Халық ақыны, жыраулық өнердің шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жаһандану дәуіріндегі жамбылтанудың жаңа арналары және оны оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция


-секция  ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ІЗДЕНІСТЕРІ



Pdf көрінісі
бет25/65
Дата25.11.2023
өлшемі1,81 Mb.
#125861
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   65
3-секция 
ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ІЗДЕНІСТЕРІ 
ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ПУБЛИЦИСТИКАСЫНДАҒЫ АЗАТТЫҚ 
ИДЕЯСЫ 
Туралы И. 
«Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ 1-курс магистранты 
Ғылыми жетекші: 
Қамарова Н.С.,
ф.ғ.к.
 
Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры,
Ақтау, Қазақстан 
Аңдатпа.
Мақалада Ф. Оңғарсынова публицистикасына арқау болған өзекті 
мәселелердің бірі – азаттық идеясы, тәуелсіздік тақырыбы сөз болады. Ф. Оңғарсынованың 
әр жылдары жарық көрген мақалаларына талдаулар жасалады. 
Түйін сөздер:
қазақ публицистикасы, Ф. Оңғарсынова, өзекті тақырыптар, азаттық 
идеясы, тәуелсіздік тақырыбы 
Ф. Оңғарсынова публицистикасына арқау болған өзекті мәселелердің бірі – азаттық 
идеясы, тәуелсіздік тақырыбы. Фаризаның еліміз тәуелсіздігін алғанға дейінгі проблемалық 
мақалаларының барлығында да Кеңестер Одағының ықпалынан шыға алмай, өзіміздің
ұлттық салт-дәстүрімізге, тіліміз бен дінімізге, тіпті ұлттық мектептеріміз бен 
кадрларымызға мән берілмей отырғандағы ашық айтылады. 
Сөзіміз дәлелді болу үшін 1989 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде 
жарияланған «Үміт пен сенім ұясы» мақаласында Орталыққа жалтақтап, сол кездегі 
психологиямен таза қазақ мектептерін ашудан гөрі аралас мектептерді ашуды үрдіске 
айналдырушыларды мақалада қатты сынайды. «Қазір көпшіліктің аузында жүрген аралас 
мектептер жүйесі – жас ұрпақты интернационалистендірудің барып тұрған тұрпайы әдісі дер 
едім. Қазақ пен орыс, яки басқа ұлт балаларын бір шаңырақтың астында оқыту оларды тіпті 
де бір шаңырақтың ұл-қыздары етіп өсіру деген ұғым емес» [1,3]. Сөйтіп, автор аталған 
мақалада азаттық идеясын ұлттық идеямен астастыра отырып жұртшылыққа әдемі жеткізе 
білген. Оның: «Ұлт мектептерінің жай-күйі ұлттық ұятымыздың көрінісі болсын» [1, 3 б], – 
деген пікірі қоғамға ой саларлықтай салмақ көтеріп тұр. 
Ф. Оңғарсынова 1989 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Санаға сілкініс 
керек» мақаласында сол кездегі ұлттық кадр мәселесіне тоқталады. Мақалада әр облыстағы 
билік басындағы сол жердің халқының адамдарын қызметінен түсіріп, олардың орындарына 
тәкәппар, сауатсыз, таныстықпен, туысқандықпен келгендер туралы айтылады. Автордың 
көрсетпек болғаны, бұл жерде айтар ойы – сол кездегі республикадағы кадр мәселесі 
партияда да, комсомолда да жүйелі болмай кеңестік құрылымның ыдырап келе жатқандығы, 
оның заңды құбылысқа айналып отырғандығы. Атап айтқанда, басшы қызметкерлердің өз 
жерінен болмай, кадрлардың жан-жақтан әкелініп қойылатындығы, басшының жергілікті 
жерлерді біле бермей, қателіктер жасауы проблема ретінде көтеріледі. Мақалада автор 
Алматы облысы, Жамбыл облысы, Маңқыстау облысы, Шымкент облысы, Торғай 
түкпіріндегі кадр проблемасын ашып айтады. «Азаматтарымызды қорғай алмаймыз. Халық 
үндемейді. Әрине, мұның екінші жағы да бар: халықтың мәніс біледі деген ойлылардың 
пікіріне құлақ салып жатқан басшылар жоқ. Дегенмен, босқа күйіп кетіп жатқан азаматтар 
туралы өз ойларын айтып, арашалау деген біздің халық арасында бұл күнде ұмытылып 
барады. «Ойбай өзімізге бір пәлесі тиіп кетер» деп жан сауғалауға жаппай бой үйретіп бара 
жатқандаймыз» [2, 3]. 
Бұдан әрі халықтың жағдайы сауатсыз басшының кесірінен нашарлай түсетіндігі, 
басшылардың орындарында ұзаққа дейін болмаулары айтылады. «Басқа жақтан келген 
кадрлардың тоқсан бес процентінің көңілінде «бұл жерде уақытша жүрмін» деген пиғыл 


84 
тұрады. Жағдайын түзеп, номенклатураға еніп алғасын, «Москва қайдасың» деп тартып 
отырады. Басшылар кетеді, халық сол жерінде қалады. Барлық тауқыметті, бүлінген ел, 
бұзылған шаруашылықтың бейнетті зардабын тартатын да – тұрғылықты халық» [2, 3]. 
Сөйтіп, автор Мәскеуге кетіп қалатын емес, елге, жерге, халқымызға жаны ашитын 
ұлттық кадрларымызды дайындаудың, оларға қамқорлық жасаудың қажеттігін баса айтады. 
Ертеңгі күнді бүгін ойлауымыз керектігін жазып, көпшілікке ой салады. «30-40 жылдары 
пәленше пәлен қылмыс істеген деп, бүгін даурығамыз. Әбден болары болып, бояуы 
сіңгеннен кейін, халық әбден зардабын тартып болғаннан кейін, бүгінгі күні батырсынып, 
айғайласқаннан не пайда? Ертеңгі ұрпақ біздің қатемізді түзетпеуі үшін бүгіннен түзу жұмыс 
істеп, таза саясат жүргізуіміз қажет» [2, 3]. 
«Наурыз – тазару күні» мақаласында автор бұл мейрамның елімізде тойлану тарихына 
шолу жасай отырып, салт-дәстүрімізді өз кезінде сөз ете алмағанымызға қатты қынжылады. 
Еліміз тәуелсіздігін алып, азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін ғана Наурыз мерекесі елімізде 
жаппай тойланып отырғандығын, бұл мейрамның халыққа әкелер ізгілігі мен жақсылығын 
айтады. «Күні кешеге дейін Наурыз – қазақтың ұлттық мейрамы деп айтуға қорқып келдік. 
Бүгінгі күннің күнкөріс қиыншылықтарын айтып, шетімізден жылап жүрміз. Бірақ 
шүкіршілікті ұмытпауымыз керек. Бүгінгі ұлыстың ұлы күні – бір жағынан тазару күні. 
Адамның денесі ғана емес, жан дүниесі де таза болса, дүние жаңарады, жаңғырады» [3, 221]. 
Ф. Оңғарсынова жолжазба очерктерінде де ұлттық таным, тіліміз бен дініміз 
мәселесін, тәуелсіздік тақырыбын көтеріп отырған. Автордың жолжазба дүниелерінде 
еліміздің ішіндегі және басқа да мемлекеттерге жасалған сапарлары жайындағы ой түйіндері 
қағаз бетіне мүлтіксіз түскен. «Жолжазба – сапар мен саяхат нәтижесінде көзбен көрген 
нақты оқиғаларды суреттеуге арналған әдеби жанр. Заметка күнделік, очерк, мемуар, тағы 
басқа түрінде жазылады, жолжазбада танымдық мәліметтермен қатар саяси, философиялық, 
эстетикалық, публицистикалық мәселелер баяндалады» [4, 182], – деп журналистика 
теориясы мен практикасы барысында келелі зерттеулер жүргізген ғалым М.С. Черепахов 
айтқандай, Ф. Оңғарсынованың жолжазба очерктері көптеген мәселелері қамтыған.
«Өз топырағындағы өгей бала...» жолсапар очеркінде Америка Құрама Штаттарына 
барған кездегі өз қандастарымыздың бойындағы бодандық саясаттың сарқыншағынан 
сақталып қалған құлдық психологияға қарны ашқанын ашына жазады. Сол сапарда еліміз 
делегациясының құрамында болған қостанайлық қазақ жігітінің қылығына қатты күйінеді. 
Әлгі жігіт орыстың «Катюша», «Подмосковные вечера» әндерін айтып, өз өнерін көрсетіп 
жатады. Ф. Оңғарсынованың «Қазақ әуенін естісек?» деген сұрауына қара көз қазақстандық 
жігіт бұрқан-талқан ашуланып, ол кісінің «ескі көзқарастағы» адам екенін, ештеңе 
түсінбейтіндігін орысшалап айтып салады. Автор өз жеріндегі өгей баладан жиреніп, мұндай 
жастарға көңілі қалғанын былайша білдіреді: «Біз осындай ұрпақпен қай шамаға жете 
аламыз деген ой мені ылғи мазалайды. Біздің ата-бабамыздан қалған қасиетті ұстап жүрген 
біреу болса, ол – ауылдағы халық. Халықтың қасиеті мен дәстүрі, тілі мен өнері қаперіне 
кіріп шықпайтын, оның есесіне орысша жақсы сөйлейтін жастарға қарап қарным ашады» [5, 
98]. Автор өз ойын осылайша халыққа жеткізіп, мұңын шағады.
«Қытайдағы қимас кездесулер» жолсапар очеркінде саяси астарлар жайында 
ойтолғаулар бар. Еліміз толықтай тәуелсіздікке қол жеткізбесе де, Қытайдағы жергілікті 
үкімет басшылары қазақстандықтарды ресми қабылдағандарына іші жылып қалады. «Сол 
күні кешкісін Қытай Коммунистік партиясы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданының 
хатшысы Жәнәбіл жолдас бастаған жергілікті үкімет басшылары бізді ресми қабылдады. 
Қабылдауда Әшірбек Сығаев, Бибігүл Төлегенова, Жәнібек Кәрменов, Құрманғазы 
оркестрінің директоры Еркебұлан Мүсірепов және мен болдым» [6, 271], – деп келтіреді 
автор очеркінде.
Осындай кезде жазылған Ф. Оңғарсынованың «Жүрекке жазылған жүздесулер» атты 
Түркияға жолсапар очеркін де айтып өту қажет. Мұнда еліміз дербес мемлекет болмай, 
Кеңестер Одағы құрамында болған тұста шет елдердегі қандастарымыздың проблемалары 
көтеріледі. Автор сөзінің астарында тұрған «Қашанғы Орталыққа телміреміз, өзіміздің 


85 
тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, жеке мемлекет болатын кезіміз жеткен жоқ па?» деген ойды 
анық байқауға болады. «Қазақ тілін құртып алмас үшін олар қалада болсын, далада болсын 
бір жерде орналасуды мақсат еткен. Той, садақа секілді жиындарды бірге атқарысатын 
көрінеді. Біз туған топырағымызда отырып-ақ, әдет-ғұрып, дәстүрімізге дақ түсіріп жүрміз, 
ал шетте жүрген қазақтар соның бәрінің тінін үзіп алмауға ұмтылысады. Қазақтар көп 
тұратын шетелдерде Дипломатия орталығы немесе консулдық мекемеде Қазақстан 
өкіметінің өкілі жоқ болғандықтан, елге, тым болмаса, келіп-кету үшін, кімге жолығып, 
қайдан шешімін табудың мүмкіндіктері жоқ» [7, 4], – деп қынжылады автор. 
Ал, «Оңтүстік туралы ойлар» жолсапар очеркінде еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі 
Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзгерістерге кеңінен тоқталады. «Қазақ үшін ғана емес, 
бүкіл Орталық Азияның мұсылмандары үшін қасиетті болып есептелетін Түркістан баяғы, 
бұдан бірнеше жыл бұрын көргенімдегідей емес, шамдары жарқырап, үйлері сәнденіп, 
Еуропаның қаласына ұқсап қалыпты» [8, 4], – деп, автор өзінің ризашылығын ашық 
білдіреді. Сөйте тұра бұл аймақта етек алған кемшіліктерді де сынайды. Оңтүстік өңірінің 
шұрайлы жерлерімен қоса мұнда билік басындағылардың рушылдық дертіне 
шалдыққандары айтылады. «Ақжарқын, еңбек десе бала-шағасына дейін бас тартуды 
білмейтін осындай халқы бар, байлығы тұнған жері бар елде ру-руға, ата-атаға бөліну аузын 
ашқан арыстандай мемлекеттердің қоршауында отырған қазақ секілді халықтың тұтастығын, 
бауырмалдығын мүжиді» [8, 4], – деген келелі пікір айта отырып, елдің тәуелсіздігін, 
халықтың тұтастығын сақтау үшін ынтымақ, бірлік керек екендігін еске салады. Ата-
бабаларымыз сан ғасырлар армандаған азаттықтың, халықтың тұтастығын тілеген 
тәуелсіздіктің туын бұдан да биікке көтере түсу үшін ел азаматтарын намысты, абыройлы 
болуға шақырады. Сонымен қатар Фариза: «Бабаларымыз егемендік пен тұтастықтың қазақ 
тарихындағы алғашқы туын тіккен аймақтың абыройы – бәріміздің ортақ абыройымыз» [8, 4] 
екенін айтып, халықты бірауыздылыққа үндейді. 
Ф. Оңғарсынованың «Тәуелсіздік толғауы» атты көлемді мақаласында еліміздің 1994 
жылғы тарихының толық бейнесі хронологиялық тәртіппен беріледі. Тәуелсіздікке жаңа ғана 
қол жеткізіп, тәй-тәй басқан мемлекетіміздің өміріндегі айтулы оқиғалар желісі көркем 
тілмен шебер суреттелген. Кездескен қиыншылықтар мен проблемалар да, оларға қазақ 
халқының аса бір шыдамдылықпен төтеп беріп, қиын-қыстау сәттерді жеңе білгені де 
шынайы қалпында, шұрайлы тілмен шебер берілген. Бұл мақаланың осы бөлімінің басында 
әр бөліміне жеке-жеке тоқталып, оны талдап өткендіктен қайталап айтуды артық көріп 
отырмыз. 
Ф. Оңғарсынова «Тәуелсіздік – асқақ сөз, асқар ұғым» мақаласында 1996 жылғы 
тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктерін, 5 жыл ішіндегі атқарылған игі істер туралы сыр 
шертеді. Ел ішінде «Тәуелсіздіктің тәтті дәмін тата алмай жатырмыз» дейтін адамдардың да 
бар екенін, өйткені, социализм шеңберінен шыққан соң, халықтың «өз күніңді өзің көр» 
деген саясаттан түршігіп, рухани, азаматтықтың дәмін сезіне алмай жүргенін айтады. 
Дегенмен, осы бір қысқа уақыт аралығында шынайы тәуелсіздігіміздің арқасында қол 
жеткен жақсылықтардың (әрине, біздің халқымыз үшін) баршылық екенін жасырмайтынын 
білдіре келіп, бірқатар атқарылған игі істерді тізбелеп өткен. 
«– Ешкімге жалтақтамай, ойымызға келгенін өзіміз жасайтын болдық; 
– қазақша кез келген жерде қысылмай сөйлеуге қолымыз жетті; 
– бүкіл ұрпақ аттарын білмей өтуге шақ қалған рухан көсемдеріміз бен 
батырларымыздың атын шығардық; 
– тарихымызды тылсымдардан аршып жатырмыз. 
Міне, осының бәрі тәй-тәй басқан тәуелсіздігіміздің арқасы. Бұған шүкіршілік деуге 
болмас» [9, 1] деп ойын сабақтайды. 
Дегенмен де, әрине, көзді ашып-жұмғанша барлық жағдайдың оңалып кете 
қоймайтыны рас. Мақаланың басында еліміздің жетістіктерін айтып өткен публицист одан 
әрі халық арасында орын алып отырған біраз қиыншылықтарға да тоқталған. Алайда, бұл 
қиындықтардың тек Қазақстанға ғана емес, Кеңестер Одағы құрсауынан босаған барлық 


86 
республикалардың басына да түсіп отырғанын, жалпы ел басына қандай күн туса да, елдің 
азып-тозбауы мекеменің, ауылдың, ауданның және облыстың басшыларына – әкімдерге 
тікелей байланысты екенін шегелейді. Ойының растығын дәлелдеу үшін Атырау 
облысындағы қатар отырған екі ауылдың өмірін суреттеп берген. Бірі – көмірі түсірулі, 
пішені алулы, киім-тамағы жеткілікті Жамбыл атындағы ұжымдық шаруашылық та, екіншісі 
– жағдайы азып-тозған, жастары арақ ішіп, кәрілері тентіреп, ішетін ауыз суы жоқ, жылу 
жүйесі істен шығып, малы әркімнің қолында кетіп отырған «Қызыл балық» шаруашылығы. 
Публицист осы екі ауылдың өмірін салыстыра отырып, бірінші ауылдың дағдарыс 
кезінде де осынша гүлденуі, сонымен бірге, екінші айтылған ауылдың азып-тозып отырғаны 
ең бірінші әкімдеріне байланысты екенін айтады. Өйткені, кейбір әкімдер өздерінің жақын-
жуық, туыс-бауырларын ауданның әкімі етуде немесе халықтық қазынадан молырақ қарпып 
қалу мүмкіндігі бар жылы орындарға жанталаса орналастыратынын әшкерелейді. Ол мейлі 
мектеп директоры ма, жоқ, балабақша меңгерушісі не министр ме – әркім өз ісіне өзі жауап 
беру міндеті болмағандықтан, ел ішінде наразылық, көңіл толмаушылық, тәуелсіздік құнын 
түсірер ахуалдар етек алды деген ойын білдіреді. Бұдан Ф. Оңғарсынованың еліміздің сол 
кездегі тұрмыс-жағдайымен жете таныс, жанашыр халық қалаулысы екенін анық байқауға 
болады. Өз ойын қорытындылай келе: «Ұясынан талпынған балапандай пәк те дәрменсіз 
Тәуелсіздігімізді қапылыста қолымыздан түсіріп не ұшырып алмай, бұғанасын бекітуге 
атсалысу – жастың да, жасамыстың да киелі борышы» [9, 1] деп замандастарына үн 
тастайды.
«Азаттық жолы – азапты, тәуелсіздік жолы – тәуекел» дегенді ұмытпайық. 
Тәуелсіздіктің ендігі тағдыры негізінен тоталитарлық қоғамның қайшылықтарын бойына 
сіңіріп үлгермеген жас ұрпақтың жауапкершілігіне байланысты» [10, 4], – деп айтқанын 
жадымызда ұстасақ, бәріміз де тәуелсіздігіміздің тұрлаулы болуына жауапты екенімізді 
ұмытпағанымыз абзал. Бұл жерде, әсіресе, әдебиеттің, публицистиканың алар орны, көтерер 
жүгі мен салмағы орасан зор. Ф. Оңғарсынованың публицистикалық туындылары да осы 
міндетке өзіндік үлесін қосты деп ғылыми тұжырым жасай аламыз. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
 
1 Оңғарсынова Ф. Үміт пен сенім ұясы // Социалистік Қазақстан. – 1990 – 14 қаңтар. 
2 Оңғарсынова Ф. Санаға сілкініс керек // Лениншіл жас. – 1989. – 17 тамыз. 
3 Оңғарсынова Ф. Наурыз – тазару күні // Қыз – ғұмыр. – Алматы: Шартарап, 1996. – 
441б. 
4 Черепахов М.С. Проблемы теории публицистики. – М.: Мысль, 1973. – С. 270. 
5 Оңғарсынова Ф. Өз топырағындағы өгей бала // Қыз – ғұмыр. – Алматы: Шартарап, 
1996. – 441б.
6 Оңғарсынова Ф. Қытайдағы қимас кездесулер // Қыз – ғұмыр. – Алматы: Шартарап, 
1996. – 441б. 
7 Оңғарсынова Ф. Жүрекке жазылған жүздесулер // Социалистік Қазақстан. – 1990 – 
4 ақпан. 
8 Оңғарсынова Ф. Оңтүстік туралы ойлар // Егемен Қазақстан. – 2002 – 31 мамыр. 
9 Оңғарсынова Ф. Тәуелсіздік – асқақ сөз, асқар ұғым // Егемен Қазақстан. – 1996 – 25 
қазан. 
10 Оңғарсынова Ф. Тәуелсіздік толғауы: 1994 // Егемен Қазақстан. – 2001 – 27 
маусым. 


87 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет