алсақ”.
Гагула бұдан ары бөгелместен, қатар жүрген екі адам сиярлықтай, қап-
қараңғы қуысқа еніп кетті. Шəңкілдеп айқайлап, бізді соңынан еруге


шақырды. Аз-маз абдыраған қалыпта біз де ішке кірдік. Дауыс шыққан
жаққа қарай келеміз. Кенет бізден шошып үріккен əлдебір нəрселердің
қанатының суылы естілді, бұл – көңіл орнықтырардай жақсы жоралғы
емес еді.
– Хэлло! Бұл не? – деді Гуд дауыстап. – Əлдекім мені бетімнен тартып
жіберді.
– Жарқанаттар, – дедім мен. – Алға қарай жүре беріңіз! Арада елу
қадамдай жүргеннен кейін үңгіріміздің сəулелене бастағанын аңдадық.
Енді бірер минуттан соң біз бұрын-соңды тірі жан көрмеген ғажайып
жерден барып шықтық.
Оқушым өзі көрген ең үлкен ғибадатхананың ішкі жайын есіне
түсірсін. Сонда ғана біз тап болған алып үңгір туралы аз-маз елес ала
алады. Əлемдегі ең ұлы архитектор – табиғаттың өзі жасаған бұл
ғажайып ғибадатхана бұрын-соңды адам атаулының қолынан шыққан
ғибадатханалардың қандайынан болмасын еңселі де, кең де еді. Терезе
жоқ, бірақ жоғарғы жақтан əлдеқайдан болмашы жарық түсіп тұр.
Сірə, бізден жүз футтай биікте тұрған төбеде таудың сыртқы бетімен
жалғас кен алынған қуыстар болса керек, ауа сол қуыстардан келіп тұр
ма дедім.
Алайда үңгірдің үлкендігі мұндағы біздің көзіміз шалған
ғажайыптардың ішіндегі ең елеусізі боп шықты.
Үңгірдің ұзына бойына созылып, қатар-қатар алып бағандар тұр.
Бейне мұздан қашалғандай. Шындығында, бұл – алып сталактиттер1
еді. Аппақ бағандардың ғажайып көркін, асқақ сұлулығын сөзбен
айтып жеткізу қиын. Кейбіреулерінің жербасар диаметрі жиырма
футқа тарта бар. Төбеге тіреле аспандап тұрған бағандар əлі түзіліп
бітпеген екен. Сэр Генридің сөзімен айтқанда, олар қирап қалған көне
грек ғибадатханасының бағандарындай көктен шолтия салбырап,
сүңгі-сүңгі боп бозамықтанып тұр.
Біз осы ару да асқақ көрініске сұқтана таңырқап қана қойғамыз жоқ,
бағандардың қалай түзілетінін көзбен көріп, құлақпен естігендей де
болдық. Анда-санда биік төбеде тұрған ақ сүңгіден тырс етіп тамған
тамшы дыбысы естіледі; тамшы тұпа-тура төменде, тас еденде тұрған


бағандардың бірінің үстінен түседі. Кейбір бағандарға əрбір екі-үш
минут сайын бір тамшы тамады екен. Міне, дəл осы қарқынмен арада
қанша уақыт өткен соң биіктігі сексен фут, ені он футтық баған пайда
болатынын есептеп көрсе.
Бұл процестің қаншама баяу жүріп, қаншама ұзақ уақытқа созылғанын
аңдау үшін мына бір мысалдың өзі жеткілікті болса керек.
Бағандардың бірінен дөрекі қолмен мумия қашалыпты. Басында пұт
құдай отыр. Ал мұның қадым заманда осы кен орнында істеген
жұмысшылардың бірінің қолынан шыққан египет құдайы екені анық
танылады. Белгісіз мүсінші бұл көркем шығарманы кісі бойы, яғни бес
футтай биіктіктен қашаған екен. Сірə, табиғат туғызған шедеврдің бір
пұшпағына жармасып, өз атын тарихта қалдырғысы келген
сандалбайлар көне заманғы финикия жұмысшысынан қазіргі заманғы
ағылшын баласына дейінгі аралықтағы барлық уақытта да мол болған-
ау. Алайда бұл бейнені көрген кезде, яғни алғаш қашағаннан кейін үш
мың жылдай уақыт өткенде бағанның биіктігі небəрі сегіз-ақ футқа
жеткен екен, ал түзілу процесі əлі аяқталмапты; яғни известь текті
баған мың жылда жалғыз-ақ фут немесе жүз жылда бір дюймнен сəл
ғана артыққа биіктеген. Біз мұны бағанның түбінде, бірқалыпты, баяу
тамған лай тамшының дыбысына құлақ түре тұрып есептеп шығардық.
Кей араларда, əсіресе, төбеден тамған тамшылар əр жерге бір түскен
тұстарда сталагмиттер1 неше түрлі түрге еніпті. Мəселен, салмағы жүз
тоннадан кем соқпайтын шоңғал сталагмит шіркеу мінберіне ұқсайды
екен, əрі өзінің сырты шілтерге ұқсас өрнекпен безендірілген. Енді бір
шоңғалдар əлдебір ғажайып хайуанаттар бейнесі тəрізді. Ал үңгірдің
қабырғалары бейне піл сүйегімен өрнектелгендей; терезеге қырау
тұрған кезде пайда болатын əшекей іспеттес əртүрлі суреттерден көз
тұнады.
Ортаңғы бас ғимараттан тармақ-тармақ боп, толып жатқан үлкенді-
кішілі үңгірлер тарап жатыр. Сэр Генридің сөзімен айтқанда, үлкен
ғибадатханаға жалғас шағын мұнараларға өтетін қақпа тəрізді.
Бұлардың кейбіреулері əжептəуір үлкен, енді біреулері құртақандай
екен, бірақ бəрі де табиғат шебердің қолға алған ісін аумақ, мөлшеріне
қарамай үнемі біркелкі əрі тыңғылықты атқаратындығының куəсі
тəрізді. Бір кішкентай үңгірдің үлкендігі қуыршақ үйшіктей ғана


көрінді, алайда соның өзі алып ғимараттың архитектуралық моделі
дерліктей: оның да төбесінен су тамшылауда, оның да төбесінде кіп-
кішкентай болғанымен, кəдімгі сүңгілер салбырап тұр, кəдімгідей ақ
шпат бағандар түзіліп жатыр.
Өкінішке қарай, бұл ғажайып сұлулықты көңіл қалауынша бажайлай
тамашалауға уақыт тапшылық жасады. Өйткені сталактиттерде
ешқандай шаруасы болмаған Гагула өзіне жүктелген істен
мүмкіндігінше тезірек құтылуға асықты. Мұнысы менің жыныма
тиген. Егер мүмкін болса, үңгірге жарық қалай түседі, бұл – табиғи
нəрсе ме, əлде адам əрекетінің нəтижесі ме, егер дəл осылай болса, бұл
қайтіп жүзеге асырылған – міне, осының бəрін білуге қатты
құмартқам. Амал не, сəті түспеді. Əйткенмен біз өзімізді толғантқан
жайттарға қайтар жолда əбден қанығармыз деген ойды көңілге медеу
тұттық та, құбыжық серігіміздің соңынан ердік.
Ал ол болса алға қарай жүре берді, жүре берді. Тұнжырай түнерген кең
үңгірдің түкпіріне қарай беттеп келеміз. Бұл арада біз екінші бір есікке
тап болдық. Ол алғашқы есік сияқты арқалықты, кең емес екен. Египет
ғибадатханаларына кірер есік сияқты төртбұрыштап ойылған.
– Ажал Сарайына енуге əзірмісіңдер? – деп сұрады Гагула. Сірə, бізді
үрейлендіріп алмақ ниетпен берілген сауал.
– Баста бізді, Макдуф1, – деді Гуд салтанатты үнмен, өзінің ештеңеден
именбейтінін білдіргісі кеп.
Біздің бəріміз де ештеңеден сескенбеген, самарқау қалып танытуға
тырыстық. Тек Фулата ғана қорғаныш іздегендей, Гудтың қолына
жармасып алған.
– Үрейім ұшыңқырап тұрғаны, – деді сэр Генри, үңірейген қап-қараңғы
есікке қарап. – Алға жүріңіз, Куатермэн: seniores priores2. Құрметті
леди күтіп қалмасын.
Сөйдеді де, сыпайы қимылмен маған жол берді. Əрине, мұнысы үшін
дəл осы сəтте мен оған іштей рахмет айта қойғам жоқ.
Тық-тық! Бұл Гагуланың қолындағы таяқтың еденге тиген дыбысы.
Кəрі мыстан түнере күліп, шойнаңдап, қап-қараңғы қуысты бойлай,
алда кетіп барады. Əлдебір бақытсыздықтың боларын сезінгендей,
бойымды үрей буып, кібіртіктей бердім.


– Достым, именбей алға басыңыз, – деді Гуд. – Əйтпесе өзіміздің
жолбасшы аруымыздан айырылып қалармыз.
Бұл ескертпеден кейін аяқ алысымды тездеттім. Жиырма қадамдай жер
жүрген соң ені қырық фут, көлденеңі мен биіктігі отыз футтай қапас
үңгірден келіп шықтым. Сірə, қадым замандарда адам қолымен
қашалып үңгілген сияқты. Бұл үңгір жаңа ғана біз басып өткен алып
сталактит үңгірімен салыстырғанда əжептəуір қараңғы екен.
Ішке кірген бетте алакөлеңке жарықта бар аңғарғаным – үңгірдің
ұзына бойына созылған үлкен тас тақта болды. Тақтаның ең төргі
басында алып тұлғалы аппақ бірдеңе көрінеді. Дəл осындай аппақ,
бірақ көлемі шағын əлденелер тақтаны жағалап, ұзыннан-ұзақ тізіліп
отыр. Содан соң мен тақтаның қақ ортасында əлдеқандай қоңырқай
нəрсе жатқанын аңдадым.
Бұл екі ортада менің көзім қараңғылыққа үйреніп қалған еді. Мына
аппақ бірдеңелердің не екенін анық танығаным. Сол сəтінде-ақ бұрыла
сала аяғым аяғыма тимей тұра қаштым.
Айта кету керек, мен талай қысталаңды көрген, жүйке тамырлары
берік адаммын. Оның үстіне жоқты-барға, ырым-жырымға да сенбеуші
ем, өйткені өз өмірімде былық-шылық нанымдардың жаңсақтығына
талай рет көзім жеткен. Əйткенмен дəл осы сəтте көрген нəрсемнің
қорқыныштылығы соншалық, егер жолда кездескен сэр Генри
жағамнан ала кетіп, жібермей ұстап қалмаса, арада бес-он минут
өтпей-ақ сталактит үңгірінен аулағырақ жерде тұратын едім.
Кимберлидің барлық асыл тасына ие бола кетесің десе де, мұнда
қайтып оралмас ем. Алайда сэр Генри мені тарпа бас салып, мықтап
ұстап алғандықтан, бұл ойым жүзеге аспады.
Кетер сəтте көзі қараңғылыққа үйренген сэр Генридің өзі де менің
кебімді кигендей болды: мені қоя берді де, маңдайынан шып-шып
шыққан суық терді сүртіне бастаған. Гудқа келсек, ол сыбырға жақын
үнмен не түрлі балағат сөзді сықпыртып жатыр, ал Фулата баж етіп,
оның бауырына тығылған еді.


Тек Гагула ғана кейде қарқылдап, кейде қиқылдап-шиқылдап,
тынымсыз күлумен болды.
Шынында да, біз тап болған көрініс жан шошырлық еді. Ұзын тас
тақтаның қақ төрінде биіктігі он бес футтай алып қаңқа кейпінде
Ажалдың өзі отырған. Жоғары көтерілген ақсөңке жілікті оң жақ
қолына үлкен ақ найза ұстаған. Енді болмаса жіберіп қалатындай.
Екінші қолымен тас тақтаға сүйеніп, жаңа ғана орнынан көтеріле
берген күйде. Ақ қаңқа алға қарай емініңкіреп тұр. Бунақ-бунақ
мойнында нық тұрған, жалт-жұлт еткен аппақ бас сүйегі төмен қарай
еңкейе біткен. Үңірейген көз ойығы бізге қадала қарап, өңменімізден
өтіп барады. Жақ сүйектер сəл-пəл ғана ашылыңқы, ақырып жібергелі
тұрғандай.
– О, тəңірім! – дедім мен ақыры даусым əрең шығып. – Бұл не?
– Ал мынау нендей мақұлықтар? – деп сұрады Гуд тас тақтаны
жағалай алқа-қотан тізілген топты сілтеп.
– Ал анау не нəрсе? – деді сэр Генри толқыған дауыспен, тақтаның
үстінде отырған қоңырқай махлұқатты көрсетіп.
– Хи-хи-хи! – деді Гагула шиқылдай күліп. – Ажал сарайына енген
жанның ажалы тақау! Хи-хи-хи! Ха-ха-ха! Бері жақында, Инкубу,
кешегі соғыста жанкештілігіңді көрсетіп ең, бұл жолы да именбе, кел,
өзің өлтірген адамды көр!
Кемпір өзінің сүйектері арбиған қолдарымен сэр Генриді жеңінен
ұстай алып, алға қарай сүйреді.
Біз де бұлардың соңынан ердік.
Кенет кемпір қалт бөгелді де, тақта үстінде отырған қоңырқай нəрсені
нұсқады. Сэр Генри қадала қарады да, оқыс даусы шығып, кейін
шегініп кетті. Оның бұлай шошуының жөні бар еді; тақта үстінде
кукуан жұртының соңғы королі Тваланың өлі денесі отырған.
Ол анадан жаңа туғандай тыр жалаңаш екен, ал сэр Генри
айбалтасымен шауып түсірген басы тізесіне қойылыпты. Өліктің бүкіл
денесін шыны іспеттес ақшыл қабық бүркегені байқалады, осының
нəтижесінде мəйіттің түрі жан шошырлық боп көрінеді.
Əуелде біз бұл қабыршақтың қайдан келгенін біле алмадық. Бірақ
аздан соң төбеден тырс-тырс етіп, тынымсыз су тамшылап тұрғанын


аңдадық. Тура өліктің мойнына тамшылаған су бүкіл денені қуалай
келіп, тақтаның бетіндегі тесік арқылы жерге ағып кетіп жатыр. Сонда
ғана істің мəнін түсіндім: Тваланың денесі сталактитке айналуға тиіс.
Осы үрейлі тақтаны қоршалай, тас үстінде отырған бейнелерге
бажайлай қарап, өз болжамымның дұрыстығына көзім жетті. Сөз жоқ,
мұның бəрі – адам денесі, дəлірек айтсақ, қазір сталактитке айналған,
бағзы замандағы мəйіттер еді. Яғни кукуандар естен кеткен қадым
дəуірлерден бері өздерінің корольдерінің денесін тасқа айналдырып,
мəңгі бақиға сақтап отырыпты.
Мəйітті петрификациялау1 əдісінің мəні неде екенін біле алмадым.
Бəлки, өлікті су тамшылап тұрған жерге қойғаннан басқа ешқандай
амал қолданылмауы да. Əйтеуір үстелді алқалай отырған, сыртын тас
қабыршақ жапқан мəйіттер мəңгі бақи бұзылмай сақталуға тиіс.
Мұз сияқты мөп-мөлдір шпаттан киген кебін ішінде түр-тұлға, бүкіл
денесі бұлдырап көрінетін, бір кезде патшалық құрған, енді мəңгілік
тасқа айналып, алқа-қотан отырған топтың сыртқы көрінісі жан
шошырлық еді.
Өліктердің ұзын саны жиырма жеті екен. Ең шетіндегі – Игнозидің
əкесі көрінеді. Ажалдың өзі төраға болған тас тақтаның басында
кекірейіп отыр бəрі де. Өліктердің санына орай шамаласақ, мəйітті
тасқа айналдырып сақтау əдісі кем дегенде бұдан төрт те ширек ғасыр
бұрын қолдана бастаған. Егер кукуан елінде əмір жүргізген
корольдердің бəрі осы арадан орын алды деп есептеп (ал бұл – мүмкін
емес нəрсе, өйткені корольдердің кейбірі соғыста өліп, денелері
сақталмауы да мүмкін ғой), əр король он бес жылдан хүкім етті деп
санағанның өзінде мөлшерлі уақытымыз осыдан кем болмас еді.
Ал жиын төрағасы – тақта басында отырған Ажалдың алып тұлғасы
бұл салт шығардан көп бұрын жасалғаны күмəнсыз. Бұл бейне де
манағы үш Тұнжырды дүниеге əкелген шебердің қолынан туды десем,
қателеспеспін. Ажал бейнесі тұтас сталактиттен қашап шығарылыпты.
Егер таза өнер туындысы ретінде қарасақ, бұл – тамаша
ойластырылып, шебер мүсінделген ғажап дүние еді. Анатомиядан


хабардар Гуд қаңқа – мінсіз, тіпті адамның ұсақ-түйек сүйектеріне
дейін ұмыт қалдырылмай, өте үлкен ыждағатпен қашалған деді.
Мен бұл үрейлі ескерткіш – қадым заманда жасаған əлдебір талантты
мүсіншінің ауру қиялының жемісі болар деп шамалаймын, ал өздерінің
корольдерінің өлі денесін Ажал бейнесі əмір етіп отырған жерге
алқалай отырғызу салтын кукуандар кейініректе ойлап тапса керек.
Қаңқаның əуел баста осы таяу маңда орналасқан қазынаны тонағысы
келген ұры-қарыларды қорқыту үшін жасалуы да ықтимал. Дəл осылай
ма, əлде басқаша ма, кесіп айта алмаймын. Менің қолымнан бар келері
– көрген хикметімді қаз қалпында суреттеп беру. Ал оқушым өзінше
қорытынды шығара жатар.
Қайткенде де, Ақ Ажал бейнесі, Ақ Мəйіттер тұлғасы дəл осы мен
айтқан қалыпта еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет