Халқына адал қызмет еткен кемеңгер тұЛҒА Қ. Камаловтың 2021 жылы Нөкіс қаласындағы «Билим» баспасынан шыққан «ел хызметинде»


«– Мен Абайды ядға білген халықпан



бет2/2
Дата25.01.2022
өлшемі39,68 Kb.
#24302
1   2
Байланысты:
Камалов кітапқа пікір Меди

«– Мен Абайды ядға білген халықпан,

Әмиу бойы тууып өскен топрағым,

Сизиң менен бир путақлас жапырағым,

Кеулим ашық – ақшамы жоқ жарық таң,

Мен Абайды ядға білген халықпан.
Шыңғыс тауда шыққан Абай жырлары,

Көп жаңғыртқан қарақалпақ қырларын,

Бердағымның қосығына қосылып,

Құлағыма бирге шерткен сырларын».
Жалпы, бұл кітаптың басынан соңына дейін өзбек, қарақалпақ, түркмен және қазақ халықтарының тарихы мен тағдыры ортақ, өзара достығы мәңгілікке жалғасатын, бауырлас ұлттар екені, өзі Қарақалпақстанды басқарған кезде түрлі ұлт өкілдерінің ел үшін жан аямай еңбек еткені, қоғамдағы этносаралық татулық пен бірліктің нәтижесі көп айтылады.

Осы пікір – мақаланы оқып отырған ағайынға, әсіресе жерлестеріме бұл кітаптың авторы Қаллыбек Камалұлының өмірбаянына қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдім.

Қаллыбек ағамыз 1926 жылы Тақтакөпір ауданының аумағында дүниеге келген. Ағамыздың білім жолы өте қиын – қыстау кезеңде басталып, ол мектепте толығымен білім алуға жағдайлары жоқ кезеңнің өзінде білімге деген құштарлығын көрсете білген, бойындағы терең ізденіс қасиеттерінің ерекшелігімен көзге түскен.

Талантты, әрі білімге құштар Қаллыбек ағамыз 16 жасқа енді толған кезінде Тақтакөпірдегі В.И. Ленин атындағы мектепті үздік бітіріп, еңбек жолын ағартушылық қызметінен бастап, ұстаздықпен ұштастырды. Көптеген жастарға тәлім - тәрбие беріп, өнеге - үлгі болып, олардың бойына иглік қасиеттерді дарыта білді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Нөкістегі жоғары оқу орнын үздік бағамен бітіріп, жоғары саяси қызметтерді атқарып, ел экономикасының маңызды салаларына жетекшілік жасап, Коммуналдық шаруашылық министрі, кейіннен Автомобиль көлігі және тас жолдар министрі лауазымдарын табысты атқарады және соның нәтижесінде Қ. Камаловты Қарақалпақстанның Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындайды. Жауапты жоғары лауазымдарда саяси дәрежесі көтеріліп, мемлекеттің сан қырлы жұмыстарында шыңдалып, терең тәжірибесінің арқасында республиканың бірінші хатшысы қызметін 20 жылдан астам биік абыроймен атқарды.

Сөйтіп, ширек ғасырдан астам уақыт осы елдің ең жоғары лауазымдарында күн-түн демей, бел шешпей еңбек етіп, халқына адал қызметін сіңірді.

Қадірлі ағамыздың бұл еңбегінің тарихи мән-мағынасы да өте зор. Өзі ат жалын тартып мініп, жоғары лауазымдарда қызмет атқарған қырық жылға жуық уақыт ішінде Кеңес Одағын, Өзбекстан, Карақалпақстан Республикаларын басқарған биік лауазым иелері, бірге тізе қосып, қатар қызмет істеген басшылары, әріптестері, қол астында жұмыс істеген орынбасарлары, шәкірттері туралы анық, нақты мінездемелер берген. Солардың ішінде Мәскеудегі Одақтық органдардан А.Н. Косыгин, М.А. Суслов, Е.К. Лигачев, А.П. Кириленко, П.Н. Демичев, Л.М. Замятин, Н.К. Байбаков, Жоғары оқу министрі В.П. Елютин, Одақтық Госснаб бастығы В.Э. Дымшиц және басқаларымен кездесудегі әсерлерін ашық жазған. Өзбекстан басшылары Ш.Р. Рашидов, И.А. Каримов, Ш.М. Мирзиеев, Қарақалпақ автономиясында бірге еңбек еткен Жұманазаров, Айтмұратов, Юриц, Бабаназаров, Әбдиров, Новицкий, Нұрымбетов, Рзаев, Жаманқараев, Ожраев, Лунев, Усақов, Цхай, Қойлыбаев, Шербеков, Халмуратов және басқа көптеген адамдардың жеке ерекшеліктері, қарым-қабілеті, адамгершілік қасиеттері, басқару тәсілдері туралы адам қызығарлық, бағалы мәліметтер айтылған.

Бұл кітапты оқып отырып, ондағы материалдардың негізінде «Өнегелі адамдар өмірі» (ЖЗЛ) айдарымен жеке кітаптар шығаруға да болады-ау деген ойға келесің.

Қаллыбек Камалұлының Мәскеу мен Ташкенттегі үлкен лауазым иелерімен кездесіп, олармен достық қарым-қатынас орнатудағы мақсаты елдің өткен ғасырдың елуінші жылдарынан бастап кенжелеп қалған ауыл шаруашылығын өгіз арба, жегін көліктен жаңа техникаларға, өнімді агроиндустрияға көшіріп, жаңа өнеркәсіп түрлерін ашуға, асфальт және темір жолдар салуға, газ құбырларын тартуға, құрылысты өркендетуге, су шаруашылығын нығайтуға, білім беру саласын жетілдіруге, денсаулық сақтау мәселелері және толып жатқан басқа проблемаларды шешуге бағытталды. Одақтық Госплан, Госснаб басшыларымен тікелей таныс, дос болып, оларға сөзін өткізуінің арқасында Қарақалпақстанға бөлінген фондтардан бөлек, теміржол арқылы эшалон-эшалон құрылыс материалдары, мыңдаған тракторлар, бульдозерлер, скреперлер, автомашиналар ағылып келіп, халықтың ырысын молайту ісіне бағытталып жатты.

Осының бәрі Қаллыбек ағамыздың халыққа өте жақын болғандығын, жан - тәнімен олардың көкей тесті мәселелеріне үлкен көңіл бөліп, назарынан еш қашан тыс қалдырмағаны.

Бүкіл әлемге әйгілі ойшыл ғалым, дана философ әл-Фараби осыдан мың жылдай бұрын ел басқаратын тұлғаның, патшаның бойында 12 түрлі қасиеттің болуы керек екендігін жазып кеткен еді. Сол айтылған қасиеттердің, қойылған талаптардың барлығы Каллыбек ағамыздың бойынан табылады десек артық емес.

Қаллыбек ағамыздың адамдарды лауазымына қарап, алалап-бөлмейтіні, бәріне кішіпейілділік танытып, өзінің сөзін оларға анық жеткізіп, берген уәдесін әрқашан орындайтыны оның ең асыл қасиеттерінің бірі болып табылады. Оның өмірде бір рет кездескен адаммен өмірлік дос, жолдас болып кеткен жағдайлары да аз емес. Олардың ішінде қазақстандық азаматтар да баршылық.

Оның өмірде ұстаз тұтып, жақсы сыйласқан әріптесі, қадірлі досы болған адамдардың бірі Өзбекстанды 33 жыл басқарған Шараф Рашидов еді. Ағамыз өз естеліктерінде Ш. Рашидовпен арадағы көп сұхбаттарының бірін былай деп келтіреді: «– Қаллыбекжан, – деді ол бір күні. – Қарақалпақ деген өз алдына халық, оның өз тарихы, тілі, мәдениеті мен әдебиеті бар. Оны бір уәлаят көлемінде бағаласақ, қарақалпақ халқын ренжітіп аламыз. Өзі Орта Азиядағы жалғыз автономиялы республика, ол да Өзбекстанның құрамында. Солай екен, оның ауыртпақшылығы екеуміміздің басымызға теңдей түседі.» Қалекеңнің өзінің айтайын деген ойын Өзбекстанның басшысы өзі айтып отырса, одан артық қандай сыйластық, қандай түсінушілік, қандай қолдау керек. Содан кейін Шараф Рашидов басқа облыстарға қарағанда Қарақалпақстанды тізімнің алдыңғы қатарына шығарып, оның жаңа бастамаларын қолдап, қаражат, материалдық ресурстар, техникалар және басқа да көмектерді беру жөнінен оған ерекше көңіл бөледі.

Бұл кітапта Өзбекстанның Тұңғыш Президенті Ислам Каримов туралы да ыстық ілтипатпен жылы пікірлер айтылған. И.Каримов республиканы басқарған кезде оның Бас министрі қызметін абыроймен атқарған, елдегі бүкіл экономика салаларын бүгінгі жоғары деңгейге жеткізуге аянбай күш салған, Өзбекстанның қазіргі Президенті Шавкат Мирзиеев туралы да жақсы пікірлер берілген. Мемлекеттің ақылды, дана басшыларының өзінен соң ел басқарудың ауыр жүгін арқалайтын, ойы озық, парасаты биік шәкірт даярлайтыны – заңды құбылыс екендігн тілге тиек етіп, өзіне лайықты шәкірт дайындап кеткен И.Каримов туралы жылы лебіздер білдіреді.

Қазіргі таңда Өзбекстанның бірінші басшысы болып табылатын Ш. Мирзиеевтың алты жыл ішінде екі рет сайлаушылардың үлкен сеніміне ие болғанын, «Жаңа Өзбекстан» құрудағы қыруар істерін, өлкені әлемдік деңгейге жеткізу жолындағы әрекеттерін, халқының ең сүйікті ұлына айналғанын оған сенім артқан Ердің де, Елдің де көңілінен шыққанын ағынан ашылып баяндайды.

Өзбекстандағы сайлау науханына өз басым Қазақстаннан бақылаушы ретінде бірнеше рет қатысып, халықтың жаңа басшыға деген үлкен сенімін және құрметін өз көзіммен көріп, куә болдым.

Қаллыбек Камалов республиканың бірінші хатшысы болып сайланғанға дейін Қарақалпақстан Өзбекстандағы ең артта қалған өңірлер қатарында болып келген. Республикадағы дәстүр бойынша жыл сайын желтоқсан айының соңында Ташкенттегі Науайы атындағы опера-балет театрында сол жылдың қорытынды жиналысы өтеді екен. Театрдағы адам отыратын қатарлар әр облыстың жоспарды орындау көрсеткішіне қарай оның өкілдеріне рет-ретімен берілетін болған. Ал Қарақалпақстанның көңіл көншітпейтін көрсеткіштері үшін республикадан келген делегаттар балконға отырғызылып жүрген. Олар отыратын жерді «Кептерлер орны» деп атайды екен. Әрине бұл жағдай елден келген азаматтардың намысна тиетіні белгілі.

Қаллыбек ағамыздың әрбір істің көзін табатын шебер ұйымдастырушылық қабілеті, орталық органдардың басшыларымен достық қарым-қатынасы, қол астындағы кадрларды ынталандырып, халықтың тілін тауып, ортақ жұмысқа жұмылдыра білетіні, саяси және экономикалық жағынан сауаттылығы, адамгершілік, кішіпейіл қасиеттері, егіннің, құрылыстың басында күн-түн демей өзі жүретіні, барлық іске жеке өзінің бас-көз болатыны Қарақалпақ Республикасын барлық көрсеткіш бойынша бірінші орынға шығарып, «Кептер орыннан» құтқарады.

Осындай халық үшін келеңсіз жағдайды жою үшін Қаллыбек ағамыз жігерлі патриоттық сезіміммен еңбек істеп, қиындықтың бәрін жеңе білді. Сөйтіп, жыл сайынғы қорытынды жиналыстарда Нөкістен келген делегацияны бірінші қатардағы орында отыратын дәрежеге жеткізді.

Кітапта жазылған, түрлі шаруашылық саласында атқарылған, сонымен қатар қиын, шешілуі ауыр істерді атап өтсем – оның өзі жеке бір кітапқа жүк болатын түрі бар. Олардың әрқайсысының ұйқысыз, күлкісіз өткен күндер мен түндерге толы жеке тарихы бар.

Сондықтан бұл жерде Қарақалпақстанда тұңғыш университет ашуға байланысты бес жылға созылған машақатты марафонға ғана тоқтала кеткім келеді. Олай деп айтуымның себебі – кітапта осы мәселеге арқау болған бөлімнің өзі «Университет ашуға байланысты машақаттар» деп аталған. Шынында да Нөкісте мұндай оқу орнын ашу – қарақалпақ халқы үшін үлкен абырой болар еді. Бірақ сол кезде бүкіл Кеңес Одағында бар-жоғы 63 университет қана болып, соның ішінде кейбір одақтық республикалардың өзінде бір-бірден ғана осындай оқу орны болғанын орталықтағылар алға тартып және Мәскеудегі кейбір шенеуніктер Қарақалпақ елінде университет ашуды ертегі сияқты көрген. Дегенмен Қаллыбек Камалұлы алған бетінен қайтпай, КСРО-ның Жоғары және орта білім министрі В.П. Елютиннің есігін тоздырып, оған: «Қарақалпақтар сан жағынан аз болса да, өз алдына халық, өзінің тілі, мәдениеті бар. Географиялық орналасуына қарай климаты Өзбекстанның басқа облыстарынан барынша ерекшеленеді. Бізде жазда – ыстық, қыста суық болады. Бізді әлемдегі үлкен үш «құм мұхиты» (Қызылқұм, Қарақұм, Үстірт) қоршап тұр. Жер асты байлығы көп. Оларды игеріп, халқымыздың экономикасын, әлеуметтік жағдайын жақсартуымыз керек, бұл үшін кадрлар қажет. Сырттан келген кадрлар біздің жағдайымызға көнбейді, бір-екі жыл істеп, кетіп қалады» – деген. Қаллыбек ағамыз жоғары оқу орнын ашу үшін Білім министрлігінің қатардағы қызметкерлерінен бастап Суслов, Косыгинге дейін барып жүріп, түбінде, 1974 жылдың 26 ақпанында университет ашуға рұқсат алады. Министрліктегілердің басқа республикаларда мұндай ғимаратты он жылдап салатынын айтып, күлкіге айналдырғанының есесіне Нөкістегі оқу орнын бір жылға дейін салып бітіруге уәде беріп кетеді. Қаулы шығып, университет салу басталған күннен бастап Қаллыбек Камалұлы өзінің кабинетін құрылыс алаңына көшіріп, барлық үкіметтік байланыс (ВЧ телефон) жүйелерін сол жерге әкеліп, күніне 15 – 16 сағат бойы құрылысшылар арасында болып, уәде берген уақытқа университет есігін ашады. Бүгінгі таңда бұл оқу орны Орта Азиядағы 20 мыңға жуық студенті бар, ең үлкен университеттердің бірі. Өткен 40 жылдан астам уақыт ішінде осы оқу орнын бітірген әрбір студент қадірлі абыз ағамызға алғысын айтып жүруі қажет, ал кейінгі жастар оның ашылу тарихын білуге және кезінде істелген орасан зор еңбекті қастерлеуі тиіс деп ойлаймын.

Кітаптың соңғы беттерінде Қаллыбек ата жастарға өзінің тілек-насихатын айтады. Өмірден алған сабақтарымен бөлісіп, жақсыны да, жаманды да көргенін, абырой-атаққа да ие болғанын, көп қиыншылықты бастан өткергенін, елді, халықты ойлап, ұйқысыз түндерді бастан кешкенін, жаманнан қашып, жақсыдан үлгі алуға талпынғанын паш етеді.

Әмудария бойында өмір сүріп жатқан қарақалпақ, өзбек, қазақ, түркмен және басқа да этнос өкілдерін ауызбіршілікте болуға, өзара достықты нығайтуға шақырады. Ел басқарған Ислам Каримовтің кезінде «Ағайындар, әр біріміз 40-50 жасқа келіп қалдық, арғы жағы жақын қалды, адамдарға жақсылық жасап үлгеріп қалыңдар» дегенін, ал Шараф Рашидовтің «Мың досың болса да – бұл аз, ал бір дұшпаның болса – бұл көп» деп айтқан қанатты да, тарихи сөздерін сонымен қатар әлем халықтарының нақыл, өсиет сөздерін, өзінің өмірлік тәжірибесін жастарға арнайды.

Халықта «Хан – халқының ұлы, Ол – әділдік құлы» деген дана сөз бар. Қ. Камалов ағамыз халқына сүйікті ұл болды, елін әділ басқарған, елінің қызметінде болған елағасы бола білді. Сондықтан да бұл кітаптың «Ел хызметинде» деп аталғанын өте орынды деп білемін.

Жалпы, бұл кітап маған үлкен рухани азық болды десем – артық айтқан болмас едім, ол басқаларға да сондай әсер қалдырады деп сенемін. Осы кітапты бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған халықтардың, ұлттардың тілдеріне аударып, басып шығарса да дұрыс болар еді.

Кейінгі жолы кездескен кезімізде Қаллыбек ағамыз кележатқан мерей тойына үлкен дайындығын көрсетіп, болашаққа бағдар беріп, өзінің көрегендігін, зиялылығын танытып, бүкіл түркі әлемінің тарихын жинап, Қарақалпақ халқының жаңа тарихын жазу үстінде екенін айтып, мені өзінің 100 жылдық, бір ғасырлық мерейтойына шақырды. Мені абыз ақсақалымыздың мерей тойға дайындығы, өмірге деген құштарлығы, алдына қойған саяси мақсаты мен жоспарына қатты риза болдым. Бәрімізге осындай күш жігер дарысын дегім келеді. Сол ниетіміз, тілегіміз қабыл болып, арманымыз орындалып аталған күндерге де аман-есен жетейік.



Қарақалпақстанның абызына, аңызына, ардақтысына айналған ақсақалымызға зор денсаулық тілейміз және ұл-қызының, немере, шөбере, шөпшектерінің қызығын әлі де көре беруіне шын жүректен тілектес екенімізді білдіреміз!
Қазақстан Республикасының мемлекет және

қоғам қайраткері –

Ерсұлтан Бектұрғанов

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет