Хаггард Генри Сүлеймен патшаның кеніші Орыс тілінен аударған М. Мағауин


ІІІ тарау ОМБОПА БІЗГЕ ҚЫЗМЕТШІЛІККЕ ТҰРАДЫ



Pdf көрінісі
бет4/23
Дата03.11.2022
өлшемі0,98 Mb.
#47311
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
ІІІ тарау
ОМБОПА БІЗГЕ ҚЫЗМЕТШІЛІККЕ ТҰРАДЫ
Кейптауннан Дурбанға теңіз арқылы жету үшін ауа райына, кеменің
жүріс жылдамдығына орай төрт-бес күн кетеді. Қаншама ақша
жұмсалғанына қарамастан, Ист-Лондондағы1 порт құрылысы əлі
аяқталған жоқ. Сондықтан тамаша жабдықталған, мақтала-мақтала
əбден құлағымызды сарсытқан порттағы айлаққа тоқтаудың орнына
кемелер əлі күнге дейін жағадан алысқа леңгір тастайды. Егер теңіз
тыныш болмаса, кемелер жолаушылар мен жүкті алатын қайық
тіркемелі буксирлердің жағалаудан шығуын күтіп, əлденеше тəулік
бойы тұрып қалатын да реттер ұшырайды.
Бақытымызға қарай, біздің олай күтуімізге тура келмеді. Біз Ист-
Лондонға жеткен кезде теңіздегі толқын жоққа тəн екен. Соңына
тізбектеп өңкей бір сұрықсыз, жалпақтабан шлюпкалар тіркеген


буксирлер жағадан қолма-қол шықты. Олар келісімен-ақ біздің
кемеден тай-тай боп буылған тауарларды лақтыру басталды да кетті;
қай теңде не барына ешкім назар аударар емес: жүн-жұрқа да, фарфор
шыны да төмен қарай ұшып, бірінің үстіне бірі үйіліп жатыр.
Палубада тұрып мен төрт дюжина шампан толтырылған жəшіктің
күлпарша боп сынғанын көрдім. Шымырлап қайнаған шарап бұрқ етті
де, жүк қайығының кір-кір түбі ақ көбікке толып кетті. Соншама
тамаша шараптың бос ысырап болғаны обал-ақ еді. Мұны қайықтағы
хамбал кафрлар да бірден аңдаса керек. Көп сынықтың арасынан
əлдеқалай бүтін қалған екі бөтелке тауып алды да, мойындарын қағып
жіберіп, түбіне дейін төңкеріп ішісті. Шампан бірден-ақ бастарына
шығып, бəрі де мас боп қалды.
Кафрлар мұндай ғаламатты күтпесе керек, зəрелері ұшып, əлгі ішімдік
“тагати” – яғни дуаланған екен деп шуласып, қайықтың түбіне жатып
ап домалай бастады. Мен мас кафрлармен тілге келісіп, олардың
шынында да ақ адамдар дайындаған ең сұмдық уды ішкенін растадым,
енді бəрінің де өлуге тиіс екенін айттым. Бойын үрей буған кафрлар
тегіс ескекке жармасты, сол сəтінде-ақ қайық жағаға қарай зулай
жөнелді. Бұлардың енді қайтып ешқашан да шампан атаулыны аузына
алмасына мен кепіл.
Натальға дейін жол бойы тек сэр Генри Куртистің ұсынысы туралы
ойладым. Жұбымыз жазылмағанына қарамастан, алғашқы екі күн
бойы бұл мəселе жөнінде сөз көтергеміз жоқ. Сэр Генри мен капитан
Гудқа өзімнің аңшылық кезінде бастан кешкен оқиғаларым жайынан
əңгімелеп бердім. Көптеген аңшылардың əдетінше ойдан ештеңе
шығармадым, тұздықтап, əсірелегем де жоқ. Мен біздердің, африка
аңшыларының өңдеп айтуы, өтірік айтуы қажетсіз деп білем.
Басымыздан адам сенгісіз, айтып тауысқысыз небір таңғажайып
оқиғалар өтіп жатады. Дегенмен бұл төңіректегі хикаялардың менің
кітабыма қатысы жоқ.
Ақыры, қаңтардың мамырлы күндерінің бірінде, (бізде қаңтар – ең
ыстық ай ғой) қаңтардың жайсаң күндерінің бірінде кеме Натальға
жақындады.


Күн бата Дурбан мүйісін айналып өтеміз деген есеппен көрікті
жағалауды бойлай жүзіп келеміз. Құбыла қызарған құм шағылдары,
кафрлардың краальдарын көрікке бөлеп, көз жетер көкжиекке дейін
созылып жатқан ашық көк-жасыл түсті дала бұл тұста жағалауға көз
тойғысыз сұлу кейіп береді.
Бірін-бірі тынымсыз қуған толқындар жағадағы жартасқа соғылып,
көкке шапшиды да, суға қайта құлап, ақ көбікке бөленеді, мұндай қар
түстес ақ жолақ жағалаудың ұзына бойына созылған.
Əйткенмен Дурбанның түбіндегі табиғат көркі осының бəрінен де
басым түседі. Қырқалардың арасындағы, əлденеше ғасырлар бойы
жауынның сел тасқыны іреп-сойып, тереңдеткен шатқалдар арқылы
күнге шағылыса ирелеңдеп өзендер ағып жатыр; құдай тағаланың өз
қолымен егілгендей күргейленіп тұрған бұталардың пердесінде ара-
тұра нан ағаштарының тоғайы мен қант құрағы егілген плантациялар
көрінеді. Кейде осы тұнып тұрған көк желектің арасынан кіп-
кішкентай, аппақ үйлер көзге шалынып қалады; мұңсыз, қамсыз
тыныш теңізге мейірлене қарап тұрған жанды бейне тəрізді; бүкіл
төңіректегі əсем табиғаттың кемісін толтырып, көркіне көрік
қосқандай.
Менің ойымша, табиғат қаншама сұлу болғанымен, адам жоқ жерде
тұл. Маған солай көрінуі – адам аяғы баспаған иен түзде көп
тұрғанымнан да болар. Мен жан-жануарлар əлеміне жұт əкелгенімен
де, өркениеттің қадір-қасиетін мансұқ етпеймін. Ұжмақ бағы, əрине,
адамзат жаралғанға дейін де сұлу болды, бірақ Хауа серуендей
бастаған кезде ғана бұрын қаңырап тұрған бақ өзінің шын көркін тапса
керек.
Хикаямызға оралайық.
Есептен сəл қателескен екенбіз, кеме Дурбан мүйісіне таяу жерге
леңгір тастап, қала тұрғындарына Англиядан пошта келгені туралы
хабарлаған зеңбірек даусы естілген шақта қас қарайып қалған-ды.
Жағаға шығуға тым кеш; біз құтқарушы шлюпкаға поштаны қалай
тиегеніне қарап сəл тұрдық та, кешкі асымызды ішуге кеттік.


Палубаға қайта көтерілсек, жаңа туған ай сəулесі теңіз бен жағалауды
ақ нұрға бөлеген екен. Маяктың жымың қаққан оттары ақ сүттей
төгілген ай жарығымен салыстырғанда, өлесі, бозғылтым көрінді.
Жағадан сүйкімді хош иіс келді, бұл хош иіс қашанда діни ғибадат
кезінде айтылатын əндер
мен миссионерлерді есіме түсіретін. Береа жағалығындағы үйлер
шаңқан жарыққа бөленген. Біздің қасымыздағы үлкен мүйістен теңізге
шығуға дайындалып, леңгір көтеріп жатқан матростар салған əн мен
музыка əуені естіледі. Тамаша тыныш түндердің, Оңтүстік Африкада
болатын ғажайып түндердің бірі еді. Күміс айдың бүкіл төңіректі ақ
сəулеге бөктіргеніндей, осы сырлы түн де жер бетіндегі жан иесін тегіс
тылсымға бөлеген. Басқаны былай қойғанда, біздің жолаушылардың
бірінің алпамсадай төбетінің өзі осы салтанатты тыныштық əсерімен,
күндегі əдетінше палубаның алдыңғы жағында тор ішінде тұратын
маймылға ырылдауды да ұмытып, рақат ұйқы құшағында жатыр;
бəлки, ол түсінде маймылды өлтіріп, ұшпаққа шығып отырған да
болар.
Біз, яғни сэр Генри Куртис, капитан Гуд жəне мен үшеуіміз
штурвалдың қасына барып отырдық.
– Ал, мистер Куатермэн, – деді сэр Генри бірер минуттық үнсіздіктен
соң бар денесімен маған қарай бұрылып, – менің ұсынысым жайлы
ойландыңыз ба?
– Иə, иə! – деді іле-шала капитан Гуд та. – Қалай шештіңіз? Сіз біздің
экспедицияға қатысатын шығар деп үміттенем. Егер сіз Сүлеймен
кенішіне дейін баруға ғана емес, өзіңіз Невилль дейтін ата-тегімен
танитын джентльмен жүрген жерлерді тегіс бізбен бірге адақтап
шығуға келіссеңіз – бұл біз үшін үлкен бақыт болған болар еді.
Мен үнсіз қалыпта орнымнан тұрдым да, бортқа келіп, қалиянымды
қаға бастадым. Не айтарым өзіме де күңгірт-ті, түбегейлі шешімге
тоқтауым үшін тым құрыса бірер минут мұрсат қажет.
Темекінің шала жанған күлі қараңғыда жылт ете түскен сəтте мен де
түпкілікті шешім қабылдап үлгердім – келісем. Өмірде көбіне осылай
болады: сіз қаншама уақыт бойы не істеріңізді білмей толқып, əрі-сəрі
боп жүресіз де, əлдеқалай қас қағым мезетте біржола бел буасыз.


– Жақсы, мырзалар, – дедім өз орныма қайтадан отырып. – Мен
келісем. Рұқсат етсеңіз, ұсынысыңызды неге жəне қандай шарттармен
қабылдайтынымды айтып берейін. Шарттардан бастаймын.
Бірінші. Саяхатқа байланысты барлық шығындарды сіздің төлейтініңіз
өз алдына, сапар кезінде біз қолға түсірген піл сүйегі жəне басқадай
құнды мүліктерді түгелдей капитан Гуд екеуіміз тең бөлісіп
олжалаймыз.
Екінші. Біз жолға шықпастан бұрын маған алда көрсетпек қызметім
үшін бес жүз фунт стерлинг төлейсіз. Мен ойға алған ісіңізден өзіңіз
бас тартқанға дейін, немесе біз ортақ мақсатымызға жеткен, я бəріміз
бірдей қазаға ұшырағанға дейін сізге адал қызмет жасауға
міндеттенем.
Үшінші. Мен қаза тапқан, я мүгедек боп қалған жағдайда Лондонда
дəрігерлік оқуда жүрген ұлым Гарриге бес жыл бойы жылына екі жүз
фунт стерлинг ақша төлеп тұруға міндеттенесіз, оны біз Сүлеймен
тауына аттанғанға дейін қағаз жүзінде заңдандырасыз. Бұл бес жыл
ішінде Гарри өз күнін өзі көре алатын дəрежеге жетеді, ал одан қалса,
бəрібір адам болмайтын болғаны.
Мен қоятын шарттар осындай. Тым көп сұрап тұр деп ойламайсыздар
ма?
– Жоқ, жоқ, – деді сэр Генри жік-жапар боп. – Сіздің барлық
шарттарыңызды да қуана-қуана қабылдаймын. Мен қайткенде де
інімді іздеу сапарына шықпақпын, ешқандай күш мені бұл жолдан
айныта алмайды. Сіздің тəжірибеңіздің молдығын жəне осы іс жөнінде
елден ерекше хабардар екеніңізді ескере келе, бұдан əлдеқайда көп
сұрасаңыз да төлеуге əзірмін.
– Онда бұдан көбірек сұрамағаным өкінішті. Бірақ мен айтқан
сөзімнен ешқашан да қайтпайтын адаммын. Ал енді өзімнің не себепті
осындай алыс əрі қатерлі сапарға бел буғанымды айтайын. Алдымен
айтарым, мырзалар, осы бірге жүрген күндердің бəрінде мен сіздерді
тануға, білуге тырыстым; сөзімді өрескел көрмеңіздер: маған екеуіңіз
де ұнадыңыздар. Біз үшеуіміздің бір жеңнен қол, бір жағадан бас
шығарып, бар қиындықты бірге көтеретінімізге сенем. Осыншама
жауапты сапарға шыққан адамдар үшін ең маңызды мəселе – бірлік.


Ал саяхатымыздың өзіне, яғни сіздердің Сүлеймен тауын кесіп өтпек
ниеттеріңізге келсек, мырзалар, мен турасын айтуға тиіспін: бұл
сапардан біздің тірі қайтуымыз екіталай. Бұдан үш жүз жыл бұрын
кəрі Хозе да Сильвестраның талабы немен тынып еді? Бұдан жиырма
жыл бұрын оның ұрпағы не хəлге ұшырады? Сіздің ініңіздің тағдыры
не болды? Мырзалар, мəймөңкелемей, анығын айтайын: біз киер кеп
те дəл сондай болады.
Айтқан сөздерімнің серіктеріме қаншалық əсер еткенін аңдау үшін сəл
кідірдім. Маған капитан Гуд аз-маз сескеніп қалған тəрізденді, ал сэр
Генридің беті тіпті бүлк етпеді.
– Тəуекелге бел бууымыз қажет, – деді ол өзінің əдепкі, ұстамды
үнімен.
– Сапарымыздың немен тынатынын біле тұра, – дедім мен сөзімді
сабақтап, – сапарымыздың немен тынатынын біле тұра, оның үстіне
мен ондай батыл адам емеспін, – өздеріңізбен бірге аттануға келісім
беруім таң қаларлық жай боп көрінер. Сіздердің ұсыныстарыңызды
қабылдауыма екі түрлі себеп болды. Біріншіден, мен – фаталистпін,
тағдырға, жазмышқа сенем, сондықтан қашан өлерім істейтін ісіме,
ойлайтын ойыма қатыссыз, алдын ала сызылып қойды деп білем. Егер
Сүлеймен тауына аттанған сапарда қаза тапсам – тағдырдың жазуы
солай болғаны. Əрине, құдіреті күшті құдай пендесіне не істеймін десе
де ерікті, сондықтан болашағым туралы қам жер ретім жоқ. Екіншіден,
мен кедей адаммын. Аңшылық кəсіппен айналысқаныма қырық жыл
болғанына қарамастан, тіпті аз-маз болса да дəулет құрай алмадым,
тапқаным тамағымнан аспайды. Сіздер, əрине, білетін шығарсыздар,
мырзалар, піл аулау – аса қатерлі іс, бұл кəсіппен айналысушы адамдар
орта есеппен алғанда, төрт-бес жылдан артық жасамайды. Ал мен
болсам, осындай көпке тағайындалған мерзімді жеті мəрте еселедім,
сондықтан өлім сағатым жақын: қашанға дейін аман жүре бересің.
Егер алда-жалда аңшылық кезінде қазаға ұшырасам, борыш-қарызым
төленген соң, адам қатарына енуі үшін əлі де оқуға тиіс жалғыз ұлым
Гарри ешқандай қаражатсыз қалады. Егер мен сіздермен бірге
аттансам, оның алдағы бес жыл өмірі қамсыз болмақ. Мінеки,
қысқаша айтқанда, мен осылай пайымдадым.


– Мистер Куатермэн, – деді менің сөзімді үлкен ықыласпен тыңдаған
сэр Генри, – өз шамалауыңызша қайғылы қазамен аяқталуға тиіс
осындай қатерлі экспедицияға қатысуыңызға себеп болған жəйттер
біздің алдымыздағы адамдық абыройыңызды көтере түспек. Ал
сапарымыздың қалай аяқталарын уақыт көрсетер, жағдай білер. Тура
ажалдың аузына түскелі бара жатырмыз ба, жоқ, аман-есен ораламыз
ба – білмеймін, бірақ мен осы істі ақырына жеткізуге бел байладым.
Тіпті маңдайымызға өлім жазылған жағдайдың өзінде, ажал
тырнағына ілінгенше біраз аңшылықтың да қызығын көріп
үлгермейміз бе. Сіз қалай ойлайсыз, Гуд?
– Əрине, – деді капитан сэр Генриді қостап. – Біз үшеуіміз де қауіп-
қатердің неше түрін көрген, намысты қолдан бермейтін адамдармыз.
Сондықтан тартыншақтар жөніміз жоқ. Ал енді кают-компанияға
түсіп, сапарымыздың сəтті аяқталуы үшін бірдеңе ішсек деймін.
Ертеңіне жағаға шықтық. Сэр Генри мен капитан Гудқа Бреа
жағалығындағы менің жұпыны үйіме орналасыңыздар деген ұсыныс
жасадым.
Шикі кірпіштен салынып, шатыры мырышталған қаңылтырмен
жабылған үй үш бөлме мен ас бөлмесінен тұратын. Бірақ оның есесіне
менің бағым тамаша еді. Онда жапон мушмуласының1 ең тамаша
сорттары, үнемі əрі нəрлі, əрі шығымды жеміс беретін ғажайып манго
ағаштары2 өсетін. Бұларды маған Ботаникалық бақтың директоры
сыйлаған еді. Джек деген бағбаным да бар. Менің бұрынғы
аңшыларымның бірі. Сикукунис елінде аңшылық құрып жүрген
кезімізде буйволдың мүйізіне ілініп, жамбасы сынды да, байғұс
аңшылықпен біржола қоштасуға мəжбүр болды. Бірақ қиралаңдап
жүріп, бақты күтуге шамасы келеді. Бұл Джек бейбіт өмірге бейім
гриква тайпасынан еді; жауынгер зұлысты сіз ешқашан да бағбандық
жұмыс атқаруға міндеттей алмайсыз – бейбіт еңбек атаулыны оның
жаны сүймейді.
Үй тарлық жасағандықтан сэр Генри мен капитан Гуд бақ шетіндегі
апельсин саяжолының ішіне құрылған шатырға ұйықтады. Ағаштар
шешек атып тұрған, гүлден тараған хош иіс көкірек кеңіткендей, ал
бұтақтарды майыстыра сыңсып тұрған жасыл жəне алтындай сап-сары
жемістер көз қуантады (Ескерте кету керек, біздің Дурбанда гүл мен


жемісті бір мезгілде көре бересіз). Төңірек тегіс көрікті. Таза ауада
тамаша ұйықтап, тынығуға болады. Ал біздің Бреада шыбын-шіркей
атымен жоқ дерлік, олар тек анда-санда сел жауындардан соң ғана
мазаны алатын.
Алайда əңгімеміздің өзіне оралу керек шығар. Əйтпесе, балам Гарри,
əкең Сүлеймен тауына жеткенше сен бұл хикаядан жалығып бітуің
мүмкін.
Сонымен, сэр Генримен бірге аттануға бел байлаған соң мен қолма-қол
жол жабдығын əзірлеуге кірістім.
Ең алдымен, жаным балам, мен сэр Генриден сенің болашағыңды
қамтамасыз етер құжатты алдым. Бұл ретте біраз қиындыққа да
ұшырастық. Сэр Генри бұл жердің тұрғылықты адамы емес, ал мен
қазаға ұшыраған жағдайда сен алуға тиіс ақша – Англияда жатыр. Көп
машақат көріп, ақыры бір жылпос адвокаттың арқасында ретін
келтірдік, ол да көмейі кең сұм екен, қолбасарға тура жиырма фунт
алды. Сақтық шарасы – өзіме тиесілі бес жүз фунт стерлингтің чегін
қалтама салысымен-ақ сэр Генридің есебінен күйме жəне қоңды, күйлі
бірнеше өгіз сатып алдым. Темір білікті, ұзындығы жиырма екі футтық
күйме онша жаңа болмағанмен, өте берік əрі жеңіл еді. Бір рет алмас
кені жақта боп, ештеңесі бүлінбей, жақсы оралыпты. Бұл күйме құрғақ
əрі берік ағаштан жасалған болар деген сенімімді арттыра түсті.
Өйткені күйме олақ құрастырылса немесе онша кеппеген дымқыл
материалдан жасалса, онысы алғашқы сапардың өзінде-ақ байқалып
қалады.
Арбамыздың артқы бөлігінің он екі футтай жері брезентпен шатырлап
жабылған, ал алдыңғы бөлігі ашық. Мұндай күймелер бізде “қалбағай”
деп аталады. Шатырлы жағы – тұрғынға арналған, мұнда екі адам
жатып ұйықтауға арналған тері бөстектер, қару-жарақ жəне басқадай
қажетті ұсақ-түйек заттар болады. Мен бұл арба үшін жүз жиырма бес
фунт төледім, бірақ арзанға түсірдім деп ойлаймын.
Содан соң өзім екі-үш жылдан бері көздеп жүрген тамаша зұлыс
өгіздерінің жиырмасын сатып алдым. Əдетте күймеге алты өгіз
жегіледі, бірақ мен “Сақтықта қорлық жоқ” деп төртеуін артық алдым.


Зұлыстардың ірі қара малы сүйегі ұсақ, аласа бойлы келеді, ауыр жүк
тасуға жегілетін африкандерлердің1 ірі қарасынан екі еседей кіші. Бұл
бəкене жануарлар əртүрлі аяқ ауруларына сирек шалдығады, жем, күй
талғамайды жəне қиындыққа көндіккіш, əрі аса берік келеді.
Сондықтан жай өгіздер аштан өліп жатқан жерлерден аман-есен өтіп
шыға береді. Зұлыс өгіздері жүрдек, əрі жеңіл жүрісті; күшіне шақ жүк
артылса күніне бес миль жүре алады. Оның үстіне біздің өгіздеріміз
“сүрленген”, яғни əбден шыныққан еді, Оңтүстік Африканы оңды-
солды талай рет кесіп өтіпті. Сондықтан біздің күш-көлігіміз тұтас
табындарды ұйпап кететін алапат дерт – безгектен белгілі бір дəрежеде
қамсызданған деп айтуға болатын. Ал бұл өңірде малдың жұты болып
саналатын екінші бір дерт – өкпе ауруына, яғни чахоткаға келсек,
біздің өгіздеріміз тегіс егілген екен. Егудің мəн-жайы былай. Өгіздің
құйрығын түбінен бір футтай жерден қан шығарып жаралайды да, сол
араға чахоткадан өлген малдың бір жапырақ өкпесін байлап қояды.
Көп ұзамай өгіз чахотканың жеңіл түрімен ауырады, құйрығы қатып-
семіп, манағы жараланған жерден түсіп қалады, оның есесіне өгіз енді
ешқашан да чахоткамен ауырмайтын болады. Əрине, жануарды
құйрықтан айыру – аса қатал іс, əсіресе шыбын-шіркейі көп елде,
бірақ бастан құлақ садаға – өгізден айырылғанша оның құйрығын
құрбан еткен артық. Өлген өгіздің бүтін құйрығы шыбын қаққаннан
басқа ештеңеге жарамаса керек. Əйткенмен өгіз айдап келе жатқанда
алдыңда құйрық орнында шолтиған сабау тұруы бір өрескел екен.
Жаратушы қарбалас үстінде жаңылысып, өгіздерге шашақты құйрық
орнына асыл тұқымды бульдогтардың бөксесіне тиесілі дүниені
жапсыра салғандай.
Күш-көлік мəселесі шешілген соң азық-түлік жəне дəрі-дəрмек жайын
ойластыруға тура келді. Бұл – жақсылап ақылдасуды тілейтін іс. Біз
жүгімізді ауырлатпауға, бірақ мұндай ұзақ сапарға қажетті, толып
жатқан ірілі-уақты нəрселерді түгел алуға тиіс едік.
Бақытымызға қарай, Гуд медицинадан аз-маз хабардар боп шықты. Бір
замандарда əлдеқалай сəті түсіп, медицина мен хирургия курсын
тыңдапты жəне реті келген жерде ол білімін іс жүзінде де қолданып
жүреді екен. Əрине, капитанның дəрігер деген атағы жоқ-ты, алайда
оның бұл мамандықты өз ата-тектерінен соң медицина дəрігері деген


сөзді жазуға хақы бар тоқмейіл мырзалардың біразынан артығырақ
меңгергеніне кейін анық көзім жетті.
Оның жорық кезінде дəрі-дəрмек салатын қобдишасы бар еді жəне
хирургиялық бес аспабы да толықты. Біз Дурбанда жүрген кезде
əлдебір кафрдың бас бақайшағын шеберлікпен кескені соншалық, біз
аузымызды ашып қарадық та тұрдық. Алайда бүкіл операция бойы
самарқау қалпынан бір танбаған кафр кесілген бақайының орнына
жақсы жаңа бақай, тым құрыса ақ бақай қондырып беруді өтінгенде,
капитанымыз шалқасынан түсе жаздады.
Азық-түлік жəне дəрі-дəрмек мəселесін ретке келтірген соң біз қару-
жарақ сатып алу жəне қызметшіні жалдау ісін қолға алдық.
Алдымен мылтыққа келейік. Біз сэр Генри Англиядан əкелген мол
қару-жарақтың ішінен жəне менде бар мылтықтардың арасынан ең
қолайлы дегендерін іріктеп алдық. Менің қойын дəптерімде олардың
тізімі сақталыпты.
Сол тізімді келтірейін:
Ауыр қосауыз мылтық – үшеу. Орта қашықтыққа арналған,
опырылмадан оқталады, он бір драхма1 қара дəрімен атылады,
əрқайсысының салмағы – он бес фунт шамасында.
Бұл мылтықтар піл аулауға арналған еді. Бұлардың сэр Генри мен
капитан Гудқа тиесілі екеуі Лондондағы мəшһүр фирмалардың бірінің
атақты шеберлерінің қолынан шыққан екен. Ал менің мылтығымның
қай фирмада жасалғанын білмеймін, мыналардай сұлу да емес-ті, оның
есесіне піл аулау кезінде талай рет олжа əкелген, қандыауыз қару еді.
«Экспресс-500» үлгісіндегі қосауыз мылтық – үшеу. Алты драхма
дəрілі жарылғыш оқпен атылады.
Бұл – көбіне орташа аңдарға (қылышты деп аталатын қайқы мүйіз
бөкендер тəрізді) арналған тамаша мылтықтар еді. Ашық жерлерде
дұшпаннан қорғану үшін де таптырмас жойқын қару.
Қосауыз құс мылтығы – біреу. Он екінші калибрлі, бытырамен
атылады, екі оқпаны да чок2.


Кейін бұл мылтық біздің күнделікті тамақ тауып жеуімізге үлкен себін
тигізді.
“Винчестер” үлгісіндегі магазинді винтовка (карабин емес) – үшеу.
Бұл біздің қосалқы қаруымыз еді.
Өзі оқталатын, ірі калибрлі патронды “кольт” револьвері – үшеу.
Біз алған қару-жарақтар, міне, осындай еді.
Ескерте кету керек, осы тектес мылтықтардың бəрі бір үлгіде
жасалғандықтан, біз өзара патрон алмастыра алатын едік, бұл – əрине,
өте қолайлы əрі маңызды жағдаят.
Алда-жалда кейбір оқырмандарым қару-жарақ жайын ұсақ-түйегіне
дейін тəптіштеген əңгімеден жалығып кеткен болса, ол үшін кешірім
өтінбеймін, өйткені қару-жарақты дұрыс таңдау – экспедицияның сəтті
аяқталуына себін тигізетін аса маңызды шарттардың бірі екенін əрбір
тəжірибелі аңшы білсе керек.
Енді бізге қосшы міндетін атқаратын қызметкер жайына көшейік.
Өзара ұзақ кеңесе келе біз бес адам алсақ та жарайды деген шешімге
тоқтадық, оларымыз: жолбасшы, көшір жəне үш қызметші.
Көшірді де, жолбасшыны да оңай таптым. Бұлар – Гоза жəне Том
дейтін екі зұлыс еді. Қызметшілер жайы бұдан гөрі қиынырақ боп
шықты. Біздің іздегеніміз – қажет кезде сүйеніш бола алатын,
өмірімізге қатер төнсе, бізбен қоса күресетін əрі сенімді, əрі жаужүрек
адамдар еді. Ақыры екі кісі таптым. Бірі – Вентфогель, яғни “жел
құсы” деп аталатын готтентот1, екіншісі – Хиуа дейтін кішкентай
зұлыс.
Хиуаның басқалардан бір артықшылығы – ол ағылшынша судай еді.
Ал Вентфогельді көптен білетінмін. Мен өз өмірімде мұндай ізшіл
аңшыны сирек көрген шығармын. Бұлшық ет пен тарамыс сіңірден
ғана жаратылғандай, өте төзімді, қанша жүрсе қажымайтын жан еді.
Өкінішке қарай, оның бойында өзі шыққан тайпаға тəн бір үлкен
кемшілік бар-ды: тоя ішкенді тəуір көретін. Шарап құйылған шишаға
көзі түссе-ақ, дүниедегінің бəрін ұмытар еді. Сондықтан оған
қалтқысыз сенуге болмайтын. Алайда біз трактир, шарап дүкені атаулы


ұшыраса қоймайтын өлкеге сапар шегіп бара жатқандықтан, бұл
кішкене кемістіктің айтарлықтай мəні жоқ-ты.
Шарқ ұрып іздегенмен, үшінші қызметшіні таба алмадым. Біз осы
екеуімен-ақ жүре бермек болдық, бəлки, жол-жөнекей қолайлы адам
кездесіп қалар деген үмітте едік. Алайда дəл аттанар күні кешқұрым
біз дастарқан басында отырған шақта үстімізге Хиуа кірді де, мені бір
зұлыстың көргісі келетінін айтты.
Ас-суымызды ішіп болып, үстел басынан тұрған соң мен Хиуаға
зұлысты үйге кіргізуге бұйырдым.
Бөлмеге жасы отыздар шамасындағы, кəдімгі зұлыстармен
салыстырғанда құбақан, ұзын бойлы, сұлу жігіт енді. Сəлемдесу
орнына қолындағы буылтық-буылтық таяғын көтеріп, амандық
ишаратын жасады да, босаға жақтағы бұрышқа барып, бізге қарсы
қарап, жүресінен отырды.
Мен біраз уақытқа дейін оны байқамаған сыңай таныттым; басқаша
ету – үлкен жаңылыс болар еді: түземдікпен бірден балпылдап
сөйлесіп кетсеңіз, ол сізді сорлы біреу, өзін ұстай алмайтын,
сондықтан сыйлауға тұрмайтын жан деп есептейді. Алайда мен оның
“кэшла”, яғни “құрсауы бар адам” екенін аңдап қалдым. Қауғадай
шашына кəушіктің ерекше сапалы түрінен жасалып, жылтырап тұру
үшін маймен сырланған құрсау шеңберше киіпті. Мұндай құрсауды
белгілі бір жасқа жеткен үлкен мəртебелі зұлыстар ғана киетін.
Маған бейтаныс зұлыстың түрі таныс тəрізді көрінді.
– Ал, – дедім аздан соң барып, – атың кім?
– Омбопа, – деді түземдік құлаққа жағымды қоңырқай дауыспен.
– Мен сені бұрын бір жерде көрдім.
– Иə, инкоози1 көкетайым, сен мені Изандхлуанда2, Литтл-Хэнд
дейтін жерде, ұрыс алдында көрдің.
Осы кезде бəрі де есіме түсті. Зұлыстармен арада болған сəтсіз соғыс
кезінде мен лорд Челмсфордтың3 жолбасшылары қатарында едім.
Бақытыма қарай, дəл ұрыс қарсаңында өзіме тапсырылған күймелерді
алып, лагерьден шығып кеткен болатынмын. Бұл кісімен сонда, өгіздер
жегіліп жатқанда


сөйлескем. Ол біз жақта соғысқан түземдіктер отрядын басқаратын.
Əңгіме үстінде ол біздің бекінісіміздің соншалық берік екеніне
күмəнданатынын айтқан еді. Мен оған бұл – сенің ақылың жетер іс
емес, тіліңді тартып сөйле дегем, бірақ кейін оның бекініс жөнінде
айтқан сөздерін сан мəрте есіме алдым.
– Есімде ,– дедім мен. – Маған не шаруамен келдің?
– Жағдай былай, Макумазан (мені кафрлар осылай атайды; тура
аударсақ, “түн ортасынан соң тұратын кісі” деген сөз, яғни, бізше
айтқанда, “қапысыз сақ адам” деген мағына беретін атау). Естуімше,
сен ұшан судың ар жағынан келген ақ көсемдермен бірге қиян
солтүстікке, алыс жолға аттанбақ көрінесің. Осы рас па?
– Иə, рас.
– Мен сендер Маника Жерінен бір айлық қашықтықтағы Луканга
өзеніне дейін барады деп естідім. Бұл да рас па, Макумазан?
– Біздің қайда баратынымызды біліп қажеті не саған? Онда шаруаң
қанша? – дедім мен оған шүбəлана қарап. Біз саяхат мақсатын құпия
сақтауға келіскеміз.
– О, ақ адамдар! – деді түземдік даусын көтеріп. – Егер шынымен
сондай алыс жолға сапар шексеңіздер, мен сендермен бірге жүргім
келеді!
Бұл кісінің дауыс əуені мен сөз сөйлеу жөні мені қайран қалдырды. Ол
өзін өте тəкаппар кейіпте ұстады жəне бүкіл түр-тұлғасынан бекзаттық
сезілетін. Мені, əсіресе таңырқатқан – оның бізге түземдіктердің
əдетімен “инкоози”, яғни көсемдер деудің орнына “О, ақ адамдар”
деген сөзбен сөйлеуі еді.
– Əліңді біл! – дедім мен қатаң үнмен. – Ақ адамдарға бірдеңе
айтпастан бұрын қашанда жақсылап ойланып ал. Кімсің? Краалің
қайда? Алдымен осы сауалдарға жауап бер, біз кіммен сөйлесіп
тұрғанымызды білейік.
– Менің атым – Омбопа. Зұлыс тайпасына жатам, бірақ сүйегім зұлыс
емес. Менің руым бұл арадан алыста, солтүстік жақта тұрады. Басқа


зұлыстардың бəрі осылай қарай ауғанда біздің ел сонда қалыпты. Бұл –
осыдан мың жыл ертеде, Зұлыс елін билеген король Чакадан соншама
көп заман бұрын болған оқиға. Менің тұрақты мекенжайым жоқ.
Жерден жер кезгеніме көп болды. Зұлыс еліне солтүстіктен келдім,
сəби кезімде. Ер жеткен соң Нкомабакоз полкінде король Кечвайоға1
қызмет еттім. Ұзамай-ақ адамдардың қалай тұратынын көруге
құмарттым да, Зұлыс елінен қашып, Натальға келдім. Сосын
Кечвайоға қарсы соғыстым. Содан бері Натальда тұрамын. Жұмыс та
осында. Бəрінен жалығып біттім, енді қайтадан солтүстікке кеткім
келді. Бұл ара маған лайық жер емес. Ақшаларыңыздың қажеті жоқ.
Мен ержүрек адаммын, сіздерге тиер пайдам көп. Ішкен тамағымның,
от басынан алған орнымның төлеуін адал еңбегіммен қайтарам.
Айтарым осы.
Бұл адамның өтініші мені еріксіз абдыратты. Мінез-құлқына, сөзіне
қарағанда оның негізінен бүкпесіз шындықты айтып тұрғаны
аңғарылатын. Бірақ бұл түземдіктің басқа зұлыстарға мүлде
ұқсамайтыны жəне бізге ақысыз-пұлсыз қызмет етуге деген
құлшынысы соншалық, менің көңіліме күмəн көлеңкесі түспеуі
мүмкін емес-ті.
Қапелімде не жауап берерімді білмей, бейтаныс түземдікпен арада
болған əңгіме жайын сэр Генри мен капитан Гудқа баяндап бердім де,
не деу керектігі жөнінде ақыл сұрадым.
Сэр Генри жауап орнына маған Омбопаға орнынан тұр деп айтыңыз
деді.
Зұлыс үстінен ұзын əскери жақысын сыпырып тастап, біздің
алдымызда атып тұрды: нағыз алыптың өзі екен. Үстінде муча2 мен
арыстан тісінен жасалған алқа ғана қалған тыр жалаңаш дерлік
денесіне көзіміз түскенде сүйсінбей тұра алмадық. Сұлу да сымбатты
еді.
Мен өмірімде мұндай көрікті түземдік көрген емеспін. Бойы алты
фунт, үш дюйм шамасында: кең иықты еңгезердей жігіт. Бүкіл денесі
қолмен қашағандай. Кешкі шам жарығында оның əдеттегі өңінен гөрі


сəл қоңырқай тəрізденді, тек денесіндегі ассегай1 тиген жарақат
орындары ғана теңбіл-теңбіл боп қарауытып тұр.
Сэр Генри дəл қасына кеп, оның тəкаппар əрі сұлу жүзіне қадала
қарады.
– Жұбы қалай жараса кетті! – деді Гуд маған қарай еңкейіп. – Екеуінің
бойы да бірдей екен.
– Маған сіздің кескін-келбетіңіз ұнайды, мистер Омбопа, – деді сэр
Генри зұлысқа ағылшын тілінде. – Мен сізді өзіме қызметшілікке алам.
Сірə, Омбопа оның не айтқанын түсінсе керек.
– Жақсы, – деді зұлыс тілінде. Содан соң сэр Генридің еңгезердей
тұлғасына көзі тояттаған қалыпта қарады да:


– Сен екеуміз нағыз ер жігіттерміз, – деді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет