7
дәстүрлі поэзияның халықтық көркем ойлауға тән поэтикалық-психологиялық болмысы
тұрғысында оқытамыз, Жамбылдың дәстүрлі айтыстарын ауызша авторлық поэзиядағы
суырыпсалма-төкпе (импровизация) өнерінің психологиялық табиғатын түсінуге негіз етіп
қарастырамыз. Суырыпсалма (импровизация) құбылысынан туындаған ақындардың түре
және сүре айтыстарының да қалыптасуында Жамбылдың және
онымен тектес ақындардың
поэтикалық ықпалдастықтары, үндестіктері оқыту мен зерттеу сабақтастығы аясында
қамтылды.
Жамбылдың ақындық ғұмырнамасындағы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ
ғасырдың басындағы поэзиясы халықтық сипатымен ерекшеленеді. Арнау өлеңдерінде,
толғауларында жеке адамдардың, әлеуметтік ортаның тұрмыстағы болмысын,
даралық
қасиеттерін, қарама-қайшылықтарға толы қоғамның, тұрмыстың шындығын жырлады.
Мысалы: «Шағым», «Сүйінбайға», «Әкеме», «Тәйті мен Шыбыл шалға», «Сарыбайға»
(1865), «Кәмшат қызға» (1876), «Бұрымға» (1870), «Ағайын-туған есен бол!» (1876),
«Шәбденге» (1879), «Мәмбетке» (1881), «Садырмекке ат шапты» (1895), «Сәт сайланарда»
(1890), «Жалғызбын деп жүрмесін» (1894), «Тілеміске» (1896), «Абышқа» (1896), «Мәңке
туралы» (1900), «Тоқтағұлға» (1912), «Сыздық сұлтанға» (1884), «Өстепкеде» (1913),
«Халықтың еркі кетті» (1916), «Патша әмірі тарылды» (1916), «Зілді бұйрық» (1916) [1, 22-
63-бб].
Жамбылдың әдеби мұрасын оқыту мен зерттеудің өзекті мәселелері қатарында оның
ХХ ғасырдың 30-40-жылдарындағы поэзиясын жаңаша көзқараспен бағалау керектігін атап
айтамыз. Айырықша назарға алып оқытылатын және зерттеу нысанында қарастырылатын
өлеңдерін, эпикалық толғауларын әдебиеттанудың мазмұн мен пішін поэтикасы аясында
саралаймыз.Ақынның осы кезеңдердегі өлеңдерінің, толғауларының көркемдік арқауы –
жаңа жас толқын балаларға, жастарға отаншылдық-азаматтық рух серпінін дарыту, ата-
бабалық, адамгершілік-эстетикалық таным ұлағатын сезіндіру. Мысалы: «Жастар алдындағы
сөз» (1934), «Балаларға» (1937), «Бесік жыры» (1937), «Ұлыма» (1938), «Жамбылдың халық
үшін қалған жасы» (1938), «Жастық жыры» (1938), «Асау үйреткен жігіттерге» (1940),
«Шәкірт балаларға» т.б
Қаһармандық-жауынгерлік, батырлық рух қуатын дарытатын өлеңдерінің ата-бабалық
дәстүрге сай халықтық-педагогикалық ұлағатын жас ұрпаққа
сезіндіретін Жамбылдың
өлеңдерін оқыту мен зерттеу жүйесінде айрықша назарға алуымыз керек. Бұлар – Ұлы
Даламыздың мыңжылдықтар бойы негізгі иесі болып келе жатқан халқымыздың, ата-
бабаларымыздың, ұрпақтардың әлем өркениетіне аян қаһармандық-батырлық айбынын
танытатын өлеңдер.Мысалы: «Ата жаумен айқастық» (1941), «Өлім мен өмір белдесті»
(1941), «Ленинградтық өренім» (1941), «Аттан, батыр ұрпағым» (1941), «Майданға
хат»(1942), «Аттандыру» (1942), «Отан әмірі» (1942), «Алынбас қамал» (1942), «Балама хат»,
«Қамал бұзған қаһарман» (1942), «Жүз жасаған жүректен» (1943), «Ту астында берген ант»
(1943), «Алғадай туралы» (жоқтау) (1943) «Сарғайып атқан таң ба екен?» (Алғадайды
жоқтауы), «Алатауды айналсам» (Алғадайды жоқтауы), т.б. [2, 37-297-бб].
Поэзия алыбы шығармаларының халықтық сипатын даралай танытатын ерекшеліктері
қатарындағы қазақ даласының, туған атамекендердің көркем келбетін жырлауын оқыту
арқылы жаңа ұрпақтың ұлттық-халықтық дүниетанымын дамыта түсеміз. Жамбыл
поэзиясындағы қазақтың атақоныстарының, атамекендерінің
көркем келбетін жырлаған
өлеңдерінің көркемдік-эстетикалық ұлағатын ұғындыру – айрықша маңызды. Ұлттық ата-
бабалық киелі салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар жиындары (ас беру, той жасау т.б.) өткізілетін
жазғы жайлау-қоныстың ғажайып көріністерін бейнелей-суреттей жырлаған өлеңдерін
талдаулар арқылы ата-бабалық көшпелілер мәдениетінің әлем өркениетіндегі рухани
құндылық тұғырындағы шынайы болмысын аңғартамыз. Мысалы, «Жайлау» (1935), «Май»
(1937), «Алатау» (1937), «Майтөбе жайлауы», «Қымыз» (1937), «Күн толғауы» (1938),
«Көктем» (1941), т.б. [2, 40-233-бб.].
Ауызша авторлық поэзиясындағы көрнекті ақындардың дастандарын оқыту мен
зерттеу де өзекті болып саналады. Жамбыл – әдебиеттанудың теориялық бағалауы бойынша
8
жыршы-ақын. Академик З. Ахметовтің ғылыми тұжырымы бойынша: «Жыршы-ақын өлеңді
негізінен ауызша шығаратын (жазу-сызу білсе де, хат таныса да), ауызша (домбырамен)
айтатын нағыз импровизатор, әдебиетті, поэзияны жасаушы шынайы өнерпаз творчестволық
тұлға деп қараймыз» [3, 161-б.]. Бұл – Жамбылдың эпик жыршылық-ақындық
шығармашылығына сәйкес ғылыми-танымдық пікір. Жамбылдың дастандары туралы ұстаз-
ғалым, профессор С. Садырбаевтың деректі пікірін де назарымызға аламыз: «Ұлы ақын
Жамбыл Жабаев кезінде «Садыр патша мен Жамбыл патша», «Көрұғлы», «Манас»,
«Өтеген», «Сұраншы батыр», «Мұңлық-Зарлық», «Шахнама», «Ерназар-Бекен», «Қыз
Жібек», «Едіге батыр»
секілді дастандарды апталап, айлап айтқан. Айтанда бір-біріне
ұқсатпай төтенше ізбен, соңы соқпақ өлеңмен салтанатты сарайлар тұрғызған» [1, 302-б.].
Жамбылдың эпик жыршы-ақындығын планетамыздан адамзат өркениеті тарихындағы
антикалық жыр алыптары мен оның ішінде Гомермен және т.б орта және кейінгі
ғасырлардағы әлем құрлықтарындағы (Азия, Еуропа, Африка, Австралия,Америка) көрнекті
жыршы-ақындар шығармашылығымен саластыра-сабақтастыра қарастыру – Тәуелсіз
Қазақстан Республикасының қазіргі және болашақ ұрпақтарының абыройы міндеті.
Жамбылдың дастандары – әлем поэзиясының классикалық дәстүріндегі эпикалық
туындылармен үндес шығармалар. Әлем ақындары поэзиясындағы қаһармандық-батырлық
және лиро-эпостық дастандардың сюжеттік-композициялық құрылымдарымен поэтикалық
үндестіктерін және ұлттық этнографиялық өзгешеліктерін айқын көреміз. Халық
тарихындағы ел қорғаған батырлар және ғашықтар туралы
Жамбылдың дастандарындағы
басты кейіпкерлерінің тұлғалық болмыстарын тарихилық негізінде жырлап, көркемдік таным
аясындағы
халықтық-этнографиялық,
фольклорлық-мифологиялық
бейнелеулерді,
суреттеулерді қолдануында классикалық дәстүрлермен үндестік тұрғысында бағалаймыз.
Мысалы: «Көрұғлы», «Өтеген батыр», «Едіге батыр» дастандарындағы фольклорлық-
мифологиялық бейнелеулердің халықтық көркем ойлау эстетикасы аясындағы ұлағатын
айқын аңғарамыз.
Жыр алыбы Жамбыл атамыздың әдеби мұрасы – халықтық педагогиканың көрнекті
қазынасы. Ақын поэзиясының этнопедагогикалық-этнопсихологиялық ерекшеліктерін қазіргі
рухани жаңғыру дәуірінде ұрпақтарға ұғындыру – өзекті мәселе. Ақынның поэзиясындағы
халықтық тәлім-тәрбие негіздері болып саналатын ұстаз ақындарға арнайы сәлем беру-
дидарласуларды, ел
қорғаған батырларды, әлем халықтарының достығын, туған жердің,
атамекендердің, атақоныстардың перзенттік махаббатпен ардақтауды жырлауы –
отаншылдық-азаматтық ұстанымға тәрбиелеудің сенімді көрсеткіштері. Ақынның бесіктегі
сәбидің, балдырған балалардың, жасөспірімдердің ата-бабалық тәрбиемен қалыптасуына
ықпал етудегі тәлімгершілік ұстанымдары жас ұрпақтың адамгершілік-имандылық
қасиеттермен қалыптасуына ықпал ететіні ақиқат.
Жамбылтанудағы қазіргі өзекті мәселе –
ақын шығармаларын пәнаралық
(әдебиеттану, фольклортану, тіл білімі, тарихтану, әлеуметтану, өнертану) байланыстар
аясында оқыту мен зерттеу. Жамбыл өлеңдерінің де, айтыстарының да, дастандарының да
аталған қоғамдық-гуманитарлық пәндер жүйесін сабақтастыратындығы айқын. Ақынның ән-
өлеңдерінің және суырыпсалма-төкпе (импровизация) ақындығына сабақтасуындағы өзіндік
әуендерінің-мақамдарының ерекшеліктерін де назарға алудың маңыздылығы анық.
Жамбылдың айтыскер-ақындығын қазіргі рухани жаңғырудағы тарихымыздағы айтыс
ақындары поэзиясымен сабақтастыра қарастырудың жаңа зерттеулерге ұласатынына сенеміз.
Жамбыл ақынның поэзиясы – қазақтың халықтық әдеби сөз қазынасы. Ақынның поэзиясын
қазіргі заманғы тіл білімі ғылымындағы жаңаша зерттеулерінің нысанына алып, тілдік
қолданыс
өрнектерін
мәтіндік
талдаулармен
қарастыру
–
мемлекеттік
бағдарламаларымыздың талабына сәйкес іс.
Қорыта айтқанда Жамбылдың әдеби мұрасын оқыту мен зерттеу жұмыстары қазіргі
рухани жаңғырудағы жаңа тарихымыздың талаптары бойынша жүзеге асырылады. Бұл –
Қазақстан Республикасының әлем өркениетіндегі ұлттық болмысы мен танылуындағы аса
маңызды сала.