Халық ақыны, жыраулық өнердің шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жаһандану дәуіріндегі жамбылтанудың жаңа арналары және оны оқыту мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция


АҢЫЗ ӘҢГІМЕЛЕРДЕГІ ҒАЖАЙЫП ТУУ МОТИВІ



Pdf көрінісі
бет27/65
Дата25.11.2023
өлшемі1,81 Mb.
#125861
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   65
Байланысты:
28.12.2021-zhinak 2

АҢЫЗ ӘҢГІМЕЛЕРДЕГІ ҒАЖАЙЫП ТУУ МОТИВІ 
Нұрлан А. 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты, 
Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к., профессор м.а. 
Сарбасов Б.С. 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, 
Алматы, Қазақстан 
Аңдатпа.
Мақалада мотивтердің шығу тегі халықтың ертедегі дүниетанымымен, әдет-
ғұрыптарымен тығыз байланысты қарастырылады. Мақалада Оғыз, Шыңғыс хан, Қорқыт 
кейіпкерлердің дүниеге келуі туралы мифтер мен аңыздарға талдау жасалынады. Аңыз 
әңгіме, шежіредегі ғажайып туу мотивін зерттеу үшін нысанаға оғыз, түркі-монғол 
тайпаларының шыққан тегі туралы шежірелер және Оғыз, Қорқыт, Шыңғыс хан туралы 
аңыздардағы ғажайып туу сарындары алынып отыр.
Түйін сөздер: 
Түс көру мотиві, ғажайып туу мотиві, Тәңірлік дін.
Адамзат дамуының қай кезеңі болмасын, мәдениет атаулы өзіндік өрнегімен 
қайталанбас төлтумалығымен ерекшеленеді. Халықтың ертеңгі болашаққа деген ұмтылысы, 
даналық ой – тұжырымдары, қоршаған дүниеге көзқарасы әртүрлі формада көрініс табуы 
орынды. Фольклорлық шығармалардың таралу аясы тек жеке халықтың территориясымен 
шектеліп қоймай, көршілес шет елдерге ауысып отырған. Қазақ халқының эпикалық 
мұраларындағы ғажайып тууға байланысты эпизодтардың көпшілігі берісі түркі, арысы әлем 
халықтары фольклорлық туындыларында да кездеседі. Бұл ата-бабаларымыздың әлемдік 
өркениеттің ілгері басу процесіне белсене араласуының, дүниежүзілік мәдениеттің өркен 
жаюына өзіндік қомақты үлес қосқанының нәтижесінде болып отыр. Сонымен қатар әлем 
фольклорындағы тығыз қарым-қатынастардың айқын айғағы.
Қырғыз халқының атақты «Манас» эпосының бір нұсқасында батырдың шешесі 
түсінде жаратушы иесінің қолынан алма жеп, Манасқа жүкті болады. Ә.Марғұлан: «Бұл дала 
эпосында өте сирек кездесетін бейне. Тегінде алмаға жеріту – Манас шыққан ортаның жемісі 
көп оңтүстік алқаптар – Талас, Ферғана, Қашқармен тығыз байланысты болғанын белгілеп, 
оның Қарахан дәуіріндегі мәдени тұрмысты еске түсіретіндігін көрсетеді» [1,82], – деп 
тұжырымдайды. Негізінен сиқырлы алма жеу мотиві бүкіл дүниежүзі халықтарының 
фольклорында кейіпкердің ерекше жағдайда тууына орай пайдаланылады.
«Манас» жырында бас қаһарманның Манастың дүниеге келуіне қатысты 
оқиғаларынан бастап, соңғы сәтіне дейінгі өмірі суреттеледі. Оның ішінде кейіпкердің 
жорықтарын кеңінен суреттеуге зор мән беріледі. Әрине, эпостағы мұндай күрделі сюжеттік 
құрылымның аз ғана уақыт ішінде құрыла қалмағаны анық. «Манас» эпопеясы ұзақ даму 
процесінің нәтижесінде осындай көлемді жырға айналған. Ол іштей эпос қаһармандарының 
өмірбаянына тән дәстүрлі мотивтермен толықтырылып, кеңейтіліп отырған. Сол мотивтердің 
бірі – кейіпкердің ғажайып тууы. 
Ғалымдар Манастың жалпы эпикалық өмірбаянын бірнеше негізгі эпизодтарға бөліп 
қарастырады. Оның ішінде бас кейіпкердің жеке басына қатысты өмірбаяндық мотивтер 
тобында қаһарманның ғажайып туу эпизодтары да бар.
Ғалым А.Н.Веселовский бұл мотивтің татар мен қазақ халық ауыз әдебиетіне тән 
екенін анықтап, аталған халықтар фольклорында кейіпкердің күн нұрынан тууына 
байланысты көптеген аңыздарды, мифтерді келтіреді. Кейбір татар тайпаларының тегін 
Аланкуадан таратындығына тоқталады [2,535]. Қазақ фольклорындағы ғажайып туу 
мотивінің көне үлгілерін Оғыз ханның, Қорқыттың, Шыңғыс ханның дүниеге келуі
жайындағы шежірелерден кездестіруге болады. 
Ғажайып туу мотивінің қыр-сырын толық тану дүниежүзі фольклорына ортақ 
үлгілерін типологиялық аспектіде тарихи-салыстырмалы тұрғыдан зерттеу қажет. Себебі, 
Батыс Европа мен Орта Азия фольклорлық шығармаларында көптеген ұқсастықтар бар. Ол 


91 
көбінесе жеке мотивтердің, сюжеттердің ұқсас түрде қайталануына байланысты. Фольклорда 
осындай құбылыстардың орын алуы адамзат тарихының біркелкі дәуірлерді басынан 
өткізуінің нәтижесі болып табылады. Мәселен, түркі халықтарының феодалдық дәуірде 
пайда болған эпикалық шығармаларындағы типологиялық сипатын В.М.Жирмунский
«Тюркский геройческий эпос» атты еңбегінде қарастырған.
Аңыз әңгімелердегі кейіпкерлердің дүниеге келу мотивін мынадай бағыттарда 
зерттеуді жөн көрдік. Біріншіден, түркі халықтарының фольклорлық мұраларындағы ортақ 
сарындарға типологиялық салыстыру жасалады.
Екіншіден, мотивтердің қазақ фольклорының эпикалық жанрларындағы даму 
ерекшеліктерін анықтауға күш салынады. Зерттеу осы мәселелерді зерттеген ғалымдардың 
түрлі халықтар фольклорындағы тарихи ұқсас құбылыстарға жасаған салыстырмалы 
талдауларына сүйене отырып жүргізіледі. (А.Н.Веселовский, В.Я.Пропп, В.М.Жирмунский) 
Ғажайып туу мотивінің мифтен бастап, кейінгі дәуірде туған фольклорлық жанрларға 
дейінгі даму жолы біркелкі емес. Осы мақсатта оның ертегі, эпос сюжеттерінен орын алуына 
орай иеленген ерекшеліктерін анықтаймыз. Зерттеу барысында шежіредегі немесе жеке 
қаһармандардың пайда болуы туралы аңыз-әңгімелердегі ғажайып туу туралы мотивтің 
поэтикасы, оның сюжеттік құрылымы ашып көрсетіледі. 
В.Я.Пропп «Фольклор и действительность» атты еңбегінде бүкіл дүниежүзі 
фольклорының ең көне жанрларында пайда болған ғажайып туу мотивінің пайда болу 
принциптерін ертегі наным-сенімдермен, культтік, рәсімдік мәселелермен тығыз байланысты 
қарастырды. Бұл мотивтің фольклорлық шығармалар сюжетін толықтырушы көркемдік 
тәсілге айналғанға дейінгі даму тарихын қалпына келтірді [3, 205-239]. 
Жыршы қаһарманды керемет етіп көрсету мақсатында ғажайып туу мотивін түрлі 
көркемдік тәсілдермен өрнектейді. Мәселен, болашақ батырдың қасиеттерін ерекше 
айқындайтын мотивтің бірі – анасының жүкті кезінде ең күшті жыртқыш аңдардың етіне 
жерік болуы. Сондықтан, бұл мотив әлі дүниеге келмеген кейіпкердің мінез-құлқын алдын 
ала таныту үшін өте маңызды рөл атқарады. 
Батырлық эпоста кейіпкердің ғажайып туу мотивінің кеңінен тараған түрі – ата-
бабалар аруағының жәрдемімен және әулие-әнбиелердің түсте аян беруі арқылы болашақ 
батырдың дүниеге келуі. Бұл мотивтер, әсіресе, шамандық және мұсылмандық культтердің 
үстемдігі тұсында қалыптасып, дамыған. 
Бұл жөнінде С.А.Қасқабасов былай дейді: «Ислам діні енгеннен бастап Қазақстанда 
ескі шамандық пен ислам діні қатар өмір сүрді. Бұл жағдай көп уақытқа созылғаны белгілі. 
Бірақ жай созылған жоқ, екі идеология арасында үнемі күрес болып келді. Сөйтіп, бұрынғы 
шаманизмді исламның «қасиетті» күштері ығыстыра бастады, ал, кейбір шамандық 
кейіпкерлер мен әдет-рәсімдер исламдық сипат алады. Соның нәтижесінде ежелгі тотемге 
және ата-баба аруағына табынумен қатар, мұсылман дінінің әулие-әнбиелерін қасиеттеп, 
оларға сыйыну кең етек алды. Міне, бұл процесс қазақ фольклорында көрініс тапты. 
Мысалы, аңыз, ертегі, жырларда болашақ қаһарманның ата-анасы бала тілеп, Аллаға 
сыйынады, мұсылманның қасиетті орындарына зиярат етеді [4,252]. Осындай таным-
түсініктердің өзгеруіне байланысты жырдағы кейіпкердің дүниеге келу жөніндегі 
сюжеттерінде әулие-әнбиенің жәрдемімен туу сарыны пайда болады. Әрине, бұл сюжет 
өзінің негізгі баяндалу тәртібін, қалпын сақтап қалады.
Батырдың ғайыптан дүниеге келуіне болашақ қаһарманның шешесінің тотемнің етін 
жеу де себепші болатыны белгісі, әулие-әнбиелердің шапағатымен жүкті болған. Болашақ 
кейіпкердің шешесі әр түрлі жыртқыш аңдардың етіне жерік болуынан аңғарылады. 
Осындай құбылысты «Оғыз-наменің» кейбір нұсқаларында әсіре мұсылманшылдығы 
танытылған Оғыздың сыртқы кейпінің тотемдік жануарларға ұқсауынан байқаймыз. 
Түркі халықтарының батырлық эпосында жиі кездесетін тотемдер – қасқыр, 
жолбарыс, аю, арыстан сияқты айбарлы да күшті хайуандар кейпінде. Аталған хайуандарға 
балау немесе теңеу батырларымыздың ерлік тұлғасын сипаттауда қолданылып


92 
ержүректіліктің, батырлықтың, күштіліктің символына айналғандығына толық көз жеткізуге 
болады. 
Оғыз қаған келбеті: «Осы ұлдың өңі-шырайы көк еді, көздері қызғылт, шаштары, 
қастары қара еді. Нұрлы періштелерден көріктірек еді.... Аяғы өгіздің аяғындай, белі бөрінің 
беліндей, жауырыны бұлғынның жауырындай, кеудесі аюдың кеудесіндей еді. Тұла бойын 
қалың түк басқан еді»,- деп сипатталады [5, 30]. 
Дүниежүзі фольклорының эпикалық жанрларында елдің дүниетанымын, ежелден 
қалыптасып келе жатқан тарихын көрсететін әр түрлі көркем тәсілдерді кездестіруге болады. 
Қай халықтың эпикалық мұрасы болмасын, ол сол жерді мекендейтін адамдардың 
тіршілігінен, салт-дәстүрінен хабар береді. Соның ішінде бүкіл дүниежүзі халықтарын
эпосында кеңінен тараған мотив – кейіпкердің ғажайып дүниеге келуі. 
Ғажайып туу мотивін аналық ру заманында пайда болған түсініктермен байланысты 
қарастырған ғалым А.Н.Веселовский өзінің «Историческая поэтика» атты еңбегінде ғылыми 
тұрғыдан дәлелдеген [2,538-539]. Бұл мотив – осы көрсетілген кезеңдегі адамдардың дүниеге 
келуі тотемнің әйел бойына қонуына байланысты жүзеге асатын құбылыс қарабайыр 
дүниетанымның жемісі деп білген. Бірақ кейбір халықтар өздерінің генеалогиялық 
мифтерінде өздерінің шығу тегін, әйелмен емес, керісінше ер адаммен байланыстырады. 
Кейіпкер белгілі бір қасиетті тотеммен некеге отырып, сол арқылы ұрпақ таратуға иеленеді. 
«Оғыз-наме» кітаби эпос ескерткішінде де ғажайып туу сарыны кездеседі. Солардың 
бірі – «Оғыз қағанның тууы мен балалық шағы баяны» атты тарау. Кейіпкердің ғажайып 
туу мотивінің бір түрі – болашақ кейіпкердің күннің нұрынан пайда болуы. Бұл мотив бүкіл 
жер жүзі халықтарының ауызекі шығармаларында бар. Бұл мотивтің түркі-монғол 
халықтарының фольклорында пайда болу себептерде, оған әсер еткен, діни-наным сенімдер 
де анықталған. Кейіпкердің күн нұрынан туу мотивінің пайда болуына ерте замандағы 
шаман дінінің мол әсері болған. Шаман дінінің ең негізгі ұстанымдары күнге, айға, көк 
аспанға табыну болып табылады. Кейіннен Құдайдың есімі болып табылатын – «Көк Тәңірі» 
деген сөз пайда болған [5]. 
Түркі-монғол халықтарының аңыз-ертегілерінде кейіпкердің күн нұрынан туу 
мотивінің орын алуы ежелгі наным-сенімдерге байланысты. Жалпы дүние жүзі халықтары 
фольклорында атақты адамдар мен Құдайлардың дүниеге келуі көбінесе күн нұрымен 
байланыстырылады. Фольклортанушы ғалым В.Я.Пропп: «Адам баласы мәдениеттің 
неғұрлым төменгі сатыларында болған уақытта «ғажайып туу» елдің бәріне талғаусыз 
таныла береді. Патша мен Құдайлардың бұлай тууы олардың артықшылығына айналды. Ал 
қарапайым адамдар қалыпты жағдайда дүниеге келеді. Египет патшалары өздерін «Күннің 
құдайы Раның тұқымымыз» деп санайды. Осындай сенім Үнді патшалары мен ханзадалары 
және Қытай императорларында да бар», – деп жазған [3, 207-208]. 
Қазақ аңыздарында бұл мотив Шыңғыс ханның дүниеге келуімен байланысты 
айтылады. Қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» жыры Есім ханның атасы Шыңғыс ханның 
күннің нұрынан дүниеге келгенін әңгімелеуден басталады. Ал, біз қарастырып отырған 
«Оғыз-намеде» да Оғыз қағанның анасы Ай қаған күн нұрынан жүкті болады. Бұл мотив екі 
туындыда ұқсас сарында баяндалады [5]. 
Осы аңыздың қазақ, монғол арасында тараған нұсқаларын салыстырып зерттеген 
ғалымдардың ой-пікірлері бір арнаға саяды. Олар кейіпкердің күн нұрынан туу мотиві түркі 
тектес және монғол халықтарының фольклорына тән сарын екендігін дәлелдеп көрсетеді. 
Қазақ фольклорындағы ғажайып туу мотивінің көне үлгілерін Оғыз ханның, Қорқыттың, 
Шыңғыс ханның дүниеге келуі жайындағы шежірелерден кездестіруге болады. 
Бұл мотив халқымыздың ежелгі таным-түсінігінің негізінде қалыптасқан түркі, 
монғол тайпаларының таралуы туралы шежірелерде және жыр аңыздарда, соның ішінде 
Оғыз ханның, Қорқыттың, Шыңғыс ханның, Манас жөніндегі шығармаларда ұшырасады. 
Осы қаһармандар туралы шығармалардың нұсқаларын Әбілғазының, Қадырғали 
Жалайырдың шежірелерінен, Г.Н.Потанин жинақтарынан кездестірсек, оларды зерттеуге 
Б.Кенжебаев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Марғұлан, С.Қасқабасов т.б. ғалымдар зор үлес қосты. 


93 
Оғыз, Қорқыт туралы аңыздарда немесе ру тайпалардың шығу тегі туралы
шежірелерде қаһармандардың ерекше жаратылуына үлкен мән беріледі. Бұл жерде ол 
алғашқы ру-тайпаларды жаратушы ілкі бабалардың, атышулы әулие-перілердің, жасампаз 
қаһармандардың ғажайып тууын баяндайтын мифтер циклін құрайды. Әрбір халық өздері 
табынатын объектілерді уағыздау мақсатында осындай мазмұндағы аңыздарды таратқан. 
Оның халыққа әсерлі болуы үшін қаһармандарды ерекше жаратылысын суреттеу тәсілі 
қолданылады. Батырлар жырында қаһарманның ерекше бітімі, құдіреттілігі аңыз кейіпкеріне 
қарағанда басқаша түсіндіріледі. Қаһарман тайпалық тотем мен аталар аруағының ғажайып 
түрде желеп-жебеуінің нәтижесінде туылған болады. Батырлар жырында ғажайып туу 
мотивтері кейіпкердің кереметтігін дәріптейтін көркем тәсілге айналған. Кейінірек бұл мотив 
батырлардың, ру-тайпа көсемдерінің ерекше жаратылысын бейнелеуге, яғни, басқа 
қарапайым адамдардан дәрежесін көтеру мақсатына қызмет еткен.
Мәселен, жоғарыда сөз болған Оғыз қаған, Шыңғыс хан, Қорқыт т.б. кейіпкерлердің 
барлығы да түркілердің мифологиялық дүниетанымына сәйкес суреттеледі. Осы 
келтірілген материалдардың зерттелу нәтижесіне қарап, ғажайып туу мотивтері дами келе 
эпикалық туындылардың экспозициясын құрайтын негізгі бөлшектердің қызметін 
атқарғандығын көреміз. Мұндай мотивтің ертедегі алғашқы адамдардың пайда болуы туралы 
антропогониялық мифтерге негіз болып, өз алдына дербес жанр ретінде таралғандығын 
фольклортанушы ғалымдар анықтаған. 
Қорыта айтқанда, дүниежүзі тарихында атақты адамдар мен Құдайлардың дүниеге 
келуі жайлы мифтерден көбінде күн нұрынан туу мотивін жиі кездестіруге болады. Ол – тек 
түркі халықтарында ғана айтылмайды, көптеген халықтарға тән құбылыс. Текті нұрдан 
жаратылған етіп көрсету ежелдегі адамдар үшін өте маңызды болған. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1.
Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. Алматы: Жазушы, 1985. – 368 б.
2.
Веселовскиий А.Н. Историческая поэтика. – Л.: 1940. – 646с.
3.
Пропп В.Я. Фольклор и действительность. – М.: Наука, 1976. – 325с.
4.
Қасқабасов.С. Жаназық. – Астана: Аударма, 2002. –584 б.
5.
Өмірәлиев Қ. «Оғыз қаған» эпосының тілі. Алматы: Ғылым, 1988. – 448б.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   23   24   25   26   27   28   29   30   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет