Хаггард Генри Сүлеймен патшаның кеніші Орыс тілінен аударған М. Мағауин



Pdf көрінісі
бет5/23
Дата03.11.2022
өлшемі0,98 Mb.
#47311
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
IV тарау
ПІЛ АУЛАУ
Дурбаннан мың мильден астам жерде, Луканга жəне Клюкве
өзендерінің тоғысар тұсында тұрған Ситанди крааліне жеткенге
дейінгі ұзақ жолда басымыздан өткен хикметтер жайын тəптіштеп
баяндамай-ақ қояйын. Ақырғы үш жүз мильдей жолды жаяу жүріп
өтуімізге тура келді, өйткені есектен басқа жан-жануар атаулының
бəрін шағып өлтіре беретін жексұрын цеце шыбыны жол аяғы ұзаған
сайын көбейе берген.
Дурбаннан қаңтарда шыққан едік, Ситанди краалінің қасына
шатырларымызды тіккен шақта мамырдың ортасы боп қалды.
Жол үстінде неше түрлі шытырман оқиғаға ұшырастық, алайда мұның
бəрі африкалық кез келген аңшының басынан өтуі ықтимал жайттар
болғандықтан, хикаямды орынсыз созып, олардың бас-басына
тоқталып жатпаймын. Тек біреуін ғана бажайлап айтып берейін.
Король Лобензула (сөз арасында айта кетейің, бұл бір нағыз жексұрын
сұм) билеген Матабеле Жерінің шегіндегі ең соңғы сауда нүктесі
Айнайтиде ішіміз удай ашып отырып, жайлы күймемізбен қоштасуға
тура келді.
Дурбанда сатып алған жегіндік жиырма өгізіміздің он екісі ғана қалған
еді. Бірі кобра шағып өлді, үшеуі аштық пен шөлден кетті, біреуін
жоғалтып алдық, енді үшеуі қызғалдақ тектес улы шөп жеп кеуіп өлді.
Осы соңғы дертпен тағы да бесеуі ауырған еді, бірақ өйтіп-бүйтіп аман
алып қалдық: оларға қызғалдақтың жапырағын қайнатып ішкізген
едік.
Бұл – дер кезінде қолданса, уды қайтаратын бірден-бір ем.
Күйме мен өгіздерді сенімді жігіттеріміз Гоза мен Томның қарауына
қалдырдық; осы өңірде тұратын құрметті шотланд миссионерінен


дүние-мүліктерімізге көз қырын сала жүруді өтіндік.
Содан соң қасымызға Омбопа, Хиуа жəне Вентфогельді алып, жүк
көтеретін хамбал есебінде алты-жеті кафр ертіп, жанкешті сапарға тіке
бет түзедік.
Бəріміздің де жолға үнсіз тұнжыраған кейіпте шыққанымыз есімде.
Сірə, əркім-ақ енді қайтып күймені көреміз бе, көрмейміз бе деп
ойласа керек. Ал менің өзіме келсек, мұндай үміттен мүлде ада едім.
Сол үнсіз қалпымызда біраз жүрдік. Кенет, алда келе жатқан Омбопа
зұлыс əнін шырқап қоя берді.
Əн мазмұны мынадай еді.
Күнделікті тұрмыс күйбеңінен, үйреншікті өмірден мезі болған
бірнеше батыр жігіт не жанға жай бірдеңе таппақ, не ер өлімімен
өлмек ниетте бетпақ шөлге аттанады. Ақыры көп қиындықпен шөл
қойнына тереңдеп енген шақта, о ғажап, келген жерлерінің шөл емес,
көк жапқан, айнадай көлдері жарқыраған, жанға сая сұлу қыздары көп,
малға жайлы оты көп, атар таңы мол, мұқатар жауы мол гүлжазира
мекен екенін көреді.
Əн ауқымын жақсы жоралғыға балап, бəріміздің де көңіліміз көтеріліп
қалды.
Омбопа дегеніміз осындай жайдары жігіт боп шықты. Рас, кейде оның
өзінен-өзі жабырқап, түнеріп кететін де сəттері ұшырасатын, алайда
көбіне, үнемі дерлік жадырай күліп, жұрттың еңсесін көтеріп
отыратын жəне өзінің өр, тəкаппар қалпынан танбас еді. Осындай
жігітті бəріміз де жақсы көріп кеттік.
Енді сіздерге басымыздан өткен бір оқиғаның жайын баяндап, өзім де
біраз рақаттансам деймін, өйткені дүниеде аңшылық хикаяларынан
артық ұнатар əңгімем жоқ.
Айнайтиге дейін екі апталық жол қалған кезде біз аса бір көрікті өңірге
тап болдық. Топырағы дымқыл, көгі мол екен. Биік қырқалардың
арасындағы қия шатқалдар түземдіктер “айдора” деп атайтын шіліктен
көрінбейді, ара-тұра wacht-een-beche (“сəл сабыр ет”) деп аталатын
тікенекті бұта да ұшырасады. Жемісінің көптігінен бұтақтары жерге
жете иіліп тұрған мачабель ағашы да баршылық. Мачабельдің ірі
сүйекті жемісі тіл үйірер дəмді, бой сергітер нəрлі келеді. Сонымен


қатар бұл – пілдердің жерік асы дерлік жеміс. Біз таяу маңда үйір-үйір
піл барын олардың жапырлаған ізінен ғана емес, мачабель
ағаштарының кей арада бұтақтары сынып, кей тұста, тіпті түбірімен
қопарылып жатқанынан да (пілдер оттаған, бірдеңе жеген кезде көзіне
көрінгеннің бəрін тапап, қирата береді) анық аңғардық.
Бірде күні бойғы ұзақ жолдан соң біз ғажайып сұлу жерге қоналқаға
жеттік.
Тырбық бұта жапқан көрікті шоқының еңісінде өзеннің құрғақ арнасы
бар екен. Ағысы үзілгенмен, мөлдір, таза қарасулары көп боп шықты.
Су маңы əртүрлі жабайы аңдардың ізінен көрінбейді. Шоқының етегі
гүл-бақша іспеттес көрікті алаңқай; алаңқайда бұтақтары жайыла
өскен топ-топ мимоза бұталары, ал оның ара-арасында жапырақтары
жалтыраған мачабель ағаштары көрінеді. Төңірек – жан аяғы баспаған,
арасында тіпті соқыр соқпақ та жоқ көк шілік мұхиты.
Өзен арнасын бойлап жүре бергеніміз сол еді, бір топ жирафтың
үстінен шықтық. Серейген-серейген ұзын жирафтар бізден үркіп
шапқылай жөнелді, дəлірек айтсақ, құйрықтарын көкке көтеріп,
тұяқтары жерді кастаньет қаққандай тасырлатып, өздерінің қызық
жүрістерімен тайпала жөнелді. Олар бізден үш жүз ярдтай ұзаған, яғни
мылтық жетер жерден аулақ кеткен шақта алдымызда келе жатқан Гуд
бұдан ары өзін ұстай алмады. Жарылғыш оқпен оқталған ірі калибрлі
мылтығын кезенді де, үйірдің ең соңында бара жатқан жирафтың
байталын көздеп, басып қалды.
О ғажап, оқ қаңғып барып, жирафтың дəл мойнына тигені. Мойын
сүйегі зақымданған жираф қоянша тоңқалаң асып жығылып, екі-үш
домалап кетті. Мен ешқашан мұндай қызық көрген емес ем.
– Шайтан алғыр! – деді Гуд. Өкінішке қарай, əлденеге аса қатты
толқыған кезде Гуд осындай “күшті” сөздерді қолданбай тұра
алмайтын (бұл – капитанның теңізшілік қызметі кезінде бойға сіңірген
қасиеті екені күмəнсыз). – Шайтан алғыр, жираф! Мүрдем кетірген
сияқтымын ба, қалай!
– Ou Bugwan! (Иə, Бугван!) – десті хамбал кафрлар жамырасып. – Ou!
Ou! (Иə, иə!)


Олар монокль кигендіктен Гудты “Бугван” (“шыныкөз”) деп атайтын.
– Иə, Бугван! – дестік сэр Генри екеуміз де, олардың сөзін
жаңғырықша қайталап.
Міне, осы күннен бастап түземдіктер арасында Гудтың ғажайып
мерген деген даңқы шықты. Ал шындығында Гуд мылтықты өте нашар
ататын. Кей атқан оғы талай рет далаға кетіп жүрді, бірақ біз оған
ешқашан мəн берген емеспіз, жаңылысқа, кездейсоқтыққа балап,
баяғыдағы ерекше мергендігін еске алатынбыз.
Қызметшілеріміздің екі-үшеуіне жирафтың қоңды жерлерінен ет
сылып алуды тапсырдық та, қалғанымыз қарасулардың бірінен жүз
ярдтай жерге шарбақ құрып, қотан жасауға кірістік. Мұның жөні
былай. Тікенек бұталарды көп етіп кесіп алады да, оларды қоналқа
болмақ орынға үйіп, дөңгелете қоралап шығады. Қотанның орта тұсын
тегістейді де, жақын жерде бола қалса, мол етіп құрғақ шөп жаяды,
бұл – жатын орнымыз. Сосын ретіне қарай бір немесе əлденеше
жерден от жағылады.
Қотан құрып біткен кезде ай да шықты. Кешкі асымыз – жирафтың
семіз етінен қуырылған бифштекс пен майлы жіліктер де пісіп, дайын
тұр екен. Рақаттана отырып тамағымызды іштік, қиындау болса да
жілікті шағып, майын алып жедік. Мен дүниеде жирафтың миы мен
жілік майындай тəтті тағам көргем жоқ. Онымен тек біз ертеңіне жеген
пілдің жүрегін ғана теңестіруге болатын шығар.
Толған айдың сүттей жарығында ара-тұра бүгінгі мергендігі үшін
Гудты мадақтап қойып, бар тəбетімізбен асымызды ішіп алдық. Содан
соң шылым шеге отырып əртүрлі өткен-кеткен хикаяларды əңгімелеуге
кірістік. Сірə, от басында алқа-қотан отырған біз көлденең көзге бір
түрлі қызық көрінетіндей кейіпте болсақ керек.
Əсіресе, сэр Генри екеуміздің арамыздағы үйлесімсіздік көзге ұрардай
өзгеше еді. Мен – орта бойлы, арықша келген адаммын; өңім
қоңырқай, ақ бурыл шашым қайыруға көнбей, кірпінің түгіндей
үдірейіп тұр, салмағым небары алпыс-ақ килограмм. Ал сэр Генри
еңгезердей ұзын бойлы, кең иықты, ақ сары шашты, аққұба адам,
салмағы тоқсан бес килограмнан кем түспейді. Əйткенмен де, барлық
жағдайды ескере келсек, үшеуміздің ішіміздегі ең ерекше кейіпті жан –
Корольдік теңіз флотының отставкадағы капитаны Джон Гуд еді.
Астына тері қап төсеніп отырған, əсем, жинақы киінген тап-таза Гуд


сізге өркениетті ел ішінде күнұзақ аңда жүріп, қанжығасы майланып,
жаңа ғана үйге оралған адам тəрізді көрінетін. Үстіне қоңырқай
твидтен тігілген əдемі аңшы костюмін киген, басында қоңырқай
қалпақ, аяғында əдемі гетр.
Жалпы, мен осы өмірімде Африка шөлінен мұндай таза қырынған,
мінсіз əсем киінген, өне бойы тап-тұйнақтай джентльмен көрген емес
едім. Жасанды тістері қаз қалпында, табиғи тістен аумайды, əдетінше
оң жақ көзіне қыстырған моноклі жалт-жұлт етеді. Тіпті мойнына
алып-салмалы аппақ жаға тағуды да ұмытпапты. Жолға мұндай
жағаның əлденешеуін алып шыққан болатын. Мен мұнысына
таңырқағанда:
– Байқаймысыз, осының ешқандай ауырлығы жоқ, – деген еді монтаны
кейіпте. – Ал мен қайда болмасын, джентльмен боп көрінгім келеді.
Міне, осы қалыпта, айдың тылсым жарығына шомған манаураңқы
кейіпте от басында ұзақ отырдық. Бізден бірнеше ярд жерге жайғасқан
кафрлардың, ішіне адамды масайтатын дакка толтырылған, оңтүстік
африкалық бөкеннің мүйізінен жасалған қалияндарының жылтыраған
шоғына қарап қоямыз.
Ақыры қызметшілеріміз өз оттарының басында көрпешелеріне
оранып, бірінен соң бірі ұйқыға кеткен. Олардан оқшау отырған
Омбопа ғана (мен əу бастан-ақ оның кафрлардан бойын аулақ
ұстағанын аңдаған ем) əзір ояу. Екі қолымен басын таңып, ауыр ой
үстінде отыр.
Кенет біздің сырт жағымыздағы тоғайдан қатты ышқына арылдаған үн
естілді.
– Арыстан, – дедім мен. Бəріміз де атып тұрып, құлақ тіге қалдық. Сол
сəтінде-ақ жүз ярдтай жердегі қарасу жақтан пілдің өкірген үні
шықты.
– Unkungunklovo Lndlovu! (Піл! Піл!) – деді кафрлар тұншыға
сыбырлап.
Бірнеше минуттан соң біз төбедей-төбедей боп қарауытып, шілік
тоғайына қарай маң-маң баса шұбап бара жатқан бір табын пілдің
сұлбасын көрдік. Гуд жалма-жан мылтыққа жармасты. Пілді өлтіру де


манағы жирафты кездейсоқ қағып түсіргеніндей оңай шаруа деп
ойласа керек. Бірақ еркіне жібермедім.
– Тиісуге болмайды, – дедім мен. – Болмайды. Кете берсін жөніне.
– Бұл төңірек аңшылар армандар ұжмақ боп шықты ғой! – деді кенет
сэр Генри. – Бірер күн аялдап, аң аулаған теріс болмас еді.
Мен бұл сөзге аз-маз таңырқап қалдым, өйткені осы уаққа дейін сэр
Генри алға қарай жылжи беруді ғана ойлайтын. Айнайтиде бұдан екі
жылдай бұрын Невилль дейтін ағылшын осы жерде өзінің күймесін
сатып, елдің ішкі жағына аттанды деп естігеннен бері бізді
бұрынғыдан бетер асықтырумен болған. Ал мына арада қанша
дегенмен, аңшылық сезім бел алса керек.
Гуд қуанып кетті. Піл аулау – көптен бергі арманы екен. Мен де
дəмелі-тұғым. Өйткені осындай қолайлы сəтті пайдаланып біраз
аңшылық құрмай, тұтас бір үйір пілді қоя беріп қарап отыру обал-ақ
еді.
– Несі бар, достарым, – дедім мен. – Біраз көңіл көтерген теріс болмас.
Ал енді кідірмей жатайық. Күн шықпай тұру қажет. Сонда, бəлки, ұзап
кетпей тұрғанда, əрі жайылып жүрген шағында үйірдің үстінен
түсерміз.
Қалған жұрт менің айтқанымды мақұл көрді де, ұйқыға қам жасадық.
Гуд мипаздап үстінен киімін шешті, оны жақсылап тазалады; аузынан
салмалы тісін, көзінен моноклін алып, оларды қайта-қайта сүртіп,
шалбарының қалтасына салды; бар киімін мұқият бүктеді де, түнде
шық басып дымқылданып қалмасын деп, төсегінің аяқ жағына салып
тастады. Сэр Генри екеуміз онша көп машақаттанбай, қолма-қол
шешініп, жылы көрпешелерімізді жамылдық та, ұйқыға кеттік. Иен
дала, ашық ауадағы ұйқы қандай тəтті.
Түс көрдім. Жүріп келеміз, жүріп келеміз... Шетсіз, шексіз жол...
Апырау, бұл не?
Кенет су жақтан жанталасқан айқастың дүбірі естілді.
Келер сəтте төбе құйқаңды шымырлатар ақырған үн естілді.
Мұның арыстан екені айдан анық болатын.


Біз бəріміз атып-атып тұрып, шу шыққан жаққа көз тіктік. Қараңғыда
ештеңе анық көрінбейді, тек сарғыш па, қоңырқай ма, əйтеуір мидай
былыққан бірдеңенің аударылып, төңкеріліп, жанталасқан алыс
үстінде бізге қарай жақындап келе жатқанын ғана аңдадық. Қолма-қол
мылтықтарымызды алып, вельдскундерімізді1 жүре киіп,
қотанымызды қоршаған шарбақтан жүгіре шықтық. Бұл кезде таласқан
екі аң да құлап, жерде домаласып жатқан. Біз жүгіріп жеткенше айқас
бітіп, екеуі де біржола тыншыды.
Біздің көргеніміз мынау болды: шөп үстінде африка бөкендерінің
ішіндегі ең сұлуы – қылышты бөкен өліп жатыр. Қасындағы қап-қара
шуда жалды əйдік арыстан да жансыз.
Зады, іс былай болса керек. Бөкен суатқа келген. Ал суат басында, сірə,
мана біз ақырған үнін естіген арыстан баспа қылып, бұғып жатса
керек. Бөкен су ішуге кіріскен сəтте қарғыған арыстан қалт басып, тура
мүйіз тұсынан дөп еткен сияқты. Өткір қайқы мүйіз арыстанның
қабырғасына сүңгіше
қадалған. Бұдан бұрын да бір рет осы іспеттес көрініске тап болып
едім. Бүйіріне сағағына дейін енген мүйізден құтыла алмаған арыстан
жанталасып бөкенді мойнынан, арқасынан қаршылдатып шайнай
берді, ал жара жанына батқан бөкен есі шыға ышқынып, басы ауған
жаққа қарай шапқылаған; ақыры екеуі де өліп тынды.
Арыстанды да, бөкенді де мұқият қараған соң біз өзіміздің
қызметкерлеріміз бен хамбал кафрларды шақырып алдық. Бəріміз
жабылып жүріп, екі өлі аңды сүйреп, шарбақтың ішіне енгіздік.
Бөгелмей ұйқыға жаттық. Күн шыққанша тыныштығымыз бұзылған
жоқ.
Күннің алғашқы шапағымен бірге тұрдық та, аңға дайындала
бастадық. Қажетті жабдықтардан үш ірі калибрлі мылтық, жеткілікті
мөлшерде патрон жəне менің өзім аңшылық кезінде таптырмайтын
сусын деп есептейтін салқын, сұйық шай толтырылған үш үлкен құты
алдық.
Асымызды асығыс іше сала жолға шықтық. Соңымызда


– Омбопа, Хиуа, Вентфогель бар. Хамбал кафрларды түндегі
арыстанның терісін сыпырыңдар, бөкенді сойып, етін бөлшектеп
қойыңдар деген тапсырмамен лагерьге тастап кеттік.
Пілдер салған кең соқпақты оңай таптық. Соқпақты бажайлап қараған
Вентфогель бұл арадан жиырма-отыз қаралы піл жүріп өтіпті жəне
көпшілігі ересек, еркек пілдер дегенді айтты.
Таң атқанша əжептəуір жерге ұзап кеткен екен, тек ертеңгі сағат тоғыз
шамасында, күн көтеріліп, ыстық адам төзгісіз боп бара жатқан кезде
ғана сынған ағаштар, жұлынған жапырақтар жəне буы бұрқырап
жатқан тезектерді көрген соң, пілдердің таяу маңда жүргенін аңдадық.
Кенет үйірдің өзін де көрдік, Вентфогель айтқандай жиырма-отыз піл
екен. Жайылып, тояттап болып, бір ойпаңдау жерде етектей
құлақтарын қағып қойып, қимылсыз тұр екен. Көз алғысыз тамаша
көрініс еді.
Пілдермен аралық – екі жүз ярдтай жер. Желдің қай жақтан соғып
тұрғанын білу үшін күл боп кеткен құрғақ жапырақтың бір уысын
алып, аспанға шаштым. Егер иісімізді сезіп қойса, пілдер біз атып
үлгермей-ақ көзден таса болар еді.
Сəті түскенде жел қарсыдан соғып тұр екен. Сақтықпен алға қарай
еңбектей жөнелдік. Биік шөп арасымен ептеп жылжып, төбедей-
төбедей боп тұрған жануарларға қырық ярдтай жерге жақындап келдік.
Қарсы алдымызда көлденеңдеп үш ірі еркек піл тұр; біреуінің тісі
шаңырақтай.
Мен серіктеріме сыбырлап, ортадағы пілді ататынымды айттым; сэр
Генри – сол жақта тұрған пілді, ал Гуд – оң жақтағы, үлкен тісті пілді
нысанаға алды.
– Ал, аттық, – дедім мен сыбырлап.
Тарс! Тарс! Тарс! – ірі калибрлі үш мылтықтың даусы іркес-тіркес
шықты.
Сэр Генридің пілі бірден-ақ тырапай асты.
Мен көздеген піл шөкелеп жата кетті; тұрмастай болған шығар деп ем,
қателесіппін, келер сəтте атып тұрып, өңкілдеп шаба жөнелгені, менің
өзімді қағып кетуге шақ қана қалды; дəл осы сəтте қосауыздың екінші


оғын тура бүйіріне қадап үлгерген едім, піл гүрс етіп құлады.
Бөгелместен мылтығымды екі патронмен оқтай сап пілдің дəл қасына
жүгіріп келдім де, байғұстың жаны қиналмас үшін қақ бастан атып,
саудасын бітірдім.
Осыдан соң ғана Гудтың үлкен пілді не істеп жатқанын көру үшін
артыма бұрылуға мұршам келді. Жаңа, мен өз құрбандығыма
ұмтылған сəтте жарақат əсерінен бойын ашу буған Гудтың пілі өкіріп-
бақырып жатқан. Жанына жүгіріп жетсем, Гуд қатты абдыраған,
жалғыз өзі ғана тұр. Сөйтсек, алғашқы оқтан жараланған піл өзінің
жəбірлеушісіне тұра ұмтылыпты. Тапап кете жаздаса керек, Гуд
əйтеуір жалт беріп, ажалдан аман қалыпты. Бірақ піл қайта бұрылмай,
сол бетімен шапқылай жөнеліпті. Біздің лагерьге қарай беттеп бара
жатыр екен, жонын ғана көріп қалдық.
Ал келедегі пілдер шошынып, қарсы бетке қарай тым-тырақай қашты.
Жаралы пілдің соңынан кетейік пе, жоқ, əлде келеге ерейік пе деп
кеңесіп біраз тұрдық та, осының соңғысын мақұлдадық.
Шаңырақ тісті пілдерді қайтып көрмеспіз деген оймен ілгері
жылжыдық. Содан бері мен пілдермен кездеспегеніміз-ақ жақсы еді
деп талай рет ойладым.
Пілдерден адасуымыз мүмкін емес еді. Олар өзінің соңынан ені
кішігірім қара жолға пара-пар үлкен соқпақ қалдырған еді. Үдере
қашқан жолында қалың шілікті шалғын шөптей жапырып отырыпты.
Алайда пілдер тым ұзап кеткен екен, жету оңайға түспеді. Қақтай
күйдірген күн астында екі сағаттан астам жүруімізге тура келді.
Ақыры пілдерді тағы да көрдік. Бір аталық піл ғана оқшау тұр,
қалғандары түгел үйірілген; қимыл-қозғалыстарынан, тұмсықтарын
көтеріп, ауаны иіскелегенінен мен олардың əлдебір қатерлі іске
беттегелі тұрғанын сездім. Сірə, күзетке қойылған-ау дедім, дара піл
үйірден елу, бізден алпыс ярдтай жерде тұр. Егер жақындамақ болсақ,
иісімізді сезіп, не өзімізді көріп қалар, сөйтіп, бүкіл келеден
айырылармыз деп ойладық та, осы сақшы пілді нысанаға алып, мен
сыбырлап айтқан команда бойынша бəріміз бірдей шүріппені бастық.
Үш оқ бірден тиді де, піл сеспей қатты.


Мылтық даусы шығысымен үйір жөңкіліп қаша жөнелді. Бірақ
бақытсыз жануарлардың сорына қарай олардың жолынан кесе-
көлденең нулла – яғни биік жарқабақты құрғақ арна кездесті. Пілдер
шапқылаған беті сол арнаға кеп түсті.
Ізінше біз де жеткен едік. Пілдер бірін-бірі кимелеп, қарсы қабақтан
шығып кетуге тырысып, бейберекет боп жүр екен. Өкірген, бақырған
дауыстан құлақ тұнады; əрқайсысы өз басын қорғауға тырысқан,
мүлде естері шығып кеткен жануарлар бірін-бірі итермелеп, қайтсе де
ажал аймағынан аулақтауға тырысады. Басына күн туса, адам
атаулының да көпшілігі осындай мінез көрсетер еді.
Біз үшін өте қолайлы кезең туған. Мылтықтарымызды асығыс оқтап,
батыр-бұтыр ата бастадық. Əп-сəтте бес піл құлап түсті. Егер пілдер
арғы бетке өтпек ниетінен бас тартып, арнаны бойлай қаша
жөнелмегенде, сөз жоқ, бүкіл келені жайпап салатын едік.
Пілдерді қумадық. Өте қатты шаршаған едік. Бəлки, тояттап қалған
болуымыз да. Бір күнде сегіз піл – осал олжа емес.
Сол арада отырып, аз-маз дем алдық. Қызметшілеріміз пілдің екеуін
жарып, кешкі асқа жүректерін алды. Пілдердің тістерін аралап кесіп
алуға ертең қызметшілеріміз бен хамбалдарымызды жібермек боп,
өзімізге көңіліміз толып, қосқа қарай аяңдадық.
Мана Гуд келені бастаушы аталық пілді жаралаған тұстан біраз озған
кезде бір үйір бөкеннің үстінен түстік. Бірақ атпадық. Онсыз да етіміз
мол. Бөкендер біздің дəл қасымыздан дүркіреп шауып өтті де, онша
ұзамай, жүз ярдтай жердегі шоқ-шоқ шіліктен аса бере топталып, бізге
аңтарыла қарасып тұрды.
Сол кезде Гудтың бөкендерді жақынырақ жерден барып қарауға көңілі
кеткені. Бұрын ешқашан оңтүстік африкалық бөкенді көрмеген екен.
Қолындағы мылтығын Омбопаға берді де, қасына Хиуаны ертіп, шілік
жаққа беттеді. Дамылдауға сылтау табылған соң біз қарсылық
білдіргеміз жоқ, біраз тыныстап алмақ боп, көкмайсаға отырдық.
Қанқызыл түске енген көрікті күн өзінің ұясына қонды. Əсем табиғат
көрінісін тамашалап отырған сэр Генри екеуміз кенет пілдің өкірген
үнін естідік, артынша оның төбедей боп қарауытқан сүлдесін аңдадық.
Құйрығын шаншып, тұмсығын көкке көтеріп ап, алға қарай еміне


еңкілдеп, шабуылға шыққан қалпы, балқыған қазандай қып-қызыл боп
батып бара жатқан доп-домалақ күннің аясында анық көрінеді. Келер
сəтте Гуд пен Хиуаның жанұшыра бізге қарай қашып, ал жаралы
пілдің (ие, бұл – манағы жаралы піл еді) оларды өкшелей қуып келе
жатқанын көрдік.
Біз қашып келе жатқан екеуінің біріне тигізіп аламыз ба деген қауіппен
мылтық атуға батылымыз бармай, бөгеліп қалдық; шынын айтсақ,
мұндай алыс жерден атылған оқтан ешқандай қайыр жоқ та еді.
Келер мезетте қорқынышты көріністің куəсі болдық. Гуд өзінің
еуропалық киімге құмарлығының жазасын тартты. Егер ол біз құсап
өзінің шалбар, гетрімен қоштасып, аяғына вельдскун, үстіне жеңіл
аңшы киімін кисе, жаралы аңға жеткізбес еді. Енді еркін жүгіруге
шалбары бөгет жасап келеді. Ал бізге алпыс ярдтай қалған кезде,
аяғындағы табаны шөп егеп жылтырланған еуропалық үлгідегі бəтеңке
тайғанап кетті де, Гуд тура пілдің алдына құлап түсті.
Зəреміз ұшып, бəріміздің де жан даусымыз шықты. Гудтың өлім сағаты
соққаны анық еді. Сонда да бір себіміз тиер деген үмітпен көмекке
ұмтылдық.
Үш секундтан соң бəрі де бітті. Тек оқиға біз күткеннен гөрі өзгешерек
аяқталды.
Мырзасының тайып жығылғанын Хиуа да көрген еді. Жаужүрек бала
қалт бұрылды да, пілге өзінің қолындағы ассегайын лақтырды. Найза
пілдің тұмсығына қадалды.
Жаңа жара жанына батқан піл ышқына өкіріп, Хиуаға қарай ұмтылды.
Байғұс баланы бір-ақ қағып жерге жықты да, бөренедей аяғымен
басып тұрып, кеуде тұсынан тұмсығымен орап ап, тартып қап, қақ
бөлді.
Бойымызды үрей буған біз мылтығымызды тынымсыз атып, алға қарай
жүгіре бердік. Ақыры теңселе бере гүрс етіп, піл де құлады.
Біз келгенде Гуд жас өмірін құрбан етіп, өзін аман сақтап қалған батыр
баланың жансыз мүрдесінің басында қайғыға батып егіліп тұр еді. Өз


өмірімде талай хикметті көрген менің өзім көңілімнің қатты
бұзылғанын аңдадым.
Омбопа теңкиіп жатқан зор пілге, қызыл қанға батып мылжаланған
бейшара зұлыстың мүрдесіне қадала қарап үнсіз тұрды.
– Уақа емес, – деді ол кенет. – Рас, Хиуа өлді, бірақ ер өлімімен, ақ
өліммен өлді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет